Тәкен Әлімқұловтың жарияланбаған жырлары

ӘДЕБИЕТ
4188

«Қазақ әдебиеті» газетінің аса көрнекті тұлғаларға арналған «Тұлға» қосымшасы бүгін Жазушылар одағында 100 жылдығы аталып өткен Тәкен Әлімқұловқа арналған менің төмендегі мақаламмен ашылыпты. Тәкеннің бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған жырларымен сусындаңыздар.

ТӘКЕН ӘЛІМҚҰЛОВТЫҢ ТҮПНҰСҚА ЖЫР-ДӘПТЕРІ

Менің қолымда классик жазушы Тәкен Әлімқұловтың өз қолымен өрнектеп жазған өлең дәптері бар. Кәдімгі 48 парақты қалың оқушы дәптері. Сыртына «Тәкен Әлімқұлов. Жаңа өлеңдер» деп қойыпты. Өмірінің соңында бізге қалдырған сыбағасы. Бұрын еш жерде жарияланбаған жазушының жан сыры. Өз жүрегінің шындығы. Әр өлеңнің Тәкен өміріне байланысты өзіндік тарихы бар.Соңындағы даталардан бұл өлеңдердің 1981 жылы қағаз бетіне түскенін көреміз. Ал Тәкеннің тасқа басылған ең соңғы өлеңдер жинағы, жаңылыспасақ, көзінің тірісінде, 1980 жылы «Қаратау өрнектері» деген атпен «Жазушы» баспасынан шыққан. Оның өзі де екінші басылым. Ол кітапқа бірқатар өлеңдерімен қатар «Ақбикеш», «Зындандағы дүрсіл», «Ленин Разливте» атты үш поэмасы енген. Алғысөзін Дихан Әбілев жазған.
Енді Тәкен Әлімқұловтың бұрын жарық көрмеген жаңа жырлары енген түпнұсқа жыр дәптері біздің қолымызға қалай түскеніне келейік. Белгілі ақын, марқұм Бекен Әбдіразақовтың зайыбы Қазына Нұрмахановадан (әдебиет сыншысы Қалжан Нұрмахановтың туған қарындасы) сұхбат алу үшін барғанбыз. Тәкен ағамен құдайы көрші болыпты. Қазына апайлар бірінші қабатта, Тәкен аға екінші қабатта тұрған. Жазушының сүйегі осы үйден шығыпты. Әңгіме арасында Қазына апай Тәкеннің жерлесі екенімді біліп, ол кісінің өзінде 22 жыл сақталған сыр- дәптерін көрсетті. Жата жабысып, қалап алдым. Ал енді Тәкеңнің бұл өлең дәптері Қазына апайдың үйіне қалай келгенін ол кісінің ері, ақын Бекен Әбдіразақовтың күнделігінен көреміз. Марқұм Бекен аға сырлас ағасы әрі көршісі жайлы былай деп жазыпты:
«1985 жылы Тәкен аға жазушылардың «Шығармашылық үйіне» келді. Орналасты. Іздеп бардым.
Көңілсіздеу екен. «Рауан (ұлын айтып отыр – Б.Ә.) келіп кетті. Ақша бердім. Шешесі сұратып отыр ғой ақшаны...» – деді.
Қазына екеуміз барғанбыз. – Келін, – деді Тәкен аға, – жазу үстелінің суырмасына апарып қоярсың, – деп Қазынаға өлеңдер жазылған дәптерді, қойын кітапшасын ұсынды.
Сол дәптер әлі күнге дейін біздің үйде тұр».

