Жұмекен Нәжімеденов. Өз көзіммен

ӘДЕБИЕТ
6910

Жұмекен НәжімеденовЖұмекен НәжімеденовӘн

Әдемі үннің әр тамшысын аулап ап,
әлдеқайдан тартады әнші саумалап.
Бір жақ ұшы сайда жатыр бұл әннің,
бір жақ ұшы сонау асқар тауда қап;
Үзілмейді, ән шұбалып тұр қалғып,
әр көңілде аунап түскен сырды аңдып.
Әр көңілдің өз алаңы өзінде,
әнге балқып босаңсыған кезінде.
Әр кеуденің өзіне аян өз жаны,
жарысты ойлар бір-бірінен озғалы.
Алқалы ана бір күрсінді... Мынау ән
Қайдағыны қайдан ғана қозғады?!
Ән желеңін жел иығы бос ілді,
сөйтіп бұл ән желге мініп жосылды.
Ән біреуді жеңілдетіп жіберді,
ән біреуге салмақ болып қосылды.
Ер тыңдаса — екілене тасыған,
ез тыңдаса — ежегейдей жасыған.
Атыраудан көтеріліп асыл ән,
Бір қайрылды Алатаудың басынан...
Бұл жүрекке жолай алмас тозаң-мұң
ән жанымен тосамын мен дос алдын.
Сөзбен айтып жеткізе алман, мен Сізге
өзін салып берсем қайтед осы әннің?
Дымқыл жапырақ майыстырып талды иіп,
Жасыл бұта бір-бірінен сәл биік
Бөбектері секілді осы көктемнің,
Көктем, көктем... тал басына қалды ұйып.
Көктем әкеп гүл букетін салды үйіп,
Қаңсып қалған тамырларға қан құйып.
Байғұс ара шырын іздеп шарқ ұрды,
Тіршіліктің таңдайы үшін бал жиып.
Ду-ду етіп гүлден-гүлге көшеді,
Тәттілерге ауыз неткен өш еді —
Өздері жеп бітірер ед жиғанын
бал екенін білмей жүр ғой деседі.
Оу, аралар, неткен ғана өжетсің!!!
Өз нәпсіңді жүрсің бе әлде тежеп шын?
Өмір бойы араға ұқсап бал жинап,
Өзің оны сезбегенге не жетсін!

AHA

Бесікте — Ана,
бесікте — бөбек:
Бірі тербеледі, бірі тербетеді.
Бал-бөбек былдыр, өсіп те келед,
Анаға жалғыз, сол жетеді.
Ана, Ана, қайран ана!
Тербейді Ана әлемдегі күлкіні,
Нұр себеді аналардың кірпігі
өліге де ояуға,
Ана дайын біреу үшін жылауға,
біреу үшін аяуға.
Тербейді Ана қуанышты, бақытты,
тербейді Ана — тебіренеді жаны шын.
Тербейді Ана уақытты;
Барлық әлем — бір-ақ бесік Ана үшін.
Тербейді Ана бөбегін,
Сол арқылы тербетеді өз елін,
Құмын, тауын, өзенін.
Тербейді Ала көлеңкені, шуақты —
Планетаның алақаны сияқты...

* * *

Өткен күндер көп шытынып қабағын,
Маңдайыма түсті содан көп әжім...
Күнмен бірге көзімді ашам
көру үшін аспанның да қабағын
Түн түнегін көрмеу үшін кірпігімді жабамын.
Шадыман күн керек бізге мәңгілік!
Көк бұтақта ақ көгершін бола ғап
Отыр біздің үміттер мен қанағат.
Әрбір сәби жанарында күлкісі тұр заманның,
Замана тұр сол сәбидің жанарына паналап,
Бейбітшілік керек бізге мәңгілік!
Ой күлінен тазарып ед көп кеуде,
біз дайынбыз әр ұшқынды ертең жанар от
деуге.
Ерікті ғой жас тіршілік бұдан әрі өсуге,
ерікті ғой жасыл бұта бұдан әрі көктеуге:
Бейбітшілік керек бізге мәңгілік!

