«Сыртолғау» жыр кітабы сыйлыққа лайықты туынды

Фотосурет ашық дереккөзден алынды

ӘДЕБИЕТ
625

Ақша қопырап, шаруашылық тоқырап қалған тоқсаныншы жылдары ардың ісі саналған әдебиет аздың да ісіне айналды.  Сөз өнері сүйегіне сіңген ат төбеліндей азғана топ тойхана мен сыраханаға айналып үлгермеген кітап дүкендеріне жиі бас сұғып, рухани байлық жинап, кенжелеп қалған құндылықтар көшін ілгері сүйреді. Олар науқас адамның дәрігерге қаралатыны сияқты, жан дүниесі жұтаң тартқан жандардың түбі бір әдеби терапияға жүгінетініне кәміл сенді. Көркем шығарма, көсемсөздерін кітап қылып шығарып, баю идеологиясы саналарын торлап тастаған ұрпақты ой салар туындыларымен оятуға тырысты. ХХ ғасыр басындағы Алаш лидерлері саяси биліктен шеттетілген соң халықты ағартуғақалай кіріскен болса, бұл буынға да сондай миссия жүктелді. Осы тегеурінді толқынның жарқын өкілі – ақын, көсемсөзші, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық С.Есенин атындағы сыйлық-«Алтын Күз» орденінің Қазақстандағы тұңғыш иегері, Халықаралық  Алаш әдеби сыйлығының лауреаты  Қазыбек Иса.

Тал-терктің құлағы сырғаланатын көктемнің келбеті ерекше шабыт сыйлайды. Орыстың діни қызметкері Иоанн Кронштадтский: «Гүлдер –жұмақтың жерде қалған қалдығы»,- деген екен. Әсемдік әлемін бұдан артық әспеттеуге бола ма?! Бұл сөзді дүниежүзіндегі табиғат жайлы энциклопедиялар афоризм ретінде қолданса, меніңше, өте дәл айтылған анықтама! Ал сұлулық пен поэзия, ол  – о бастан егіз ұғым, бір-бірінен ажырамас жаратылыс. Адамда он үшінші мүше пайда болса, қорқынышты құбыжыққа, көзге оғаш мутантқа айналар еді. Солай емес пе? Ендеше, сұлулықтың негізгі заңдылығы, бағынатын тәртібі басы артық дүниенің – элемент пен детальдің болмай, гармонияның сақталуы!Көркемсурет-графика мамандығын кәсіби меңгерген Қазыбек Исаның бұл артықшылығы ақындық қолтаңбасында анық байқалады. «Керімсал», «Қызыл жыңғыл», «Тәтті шөл»,  «Сырымды айттым далаға» секілді жыр жинақтары сөздерінің бояуы қанық, түстер гаммасы шебер ойнатылған картина сияқты. Ал Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылып отырған «Сыртолғау» кітабы – ақынның нағыз кемелденген шағындағы шығармаларының шоғыры («Тұран» баспасы, Алматы, 2022 жыл).

«Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі»,- деген Онере де Бальзакайтқан сөздің айна-қатесіз екенін уақыт сыны әлдеқашан дәлелдеп қойған. Өлеңге талпынға әрбір қазақ баласы Әдеби Меккеміз саналар Алматыға, Алатауды жамбастап жатқан сұлу шәріге ұмтылып, сол жақтан естілетін әрбір жаңалыққа құлағын іліп отырады.

«Жүрдім, жүрдім, жүрдім де,

Кетіп қалдым бір күнде…

Немкеттілеуағайын,

Неге кеттім, – білдіңбе?»,дейді автор «Сырымды айттым далаға» өлеңінде.

Ақының ішкі әлеміндегі урбанизацияны түсінесің. Шағалалы Шардарадан шуы басым мегаполиске келу себебін оңай ақтап аласың. Неге десең, өзің де бір кезде бастан кешірген таныс күй. Меніңше, бұл шумақты түсіну аз, оны жүрекпен сезіне білу керек: қаланың қабағат қимылына әлі үйренісе қоймаған балғын кезіңді, дүмбіл шағыңды еске  түсіріп,  абитурент қалпыңды ойыңа оралтады. Таңғы шықтай мөлдірлік бар.

