Сөз тудырмайтын тіл өледі

ӘДЕБИЕТ
2631

Біз әлі күнге шейін шеттен енген сөздерді орыс тілінің орфографиясы бойынша жазамыз. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да әлі сол жасанды жолдан шыға алар емеспіз. Біздің жаңа емлеміз бұрынғы ескісінен алыс кете алмай, шеттен енген сөздерге 21 параграф арнаған екен. Ал орыс тілінің емле ережесінде: «Шеттен енген сөздер орыс тілінің заңына бағынып жазылады», – деген жалғыз-ақ параграф бар екен. Бүкіл әлем тілдері бір-бірінен сөз алмай тұрмайды. Бірақ барлығы өздерінің дыбыстық заңына бағындырып алады. Мәселен, менің Қытайдан келген Қайрат деген досым бар. Тілдерінде «р» дыбысы жоқ болғандықтан, оны қытайлар «Қайлати» деп атайды екен. Өзге тілдер сияқты біздің қазақ тіліміздің де өзінің төл табиғи заңы бар және ол темірдей қатаң. Біз ғасырлар бойы көршілерімізбен сөз алмасып келдік.

Ортақ монғол тілдік қабаты: алтын, темір, жез, болат, мал, дөнежін, құнан, бұғы, арыстан, жапсар, ноян, нөкер және т.б.

Араб-парсы тілдерінен енген сөздер: мектеп, медіресе, мәдениет, қаражат, несие, дарбаза, мемлекет, дүние, тәржіме, абырой, ұждан, ғылым, ілім, парасат, дұға, азан, қиямет-қайым, шариғат, тамұқ, құрбан, айт, намаз және т.б.

Орыс тілінен ертеректе енген сөздер: бөшке, божы, бөтелке, сөмке, тұрба, пошта, үстел, күртеше және т.б.

Байқасаңыз, алған сөзіміздің бәріне қазақы шапан кигізіп қойдық. Енді олардың барлығы біздің өз сөзімізге айналды.

Ал орыс тілінен мұрты бұзылмай кірген кейінгі сөздерді тіл жүйесі әлі жатсынып тұр. «Қазір бұл сөздердің саны өзіміздің төл сөздерден асып кетті», – дейді осы мәселемен жете таныс Табылды Каюпов. Тұрмыстық деңгейдегі ауызекі сөйлеуден немесе көркем әдебиет саласынан әрі асырмау, қоғамның өзге жұмсалымдарынан шеттету – бұл тілді жоюға апаратын жол.

Там-тұмдап аударып, аздап жаңа сөз тудырып, кейбірін қазақ тілінің заңына бейімдеп, (Мәскеу, зауыт, жәшік, үтік, шәйнек, кәмпит, самаурын, кереует) тасбақа тірлік кешіп жатыр едік. Қағынан жерігендер мұның өзін көп көрді. Терминком арнайы жиналып, бірқатар сөздерді бұрынғы таз қалпына қайтарды (пианино, музей, логика, хирург, композитор, интернет және т.б.). Осы ойды тастағандар мен осы істі бастағандардың барлығы тарихтың қара тақтасында мәңгі қалатындығы сөзсіз. Өйткені бұл – тілге жасалған үлкен қиянат.

Ал жоғары сыныптарда жаратылыстану бағытындағы пәндерді өзге тілде (ағылшын тілінде) жаппай оқыту дегеніміз терминжасам үдерісіне, ғылыми стильдің сараланып жетілуіне үлкен кедергі болғалы отыр. Өйткені тіл өзінен өзі дамымайды, оны дамытатын жеке адамдар. Қазақ мектебінде оқитын бүткіл бала жаратылыстану бағыты бойынша қазақша мәтін көрмесе, бұл саладағы ғылым тілі құрдымға кетті дей беріңіз.

Сөз тудыру – тілдің өмір сүру формасы. Яғни оны қасақана шектеу тілді қолдан өлтірумен тең.

Бижомарт Қапалбек

Abai.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...