Оның өлеңдерінде Сарыарқаның самалы есіп, жусанның жұпары аңқып, тұма бұлақтың күлкісі естіліп, таул...
Аманқос Ершуов: Абай жыры тұрғанда мен тірімін!..
Аманқос Ершуовты оқырманға таныстырып жатудың қажеті жоқ. Сонау алпысыншы жылдардың орта тұсында академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың назарын «Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар, Көрдің бе аспанда да алалық бар. Біреуде қарт та болса шалалық бар, Біреуде жас та болса даналық бар» жалғыз шумақ өлеңімен өзіне аудартып, дуалы ауыздың батихалы батасын алған балаң ақын өмірінің соңына дейін өзінің нұрлы нысанасынан ауытқып көрген емес. 18 тамыз ақынның туған күні болса, 21 тамыз ақынның өмірден өткен күні. Осы датаға орай Аманқос ақынның бір топ жырларын оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.
АБАЙ
Қапастағы халқы үшін қайран Абай,
Арыстанша атылып Айға қарай.
«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп
Мыңмен жалғыз алысты» тайғанамай.
Қазағымның бағына анық туған,
Ақын десе ақын ғой жанып тұрған.
Қара түннің қабағын дір еткізіп
Жалғыз шумақ өлеңі жарық қылған.
Кейінгіге қалдырмай кер есепті,
Беріп кеткен кезінде ол берешекті.
Ойшыл десең, ойшыл ғой орны бөлек
Қолға ұстатқан кермиық келешекті.
Айтыңдаршы Абайды кім білмеген,
Жетпейді оған дүлдүлің дүлдүл деген.
Дана десең, дана ғой бар халықтың
Кеудесінде күй болып күмбірлеген.
Ұлылар ғой ұлыны тегіс білген,
Арасында екі елдің өріс жүрген.
Қаба сақал Пушкинді жат санамай
Шығыстың шыңдарымен көрістірген.
«Қалың елім қазағым, қайран жұртым,
Ұстарасыз аузыңа түсті-ау мұртың»
Деген еді бір кезде, ал бүгін ше
Ішің түтін емес пе, сыртың бүтін.
Тайыз тартып барады тереңдерім,
Тамшы суға зар болып емендерім.
Ұрпақ азып барады арақ ішіп
Қымыз ішкен тек Абай кемеңгерім!
Алдында емес, Абайдың қапталында,
Жүргеніме қақым бар мақтануға.
Ұшақ мінген аласа толып жатыр
Биік өскен өзі ғой ат жалында.
ӘКЕММЕН ӘҢГІМЕ
Биіктен сөз аламын өз атымнан,
Ақынмын көкіректен сөз атылған.
Сонда да ойлап тұрсам, асыл әке,
Өзіңнен қылығым жоқ оза туған.
Болғанда үзім нанның аты қайғы,
Жарылқап жетім, жарлы-жақыбайды.
Ең алғаш колхоз құрған бір ісіңе
Менің бар атақ-даңқым татымайды.
Баласы деп айтты ел басқарманың,
Білемін бұл сөз де де астар барын.
Желіден үріккен құлын секілденіп
Жек көрдім лауазым баспалдағын.
Тексізге ұсынбайды төрін ешкім,
Келмеді кеңсе бағып өліп-өшкім.
Атаққа, дүниеге бас айналған
Кей пасық пақырлығын көріп өстім.
Көрдім де, бас бұрмадым ол ауылға,
Қайтарда қамшым қалды «Қарауылда»
Ақындық – Абай жолы, азапты жол
Арқамды тосып жүрмін сан ауырға.
Біреудің қан жыладым мұңын көріп,
Жұбаттым қара өлеңмен шұғыл келіп.
Мен-Абай, сен-Құнанбай болмасақ та
Атыңды ерттеп жүрдім ұлың болып.
Біреуге бұл дүние тез өткендей,
Ошағын жандыра алмас тезек термей.
Тоқырау тұсындағы тоқ бастықтар
Жазып жүр естелігін кезек бермей.
Жайы жоқ олардың да жатып алар,
Салмақтар өмір деген сахна бар.
