Сұраған Рахметұлы: Тыныштықбектің - «Алқоңыры»

ӘДЕБИЕТ
2362

 «...таптауырын жолдан шығу үшін...»

 e.e.cummings


Адамзат тарихында азуын айға білеген айбарлы ақын, ақылдылар көп болмаса да, аз болмаса керек. «...Аспанда жұлдыз аралап, Ай нұрын ұстап мінсе де, арманын қимас адамзат...» Бұл - Бұқар жыраудың жыр бұрқағы... 

«Оқ ғасырдағы» жаңаның бәрі адамзаттың арманының жұғыны. Адамзат арманы-уақыт үні. Поэзияның күллі сарыны-өз үнін жаһан дүниеге жеткізу үшін жініккен тірі ақындардың тілінің кіл қимылымен келері мәлім-ді. Тілдің қимылы - ұзақ ғұмыр кешкен. 

Тегінде поэзияны қалқып-шелкіп өтпеген дәуір, ақындар дауысын тек ғана естіп өте бермеген. Ес, ақылы түзу жұрт ақынның үнін көкірегіне тоқыған. Тоқу - ой өрнегі. Өрнектің мың өрімінде өз-өзін жөрмеп, мәнін мәнге жеткізіп отыратын құпия қасиеттер барында. Ендеше құпия мәннің соңғы оқушысының болмауы да содан. Өркениеттер тоғысында ешқандай өз бояуын өзгерте-өзгерте өңін жойған заматтар кейіпі бар. Олар көбінесе елес ретінде ғана «естілген». Мысалы Сапфо (Sappha)  б.э.д ҮІІ-ҮІ ғасырдың түрені. Көне Гректердің үні. Туған жері алақандай ғана арал. 

Алайда оның өлшемін ұлы ғұлама Сократ (б.з.д 470-б.з.д  399) қана бере алды. Өлмес жан... қисынын ұластырған тұлға, Сапфоның бұлайша табиғатына ерекше өле берілген. Өң мен жанның ұлы сүгіретін ақын өлеңінен іздеген. Бір тамырдан құлап түскен екі түйір күштің бір-бірін толықтыруы жасын ғұмырдың заңы да шығар?! Ал осы қазақтың Тыныштықбегін бағалаған, оның өлшемін өзегімен тінткен ғұламалар қанша?! Әуелі, ия, дейікші!? Ол уақыт күмбірін өлеңмен жасады... Жазды. 

 Мүмкін Сапфоны, я болмаса Сократпен «шөлдейді». Кім білсін!?  «...Қаңбақ күндер келмеске домалаған...» (Ауыл кеші) Өлеңдегі келісті өрімдерден тыс ойды жетелейтін бағдар, сұлба туралы меңзеулер жалғаса береді. Ұласа түскен ішкі қозғалыстар өлең бойынан өріп оқырманның жандүниесіне жетеді. Ойлау қасиетіндегі тұтастықтың бөлініп-бөлініп жеткізілуі, жікке келуінің белгісі осы. Тағы да көнегректік бірінші Зенонда «көп оқу мен аз тоқу» қисыны жүреді. Мысалы: «Дихотомия» (giha-екі бөлікке, tome-таралу). 

Осы қисын бойынша Тыныштықбектің ішкі алгоритмдік «атомы» екіден төртке, төрттен сегізге бөліне береді. Шексіз! Бір ғана «Түңгі сурет» қандай! Өлеңіндегі өңнің өзі өлшеусіз. 

«...Түн қылауын қидалап құлағымен,

  Осқырынып қояды құла ат маған...»

Бұл қозғалысты аша түсу үшін өлеңді түгелдей зерде алаңына қотарып әкелу жөн секілді. Өлең-өте ұзақ, һәм жақын. Бояу, Өмір... өксіп өлең айтады, тыңдатады, сездіреді. Мұнда біз жалпы поэзияға көне Зенондық антикөзқараспен қарайтындарға ештеңе дей алмаймыз. Ештеңе! Алайда ақынның тосын ойларын бөлу қағидаларына қарай икемдеп ойлансақ жететіндей. Өлең жазатындар әуелі «Көктем» туралы балаң өлеңімен сурет сыза бастайды, қиялдайды. Ендеше Тыныштықбектің бастау – «Көктемі» мүлдемге басқа ұғым, өңге мағына!? 

«...Қалпағыңды шешсеңде-ақ, бұл Маусымның,

  Үлгереді торғайы жұмыртқалап...»

немесе

«...Құшағына қыз-самал енген сайын,

  Балқи түсер таулардың сүйектері...»

