Заман Төлеуов. «Жынданған жатыр» (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
56168

Ол, балабақшада шаруашылық меңгерушісі болып істейтін. Оны, үлкен-кішінің барлығы - «Гоша ағай» деп атайтын. Мүмкін, олай деулеріне Гоша ағайдың ешкімді жат-жақынға бөлмейтін, мейірімді мінезі себеп болды ма екен... Расында ол, шамасы келгенше әркімге қол ұшын беруге дайын тұратын-ды. Оны ауыл жұртының ілтипатына бөленген, өмірдегі бір бақытты жан дерсің! Құдайдың қосқан қосағы да әйел затының аса көріктісі еді. Ол аз болғандай, бірінен-бірі өңді үш қызы да бой жетіп келеді. 

Осылардың бәрі рас болғанымен, бақыт туралысы күмәнді еді. Гоша ағайдың өзі де ол қайғысын іштей түйсінеді. Ал, ауылдастарының көлгірсіп, жорта арқасынан қаққаны: оны қасқана табалап, қорлағаны сияқты. Әлде Гоша ағай олардың шын ниетін түсінбеді ме екен? Оның ұққаны: адамды аяудың өзі - қорлағанмен пара-пар. Бірақ, оларға да мін тағуға болмайтын тәрізді. Себебі, олар жақсы адамды аяйды. Гоша ағай да жақсы адамның рөлін ойнап, қосағымен қоса ағарып келе жатыр... (Айтпақшы, ол кісінің азан шақырып қойған есімі Ғалиақпер еді, жұрт оны өзімсініп Гоша деп кеткен-ді.)

Егерде, әйелі ойнас жасаған еркектің басына мүйіз шығатыны рас болса, онда Гоша ағайдың мүйізі баяғыда қарағайдай болып, қанша еңкейгенмен үйіне кіре алмайтын халге жетер ме еді. Ал, «жатыры жынданған» Зәйданың жыныс мүшесі не деген тозбайтын дүние еді деп, амалсыз таң қаласың. Жас кезінен қағынған Зәйда тұрмысқа шығып, неше бала тапса да нәпсі құлдығынан арыла алмады. Оған күнделікті қатынас керек болды. Ал, Гоша ағай, сонау жас кезінде-ақ бұл тойымсыз қатынның толассыз талабына қолды бір сілтеген-ді. Бір ғажабы, Зәйда кейбір берекесіз әйелдер құсап, арақ-шарапқа салынып, үйден, бала-шағадан безіп кеткен жоқ. Ол, әр жолы кездескен еркегінен өзіне дәрумен алғандай күйде оралатын. Елдің өзі жайлы не дейтінін жақсы білді. Бірақ, елдің дегенін елетпейтін, ерік-жігерін жаулап алған нәпсісі тым басым еді. Бұнда, махаббатқа теңейтіндей қастерлі дәнеңе де жоқ-тын. Тек, қотырды қасығандағы айыз қандырар тұшыным секілді - бір нәрсе жанын жадырататын. Мүмкін, Зәйда да әр жолы тек арқасын қасытып келдім деп, сезіне ме екен? 

Әйелінің сондай бір жайнаңдап оралғанын көрген шақта: жан-дүниесі құлазып кеткен Гоша ағай, ащы суға саңы ауып, кемінде бір апта «төсек тартып» ішетін-ді.  Өзін жер бетіндегі ең сормаңдай еркекке теңеп, ел көзіне көрінбей, жұмысқа да қолын бір сілтеп, өзімен-өзі күңіренетін. Ара-тұра болып тұратын бұндай кезексіз демалыс, онша жиі де емес-тін. Балабақша меңгерушісі де Гоша ағайдың қайғысын ұғатын сыңай танытып, тым тықақтамайтын. Есін жиып қайта оралғандағы: «Кешіріңіз, енді қайталанбайды!» дегеніне шынымен сенген рай танытып, келесі «күңіренісі» қашан келер екен деген дүдәмал көңілде қала беретін-ді. 

Гоша ағайға, біреудің бақытсыздығын көре тұра: көзіне көлгірсіп, сырт айнала бере елдің пыш-пыштауы аса ауыр тиеді. Адамды тірідей өлтіретін де осы қу сөз ғой. Бұның әйелімен төсектес бір еркек «мен сөйттім» деп Гоша ағайдың бетіне тіке айтса, әйелі мен өзінің намысы үшін жұдырықтасуға да барар ма еді... Сондай бір шер тарқататын себептің де болмағаны оны қатты  күйзелтеді. Бұның осындай сорлы екенін біле тұра ел оны қошаметтейді. Ол, одан құрмет сезінбей, қайғысына қайғы жамалып, қорланған үстіне қорлана түседі. Бұл да мәңгілікке созыла бермес. Бір күні бұл азаптың да соңғы сағаты соғар. Бірақ, ол күтулі уақытқа әлі қанша бар? Міне, Гоша ағайдың жүйкесін жегідей жейтін де осы. Келе-келе бұл уайым да баяғыдай жанға батпайтын болып, көрмесе елеңдеп, туысын сағынғандай күйге ауысып, маңдайына жазылған тағдырына айналды. Оны өзгертуге еш шара да, шама да жоқ еді. Бұйырған осы өмірдің ағысына қарсы жүзбей, бітер жерінде бітіре салғанды жөн санап, үміттен күдер үзіп, ақыры тәлейіне мойынсұнды.. Бір қуаныштысы: осы тозақтың да ақырының бары. Бірақ, оның өзі яки әйелі көз жұма қалса да соңында қалған із-таңба талайға дейін өше қоймас. Дегенмен адам жады да мәңгі емес қой. Бұларды да ешкім еске алмастай күн туып, соңындағы қаңқу сөз де бір жола өшер...

