Бүгін жұма. Демек дәл бүгін Дәулет Жадырасынның жан жадыратар жақсы, "Иманы бар, имамы жоқ&quo...
Сұлтанмахмұттың алғашқы биографы
Қазақтың ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпеевке 1927 жылдың 15 қарашасында жазған хатында: «Сұлтанмахмұт сөздерін былтыр түгел жинап, үлкен кітап қылып, баспаға бергенмін.
Одан «басылады» деген хабар алып отырмын. Рас болса. Бұл мойнымдағы бір міндет тәрізді нәрсе еді. Ендігі міндет – сіздің атыңызды тарихта қалдыруға қолдан келгенше жәрдем ету. Оны орындай аламын ба, жоқ па – білмеймін. Өйткені ескі сөздің, бұрынғы ақынның қадірін білетіндер азайып барады», – деп шынын да, мұңын да жазып қалдырған С. Торайғыровтың бірінші биографы қазақ әдебиетінің кемел суреткері – Жүсіпбек Аймауытов.
Демократ ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірбаянын жазуда алтын діңгек етерлік дүниелері:
1. Жазушының өз шығармалары;
2. 1926 жылы «Еңбекші қазақта» жарияланған Жүсіпбек Аймауытовтың ашықхаты;
3. 1933 жылғы «Толық жинаққа» алғысөз орнына дайындаған, бірақ жинаққа енбей қалған Ж.Аймауытов очеркі;
4. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Орталық ғылыми кітапханасындағы қолжазбалар;
5. 1920 жылдардан бері мерзімді баспасөзде жарық көрген естеліктер;
6. «Айқап», «Абай», «Таң» журналдарындағы, «Қазақ» «Сарыарқа», «Қазақ тілі», «Ақжол», «Еңбекші қазақ» газеттеріндегі материалдар.
Ж.Аймауытов 1933 жылы «Толық жинақты» даярлау барысында ақынның әкесі Әбубәкірден барлық қолжазбасының хаттарын, суреттерін, қойын кітапшаларын алған.
Профессор Бейсембай Кенжебаев 1933 жылы Торайғыров жинағы шыққан кезде сол уақыттағы Қазақ мемлекеттік баспасының директоры Мансұр Ғатаулиннің бөлмесінде біраз жоғарыда тізіп көрсетілген материалдарды көріп, танысқанын айтады. Өкінішке қарай, М.Ғатаулин де 1937 жылдың құрбаны (Ол туралы «Қазақ әдебиетінің» 1937 жылы шыққан 27 қарашадағы санында берілген).
Тектегі тарихына тоқталсақ, «Торайғыр жасанған жаудан қайтпайтын найзагер батыр болған, төрелік жасағанда жат-жақынына қарамайтын өте әділ би болған» деген ақынның немере інісі Шәймерден Торайғыров.
Бір қызығы, ата-анасы Сұлтанмахмұтты еркелетіп Мақыш, Мақыжан деп атапты. Анасынан ерте айырылған ақын әжесі Монтайдың қолында өседі.
«Баян тауы Қозы Көрпештің Баян сұлуы туған тау деседі. Аспанмен тілдескен асқар шың, тік жартас, түпсіз құз, таудың ұшар басынан етегіне дейін сыңсыған сыпсың қарағай, ақ қайың, барғын, мойыл, қиядан ойға, ойдан арманға сүңгіп, сыбдырлап, бұраңдаған бура бұлақ, шөккен алыптай асқар Баянның оң қолтығында айнадай жарқыраған Сабынкөл, сол қолтығында түндей түнерген Шойындыкөл (Жасыбай көлінің ертеректегі атауы), жамбасында тас аралды, көк құрақты Торайғыр көлі, жаз болса, көкорай шалғын, көк балауса, жасыл жапырақ, жеміс, тау іші ың-шың ақбұта толған жыршы құс, міне сол секілді зәулім жаратылыстың бауырында бала Махмұт балдырғандай балалық шағын өткізеді», – деп Сұлтанмахмұттың балалық бал дәурені өткен әсем табиғатты Ж.Аймауытовтың шабыт кернеген көкірегінде жырдай кестеленіп, бізге жеткен.
Ақынның өмірінде ерекше із қалдырған Мұқан мен Нұрғали есімді екі ұстазы болған. Нұрғали Сұлтанмахмұттың ақындығын, алғырлығын, ғылым-білімге құштарлығын танып, Троицк сияқты қалаға барып оқуға кеңес береді, туған-туысқандарына оның әрі қарай оқуын жалғастыруына көмектесу жағын үнемі ескертіп отырады.
«Махмұт 1912 жылы 9 сентябрьде туған жерге қош айтысып, оқу іздеп, жол шегеді. Ай жүріп, Омбыға жетеді. Әркімнен сұрастырып, отарбаны тауып алады. Бұрын жол көрмеген, қазақтың салқам-салақ баласы жолда киімнен, кітаптан жұрдай болып, әрең дегенде Троицк шәһәріне жетеді», – дейді Жүсіпбек.
Бір қызығы, Сұлтанмахмұттың Троицкіде оқуының өзі де оңайға соқпаған. Сол тұста түйдей құрдасы, досы, сыйлас болып өскен әрі туысы, жас күнінен өнерге ынтық қазақтың тұңғыш органологі – Қамар Қасымов өзі жасаған домбыралары мен ағаш бұйымдарын сатып, қаржылай көмек көрсеткен. Ақынның ризашылығы болса керек, «Алғысхат», «Досыма» атты өлеңдер арнап, тіпті әйгілі «Қамар сұлу» шығармасындағы басты кейіпкер Гүләйімнің есімін өзгертіп, Қамардың атымен атаған екен. Өмірбаяны да өзгелерге ұқсамайтын ылдиы мен қиындығы мол соқпақты жолдармен өткен атақты шеберді көп жанның біле бермеуі өкінішті-ақ...