 Ғаламның шексіз қозғалысы хаһындағы ойлар осылай өрби түседі. Заттың пайда болуы мен жойылуы, қайта келуі тсс. қимылдар лебі. 

Тағы да «...Бір пәле бар, әйтеуір келмей тұрып, 

 босағасын мысыққа тырмалатқан...» (Боран алдында) Поэзиялық құбылыс ретінде я болмаса көнеден бері ұласқан архетиптік нұсқамалар ауанында ерекше мән берілуге тиіс өлең - «Түс жорыған». 

«...төбемізде – түйе бұлт, кішкене Күн,

Күні бойы қой бағып,

түні бойы,

Қозы иісіндей қоңырқай түс көремін...»

Ақынның ми қатпарында сақталған ақпараттық хабарламалар, ой-түйісігіндегі нәзік құбылыстардың әлде бір (мистикалық) күшпен үндес келуі, тәңірилігі тіпті оның бәрі былай тұрсын, оның шап-шағын өлең-роман жүйесіне өзінен-өзі жіктелуі керемет! Тыныштың ұйқыдағы «ақыл-ой орталығының» таңғажайыптары даламен, ана-тәңір санасымен шырқай келетіні осы құбылыс. 

 Кейбір сәтті шыққан физикалық ғылыми тұжырымдарда қандай бір құбылыстардың ара мәнін өзіндік ерекшеліктерімен салғастыру қажеттілігі айтылады. Кембриждегі талантты физиктердің де долбарлары болашақта суреткердің ойынан ірі жаңалықтар тетігі табылатынына сенеді. Өз ортасына, рухани жан дүниелердің қимыл, қозғалысына үнемі бақылау жасауға ниеттенген ақынның осынау әлеуметтік ортаның құпиясына қарайғы «рух шеруі», үздіксіз «ми атакасын» жіберуі тегіннен тегін емес. Кезінде өз тұсында ағылшын ойшылы Чарльз Диккенистің машақатты қаракеті осылай басталған. Расында солай!

Машақатты жырлар теңгеру, адамшарлық ғаламының қалтарыс, бұлтарыстарына үңілуге ақын «Қассақ аңқымасын» ұсынған-ды. Ол қазақ руханияты ортасына лақтырған өлеңдерімен белгілі бір зиялы ортаның пайым-парасатын түбірімен өзгерте алды. Оқырманның бір аңсары, һәм бір жансусары болатыны секілді. Ақынның аңсары, ішкі өңі бірнеше өлеңдерімен көрінеді. Поэзияның күші, дәмі қатар сезілер тұста өнер әлемі жасай беретін сыңайда. Өлең – орта жүрген ойды толтыру, ішкі пайымның селкеуін жамау үшін ақын арқылы жұртқа Тәңірден берілген сый болса керек.


«...Қыбыр етпес аптапта сусар шілік,

Тау-ұйқышыл, ит-тыныш, жусан сұлық...»

немесе

«...Қара өлеңім ұшады қазбен бірге,

Қарпып өтіп тұманды күз көмейін...»

немесе

«...Мен жолаушы емеспін, көз жасыңмын,

Әжіміңді қуалай домалаған...»

Бұл өлеңдердің түбіне жете талдаудың қажеті шамалы. Сана тербелісіне ілінген барлық құбылыстың көркемдіктің зау басына шырқағанын көреміз. Мүмкін ХХ, ХХІ ғасыр ширегіндегі қазақ поэзиясының шырқауы көрінер... Мүмкін болашақтық ұшқын. 

Қаз дауысымен қатар естілетін өлеңнің ең нәзік соңғы үні (рифма) құлақта қалады. Шырқаудың шырқауға ұласқан (кульминациясы) шебер шегенделген. ХХ ғасыр түгелдей Гийом Аполлинерге (Guillaume Apollinaire) қарайтын-ды баяғыда. Бүткіл «изм» мен ағымдардың өткел аузында зарилеп өмірге келген сол ақынға француздардың рәмізгерлері түгелдей тілекші еді. Тыныштықбектің «Ажал даласындағы тірі тас», «Сілкініс», «Тозақта», қатарлы өлеңдерінің шебінен футуризмнен іздейміз бе?! 

Сонда бізде де ерекше соны идеялар толқынын көтеріскен ақындар болғаны ма?! Ғажайып!

