Станислав Куняев. Бұлт та жоқ. Жел де соқпайды...

ӘДЕБИЕТ
3216

Станислав Юрьевич Куняев (1932 жылы 27 қарашада туған, Калуга қаласы) — орыс совет ақыны, публицист, аудармашы, әдебиет сыншысы. "Мәдениет порталы" қазақтың новатор ақыны Байбота Қошым-Ноғайдың аудармасында Станислав Куняевтың өлеңдерін оқырман қауымға ұсынады. Мархабат!


* * *
Бөлтiрiк тауысып төзiмiн кенет,
тулады көнбей қарғыға.
– Не үшiн, менiң жазығым не?!– деп,
ұлиды, дауысы қарлыға.

Шулайды орман төңiрегiнде,
шақырып үнi тайганың.
Көз салар емес жемiне мүлде,
болмақ па құлы айланың?..

Аралар ертең бүкiл әлемдi,
бiр цирк оны сатып ап…
…Салақтап тiлi,
жұтына бердi
қылғына жаздап, ақымақ.

* * *
Алыста, сонау Сiбiрде,
Сiбiрде, жердiң түбiнде
қайтыс боп жақын жолдасым,
жабырқап тұрмын бүгiн мен.

Жылынамын деп, iшiп ап
жығылған,– деген хат алдым,–
жiгiтке жаны ашымай,
бұрқасын үрiп беталды,
ақ қармен бүркеп тастапты
Сiбiрде қарлы, қатал күн.

Көп iшкен дейдi «бәленi»,
дәлел ме осы дәлелi?
Орыстың «Мазда, май шамы»
ұнататұғын әнi едi…

* * *
Жас шағымда жыр бұлағын ағыздым
Тайшеттегi құрылыстар хақында…
Ту далада қашалған тас бәдiздi
көрсеткен бiр хакас сол жас ақынға.

«Қай уақытта жасалған?– деп сұрадым,–
Неге ұмытқан ел шебердiң есiмiн?
Қандай ұста болды екен, сiрә, бұл?
Неге ашпайды жұмбақ ғасыр есiгiн?»

Естiдiм мен былдырлаған жел үнiн
Соқыр түнде құшағынан даланың:
– Түкке дәлел бола алмайды өлiмiң!
Ол үшiн тек өмiр керек, қарағым!..

* * *
Маусымның бұлты күркiреп төндi,
төбемде жаңбыр шулады…
Мен жүрген iздi сүртiп өткен-дi
аулада көшкiн су дағы.

Найзағай төксе шатынап кәрiн,
ақ қайың салар мұңды әнiн,
Көрмесем екен
жапырақтарын
долы жел көктей жұлғанын.

Көк аспан бағзы түрiне көшiп,
құлпырды гүлi даланың.
Ән салды құстар…
Жылы леп есiп,
көйлегiм кеуiп барады.

* * *
Отырып бейқам жағада,
екi қыз бiр ән бастады.
Көгiнде қалқып барады
қыркүйектегi асқақ үн.

Ұзақтар қанат жайды да,
түстiкке бет ап ұзады.
Көкiрегi ада қайғыдан
шырқайды екi қыз әлi.

Олар да ұғар бiр күнi
не екенiн мұң мен құсаның.
Ұл сүйер бiрi ынтығып,
ана боп ыстық құшағы.

Көбелектейiн бiреуi
отына түсер сезiмнiң,
жас шылап жарқын реңiн,
қамар да, бәлкiм, көзiн мұң.

Әзiрге бiрақ жоқ қайғы,
қос жүрек қалай үндескен!
Бұлт та жоқ. Жел де соқпайды.
Аспан да ашық бұл кеште.

* * *
Бәйтерек түсер көзге әлi
қайыршы сынды түңiлген,
бұтағы әрең қозғалып,
көгiлдiр нұрды сiмiрген.

Қартайып бiткен ол дағы,
құлазып, күнi өттi ендi,
бүрiп тұр бұтақ – қолдары
бiр уыс қана көктемдi.

* * *
Осынау жерге жұрт үшiн әлi
орнауы керек бiр қала!
Даланың түрен қыртысын алып,
топырақ түлер мұнда да.

Қанымда көктем барады айналып,
жүрегiм де ендi соқты көп!
Иiлiп желмен қарағай дағы
тұр, мiне, тағы көк тiреп.

Орманды отап, сағынамыз бұл
жоғымызды iздеп бiр күнi,
тартады түзге тағы да бiздi
ағаштар, шөптер құлпырып.

