2020 жыл – даңқты бабамыз, ұлы ұстаз, ғұлама ғалым Әбунасыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл тол...
ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ МАТЕМАТИК НЕДЕН ҚАТЕЛЕСТІ?
Кезекті мысал.
«Ақындықтың, өлеңнің адамзатқа керек екендігі, өлеңмен туып, өлеңмен өлетіндігі – айқын нәрсе. Бірақ сіз фактіге келіңіз. Мысалы, ақындардың жазатын 3-4 тақырыбы бар: "Махаббат, Туған жер, Отан". Басқа тақырып жоқ. Махаббат деген ең оңай тақырып. "Сүйдім-күйдім" деп бәрі жазады емес пе? Шындығында оны жазу да оңай емес. Жалпы, кәсіптің бәрі жақсы. Ғылым да, ақындық та, құрылысшылық да. Әңгіме соны профессионалды тұрғыда игеруде. Егер, өлең жазу қиындап кетсе, демек, профессионалды деңгейдің жоғарылағаны. "Махаббат, күйдім-сүйдім" деген миллион өлең бар. Математика туралы бір өлең білесіз бе? Математика, физика туралы бір өлең жоқ. Олар ұйқасқа келмейді. Ұйқасқа келтіруге болады. Тек, білім керек».
«Қазақта айтыс деген өнер бар. Сөзбен салғыласу. "Сен Қыз Жібек емессің" дейді. Оған жауап ретінде: "Мен Қыз Жібек болмасам, сен Төлеген емессің" дейді. Айналып келгенде сөзбен салғыласу. Міне, осындай айтыс Италияда да болған. Бірақ ол айтыстың бұл айтыстан ерекшелігі Италияда сөзбен емес есеппен айтысқан. Бірі екеншісіне 10 есеп берген. Оны кәдімгідей нотариус арқылы бекітіп, пәлен күнде шығарам деп қол қояды екен. Жауабын кейін халыққа жариялайды».
Асқардың қазіргі айтыс өнерін бағалағандағы «өзара салғыласу» дегені де – ешқандай этикаға, ақиқатқа жатпайды. Тым жабайы пікір. Қазақтағы айтыс өнерінің европалық «трубадурлардан» да бұрынғы бағзы замандардан бері келе жатқан сандаған түрлері әлі тірі. Солардың бірі – «жұмбақ айтыс». Сол «жұмбақтардың» ішінде математиканың да көкесі бар. Жұмбақ айтысқан ақындарымыз «италияндық айтыскер ақындардай, нотариусқа жүгінбей-ақ, айтар сөзінің тұжырымын он күнге созбай-ақ», тыңдарман-көрермен алдында бірден суырып салып айта береді.
Ары қарай.
«... Менің білетінім кез келген математик махаббат туралы өлең жазып бере алады. Оның сапасы нашар, деңгейі төмен болуы мүмкін. Ол – басқа мәселе. Ал кез келген ақын есеп шығарып бере алмайды. Жалпы ақын емес, кез келген адам есеп шығара алмайды. Өкінішке орай бізде не көп ақын көп. Қазақта екінің бірі екі ауыз сөздің басын құрай алады. Екінің бірі есеп шығара алмайды. Қазаққа кім керек? Қазіргі дамыған заманда қазаққа технократ керек. Өйткені біз ертең сөз ұйқастығы, әдемілігімен алға шығып кете алмаймыз. Оны сіз мойындайсыз, мен мойындаймын. Балаңыз мойындамайды. "Ой, атамыз болтун екен",- дейді. "Айта береді",- дейді. Болды. Ақындық қазақтан басқа ешкімге керек емес. Бұл "өлеңді таста" деген сөз емес. Ол "бүгінгі күннің кәсібін үйрен, жатпа, алға жылжы, позитив ізде" деген сөз».