Біледі әкімдіктен аты қалмас
Абай салған соқпақтың аты қалар.
Жайым жоқ ақындықтан жалтаруға,
Ынтам жоқ, атқа мініп , мал табуға.
Өксік атқан өлеңнің ізі жатыр
Бурыл тартқан шашымның әр талында.
Жарыққа көрінуге жан ұшырар,
Жырларым маңдайымның бағы шығар.
Қан қысымы қақсатқан жүрегімде
Мынау қилы өмірдің ағысы бар.
Көкем-ау, ойлап нені тұнжырадың,
Бекер-ау, мен несіне қынжыламын.
Отауым орта мектеп ауылдағы
Отыз жыл бір орыннан жылжымадым.
Сүттен ақ, судан таза жан құсаған,
Ау, әке, ризамын мәңгі саған.
Өзіңдей адал билік жүргізбесем
Қасиетті халқымнан қарғыс алам.
Біреуге-бал, біреуге-қымыранмын,
Таяқ жеген талайдан сірі жанмын.
Сексен жасап семсерді маған бердің
Әке, мен өзің үшін тірі қалдым.
Ұлыңның не айтса да еркі бүгін,
Алда талай самғауым, мертігуім.
Әке, мына мен барда сен тірісің
Абай жыры тұрғанда мен тірімін!
ТҮЙСІК
Алтын- ай,
Жұлдыз-жауһар
Қырмызы-күн.
Кигізді саусағыма жыр-жүзігін.
Аспанға алып ұшты періштелер
Демінен жаратылған үр қызының.
Қара бұлт -жабағы жүн түтіп өтем,
Құс жолы- құстың тамған сүті ме екен?!
Елдегі сапарымды қоя тұрып
Ғарышқа қол созамын шүкір етем.
Қараймын кең дүние келбетіне,
Қатар жүр зиялысы, жендеті де.
Бір кезде Алдар Көсе ат қып мінген
Шайтанның тұқымы бар жер бетінде.
Арғы жағым кетеді жүген жұлқып,
Бір сәтке жерге түсем , сілем құртып.
Жай таппай жай оғындай түйілемін
Кетердей түйсігімді түлен түртіп...
ЖЕРҰЙЫҚ
Ауыр салмақ басқанда ер иығын,
Адастырып кетеді пері-құйын.
Аралап аспан астын,
Жердің жүзін
Асанқайғы таппаған жерұйығын.
Ақкиізтоғай! Жерұйық сенде ғана,
Жын қуып, жыр іздеген мен де бала.
Көңілдің кірі кетті, денем сергек
Шайынып шыққандаймын Жемге жаңа.
Сені таптым!
Жоқ, Өзің таптың мені,
Қатайтты қабырғамды Хақтың белі.
Айтқаным : сенің сөзің, сенің жырың.
Шаш қойып, қамшы ұстап, ат мінгелі,
Ауылым,
Айналайын арда мекен,
Өлгенше өлеңімді арнап өтем.
Қасыңнан қарға адым жер ұзамастай
Кіндігім нық байланып қалған екен...
ИКАРУС
Жорғасынан жаңылмайды «Икарус»,
Жолға шықтық
Жолаушылар сый-таныс.
Жонымызды күнге беріп отырмыз
Жолаған жоқ көзімізге ұйқы-алыс.
Жотадағы жолдар неткен түп-түзу,
Жол мұраты-уақыттан ұтқызу.
Шөп те қызыл,
Тас та қызыл, күн қызыл
Содан болар өлеңім де қып-қызу.
Тартып келем,
Шегі жоқ-ау тақырдың,
Таңдайыма татыр мұз бен татыр мұң.
Қайран далам қабырғамнан шаш алған
Шекесіндей Махамбеттей батырдың.
Мұнар, мұнар, мұнаралар тізбегі,
Сор ма,
Бақ па алдымызда сын кезі.
Тыр -жалаңаш ару-жерді
Қымсынбай
Тіліменен тінтіп жатыр күн-көзі.
Күнім осы.
