(Қарлығаш Қабай поэзиясындағы иірім)Қарлығаш Қабай – оның өлеңдерін оқыған сәтте: есіме жалғыз...
Тобық Жармағамбетов. Өмір. Өлең. Кейіпкер
Өмірден ерте озған жазушы Тобық Жармағамбетов соңына қанша мұра қалдырғаны облыс жұртшылығына біршама белгілі. «Нәзік бұлттар» жас дәуреннің адал сезімге толы арманшыл толғауы болса, «Қызыл ай» тірліктің тініне сіңіп кеткен деректі фактілерді қайтіп көрікті көркем туындыға айналдыруға болатындығының бір үлгісіндей еді. Сол замандағы көрнекті қаламгерлерді жалт қаратқан «Отамалы» ше?!
Бір ерекшелігі, Тоқаңның қай туындысында да ерте қалыптасқан шебер прозашыға тән байыптылыққа қоса, ақжарма ақынға лайық лирикалық лепес те қоса өріліп отырады. Тоқаңның шәкірттерінің бірі, көрнекті ақын Есенбай Дүйсенбайұлы ұстазының туындылары прозадағы поэзия іспетті екенін жиі айтып отыратын. Міне, әуелі осы пікірлерімізге қатысты сәл кіріспе жасап көрелік.
Қазақтың қайталанбас тіл зергерлерінің бірі, терең Потебняның талабына жүгінсек, «қатар келген екі сөзі бір-біріне сәулесін түсіріп тұратын» Тәкен Әлімқұловты ақын ретінде танитындар сирек.
Рас, Тәкен ағамыз әдебиет есігін «Сапар» (1950) деп аталатын өлеңдер жинағымен ашты. Бірақ одан кейін әдеби сынға бүйрегі бұрды да, сондай мақалалары топтастырылған «Жемісті жолда» (1958) деп аталатын кітабы шықты. Одан соң «Ақбоз ат» романы (1962) жарқ ете қалды. Әр сөйлемі сурет салып тұратын ірі жазушы Қалихан Ысқақов бұл роман туралы: «…Бүгін ойлап отырсам, Тәкен туралы алыпқашпа әңгіме «Ақбоз ат» романының дүниеге келуімен байланысты сияқты. Қазақ прозасындағы лирикалық, психологиялық бөлек жанрдағы бұл роман бұған дейінгі талайлардың көркемсөзге татымайтын жалған боямаларының нарқын бұзып, жалған атақпен жүрген беделдердің абыройына нұқсан келтіргенге ұқсайды», — деп жазады. Негізгі әңгімеміз өлең туралы болатындықтан, Қалихан ағамыздың бұл роман туралы пікірін толық келтіруді мақұл көрмедік.
Міне, осы «Ақбоз аттан» кейін ғана Тәкең қайтадан өлеңге аракідік қол созып, жыр жинақтарын («Жазғы жаңбырлар», 1962; «Бозжорға», 1969; «Қаратау өрнектері», 1980) шығарып жүрді. Әйтсе де Тәкең ақын ретінде әлі де зерттеле қоймаған секілді. Бертінде, өзі өмірден соң жарық көрген, өнер тақырыбына арналған әңгімелері мен повестері топтастырылған «Кертолғау» кітабына («Өнер» баспасы, 1988) «Қобызшы Қорқыт» дастанын енгізерде де (енгізілді де) әртүрлі пікірлер (кітаптың көркемдігіне емес, құрылымына байланысты) болғаны және рас. Жазушының өзі осы романтикалық дастанына жазған «Кірме сөзінде»: «Әдеби жұртшылық мені прозашы санатында таниды. Расы, мүмкін солай да шығар. Бірақ мен бірыңғай поэзияны қуғанда осы күні ақындар көшінің орта шенінде, бәлкім, алдыңғы қапталында жүрер ме едім, кім білсін?!», — депті.
