Тосын Тоқаш әулие Әбеңді қалай картаға ұтқызды?

ӘДЕБИЕТ
2699

Бір күні шарапқа бөгіп алған ақын Тоқаш Бердияров Жазушылар  одағына барса, алдынан ақын Әбу Сәрсенбаев шығады. Тоқаң Әбеңе жұрт көзінше қаршығадай төнеді: – Кешір, Әбу шал, мен сені картаға ұтқыздым, осы отыз күннің ішінде өлесің,- дейді. “Тоқашжан, не айтып тұрсың?” дегенше, Тоқаң жалт беріп, тайып тұрады.Сол күннен бастап әулие Әбеңнің мазасы кетеді. “Дұрыстап сұрай да алмадым-ау, –деп сөздің не екенін де ұқпай, өң-түсі қашып, Тоқаш айтқан суық хабарды күтіп, отыз күн үйінен шықпай жатып алады.Сонымен Тоқаш айтқан уақыт та бітіп, Әбең аяңдап Жазушылар одағына келеді. Тоқашты іздестіреді. Тоқаш таптыра ма. Әбең күнде қауырт жұмысы бар адамдай аяңдап Одаққа келеді. Іздейтіні – Тоқаш. Бір күні тауып алып қуанғаннан: –  Әй, Тоқашжан, бері кел, өткендегі не сөз, отыз күн ішінде өлесің, мен сені картаға ұтқыздым дегенің қайда? – дейді.Өзінің не дегенін ұмытып кеткен Тоқаш бір жағы ақтарылып күліп, бір жағы өзінен жиырма жас үлкен ақсақалдан именіп: – Кешір, әулием, Әбе, соғысқа қатысқан кантожный болсам да, картожный емеспін, өмірі карта ойнап көрмеппін, –депті сасқаннан ант-су ішіп…

Мейірімге толы кең жүректі Әбу ата да, тосын Тоқаш та – соғысқа бастан-аяқ қатысқан адамдар.  Әбу ата бес жыл әскер қызметінде жүріп,  офицер болған.  Тоқаш 1942 жылы майданға аттанып,  кеңес армиясы қатарынан 1950  жылы бір-ақ босайды. Сегіз жыл автомат арқалап жүрген, сүңгуір қайықта теңізші болған. Әбу ата да теңізді жақсы көреді, толқында туған, балықшылар ортасынан шыққан адам, теңіз тақырыбын көп жазған кісі.

Дегенмен екеуінің мінез ерекшелігі екі бөлек. Әбу ата үнемі мейірім шуағына  шомылып өзгені де шомылдырып жүретін мамыражай адам болса, Тоқаштың түсі суық, шалт мінезді. Өтежан Нұрғалиевтің «Мақатаев көшесіндегі ой» деген өлеңінде «…Өмір деген тәтті ғой, Тағдыр деген қатты ғой. Кешегі өткен ер Тоқаш — Басы жерге тигенше, Автоматын… атты ғой» деген жолдар бар. Және бір сұхбатында «Мұқағалидан бастап бәрімізді ішкілікке үйретіп, тәрбиелеген Тоқаш еді» дейді.

Тоқаш Бердияровтың өзі: «… Мені бейбастық қылықтарға бой ұрғызып, рюмкеге қол создырған кейбіреудің қаталдығы, әділетсіздігі, яғни қиянат жасауы. Мені күлдіретін де, жылататын да Жазушылар Одағы. Менің тағдырым, өмірім, жүрегім солардың суырмасында сарғайып жапа шегіп жатыр. Мені қалпақтай ұшырамын десе де, өсіремін десе де солардың қолында. Мен Алматыға қонақ боп келіп, қонақ боп кетемін. Сондықтан біз сияқты қонағын канцелярист жолдастар есіктен сығалатпай «ішкіш» деген қарғыс маскасын кигізбей, балағаттамай адамгершілік жасаулары тиіс. Сөз нарқын ажырата білетін бізде де ар, ұят, намыс деген бар. Тәрбилеудің жолы осы екен деп ішкілікке салынған үлкен сақа жазушылармен тең қойып, қатаң жаза қолданып, жұртқа қарабет қып көрсету болмас деп ойлаймын» деген екен.

Төреғали Тәшенов

author

Төреғали Тәшенов

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...