Естимiн шуды қырдағы бүгiн,
сыры бар шертер мұның да…
Үйеңкiлер де, тыңдадым үнiн,
келешек жайлы сыбырлап,

шаттықтан, сiрә, туған ән болар,
сайрады құстар мейiрмен…
Бiзге дейiн де шулаған-ды олар,
шуласын бiзден кейiн де.

* * *
Темiрқазықпен анықтап алып жолыңды,
iңiрге дейiн iлбисiң таңнан тағы да.
Бұлғынның iзi. Iркiндi су бар. Қолыңды
Өзiңше жуған боласың соған малып ап.

Оянып түнде, алауға қайта үңiлiп,
кетесiң шомып тiршiлiк жайлы түрлi ойға.
Жатпақсың қалай көзiңе ұйқы тығылып,
жел менен жаңбыр өбiсiп жатса мұндайда!

Бiр үйiр аңның бұлаққа қарай шұбырған
соқпағы жатыр, соңына түсу қызық-ақ.
Кесесiң сосын құстардың iзiн құбылған,
спиртке қайың шырынын қосып, қызып ап.

Еңбектей жылжып батпақпен, адыр-кезеңмен,
ақ түннiң мынау орманға төнiп тұрғаны!
Ал қызыл балық ағынды қара өзенмен
Ақ теңiздегi толқыннан қашар ұрланып.

* * *
Жылқылар жусап жайлауда,
ашиды қымыз сабада,
көк түтiн шұбап қойнауда,
асылды қазан далада.

Хантәңiрiде ежелгi
жұлдыздар көктен үңiлiп,
текемет жерге төселдi,
сырластық, қымыз сiмiрiп.

Бақуат отағасы да,
тұлғасы тiп-тiк, бапты да,
қарамай сексен жасына,
жарына бала таптырар.

Құдық жоқ маңда, бiруақ
жас адамға ұқсап шал әлгi
жорғаға қарғып мiнiп ап,
су әкелгелi шабады.

О, өмiр, қандай кең едiң!
Мүлгидi тыныш тау жырақ,
Ай дағы туып келедi,
ұйқыға шомдым маужырап.

* * *
Қосылдық тағы, құрысын бәрi,
ұмытшы қайғы-дертiңдi,
некеге тұрып, тiл ұшындағы
қайталап айтам сертiмдi.

Құтпа оқып бiзге кеңес бередi
ақ көңiл, iшкiш хазiрет.
Үйлену салты емес пе, тегi,
жүзiктi салдым өзiңе.

Ақ көйлек киiп тұрсың сен, еркем,
сөйледiң әнтек, ақырын:
– Қуансаң, не бiр күрсiнсең ертең,
қасыңда болам, батырым!

Бiтiптi шырай бүгiн өзiңе,
жасарып кеттiм мен дағы.
Сығалап икон ұры көзiмен
қарайды бiзге таңданып.

«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ»
Қалды артында құйын билеп,
топты жарып келедi,
Жаратқанның күйiн күйлеп,
перiштедей желедi.

Қазiр кiмнiң шаңырағы
душар болды қазаға,
құстай ұшты ол тағы да бiр
жайсыз жағдай мазалап.

Қаншама үй бар бұл өңiрде,
Құдайға аян бәрi де!
Бейхабарсың бiреуiнде
бола қалса тағы не!

Ал қалада мұнша адамға
қарау керек қырағы!
Демалуға мұрша бар ма,
«Жедел жәрдем» жүр әлi.

Қағылды бiр есiк, әне,
көршiнi де оятты,
қос медбике асығады
перiштелер сияқты.

* * *
Жатқаным сол-тын – таң атты, мiне,
безектеп бердi қоңырау,
оятып менi сағаттың үнi,
жетпедi уақыт өмiрi.

Жүрдiм мен бiрақ көңiлдi ұдайы,
құлшынып жұмыс iстедiм,
өткiзбей босқа өмiрдi дәйiм,
түк өнбес жолға түспедiм.

Iсiмнiң онда сәтi кеп тәмам,
разы болдым бәрiне…
Бос жүру деген ақырет маған,
демалыс көрмен әлi де!

Бөлшегiмiн деп әлемнiң iрi
өзiмдi сонда сезiнгем,
сол екен бақыт, ал ендi мұны
түсiнбеппiн мен кезiнде.

Демалыс көрмей әлi күнге бiр,
шаршайын таңды таңға ұрып…
Қуаттан бiрақ бәрiбiр де бұл
бiрдеңе қапты мәңгiлiк.