Тыныштықбектің өлеңдері жаңа ғасырдың идеограматикалық үн ауанына өзгеше бір леп әкелді деуге болады. Әр буынның өкілдерінің өз-өз ерекшеліктері болары рас болса - оның аса күрделі ойлары келесі бірнеше буынға серпін бере алады. Өркениеттің өзгеше дауасын өлеңінің өн бойына аса шеберлікпен кестелеп енгізе алған шедевр тек өзінше жылқы ғұмыр кешіп келеді. Қоғамның аумалы-төкпелі аласапыранында бағытынан жаңылмаған, не түрлі зіл мен қызғаныштардың төпештеуінен өтіп келе жатқан ақын-құбылыс.

«...Тағы да мый үстінде шалқиды Күн-қорғасын,

 Мендегі тірлік-осы, тылсыммен Күнде арбасу...»-ақынның күнделікті пейіш әрекеті мен «тамұқи» ойының майданы осылай жалғасып жатыр. Ақынның кішкентай жүрегі, алып алағұс империялдармен осылай шайқасады. Атом (ядро) қасіреті. «Дегелеңнің кеткенде мыйы атылып!...» Басқаға шарасыз ақын сәби даласының еңбегін жүрегімен қорғайды. «...Жүрегім - жұдырықтай бір қызыл Дән...»-дейді. 

Жер дүниені қопарып арсылдасқан жаңжалға ақын жүрегімен «оқ» атады. Адамзаттың ажалмен арпалысы, жалған сенім, өтірік уағыз, дүмшелікке қарасты жырлары өз алдына бір зауза! Үндістанның Киришан Чандар деген урду жазушысы бір кезде «Калу Бханги» атты қысқарақ әңгімесін жариялағанда күллі урдулар малақайын аспанға атып «қырылып қала жаздаған!?». 

Мұндайда Тыныштықбектің «Аңқыл ес - ІІ» (кемеңгерлік пен кещелік сыры) еске оралады. «...Жаға –жеңін өзінше жалау көрген: танымының орнына танау керген:»-біз оны әлі ұға қоймағандаймыз!? Сонда осы ақынның «Іңкәр»-нің оқылуы қалай болады?-деген ойға қаламыз. Меніңше оны кәдімгі сахналау керек деп түйем... 

«Тыныш пен Өлместің...» үні мәрте тілдесуі де ішкі мазмұны бар кілегей дүние! Бірегей! 

Тыныштықбек азамат ретінде, ақын ретінде де - феномен. Ол өте көп күш жұмсады. Жанрлық ерекшеліктердің бір үлгі дағдарысына ілікпей, ақ өлең, өлеңмен жазылған әңгімелеріне бірқалыпты «таптауырын» үлгіні керектенбеді. Кейбір сәттерде ақын өз сөз бедерін де (lexikon) ұсынды да ерекше жүректілікпен лексикографикасын жариялады. Онысына советтік сұрғылт шинельден шыққан лингвист-ғалымдар «жарылып өлердей» булығып қалды.

«Қазақ әдебиетінің қайта өрлеуі кезеңі»-деген бір түсінік қалыптаса алмай кешеуілдей беретініне таңмын. Тыныштықбек осынау бей жаттанды әрі күрделі қисынның белді өкілі, нағыз көшбасшысы. Бір кездері Ирландияда дәл осындай «жаңа сергу кезеңі» басталғанда сүлкіні түскен өлмелі қоғамның өң бетін тырнап ашуға ақын жазушылары ғана үздіксіз шұбырып жол кешкен. Өкілі әлгі Жеймс Жойс (James Augustine Aloysius Joyse). Жойстың дәуірінде өрбіген әрқилы рухани теңселістер өмірге нағыз қайралған ақын -Жойсты әкеледі. Өмірді әрлеп, әдемілеп көрсететін барлық жанрға қарсы көзқарас танытқан Жойстың күллі рухани өмірі - Тыныштықбектікімен өте ұқсас. Келісесіз бе, жоқ па, шаруам жоқ! 

Ақиқатты нақты көркем оймен жеткізу ой өрнектерден соны жұмбақ қырбақты өрнек жасау жағынан да. Сөздің ішкі ойын құбылту, ақ көңіл сенгіш әлеуметті тіпті қайманаландыру боз үміт, орындалуы мүмкін емес елес бошалаң қиялдарын ащы сарказм арқылы кейіптеу жағынан Тыныштың қимылы тап-таза жаңалық. Қоғамның психологиялық дағдарысын өлең арқылы қозғау - шеберліктің шыңы, сезімтал суреткерлікке қатысы бар іс. В.В.Набаковтың «Талант» жинағына енген кіжінген шығармалары, ешкімге ұқсамайтын мазасыз пайымы секілді бүгінгі қоғамның санасын жылдам өзгертіп жіберетін желісімен үндес, ымдас деседе болатындай.

«Әй, аңғалай,

Жұлдызданған Шексіздіктен нені ұқтың?