ЕГІЗ ШУМАҚТАР

Аяқ екеу, Ақыл жалғыз, қатем мың —
барлығын да өмірге өзім әкелдім.
Жігіт болдым. Анам байғұс соған мәз,
шақ болғанға киімдері әкемнің.

Қайдан білсін, қайдан білсін ол менің
бар мәнімді мазасыздық жеңгенін.
Қайдан білсін бар екенін талай жыл
шыбыртқысын ұстау үшін Абайдың...

Екі бүйірім — егіз қынап секілді,
төрт жүзі бар екі қанжар мендегі
қырланады қырсыққан бір шағымда
сегіз бөліп кетемін деп кеудені.

Сол бір қырдан ұшқын алам жарқылдап:
Бір қанжарды жауыңа арна деседі.
Тайсам егер елге берген антымнан
Бірі менің өз басымды кеседі.

* * *

Мен үш-ақ күн өмір сүрдім туғалы:
дүниеге келген күнім — бір күнім,
Ең үлкен қол — заман қолы — алды жерден
көтеріп,
планетаның ең кішкене тұрғынын.

Екінші күн — ең жаныма жақыны —
мас қылған күн махаббаттың шарабы.
Үшінші күн — сол бір махаббаттың да
суитынын ұққан күнім болады.

* * *

Сағат байғұс тұра алмайды бір үнсіз,
тық-тық етіп минуттерін санайды.
Әркім өзі болса қанша тынымсыз,
өзгенің де тыншымауын қалайды.

Ал, мен кейде үн шығармай қаламын,
жалығады жамбасым да төсектен.
Сонда ғана... сағатымды аяймын
санатуға уақытымды бос өткен.

* * *

Қос қанатын қиып алып байғыздың
қырандарға берсек егер ұялмай,
қыран болып сілтер қыран бәрібір
байғыздың да қанатын.
Топшы керек қанатты да қағатын,
жаман аты — сол баяғы бір жаман.
Қыран қанатын беріп еді байғызға —
қонды ол барып бәрібір сол мұржаға.
Үміт, күдік — екі төбет екеуі,
менің кеудем екеуінің мекені.
Бірін қусам қайратыммен қорқытып,
Бірі менен өз еркімен кетеді.
Бірі баян таппайды екен бірінсіз,
бір орынға тағы екеуі сыймайды.
Екі төбет ортасында бір кесек ет — жүрегім,
Күні-түні жұлқылайды, қинайды.

* * *

Мен егерде бақыт болсам,
ең әуелі қадірлер ем өзімді.
Бір күн ұшып, бір күн қонып жүрмес ем,
Содан кейін... сыйлар едім сезімді.

Іздер едім дүниедегі ең "сорлыны",
жұрттың бәрін таң қылып.
Таңдап-таңдап бір-ақ рет қонар ем,
және сонда қалар едім мәңгілік.

* * *

Мен көлденең тұрар едім тас болсам,
ауыздарға өсек-ғайбат түтеген.
Мен бір тамшы жас болсам,
сұлулардың кірпігіне бітер ем.

Сыя болсам сөйлемдердің соңына
Тамар едім нүкте боп...
Ал, егерде бас болсам
Ақымаққа қояр едім бітпей-ақ.

* * *

Алтын деген шыдамды ғой шындықтың дәл
біреу іздеп тапқаныңша — жатады.
Дүниені кезіп бірақ жүреді
Алтын деген атағы.
Алтын деген атағы да іренді.
Кім иелік жасай алар даңққа!
Сол секілді дананың да аты кезіп жүр елді,
өзі бірақ жатады ылғи табытта.

* * *

Теңіз болса сұлулық
кемесіз-ақ жүзер едік біз
онда:
қорқақтық та құбылар ед бояу боп,
поэзияға айналар ед азаң да.
Теңіз болса сұлулық,
Болса-дағы қаншама мол, қанша көп,
сұлулыққа құмартқан көз-оймақпен
әлдеқашан құйып алып таусар ек.
Ешбір көзді, қарын, қанағатты да
тойдыра алмас менің кисель-сөздерім,
Қанатымның қауырсыны қатты ма —
ұшқанымның өзін кейде сезбедім.
Қазіргі адам қанағаты — көзінде,
тою деген қасірет емес, қой әрі.
Тоймаса да жіті болсын көз бізде,
ал, қарындар — кисельге де тояды.

