Бауыржан Омарұлы. ОБКОМ, Оңайгүл және «Орталық Қазақстан»

ӘДЕБИЕТ
958

Бір мақаланың тарихы


Ақын Оңайгүл Тұржан


Сексенінші жылдар ортасынан ауған шақтағы жылымық талай қаламгерге қанат бітіргені белгілі. Сол тұста Қарағанды облысында шығатын «Орталық Қазақстан» газетінің тілшісі Оңайгүл Тұржанова өз басылымына тіл мәселесі туралы проблемалық мақала жазады. Алдымен тақырыпты жете зерттейді. Сосын кемшіліктерді көрсетіп, мекеме басшыларын аяусыз сынайды. 

Жазғаны аса өткір дүние болып шығады. Батыл бас редактор Нұрмахан Оразбек көп ұзатпай жариялап жібереді. Ертеңіне облыстық партия комитетінің хатшысы Қуаныш Сұлтанов тілшіні шұғыл шақырып жатыр деген хабар жетеді. Жас журналист қипақтап, бастығына барады. «Мақаланы басқан мен ғой, сондықтан өзім жауап берем. Қорықпай бара бер», – деп жігерлендіреді ол. 

Бәрібір көңілі алаңдаулы Оңайгүл обкомға келсе, хатшы мақалада аты аталған басшыларды жиып алып отыр екен. Бұл жолы хатшы тілшіге емес, мекеме басшыларына шүйіледі. «Көрсетілген кемшіліктердің бәрі дұрыс. Соны тез арада жөндеп, «Орталық Қазақстанға», мына автордың атына есеп жолдайтын болыңыздар», – деп тапсырма береді. 

Тапсырма алғандар – Қарағанды облысындағы ірі өндіріс орындарының басшылары үнсіз ғана бас шұлғиды. Бұлардың ішінде Қарағанды металлургия комбинаты, «Қарағандыкөмір» өндірістік бірлестігі, машина жасау зауыты, кондитер фабрикасының директорлары бар еді. 

Сөйтіп, айқай естимін деп барған жас тілші обкомнан алақайлап шығады. Обкомның идеология жөніндегі хатшысының қаламның қадірін білетін журналист екеніне мың мәрте шүкіршілік етеді...

*   *   *

Бүгін белгілі ақын, жүйрік журналист Оңайгүл Тұржанның туған күні. Құтты болсын! Амандық тілейміз! Алла тағала сізді қағаз бен қаламнан, мынадай қаптаған кітаптан, ойлы өлеңнен айырмасын!


Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...