Қазақ қоғамында ақсақалдық институттың сақталып қалуында ауыл тұрмысы мен тәрбиесініңалатын орны зор. Өркениеттер қақтығысы мен менталитеттер тоғысында ұлттық болмыстан ажырамаудың тағдыршешті маңызы бар. Жаһандастыру дәуірінде мозайка мәдениеттердің шырмауына түспей, елдігімізден кетпеудің  бірден-бір жолы да осыған тәуелді. Туған жеріне кіндігімен байланған Қазыбек ақынның төл топырағын тұмардай сақтап, оның киесі мен иесін ұлықтауға шақыратын жырларының легі біршама.Оның «Жапандағы жалғыз үй» өлеңі:

 «Жалғыз үйді көргенде жапандағы,
Құлазимын…бір мұңға батам-дағы…
Сонда барып оңаша тұрар ма еді,
Сарылтады ой осындай сапардағы,
Ашылмаған жұмбақтай жаһанда әлі,
Жалғыз үйге құмармын жапандағы…»,-
деп басталып:

«Өзімді-өзім қамаймын торға қалай,

Бір амалдың қайтейін болмағаны-ай…

Түсіп бара жатамын түсімде ылғи,

Жалғыз үйге жеткізер жолға қарай…»,- деген ностальгияға ұласады. Елдің рухы мен құтын қорғап, әлем алдындағы дидарын ерекшелеп тұрған ауыл суреті елестеп, қарашаңырақтың қасиетін ұғынасың, қадірін біле түсесің. Үйір жылқыны суатқа құлатып, қораға қомақтап қой айдайтын, мосығыа шай қайнатып, бөкен жастық жастанып төрге озатын қырдағы қоңыр жұрттың күйбең тірлігі кино ленталарындай көз алдыңнан жүгіріп өте шығады.Бір кезде қаладағы мұржасы жоқ үйдің мырзасы болып отырған реалды жағдайың есіңе түсіп, мырс етіп бір күліп аласың.

Қазыбек Иса образға орап сөйлеу, сөз ойнату, әдеби шендестірудің кәнігі асқан  шебері. Онысы көтеріңкі пафос, лепті көңіл күйде жазылған «Шардара» өлеңінде анық байқалады:

«Су қуатын аймаққа тартып әйгі,
Бағаналар сап түзеп, сән құрайды.
Көне кенттен көктеген көркем қала –
Шардараның шамдары жарқырайды…

Табанымның ізі бар әр тасыңда,
Табындырып қоясың, тартасың да…
Құмстаннан айналдың гүлстанға,
Құрыш білек жандардың арқасында.

 

Жаушықұмда жау күткен ыза небір

Ұмыт болып, еңбекпен қызады өңір…

Қоссейттенаттансаңқұраноқып,

Ұзын ата тілейді ұзақ өмір…»,- дейді ол. Құдды бір акварельмен жұмыс істеп, түрлі бояуларды бір-біріне астастырып, пейжаз салып жатқандай. Классик жазушымыз Ғабит Мүсірепов: «Бір сөз бір сөзге көйлеңкесін де, сәулесін де түсіреді»,- дейді. Бұл жағына келгенде біздің автор зергердей өз ісінің ісмері: әрбір інжу мен маржан  өз орнында тұрып, тиісті мақсаты мен міндетін атқарып тұрады. Бұл – «Сөз қадірі – өз қадірім» деп білетін ақынның шеберліктің шыңына, апогейіне жеткендігінің дәлелі.

