Жұмекенмен сонау 80-жылдары Алматыдағы алты баспа Абай даңғылы мен Гагарин даңғылының қиылысындағы ж...
Төлен Әбдік. Бір күндік ашу
Қайсыбiрде ойлап отырсаң, адам өмiрiнде бiр-ақ рет оңбай қатты ашуланатын тәрiздi. Өйткенi, өмiр бойғы қуаныштар мен ренiштердiң iшiнде қайткенде де бiреуiнiң шоқтығы биiк болып қалатыны анық қой.
Совхоз құрылысына машинамен су тасып жүрген Ордабек бұдан бұрын талай ыстық-суықты басынан өткерсе де, бүгiнгi ашуын осындай бiр-ақ рет болатын оқиға деп ұққан едi. Бүкiл көңiлiн жанашыр аяныш сезiмi мен өшпендiлiк сезiмi қатар билеп, iштей бiр күйзелiске енген.
Нәрестедей уылжыған аңқау, үндемейтiн Айгүлдi мәңгiлiк сәбидей көретiн. Баланың өсуi деген мүлде көзге көрiнбейтiн дүние ғой. Әйтпесе, онжылдықты былтыр бiтiрген, қазiр кiтапханада iстейтiн Айгүлдi тап Ордабектiң пiкiрiндегi Айгүлмен теңестiруге ешкiмнiң келiспейтiнi сөзсiз. Шынында, ол соқтауылдай қыз. Бiрақ мұны айтқан адамды Ордабек барынша ұятсыз, ардан безген бiреу деп бiлер едi. Ордабек қарындасымен көп сөйлеспейтiн.
Өмiрiнде жақсы көретiнiн айтып, еркелетiп көрген жан емес. Алайда, өзi үндемеген сайын, қарындасын iштей аялай түсетiн.
Ал бүгiн төбесiнен жай түскендей:
– Жұмысқа келген студенттердiң бiреуi Айгүлге сөз салып жүр екен, – деген хабарды естiгенде табиғатында жоқ бiр долылықпен түтiгiп, тiптi жыларман халге келдi «Бұл масқара ғой! Кiшкентай баланы...» дедi әрi ойлауға батылы жетпей. Осыны ол шүпiлдеген құдықтан кеңiрдек секiлдi жуан шлангамен су сорғызып тұрып та, рөлде отырып та, құрылыс iргесiндегi үлкен астауға су құйып тұрып та басынан екi елi шығара алмады. Адамдар мұнша арсыз болады деп ешқашан да ойламаған-ды. «Оның ойында не бар әлi? Түк жоқ... бала... Соған сөз айту деген...». «Сөз айту» деген тұсқа келгенде Ордабек өз ойынан өзi ұялып, қызарып кеттi, iле-шала ол қып-қызыл ашуға айналды. Шланганы көтерiп алып, машинаның белiнен асыра бар күшiмен лақтырып жiбердi.
Күн шыжып тұр едi. Көлеңке ұзара бастаған кез. Кеудесiне дейiн жалаңаштанған майысқақ жас жiгiт жотасы жылтырап, көлбей қойылған тақтай бойымен шелектеп лай тасып барады. Балшық араластырып тұрған толық әйел кетпенiн құрғақ жерге сұлата салып, көлеңкедегi шелектiң ернеуiнен тiзерлей отырып су iштi. Түрегелiп, шолақ қамзолының астарымен аузын сүрттi де, қайтып келiп, кетпенiн алды. – Әй, Ордабек, – дедi айғайлап, – астау толды, кiдiре тұр ендi. Ордабек машинасының көлеңкесiне отырып, қалтасынан папирос алды. Ыстықтан жiпсiген маңдайын жеңiмен ыса салды да, кiржиiп, жұмыс iстеп жатқандарға қарады.
Шылымын тұтатып, бiр жамбастап, қолымен жер тiрей отырды, кiшкенеден соң көкпектiң ескi түбiрiн жұлып тастап, сол орынға шынтақтап қисая кеттi. Тұла бойын құрыстатқан бiр жын әлi тарқар емес. «Сендердi ме, – дедi кенет ызадан сұп-сұр болып. – Көрсетермiн мен сендерге, тұра тұр!» Қолдары қалтырап, қазiр төбелесетiндей, басын көтерiп алды.
Кiрпiш үйдiң тасасынан шыға келген жуан қарын диспетчер:
– Ордабек-ай, – дедi қырылдай сөйлеп. – Менi үшiншi фермаға апарып келесiң бе?
Ордабек үндеген жоқ.
– Жоқ, кешке қарай, саған қазiр апар деп тұрғам жоқ қой. Ордабек бұған да жауап қайтармады.
– Ей, тiлiң байланып қалды ма, кiмге айтып тұрмын? – дедi ендi ол кейiп. Ордабек басын шайқады.
