Ақ өлеңмен жазылған әңгіме

ӘДЕБИЕТ
1854

Маржан Ершу – қазақтың көрнекті ақыны. Шығармашылығы Қазақстанда ғана емес, Түркия, Мажарстан, Қырғызстан, т.б. түркі елдерінің оқырмандарына да жақсы таныс. Бүгін ақынның шығармашылығына 30 жыл толуына орай қырғыз, түрік елдерінен келген әдебиет өкілдерінің қатысуымен Атырау қаласында «Атырау айдынды өлкем – ардағым-ай» кеші өтіп жатыр.
 
Ақын өлеңнен қара сөзге ауы­сып тұрудан кей мезет береке та­ба­ры болады. Маржан Ершудың әңгімелері көлемі қысқа болғанымен мазмұны бай һәм деректілігі, айқындығымен ұнады. Осы ретте испанның ұлы ақыны Федерико Гарсия Лорканың шын­дық өмірдің көркемдігіне ешбір қиял теңесе алмайтыны туралы түйінді ойы жадыма оралып отыр.

«Асалы – Көкетай» атты әңгі­ме кейіпкерлері – өмірден жасын­ша жарқ етіп, оты­на күйген, аяулы есімдері ел жа­дында жазылып қалған қос ғашық. Шын махаббат мың жылда бір кездеседі дейді, бір-бірін сүйіп, бақытқа ұм­тыл­ған михнатты жолда жанын са­­даға қылып, сезім үшін құр­бан­дық­қа қиюға, шейіт болып кетуге бар ғашықтардың аты аңыз болып қалатыны сол екен. Олардың си­па­­тында жұп аққудай керімдік бо­­­лады. Сыңа­ры­нан айырылған ақ­­қу көктен жер­ге құлап өледі. Мы­­на бір пара­доксқа қараңыз: адам­зат тарихын­да аты аңызға ай­нал­ған ғашық­тар­дың өзі бар бол­ғаны бір­неше жұп. Соған қарағанда,шын ға­шықтық тым сирек кездесер құ­ді­рет болса керек.Ескі қазақтың тіршілігі. Ұлан­ғайыр қазақ сахарасының күн­баты­сы, Каспий теңізі маңын жай­­лаған, Жем бойындағы ел. Кө­ке­тай бай қызы, бөрідей азулы төрт ағасы бар. Сұлу қызға ің­кәр­лік сезімін Асалы жас алты қырдың ас­тынан жолдайды, жылқы бағып жүріп иен далада ән шырқайды. Әң­гіме лейтмотиві - асқақ ән. Бұл ән-жырға лайық махаббаттың өл­мей­тін белгісі, символ. Эпиграфы сәт­ті алынған. Халықтың өз жүре­гін ашқан әні. Бұл әңгімедегі бірін­ші ән. Екінші ән – ғашық жі­гіт Асалының әні, иесі өлсе де жо­ғал­май, асыл мұраға айналған, сүй­ген жардың рухы өлмейтін кербез ән.Көне ғұрып, дала дәстүрінде ер жігіт ынтықтығын ән арқылы та­ныт­­қан. Мұны испандықтар «Се­ре­­нада» дейді. Оқиға тез өрби­ді. Айт­тырылған, үкі тағылған сұ­луды сүйетінін Асалы бір ауыз ыс­тық лебізімен білдіреді. Қыздың жү­регіне шоқ түсті. Қыз жеңгесі ар­қылы енді өзі жігітті іздейді, ав­тор нәзік арудың назын, мұңын ақ өлеңмен берген.

Автор Асалыны «Келімсек жыл­­қышы» деп қадай айтады. Қор­­ғаны, айбары жоқ, салт атты жал­қы жігіт, ондай жалаңаяқ мал­сызға өктем қазақ қыз беруші ме еді?! Сосын қазақ ғұрпында жал­ғыз­дықтың өзі айып, рулы ел саяқ­ты әсте менсінер ме? Тіпті аңыз­дағы Жүсіптей көркі мен сымбаты болса да өлмей қыз бермейді.Трагедия әкелетін қайшылықты ескі өмірдің қараңғы жақтары жиі туғызып отырған. Қазақ халқы ес­кі­лік пен надандықтың шыр­мауы­нан шыға алмаған сәттерін ғашық­тық хикаясында кейінгіге ұмытпай қалдырып отырған. Мұнда сол тра­ге­дия үшін, жазықсыз төгілген қан, қыр­шын жастар үшін жүректерді те­бі­ренткен қасіретті суреттеп қал­дыру мұрат болған. Көзі қарақты оқырманның өзі де аңғарған болар. Маржанның «Асалы - Көкетайы» Бейімбет Майлиннің « Шұғаның белгісіндей» әдемі оқылады.