* * *

Қызғануды ұқпаушы едім бұрын мен,
көрші қызды қызғанбаса болмады.
Екі ішектей қатар түскен бұрыммен
менің сезім-саусақтарым ойнады.
Мен қызғансам көршіні,мені қызғанды әйелім —
қос күйікті көтеріп жүр бой әрең.
Егер менің қызғанышым — ит болса,
Екі есікті күзеттіріп қояр ем.

* * *

Көкірегімде бір сыбыр бар, дүбір бар,
Сайысады сабырлы ақыл ашумен;
Сезім мен сыр, кәне, сыртқа шығындар,—
Сендерге ие бола алмаспын асыл мен.
Ақыл, ашу айтысы —
Біреуін де қолдамаймын тегі мен:
Екеуінің жеңсе дағы қайсысы
Бәрібір — мен жеңілем.

* * *

Наполеон етігінің сыңары
"Ұмыт қалған" орыстың орманында.
Келмеген соң өзі іздеп
Гитлерге табыс еттік оны да.
Сол күн жәйлі естеліктің өзі де
Сары тарих, сарғайған құр сүгірет.
"Ұмыт қалған" түгі жоқ.
Жақсы ағалар бата берген ақ жанмен
жарқ етпей бір қалам ба?
Жақсылықты көру үшін жердегі,
Жақсы болу керек екен маған да.
Жақсылықты тауса алмайды өлім де,
Жан емеспін мен өлі.
Жамандықты көзім көрген сайын мен
жақсылықтан үш айналғым келеді.

* * *

Сұлулықтың құлпырады бояуы,
Қандай бояу? — сезеді оны жүрегім.
Қызыл, көк деп түстей алман өзім де,
Тек әйтеуір сұлу екенін білемін.
Сұлулықтан қанша рахат табасың,
күйші соны қанша шебер жырлайды.
Соның бәрі... әппақ жұмыр білекті
бір-ақ рет ұстағанға тұрмайды.
ӨЗ КӨЗІММЕН
Жер,
Көк аспан,
Күн жанып тұр сұрапыл —
тіршіліктің үш негізі бұл берік.
Зырылдайды кинолента-уақыт —
Көре алсам-ау соның бәрін үлгеріп...
Мен анамды таныған ем ең алғаш
Осы көзбен — енді неге жаңылам!
Содан кейін...
туған жердің үстінде аспанымды танығам.
Келе-келе кетті "ұсақтап" бұл көзім—
Көрер болдым көрші қыздың бұрымын.
Елеусіздеу алып өтті күн де өзін,
Екі бөліп көк аспанның күмбезін.
Соны көріп үйренген көз, міне, енді
Көріп отыр кабинетті, кілемді.
Бұл жанарда қанша ай мен жыл өлді? —
Жоқ, өлген жоқ, бәрі маған тиелді.
Мен тірімін, жылдар тірі мен көрген!
Менің санам — естеліктер жинағы.
Бәрін де мен ұмытар ем,
Осы кезде тұрмаса
ана байғұс, аспанымның дидары...