Тәкен бұл қойын дәптерін Қазына апайға неге берді? Әрине, сақтауға. Бұл кезде айықпас дертке ұшырауына жақын қалған кезі. Отбасында жайсыздық болды ма екен, жоғалып кетер деп қорыққан. Сол үшін сенімді қолға тапсырған. Білетіндер Тәкеннің өте ұмытшақ, ұқыпсыз, аңғал болғанын, талай рет жаңадан жазып жатқан қолжазбаларын қоқысқа атып ұрған жерінен құтқарып қалғандарын айтады. Ал енді бұл өлеңдерді қара сөзде ешкімге дес бермеген жазушы тек ермек үшін жазды, негізгі мұраларына қосқысы келмеген деуге болмайды. Тәкең өзін ақын санап өткен сияқты. Жалпы, қазақтың біз білетін барлық атақты жазушылары (Әуезовтен басқасы) әуелі өлең жазып бастаған. Тәкен де алғашқы адымын ақындықтан бастаған. «Жұмбақ жан» кітабында бұл туралы: «Мен өлеңді бала жастан бастап жазған адаммын. Тырнақалды өлеңдерім «Социалды шаруа» деп аталатын аудандық газетте, «Қаратау кеншілері» аталатын рудниктік газетте басылды. Еш жерде жарияланбаған бір дәптер махаббат лирикасы Шымкентте жоғалды» деп жазады. Лирикасы ұнағандықтан Қасым Аманжолов бауырына тартыпты. 1950 жылы «Сапар» атты тұңғыш жыр жинағы, одан соң «Жазғы жаңбыр» мен «Боз жорға» өлеңдер жинағы шыққан. Пушкиннен, Науаидан, Лермонтовтан аударғандары бар. Атақты сыншы Төлеген Тоқбергенов «Тарлан ашқан талант» («Тоғыз тарау», «Жазушы» баспасы, 1974 ж) атты талдау еңбегінде: «Ол Пушкинның «Дауылын», Лермонтовтың «Измаил бей» поэмасының арнау жырларын қазақша әсем жеткізген-ді. «Қу ағашқа қонып ап, Жаннатың құсы жапанда, Көк қанаты жарқылдап, Қарайтын өстіп жаһанға» немесе «Бозғылт бір тартып жылтылдар аспан, Тұманда сұрғылт тамаша теңіз, Дауыл, көк, толқын бәрінен асқан, Емес пе ғажап шыңдағы сол қыз» деген жолдар шын шабыт иесінің жүрегінен туған еді» деп жазады Т.Әлімқұлов турасында. Тәкен – өлең жазып не аударып қана қоймай, «Поэзия және поэзия сыны», Абай, Қасым және басқа да көптеген қазақ ақындарының поэзиясы, Пушкин, Маяковский аудармалары хақында терең әдеби сын мақалалар жазған адам.
Білімпаз Тәкен Әлімқұлов «Көке, сіз жазушысыз ғой, ақындықты қайтесіз?» деген сол кездегі жас, максималист ақын Аманхан Әлімге «Кешіріңіз, мен мәдениетті ақынмын» депті биіктен қарап...
Білетіндердің айтуынша, сөзге сараң Тәкен ешқандай жазушылармен қоян-қолтық араласпаған, ешкімді жанына жақын жібермеген. Ішін бермеген. Бәрін үнсіз ұқтырғысы келген. Бір жағы, әрине, менсінбеу де бар. Осындай оңашаланған жұмбақ жанды жұрт қайдан ұқсын? Осы табиғи тумысы өзіне де батса керек. Менің қолымдағы дәптеріне іштен қайнап шыққан сырын былайша түсіріпті:

Көп білгіштің тыңдамай ақылдарын,
Жаман ойын өзімнің мақұлдадым.
Бір пенденің ашпадым есігін мен,
Бір пендені қонаққа шақырмадым.

Жырға мен жомартпын ба, сараңмын ба,
Өмірде адалмын ба, араммын ба?
Менсінбес дүниеде ешбір жанды,
Қырсық боп табиғаттан жаралдым ба?!