Есенғали Раушановтың «Жапанда жалғыз ағаш…» атты мақаласында мынадай жолдар бар еді: «…Марқұм Тәкен Әлімқұлов қызық кісі еді. Бірде ағамызды ортаға алып сыра ішіп тұрдық. Не шайтан түрткенін білмеймін, Аманхан алым жоқ, берім жоқ, аяқ астынан: «Көке, гәптің қысқасы, нашар ақынсыз. Өлеңді қойсаңызшы», — десін. Маңай құлаққа ұрған танадай тына қалды. Алматыда оған дейін де, одан кейін де дәл сондай тыныштық болған емес. Аманхан сыраны бір жұтты, ағамыз екі жұтты. Ағам бір жұтып аспанға қарады. Аманхан екі жұтып ағама қарады. «Жас жігіт, мен мәдениетті ақынмын», — деді Тәкең ағамыз көктен көзін алмай… Кейін не болды? Кейін түк те болған жоқ. Аманхан Тәкең көкесінің хикаялары туралы табақтай мақалалар жазды. Олары жылдың үздік материалдары атанып, абыройға бөленді. Екеуі Тәкен өлгенше керемет дос боп кетті…»
Прозашының өлеңге ықыласы суымайтындығының мысалы бұл ғана емес. Айталық, осы ғасыр өресінде әйгілі Әбіш Кекілбаев бұрын, кейін жазған жырларын топтастырып, жеке кітап етіп жариялады. Қазақ әдебиетіне «Елім-ай» атты тамаша роман қосқан Софы Сматаев қазір өлеңді өнімді жазып жүр. Баспадан ең алдымен өлең жинақтары шыққандардың қатары тіпті көп: Қажым Жұмалиев, Бердібек Соқпақбаев, Қабдеш Жұмаділов, Дүкенбай Досжанов… Ал Ілияс Есенберлиннің 1945-1957 жылдар аралығында шыққан әуелгі төрт жинағы да поэзиялық туындылар еді. Өзіміздің Тахауи Ахтановтың алғашқы өлеңдері жас ақындардың «Жастар даусы» деген топтама жинағында жарық көргені де өткен күндердің бір дерегі.
Міне, әдебиетке әр кездері келген осы қаламдастары секілді Тобық Жармағамбетов те алғашқы қадамын өлеңнен бастағанын барлығымыз біле бермеуіміз бек мүмкін. Жазушы мұрасының бір парағын да ескерусіз қалдырмауға тырысатын Әсем Жармағамбетова апамыз туған ағасы Тоқаңның біз көрмеген көлемді қолжазбасын алдымызға қойғанда, содан соң оған үңілген алғашқы сәтімізде жазушылардың көпшілігі талпынысын өлеңнен бастайтыны туралы қалыптасқан түсінік тағы да санамызды түрткен еді.
Әрине, қазақ поэзиясының қазіргі талғам-талабын ескергенде, оқушы Тобықтың, тіпті студент Тобықтың балауса өлеңдерін үлгі ретінде ұсынудың реті де жоқ. Дегенмен автордың өзі де газеттерге жариялауды құнт етпеген (бәлкім, құнттағысы келмеген) сол жолдарда бәрібір алғашқы талпыныстардың анық таңбалары жатыр.
Сол кезгі (шамамен 1951-1952 жылдар делік) мектеп оқушысының қаламына қандай тақырыптар ілігуі мүмкін? Айталық, өзі туып-өскен ауылдың тынысы. Тоқаңның «Түнгі дыбыстар» деп аталатын өлеңі соның бір мысалы.
Тұнып тұрған балқаймақтай түн еді,
Тек қысылып бұлақ жаймен күледі.
Аспандағы самсап тұрған жұлдызға
Көршіміздің жас күшігі үреді…
Өлең осылайша езу тарттырарлық таныс суреттермен басталады да, көңілді елең еткізетін жайдары сауалмен аяқталады:
…Тұр, мінеки, жазғы әсем түн тұнып,
Тағы барад барлық дыбыс тұншығып.
Жетші, кәне, желдің шипа жібегі,
Қалдың ба әлде абайсызда жыртылып?..