Маржан Ершу әңгімесін стиль­дік тұрғыдан ақ өлең арқылы ба­йыт­қан. Жүсіпбек Аймауытовтан кейін қазақ прозасы ақ өлеңді жа­ны аңсап тұрады. Әлбетте, әңгіме осымен тәмам болар еді. Өлер ға­шық­тар өлді, жұрт жадында есім­дері жаңғырып қала берді. Күншіл һәм топас, жалған, намысшыл, зор­лықшыл топ екеуін екі бөлек жер­­леді. Тіпті ғашықтардың өл­генде бейітте қатар жатқанын тірі­лер­дің көтере алмауы рас. «Асалы мен Көкетай мазарлары арасында бірер шақырымдық жол бар. Ма­хаб­­бат деген киелі сезім бай мен жарлы, тек пен түрге бағынбайды екен».

Әңгімедегі соңғы түйін: ән құ­діреті, ол ел қазынасына айналды. Жастай солған жазықсыз құрбан­дар­дың қайғысын осы ән ақтап та, сақтап тұрғаны анық. Олар әнге айналу үшін қыршын өлгендей әсері бар.
«Әйгілі әнші Мұхиттың «Кіші Айдайы» ел арасында, біресе «Бала Ораз», біресе «Жылқышы» болып таралған. Мұның себебі: «Жыл­қышы» - жылқышы Асалының әні, Асалыдан Бала Ораз үйреніп, оны Мұхитқа айтқан екен. Жақсы әннің қадірін білетін әнші Мұхит Асалының әнін де орындап, кейінгі ұрпаққа жеткізген. Ака­демик Ахмет Жұбановтың дере­гінде бұл жайт айтылған дейді автор.
«Құлпытас» атты әңгіменің кө­ле­мі бір жапырақ, ал көтерген жүгі осал емес. Әңгімеде ескі қазақ­тың тарихында өткен аруақты, ардақты адамдардың есімдері аталады. Кейіпкерлері ел жадында өшпестей қалған тұлғалар. Жем бойындағы Төремұрат батырдың қонағы Құрманғазы, атыңнан айналайын Құрманғазы, күй атасы Құрманғазы. Мен қазақ жаныммен оны Еуропаның Мо­цар­тынан артық көремін. Моцарт музыка көгіндегі темірқазық, да­ныш­пан композитор, ал ақ патша­ның отарлық езгісіндегі мешеу да­­лада туған алаш баласы Құрман­ға­зының құдай берген қасиетті өне­рі одан бір мысқал кем бе еді?! Мо­царт бағы асса, Еуропада туған соң асты, құдайға шүкір, ай ортақ, күн ортақ, қас жақсы ортақ, оны тірісінде әлем мойындады. 

Жер тұр­ғанша оның өнері асқақтап тұ­ра­ды. Құрманғазы әлемге таралу үшін ерін танытар этностық игілік һәм ірілік керек. Айырма тек осын­да ғана.
Шіркін, түркінің ат тұяғы Ұрым­ға, көк теңіздің шетіне жет­кен. Кипр аралының байырғы атауы - Алашия болғанын этно­граф жазушы Ақселеу Сейдімбек тегін жазбаса керек.