ТЕҢІЗ ТУРАЛЫ

Теңіз, теңіз!.. жел тұрмай-ақ тулады ой,
теңіз болса табар ма еді жан шыдам.
Теңіз бірден — теңіз болып туған ғой,
мен теңізді құям деймін тамшыдан?!
Теңіздердің құдіретіне елігіп,
толқып, толқып аламын.
Көп толқынды жел көтерсе демігіп,
мен — теңізді көтергендей боламын.
Толқындарды сындырады жел бүктеп,
теңіз жатыр басын сүйеп даңқына.
Кім теңізге туған болса еліктеп,
сол жарайды, тым құрыса, тамшыға.
Тебірене, тебірене бұл теңіз
толқындардың шашы ағарып кеткен бе?
Адам жанына үңілуді білсеңіз
таңданбайсыз теңіздер мен көктемге.
Мен жырыма: "Теңіз, теңіз",— дегіздім,
теңіз жәйлі шертіп жүрміз шын аңыз.
Табынбаймыз атағына теңіздің,
оның даңқын шығарған да мына біз.
Толқындардың тізбектерін жел үзді,
теңізде де тұтастық жоқ — дәл шыным.
Табыну — жоқ, тану үшін теңізді
Білсем деймін қасиетін тамшының!..
МЕНІҢ ҮЙІМ
Төрт қабырға, қос терезе, сырлы еден...
қос көлеңке түсіреді бір денем:
күннің нұры,
шамның нұры бар тағы —
бірі жанса,
бірі солғын тартады.
Төрт қабырға...қос терезе, сырлы еден.
Екі төсек бір бұрышта,
ал анау
керек екен шкафты да бағалау.
Тау-тау болып кітап жатыр үйілген,
бұдан өзге түк көрмедің бе үйімнен?..
Жо-жоқ! Жалған!
Өсек айтпа, ей, досым,
Сен қоя тұр, менің тілім сөйлесін.
Өзің айтшы, осы үйдің әр бұрышынан
көрмедің бе қанағаттың бейнесін?!
Айтып ең ғой кейде мақтау,
кейде сын сәбиімнің көріп тұрып жейдесін.
Неғып қана көрмедің, дос, осы үйден
Намысшыл бір тіршіліктің бейнесін!..
Саусағымнан дағы өшпесе сияның
күн нұрындай қуат табар қиялым.
Қанағатты жіберем де қарынға,
күннің нұрын жүрегіме құямын.
Күннің нұры, себебі, тым жас, әлді,
ал, шам нұры жасанды ғой, жасанды.
Шамның жарығынан туған өнерді
жасандылық жайлар екен қашанғы!

* * *

Жүрегінде бір тамшы қан болса егер,
бар денеңді айналып ол жол шегер.
Мен де осынау тамшы қанға барабар,
туған жердің тұла бойын аралар.
Менің демім баяу ғана бір алған —
күрсіну мен сүйсінуден құралған.
Арман, арман алға бұрды бетімді,
нені қусам — сүйем соған жетуді.
Мен кідірсем терім сүртіп бір сәтке
бүкіл дүние жүрек құсап тоқтап қалар секілді!

* * *

Несібесін шоқып терді ел тары ғып,
тары десе — қарайды елдің бәрі ұғып.
Ұғу түбі — әрі қайғы, әрі үміт
...Соның, бәрін жеңіп келсең, кәрілік,
керегі не тарылып.
Aл, әзірге, жастық шақ,
күйіңді әкел, үйіп-төк,
ән мен күйді тұр ғой анау сүйіп көк.
Алатауға тағы...
тағы қарайық,
еңсе қалсын тағы да бір биіктеп!..
ОРМАН
Желсіз де тербелед ну орман,
ну орман — баяғы ну орман:
Кей бұта көгеріп, кей бұта қуарған.
Ну орман ыңырсып күні-түн
тербейді қайғысын, үмітін.
Кей сәтте түйіліп қара орман,
қарайды қабақпен қабарған.
Жапырақ — көк ала, сары ала,
қалтылдап аулаққа бара ма!
Ну орман — көп тілді бір орман,
мыңдаған бұтақтан құралған.
Мың бұтақ тілінде сөйлейді бір орман.
Кейде орман сылайды бойын жәй,
ойлары тұрғанда қойылмай:
шөбіңді ор, қойың жай.
Сол орман рухын етеді құс мазақ,
Сабырлы адамның ұшқалақ ойындай.
Басында бар қиял, бар талап
орман тұр алды —қол, арты — алап;
Мәз боп тұр көктемді көтеріп,
көкжиекті арқалап.
Ну орман тұр сыңсып.
Күн айық,
жел есті желпініп, тыңайып.
Әр бұтақ — орман боп жырлайды,
орман боп мұңайып.
Әр бұтақ өзінше — бір кеуде,
кеуде боп күрсініп жүр кейде.
Орманға шынымен еліктеп көрер ем,
Біреулер күлмей ме?!