– Уақытым жоқ, – дедi диспетчер кетiп қалғаннан кейiн. Алдындағы селдiр шағырдың бiр талын сындырып, өзi де байқамастан, аузына салып тiстелей бастады да, ащы дәмiн сезiнiп, лақтырып тастады. Жарты сағаттан кейiн самарқау орнынан тұрды. Шаң-шаң болған шалбарын екi қолымен кезек-кезек қағып, маңдайына түскен кепкасын шалқайта нығыздап киiп, рөлге отырды. Бұрын да көп сөйлемейтiн Ордабек кешке дейiн осылай ешкiмге бiр ауыз тiл қатқан жоқ.
Кешкiлiк жұмыстан шығысымен, түнделетiп совхоз орталығындағы үйiне келдi.
– Айгүл қайда? – дедi келе әйелiне.
– Айгүл клубқа кеткен. Ертең әлгi жұмысқа келген студенттер кетейiн деп жатыр ғой. Солар концерт қояды дей ме, кеткен әйтеуiр бiрдеңе деп. – Жалғыз ба?
– Ендi кiммен барушы едi? Ордабек әйелiне ала көзiмен бiр қарады. Жолдағы шылапшынды салдыр еткiзiп, шыға жөнелдi. Қараңғы көше бойымен клубқа қарай тура жүрдi. Алыстан тоқылдаған мотор үнi естiледi. Клубтың есiгiнiң алдында бейтаныс студент жiгiттер тұр. Ордабек «Бүгiн – концерт» деген жарнама жапсырылған есiктi жартылай ашып, iшке кiрдi. Дәлiз iшiнде әлденеге сыбырласып тұрған ауылдың екi жiгiтiне тақап келiп амандасты да:
– Бiздiң Айгүлдi көрдiңдер ме? – дедi бұл сыбырлап.
– Отырған, – дедi бiреуi залдың есiгiн көрсетiп. – Бағана отырған. Ордабек шағын, қапырық залға кiрдi. Залда ине шаншар жер жоқ. Түрегеп тұрғандар бiрiн-бiрi кимелеп, сахна жаққа мойындарын өлгенше созады. Ордабек те өкшесiн көтерiп, сахнаға қарап едi, галстук таққан, ұзын бойлы, бұйрабас жiгiттi көрдi. Концерт жүргiзiп тұрғаны, тақпақ айтып тұрғаны белгiсiз, әйтеуiр ыржия күлiп, бiрдеңе деп сөйлеп тұр. Одан соң сығалап залға қарады, жуық маңнан Айгүл көрiнер емес. Алқынып, қатты жүргендiктен терлеп те кеттi.
«Мына залдың iшi не деген ыстық». Тағы да өкшесiн көтерiп, сахнаға қарады. Кекжие-кекжие мойны да ауырып қалды. Ақыры түк көре алмаған соң, сыртқа шықты. Концерттiң аяқталуын күтiп, есiк алдында әрi-берi жүрдi де:
– Жарқыным, ойындарың қашан бiтушi едi? – дедi бағанағы студенттердiң қасына келiп.
– Әлi бiраз бар, ағай. Басталғанына көп болған жоқ.
– Е, солай ма едi. «Жоқ, бәрiбiр күтемiн, – деп ойлады тағы да, – отырамын осы арада қашан аяқталғанша». Сағатына қарап, естiрте:«Әлi бiраз бар» дедi де, клубтың iргесiндегi ағаш арасына қойылған орындыққа келiп отырды. Қараңғы болғандықтан, орындықтың өзiн сипалап жүрiп, әрең тауып алды. «Отырамын осы арада қашан аяқталғанша».
Қараңғыда әр жерден шылым оттары жылтырап, аллея бойымен қыдырған адамдардың қараңдаған бейнелерi көрiнiп қалады. Көршi орындықтардың бiрiнен бiреулердiң баяу сөйлескен дауыстары, әлдеқайдан гитара үнi естiлiп тұр.
Ордабек көз алдына қазiр концерттiң аяқталатынын, адамдардың сыртқа шығатынын, қарындасының да шығатынын, бiр кезде әлдеқандай бейбастақ жiгiт Айгүлдiң соңынан қалмай, бiрдеңелердi айтып, жұрт көзiнше жәбiрлейтiнiн, осы кезде өзiнiң әлгi жiгiттi бүре ұстап, құлақ-шекеден аямай бiр соғатынын елестеттi. «Екiншiлей кiмге соқтығарын бiлiп жүрсiн көргенсiз!» Көршi орындықтан:
– Менiң не айтпақ болғанымды бiлесiз бе?– деп сыбырлады әйел үнi.
– Жоқ, – дедi еркек үнi.
– Шынымен, осы уақытқа дейiн түсiнбедiңiз бе?
– Жоқ.
– Биге шақырғанда да... – әйел үнi дiрiлдеп.
– Осы араға келсiн деп кiсi жiбергенде де... Сонда да түсiнбедiңiз бе?