Әлқисса, «Қай қашқынды ай­тасың?! Бұл - қалың қазақ дала­сы­на аты мәшһүр күйші Құрманғазы емес пе?!», - деп диалог арқылы ә дегеннен автор қонақтың кім еке­нін айтып өтеді. Қазақ - рулы ел, қашқын де­гендері қарға тамырлы қазақтың өз жақыны, туыс болып шығады. Кі­ші жүзде Он екі ата Байұлы, соның ішін­де сегіз арыс Адай руы - сүйек­ті ел. Таз - ру аты, ал Құр­ман­ға­зы Байұлының ішінде Сұлтан­сиық - Қызылқұрт тайпасынан тарай­ды. Ол Таз руына жиеншар екен. Революцияға дейінгі қазақта ру аты оның жазылмаған төлқұжаты тәрізді болғаны рас. Жеті атасынан әрі жетпіс жеті атасын білетін кө­недегі қазақтар. Генетика ілімі көш­пенділер үшін аса маңызды бол­ған. Атасын білу қанды таза ұс­тау үшін керек. Қаны таза халық­тың рухы аман болады. Қазақ бала­лары негізі дарынды туатыны қан тазалығына айрықша маңыз берген бабаларымыздың көрегендігінен екені даусыз.

Құрманғазының мына келісін Маржан осы қазақтың дала фило­со­фиясы арқылы беруі оң: ««Кәрі нағашыларымның сүйегі жатыр­қа­мас» деп әрі аты шулы Төремұрат батырды ес тұтып асығып жеткен бе­ті осы еді». Төремұрат оны сүйсі­не қарсы алды, ер ерді қадірлейді, пір тұтып сый көрсетеді.

Құрманғазының Төремұрат ауылында, Үстіртте молынан бө­гелгенін, бірнеше күй шығарған, шабыты тасыған дерегін білеміз. Оның құдіретті һәм клас­­сикалық күйлер екенін музы­ка­дағы алып тұл­ға Ахмет Жұбановтан бастап Ақселеу Сейдімбекке шейін­гі үл­кен музыка зерттеушілері жазып қалдырды.Сонымен, әңгіменің лейт­мо­тивінде тұлғаны тұлға таниды, ел ерін кебенек ішінде тануға тиіс, бұқара халықтың жадын тот бас­тыр­майтын біртуар ерлері деген идея жатыр. Әйтпесе, Маржан Ер­шу осал романшы тәрізді әңгімедегі бас­ты кейіпкердің бірі Данай қыз­ды қызықтап кетер еді.
  

Ал Қыз Данай - батыс өңірі қазақтары арасында аты аңызға айналған хас сұлу. «Қыз Данайдың қырғыны» деп аталған жерлер Мұ­ғаджар тауының етегінде жатыр. Ел аузында әлі күнге айтылады. Қыз Данай грек мифтеріндегі Елена арудай болған, талай ерлер ол үшін опат болғаны шындық. Ол өз ал­ды­на бөлек әңгіме.
 

Әңгімеде ұлы композитор Құр­манғазының осы бір сұлу қызға арнап төрт бірдей күй шығарғанын Маржан Ершу тарихтық дерек көзінен алып жазады.
  

«Қыз өссе - елдің көркі», Қыз Данайды көру үшін бір тойға Төре­мұрат қасына Құрманғазыны ертіп келген хикаясын автор ашып су­рет­тейді. Қыз бен ер арасындағы диа­логтар құмарлықтың бал шы­рын жемісіндей, Абай: «Атаңды анаң азғырып, Тұрғызбаған бейіш­ке» - деп тегін жырламаған ғой, Қыз Данай ер азаматты өзінің ас­қан сұлулығымен, қылығымен ар­байды. Екеуара диалог арқылы автор қазақтың тұспалдай сөйлеу­дің шебері екенін аңғартады. Жұм­бақ­тай отырып, ол батырға басы бос емес, айттырулы, біреудің қа­лыңдығы екенін айтады. Қыз Да­найдың онысы, Төремұратқа қолыңнан келсе, қимылда дегені, сенікімін деген белгі.
  