* * *

Сенің, туған жер, деміңді бір алған
сеземін мен таңғы самал, мұнардан.
Бір басылып, бір шыққандай,
көкірегің
шоқалдар мен төбелерден құралған.
Алатаудан аңқып аққан өзеннен
дарының мен арыныңды сезем мен.
Көкжиекке аунап кеткен түндерден
аунап кеткен қасіретіңді білем мен.
О, туған жер.
Аппақ қарда қара қиқым жатыр шаң —
қиқым ой мен қырсық пиғыл тозаңы.
Бір жүйріктен бір жүйрігің озады,
соны көріп менің де арқам қозады.
О, туған жер.
...Әлі жүрмін. Түк бітірген жоқпын мен,
іш қазанын жалайды ыза от-тілмен.
Алып, алып кеп қарызды көп күннен,
біреуін де өтей алмай өттім мен?
Жоқ, өткем жоқ, өтпегенде қалды нем!
жиырма бестен өттім елдің алдымен.
Туған едім ең соңынан бұл жұрттың,
ең алдымен соғар ма екем санды мен?
Осы ойлармен атты әнеки, таң дағы,
Тағы бір күн келе жатыр жанғалы...
Мен өткем жоқ, өтеді екен жылдар тек,
бірақ менде қалады екен салмағы.

* * *

Күркіреген толқындар,
осынша үнді барады өзен қайда алып?
Мұнда қандай құдірет бар мен тыңдар,
көрсем бе екен ойланып?
Жақпар — жадау, түк сезбейді дөң үсті,
ал, баурайда көп толқындар төбелесті, өлісті..
Ақырында бәрі бірге aғyғa
Келісті.
Өйткені олар барады екен бәрі алға —
Алға жүру керек еді маған да.
Мен ойланып тұрғанымда шет қалып
көп толқындар кетті ағып...
БУЫН
Әй, осы бір... буын деген бір "бәле"
әкелді екен жырға не.
Он бір, сегіз... шыдай алман, әй тегі,
ал егерде он бес болса қайтеді?
Жоқ!.. Болмайды — болмайдыға көнбес те ем
Абай аға жазған болса он беспен.
Тоғыз болса үшеуі асып кетеді,
алтау болса — жетеді.
Буын, буын емес сенің мазағың,
(мазақтауға болады ғой бірақ та).
Қандай ғажап құйылады құлаққа
"Мен сәлем жазамын".
Олай болса мен сәлем айтамын,
сол бір сыншы жолдасқа:
мазмұнда екен бар керемет — байқадым,
сыншыда да мазмұн деген болмас па!
Буын санап саусақ бүккен бір қырсық
шыға келді тағы алдымнан білгірсіп.
Бір буының асып кетсе — бір апта
дау соғады: жақпайды деп құлаққа.
Бақсам оның құлағында екен таланты,
мен батыппын босқа ойға.
Құлақ деген — мықты талант, тегінде,
Бірақ Бас қайда!

* * *

Тұрмыз, міне, вокзалда... ал,
вокзалда тұру деген жоқ заңда:
әлдебіреу жалтаң-жұлтаң қағады,
сықыр еткен кей ботинка табаны
жұртты өзіне бір қаратып алады.
Ел тып-тыныш.
Сабыр тауып үлгерген
өсекші тұр білгірмен,
көңілдері тұрады тек өрепкіп.
Талай көзден әрі де өттік, бері өттік.
Біреу тауып бірге оқыған құрбысын,
қара шылым сыйлап тұрды бір қысым.
Айрылысқандар бұдан талай жыл бұрын,
қайта тауып табысатын күн бүгін!
Ал, мыналар бір қалада жүрсе де
өте сирек көреді екен бір-бірін.
Басқа жерде кездессе олар сол үшін
білер еді-ау бокалдардың толысын.
Бірін-бірі шығарғандар сапарға
ғашықтарша қымсынысып тұр жайсыз,
бір-біріне жымияды ыңғайсыз...
Қош! деуге де ыңғайсыз,
тос! деуге де ыңғайсыз,
неткен тірлік тұрлаусыз!
Әлі тұрмыз вокзалда.
Шығарған жұрт,
қарсы алған жұрт — сол қалпы —
біреу тауып,
біреу жатыр жоғалтып.
Қуаныш боп атар таң жоқ сары алтын,
батар мұң жоқ не малтып,
бір бұрышта жаудай қарап жолдасқа
бөтелкенің аузын сүйгеннен басқа
тимеді-ау, дос, саған түк.