Тәкеңнің туған жері Бабаатаға жерленгені белгілі. Бабаата – Жартытөбе ауылдық аймағына қарайды. Жазушы өмірінің соңында осы Жартытөбеде де тұрған. 1988 жылдың қоңыр күзінде марқұмның 70 жылдығына орай ішінде сыншы Төлеген Тоқбергенов, шымкенттік жазушы Мархабат Байғұт бар бір топ аудан атқамінерлері Жартытөбеге соғып, Тәкен тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта қойған. Мынау, міне, осы Жартытөбеге арналған өлеңі (қысқартылып берілді):
Жартытөбе-ау, бүтін болсаң не етеді,
Бүтіндікке жарты қашан жетеді?
Баурайыңда шөгіп қалған қыш тамдар
Түсіреді еске ежелгі кепені...
Мені бастап, түздегі үйге апаршы,
Ұқсап маған, көзіңе іркіп, жас алшы.
Не болмаса үзеңгіге шіреніп,
Аттан түспей, «құлдық ұр» деп қасаршы.

Сонымен, сарғайып тозығы жеткен дәптердегі өлеңдердің бәрі Тәкеннің табиғатын танытатындығымен, ең бастысы, шынайылығымен құнды. Дәптерде сондай-ақ екі аударма және бір орысша жазған өлеңі де жүр.
«Жұмбақ жан» атты тамаша кітабында «Дәуір арқылы Абайды ашамыз ба, яки болмаса Абай арқылы дәуірді ашамыз ба? Абай Құнанбаев осының соңғысына жатады» деген сырлы суреткер тағы да «Менің дәуір арқылы танылғым келмейді. Дәуірді өзім арқылы танытсам деген дәмем бар» депті. Айтса айтқандай, біздің бүгін тұтас бір дәуірді Тәкен шығармалары арқылы танитынымыз анық. Мынау өлеңдер де соның бір тамшы үзігі…

ТӘКЕННІҢ ЖАРИЯЛАНБАҒАН «ЖАҢА ӨЛЕҢДЕРІНЕН» ҮЗІНДІ

Ертегі

(Генрих Гейнеден)
Жеткен күнге ертегіден –
Мұңлы көңілім жастан алаң.
Ертектен сыр шертемін мен –
Шерте білмес басқа адам.

Ойнап тағдыр әр адаммен,
Тағдыр әмсе айнымалы.
Болсаң да өзің ғасырға тең,
Ғасыр кейде тайдырады.

Шытынаса жердің шары –
Сыздар бірге жұмыр жүрек.
Маған бауыр елдің бәрі,
Жасар ұзақ шымыр тілек!

Серілерге!

(Әзиз Несиннен)
Тыңдайды «локатормен» өңшең тыңшы,
Ішінде кісі таныр жоқ бір сыншы.
Зайыпты кеттім тастап Стамбулға,
Серілер жалға тұрған ойнап-күлші.

Бола алмай өз елімнің ұлтаны мен,
Түріктің таңбаладым сұлтанын мен.
Батырдай шыны жұтқан шақырлатып,
Жұтар ма ем сұлтан тәжін қылтаңымен!

Емханада

Ұяңды аңсап, оралып келсең елден,
Әкетеді үйіңнен «жедел жәрдем».
Қарсылассаң қолыңды байлайды артқа,
Мылқау күшке, қайтесің, бар ма дәрмен.

Емханада таба алмай тамырыңды,
Ине шаншып, шымшиды сабырыңды.
Білегіңді қайыспен буындырып,
Шімірікпейді естісе сарыныңды.

Емханадан бұйырса саған азап,
Аяғансып етеді сені мазақ.
Армандайсың өлімді бебеу қағып,
«Мүше он екі сауыңда ал» дер қазақ.

«Ит жанды адам» деген рас екен,
Зираттан бұйырмады маған мекен.
Бақытты енді маған берсе де алман,
Шетіне өмірімнің шермен жетем.

Анкет

– Қайда, - деп, - осы сенің анкетің,
Шұқшия біреу мені тергейді.
– Анкетсіз өстім мен жетім,
Десем тергеуші оған сенбейді.

Қолтаңба, – дейді – маған керегі,
– Кітабымда таңба деймін мен күліп.
Өткеннің әлі-ақ табылар дерегі,
Жұмбақ көп дүниеде мәңгілік.

Туған күн тіркеусіз сахарада,
Мұқамбет-Қанапия – Шоқанның есімі.
Ұялдым, қысылдым мен осы арада,
Жетімек паспорттың тиді кесірі.