Күйзел, мейлі күйзелме,
Күмбірлетіп тарта алмаймын күйді өзге.
Төбемізден төңкеріліп қызғыш қүс
Күйіп түсті сортаң менен изенге.
Қанаттылар жерді құшса төсімен,
Қайда барып аяқты кең көсілем.
Құс-ұядан, ұя-құстан безінсе
Семейдегі «Невададан» несі кем?.
«Теңізді» ашсақ...
Бәріне де бақылмын-
Дегендерді келді ақылға шақырғым.
Қызғыш құсты көрдіңдер ме,
Көрсеңдер-
Жан дауысы ол-Олжас сынды ақынның.
ҚЫЗЫЛ БАЛЫҚ
«Ауылды аңсадым-ау... буын құрып,
Алар кім Ақ Жайыққа жуындырып?
Уыздай уылжыған қыз кезімде
Уыстап асаушы едім уылдырық.
Бекіре бел кеспесін жеген басым
Белгілі ғой ауылға көне алмасым.
Ақ балық ауға түскен қайдан білсін
Айналып жүгіргенмен көген басын»,-
Депті ғой ұзатылған балықшы қыз
Өлеңге сол мұңлықтың төгем жасын.
Белкеспесі асы болса бекіренің,
Шынында, шыны шығар , еті керім!
Шіркіннің шырын дәмін білмей келген
Біз екенбіз салпы ауыз, кетік ерін.
Ұяттан күйіп отыр бетім бүгін,
Ұяттан аттап өтсем,
Не тірлігім!
Дәрияның жағасынан құдық қазған
Бүгінгі Қожанасыр секілдімін.
Аузым барып айтқасын анық шығар,
Ауырға да, жеңілге халық шыдар.
Суырып ақ аспанның суырларын
Сиқырға сұқтанбаған балықшылар.
Не пайда уайымсыз күлгеніңнен,
Не пайда мұңаюсыз жүргеніңнен.
Қызыл балық қып-қызыл қызғанышың
Қызығын көріп жатыр кім көрінген.
Балаға мұра қалған әкесінен,
Білмеймін, мынау кімнің қатесінен.
Сенде жоқ, менде де жоқ уылдырық
Жеп жүрміз «Россия» кафесінен.
Ақ балықтың сорпасы бұйырмаған,
Ағаттықтың алдында күйіп-жанам.
Ағайынға алтынды судай шашып
Сұрым қашып, қашанғы тиын бағам.
Бекерге шығармайды бүкіл елім,
Бекіре де –береке...күтінемін.
Салым суға кетпейді сонда менің
Салымды ауыз, боламыз бүтін ерін.
Жарыл десең, ағымнан жарыламын,
Бірақ мені ұлтшыл деп танымағын.
Қазақстан қапысыз қаржыланып
Қайта құрып алады шаңырағын.
Сол күнді
Сағынамын,
Сағынамын...
Сағынсам, той жасамай неғыламын?
Садақтың жебесіндей сәйгүліктер
Байлаулы бағымда тұр бағыланым.
«ГУРЬЕВ» қонақ үйіндегі таңғы ас
Ашайын деп отыр ем оразамды,
Шарап ішпей,
шай ішу- о да заңды.
Ата салты-шақырдым дастарханға
Танымайтын өзбекті өз ағамды.
«Уақытым аз»- деп ол баяндады,
Қас қағым сәт қасыма аялдады.
Жайғасатын жайлы бір төр іздедім
Жалғыз өзім, амалсыз шай алғалы.
Қабылдап меймандарды, нөпір бізді,
Қапелімде орын аз өкінгізді.
Сосын мені
Даяшы қарындасым
Үш әйелдің жанына отырғызды.
Түндерде кейде тәтті түс көруші ек,
Түсті де өңімдегі іс көруші ек.
Өзен жақтан Жайыққа ұшып келген
Үш аққудың өзі екен үш келіншек.
-Қандай асыл қазақтың топырағы,
Тірілді ғой көмілген жапырағы.
Үш әйелдің біреуі-Тамара қыз
Қазақшаны қымызша сапырады.