Сонымен, екі ғашықтың қол ұстасып бірге кетуі - әңгіменің кульминациясы. Патриархальды қазақ қоғамында қалыптасқан дәстүр бойынша бұл махаббат емес, ұябұзарлық. «Намысы күй­ген, келіні қолды болған жақ қару­лы қолмен өре түрекелгенімен, ел ақ­сақалдары басу айтып, араға ел­ші жіберді. Төремұрат батыр бізді басынбасын, келінімізді қайтарсын десті». Қазақтың ескі қоғамының бір жаман жері осы, ел қорғауға туған дара батыр әншейінде құны жоқ, бейбіт күнде қастерлі емес, ол тек жау жан алуға келген қанды соғыста ғана елге керек екен. Жалған на­мыс­ты малданып, артық туған Төремұраттай батырға бір қызды да қимаған ғой. Тайпалық салтты сақтау қазақтар үшін маңыздырақ. Соның үшін елі Төремұрат батырды өлімге қиюдан тайынбайды. Әңгі­менің жүректі құлазытар драмалық тұсы - тап осы мезет.
  

Сөйтіп, хикая шиеленісе бере­ді. «Ердің соры әйел» деген расқа шы­ғады. Тарихта небір асыл ерлер әйел затына бола жастай опат бо­лып, түк жоқ жерден күйреп кет­ке­ні ащы шындық. Талай ердің тү­біне әйел жеткен. Маржанның әңгімесінде ендігі кезекте жекпе-жекке батырды жі­бер­гендей қылып, ертегіден түс­кен­дей бір ерекше персонаж шыға­ды. «Елде айтқаны қате кетпейтін қарғысшы қара кемпір бар еді. Күн көрісі - қарғау. Қарғағанына қарай ақы алады. Қарғысы жасырын емес. Ашық түрде. Қара қарғысшы кемпір келді. - Ей, Төремұрат! Қай­тейін, батыр десе батырсың. Ел батырысың. Қарғайын десем, жал­ғызымсың. Қарғамайын десем, жалмауызымсың. Қарғауға алған ақым бар. Қарғамай тұрғанда Қыз Данайды кері қайтар. Жөнге кел, - деді. - Қарғыстан қорқып қай­тарар қатыным жоқ! Жөнел! - деді Төремұрат».
  

Осы тұс нағыз прозаның бел­гісі. Антикалық грек-рим мифо­ло­гия­сындағы кәрі қақпастар мен фуриялардан бергіде, Шекспир мыстандардың халық жадындағы бейнесін драмада өшпестей сомдап кетті. Қазақтың халық ертегілерінде қазық аяқ, қу мыстандар қаһарман Ер Төстікті аңдып, желаяқпен жарысады. Олар зұлым күштердің стихиясы һәм тұлғалануы. Маржанның мынау жалт етіп бір көрінген қарғысшы қара кем­пірі сол зұлымдық қылуға жаралған сайтани нәсілден болып шықты. Оның бейнесі шолақ қайырылса да ерен есте қаларлық !

Автордың бір кемшілігі қара кемпірдің қарғыс айтып тұрған сәтін аз берген; ги­пер­боламен болсын, басқа әдеби тәсілмен болсын, өрнектей, ежік­тей түссе де болғандай екен. Шы­нымды айтайын, өзім жазушы болған соң мұндай колоритті бейнеге бей-жай қарай алмаймын. Осы тұста автор мистика, фольклордың эле­менттерін ойнатып жібергенде ұтар еді. Төремұратты жеті күннен соң өл деген жойқын қарғыс расқа айналды. Қайран батыр Қыз Да­най­ға үйленіп, той жасамақшы еді. Қазақтың отырықшы емес кезі, қыс­тауы мен жайлауының көшінің арасы бір күншілік, кейде айшылық жер. Төремұрат көшіне Хиуаның жол торыған қарақшылары килікті, батырдың жазмышына қарғыс айтқан кемпірдің дуалы аузы себеп болып, ол ұрыста қаза табады. Қыз Данайды жау олжалайды, бірақ артынша қуған қазақтар оны айы­рып қалады.
  

«Төремұратты «Қырымның қы­рық батыры» делінетін Мана­шы­ның анасы Күйкен ананың мо­ла­сының қасына жерлеп, Қыз Данайды айттырулы жеріне қайта­ра­ды». Маңғыстаудың әр тасы тұнған тарих. Деректі автор көркем прозада ретімен келтіруі заңды.
 