Кейде, Гоша ағайдың ойы сан- саққа жүгіреді. «Құтырма» ауруының ит пен мысықтан және аңнан жұғатынын барша жұрт біледі. Ал, «жатыр құтырмасы» деген сұмдықтың қайдан тап болатынын жан пендесі білмейді. Ежелдегі Платон деген бір данышпан: жатыр – әйелдің ағзасына кіріп алып, бойына бала біткенді көксейтін аң тәрізді депті. Егер әйел ұзақ уақыт бала көтермесе, оның жатыры жынданып, небір кеселді дертке апарып соқтырады-мыс. Ал бұның әйелі бала да көтерді, біреу емес, үшеуін тапты. Осындай сандыраққа кісі сене ме? Әйтеуір, «жатыр құтырмасы» деген пәленің өзгеден емес, өз қатынынан шыққаны Гоша ағайды қатты таң қалдырады..


Сонымен оның әйелі Зәйда «жатыр құтырмасына» шалдыққан бейшара жан еді. Бейшара деп мүсіркеуге бір себеп: Зәйда ара-тұра болмаса, жыныстық қатынастан ләззатты сирек алатын-ды. Неге десеңіз, оған арасы үзілмейтін, тәттінің үстіне тәтті жалғаса беретін толассыз нөпір керек еді. Ал ондай жағдайды ешбір еркек баласы жасауға қауқарлы емес-тін. Зәйданың басты бақытсыздығы осы еді. Гоша мен оның туыстарының алаңы - мына кесел жұққан қатынның дерті - желкілдеп енді келе жатқан қыздарына жұғып кетпесе екен деген қауіп. Осындай ары соқ, бері соқта жүргенде, Зәйданың жатырына қатерлі ісік қонып, бір абыройы - ем қонар, дер кезінде анықталып, «құтырған аңды» түп-тамырымен кесіп алып тастады. Содан бері біраз уақыт өтіп, құрты өлгесін, әйелдің де жаны жай тауып, бойжетіп қалған қыздарына төнген қатер сейіліп, қазіргіше «нимфомания» деген пәле олардан іргесін аулақ салған сыңайланды...   

Алдыңғы екі қыз жөнін тауып, соңдарынан сөз ердірмесе, ал сүт кенжесі Әсима бай қызығын көп көрмеді. «Мінездері жараспады» деген желеумен ажырасып, бір жасар қызын құшақтап, әке-шешесінің үйіне қайтып келді. Ақиқаты, «оны, енді көрсем көзім шықсын» деп, байы қуып жіберген-ді. Алғаш үйленген кезде, мынадай: бойында ыстық қаны тасыған, ләззаттан күні-түні жалықпайтын, жанары жаныңды арбаған, көркіне көзің тоймайтын керемет жанды жар қылғанын ол мақтан етіп еді. Уақыт өте, әйелінің тым жиілеп кеткен талабынан шығуға мұршасы жетпейін деді. Кереметтей көрінген ғажабы - тас қопарған жұмыстан әрман болып, дала ісінен саудырап келген бұны - мүлдем азапқа түсірді. Адам баласы тәулігіне үш мәрте ас ішіп - асқазаны қанағат тапса, Әсиманың астыңғы ағзасына тоқтаусыз қимыл керек болды. Күйеуінен қайран кеткен соң, ұят-сұятты ысырып, сол ауылдағы еркек атаулыға өзі шапты. Ол үлкен-кіші деп бөлмеді, кіндігі жарағанның бәрін өзіне артылтып, қолдан қолға өтіп, арсыз қатын деген атағы аз уақытта дүйім елге тарады. Ал, туған ауылына оралған соң, әлдеқалай, бұл жәлаптығы сап тиылды...   

 Әсиманың кішкентай қызын ата-әжесі қарады. Зәйдаға тартқан қоңыр, қой көздері кісіге жып-жылы, баурай қарайтын-ды. Атасы жиен немересінің көрікті келбетіне шоши қарап, әжесі мен анасының тағдырын қайталамаса екен деп құдайына жалбарынып, іштей жік-жаппар болатын. 

