ӘМІРЖоғалған ғасырдың жүзінен тіріліп,Беймәлім сезімге танытып ірілік.Сіз қайда кеттіңіз?!...аяулы ж...
Сырбай Мәуленов. Өлеңнен жаралған жан
Жақында кітаптарымды жинастырып отрысам, Евгений Долматовскийдің Москвада шыққан «Өзіміз туралы өлеңдер» деп аталатын кітабы қолға ілікті. Кітаптың ішкі бірінші бетінен мынадай жазу ұшыраса кетті.
«Аса қадірменді ұстазға – Сырбай ағайға алыс Сарыағаштан шәкірттік, інілік ыстық жүректпен, құрметтес көңілден естеклікке!
Деніңіздің сау, үй-ішіңіздің аман, творчествоңыздың шабытты да шалқар болуына тілектеспін.
Аса құрметпен ақын ініңіз Төлеген Айбергенов.
12.06.1965 ж.»
Осыны оқып өмірден, өлеңнен ерте кеткен ақын інім туралы күрсіне ойға баттым. Өткен жылдар көз алдымда тұрып алды.
1965 жылдың күзінде оңтүстікке жолым түсті. Қасымда жазушы Танаш Дәуренбеков бар, жолшыбай Сарығашқа соғып, Төлегеннің үйіне түстік.
– Сенің маған осы жазда Долматовскийдің кітабын сыйлағаныңа қайран қалдым,- дедім мен Төлегенге амандық сұрасқаннан кейін.
– Сіз Алматыда өз үйіңізде болғанымызда Долматовский сөзіне жазылған әскери әндерді айтып едіңіз, Долматовский кітабын жіберуіме сол себеп болды – деді ол.
Содан кейін біраз ойланып отырды да:
– Аға, мына Сарыағаштағы кешкі мектептің бірқалыпты прозалық өмірі жалықтырып барады. Осы прозаны поэзияға айналдырайын, мені бір аптаға сұрап алып, қасыңызға ертіп әкетіңізші. Бір серпіліп, бір блокнот өлең жазып қайтайын, – деп өтініш айтты.
Оқу бөлімімен келісіп, орнына бір жолдасын уақытша қалдыратын болдық та, Ташкентке беттедік. Мирмухсин мен Миртемир үйлерінде мейман болып, өзбек жазушыларымен кездесіп, Сырдария облысына сапар шектік.
Ол үнемі машинаның арт жағында отырады. Көк блокнотын жан қалтасынан суырып алып, жол бойы жаза береді, жаза береді. Жазғанын жазғанынша оқып та үлгереді. Жол үстінде ол менен «Москва, Ленинград ақындарынан кімді жақсы көресіз? Кімдермен таныссыз?» – деп сұрайды.
– Ақын деген жалындап жанып жүруі керек қой. Оның сонында әр түрлі аңыз еріп жүрсе, ақынды биіктете бермек. Қарапайым өмірдің қалыбынан шыға алмай,қарабайыр күн кешкен адамның несі ақын, – деп қояды сөздерін ерекше бір екпінмен өрекпи айтып.
Сырдария облысында үш-төрт кездесу өтқізілді Төлеген жолда жазылған махаббат өлеңдерін оқып жүрді. Оның өлеңдерінде Шығыс поэзиясының сарыны молырақ жатқан сияқты көрінеді. Соны бір ескерткенімде:
– Мен Қарақалпақстанда туып-өстім ғой. Қазақ ақындарымен енді-енді араласып келемін. Сіз Абдолла мен Қасым жайында айтыңызшы. Оларға сенімді серік болдыңыз ғой, – дейді Төлеген.
Абдолланың жанының тым нәзіктігін, Қасымның қажыр-қайратын, өршіл рухын айтқанда оның жас баладай жаны толқиды.
– Шіркін, екеуі де ерлікке емтихан тапсырған қаһарман ақырдар емес пе? Өздері батыр, сөздері батыл, халықтың ойын дөп басып; елдің арманын шертетін өлеңдерді жазып кеткен ғой, – дейді. Жолшыбай Сарығаштан қайта соғып, Төлегенмен үй алдында қоштастық:
– Сіздермен бірге болған бір апта мына блокнотқа өлең болып түсті. Амандық болса келесі шығатын кітабыма кіреді ғой, – дейді.
– Ол өлеңнен жаралған жалыңды жас еді. Бұл менің Төлегенменен жүздеген кездесуімнің бірі ғана.
Сырбай Мәуленов,
ақын