Шынар Әбілда: Олар тіпті Құдаймен диалогына ешкімді араластырмайды

ӘДЕБИЕТ
6154

Аудармашы Шынар Әбілданың есімі әлеуметтік желі қолданушыларына жақсы таныс. Әлемге әйгілі ойшылдардың қанатты сөздерін қазақ тіліне тәржімалаған жазушы Мырзакелді Кемелмен бірге «Жетілудің 7 жолы»,  «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» атты кітаптарды аударуға үлес қосты. Алғашқы еңбегі «Қоңыр мұң», одан соң Робин Шарманың 200 кеңесінен бастап аудармашы ретінде де оқырмандар жүрегіне жол тауып келеді. Былтыр «Анна Франктің күнделігін» тәржімалады. Бала тәрбиесінен бастап, қарт кісілердің ақыл-кеңестерін ортаға салып, достық пен махаббаттың құдіретін дәлелдеп, айналып келгенде «өмірдің бір күндік сәуле екенін», оның шуағын жарқырап тұрғанда сезіну қажеттігін ұғындыратын түрлі еңбекті өз тілімізде оқырманға сыйлап жүр.  «Фейсбуктегі»  «Өзгеріс ойдан басталады» атты парақшасында он үш мың, жеке достығында бес мыңға жуық оқырманы бар. Соның бірі өзіміз болғандықтан тереңірек түсінгіміз келген тақырыптар төңірегінде сұхбаттасқан едік. 

–   Кейде аудармаларды жаныңыздың қалауы үшін аударатын сияқтысыз?  

–  Көбіне солай. Әсіресе, «Фейсбуктегі» оқырмандарым үшін тек жанға жақын дүниені аударамын. Неғұрлым пайдалы дүние болса деймін. Алайда біреуге пайдалы дүниені басқа біреулер түсіне алмай жатады. Робин Шарма күн сайын бір адамға жақсылық жасап үйрен деген, күнде жақсылық жасау қолымнан келмесе де, бір аударма жасау қолымнан келеді деп шештім. Зиянын әлі көргем жоқ. Ал пайдасын өзім де, менің біршама оқырманым да көріп келеді...  

–  Кейбір аудармаларыңызды жасы үлкен кісілер қазаққа жат деп, қабылдағысы келмегенде «уақытым босқа өтті» деп ренжіп қалмайсыз ба?

–  Иә, ондай кісілер баршылық. Негізі не нәрседен зиянды көріп үйренген адам айналасының бәрінен жапа шеккендей күй кешеді-ау. Ал өмірге бейімді болу үшін замана лебімен өмір сүру керек. Психология өте қажет дүние. Адамның көп жан-жарасын емдейді. Адасқанын көрсетеді. Түзу жолға салады. Өзіңді танудың алғашқы баспалдағы десек те болады. Меніңше, психологияны өзге пәндер сияқты мектеп бағдарламасына енгізіп, тереңдетіп оқыту керек. Аудармаларымды мұғалімдер жиі оқиды. Сабақ үстінде қолданатынын айтып жатады. Мысалы, шымкенттік ұстаз Өмір Шыныбекұлы Умберто Эконың интернетке қатысты немересіне айтқан ақылын  оқушыларына оқытып, олардың қандай ой қорытқанын сабақ үстінде Youtube-тен көрсеткен. Балаға ой саларлық мағлұматты пайдаланды. Тамаша емес пе?!  

 – Адамның өзін-өзі кешіре білу керегін сіздің жазбаларыңыздан оқыдым. Біздің қоғамда адамдар шынында жетістікке жете алмағанын, басқалардай бола алмағанын өзіне-өзі кешіре алмайды.

– Ал мен оны Александр Казакевичтен оқыдым. Адам өзін кешірсе, сонда өткен өмірдегі өкініштерден арылады екен. Өкініштің өзі ауыр жүк. Әр адамның өзінің әттеген-айы бар. «Соны болдырмағанымда ғой» деген ой кейде өзегін жарады. Титтей дүниені де кешіріп отыру керек. Сонда өзгенің де қателігіне кең боласың. Мен үшін кешірім – өте қиын дүние болатын. Тәкәппар да, менмен де болдым. Өзімді өте дұрыс, түзу жолдан таймайтындай көретінмін. Менің қателігімді кешіргендерді көргенде кешіріп үйренуім керектігін ұғындым. Ал оны психологиялық жаттығулардың арқасында үйрендім. Әр адам үйрене алатын қабілет. Ниет болса болғаны...   

– Ата-ана баласының алдында көбіне көршінің баласын мақтап отырады. Осыны естіп өскен бала есейгенде өзін өзге достарымен салыстырып, олардай бола алмаса іштей қаймығып, төмен санап жүретіндей. Бұдан 30-40 жылдағыдай емес, қазіргі ата-ананың кішкене көзі ашық. Бірақ әлі сол баланы «жұрттың баласымен» салыстырады. 