Міне, осылай дейді әйгілі математик бауырымыз. Мұндай бір-біріне кереғар пікірлерді Асекең көптен бері айтып келе жатыр. Ойында руханият мәселелеріне қатысты онша тиянақ жоқ адам ғана солайша өз сөзін өзі жоққа шығарып сөйлей береді. Оның былай дегені де жөн емес:
«Ұлттық намыс, ұлттық рух» деген сөзді қазақ көп айтады. Мұның барлығы технократтық реформа болмай, бос сөз болып қалады. Рух деген не өзі. «Ойбай, рух қайда?» деп сіз күніге жүз рет айқайлаңыз. Не өзгереді? Бір бес минутқа сіздің рухыңыз көзін ашар, «әй не болып қалды, бұл не шу?» деп. Содан кейін қайтадан қалың ұйқыға кетеді. Рухыңыз ұйықтамай, мүлгімей, сергек жүру үшін оның артында бір тірек болу керек. Бұл тірек - технократтық. Яғни, қазақты өзгелерге мойындататын өзінің жасайтын бірдеңесі болу керек. Қазақ деген ақылды халық. Мінекей, жасаған заттарын қараңыз дегізетіндей”.
Алдымен, технократия жөнінде қысқа да нұсқа бір-екі сөз. Ақиқатында, екі өркениет бар, көшпелілер мен отырықшылар өркениеттері. Алғашқысының өркениеттік ұстанымын, шартты түрде, мынадай тандеммен түсіндіруге болады. «Руханият+Технократия». Мұндағы Технократия «арба» ретінде болса, Руханият – сол арбаны «сүйретуші», жасампаздыққа ыңғайлаушы қуат. Отырықшыларда керісінше. Яғни, көшпелілер өмір сүрудегі қозғаушы жасампаз күш деп руханиятты таныса, отырықшылар оны технократия деп біледі. Қазір, «Технократия+Руханият» тандемі жаппай үстемдік етуде. Яғни, Руханият – екінші планда елеусіз қалып барады. «Қазаққа да ақын емес, технократ керек» деген жаңсақ пайым содан туындайды. Оның соңы не болмақ? Оның соңы – бейруханилық катастрофа. Бейқоштық (байғұстық). Неге? Себебі, технократқа сіздің руханиятыңыздың түкке де қажеті жоқ. Белгілі бір техникалық салада, «белгілі бір формулаларды жадтап, соларға керек есептерді шығарып», мықты маман болса, ақысын алса болғаны. Алайда, ондай маман жақсы адам бола алмайды. Жақсы адам болу үшін, әуелі руханиятты меңгеру шарт. Кемел адамға тән аңқылдаған ақкөңілділік, мәрттік, жомарттық, меймандостық, қайырымдылық, мейірімділік, адалдық, арлылық, соның бәрі математика мен технократия арқасында қалыптаспайды, руханият арқасында қалыптасады. Сонда технократия дегеніміз не? Ол – тәндік қажеттерімізді қанағаттандыру сапасын арттырудың, тұрмысымыздың (өміріміздің емес) салтанатын асырудың, затты затпен зерттеп-біліп, соның бәрін тағы да сол тәндік қажетімізге пайдаланудың, сауда жасап, баюдың тиімді амал-тәсілдері ғана. Руханият бас болмаған жерде, технократия – біздің концентратты ішер асымыз бен автоматты жатар төсегіміз және «цифрлы» әжетханамыз ғана болып қалады. Өйткені, технократия бізге өлең жазып, ән шығарып бере алмайды, өнер тудыра алмайды, адамды ізгілікке баули алмайды, қайырымдылық жасап, мейірімділік көрсете алмайды, ұлттық болмысымызды сақтап қала алмайды. Сондықтан да, әлгіндей технократ-маман дұрыс адам да бола алмайды. Руханиятпен сусындаған адам кемел маман (мысалы, математик) да бола алады. Өкінішке қарай, біздің елдегі экономикалық саясат пен білім-ғылым саласы сол сорлы «Технократия+Руханият» тандемінің сипатында жылжып бара жатыр. Басқаша айтсақ, «аттың басын арбаға қарата жегу» «дилеммасы». Ондайда, «ат артымен қозғалу керек, немесе, арбаны алға итеру керек, әйтпесе, арба атты сүйреу керек, немесе, атты алға итеру керек». Нәтижесі – апат. Асқар бауырымыз да – соның бір белсенді «жаршысы».