* * *

Жұмыр жерді түгел көріп өтем деп,
Мен отырмын бір төбені мекендеп.
Анда барсам мына жақты көрмеймін,
Мында келсем ана жақты көрмеймін.
Айтыңдаршы, айтыңдаршы өр Адам
Бір мезгілде бәрін қалай көре алам?!
Түн болсам да көрер ем тек бір бетін
Күн болсам да көрер ем тек бір бетін.
Ал, егерде аспан болсам мына мен —
бар жағынан бірдей көріп тұрар ем!..

* * *

Тамшы терді сығып алып денеден,
жұлдыз қылып жағайыншы деген ем...
Оу, көк аспан, тесіліпті-ау тегенең,
Тегенеңде құюлы екен көп өлең.
Алыс жақтан албырт сәуле себелеп
құйылып тұр, құйылып тұр не керек!
Жер ырысын беркіттік біз шамдармен
көшелерді қатар-қатар шегелеп!
Маужырап тұр, бүгін тыныш түн біздің,
тыныш түнде тұйық қызды күлгіздім.
Тыныштыққа денең балқып кетердей
сәулесімен араласып жұлдыздың.
Әр тірліктің түні мынау, күндізі —
Әр тірліктің жұлдыз болып күлді ізі.
Жұлдыз көп қой, жұлдыз көп қой аспанда,
Одан да көп біздің жердің жұлдызы!
Көкте жұлдыз, жерде жұлдыз — бәрі ұшқын,
жұлдыздардың сәулесімен жарыстым.
Жері қайсы, көгі қайсы — кім білсін,
жер мен көктің арасында бір гүлсің.
Нәзіктікке табынғандар, сәуленің
жалғыз ғана дір еткенін жыр қылсын!
Көз алдымның бәрі жұлдыз — бір керім,
көк болды ма жер деп менің жүргенім!
Шойын-бұлттар Күн нұрынан балқыды:
соның бәрі өтеді адамдардың жүректері арқылы.
Арқасынан асыл болаттардың біз
Таспа тіліп жүрміз көп —
сом балғадан ұшқын ұшты жұлдыз боп.
Жұлдыз болып жарқырамас қандай жан!
Жұлдыз болып терім тамды маңдайдан.

КӨКТЕМ ӘСЕРІНЕН

Жасыл түсті секілді нұр, арай да,
жасып қалған секілді алап, маңай бар.
Тастардан да сабыр қашқан тәрізді,
Кәрінің де ақылы жоқ абайлар.
Көк теректер көтеріліп еңсемен,
желпінетіндей биікпін деп, мен сенен,
мен де терек жапырағы боп сылдырап,
мен де еменнің бұтағы боп теңселем.
Көңіл шіркін әр қилы ғой,
әр қилы,
әсері де ән күйдің:
ақ гүлдердің арманы боп ашылып,
қызыл гүлдің қиялы боп қалғимын.
Баяу жылжып капрон-бұлт, ақ мұнар
мына қырдан ана қырға қақтығар.
Жел үп етсе көңіл құсап өрепкір —
өрепкуге дайын тал мен терек тұр.
Бір ғажайып нұрлы шақ:
фонтандар тұр көкке күміс бұрғы сап.
Сәске түсті бүкіл осы Жетісу
газ-орамал жамылғанға тұрды ұсап.

* * *

Шығыста шабысады арайға арай,
арай да шабысардай абайламай.
Мойыны ұзарып тұр қарт шыңдардың,
ентелеп күншығысқа қарай-қарай.
Керуен-тау іркілумен, тоқталумен,
секілді сенім тауып топқа кірген.
Шу-шулап мезгіл өзі тебінеді,
Алатау секілді бір ноқталы інген.
Батқанда санға Қамшы, белге — бұрау,
көк терін кептіреді желге омырау.
Өркеші иір-иір, иір-иір
құлады көлеңке боп көлге мынау.
Шұға-нұр ши қызыл ғып аспанды көк,
қомдығын Алатаудың жастанды кеп.
Жар салды жас орманға бала-бұлбұл,
Тағы да бір тамаша басталды деп.