Өлеңнің объектісі түнгі суреттер ғана емес, негізінен түнгі дыбыстар туралы екенін жас автор тіпті де естен шығармайды. «Қарауытқан ну қамыс», «шалшыққа түнеген үйректер», «басын лайға тыққан бақалар», «жылаған үкілер», «жұлдыз санаған көлшік-сулар» арқылы бейнеленетін түнгі тіршіліктің бұйығы үніне қанағаттанбайтын жас көңіл, жоғарыдағы соңғы шумақта көрсетілгендей, тұншыққандарды оятатын екпінді желді аңсайды. Ол замандағы ауыл түні, расында да, әуелгі табиғи қалпына көп өзгеріс ене қоймаған уыз дүние еді ғой.
Тоқаңның 1951 жылы жазылған «Маужыраған түн еді…» деген өлеңі де «күміс табақтай айды», «самсаған жұлдыздарды», «теңселген жапырақтарды», «жартастар бойын жағалай ескен самал желді» сүйсіне баяндай келеді де, бірақ тағы да тыншусыз дәуреннің түпкі мақсатын жарқ еткізеді:
Созылып жатыр айдын жол,
Ағараңдап сәулемен…
Таппасаң да ештеңе,
Әурелен, арман, әурелен!
Мойындамасқа болмайды: ештеңе таппайтыны белгілі болса да әйтеуір елегізу — жас жүректің ақиқат дүрсілі.
Осыған ұқсас тағы бір сезім жалыны сол кезеңдерде жазылып қалған «Арман» деп аталатын тағы бір дара шумақта және елес береді:
Белес басып, сағым қуып,
Түзге шырқап кетесің.
Не ойлайсың? Іздегенге
Қашан қуып жетесің?
Ал бұдан кейінгі тағы бір өлеңдегі тағы бір шумақта шәкірт арманға жетер жолдың бір мүмкіндігі қайратқа бел буу екенін түсінгендей қалып танытады:
Жасыма, жаным! Буымен
Атыл алға жастықтың.
Зуылда, самға! Уымен
Уланба жасқаншақтықтың.
Тоқаңа ұстаздық еткен Ниетжан Берікұлы ағамыздың естеліктерінің бірінде мынадай жолдар бар еді: «Тобық 1951-52 жылдары Жарқамыс орта мектебінің 9-10 кластарында оқыды. Мен қазақ әдебиетінен оларға дәріс оқыдым… Біз сияқты институтты жаңа бітіріп келген жас мұғалімге Тобық оқитын класқа сабақ беру үлкен сын еді. Ол әдебиеттің дүниежүзілік, батыстық, шығыстық үлгілерін көп білетін… Әдебиетті терең білетіндігінен, оны сүйіп оқитындығынан Тобықпен әдебиет теориясы, әдебиет сыны, әдебиет тарихы, әдеби тіл, проза, поэзия, драма салаларынан әңгіме-дүкен құру жас ұстаз мен үшін де өте қызықты еді…»
Біз мысалға алып отырған жоғарыдағы өлеңдердегі аңсаулардың, яғни бейқам тыныштықтан арылғысы келетін бұлқыныстардың негізі Тоқаңның аласапыран тіршілікті баяғыда бастап кеткен еуропалық елдердің әдебиетіндегі қатал қақтығыстардан зерделеген түйін-түйіткілдері болуы да мүмкін. Өкінішке қарай, қазір біз сол өзін-өзі әлдилеген жым-жырт тылсым табиғатқа қайтадан құштар болып жүрміз. Бірақ бұл, әрине, басқа әңгіменің еншісі.
Жазушының қолжазбасын саралағанда, әлбетте, қандай тақырыптарға қалам тартқанына назар аудармасқа болмайтындығы мәлім. «Өлең», «Ой», «Күй», «Көктем», «Сау бол, толқын», «Ембі», «Ақыл мен сұлулық», «Мен кімді сүйемін», «Бір тамшы жас», «Жер туралы ой», «Шахматтық фантазия», «Қызыл гүлге», «Кітап», «Телеграф бағанына» тәрізді өлеңдер жас талаптың сол кездегі көңіл өрісі қай тараптарда болғанынан едәуір хабардар етеді. Рас, қай талапкердің де қаламына кейде жанама, кейде тура түрде әр заманының өз саяси көзқарасы ілігуі де заңдылық. Жас Тобықтың «Коммунизм», «Комсомол билеті», «Бейбітшілік жеңеді», «Кореяда», «Киров өліміне» тәрізді өлеңдеріне осы тұрғыда қараған абзал.