Қош. Ал енді, жалпы алғанда, өмір сүрудің мәнісі мен мағынасы, маңызы мен мазмұны неде? Ол – технократ, я басқа бір салада маман болуда емес, - жан-жақты Кемел Адам болуда! Ал, Кемел Адам дегеніміз нендей жаратылыс? Ол тұрғыда да, менімше, Абайды пір тұтатын Асқар бауыр сол дананы әлі түсінбеген болса керек. Түсінсе, ақын мен поэзия туралы әлгіндей албаты сөйлемесе керек еді. Мәселен, ақын Абай былай демеп пе еді:
Жүректің көзі ашылса, Хақтықтың түсер сәулесі.
Іштегі кірді қашырса, - адамның хикмет кеудесі.
«Хақтық (құдайлық ғылым-білім, өнер.,) сәулесінің түсуі», «Адам санасының («кеудесінің») хикметі (адами қабілеттің жан-жақты жасампаз кереметі)». Ғажап емес пе!..
«Жүрек көзін» математика да, технократия да «аша» алмайды. «Іштегі кірді» де «қашыратын» олар емес. Аксиома. «Іштегі пендешілік-шайтандық кірді» тек арғы ата-бабаларымыздан қалған көркем философия мен әдебиет һәм өнер түрлерінің бәрін қамтитын Сөз Руханияты ғана тазалай алады. Сол Сөз Руханиятының басында – кешелі-бүгінгі мәртебелі Поэзиямыз тұр. «Өлең – Сөздің Патшасы». Бір интерпретациясы: «Сөздің көркем де көсем ойлайтын патшасы – Өлең». Көркем де көсем Сөзді, Ата Тілді культ тұтынған, табиғатынан Ақын Қазақтың кемел танымы сондай. «Туғанда – Дүние есігін ашады Өлең. Өлеңмен жер қойнына кірер денең. Өмірдегі қызығың, бәрі – Өлеңмен».
Өмірдің өзі – Өлең. Өлеңде, яғни, кемел Поэзияда математика бастатқан сансыз ғылымның бәрі жабылса да, еш біле алмайтын, түйсікке ғана сезілетін таң-ғажайып құпия сырлардың, музыканың, нұрлардың баршасы бар. Поэзия – адам жанын тазартады, парасатын молайтады... кемелдікке жетелейді.
Иә, Абай «жүрек көзінің ашылуы» жайында айтты. Математикамен емес, Өлеңмен. Бабаларымыздан келе жатқан Сөз Руханиятында «Төбекөз» деген ұғым да бар. Абайда ол – «Ой Көзі», Шаһкерімде, - «Жан Көзі».
Жүрек көзі – адамның сезімдік он мүшесінің («он көзінің») ішіндегі ең бастысы. Адамдық он екі мүшенің қалған екеуі – Сөз мүшесі (Тіл) және Іс мүшесі (қол-аяқ). «Он екі мүше». Кемел Адамда сол он екіні және ақыл-есті (Көсегені) Төбекөз басқарып тұрады. Төбекөз – Рухтың яки Қош Егенің өзі әрі Көзі.
«Төртеуі (төрт көзі) түгел (кемел) болса,
Төбедегі Көз (Төбекөз) көреді.
Алтауы (алты көзі) ала болса,
Ауыздағы (Сөз) өледі».