* * *

Бірге алып мұнарды да, тұманды да
ірмеліп дөң-белімен бұраң-бұраң
Күн бата — күнбатысқа көшті Алатау,
Таң ата шығу үшін күн алдынан...
ТАУ ТОЛҚЫНДАРЫ
Өргізіп өзен-суын алса ғана
қарайды тау қарауытып сан салаға.
Қайтеді ей, мына толқын ән сала ма,
жартастың төсін сорып тамсана ма?
Шұбырып шұбар ала су төменге,
топшысы тасқа тиді сілтегенде.
Сұсты, пәк, жартас жүзін жел жасырып
ұқсайды жібек шәлі бүркегенге.
Қайқаңнан алабұртып асқан бұлақ,
домалап кетті, әнеки, тастан құлап:
Толқынның біреуі озып, бірі ере алмай
келеді қалыңқырап, ақсаңқырап.
Аптығып, алақайлап шапқан ағын
Тосады қара тасқа ақ тамағын.
Қақтығып қаңылтырдай таулы алапқа
Көксайдан кернейлетіп аттанады үн...
Төменде теңіз беті жымың-жымың,
ләззат ыстығына жылынды мұң.
Кеңкілдеп киіп-жарып келген бұлақ
бәрінің сонда білді шығындығын:
басылды баяғыдай зіркілдемей,
тек қана бүлк-бүлк етті шіркін көмей
домығар долы келін секілденіп
енесін қалғанына бір тілдемей.
Көк теңіз бүгін көзін жұмар нағып,
ол жатыр жұмарланып, құмар қанып...
содан соң қарайды тым алыс тартып,
көзімен ұмытудың мұнарлатып...

* * *

Көкпеңбек,
жер де көк, көк те көк,
көкпеңбек төбет те қарғылы.
Табиғат анаға өкпе жоқ:
бір түске бояпты барлығын.
Айнала көк-жасыл — жас бәрі,
бояудың бірлігі — ұтады.
Кәрі емен қалтылдап бастары
қостайды бозбала-бұтаны.
Өзге түс күтпей-ақ қой алдан,
көк бояу күледі қулана.
Бар дүние көк түске боялған,
мөлдірлікті ұстапты су ғана,
өзге бір сиқырмен, қуатпен...
су аты — су, әттең!

* * *

Қайдасың, қайғы, үміт,
сенсіз де күн бар,
жел — еседі.
Тек қарттар кешегі
жаңбырсыз бұлт жоқ деседі,
қайғысыз үміт жоқ деседі.
Қайдасың, қайғы, үміт,
сендерсіз көкірек тым-тырыс,
бұлақта жоқ ескі бұлқыныс.
Шөп тыныш, гүл тыныш—
Менде жоқ ұмтылыс.
Жоламай қайғы, үміт
жүрегім қалғандай шайлығып...
Батар күн нұрындай
соңғы рет түсетін шыңға өлі
сен де бір қарашы қайрылып?!

* * *

Тау төсі ақ, ақ айран —
қара бұлт жалайды жата қап.
Аспанда жүзді бұлт дақ болып қарайған,
сол үшін бұлт деген атақ ап.
Кәрлі бұлт түнеріп қараса жан-жаққа,
жасыл көл кеш дейді сүтіңді ақ,
Қарт шыңдар шыдамай қорғасын салмаққа
майысар секілді сықырлап.
Тамшылар шөпке ұйып — мөлдірлік,
мөлдірлік дегеннің шарты бар:
Жасапты табиғат тауды да көлгір ғып,
бұлтқа шытынып, күнге жарқырар...

