Асылай Ниязбаева:Тәңірге оқылар дұғалы сөзімдей...

ӘДЕБИЕТ
3331

ӘМІР


Жоғалған ғасырдың жүзінен тіріліп,

Беймәлім сезімге танытып ірілік.

Сіз қайда кеттіңіз?!

...аяулы жүректің үмітін күл қылып, 

жанына мұң іліп.


Сіз қайда кеттіңіз?!

...ғаламның сынығын,

Су түбі сақталған мөлдірлеу тұнығын,

Өзіңмен белгісіз жақтарға арқалап,

Сезімге тым бөтен сап қойып құрығын.


Сіз мүмкін кеткенсіз...тоналған шақтардың,

Мен әлі бармаған ғайыпты бақтардың,

маңдайын иіскеп, арқасын сипалап

жүрегін құшақтап 

бастаған ақ қардың.


Ауырлау үкімін жанардың жолдатып,

Мұң кешіп өткерген қайрылмай жолға түк.

...Сіз бәлкім жұлдызға сіңген де шығарсыз,

Аспанның әмірін орнатып!


***

Ғасырдың шеріндей

Тым ұзын маңдайдың қайғылы һәм мұңлы сызығы.

Керілген, кербездеу сұлудың ұстатпас беліндей,

Тағдырдың кигізген жұқалау жүзігі.


Ғаламның бетінен

Таппағам төбеме мәңгілік адаспай қонар бақ.

Жаныңды шыдатпай ауыртар суық жел өтінен,

Жанардан құлар жас тоналмақ.


Ғарыштың беймәлім

өзімді азапты тұтқыны сыңайлы сезінген кезімдей.

Дертімді тануға тырысып жетпесе кейде әлім

Тәңірге оқылар дұғалы сөзімдей...


Ғайыптың жазуы

Лайланған осы бір сезімнен

мезетке мені де емдеші.

Сайтандай ойлардың жүрекке өз орын қазуы

Түн ауса түсіме енбеші,

Өтінем!


***

Бейәдеп күйім жанымды осқылап алды,

Қасіретіне байланған.

Жапырақтан жамау сұраумен елегізеді

Жүрегім- ессіз қайғы алған.

Жалғыздығымды кешеді тағы үнсіз түндер,

Мазасын алып...жайланған.


Бейуақыт жүріп сізді де жоғалтқанымның

Орынын кімдер тап басар?

Бұлттан таматын тамшылар табылмай қойды

Жанарыма да жақтасар.

Ал, сосын ессіз бақ күтіп өлеңге сіңем

Тазалығымды сақтасам.


Сақинасына ғұмырдың сыйя алмай кетсем

Кімдерге не деп өкпе артам.

Қос тіземді де отырам құшақтап кейде 

Жалғыздығыммен текке әр таң.

Өзімше сүйген ең ұлы азабымды да

Өзіммен-өзім көп тартам.

Аспаннан түскен зіл батпан қасіреттің де

Кінәсін қайтіп көпке артам?!



***

Кездесу мен кездеспеудің қайғысын менен артық кім білер?

Қасіретімді құшақтаған сәтімде,

Тереземнің сыртындағы тас бауыр сықылықтап түн күлер.

Жанарымнан жалқы мұңнын куәсі тырс- тырс жаңбыр төгілсе,

Деуші едім «Тәңірімнен қос-қолдап

Алақаным алақанға түйісіп бір бақытым мезетсіз ақ көрінсе».

Жұлдыз аққан уақыттан да дұға еттім, батқан күннен тіледім.

Елесіне есеңгіреп мастанып

Өгейсітпей өмірім қырық жамау жүректің қабыл ет деп тілегін.

Қаладағы көшелердің бойында жылап жатқан арықтың

Ғұмырына талай мәрте жармасып

Жапырақ боп ағаштан жалғызілік тағы да құлап бірге ағыппын.

Сезімге ессіз мастанатын кештерден

Жүрегімнен жатбауыр жолықпаған алпауыт "бақыт" күтіп тарықтым.


***

Мен Құдайдың қайғысы да емеспін, 

Қаңғып жүрген ақымақ.

Бұлт ішінен тамған су да жылайды

Қара жерге жатып ап.

Жалғыздығым маған сосын ұнайды

Қарап тұрсам бақылап.


Жұбататын, жылататын жанымды

Иісі шығар жаңбырдың.

Ұясында мекен еткен шығармын

Қолыңдағы тағдырдың.

Кімге өкпелеп шағынамен түнімен

Көтермеген бар мұңын.


Өксік толы, өкінішпен жанарым

Аймалайды көшені,

Сіз қалдырған ең аяулы сәттерді

Аралаумен кешегі.

Енді біздің қасіретті аспаннан

Ақ мамық бұлт көшеді,

Қара жерде қалып қойған алпауыт

Сорымызбен бес елі...


***

Қасіретімнің күнәсін қайтып

көтерер екем зіл батпаң,

Сезімдер таң да жылап оянды түнде атқан.

Құдайдың біздер кешіре алмаған жазасы ек

Кінәсін бұлдап кімге артқан?


Сетінеп солай жамау жанымыз желге ұшты,

Адалдығымыз кетті білінбей теңге үсті.

Қайтарар болсақ жыртық уақыттан сәттерді,

Сұрап не етемін келместі.


Жапырақ жанның жанарында тұр тағдыры,

Күзге өкпе артып арқаламаған бар мұңын.

Сор маңдайынан құшақтап қалған жалғызбыз

Ғұмырын кешіп арлынын.


Жолдардан бөлген біздерге қандай тұр үкім,

Аспан да қойды көз жасын төгіп күні- түн.

Майшамның әлсіз сығалайды ма жарығы

Сөндіріп алып үмітін.


Елеске айналған әжімі сіңген 

келмеске кеткен уақыттың,

Жүрегін кездім Ай сығаласа жатып мың.

Сертің сөгуге біз әлі қимай жүрмізбе?

Жұлдызбен аққан бақыттың.


***

Сүйегіме батты үнсіз салмағы 

дүниенің әлсіздеу,

Ауасынан жұтып барам көшенің 

дымқыл әрі нәрсіздеу.

Бәрінен де жұқарған бұл жүрекке 

Ғаламшардың бетін кезіп сізді ылғи 

«Барсыз» деу,

Ауыр, ауыр, ауыр тиер ең мөп- мөлдір сезімге.

Жаназасын оқып кеткен өткен шақтың көзінде

Қалып қойған жүректі,

Беймезгілдеу

Тастап тұрған тауқыметке жараланғыш кезімбе?!

Сетінеп тұр солай мендік 

бұлтты аспанның қабағы,

Көкке оқыған тілегімнен Тәңірге 

назалы үн қалады.

Түн құшағы қойнына а(лы)п жатбауыр

Жастығыма жанарымнан тырс-тырс жаңбыр тамады.

Күйініштен әуен ойнап нотада 

беймәлім бұл салтымен,

Жапырақ жан үзіліп кеп ағаштан 

су бетінде қалқып ем.

Мен Құдайдың жалғыздығың аспани

Қасіретті тағдырдың маңдайына артып ем .

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...

Қоғам

Алматыда баннер орнатып жатқан өнеркәсіптік альпинист 12-қабаттан құлап, қайтыс болды, деп хабарлады...