Әсима сатушы болып, дүкенге жұмысқа тұрды. Шешесінің әдемілігі мен әкесінің есеп-қисапқа жетіктігін еншілеген ол - тез арада алдыңғы қатарлы сауда қызметкері санатына көтерілді. Сонымен коммунистік еңбектің озаттары қатарында Әсима да облыс орталығында өткен үлкен жиынға барып, марапат алу құрметіне ие болды. Кілең, әлем-жәлем киініп, әлекедей жаланған қыз-келіншек ресторанға сау ете түскенде – сауық құрып отырған еркек тұқымдастардың бастары шыр айналып, делебелері қозды. Сол шулы кеште, шараптан шалқып, төсіндегі қос алмасын дірілдетіп, бидің түбін түсіріп жүрген Әсима – қутыңдаған бір тықырдың өзін қалай қолтықтап кеткенін аңдамаған да сықылды. Ертеңінде пәңгіріп естерін әзер жиған жерлестері, оны талайға дейін жоқтай қоймай, тек түстен кейін, қайтар көлікке бет алғанда ғана іздестіре бастады. Енді жүргелі тұрғанда шашы дудырап, көзінің асты күлтілдеп ол да жетті. Түнімен ұйқы көрмей, соңы ит жығыспен аяқталған сойқан күрестен шыққан адамға ұқсайды. 

Онымен қатар отырған келіншек, Әсиманың қайда жоғалып кеткенін сұрады. Анау таң атқанша көз ілмей, махаббаттың сұрапыл шайқасында болғанын айтты. 

- Бұндай еркекті көрген емеспін! Адам денесіндегі ләззат алатын жердің бәрін білетін, қуаты сарқылмайтын нөсер екен!..

- Қойшы, әрі!.. – деп келіншек, іштей ынтықтығы лау етсе де жақтырмаған сыңай танытты. 

- Оның қандай екенін көрмеген соң, тыржиып отырсың ғой...

- Мені немене, еркек көрмеді дейсің бе? «Жүйріктен жүйрік шықса, аяғы тыпыр-тыпыр етер» демекші, білеміз бірдеңені, біз де қара жаяу емеспіз... 

- Күйеуің бар емес пе? 

- Күйеуі бар әйел - өле-өлгенше етегіне намаз оқып өтуі керек пе?

- Шыдатпай барады!.. Анау қалғып кеткен аш сезімімді қайта оятып жіберді. Еркекпен жолықпасам, өліп кететін сияқтымын!

- Ту, құрыпқасын! Жоқтан өзгені айтады екенсің... Жол үстінде саған қайдағы еркек? Ауылға жетейік те... 


* * *

Толастың таяуда түрмеден босап, жораларымен бірге таңды таңға соғып, бостандығын тойлап жүрген кезі болатын. Сондай бір аузы құрғап, миы түзеліп үлгермей, қалықтап жүрген күндердің бірінде оған Әсима жолықты. Ол, мына көркем қызды нақ басып танымады. Бұл, үй үптеп, бес жылды арқалап кете барған кезде Әсима ақ бантигі желпілдеген мектеп оқушысы еді...

Бірақ, Толас қыздың көзіне тесіле қарады да:

- Сен, Зәйда апайдың қызы емессің бе? – деп дөп төбесінен түсті. 

- Немене, ұқсап тұрмын ба? – деп сұрады Әсима, намыстанған кейіп танытып. 

- Шешеңдікі секілді, сенің де көзің алдымен арбап, сосын табаға салып қуырғысы келетіндей, – деді Толас дауысы құмығып. Оның тұла-бойын әйелге деген таңсықтық дір еткізді. Неше күнгі бей-берекет ішіс - ертеңінде оған тек  бейнет қана әкелетін-ді. Ал, мына қыз - талайдан бері бұйырмай жүрген бақ тәрізді елестеді.   

- Шешемнің «батасын» сен де алған екенсің ғой?

- Ол кісі талаймыздың «тұсауымызды» кескен абзал әйел ғой!..

- Тіпті, солай деші!..

- Әрине, барды бар деу керек. Керемет әйел! Ол кісі қалай?

- Ол, әйел де емес, кісі де емес! Құтырған жатырын кесіп тастаған мүгедек.

- Анаң туралы осылай деуге қалай аузың барады?

- Ана... күлкімді келтірмеші!.. Иә, енді оның арқалаған қарғысы маған ауысты. Күні-түні тоюды білмейтін ләззат мешкейіне айналдым, - деп Әсима өтірік-шыны белгісіз кемсеңдеді. Толас оны бауырына басып:

- Алаңдама, аяулым, сен мешкей болсаң, мен іші шұрқыраған қып-қызыл аштың өзімін! «Тең теңімен, тезек қабымен» деген осы, - деп аймалап, дірілдей бастаған әйелді өз ығына қарай икемдеген-ді... 