* * *
Басқа адам болып сезiмдi керiм
жазбаймын – бағым, сорым да:
түп-түгел, тұтас өзiм жүремiн
жырымның әрбiр жолында.

Тiршiлiк құрған өмiрде нұрлы
адаммын мен де, бiл, түсiн.
Сүйемiн қарға көмiлген қырды,
жел үнiн, сәби күлкiсiн.

Бар менiң масаң кезiм де мұнда,
жаңбырым, жайған өркенiм,
болды өзек ғашық сезiм де жырға,
өзiмдi сыр ғып шертемiн.

Iз салды жылдар жырыма жарқын,
мұң,
қайғы жатыр бiрiнде,
самғасам бiр кез,
мұны да, бәлкiм,
аңғарар бiреу түбiнде.

* * *
Оралған сынды өткен күн де асыл,
ұзақтар келдi ән салып.
құшағына енiп көктемнiң жасыл,
тұрасың ессiз тамсанып.

Шырқайды шымшық,
тамаша ғой бұл,
қызыл тал нұрын шашқанда!
Аунап та қунап қарасаң, ой, бiр
құлпырған жер мен аспанға…

Қоңыраубастар сыбыр ұқтырған.
Қара орман қайта жаңғырмақ,
қайтадан сүрлеу шұбырып қырда,
тербейдi бiздi мәңгi ырғақ.

Ал шықты жаншып барады iздер де,
iзгiлiк үшiн түскенмен,
амал не, қош деп қаламыз демде,
өкiнiш отын iшкенмен.

* * *
Терiскей желi жынданып тағы,
бұзылды күннiң райы,
қуанып бiрде, мұңданып та бiр,
құбылдым содан ұдайы.

Нөсердiң суық төндi кеп селi,
үлгердi сұр бұлт құрсап та,
түк те жоқ жақсы
мөлдiреп сенi
аңсаудан басқа бұл шақта.

Қоңырау қаққан қайың мен қалың
боялса шетен алауға,
сүйсiне зер сап пайыммен, жаным,
жалықпаушы едiң қарауға.

Көзiңдi бiр сәт тасташы, құрбым,
жылдарға сонау, өтiнем,
өлара өтсе, басқасы күннiң
шуақты едi-ау шетiнен.

Қасiрет, қайғы нақ содан бар ма,
көңiлдi күн де хош қылсын,
бақыт тiлеймiз жақсы адамдарға,
ал зұлымдарға ес кiрсiн.

ТАС ЖОЛДАҒЫ ОҚИҒА
Вадим Кожиновке

Қанатын қағып, көтерiлдi де сақ ұшып,
ауада кенет тұра алмай бiр сәт қалықтап,
кiшкене бiр құс әйнекке қалды жабысып,
машинамыздың маңдайындағы болып дақ.

Не қылған құс бұл, түсiнген жоқпын бiрден мен,
отыр ем қажып, рульде қолым қарысып.
Бiр тегiс жолға тап болғам ендi, бiр демге
жүз қырықты алсам болады, желмен жарысып!

Еске алам ендi сол бiр құс жайлы не деп мен,
өнбейдi түк те, көз алмай қарап тұр, мейлi,
жол үстi оған кез келдi қатер кенеттен,
орманға ол тiптi қайтадан ұшып кiрмейдi.

Машинадамын, айыптай алмас менi ешкiм,
лаж жоқ, қалай өзгертем жолды мына бiр…
Бұрылуға да бәрiбiр мүмкiн емес-тiн,
не десеңдер де, болмаспын, сiрә, кiнәлi:

жағалай қазiр жап-жасыл орман себебi,
бәрi де мұнда жасарып қайта тiрiлген,
машина болса ышқынып қатты келедi,
табиғат заңын ысырып тастап, гүрiлдеп.

* * *
Тарады желдiң атырапқа әнi,
тынышын бұзып даланың.
Балқарағайдың жапырақтары
қардайын борап барады.

Аңғарға биiк қыраттан қарап,
бұландай бастым секеммен,
ауызды салдым бiрақ таңдана
үсiген тәттi шетенге.

Қысқарып қалды күн тiптi дағы,
қалғиды түнгi тiршiлiк,
иығымдағы мылтықтың бауы
қарайып кеттi кiр сiңiп.

СОҒЫСТАН СОҢ
Жұпыны сауда қызады қатты,
мереке сынды сағынған!
Базарда бiреу бiз алып жатты,
айырбас жасап сабынға.

Бар әлем, бәлкiм, дәл мына бүгiн
жатқандай шалқып, сыйынып,
не болса соған, қалды ма құны,
сатады солдат киiмiн.

