Қуандық ШамахайұлыМұхиттың арғы жағындағы алып қаланың орталық алаңында серуендеп жүрген едім. Елден...
Қазақ прозасындағы магиялық реализм мәселесі
XX ғасырдағы әлем әдебиетінде мифтік тақырып пен мифологиялық сананың қайта оралуы, әсіресе 1950 жылдардың орта шегінен кейін Латын Америкадағы магиялық реализмның ықпалынан әдебиет шығармашылығындағы мифтік бояуы одан сайын күшейтуде. Сол себептен көптеген әдебиеттанушылар осындай феноменді «мифологизм» деп термин ретінде тани келеді. Әйгілі миф танушы Мелетинский мифологизмді XX ғасыр әдебиетінің ең көрнекті феномені деп жазады. Оның айтуынша әдебиет саласындағы мифологизм модернизмде ерекше түс алады, оның негізгі тұжырымдамасы байырғы мифтік архетиптер әр түрлі “бет бейнемен” қайта жанданып, қайталанып көзге түсетіндігіне толықтай сенім арту. Ғалым жазушылардың мифтік дәстүрден нәр алып, шығарма жарататын феноменді мифологизм деп тұжырымдама береді: «Ол әрі көркемдік амал, әрі осы амалмен байланысты әлемдік таным». Сондықтан мифологизмді классикалық мифтік элементтерге жасампаздық жасау арқылы құрылған модернистік көркемдік амал деп қарауымызға болады.
Қазақстанның ғылым саласында әдебиеттегі мифологизмге деген назары ертеден бері айрықша зор, қазіргі таңда әлі жалғасып келеді. Өкініштісі, әлем әдебиетін дүр сілкіндірген магиялық реализм қазақ әдебиетінде әлі үн түнсіз болып көрінеді. Сонда осы тенденция қазақ прозасында бар ма? Болған ба? Зерттеген бе? Даму жағдайы қалай? Төменде осы мәселелерге тоқталамыз.
1. Магиялық реализм
Магиялық реализм – XX ғасырдың 30-40 жылдарыда қалыптасып, 60-70 жылдарда ерекше дамып, Латын Американың дүниеге зор сілкініс алып келген ең танымалы әдеби ағымы. Алғашында неміс сыншысы Франц Рохтың шындықты өзгертіп көрсететін суретті сипаттауға қолданған термині «магнетикалық реализм» болатын, бірақ кейін бұл терминді Артуро Услар-Петри Латын Америкалық жазушылардың кейбір жұмыстарын сипаттауда кең пайдаланды. Куба жазушысы Карпентьер «Осы әлемнің патшалығы» (1949) повесінің алғы сөзінде «ғажап (тамаша, таңғажайып) шындық» терминін қолданды. Ал магиялық реализм дегеніміз табиғат пен қоғамдық өмірдегі «ғажап шындық»ті және адамдардың өмір шындығына деген ғажап танымын ашып көрсету, шындықты ғажап дүние ретінде сипаттау. Совет энциклопедияда бұл терминге мынандай түсіндірме берді: Постмодернизмнің бір күшті тарауы, классикалық реализммен қарама қарсы, бір түрлі “жаңа реал”. Магиялық реализмның жалпы қағидасы мен көркемдік амалы постмодернистік сипатқа йе, дегенмен магиялық реалист жазушылар ешқашан реализмнен алшақтаған емес. Магиялық реализм ең алдымен шындыққа деген бір түрлі позиция, яғни шынайы өмірден бастартып, елес әлеміне жүгіну емес, керісінше өмірге батылдықпен қарап, шындықты терең ашып, адамзат пен оны қоршаған табиғаттың арасындағы тылсым қатынастарды шебер суреттеу. Мысалы бір әйел су алғанда терең шұңқырға түсіп кету немесе бір шабандоз атынан құлауы, жергілікті индеец үшін шұңқыр әйелді алып кетті, оны жыланға немесе кезкелген олар сыйынған дүниеге айналдырып жіберді. Шабандоз атынан құлауы да абайсыздан емес, ол белгілі маңдайын жаралаған тастың оның рухын шақырудан келіп шыққан. Сондықтан Мексика әдебиеттанушы Луиш Леал (Luis Leal) мынандай тұжырымдама жасады: «Магиялық реализм әдебиетте елес әлемін жоқтан шығармайды, бастысы адам мен адам, адам мен оны қоршаған ортасының арасындағы ғажаптық байланыс». Сондықтан ғажаптық бояуы мол обьективтік шындық магиялық реалист жазушыларының шығармашылық ізденісінің қайнары деп қарауымызға болады.