Көп ұзамай, бұлар үйлену тойын өткізді. Дүркіреген той болмаса да екі жартыны бір бүтін қылатын мерекелі дастарқан жайылды. Толасты ұмыта қоймаған жора-жолдастары да баршылық екен, соған қарай ел арасында «самопал» атанған қол арағы мен «самогон» да мол болды. Әдемі отырыс кезінде Әсима жоғалып кетті. «Келін ұрлау» деген дәстүрге сайып, жұрт аса алаңдай қоймады. Жоғалған келінді тым ұзақ та іздемеді. «Жоғалса, табылар» дегендей, іздеушілердің бірі қолын бір сілтеп, дастарқанға оралып еді, оның соңынан қалғандары да балапанша ере жөнелді. Ақы иесі Толастың өзі стөл басында қорылдап, есі кірген сәтте тағы бір шыныны қылқ еткізіп, қайта құлаумен жатыр. Оған керек емес қатын кімге керек? 

Әбден таң атқанда бастарын қайта-қайта түзеп, ел де тарады. Өзінің қайдан келіп, қайдан тұрғанын ажырата алмай мәңгірген Толас, бүгін қатын алып жатқанын әрең есіне түсіріп, іздеуге шықты. 

Әсиманы аппақ көйлегі умаж-умаж болып, көршісінің қойнында жатқан жерінен үстінен түсті. Төңірегінде шашылып жатқан бос шишалар. Бірінде жартылай қалыпты. Ыңырсыған көрішісіне құйып беріп еді, ол бет-аузы быж-тыж болып, лоқси ішіп болды да «рахмет!» деп ишара жасауға ғана шамасы жетіп, қайта жалп етті. Толас айғай-шу көтерместен, себебі, бұлар оның өзін де сөзін де ұғатын халде емес екені көрініп тұр, қатынын ақырын оятып, сүйеп үйіне әкетті. Араларында ештеңе болмаған сықылды. Сонда бұл екеуі осында келіп, тығылып арақ ішкен бе? 

Келесі күні Толас қолхоз басқармасына жолығып жұмыс сұрады. Тау қойнауындағы жасанды көлге қарауылдыққа кісі таппай, қиналып отыр екен. Бастапқыда кішкентай жылғаның алдын тоспалап, кейін суы молайған сайын дамба көтеріп, ақыры айдынға айналған көлге балықтың не түрін жіберіп қойған-ды. Бұл, келешекте балық өндіруді қолға аламыз деген бастама еді.  Бастықтың мына ұсынысы мен Толастың қалауы үйлесім тауып, ол ел-жұрттан жырақ, бұның қатынына ешкім көзін сүзбейтін, еркек атаулыдан тек, аюдың мақаты ғана тентіреген тұсқа аттанды. Баяғыда бір әйелді аю ұрлап әкетіп, белін жалап бүкірейтіп, өзіне қатын қылыпты деген аңызды Толас әкесінен естіген-ді. Әсиманың бүкшиіп, аюға қатын болып жүргенін көзіне елестете алмады. Бұл ойын кейін Әсимаға айтып, күлдірмекші болды. Сосын бетіне ұмтылған шыбынды қаққандай қолын сермеп, өз ойынан өзі шошыды. Әсима бұл қалжыңды тіке түсініп қалып жүрсе, кім білсін арты не боларын...   


Ұлды болды. Құдды Толас. Әсима үй шаруасына бапандай екен. Олар кішкентайлары мектепке барғанша осы арада тұруға бел байлады. Оған дейін мал-жан жиып, дәулетті отбасы боларына кәміл сенді. Расында орайы келсе, бәрі оп-оңай қиюласа кететін көрінеді. Бір-жар жылдың ішінде қорасына мал жиналып, ауласы құсқа толды. Таудың таза ауасы, сіңімді тамақ: бұрындары сырт көзге қылдырықтай көрінетін Әсиманың бөксесін толтырып, жүзі бал-бұл жанған, қай жерін ұстасаң да балғын ет жегендей тамасандыратын әдемі ұрғашы болып шыға келді. 

Бір күні кешқұрым, ойда-жоқта бір топ, күтпеген қонақ сау ете түсті. Әбден кісі жатырқап, саяқ өмірге көшкен үй иелері бұларды қондырмаста ма еді. Егер солардың арасында Толастың бір танысы болмағанда... Олар, арнайы рұқсат қағазбен аңға шығып бара жатқан көрінеді. Жол-жөнекей тұма-тұмаға тоқтаймыз деп, күнді кешкіртіп алған сыңайлы. Шеттерінен қызу. Көл жағасынан жарық көріп, далаға қонғанбайтын болдық деп қуанып, әдейі бұрылыпты. Зонаны бірге таптаған танысын туған бауырындай қарсы алған Толас Әсимаға дастарқанды молынан жайдыртты. Қонақтар да құр қол емес екен. Бір дорба сарқытын ортаға салды. Таяу омартадан ара-тұра балыққа айырбастап, алып тұратын бал мен балсырасын ыммен әйеліне алдырып, Толаас та жомарттық танытты. Талайдан ішпегендіктен бе, Толас арақтың дәмін ұмытып қалған сияқтанды. Соны таңсық көрді ме, балсыраны қонақтарына тартып, өзі, өмірі шөлі қанбаған адамша, аузына түйір салмай,  арақты ғана сылқылдатты. Аналардың екі көзі Әсиманың соңында. Әйел теріс айналған кезде үйдегі шамдалмен жарыса жеті-сегіз жылтырақ бір-біріне шағылысып, жалт-жұлт ойнайды. Толас бастапқыда қыржиып, мінез көрсеткепші болып отырған-ды. Төпелете ішкен арақтың әсерінен ол ойы көкейінен сөніп қалды. Көптен бері кешпеген бір рахатқа белшесінен малынып, төңірегі досқа толып, алаңсыз, мамыражай күйге түсіп қызара бөрткен Толас - жабыла теуіп оята алмайтындай, тәтті ұйқыға қалай жалп ете түскенін өзі де аңғармай қалды...  


Ол ертеңгісін оянғанда төңірек жым-жырт, өмір өшіп қалған тәрізденді. Үйде өзінен басқа ешкім жоқ екен. Әсима кішкентайды көтеріп, әдеттегідей серуендеп, көл жағасына кеткен шығар деп болжады. Мең-зең болған басын ұстап, аулаға шықты. Ары-бері жүгірген тауықтарды - анадай жерде аяғымен жерді жорта тырмалаған бір қораз арамдана азғырып, өзіне шақырумен әлек. Қора-қопсы жақтан маңыраған, мөңіреген мал дауысы естіледі. Күн қызғанша жайылып үлгеретін мал бүгін қаңтарулы қалған. Желіні шіреген сауын сиырлардың бұттарын сүт керіп, бүгелексіз-ақ бауырын соққылап, тепкіленеді. Бір-бірінің құлақтарын жалап, емуге емшек іздеп қытықтасқан бұзаулар да тынымнан айырылған... 

Малды шығарып, үйреншікті өрісіне қарай беттетіп, зыңылы үдей түскен басын қайта-қайта шайқап, Толас үйіне кірді. Ол жан-жағына сипақтай қарап, екіұдай күйде біраз тұрды. Әрине, басын түзетуді де ойлады. Бірақ одан да маңызды бір іс бары қапелімде есіне түспей, алаңдата берді. Қандай іс екенін өзі де тап баса алмай тұр. Төргі бөлмеден баланың жыламсырағаны естілді. Кішкентай ұлы оянып алып, төсекте қалқиып жалғыз өзі отыр екен. Ол көзін уқалап, қасына таяған әкесіне көтер дегендей ұмсынды. Толас оның ұйпалақтанған шашынан сипап, емірене ыңылдап, балақайды қайта ұйықтатты. Сан-саққа жүгірген ойы бір шешімге жүгініп, кенет, қабырғада ілулі тұрған қосауыз мылтығын алып, дара оқты қос патронды оқпанына сүңгітті. Әлгінде малды шығарып жүргенде байқаған: жыланның ізі секілді бедерленген - автомашина доңғалағынан қалған таспа көз алдына жарқ етті. Жас шөпті мыжып, көл жағасына беттепті. Ол маңнан қарайған ештеңе көзге шалынбайды. Әсиманың солармен бірге кеткеніне еш күмәні қалмады. Мылтықты кеудесіне көлденең ұстап, аласұрған жүрегі басын тепкілеп, көлді жағалап дедектей жүгірді. Өкпесі күйіп, тізе бүгетін жерді көзімен шолды. Анадай тұстағы, арқандаулы тұрған шағын қайықты байқап, тәлтіректей, соған қарай аяңдады. Жақындай бере, ішінде қарны жарқырап жатқан өз қатынын таныды. 

Біріне-бірі сүйеніп үйіне келгенде - есік алдындан жылап-жылап, бода-бодасы шыққан ұлдары қарсы алды. Балақай «Мамалап», шешесіне қарай тәй-тәй басты. Анау есі кіресілі-шығасылы халде мазамды алма дегендей оны кейін жасқап, үйге кіріп етуге асықты.

- Ұлым, шешеңнің қандай адам екенін көрдің бе? Мәңгі есіңде сақта... – деп Толас тісін шықырлатты. Сосын шөлдеген баласына су беріп, біраздан соң быламық та дайын болады деп көңілін аулаған болды. Оның сөзін өзінен басқа ешкім тыңдаған жоқ-тын. Қарны ашқан балақай қайтадан қыңсылай бастады. Әсима төр бөлмеге кірген бетте етбетінен құлапты. Оған өз тыныштығынан өзге ештеңе де керек емес-ті. Өлі-тірісі белгісіз сұлық жатыр. Толас оны мазалағысы келмеді, бәрібір қайыр жоқ екені былай да көрініп тұр. Әбден есін жыйсын, сосын ары қарай көрмекші болып ұйғарды. Осы жатқан қалпында басын балтамен шаба салғысы да келді. Бірақ, онысы оңай өлім сияқтанды. Бұл қатынды әбден азаптауы тиіс. Қандай тәсіл қолданарын тап қазір өзі де білмеді, сондықтан таң атсын, мүмкін қаперге келмейтін тың шешім сонда туындар деп бел буды. Ең маңыздысы, Толас оны ешқашан да кешіре алмайтынын анық түйсінді. Ол, бұның көз алдында азап шегіп барып, ендігәрі ешкімге бұйырмайтындай болып, тек қара топырақты ғана құшақтауы тиіс еді... 

Баласын қалдырып кетуге дәті бармады. Бір құмыра су алып, ұлын арқалап, бетімен жайылып жүрген мал соңына ілесті. Әбден күн қызған шақта мал да көлеңке іздеп, тау бөктеріндегі қайың, терек өскен тоғайға қарай ойысты. Сол жерде кешкі салқынға дейін дамылдап, күн қайта жайылымға тағы шығады. Осы мезгілді пайдаланып, Толас баласын бір көтеріп, бір жетектеп үйіне оралды. Әсима қалған арақты ішіп алып, бығып жатқан шығар деп ойлаған-ды. Олай болмады. Түскі асты әзірлеп, ас бөлмесінде күйбеңдеп жүр екен. Мына көріністен Толастың іші жылып сала берді. Әсиманың да бетінен оты шығып, қысылып-қымтырылған рай көрсетті. Мүмкін, өкпе-реніш осымен тарап кетсе, өмір сүру дегеніңіз өте жеңіл дүние болғаны ма деген ойға қалды Толас. Тоқ тамақтан соң, Толасты ұйқы басып, бір-жар сағат көз шырымын алуды жөн көрді. Басы жастыққа тиер-тиместен қор ете түскен оны сәлден соң, қойны-қоншын тінкілеген әлдекімнің қолы оятып жіберді. Ұйқылы-ояу халде: көздері мұнартып, ылыққан иттей үстіне төнген Әсиманы анық таныды. 

- Астыңа жатқым келеді! – деп әйел оттай демімен күйеуінің бетін шарпып, күбір етті. Толас не дерін білмей, өзіне төніп келе жатқан бұл қатер ме, әлде бақ па екенін айыра алмай абдырады. Сосын болған жағдайдың барлығы бұлттан шыққан күн тәрізді санасында жарқ ете түсті. Өмірінде өзі естімеген жаман дауыспен барқ етті.

- Қылапатты қылып-ап, не оттап тұрсың?! Жоғал көзіме көрінбей, салдақы!

- Иә, мен салдақымын! Сондай екенімді біле тұрып мені алдың. Сенің алдыңда арым таза!

- Ұялмай, ар туралы айтасың! Қара жер сені қалай көтеріп жүр екен?

- Өлтір мені!.. Бірақ есіңде болсын, мен сені сүйемін! Мен науқаспын... – 

Әсима бетін алақанымен жауып, екі иығы селкілдеп, еңкілдей жылады. Толас ошарылып, не істерін білмей жалтақтады. Әйелін аяп, басынан сипағысы да келді, бауырына басып, әдеттегідей құмары қанғанша ләззатқа батқысы да келді. Іштей тіленіп тұрған бұндай сезімге сырттан тежеу табылып, әйелінің жасаған аярлығын көлденең тартып, Толастың жанын жібіткісі келер емес. 

- Білем, қай жеріңнің науқас екенін... Өмірі тоймайтын, толмайтын бір қарыс ішегің ғана науқас! 

- Білсең сол...  Қанталаған көздерің айтып тұр, мені өлтіргің келетінін. 

Жалғыз өтінішім бар, тура сол жеріме мылтықты қадап тұрып атшы! Мені де, екеуміздің махаббатымызды да құртып, обалына қалған сол. Көрейін, сезейін, иттің баласының тартқан азабын, тартқызшы жаным, солай сазайын!  


Бұл әңгімеден соң біраз күн өтті. Тоң-торыс, бөтен адамдарша әркім өз шаруасымен шұғылданып жатты. Нәсілінде, жасайтын шаруа да қалмаған секілді. Бұрын мына жиған мал мен дүние бұлар үшін ортақ қазына - діттеген мақсаттарына жеткен белестердің белгісі тәрізді еді. Енді соның бірі көзді қуантып, көңілді елітпейді. Бәрі бекершілік, уақыт пен қайратты ысырап еткен алдамшы елес сынды. Екі адамның арасына түскен сызат – сүріп жатқан өмірлерінің тағы бір қырын ашты. Отбасында татулық болмаса, күллі дүние қаңырап, төңірек - баянсыз боқ-дүниеге айналып, адамнан ынта кетеді екен. Толас осындай аласапыран күйге түсіп, іштей қиналды. Осы мезгіліне сай шешімді іздеді. Өстіп қабырғасы қайыса қайғыруына әлде, кішкентай ұлы ғана себеп пе еді? Мынау, өзінің басына түскен бас-аяғы белігісіз ғұмырдың түйіншектерін қалай шешсе екен? Мандымсыз, мағынасыз тіршілігіне сараптама жасағысы келді. Осы өмірге текке келмегенін айғақтайтын бір түйір дәлел таппақ болып, өткен-кеткенін тінткіледі. Іліп алар ештеңе таппады. Балалық шағы толық есінде қалмапты. Әкесі мен шешесі жарысып ішетін арақкештер болды да қарны ашқан кезде көбіне бір жапырақ нанды бөтен біреудің қолынан татып, бүйірін шығаратын-ды. Үй берекесі дегенді білмепті. Әйтеуір, күн сайын астаң-кестеңі шығып жиналмай жататын төсек-орын мен ыдыс-аяқ... Мектепті сегізден соң тастады. Оның енді оқымайтынын білген мұғалімдері сірә, той жасаған болуы тиіс. Сабақ үлгерімімен қатар тәрбиесі де нашар оқушы кімге керек. Алдыңғы әпке-ағалары естерін жия сала, туған ұям, ата-анам деп алаңдамай, ит арқасы қиянға кетіп, өз күндерін өздері көріп жатыр. Ал «арақтан жаралған» Толас ғана әке-шешесін сағалап әлі жүр. Жүрген түрі сол, күні-түні көше кезіп, тәлімді қараңғы бұрыштардан алған Толас көп ұзамай: қылмыс үстінде ұсталып, «паровоз» болып, бес жылды арқалап кете барды. Бір ғажабы ол жақтан оңай олжа мен қанды аңсаған, қарапейіл болып оралмады. Керісінше, келе салып адам болғысы келді, үйлі-баранды болып, дәулетті ғұмыр кешсем деп арман етті...

