Бiр жолы бастықтардың бiрi Баянғалиға: «Сен бiрiншi орынға ат мiнiп, кiлем алып жүрсiң, бай бо...
Әлібек Байбол. Ұмыт(ыл)уды аңсаған ұл
– Кешіріңізші! Алайда, айтуға тиіспін. Тиіспіз! Сіз бір сәтке ұйықтап кеттіңіз... Оятып жібергенім үшін айып етпеңізші.
Жігіт аңырайып, жан-жағына анықтап-анықтап қарады. Таңданыста екенін таңдайынан шыққан тақ еткен дыбыстан-ақ аңғаруға болар. Қай жерде жүр? Қай жерге бет алып еді? Не үшін? Қашан? Қайда?
– Сіз Мені сүйесіз бе?
– Кімді?
– Мені да?
– Кімді?
– Мені! Мені!
– Мені? – деді түкке түсінбей.
– Жоқ, Сізді!
– Кімді?
– Сізді!
– Сізді?
– Ой, жоқ. А-а-а, иә-иә, Сізді?
– Кімді?
– Сізді?
– Мені?
– Иә-иә, Сізді!
– Мені Сіз демеңіз. Ыңғайсыз болады. Ұят болады.
– Енді, қалай атайын, айтыңызшы?
– Сен деңіз!
– Сіз Мені Сіз деп тұрсыз ғой. Сонда...
– Иә! Солай дедім. Солай атадым.
– Онда неге Мен Сізді Сіз дей алмаймын?
– Сен деңіз.
– Сен десем Сізге деген құрметімді сел шайып кетеді, мұны да ескеріңіз. Сіз де мені Сіз деп әспеттеп тұрсыз ғой.
Арадағы Ұлы үнсіздікті есікті ашқан адам бұзды:
– Сөйлесіп болдыңдар ма? Кешірім берді ме?
Екі кісі есікке қарады.
Ешкімге жамандық ойламаған, ешкімге жамандық жасамаған жан бәрінен кешірім сұрады, аяғына жығылды. Олар бұны тепкіледі, бетіне түкірді, мазақтады, орынды-орынсыз мазалады, тұқыртты, оны адам деген жоқ.
Ол ешкіммен араласып-құраласқан жоқ, жолыққан да жоқ, содан соң. Оның ұраны – жағылып қап-қара түн, тәнге. Ол түннен, қараңғылықтан қорықпайды. Бір мән іздейді, түннен. Күннен күш алады. Күнге қараса барлық жамандық атаулыны ұмытады. Күн кісі тұратын, кісі тұрақтайтын орын болса, сол жердің азаматтығын алар еді... әттең. Өзі – ақсақ, аяғы кем. Сонысына қарамастан көп жүреді, тау-тасты аралайды, ел-жерді кезеді. Кешке төплиін шешіп, асықпай отырып демалғанды орынды көреді.
– Осы сәтті ұзақ күттім. Өмірбақи...
– Қай сәтті?
– Аңсаған, армандаған сәтіңді.
– Рас па?
– Иә! Сондай кезде сүйкімді, иманды, тартымдысың.
Жігіт жылап жіберді.
– Адамның жүрегіне жету қиын. Бұл – ұзақ жол. Өте ұзақ жол. Біреулер сол жолға шығам деп адасып та кеткен-ді. Жоғалып, дерексіз...
– Шашыңа ақ түсіпті, – деді жігіт.
– Уақыттан әулие емеспіз. Уайым көп: кредит, бала-шағаның киім-кешегі, оқуы, күн сайынғы тамағы, жүріс-тұрысы, тұрмыстың түрлі қиындықтары...
Жігіт тағы да жылады, ыңырсып:
– Осының барлығын ұмытсам ғой, шіркін-ай!
Шеткерірек отырған тісі кетік ойлы кемпір:
– Шікін-ай! – деді.
Жігіт оның сөзін түземекші болған еді, бірақ дәті шыдамады.
Әлібек Байбол