Дейді шал: «Қарашада туғансың»,
Кемпір дер: «Наурызда, келгенде қарлығаш,
Жаңбырмен тәніңді сен жуғансың,
Уыздан бұйырған тұңғыш ас».

...Туыппын, тегі, түйенің қомында,
Бүркеншік бір атым – Іргежал.
Таңғалар тентек те, момын да,
Іргежалға құласам бейне сал!..

***

Маған бір мөр бұйырмады,
Нығайтар қолтаңбамды.
Жүрген жерім шиырланды,
Із кесуші шамданды.

Ит теріге мөрін басар –
Би емес ол бұрынғы.
Таңбасы оның жүз жыл жасар,
Айтсаң қапысыз сырыңды.

Шарасыздан жазды жырды,
Әр шумақтың мөрі бар.
Досқа да айтпас осы сырды
Біледі ізші іші тар.

Есімдер туралы жыр

Қойылар кітап ашпай қазақы есім,
«Құл» мен «бек», «бай» мен «мырза» - оңай шешім.
Қоянның көжегіндей «әли», «ғали»,
Араптан еншіге алған соның несін?!

Мен сыншы «әлиге» де, «ғалиға» да,
Зиялы жуасқа да, далиға да.
Араптың қылышында сана жоқ-ты,
Ішіңде Фирдоуси мен Жәми бар ма?!

Есімді бұралқысыз жаратамын,
Білемін арғы тегін әр атаның.
Шежіре менің жадым жүз ғасырлық,
Есімді жүз тарауға таратамын.

Қашаған мәрмәрға есім жыр секілді,
Артқыға шеккен сұмдық сыр секілді.
Шығады жарысқанда жүзден жүйрік,
Екшеу жөн жүз есімнен бір есімді!

***

Жинағым тұңғыш «Сапардан»
Өмірім бар асы жыр.
Қалсам да кейде қатардан,
Жырымды әркім айтып жүр.
Шөберем кейін ұғар ма,
Кепілдік емес айтарым.
Егіз бе, әлде сыңар ма,
Және де жинақ тартамын.
Байқалмас еді жоталар,
Болмаса адыр-саласы.
Әкенің мейірі от алар,
Күлгенде тұңғыш баласы.
Әдеби алғаш әліппе –
Екен ғой өлең, байқасам.
Жыр оқыр сау да, кәріп те,
Өмірін дәлдеп айта алсаң.
Құралды соңғы жинағым –
Небәрі үш жүз өлеңнен.
Жұртыма барым сыйладым,
Қысылмай қораш көлемнен!

Қымызшы жеңге

Бар еді қымыз сатар сұлу әйел,
Аузының суы құрып, айтар әр ел.
Бір жігіт жолаушылап келе жатып,
Кезікті бейне қаңбақ айдаған жел.
Базарға бет алдың ба, жеңге? – деді,
Берейін мен де саған теңге,- деді.
Атынан аударылып түсті жеңге,
Беткейге түйе-тайлы дөңгеледі.
Бір местен көрді жігіт татып қымыз,
Мынауың,- деді, - екен саумалды уыз;
Екінші месіңнің де ашшы аузын,
Куә жоқ, базардан тым жырақ тұрмыз.
...Әйелдің екі месте екі қолы,
Әрине, қоя берсе қайнар соры.
Сәт керек сусын екеш сусынға да,
Қымыз ішкіш жігіттің болды жолы.