Ағатай-ау!
Өзенде жыр-аңыз көп,
Жарқыраттық шындықты шырақ іздеп.
Қалаңызға кеп қалған жайымыз бар
«Қазақ тілі» қоғамын құрамыз деп.
Қашаған, Абыл, Ақтан мүліктерін,
Музей етем...
Дегеннен үрікпедіім.
Ата-бабам... дегесін ауылдастар
Аузымдағы асымнан жырып бердім.
Маңғыстауды бір кезде шиырлаған,
Басына құлпытас та бұйырмаған.
Жақында разьезд атын алды
Сыбағасы сақтаулы Сүйінғараң.
Тілмарсынып жіберсем сөзбен көміп,
Өзің жырла, ағажан , көзбен көріп.
Балдызыңдай биязы базынама
Басымнан сипармысың жездем болып.
Сөз таба алмай айтуға жарасымды,
Тар кеудеде жүрегім аласұрды.
Менің ана тілімді білгені үшін
Тіледім оған мен де бар асылды.
«Аспандағы аққудан ән қайырған,
Тамаражан, тақылдақ таңдайыңнан.
Қай жігіттің бағына жаралғансың
Көрерсің , қалқам енді маңдайыңнан.
Өзенге де өң берген болып ұста,
Өн бойында өнеге, толы нұсқа!
Равильдей хатшыға рахмет
Сендей қызды жіберген облысқа.
Жан емеспін қастасып көрініскен,
Жан емеспіз сарқытты бөліп ішкен.
Менің ана тілімнің жанкүйері
Аман бол, айналайын» дедім іштен.
Көп жүрген соң көреміз көрмегенді,
Көңілім шытынаған шөлмек енді.
Өзге ұлттың алдында өз туысым
Тілін білмей, тірілей жерге көмді.
Қазақ тілі-Мұхтар мен Қаныш тілі,
Осы тілдің бойымда бар ұшқыны.
Осы тілмен аспазға әкел деп ем
Қонақтарға қасық пен шанышқыны.
-Білмеймін деп қазақша шанышқыны,
Даяшы қыз ыдысын қағыстырды.
Қайдан ғана тап қылды мына бізге
Қарнымызға талақтай жабысқырды...
ТАСИДЫ ТЕҢІЗІМ
Мен теңізбін әлі бір тасымаған,
Шар болатпын мұқалып жасымаған.
Қасиетті қаламын қалдырыпты
Қарай-қарай артына Қасым ағам.
Аруағын пip тұтқан аға ақынды —
Риза қып қомдадым қанатымды.
Жырымның сырлы сазын тыңдатамын,
Ұйқысынан оятып қара түнді.
Мың әуенмен жаныма бойлап алған,
Көкіректе салады ойнақ арман.
Жанартаумын әлі бір атылмаған,
Атылмаған, атуға жақындаған.
«Тауға шығып, қараймын кең далама»,
Табиғаттың бар сыры ақыл маған.
Келер жылдар жұлдыздай ағып өткен,
Кеудем тасыр таситын шағы жеткен,
Сонда менің сімірер толқынымды
Сары дала сағымды қаны кепкен.
Ағар едім тау-тасты басып өтіп,
Бір өзімді бір бөлек ғасыр етіп.
Бақытыммен байыған сол шағымды,
Көрсе деймін анамның жасы жетіп.
ШИРЫҒУ
Белінен қайырамын белдескеннің,
Бетке ұстар әдісім аз, дербес менің.
Желпініп жерге түспей жүргенімді
Көп көрер,
Менің кейбір «жерлестерім»..
Алда да анықталар анық бағам,
Қашан да қарсы емес халық маған.
Кемедей кеңге жүзер кезім еді
Жаңқадай су бетінде ағып барам.
Шашпаймын, халқым саған топырақты,
Өзіңсің қара орманым жапырақты.
Саған емес, сайтанға сеніп келген
Кеше гөр мына мендей ақымақты.
Тасадан көрмеуші едім тас атқанды,
Әйтеуір жаны соның жасап қалды...