Мәңгүрттену кесірінен, «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген түрде, мүлде ұғынықсыз формаға түсіп, өзге мағынада қолданылып келе жатқан Адамтану математикасының осы «формуласының» құпия сырын бізге қай математик я қай технократ анықтап береді? Өлердей жанталасса да, ол қолдарынан келмейді, егер, «Руханият+Технократия» тандемінің дұрыстығын ұғынып, жан-дүниесін тазартарлық («іштегі кірді қашырарлық») Сөз Руханиятын меңгермесе, соған жүгінбесе.
«Отыз омыртқа, қырық қабыртқа, ауыз омыртқа – аппақ жұмыртқа», «Маңдайдағы бес елі сор», «Маңдайдағы бес елі ырыс», «Бес Ене («пешене)», «Сегіз қырлы, бір сырлы Ер», «Сегіз қырлы өткір Сөз», «Қырық құбылған көңіл», «Тоғыз – толғану, он – ойлану», «Қыз – қырық шырақты»...
Бір ғана адамтану математикасының рухани формулаларының өзі осылайша сансызданып кете барады. Соның бәрі – дана бабаларымыздан қалған Сөз Руханиятының жауһарлары. Біз оны, аз да емес, көп те емес, ширек ғасырдан астам уақыт бойы мұқият зерттеп-зерделеумен келеміз. Адамтану Ілімі – «Аңқыма» деп аталатын, әлемде теңдесі жоқ Ілімнің бір тармағы ғана. Бізге Адамтану Ілімін меңгермек керек. Сонда, «Өзін таныған – Тәңірісін таниды». Оның бәрі технократиядан я математикадан басталмайды, Сөзтанымнан басталады. Сөзтанымның көркем философиясы – Бестаным (Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыштану және Құдайтану) кереметінің негізі. Сол Сөзтаным мен Бестанымның сансыз қағидаларын бізге қай математик ашып, қай технократ анықтап беріп еді? Қанша тыраштанса да, олар қазір де солардың құпия сырларын еш біле алмайды, формулаларын түзе алмайды, техникасын жасай алмайды.
"Қазақ Тілін білсе еді;дін де осында, ғылым-білім де осында, әулиешілік те осында. Солай болғаны үшін, бұрынғы өткен бабаларымыздың бәрі жақсы болып, әулие болып өтті". Әулие Мәшһүр Жүсіп. "Қазақ Тілі - жұмбақ; не айтса, бәрінің шешуі бар. шешуін білуге тырысу керек". Әулие Мәшһүр Жүсіп.
Осы орайда, академик бауырымыздың жоғарыдағы мына сөзіне де қайыра бір оралайық: «... Ұлттық намыс, ұлттық рух» деген сөзді қазақ көп айтады. Мұның барлығы технократтық реформа болмай, бос сөз болып қалады. Рух деген не өзі. «Ойбай, рух қайда?» деп сіз күніге жүз рет айқайлаңыз. Не өзгереді? Бір бес минутқа сіздің рухыңыз көзін ашар, «әй не болып қалды, бұл не шу?» деп. Содан кейін қайтадан қалың ұйқыға кетеді...»
Бұл да – білместің шолақ пайымы. Әлгінде біз «Қош Еге» (Жұпар Рух) мен «Көсеге» (жұпарлы Жұмақ Ес.,) ұғымдарын атап айтып кеттік. Олар да – кемел адамға, адам кемелдігіне қатысты ежелгі аңқымалық терминдер. Болашақта, рухани эволюция заңдылығы бойынша, адамдар таң қаларлық кемелдікке ие болады. Әрине, Сөз Руханиятының, поэзияның, өнердің, жалпы, әдебиеттің, Ата Тілді қастерлеудің арқасында. Сонда телепатия, телекинез, көріпкелдік («Хақтықтан түскен сәуле»-информацияларды «оқи» білу), телепортация, левитация сынды, адамға тән қисапсыз қабілеттер жан-жақты ашылады. Әне, со кездерде әйгілі математик Асқар тәу етіп отырған технократияңыз да біржолата адыра қалмақ.
Тыныштықбек ӘБДІКӘКІМҰЛЫ