Қыз Данай қан жұтып кері орал­ғанда, оның айттырған күйеуі Қи­тарбай қалыңдығы менсінбеген жаман күйеу атанған, айнала елге күлкі болған күйкі халін өтірік қал­жыңмен бүркемелейді. Жорта күлген, айдай сұлу қалыңдығының теріс қылығын елемеген түр таны­тады. Қыз Данайға бір ауыз өлең шығарады. Бірақ сұлудың мысы өзіне тең емес, жаман еркекті ба­сып тұрғанын бұл бір шумақтан ав­тор аңдатады. Маржан бұл дилем­маны бүркемелей бере алған. Бөрік кигеннің намысы артық, дү­ние сонымен өлшенеді. Қыз Данай батырды шын сүйген екен, бала туған соң құсадан өледі.
  

Құрманғазы Төремұрат досын жоқтап, қайғыдан қан жұтып, тағы бірнеше күй шығарған екен. Әңгіменің соңғы түйіні мықты. «Күндердің күнінде Төремұраттың басында белгі жоқ, бір төмпешік боп елеусіз жатыр деген қаңқу сөз алыстағы Адай Сүйінғара батырдың құлағына да жетеді ».
  

Қазақ халқын жаужүрек ел қыл­­ған ұлы рухтың көрінісі соңғы түйінге арқау болғаны сүйінтеді. Маржанның сүт бетіндегі қай­мақ­тай әңгімесінде ерлік пен елдіктің асқақ рухы өшпес таңба болып ба­сылады. Сүйінғара батыр Үстірттегі қорымдағы көп моланың ішіндегі бір елеусіз төмпешіктің Төремұрат­тікі екенін көргенде қабағы жауар бұлттай түнерді. Өше бастаған, жел мен жаңбыр мүжігенде уақыт жер­мен-жексен қылары анық. Қасында басына үлкен мәрмәр тас қойған бір байдың сүйегі жатыр. «Алла Тағаланың алдында мола бұзған жауабын өзім берем, мына жаман байдың басындағы тасты алып, Төремұраттай есіл ердің басына белгі қоялық» деп бұйырады Сүйінғара. Тегінде қазақ халқының салт-дәстүрінде ескі қабірді жөндеген жа­ман ырым, қазақ ешқашан зи­рат­ты бұзбайды, аруаққа тиіспейді. Дүниеде өліні, рухты сыйлайтын, тірінің тіршілігі үшін өткенін тап­та­майтын халықтың бірі - біздің қазақ. Сүйінғара аты белгісіз байға қастық қылайын деп тұрған жоқ. Елдіктің рухы өшпеуге қам қылып, соның жолында өзі құрбан болып кетуге даяр тұр. Өйткені, асыл ерді асыл ер бағалайды, тұлғаны тұлға таниды. Жасықтан айбарлы қылық шықпайды. Халық өз бетінше өмір сүреді. Көсемдеріне бағынады. Сүйінғара мойнына күнә алып, еш­теңеден тайынбай, зираттағы тас­ты ауыстырды, батырдың аруа­ғын ардақтатты. Құлпытасқа атын, тегін ойғызып жаздырды, құр­бан­дық шалды. Онысы тегін кетпегенін автор айтып өтуі заңды: арада екі ғасыр өткенде Таздар руынан шыққан Төремұрат батырдың ұрпақтары Қапан қажы Балжігітов әулеті сол құлпытасты тауып алып, кесене орнатыпты.
  

Қос әңгіме несімен ортақ? Бір автор болған соң қолтаңбасы ұқ­сауы заңды. Әрі кейіпкерлері қиял­дан тумағаны тағы аян. Бірінде- ән, бірінде -күй құдіреті марапат­талады. Өнері арқылы ұлт бейнесі таны­ла­ды. Бірақ махаббат пен өнер қатар өріледі. Бірі өлгенмен, екін­шісі мәң­гілікке өлмеу үшін өнерге - ру­хани қазынаға айналды. Ай­рық­ша ерекшелігінің бірі - осы. Дерек­ті­лік, ел жадындағы сүйіспен­ші­лікті дәріптеу, тарихтан тыс бол­мау - оң құбылыс. Саусақтан со­рып жазса, проза өлі тумай ма!

Айгүл Кемелбаева, жазушы

«Дарын» сыйлығының лауреаты

author

Маржан (Айек) Ершу

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...