Жер көлемі жағынан Түркістан облысының Созақ ауданымен бірдей-ақ Жапония ауылшаруашылығы өнімдерінің басым бөлігін өздерінде өндіреді екен. Бітік көзін жыртып ашатын елдің балалары дәнді-дақылдар, жеміс-жидектер мен өсімдіктердің атауын ана тілінде жаттап, жадында сақтауға мүмкіндік алады. Керісінше, индустриялды елге айналып, халықаралық терминдер мен техника тіліне тым ерте тілін сындырған ұлттар бұл жағынан ұтылады. Посткеңестік едердің көбінде мемлекеттік тілдің мешеу қалып жатқанының бір себебі осында болса керек-ті. Қазыбек ақынның«Қызыл жыңғыл», «Қызылқұм», «Жиде ағашы», т.б. секілді географиялық және ботаникалық жергілікті ерекшеліктерге акцент беріп жазылған жырларының бәсін жоғары санайтынымыздың себебі тереңде. Диқаншының баласы қауын жайындағы «Тәттілік» өлеңінде:

«Балалығым, бүгін маған мұңсың тек,
Балдай қауын…
Түске кіріп жүрсің көп…
Балаларды жылда ауылға жіберем,
Тәттіліктің қайда екенін білсін деп!»
- деп керемет философиялық түйін жасайды. 

Бүгінде басбармақпен бағаланар жауһар жырлары оқырманның жүрегінен орын тапқан Қазыбек Исаның тақырып ауқымы өте кең. «Мұңлық-Зарлық мұқамы», «Азанама», «Өмір-өзен», «Жолдарым»,  «Бақыт туралы жыр». «Мінәжат» жырлары өмір мәні мен мақсатын қозғаса, «Көктем – өлең», «Қызғалдақты жыл туралы жыр», «Жазғы түн», «Күз элегиясы», «Қар жауған күн» мезгіл суреттеріне арналған. Ал  «Белгісіз суретші», «Винсент Ван Гог». «Әсемдік әлеміне саяхат» өлеңдері суретшілер әлемінен сыр шертсе, «Ахмет Яссауи аруағымен тілдесу». «Қызғыш құс», «Ұлттың рухани көсемі», «Қазына», «Бауыржан Момышұлына», «Ән аға» өлеңдері тарихтағы белгілі тұлғалардың көрнекі де кемел портретін жасаған. 

Мамандығы  суретші  Қазыбек Исаның  бейнелеу өнері жайлы «Бұрқырайды бояулар» атты топтамасы ерекше дүние. Осындағы «Белгісіз суретші», «Винсент Ван Гог» жырлары туралы  көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның  Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  Дулат Исабеков  таяуда  «Егеменде» өте тамаша  жазды. Әсіресе, «Белгісіз суретші»өлеңі туралы: «Керемет жырдағы кенеттен шыққан  тосын түйінге  қарапайым  оқырмандар тосырқап  қалуы да мүмкін. Бірақ дәл осы өлеңді өз деңгейінде аударып, әлемдік әдебиетке, қазіргі  заманғы деңгейі биік көркем  позия  бәйгесіне   салып  жіберсең, маңдайы  жарқырап келері анық...»-деп жоғары баға берді.

Біздің айтарымыз, осы бейнелеу өнеріне арналған топтамадағы«Әсемдік әлеміне саяхат» жыр-көрмесі  өз алдына терең зерттеуді талап ететін, бұрын-соңды қазақ поэзиясында, бәлкім әлем поэзиясында  кездеспеген дүние. Өйткені, бұл өлеңде әлемнің әйгілі суретшілерінің  өнердің  алтын  қазынасына қосылған  атақты шығармалары, барлығы  28 туынды өте шеберлікпен  жыр тілімен бейнеленген.

Көңiлдер жоққа жортуылдай ма?

Джоконда, саған мың аңыз...

Ернiңнiң бiр сәт толқуын майда,

Күнәға бұрсақ – кiнәмiз...

Әйелдiң сырын ғасырлар бұрын,

Әйгiлеп бердiң, ай өңдiм...

Мона Лизаның жасырған сыры –

Монологы барлық әйелдiң...

Жасырғаныңды айтып беруiң,

Қажет пе, iштей ұғамыз...

«Адасқан ұлдын қайтып келуiн».