Троицкіге барған кезде жастарға ұйытқы болған 3 қоғам істеп тұрған «Мейірімділік қоғамы», «Музыка және драма», «білім тарату қоғамы». Шәкірттік өмірге араласу, шәһәрлі жердегі түрлі мәдени ұйымдардың жұмысына қатысу, ең бастысы «Айқап» журналының редакциясымен тығыз байланыс жасау жас таланттың жігерін жанып, ынталы творчестволық іске жетелейді. Өкініштісі, өкпе ауруы мен көз аурынан 1913 жылы дәрігерлер оқуға үзілді-кесілді қарсы болады. Бірақ Троицк қаласында талантты хирург ретінде танылған, халық алдында және өзінің қызметтес жолдастары арасында зор беделге ие болған қазақтан шыққан тұңғыш хирургтардың бірі Әбубәкір Алдияров ақынның көзіне күрделі ота (операция) жасайды. Бұл оқиға жайлы ақын Дихан Әбілев былай деп жазады: «Қаладағы айтулы хирург Бәкір Алдияров пен терапевт Николай Пономарев Сұлтанмахмұт Торайғыровтың науқасын мұқият қарап шықты. Одан кейін Бәкір Алдияров Сұлтанмахмұттың көзіне операция жасады... «Құдай жарылқап, операция сәтті шықты! Бәкір Алдиярович бұл жолы өз қабілетінен де асып түсті», – деді Николай Иванович... Оның дәл алдында ақ халатты жас дәрігер Бәкір қуаныштан күліп тұрды. Сұлтанмахмұт оны қайта-қайта құшақтап, «Құдайға сенбеуші едім, сөйтсем ол бар екен. Ол – сізсіз, Бәкір! Сіздің жаныңыз әрқашан шуаққа толсын, біздің өмірімізді мәңгі жылытып өтсін!» делінген естеліктерінде. Трахомамен ауырған көзін емдеп, жазған екен. Сол жылдары Троицк маңындағы қазақ ауылдарында бала оқытады, күзде қалаға қайта оралып, «Айқап» хатшысы ақын, жазушы Әкірам Ғалимов қайтыс болғаннан кейін, 1913-1914 жылдары журналда жұмыс істеп, ұзаққа бармай шығып кетіп, 1914 жылдың жазында туған елі, өскен жеріне оралып, қаладан көрген-білгенін үйрету мақсатында «Шоң серіктігі» ұйымын ашады. Нашарларға, оқуға шамасы жоқ кедей оқушыларға жәрдем көрсету, оқу жолдарына қаражат беріп тұру, газет-журналдар алдырып, кітапхана ашу. Одан хат білетін адамдарды мүмкіндігінше пайдаландыру, ақын-жазушылардың шығармалары болса, соларды бастыру, тағы басқа игілікті істерге жәрдемдесу болады. Өкініштісі, қаражат жиналмай өрелі іс жүзеге аспайды. Содан Семейге, Семейден Катонқарағайға кетіп, бала оқытумен айналысады. Қазірде Шыңғыстайдағы сол мектеп ақын есімімен аталады. 1916 жылдың қазанында Томскіге емделу мен орысша үйрену мақсатында барған ақынға математик Ә.Ермековпен танысып, ауруын емдетіп, даярлықтан орыс тілін жетік меңгеріп шығады. Ә. Ермеков бірден жақын тартып, сауаттылығына қатты таңданыс білдіріп, соңына дейін демеп жүреді. 1917 жылы Семейде болашақ ғалым Қаныш Сәтбаевпен кездесіп, біраз кітапты оқып, аудару жұмыстарымен айналысып, дендеген дертін Тұрағұл Абайұлы мен Мұхтар Әуезов қысырақтың қымызын ішіп, таза ауа жұтып емделсін деп Шыңғыстағы Медеу ауылына жібереді. Одан ауылына оралып, Павлодарда партия ісімен де біраз еңбек етіп, 1918 жылдың жазында Мәлике есімді қызға ғашық болып, үйленбек болғанда дерті дендеп, 1920 жылдың 21 мамырында ажал құшағына алады. «Тым болмаса, екі жыл тұра алмадым, іштегіні түгел жарыққа шығара алмай кетіп барамын», – деп жазып қалдырыпты қоштасарында.... Небәрі 27 жасында аһ ұрып, іштегісін шығара алмай кете барады.
1922 жылы Қазан қаласында Сұлтанмахмұттың «Адасқан өмір» жинағының шыққаны белгілі. Кітапқа алғысөз жазған Бернияз Күлеев – Торайғыров шығармашылығын зерттеушілердің бірі. Бұл кітапқа үш поэмасы енген. Олар: «Адасқан өмір», «Кедей» және «Айтыс». Биыл атаулы кітапқа 100 жыл толып отыр.
Ғылым мен мәдениет бір күнде туған жоқ. Ол адамзаттың арқасында жетіліп, қазіргі дәрежеге жетті. Адам баласы кітап арқылы адамзат ақыл ойының інжу-маржанын бойына жинайды, ұрпақтан-ұрпаққа даналығын қалдырады. Ойды ойға, миды миға, жүректі жүрекке жалғайтын осы бір бұқаралық пәрменді құрал бүгінгінің әлеуметтік құбылысы.
Осы бір құбылыс пен ақын өмірі және шығармалары қызықтырса, Ұлттық академиялық кітапхананың Сирек қорында түпнұсқада қалған очерктері мен кітаптары сақталған.
Келіңіз, зерттеңіз! Әр кітап пен автордың айтары бар.
Бабалар мұрасы – біздерге аманат!
Мөлдір ТӨЛЕПБАЙ,
Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері