Алтыншапақ Хаутай: Сол күнді аңсап, жаным кейде жылайды...

ӘДЕБИЕТ
2158

***

Жаңарып кетті дүние тағы да биыл,

Көктемнің оркестрі ме даладағы әуен?!

Неліктен менің жүрегім сағынуға үйір,

Тұманнан аршып жанымды ала алмаған ем.

Сонау күндерде көзіңде бір сыр тұнатын,

Беймәлім жұмбақ таңдарға ынтықтыратын.

Бір сезім бүрін жарғанда құштар көңілде, 

Аспандап ұшқым келетін құстармен бірге.

Бақыттың сонда барына сенгім келетін,

Себепсіз сені ылғи да көргім келетін.

Лапылдап жанып, өшпеген, басылмай қалған,

Сыздатады әлі сезімім аса алмай ардан.

Кінәлі қайсы, кесем бе толған мұңыма,

Қайтадан мәңгі тоғыспас жолдарымыз ба?

Өзгенің нұры, болған соң бағы басқаның,

Өлең боп кетті өртеніп жазған хаттарым.

Адам деп аталмас едім сағына алмасам,

Өзіңсіз бірақ, көктемнің мәні жоқ аса.

Бас бұрғым бүгін, келмейді сезімге мүлде,

Бәрі де кеткен тәрізді өзіңмен бірге.

***

Жақында...

Малынып аспан арайға,

Мөлдіреп көлдер – шарайна.

Кеткендей құрып мың қайғым,

Құстардың үнін тыңдаймын.

Бұлбұлдар сайраса бақта,

Асығам беймәлім жаққа.

Құлпырып қырдың етегі,

Көгілдір көктем жетеді.

Ағаштар киінеді әлі,

Гүлдерге сүйінем әлі.

Естіліп бұлақтың әні,

Жүздерге шуақ тұнады.

Оралып аққу-қаз тағы,

Айдынға жазу жазады.

Жуады жаңбыры жылы,

Елітер таңдағы нұры.

Жыр-өлең жанымда тулай,

Жүрегім кеудеме сыймай.

Тым ұзақ күттіріп жеткен,

Мен сені сағындым, Көктем!

***

Ажары да даланың асыл, ерек,

Ақ мамығын аспан да шашып әлек.

Көктен қалқып, күміс бір түйіршіктер,

Қонады шашыма кеп.

Жоғалғанда аппақ қар жерге сіңе,

Әлдеқалай түстім бе мен де есіңе...

Маужырайды дала да махаббаты,

Қонақтап кеудесіне...

Неге келдің, білмеймін, неге кеттің,

Өкіндірдің, өзіңді өлең еттім.

Көңілімнің аспаны себелеп мың,

Қарға айналып қонады көбелек – мұң.

Жаныңды емдеп жазар ма, жауып тұрып,

Кеттің неге, көңілді зарықтырып.

Ақ тонына оранып, мүлгиді әлем,

Аппақ нұрлар көзімді қарықтырып.

Қардан аппақ көңілім жыр төгерде,

Құшағымды жайдым ғой, үрке берме!

Ай жүзіңе кеп қонған ақ ұлпа едім,

Өтінем, сүрте көрме...

***

Көктемеде кеткендей боп көшіп сең, 

Көңілімді астаң-кестең етіп сен.

Көлеңкелі тұстарына кеудемнің,

Күннің әсем шуағындай жетіп пе ең?!

Аласұрған сезім бе еді, желік пе ең,

Алдамшы ма ең, арман әлде, еліткен?

Кездерімді өзің жетпей тұратын,

Көздеріммен айтқым келді, неліктен?!

Сезім суып үлгерген де жоқ, әлі,

Сенің құның бәрінен де жоғары.

Жанып барып, қызыл шоққа айналған,

Жалынымның қайда, кімге обалы?

Сол күндерден көңілде бір қаяу қап,

Жүрегімде дауыл тұрды, жай ойнап.

Жалғыз жанды ойлау – жылы қуаныш, 

Соны ғана сүю сондай аяулы-ақ.

Қоштасқанда көңіл неге мұңайды,

Сол күнді аңсап, жаным кейде жылайды...

Ұмыта да алар едім, әй, әттең,

Маған бірақ, осы күйім ұнайды...

***

Қала. Түн. Көліктің әйнегі...

Кешегі қиялым қайда еді?

Есіме оралып өткен күн,

Елестеп біреудің ай реңі...

Көшеде түн ғана мүлгиді, 

Уақыт та тым баяу жылжиды.

Терезеге тиген тамшылар,

Бір-бірін қуалай сырғиды.

Тамшылар. Жанымның жасы ма ең,

Мен-дағы біреуге ғашық ем.

Ғашық ем...

Сөнбейтін кеудемде,

Махаббат, не деген асыл ең?!

Қала. Түн. Кептеліс көшеде.

Адамдар тағдырын шеше ме?

Бір-бірін іздейді жүректер,

Бәріне кінәлі пешене.

Көлікте мұңлы әуен ойнайды,

Мені де ол, бәлкім, ойлайды...

Бір сезім билесе сол қайғы,

Болмайды, дүние-ай, болмайды...

*** 

Алшақтығындай аспан мен жердің, 

Аксиомалар алмасқан.

Өмірдің мынау асқақтығын бір,

Өзінше айтады əр дастан.

Сырына жұмбақ дос қыла ала ма?

Білмеймін, бірақ, кім ие? 

Бір үзім нан боп босқын балаға, 

Бұлдырап тұрған дүние.

Темір құрсауы тіл қатпады ма? 

Тылсымға толы өмірдің. 

Қалталы əйелдің қымбат тонында, 

Құбылып тұрды ол, сезіндім.

Маздап бір жанып, басылмаған бір, 

Кезіме қылған сыйың не?

Мөлдіреп тұрған ғашық жандардың, 

Көзінде тұнған дүние.

Қарайды қарт та атырап қырға,

Жастығын, бəлкім, сағынар. 

Үзіліп түскен жапырақтың да, 

Үздігіп айтар əні бар.

Кеудемді кернеп көркемдеу бір күй, 

Көзімді арбайды бұл өмір, 

Музаның үні - шертерім ылғи,

Маған да құлақ түре жүр!!!

***

Қағазды қуып, қырлардан астық,

Күндерімізбен жарыс сап.

Жүрегім менің жырларға ғашық,

Жазынан мүлде алыстап.

Шындығын таппай санам жылайды,

Қамалды кірген бұза алмай.

Сөйлейді ел ылғи адалдық жайлы,

Беттері мүлде қызармай.

Жанардың жасы сырғып, өшеді,

Жүрегім менің, не білді?

Қызметі өскен құрбы кешегі

Есендесуге ерінді...

Басыңды иген күйіңді көрдім,

Білмеймін, ненің күшінен?

Қыры сынбаған киімді көрдім,

Кісі көрмедім ішінен.

Ғазалын шерттім, азабын шектім,

Сүйе де білдік, сүйікті ек.

Жүрегі жоқтың алдында кеттім,

Өзімнен-өзім биіктеп...

***

Тəтті күндердің табы қалды ма?,

Тағы да жүрмін елеңдеп.

Жүрегің мені сағына алды ма, 

Төгілейінші өлең боп.

Тулады көңіл, сағым күндердің, 

Толқыдым емін таба алмай.

Аршышы қайта жанымды менің, 

Желпіші қайта самалдай.

Жанарың жасын үзді ме кейде?,

Үздіге ме ылғи мені іздеп?

Асау көңілді тізгіндемей ме,

Тұншыға берсе сезім көп.

Көздеріңе мұң тұнып тұрды ма, 

Көнерген шақты іздеп пе ең?

Жоқ, əлде, мені ұмыттырды ма, 

Алмасқан кезде күз-көктем.



Өртенбей ме, əлде, өзегің мүлде , 

Жанарың неге бөтен тым?

Өзің де өмір-өзенмен бірге, 

Өзгеріп кетті ме екенсің?! 

***

Шерткің келсе бірқайғы ақтарыла, 

Көзіңді сал ең адал шақтарыңа.

Жаныңды алса түнекпен тұмшалап түн, 

Құрбы іздеме қандай бір мұң шағатын.

Қиналудың, қамығып керегі не?

Үңіл, жаным, жаныңның тереңіне.

Құмартатын əрдайым жылылыққа əр, 

Адамда бір ғаламат ұлылық бар.

Құстар ұшса көлді аңсап жырақтарға,

Балапан тал көшеде бүр атқанда.

Жамандықтан жаныңды ал арашалап,

Жұбай құстың сезімін тамашалап.

Көмкерілген ғажайып сезімменен,

Көркем əрі сұлу ғой өмір деген.

Тұңғиықтың қашанда тереңі мұң,

Күлкісін ал есіңе бөбегіңнің.

Бағытыңнан адаспа бұл өмірде,

Бақыт деген тек қана жүрегіңде!

***

Бұлқынған бір сезім кеудемде, 

Қыстыға көптен, 

Айналдым туған жер келгенде,

Ыстық ең неткен?!

Сүюші ем жүрекпен өзіңді,

Бауырға балап.

Сағыныш деген сол сезім бір -

Ауыр, ғаламат.

Балалық аңқыған белдерім, 

Тағдырым бар маң.

Бөкеннің бауыры-ай, сендегі, 

Бал күнім арман.

Көгілдір Қобданың аққан, 

Толқыны керім.

Бір үміт ойымда бүр атқан, 

Сол күні менің.

Өзіңсің аңсаған сəтте -

Мұңым мен зарым. 

Жұлдызы самсаған көкте, 

Түнің бар лағыл.

Көктемдей құлпырған гүл əлем, 

Кезімде сенген. 

Ашпаған сырыма куә ме ең,

Көзімде сөнген.

Биікке бастаған алғаш,

Асқарың, білем, 

Талпынғам аспанға жалғас, 

Тастарыңа мен.

Толқытып төгілген шуағың, 

Тербей береді. 

Бір күш бар жетелеп тұратын,

Өлгейге мені.

 

author

Алтыншапақ Хаутай

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...