– Мен қайдан бiлейiн, – дедi еркек үнi тұншыға сыбырлап.
– Кел дедiңiз – келдiм... – Қалайша түсiнбейсiз? Қалайша?.. – Әйел үнi естiлмей кеттi.
«Түу, шайтан! – дедi ерiксiз Ордабек iшiнен. – Қалай ұялмайды өзi? Қыз деген былай...»
– Не дейiн мен ендi? – деп сыбырлаған еркек үнi естiлдi. – Менi жақсы көретiнiңе, бәрiне сенейiн. Бiрақ айтып тұрмын ғой... менiң сүйген адамым бар... Ордабек қараңғыға тесiле қараған күйi мырс етiп күлiп жiбере жаздады. Себебi «сүйген» деген сөз көрер көзге жалған айтылғандай тым қолапайсыз шықты. Осы бiр сөздi өз табиғатымен, өз болмысымен, кiсi сенетiндей етiп айтып берудiң қаншалықты қиын екенiн Ордабек бұрыннан бiлетiн.
«Сүйем демеу керек, ұнатам деу керек, – дедi iшiнен. – Соның өзi жетiп жатыр».
– Сiздi, сiздi... – деп бастырмалатқан әйел үнi естiлдi әлгi тұстан тағы да. – Ең алғаш көргеннен бастап... Тек сiздi ғана... Маған басқа түктiң керегi жоқ. Тек...
Баяу есiп тұрған түнгi самал ұйытқып кетiп, ағаш жапырақтары сусылдай жөнелдi. Ордабек жел тынған кезде еркек үнiн тiптi ап-анық естiдi: – Саған өтiрiк айтуға менiң арым жетпейдi. Түсiнемiсiң осыған. Қамықпа. Ал жақсы ендi... Менiң сахнаға шығуым керек, Айгүл!
Ордабек селк ете қалды. «Айгүл» деген үн тауға жаңғырыққан дыбыстай әп-сәтте санасында бiрнеше қайталанды.
Айгүлдiң булығып жылаған дыбысы келдi. Осы кезде жылан шағып алғандай орнынан ата жөнелген Ордабектiң жан-дүниесi адам аярлық едi. Ешкiм көрмей тұрғанда осы арадан тезiрек қашып құтылғысы келгендей жүгiре басты. Есiк алдында тұрған студенттерге көрiнбеу үшiн клубтың сыртымен кеттi.
Ол өмiрiнде тап бүйтiп абыржып көрген жоқ едi. Болмашы бiрдеңенi де пайымдауға үлгере алмады. Өз үйiне тақағанда барып, дуылдаған шекесiн басып, жүрiсiн баяулатты. Ентiгiп, қалтасынан орамалын алып, терiн сүрттi. Тоқылдаған мотор үнiн де естiдi.
– Қалайша бұлай? – дедi есiн жиып. – Қалайша бұлай? Кiм ойлаған? Тiптi... Япыр-ау, сонда... сөз салып жүрген жiгiт емес, Айгүлдiң өзi болғаны ма?! Ордабек үйiнiң алдындағы ағаш жаңғырықта мұңайып ұзақ отырды. Iштей жаңылып, iштей түзелетiн барлық тұйық мiнездiлерге тән бiр қасиетпен бұл да әлгi оқиғаның жай-жапсарын ақылға салып, таразылап отыр. Кенет ол «Айгүлдiң де бiреудi ұнатып, бiреуге ғашық болуы мүмкiн-ау» деген ойдың осы уақытқа дейiн басына қалай келмегенiне қайран қалды.
«Ғажап», – дедi басын көңiлсiз шайқап. Кеудесiн кернеген қызғаныштан шымырлап жүрегi ауырды. «Ғажап», – дедi тағы да.
Үйге кiрiсiмен, «Кетесiң бе?» деген әйелiнiң сұрағына жауап берместен, бiр кесе ашыған көженi дем алмастан сiмiрiп салды да, келген iзiмен қайта тартты. Ай әлi туа қоймаған. Туырлықтың тесiгiндей жылтыраған сирек жұлдыздар ғана көрiнедi. Басын кабинадан шығарып, желге тосты. Анда-санда шабындық жиегiнен түнгi торғайлар лып етiп ұшып кетедi. Бiрен-саран қосаяқтар жарыққа ентелеп, жол бойымен секектеп, машина жақындап қалғанда ғана жолдан бұрылып кетедi.
Ордабек қалтасынан темекi алып тұтатты. Жүрегiнiң тереңiнен мұңдылау бiр сезiмдер құйылып, бiр кезде өзiнiң де алғашқы махаббатының сәтсiз болғанын ойлады. Нәрестедей пәк қарындасының әлгi бiр тұншыға жылаған үнiн есiне алған сайын ет-жүрегi езiлiп, елжiрей түстi. Тұңғыш рет құшақтап, бауырына басқысы келдi, «өмiр деген осы» деп, арқасынан қағып, жұбатқысы келдi.