Менің жазу дәптерім мен сендегі әсем көріктің

Төбесінен Күн шығарып қойған екен бір Мықтың!

Көбелектің өрнектелген қанатындай тірліктің

Көкейдегі лыпып тұрған көлеңкесіндей боп жамалы,

Осы мына қызыл Күз бен жасыл Күннің обалын

Хрустальдай қырлап көру-көз арманы пенденің...»

Тегінде осы тақылеттес көп хаостың шегінде адамзаттық жалпысақаулық дағдарысқа «тіл» бітіргендей болады. «Транс» атты бір өлеңінде де: 

«...Айтшы, күнім 

 Итке айналу қиын ба?

 Итарқаның елесі жүр

 Мыйымда... -деп тосын ой түйеді. Егер әлемдік әдебиеттің бір парағын дұрыс аударыстыра алмаған кейбір жанға өлеңнің ішкі дауысы басқаша естіліп, бөгделіктің бір иісі сезілері де мүмкін. Осындай тақырыптан мүлдемге шошынатындар да табылуы мүмкін. Тыныштықбектің «Ақшам хаттарынан» кейінгі көп өлеңі әуезді, лебізді, сазды (распевный) емес десек қалай көресіз?

Ақынның «Салыстыру теориясы», «Пароксизм», «Маза», «Әуре», «Гегемония», «Себеп», атты өлеңдері әлемдік үлгіге лайық. «Гегемония»-да «...несі бар,

төртбұрышты қызыл қағаздарға

табыт сатып алармын...

Үшбұрышты...»

«Себеп»-те; - «...Ғашықтарға қыл көпірмін жүргіздім,

   Адасқанға әдейі сілтеп қысым көр жақты,

    Қарақшының алдынан 

   қайырымнан шам жақтым...». 

Ол мына әлемнің алдында осылайша ашылады. Зерденің ашылуы! Тағат таппай ізденудің нәтижелері әлемдік таным ауанында өз орынын табады. Төрткүл дүниедегі үшбұрыш кеңістік ықылымы. Қарапайым жұмбақ-сыр. Осылайша кенет ширығып, ашылған төрттік кідіріс (четвертная пауза) өлеңді шырқатып жіберген. «Себеп»-те алып қаша жөнелетін далалық тарпаң шалқыма (тирада) түйдек сөздер ағымы үстем көрініс бергенімен, өлеңнің ішкі бұлқынысы бұла - ересен! 

Ақын беталды сырт пішін (конфигурация) қуаламайды. Сыншыл реализмшілдер оның сұрықсыз силуэтіне қарай баға беріп қалуы мүмкін. Бірақ, ықшамдылық тарапына қарай келер болсақ -Тыныштықбектің өлеңдері сондай жинақы, кіді. Қазірге дейін оның - сананың өресіздігіне қарай тартқан әуелгі басты сарыны, нақышты іздері раң-соны. Саз тілінде оны leitmotiv деп атайды. Ал, қаз «тілінде» - қаңқыл! Сарыны ерекше естілер жырдың, ішкі қуатына қарап болашақта әлде бір ақындар өзгеше бой түзеп келуі заңды құбылыс. Өлшем мен бір үлгіге бағынбайтын өз пайымының өзіндік сұлбасы қалыптасқан ақынды әлі де көп жүрексінбей талдауымыз керек секілді. Бір ақынға аздық етпейтін ұшы-қиырсыз көңіл күй кеңістігінде шеңбер сызу оңай шаруа емес. Рухани жауапкершілікте ойсырап тұрған кеңістіктің орынын  жамауда ол шын пейілімен жүгіреді.

«...Сенбеңдер, не, сеніңдер, айтқаным жоқ асылық,

 Сол күні Мен түс көрдім:

 ...Өліп қаппын асылып...» (Себеп)

Жан, өлім, рух, қан - секілді түрлі күңгірт өлеңдерді мына ғаламда Тыныштықбек қана жазып жүр десек аластаған болар. Ондай ой, өмірден баз кешкендер өте көп. Американдық Уильям Карлос Уильямс (W.C.Williams) «...жүзіп өткен кеменің түтініндей иірліп...» тсс. өте қызықты жырлар жазған ақын-ды. Сонысымен ерекше бағаланды да?! 

Ал, қазақ ақыны Тыныштықбектің нақты бағасын ешқашан есінен жаңылмаған ұлы халқы бар, солар берер-ді. Мүмкін жуырда нақты бағалана алмауы да мүмкін! Иә!?

2018.07.10

Моңғолия «Шұғыла» журналынан

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...