Толас өзін аяп, ішінен мүсіркеп отырғанда оның ойына оқыс, қайын атасы мен енесі түсті. Гоша ағай ел арасында беделді, жұрт қызығатын қызметі бар, силы адам. Қарашы, оның басына да дәл өзінікіндей сордың жабысқаны. Апырай, ол қалай төзді екен? Өзін ауыздандырған Зәйда апайды да жаман адам деуге аузың бармайды. Сол, жұрт сөгетін нәрсені істей тұра, оны аса бір қамқорлықпен, балапанын келешекке қанат қақтырған ене ретінде істеген сияқтанды-ау... 

Иә, ешкім бұл дүниеде жетісіп жүрмегені баршаға мәлім. Сөйте тұра көз қылып, жақсы өмір сүріп жатырмыз, біз ұрлық та, зина да, қиянат та жасамаймыз деп көлгірсиміз. Осындай жеке қалсақ, сол сұмдықтың бәрі жан-жақтан анталап, ту-талақайыңды шығаруға тайынбайды... 

Толас тіршілік, адамзат, дүние, отбасы, бала туралы тағы да ауыр ойларға шомып, ақырында қорытындыға келді. Ертеңінде ол, әйелі мен баласын жолшыбай көлікпен етекке аттандырып, өзі көл басында жалғыз қалды.  


* * *

Елге келген соң, Әсима көп есеңгіреп жүрген жоқ, тез есін жиды. Күйеуінің қолынан ажал құшам ба деген қауіп сейіліп, біраз уақыт мүлгіп кеткен ескі дерті таудағы қузаудан соң қайта оянып, еркінен тыс иектей бастады. Кішкентай жиен немересін отырғызар жер таппаған Гоша ағай мен Зәйда апайдың қуанышында шек жоқ еді. Әсиманың төркініне келе сала тым қыдырымпаз болып кеткені де күдік тудырмады. Ел іші ғой. Құрбы-құрдастарына барып жүрген шығар? Неше жыл айдалада, аю секілді жабайы өмір кешті. Қыздың дәті берік екен! Өзге біреу болса, бір айға шыдамай қашып кетер ме еді...

Алғашқы күндері Әсима ары өткен, бері өткен еркектердің жүріс-тұрысын қалтарыста отырып аңдыды. Оған аса керегі: ермек таппай, зерігіп келе жатқан жалғыз еркек еді. Оның жас яки мосқалдығы оған маңызды емес-тін. Бастысы еркектік қауқары болса болды. 

Гоша ағайдың ағаштан өріп жасаған «қара моншасы» үйінен шеттеу, бақша аяғындағы қалың үйеңкінің ішінде тұр еді. Осы сырт көзден таса монша маңын кейінгі кезде - өзін еркекпін деп санайтын ауылдың боқмұрыны мен кәртеміші  үйірсектей бастаған-ды. Бір жарты қызылға жата кететін: өзі арзан, өзі көрікті қатын еркеккіндіктілердің құлағын елең еткізді. «Шешесінің орнын басты. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» деп те жатты, бұл отбасының өткен тарихын білетін ауылдастары...  