«Күтпеген едiк» мына бiз...

«Құлағын кескен»... Ван Гогың мынау,

Iсiне – iсi жауабы.

Бұл күнде мен де болмадым жырау,

Құлағым бiрақ сау әлi...-деп, Леонардо да Винчи, Рембрандт,  Рафаэль, Микаленджело, Репин, Ван-Гог, Пикассо, С.Дали  секілді   т.б. көптеген әлемге әйгілі  суретшілердің атақты картиналарының қадір-қасиетін екі ауыз сөзге сыйдырып жібереді. Сондай-ақ, қазақ бейнелеу өнері шеберлері де Қазыбектің сиқырлы қаламында сипатын тауып отырады. Мысалы:

Луврда жанған шырақтарынан,

Эрмитажда алған жылуды.

Тайқазанымның құлақтары да,

Түркiстан жаққа түрулi...

Көзiң ашылып қалатын көрме,

Барады зулап қазақы ат!

«Асауға тұсау» салатын елге

Асаулық бүгiн қажет-ақ...

Түрi жоқ аттың сiрә, көнердей,

Жанардан келмес жас көргiм...

Тасырлап шауып шыға келердей

Тас көшесiне Мәскеудiң...- деп, Ә.Қастеев, М.Кенбаев, Қ.Телжанов, С.Мәмбеев, С.Айтбаев, Т.Тоғысбаев,  А.Ақанаев, А.Дүзелханов, Е.Төлепбаев және т.б.  өнер тарландарының  шығармалары шырайлы тілмен бедерлі бейнеленеді.

Сіз әлемдік үздік галереяларда, Луврда, Дрезденде, Эрмитажда  немесе өзіміздің мемлекеттік Қастеев мұражайында бейнелеу өнерінің маржандарын көзбен көріп тамашалай аласыз. Ал суретші-ақын Қазыбек Исаның «Әсемдік әлеміне саяхат» жыр галереясында сіз ұлы туындылардың атымен танысып қана қоймай, оның затымен де, яғни ерекшелігіне де  қиыннан қиыстырған жыр маржаны  арқылы  көз жеткізесіз.

Болашақта бұл өлең-галереяны  жырдағы әйгілі картиналардың суретімен бірге  кітап етіп шығарса,  нағыз  рухани  жаңалық болар еді...

            Уақыт өте келе сыршыл лиризмазаматтық поэзияға ауысуы заңдылық. Ел мұратын, халық болашағын ойлайтын адуын ақынның өріс ауыстырып, жаңа көкжиектер іздеуі – күтілетін жағдай. Оның «Ақиқат дауысы», «Азаттық», «Тәуелсіздік», «Арыс апаты», «Жер бетінде періштеге жоқ орын»  жырлары осындай рухтағы туындылар.  Ол «Тәуелсіздік» өлеңінде:

«Алла сүйсе, шексіз бақыт береді!

Қайран елім!

Болашаққа сенеді.

Алаш бүгін арманым жоқ дер еді -

Бабаларым шәһит болған қан кешіп,

Бостандықтыкөрдікбіздерсебебі!»,-деп бостан күйдегі қазағымның

ертеңіне сеніммен, үлкен үмітпен қарайды. Ақырып теңдік сұраған кезімізді еске алып, Тәуелсіздікке тәубе айтады!

Иә, әрине, сыйлық пен марапат шығармашылық адамының шабытына шабыт қосып, қалам қуатын арттыра қоймағанымен, белгілі бір дәрежеде стимул беріп, желпіндіріп, қанаттандырып тастайды. Әрбір кітабы оқырманның қолында тозатын Қазыбек Исадай жампоз, парасат биігіндегі рухты  ақынның аламанда аты озып, мойны озық келетініне сенеміз!

Өйткені, дарынды ақын Қазыбек Исаның «Сыртолғау» жыр кітабы  Мемлекеттік сыйлыққа нағыз лайықты туынды.

 

Бекжан  ӘШІРБАЕВ,

ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...