1980 жылы Гарсия Маркестің «Әдебиет пен шындық» мақаласы жарияланды. Жазушының айтуынша: «Латын Америкада бәрі де мүмкін, бәрі де шынайы. Ғажаптықты жазушы қолдан жасамайды. Ғажап дүние болып көрінгенімен ол Латын Американың шындықтың белгісі. Біздің әдебиетіміз басқа мәдениеттегі оқырмандар үшін ғажап дүниеге толы, дегенмен біз үшін күнделікті өмір шындығы. Ол Латын Америка жазушыларының күделікті өмір тәжірибесі, саналарының ажырамас бір бөлшегі». Сондықтан шындық деген ұғым тек қана адамдардың іс әрекеті қана емес, адамдардың бүкіл ой-сезімдерді де қамтиды. Шындық дегеніміз обьективтік шындық, әрі субьективтік шындық. Магиялық реализмде обьективтік шындық пен сыйыну негізіндегі субьективтік шындықты араластырып жіберетін ерекшелігі бар. Сонымен қатар әлем модернистік әдебиетіне тән символизм, аллегория, гиперболизация, гротеск, сана ағым сынды көркемдік амалдарды да жие қолданады.
Латын Америкада сан алуан түрлі бір бірімен аралысып, сіңісіп кеткен мәдениет факторлар кеңінен кездеседі. Осы мәдениеттер Латын Америка мәдениетінің синкреттігін, күрделілігін және ғажаптығын қалыптастырды. Бұның ішінде жергілікті халықтың (индеецтер), кейін енген Батыс (әсіресе Испания, Португалия, Франция, Англия мәдениеттері), Африка мәдениеттері сынды трансформациялық үрдістерді қамтиды. Магиялық реализм осы үш топырақты бір арнаға тоғыстырды. Магиялық реалист жазушылар осы үш арнаның бойынан өзгеше күшті бойына жыйып, мифтер мен аңыздарды, сенімдер мен нанымдарды, өркениеттің қақтығысын ерекше шабытпен толғап, өзіндік байлам жасай білген. Магиялық реализмнің Латын Америкадағы классик шығармаларынан Гарсия Маркестің «Жүзжылдық жалғыздық», Хуан Рульфотың «Педро Парамо»,Алеxо Карпьентерытың «Жер патшалығы», Мигель Астуриастың «Президент мырза»ны айтуға болады. Сонымен қатар осы стильмен жазатын әлем жазушыларынан Михаил Булгаков, Милан Кундера, Харуки Мураками, Салман Рушиди сынды жазушыларды атауға болады.
2. Мифологиялық реализм және магиялық реализм
Реалистік әдебиеттегі мифологиялық құбылыс өткен ғасырдың 60-жылдарында қазақ, қырғыз әдебиеттерінде көрініс тапқан болатын. Біз оны шартты түрде «мифологиялық реализм» деп аламыз. Мифологиялық реалист жазушылар мен магиялық реалист жазушылардың санасында дәстүрлі анимистік ойлау жүйесі берік орналасқан, олар өз ұлтының миф аңыздарына белсенді жүгінеді. Дегенмен бұл екі әдеби тенденцияның мифологиялық ойлау жүйесі өзгеше болып келеді. Мәселен, Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» туындысындағы негізгі баяндау қабатының логикасы қазіргі замандағы адам санасының негізінде, реалистік стильде. Бірақ жазушы арасына миф аңыздарды, елес әлемін секілді қосалқы баяндау қабатты қыстырып, негізгі баяндау қабатындағы реалды жағдайға бір сыпыра нақты мифтік образдарды ұсынды. Реалды қабаттың баяндауының арт жағанда қырғыз ұлтының мифтік архетиптері жатыр және негізгі баяндау қабатының баяндау моделін басқарып турды. Айтматов бастаған реалист жазушылар мифологиялық элементтерді қолданғанда көбінесе астарлық әдіспен келеді, шығарманың өзекті мәнімен ұштастырып, шығармадағы реалға қызмет етуді көздейді. Шығарма композицияда мифтік мәтін мен негізгі баяндау қабатының ара жігі ашық, соған сәйкес мифтік мәтін де дербесірек болып келеді. Уақыт бөлісінде айқын көрінеді: миф өткендегі жәй, ал реал қазіргі шақта. Бұндай мифологиялық реализмнің қазақ прозасындағы көрінісін ғалым Ж. Жарылғапов дәлелдейді: «Қазақ прозасында мифтік желілерді, аңыздық сюжеттерді қоғамдық-әлеуметтік ойдың тірегі түрінде, экспрессифтік әр үшін, таза реалистік мақсатта қолданып келеді. М.Жұмабаев, С.Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов, М. Әуезов сынды классик жазушылардың шығармасында миф аңыздарды қолданғанда модернистік мүддеден гөрі реалистік ұмтылыстар басым» Сондықтан реалистік әдебиетте мифтік сюжеттер көбінесе шығармадағы реалды өмірмен тығыз байланысты, ол реалды баяндауының метафорасы, реалды өмірінің рефлекциясы.