* * *

Толас кішкентай ұлын қатты сағынды. Бір-жар күнге үйі мен малына бас көз бола тұруға сол маңдағы омарташының келісімін алып, сәлем-сауқатқа толы, екі басы теңкиген қоржынды қанжығаға байлап, желбегей жамылған ұзын етек сулықтың астынан - дүмін төмен қарата мылтығын асынып, салт атпен жолға шықты. Ол, баласының өте жақсы көретін балауыздағы бал кеспегі мен таудың сиырбүлдіргені және тауықкөзін ерінбей теріп ала шыққан-ды. Оны Әсима да ұнататын. Толастың жалғыз қалғаны жақсы болған сияқты. Көп нәрсенің мән-мағынасы өзге қырынан ашылғандай болды. Оның түсінгені: адамның кешірімді бола білуі аса маңызды екен. Ашуға булығып, балта сілтеу көрінген жындының қолынан келетін іс қой. Ал, сезім ырқына берілмей, қалт-құлт еткен шырағыңды өшіріп алмау қиынның қиыны болар, сірә... Ол, болар іс болды, бояуы сіңді деген ұйғарымға келіп, орталарындағы бір ұл мен қыздың бақыты үшін - тағдырдың салған тауқыметін сынбай көтеруге бел буды. Өзін Гоша ағайдан кем емеспін деп санады. Жалпы алғанда Әсима да мүлдем құрыған кісі емес қой. Өзі айтқандай науқас. Мүмкін, ұят пен жалған намысты ысырып қойып, қалаға апарып емдетер. Небір түрлі дерттің шипасы табылып жатқан мына заманда - «жатыр құтырмасын» жаза алмаулары мүмкін емес қой... 


Ол осындай оймен қайынатасының үйіне таяп қалған-ды. Бақша аяғында ербиген еркектерді байқап, атының басын тежеп, бұл не тұрыс дегендей жөн сұрады. Күн күйдіріп, жел қағып бет-жүзі қарайып кеткен және сақал-мұрты қабадай Толасты ауылдастары танымады. Тіпті. Толастың атқа мініп жүргенін ешкімі көрмеген-ді. Сондықтан оны сырт ауылдан болар деп болжаған әлгілердің бірі:

- Беліңді жеңілдеткің келсе, кезекке тұр, - деді. Толас атын тебініп, «мәслихат» орын алған жаққа өтті. Гоша ағайдың «қара моншасы». Дәл осы монша ішінде, анау бір жылдары Зәйда апайы Толасқа алғаш рет әйел ләззатын таттырған еді. Содан бастап ол өзін еркекпін деп есептеді. Ол, «Апырай, Зәйда апай ескі кәсібіне қайта оралған ба?» деген ойға қалды. Не істерін білмей, сәл абыржыды да ақыр келдім ғой дегендей атынан түсіп, тізгінін ағаштың бұтағына қыстырды. Салаңдаған сулықты қаудырлата шешіп, жұмарлай орап, қанжығасына байлады. Иығындағы қос ауызды опырып, әлденеге оқтады. Сол тұста топтасқан жұрттың көзі Толастың әр қимылын бағып, қалт жібермей, жүрексіне қарап тұр. 

- Мен ұзақ жол жүріп келдім, мүмкін кезексіз жіберетін шығарсыңдар? – 

деді Толас, өзін танымай қалған жерлестеріне мылтықты әдейі айбар қыла кезеп.

- Әрине, әрине, біз қонақжай халықпыз ғой! – деп біреуі жалпақтады. 

- Зәйда апай әлі бабында ма екен? 

- Ой, ол кемпірдің артын ойып алып тастағалы шаруадан қалған! Бұл қызығы ғой...

- Кім? Әсима ма? 

- Ойбай, аттан, мынау, Толас ғой! Құдай сақтасын! – деп әлгі топ, тым-

тырақай қаша жөнелді. Толастың басына қаны шауып, көз алды қаратүнекке айналды. Оқталған мылтықты алдына кезей ұстап, тапырлата ішке енді. Ауызғы бөлмеге кіргенде ар жағынан ышқырын түймелеген біреу, бұған бетпе-бет түйісті. Толас оны мылтықтың ұштығымен іштен бір түйіп, екі бүктеді де сол арынмен ары өтті. Әсима лыпасыз, шалқасынан жатыр екен. Кезекпен кірген келесі біреу деді ме, тілі күрмеліп:

- Қарақ-шы құса-май кел-сей, шық тақтай-ға, - деп бүгілген тізелерін айырды. Сосын оның құлағына біреу сыбыр еткендей, басын көтеріп алды да алакөлеңдегі бозарған бейнеге тесіле қарап:

- Келдің бе, Жаным! Құтқар мені мына азаптан! – деп тақтаға сылқ құлады. 

Бақша басында жайылып жүрген жылқыны көріп, «бұл не мал» деп сол жаққа барған Гоша ағай: астынан кеткен көп қаннан көз жұмған қызы мен ауызғы бөлмеде миы шашырап жатқан күйеу баласының үстінен түсті.

* * *

Екеуін бір қабірге салды. Бірақ, көпшілікке арналған бейіттен жырақ, арасын қара жол бөлген сыртқа жерледі. Бұл оқиғадан соң, ол тұсқа құдайдың ажалынсыз өлген, тағы бір-жар адам қойылды. Қара жолдың екі беті - екі ниетті молаға айналып, бұл жаққа келгендер: біріне - тағзым жасап, тәу етуге барса, екіншісінің тұсынан  - «басқа бермесін» деп түңіліп, теріс қарап өтетін-ді. 

Заман Төлеуов

author

Заман Төлеуов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...