Мұндайда тұрар кiм елеп кiмдi,
бала жүр шетте нан ұстап,
шырқайды әнiн мүгедек мұңды,
ал әуен кеттi алысқа.

* * *
Швеция. Стокгольм. Мамырға өң кiрген
көтерген жеңiс жалауын.
Шетелдiк сұрқай өмiрден мүлдем
түк ұқпай, iлбiп барамын.

Толстой, Блок, соғыстың өртi
түседi еске жаңғырып…
Түбектен мынау көп iстi көрдiм
мылқау боп қалған мәңгiлiк!

Түн iшi. Жым-жырт. Көресiң кейде
үйлердi талған иығы.
Коммунизмнiң елесiндей боп
алаңда келем бұйығып.

* * *
Оянып терең ұйқыдан, азып,
табиғат – ана тiрiлдi,
қолайсыз күннiң сиқы да қазiр
өлара шақта бүгiнгi.

Жанарын бозтал ашты демалып,
күмiлжiп әнтек, сiлкiндi,
сылдырап мұздың астымен ағып
барады сылбыр iркiндi.

Қар бетiн боз шаң көмiп үрлеген…
Машина. Барақ. Шұңқырлар…
Көргем жоқ шығар өмiрiмде мен
суреттi мұндай, мүмкiн, дәл.

Бұтада кеше шәукiлдек бұғып,
жақында гүлдеп көк те өскен…
Тiлеп ем қар да жаусын деп бүгiн!
Тым құрыса нөсер төкпес пе!

* * *
Түн жарым. Оттан жалын шығады.
Пысқырды жылқы. Құс әнi.
Жазғы ызғар. Қою қалың шық, әне.
Бұл – естелiктiң нышаны.

Далаға бүгiн түнегем келiп.
Аспаннан жұлдыз сауамын.
Жатырмын отқа, мiне, мен де енiп,
құшағы қымтап ауаның.

Үредi иттер құтырына бiр,
өңiрге Ай шуақ құяды,
шағылар шөптер сытырына нұр,
тигенде құлын тұяғы.

* * *
Қыркүйек пен сәуiрдiң 
күйбең тiрлiк арасы –
жалқаулық бар – ауыр күн,
шабыт, жұмыс, жарасым.

Ақ қағазда сайраған
iз қалдырып, қызығы,
су толады сайға да,
өзенде сең бұзылып.

Қайың енiп не түрге,
қырау қонар қыратқа,
дәптерiмнiң шетiнде
тұрмақ ол да бiрақ та.

Күз бен көктем күндерi 
iс бұл өзiм байқаған:
жапырақпен бiрге өлiп,
тiрiлесiң қайтадан.

* * *
Қабыршақ мұз қатты бүгiн бұлаққа,
аспан – ана омырауы иiп тұр,
темекiнiң шоғы маған бiрақ та
жұлдыздардың жарығынан сүйiктi.

Кiм болды екен шылым шеккен сонда бұл?
Сыбырласқан әйел ме, әлде еркек пе?
Қатар отыр. Лайық па барғаным?
Боқтық естiп қалмас па екем мен текке?

Онда не тұр…
Адамдар ғой, алайда.
Iңiрде отқа жүрген шығар жылынып…
Аз күннен соң қар түседi маңайға,
тұр қазiр де ызғар лебi бiлiнiп.

* * *
Көк көгершiн дөңбекшидi ұяда,
қаншық-өзен қыңсылайды қатты ұлып.
Досым, саған жүрсең де қай қияда,
осы кеште тiлеп тұрмын сәттiлiк.

Құлағымда сарқырама шуы да,
толды кеудем күркiреген күйiмен.
Бүлдiршiндер тең-тең пiшен буып ап,
бара жатыр есек мiнiп үйiне.

Көкте жұлдыз нұрын шашты арайлы,
естiледi мұңға толы құс әнi:
адамдарға қорқынышпен қарайды
құлап түскен балапаны құсалы.

Бостан-босқа шырылдайсың несiне?
Жұмыртқаны жарып шықтың – не шара?
Өмiр – өмiр, сақта мұны есiңе,
өткен қайтып оралмайды, есалаң.

Алабөтен сезiмiм бар бүгiнде,
жанды-жансыз – жүрмiн бәрiн сүйiп шын…
Ақ сағымның арасында дiрiлдеп,
көкжиекте мұнартады биiк шың.