Ал магиялық реалистік жазушыларда ғажаптық, поэзиялық дүние танымы берік орналасқан. Олардың көз алдында бүкіл әлем, реалды заттардың барлығы ғажаптыққа толы. Шығармада табиғаттан тыс тылсым күштер (әйел құдайы, жын перілер, шайтан періштелер т.б.) кеңінен кездеседі. Уақыт пен кеңістіктің шекарасы да жойылып, шынайы өмірі мен елес әлемі аралысып кетеді. Кейіпкерлер қоршаған әлемге миф арқылы сығалап, екі әлемде де жүре береді. Миф сол уақыттың шындығын түсінудің, түсіндіріп берудің амалына айналды. Магиялық реалистік жазушылар байырғы мәдениетті тұғыр етіп, ұлттық сипатты сәулелендіріп, ұлттың коллективтік миф, яғни магиялық дүние танымын қайта жаңғыртуды мақсат тұтады.
3. Магиялық реализмнің Қазақстандағы жайы
Магиялық реализм қазақ әдебиет тарихында рәсми түрде тенденция ретінде қалыптаспаған, қазақ жазушылардың санасында кең арна алып, өз орынын ала алмай жүрді. Қазіргі таңда магиялық реализм туралы қазақ тілінде жазылған зерттеу еңбектер жоқтың қасы деуге болады. Дегенмен магиялық реализм қазақ прозасында «діни магия» ретінде біраз қарастырылды. Зерттеуші Әбіл Серік Әбілқасымұлы магиялық реализм қазақ әдебиетінде қисса-дастандар мен М.Көпейұлы туындыларынан бастау алады деп тұжырым жасады. Зерттеушінің айтуынша ұлттық магреализмді прозада қалыптастырған Адам Мекебаев, қазақ әңгімелерінде Думан Рамазанның классикалық үш әңгімені («О дүниедегі әңгіме», «Жан» және «Жын»). Сонымен қатар қазақ әдебиетіндегі бақсылар туралы жазған қаламгерлер Ж. Ахмеди мен А. Алтай да осы бір тылсымға оранған жандар турасында өз романдарында жекелеген эпизодттарды арнады. Зерттеуші мақаласының соңында қазіргі қазақ ақындары мен жазушылары бейреалдылықты көне түркілік мистикалық ілімдер арқылы танып-білуге талпыныс жасайды деп үмітпен қарайды. Осы қарастырылған жазушылар көбінесе постмодернизм бағытында жазатынын байқауға болады. Сол үшін Қазақ постмодернистік жазушылардың шығармашылық ізденісінде магиялық реализм эксперименті көрінеді, бірақ таза, толық магиялық реализм күйінде емес, тек элементтер ғана болып кездеседі.
Ал магиялық реализм не үшін Қазақстанда етегін кең жая алмады? Кеңес өкіметі дәріптеген идеология мен магиялық ойлау жүйесінің қарама қайшылығы, яғни социалистік реализмнен басқа әдеби форманы жоққа шығару, әдеби ықпалдастықтың шектелу зардабынан кеңес кезіндегі мифологиялық поэтикасының дамуына тосқауыл болды. Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі бастапқы жылдарында түрлі объективтік шарттың ықпалынан магиялық реалистік әдебиет туын тіккен испан, португал тілдерінде жызылған туындылар әлі де көркемдік санаға толық сіңіп үлгермеді. Осынау көркемдік тенденцияға қатысты зерттеу жұмысы да жүйелі түрде жүрмеді. Әрине бұл себептер әлі толыққанды емес. Қазақ әдебиетіндегі магиялық реализм ағымының табиғаты мен ұлттық рухани арнамыздағы орыны әлі де өз зерттеушісін күтіп тұрған, болашақ жан жақты тексеруге тиіс іргелі мәселелердің бірі.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
1. Мелетинский Е.М. Поэтика мифа. Уэй Чинжын аударған. –ШаңУу баспасы, 2009. - 3 б.
2. Чин Гуанфу. Магиялық реализм. –ХуаЧин баспасы, 1986. –193-195 б.
3. Гарсия Маркес. Екі жүз жылдық жалыздық – Гарсия Маркес шығалмашылығы жайлы. Жу Жиндон аударған. –Иун Нан халық баспасы, 1997. –164 б.
4. Жарылғапов Ж. Қазақ прозасы ағымдар мен әдістер. –Қарағанды: ЖШС «Гласир», 2009.– 358 б.
5. Әбіл Серік Әбілқасымұлы. Милети реализм, Қазақи модерн, Алаши постмодернизм.
Болат Рауан
Қытай МинЗу университеті (Minzu university of China)
Ұлттар әдебиет факультетінің магистранты,
Пекин, Қытай
Ғылыми жетекшісі – С. Жұмағұл