–  Салыстыру – үлкен дерт. Әсіресе, балаға соны сіңіріп өсірсе, обал. Әр адам өмірін нөлден бастап, өз қалауынша сүре алады. Әр адам соны түсіне алса ғой. Осыны айтатын ақылшы табылса болғаны. Психологияда өзгемен емес, өзіңнің кешегің мен бүгініңді ғана салыстыр дейді. Бұл адамды өсіретін, алға жетелейтін өте маңызды әрекет. Өмір бір орында тұрмайды. Бір адам істегенді екіншісі де істейді. Соны ұмытпасақ болды.      

– Бір сұхбатта «Мен өмірлік сценариімді қайта жазып жатқан адаммын. Адасып, күйзелуді доғардым. Қазір бәрі жақсы» деген екенсіз.  Жазушы Әкім Таразидың жасырақ кезінде «Мен өзімді-өзім тәрбиелеген адаммын» дегенін оқып едім. Адамның өзін-өзі тәрбиелеп, бар мүмкіндігін ашу тек рухы мықты жандардың ғана қолынан келетін сияқты. Әлде бізде бойкүйездік басым ба? 

– Адамның өзін іздеуіне түрткі болатын жағдайлар болып тұрады. Егер, жақсы ұстаз болмаса, жақсы мектептен өтпесең, әрине өзіңді-өзің ғана іздеп шығасың. Өзің табасың. Қабілетіңнің бар екеніне көз жеткізесің. Өмір мектебінен өткен жандар ешкімнің сөзіне ермейді. Өз ақылына жүгінуді үйренеді. Олар тіпті Құдаймен диалогына ешкімді араластырмайды. Өзіңді тәрбиелеу – ізденістің нәтижесі. Ізденбейтін адамға не деуге болады? Алты-жеті жыл ішінде біраз психологтардың еңбектерін оқыдым. Онда есті адам өзін-өзі жасайтынын айтады. Мен де ешкімге еліктемей, ешкімді кінәламай, ешкімге бөгет жасамай өзімді-өзім жасап келемін. Біреуге арқа сүйеген адам әлі де инфантильді болғаны. Бойкүйездік тек инфанттарға тән.   

– Қазіргі жастар одан кейін өмірі өзгеріп кететіндей тренингке жиі қатысады. Мұны бойдағы жақсы қасиеттерін жетілдіруге құлықсыздығы деуге бола ма?

– Тренинг адамды бір күнде түбегейлі өзгертіп жіберетін құбылыс емес. Ол түрткі болуы мүмкін. Сана жабық тұрса, түрткі де бола алмайды. Әркімнің іздейтіні бар. Сол секілді тренингте сөйлейтін коучтардың да салалары әр қилы. Қатысушы тренингтен алдын ала не аламын деп барса, соны алуға талпынады. Ойсыз барса, ойсыз қайтады. Сондықтан ақыны төлейтін адам көбірек ізденіп, алдын ала дайындалуы тиіс. Сол тақырыпты біраз зерттесе, не іздеп жүргенін өзі де түсінер. Тренинг сен жететін арманға қанша жол бар екенін көрсетеді. Онда да өзің көргің келсе ғана көресің. Сондықтан тренингтен сиқыр күтудің қажеті жоқ. Онда тек бұрын естімеген ой, идея естуің мүмкін. Ары қарай сол ой мен идеяны дамыту немесе дамытпау өз қолыңда. Кез келген тренинг жауапкершілік сенде дегенге ғана баса назар аудартады.    

– Сіз меніңше өзіңізге толық еркіндік берген жансыз. Ертеңмен емес, «жизнь – это сегодня» дегендей бүгінмен, дәл осы сәтпен өмір сүресіз. Адам өзін шектеп өсірген тәрбие мен дағдыдан ажырап, басқаша ойлау арқылы өмірдің ағымына бейімделуге де біраз күш жұмсау керек  шығар?

– Луиза Хейден үйренгенім, дәл қазір және осы сәтпен өмір сүру. Өткенді өзгерте алмайтынымды түсіндім. Ол үшін өзімді мүжіп, жанымды жегідей жеуден де ештеңе шықпайды екен. Ертеңімді өзгерту үшін бүгінімді бағалап үйренуім маңызды болды. Ешқайда асықпаймын. Ойы еркін адамның өмір сүруі де еркінсиді. Абсолютті еркіндік жоқ десек те, өзімізге өзіміз рұқсат етпейтін көп шектеу, тұсау бар. Солардың біразынан арылуға болатынына көз жеткіздім.  