Қалыңдық қаһында баллада

Қамын жер көп ақынның жолдасым сал,
«Табамын, - деді, - саған оңдасар жар».
«Делдалға қаным қарсы бозбас жастан»
Десем, ол деді: «Сенің сырқатың бар».
Әрине, жолдас салда болмайды дерт,
Білмейді жанатынын ішімде өрт.
Су сепсе қарлығаштай, әлбетте, игі,
Қапылыс жермай құйып жүрмесе тек.
...Қасыма жалт ете қап отырды қыз,
Байланды өрт орнына ішіме мұз.
«Мейманның қонақ үйде пысады іші»,
Біледі қайдағыны меймандос қыз.
Іш пысу рас еді, аштым шампан,
«Неге жоқ сізде, - дейді, - сері компан».
Отырды жалаңаштап ақ білегін,
Наз тастап, елең-алаң атқанша таң.
Білегін жалаңаштар қысылмастан,
Түсірдім ауыл қызын киіз басқан.
Көзіме елестеді бозбас шағым,
Үстінде текеметтің дәм татысқан.
Асықтым алыстағы ауылыма,
Жейдешең шомылмақ боп жауынына.
Шіріген апельсинді кеттім тастап,
Жеңсік боп жеңшем еккен қауынына.
...Өтті күн. Баяғы қыз келді жетіп,
Жеңешем шашты шашу, ырым етіп.
Болды тар туған ауыл енді маған,
Қаңғырып, құла дүзге қалдым кетіп.
Баяғы қамқор сөздің келді кері,
Аурумын, шынында да, содан бері.
Әсте емші сауықтырыар таба алмадым,
Ұрғандай шапалақпен мені пері....


***
Кітап сауда мекемесін басқарған,
Құрады жік кіл зымиян жастардан.
Жазып мысқыл таңғаларлық ұрпаққа,
Кетті дәрмен енді ақын Асқардан.

Кітабы оның «еле-еле» шығады,
Ал келерде саудашы әлгі бұғады.
Жазады арыз саудашы іңір-күңгіртте,
Сөнгенінше бықсып жалғыз шырағы.

Зымияндар алады одан үлесін,
Саудашы дер: «Бәрі өзімдей түлесін!».
Жүзден жүйрік қараулы ел шығады,
Белгілі ғой жалпақ жұртқа бір есім...

Көкпар

(Шабандоз Сұлтанбекке)

Салмайсың бізше қағазға шимай,
Сайысқа атта сізден жоқ ұста.
Таптауға жазда егінді қимай,
Шабасыз көкпар қар жауған қыста.

Аттарың шапқан бұрқылдап ақ қар,
Ұқсайды атқан арайлы таңға.
Тұрады «Чайка» - байланған ақ нар,
Тартылар кейін бұйырған жанға.

Сіз дейсіз маған: «Додадан сақтан!»,
Бұйырсын қайдан ноқайға дода?
Сөкпеймін сіз құласаңыз аттан,
Мертікпей тұрсаң, айтамын «тоба!».

Жасымда мен де шапқанмын көкпар,
Салмадым, әттең, сізше мен салым.
Қанымда қалған тартыстан от бар,
Енді алам қыздан өлеңмен «алым».

Шауып көкпар жүре де бермей,
Айтуым өлең бекер ме, бәлкім?
Бір жанға бітпес қос өнер бірдей,
Қол жетпеске құмартар әркім.

Үзеңгі жолдас

(Өзбек жазушысы Пірімқұл Қадіровке)

Сен жүдә ізетшіл едің Мәскеуде,
Лауазымымыз болса дағы тепе-тең.
Мен едім өзімше өр кеуде,
Көрмедің шеккі әсте сен.
Сен мілләттің мінезін таныттың,
Мен, әлбетте, оны жөн көрем.
Мен баласы көшпелі халықтың,
Дөрекі бейнесіз сөйлемен.
Сен маған деуші едің: «Шешенсің!»,
Халық қой шешенді саралар.
Сен ізетпен шын шешен екенсің,
Назираң – шежіре-шешенге барабар!
Сен бастырсаң май сорған палауды,
Мен табиғи жамбасты кемірем.
Ұмыттым жолдас санын санауды,
Өзбектен елестетем сені мен.
Арада Сырдария көпір бар,
Несібе бөлгізген ежелгі кезден.
Үлесінен ұрпақ мақұрым қалар,
Алмаса ғибрат кәттә – Сіз бен Бізден!

Дайындаған Төреғали ТӘШЕНОВ

author

Тәкен Әлімқұлов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...