Күн нұр шашып Ауғанстан төсiне,
Үндiстанда қатпар таулар қарасұр
жалғап жатыр жайбарақат көсiле
Чильдухтар мен Туполанг арасын.

Тәттi сезiм ұмытылды алдымен
жүрегiмнен орын таппай тұрақтап,
таң қаларлық, итмұрынның алкүрең
бұтақтары әлi есiмде бiрақ та.

Бояп оны батар Күннiң жалқыны,
уа, дариға, шоқтай жанып гүлдедi,
сосын қара көрпе жауып мәрт iңiр,
көз алдымнан ғайып болды мүлде бұл.

Қалың қамыс. Шыбын-шiркей ызыңы.
Су басында шиебөрi шулайды.
Сезiнемiн: жанымның бiр үзiрi –
елдi ойласам, жүрек шiркiн тулайды.

Өзiмдi өзiм ұқпай тұрмын, қалай бұл?
Бөгде ой шырмап алған тiптi миымды.
Барлығына күдiктене қараймын,
кешкен жандай жынды адамның күйiн мен.

Өлiм жайлы ой келмейдi маған да,
қам-қаракет тауысылар деп бiлдiк пе?!.
Жанымызға жақын кейбiр адамдар –
тiрегiмiз мына нұрлы тiрлiкте.

Оңтүстiк. Жел. Салқын ызғар. Жалын. Нұр.
Сыбырласты самал тербеп қау қалың.
Шуы үндесiп жатыр менiң қанымның
сарқырама шуыменен таудағы.

* * *
Аңшылық жақсы ашық күндерде.
Құс байғұс дiр-дiр етедi…
Сақтадым сабыр, асыққым келмей –
ол ендi қайда кетедi!..

Болыпты, мiне, қансырап ғарiп,
тыпырлап жатыр, қараймын,
көкемаралдың шамшырақтары
нұр шашып тұр-ау арайлы.

Қараймын Күннiң батқанына бiр,
батпаққа батты ол шаншылып…
Құсты аяп тұрмын, шаттанып әрi!
Құрысын мұндай аңшылық!

* * *
Күдiк пен тәттi үмiт алмасты,
соғыста жеңiп еңселi ел,
батпырауықты, ұмыта алмаспын,
жасаушы едiм мен шебер.

Жұпыны бақыт! Шiркiн, бiр керiм!
Ғафу ет сырымды ашқанға,
батпырауығым ұмтылды менiң
тоз-тозы шығып аспанға!

Ұйтқып бiр ұшты тiптi бұл мүлде,
бұлттардың төсiн тiлiмдеп!
Үзiлгелi тұр жiп те ендi, бiрде
күш түссе, әлсiз дiрiлдеп!

Ылғалы дымдап бұлттың ептеп,
аяусыз оны жыртады.
…Қарайды мәз боп күлiп Күн көкте,
ақшаңқан төрткүл шырқады!

* * *
Жұлдыздар Жерге үңiлген, мiне,
төңкерiп аспан көк кесе,
отырмын емен түбiнде, өрбiген
алауды түртiп, от көсеп.

Маржанын шашты түнгi аспан дағы,
жанымда – жалын, көкте – нұр,
жұлдыз бен алау ымдасқанда бiр
өршидi кенет от, тегi.

Қышқырып үкi үн қатты кенет,
шоршиды шортан өзенде,
тағдыры басқа түнгi оттың. Демек,
сан қилы тағдыр. Сезем мен.

Қарашы, тiптi таң қалдым, көрiп,
қараңғы түнге сүңгiп бiр,
шетiне сонау аңғардың төнiп,
көлеңкем басын шұлғып тұр.

Көзiме ұйқы тығылды менiң,
түсiмде, мүмкiн, ұшамын…
Төге бер, оттар, нұрыңды керiм,
кеткенше бойдан күш-әлiң.

* * *
Қыркүйек кеп өлкеге, ұшты, мiне,
қиқу салып тырналар түстiгiне.
Мен де аттандым батысқа баяу ғана,
шақырды атамекенiм – аяулы ана.

Жапырақтай күзгi жел кеткен үзiп
ұштым мен де, қош ендi, Көк Теңiзiм!
Мен басқа бiр жазықты мекендеймiн,
осы жаққа ұшам да, кетем кей күн.

Қош бол ендi, елiмнiң қиыр белi,
сағынышпен күтуде үйiм менi.
Ала қанат сауысқан, тек есен жүр!
…Құйрығыңды бұлғайсың неге сен бiр?

Аударған Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ.
author

Байбота Қошым-Ноғай (Серікбаев Байбота)

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...