Т.Жармағамбетов өзінің (өз туыстары мен ауылдастарының да) өміріне қатысты біраз автобиографиялық деректерді көптеген шығармаларына епті шеберлікпен енгізіп отырғаны жазушыны жеткілікті танитындарға әбден мәлім. Сондай туындылардың бірі — «Жан» деп аталатын оптимистік хикаят.
Жан — басты кейіпкердің есімі. Ол жазылмастай дертке шалдығады да, кейін құлан-таза айығып шығады. Жүрек ауруына ерте іліккен Тоқаңның бұл кейіпкеріне «Жан» деген символикалық есім беруі де, туындының ерекше көңілді сарынмен аяқталуы да түсінікті жайт. Жазушы Жанды былай суреттейді: «…Классиктерді құмарланып оқыды. Олардың шығармаларын оқи отырып, бейне маңайы жұпарға толып, самал жұтып отырғандай я лаулаған жалынның ортасында отырғандай сезінетін болды. Әрбір құпия әріптің астарын сөгіп қарап, әрбір сөздің қақпағын ашып көріп отырды. Өзі де оңашада өлең жазатынды шығарды. Бірақ ешкімге көрсетпей, баласын қорғаған мысықша, қызғана, ұрлана жазатын болды. Жазғандарының өзін де ешкімге көрсетпей, тығыла, ұяла сақтады. Іштей жазушы болуды, ақын болуды арман етті…». (Тобық Жармағамбетов. «Отамалы», әңгімелер мен хикаяттар. Алматы, «Раритет», 2002).
Жазушы сол Жанның уақытша күйзелістерге түскен сәттерінің бірін былай баяндаған екен: «…Енді ойлап қараса, өзінің өмір жолы аттың тұсауынан да қысқа екен. Тіпті ештеңе істей де алмапты. Өзі ертеректе сүйіп айтатын, өзінше жақсы ойлап таптым дейтін:
«Топырақты үй дағы төбе жаса,
Тау тұрғызу қолыңнан келмесе де», —
дегендей төбешік те жасай алмапты. Енді өмірмен есептесіп, қоштасып, жөнелейін деп тұр…»
Әсем апай әкелген қолжазбаны ақтарып отырғанда дәл осы өлең жолдары көзімізге оттай басылды. Бұл, өкінішке қарай, қай кезде жазылғаны анық көрсетілмей қалған бір шумақтың екі жолы екен. Ал шумақтың толық нұсқасы мынау:
Өмірді теңемеймін мен кемеге,
Із тастамай бос кету керек неге?
Топырақты үй дағы төбе жаса,
Тау тұрғызу қолыңнан келмесе де.
Кезінде (1999 жылы) Тоқаңның Қазақ мемлекеттік университетін бітіретін 1957 жылы жазған, «Жарқамыс деген бір жер бар…» деп басталатын өлеңін осы Әсем апайдың қолынан көріп, газетке жариялағанымыз бар. Кейін бұл өлеңге ҚР Мәдениет саласының үздігі Орал Байсеңгіров әдемі ән шығарып, қазір сахналарда орындап та жүр.
Дегенмен, қалай болғанда да, Тоқаң шығармашылық сүрлеуін одан әрі өлеңмен өріп кеткен жоқ, біржола прозаға бас бұрды, қазақ әдебиетіне ылғи бір құнды әңгімелер мен хикаяттар қосты.
Р.S. Әсем Мырзағұлқызы құрастырған «Тобық-тағдыр» атты кітаптың (демеушісі Исатай Әділов, редакторы Нұрмұханбет Дияров) тұсаукесері өтер қарсаңда қолымызға түскен қолжазба туралы айтпақ ойларымыз осы еді.
Ертай АШЫҚБАЕВ