– Бірге өмір кешемін деп сенген жарынан суынып, бөлек кеткен әйелге дер кезінде қандай психологиялық көмек керек? 

– Әйел заты өте нәзік. Рухани тұрғыда да солай. Бірақ басқа түскен қиындықты мәңгілік деп түсінбеу керек. Кешегі бақытты күндер де өлшеулі болды ғой? Сол секілді қиындықтың да өтпелі екенін түсіну маңызды. Әйел өзін түсіріп алмасын. Азғындыққа оңай беріле салмасын. Әрдайым келешекке үмітпен қарасын. Кей адам қарым-қатынастан шыққанда күйзеліп, өзін жоғалтып алады. Өмір-бақи басындағы ауыр тағдырды өзгеден, Құдайдан көріп өтеді. Ал кей адам дағдарысты рухани өсу үшін платформа ретінде пайдаланады. Ашу-ыза, кектің бәрін білімге жұмсайды. Жаңа кәсіп үйренеді. Жұмыс ауыстырады. Орта ауыстырады. Оның да пайдасы бар. Қалай болғанда да ашылмаған әлеуетін ашуға мүмкіндік жетіп артылады. Осыны ойлаған адам жаңа армандарына қанат бітіреді. Өмірді басқаша бастайды. Өмірде мүмкіндік деген өте көп. Бір бақытсыздықпен өмір бітіп қалмайды. Көруге тиісті сынақ деп қабылдап үйренген абзал. Яғни, әр қиындықтан сабақ алып отырған жөн. Сонда ол қайталанбайды. Әр адамның өткеніне, қиындығына разылығы болмайынша, жаңаның есігін ашпайды.    

– «Біз баланы дүниеге әкеле саламыз да, оған қатысты ешқандай да кітап оқымаймыз» дегеніңіз бар. Қазір баланың тәрбиесінен бұрын күнкөрістің қамы маңызды болып кеткендей. 

– Күнкөріс әр заманда маңызды. Бірақ қазір ғасыр ауысып, билік ауысып, жүйе ауысып жатқан өтпелі кезең. Адамдарда даурықпа дарақылық, еліктеу басым. Баланы жоспарлап дүниеге әкелетіндердің заманы. Сондықтан балаға деген ықылас ерекше болуы тиіс. Психологиялық, эмоционалды, рухани тұрғыдан ана, әке болуға алдын ала дайындық қажет.  Әр баланың болмысын ашуға көбіне еңбек сіңіретін ата-анасы. Сосын ұстаздары. Сондықтан ата-ана атану аз, әке-шеше ретінде өзіңді өсіру, жетілдіру маңызды. Себебі, бала ата-анасының көп кемшілігін түзейді, тәрбиелейді. Бала сүйгенде көп адам өзгереді. Өмірге басқаша көзқараспен қарайды. Өмір – қымбат, маңызды бола салады. Өзгермесе, әлі де әкелік, аналық сезімін толық ашпағаны болар. 

–  «Өмірде білім қумасаң, ізденбесең адамдығыңды сақтап қалу қиын екенін ұғыну керек. Ал психологиялық деңгейде бұл дүние нөлде тұр. Тек қана білім алсам болды дейтіндер бар. Мейлі, отыз жасқа дейін білім ал. Бұл тек алғашқы баспалдағы ғана, ары қарай биікке өрлеу үшін психология көмектеседі. Адамдармен қарым-қатынаста психологияның рөлі жоғары» деген екенсіз. Сонда отыздан асқан соң адам жетілу үшін психологиялық еңбектерді де өз бетінше оқып, тұйыққа тірелген сауалдарына жауапты содан табуы мүмкін бе? 

– «Жасампаз жандардың 7 дағдысы» деген Стивен Ковидің кітабында адам өмірінің ең маңызды саласы – өзгемен тіл табыса білу делінген. Адам неғұрлым өзгемен дұрыс тіл табысып үйренсе, соғұрлым ол рухани жетіле түседі. Әркімнің тілін табу оңай емесін маған жазылатын комменттерге қарап бағалаймын. Қанша адам, сонша пікір, бірін түсінесің, бірін қабылдай алмай жатасың. Психологияны қанша жаста оқысаң да, өзіңе түсінікті болса, меңгерсең, оның пайдасы шаш етектен. Менің жазған аудармаларыма қарап өмірін өзгерткен оқырмандарым баршылық. Жекеге хат жазып, сүйіншілеп жатады. Қуанамын. Ең бастысы – өзіңнің еңбегіңнің конструктивті кері байланысы болғаны. Психология жалпы өз бетінше оқуға өте ыңғайлы пән.  

– Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан Динар БОРАНБЕКҚЫЗЫ,

«Рейтинг» газеті

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...