Асыл досым осы деп адасыппын
Асымды ішіп, аяқты босатқанды...
Несіне запы болып зар етемін,
Ұғамын ұлы асудан нар өтерін.
Жарайды біліп алдым жар астында
Жатып алар жантықтың бар екенін.
Түскен жоқ,
Түспейді әлі бәсім менің,
Кеудемнің қоймасында асыл кенім.
Халық атын жамылған арамзаның
Аяғынан құртамын тәсілдерін.
Өмірге келген жоқпын жан бағуға,
Антым бар адам құсап арлануға,
Қақым бар қорғауға да, қорғануға.
Ешкімнің ілінбеймін шарбағына,
Ешкімнің ілінбеймін қармағына.
Сыйынып ата-баба аруағына
Түбі бір келтіремін алдарыңа ...
МҰРАГЕР
Өзің болып келеді арман жырым,
Жүрегімнің отына қарғам, жылын.
Менің алғаш кітабым шыққан жылы
Сенің тұңғыш мектепке барған жылың.
Екеуі де зор бақыт –үйіп төккен,
Мәртебемді тағы да биіктеткен.
Аманқостың аузы аққа жарысын деп
Аруана дүнием иіп кеткен.
Пенде де бар,
Шаттықты шақтап тастар.
Жомарт та бар сөздерін мақтап бастар.
Ал уақыт тұлпардың тұяғынан
Қаншама ұшып түсті шақпақ тастар.
Қаншасы көкіректе жағылды екен,
Қаншасын шайып өтті ағын бөтен.
Бәріне сен куәсің, жаным , балам
Бәріне де куәсің лағыл мекен.
Үлесін жатқан кезде әр күн арнап,
Ойым жоқ орта түсіп,
Қалғып қалмақ.
Мен екінші үлгердім жинағымды
Сен екінші класқа қарғығанда-ақ.
Жақсылықты жалау ғып әр көңілге,
Қатар сілтеп келеміз кеңге бірге.
Сен үшінші кеткенде айналысқа
Менің үшінші кітабым
Келді өмірге.
Бабалар ел сенімін жиі ақтаған,
Кішіден қалып қою ұят маған.
Екеуміз әкелі-балалы сияқтанып
Жарысып келе жатқан сияқтанам.
Атойлап ақ берен күш таза қанда,
Әлі де құлашымды созам алға.
Келесі биіктерді сен аларсың
Келесі жыр кітабын жаза алам ба?
Өмір деген сан тарау, жатқан егес,
Көзіңнен көрген түстей аққан елес.
Саған менің биігім өлшем емес
Жеткен жерім-жеңісім мақтан емес.
Тұғыр керек жігітке қыран қонар,
Ғұмыр керек жігітке ұран болар.
Байлық емес,
Сондықтан ерлік жасау
Менің саған қалдырған мұрам болар!
ДАЛА ФИЛОСОФИЯСЫ
Аптап ыстық,
Өң-түссіз өлі дала,
Жортатын некен –саяқ бөрі ғана.
Керуен сахарада сандалады
Алар ма алақанға өмір-ана.
Аралап астанасын көп өлкенің,
Тиеген қазынасын,
нелер теңін.
Ал қазір бір құмыра су түгілі
Келеді қат боп өзі көлеңкенің.
Сағым да теңіз болып кеткен алдап,
Жұтады уайым деген дерт те жалмап.
Оңай ма, оппа құмды омыраулап,
Қалт тұрды
Қара нарлар төрт тағандап.
Адамдар омырауын ашты мұңға,
Алжасып ақылынан шаш жұлуда.
-Ей, аспан, бір тамшы су, су,- десіп,
-Аямай алтындарын шашты құмға.
Бәрі де бағынышты,
Жалынышты.
Байлығын қара дауыл алып ұшты.
Тоймаған дүниеге керуеннің
Шөл дала шөпілдетіп қанын ішті.
Айтады осылайша хабар далам,
Бұл сурет сабақ болар
Саған,
Маған.
Тағдырды тарыдай боп шашыларда
Алтын да аман сақтап қала алмаған...
Аманқос ЕРШУОВ