Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы терминдерді қазақ тіліне жиі аудара б...
Антитеза
Өтіп жатыр мына ғұмыр уақытпен сырғанап,
Кімге сор боп кездеседі бармақтайын кімге бақ?!
Өмір солай... Уақыттың уысында пендеңіз,
Үндемейтін қара кісі сыртыңыздан тұр қарап.
Желіккен жел жапырақты тонайды екен жұлмалап,
Жымияды кекесінмен әр сәтіңді ұрлап ап.
Өмір солай... өзгермейді Уақыттың кесімі,
Жүрегіңе бірде күлкі, енді бірде мұң қадап.
Күзге қарай қуанышын жапырақтан бақ үзді,
Адам қайда ақ көйлекті адал ниет жаны ізгі?!
Өмір солай...Салыстыру өзгелермен өзіңді,
Сенен гөрі әнеу адам бақыттырақ тәрізді.
Табылады тіршілікте айла менен жанға амал,
Бірақ бақыт базар емес. Дей алмайсың таңдап ал.
Өмір солай...Өзгелердің өкшесіне қарайсың,
Әнеу адам сенен гөрі көріне ме кембағал.
Бұл жалғанды жатып тұрып кінәлаймыз келте деп,
Шамаң келсе айналаңды адалдықпен көркем ет.
Өмір солай...Қамданғанша қамшы басып торыңа,
Танысы бар таққа мінді сенен гөрі ертерек.
Бір көзіңде қуаныш бар. Бір көзіңнен жас тамып,
Спектакль аяқталды... сүйіншімен басталып.
Өмір солай...Біреу отыр қайыр сұрап базарда,
Біреу жатыр ақшасына, байлығына мастанып.
Абаданды талап жатыр шиебөрі жабылып,
Тұқым азса қандай жаман жатырынан қағынып.
Өмір солай...Біреу барад екі көзбен боқ теріп,
Зағип болған жатыр біреу бір сәулеге зарығып.
Адам болсаң езілмей ме жақсы сөзге ет жүрек,
Хабар жетер... біреу келді, енді біреу кетті деп.
Өмір солай... Біреу отыр екі аяққа зар болып,
Біреу жатыр өз баласын өңменінен тепкілеп.
Ғұмыр бәйге аламан ғой атың тұрса жұлқынып,
Кеуіліңнің шарасына қаймақшыған жыр тұнып.
Өмір солай... Біреу отыр бақайымен сурет сап,
Біреу жатыр қолдарымен пышақ ұстап ұмтылып.
Он төртінде толып еді, енді қазір Ай сынық,
Кедей байқұс кіжінеді, біреу жатыр байсынып.
Өмір солай...Айналаңыз ақ пен қара күресі-
Антитеза! Тұнып тұрған тұрлауы жоқ қайшылық!
Ойымызбен келісерсіз? Мүмкін мүлде келіспе,
Жолдар анау бастап жатқан өрге қарай, еңіске.
Өмір солай...Антитеза- айналаңыз бақ пен сор,
Бәрін қойшы екі иықта екі түрлі Періште!!!
Ерболат Баятұлы
12.02. 2015