КҮН БАТҚАН СОҢ

... Көгіс тартып тұр безеріп қыр үсті,
қоя аурудан айықпаған баладай.
Кәрі шыңдар бір-біріне суысты,
бір суық леп кезіп жүрді жағалай.
Тау әжімі терең тартып барады,
бір қаталдық тұрды жұртқа білінбей.
Сайдың бетін жеңіл мұнар жабады,
жеңіл мұнар жасыл көлдің түбіндей.
Мұнартты тау
қалжырады-ау ол анық,
тастады ма таскөмір-бұлт жаныштап?
Аспан, міне, келді жерге таянып,
шың барады бірте-бірте алыстап.
Алыстағы трактордың гүрілі тауға соғып,
жаңғырыға құлады.
Түсті иыққа Алатаудың бұрымы,
сыңғыр етті ақ бұлақтың құлағы...

* * *

Күн шыжып тұр.
Талғар жақтан бұлт келеді жөңкіліп,
бір салқындық болғай деймін мен тұрып.
Бүкіл алап шыр еткендей болады
тиіп кетсе ботинканың табаны.
Күн күйіп тұр... тіл жабысып таңдайға,
шаш көлеңке бола алмады маңдайға.
Ауыр екен шілде айының бұ шағы,
секілді алап ақ жалынның құшағы.
Дыр-дыр еткен қызыл шоқ боп ұшады
Дыр-дыр еткен қызыл қанат шегіртке
бір-бір түйір қызыл шоқ боп ұшады.
Дәл осы сәт шыңға қонды сүр бұлт кеп,
ақ шың оны шынтаққа алды бір бүктеп.
Бұлқынды бұлт, кете алмады жұлынып,
көлеңкесі қалды маған ілініп.
АЙЫРЛАР
Батылдау сал айырыңды, сал былай:
қопаң етіп көтерілсін шөмеле.
Көлеңкеңнен қимылыңды аңдымай
бер еркіңді мынау шымыр денеге!!
Пай-пай-пай-пай!
Білек қандай!
білекті
таудың күні бір-ақ сүйіп түлетті.
Мұрын анау... мұрын "құртты" бетіңді —
аршылмаған картопия секілді...
Тер шыққанда сайтан дарып бойға нақ
шөмелені жөнелесің ойнап ап.
Тек қиқым-шөп құйылғанда мойынға
айыр беру — ұқсамайды ойынға.
Шөп сылдыры, айырлардың сумаңы...
бұдан өзге көріністі көкжиек те тумады.
Айыр,айыр...
жылт-жылт етіп көтерілді төрт жұлдыз,
бір айырдың төрт жұлдыз — төрт бұтағы,
Ол көтерсе бір айыр шөп жоғары,
күллі аспанды көтергендей болады...

* * *

Қане, достар, қимылдалық күн қызбай —
жіпсідік пе — жел соғады бір мұздай.
Мынау алқап өзінше бір аспан ғой,
шөмелелер — жұлдыздай.
Әр табанда бір-бір ғалам аунайды, —
ойлама енді дала жайлы, тау жайлы.
Шөмеле артқан балакөштің іздері
"Құс жолынан" аумайды.
Космоста жүргендейміз біз дағы
Айыр-саптың уысыңда қызғаны —
Қуаттырақ әсер етер атомнан.
Космонавпыз біз дағы.
Терлесе адам көңілденед, о несі?
терге ғана балқи ма екен денесі?
Термен тыныстамаса, қуанбаса күрсініп —
дәл осындай тамаша болар ма еді тіршілік?!

* * *

Қайда ғана, қайда ғана, қарама,
ұшып жатыр жапырақтар сарала.
Қыз мойнына — сары моншақ тізілген —
Ей, табиғат, күзің бе бұл, күзің бе?
Бұлт төмендеп...
Жер биіктеп бара ма,
ылай толқын үймеледі жағаға.
Қырау үстінде қарауытты ізім де —
Ей, табиғат, күзің бе бұл, күзің бе?
Көрші ауылдың иті тыныш жатпады,
Сақ қой тіпті...
О, "құдайдың" атқаны.
Кемпір сыртқа жүгіреді, қызы үйде —
Ей, табиғат, күзің бе бұл, күзің бе?!

* * *

Тауға қарай келемін, тауға қарай,
желдің дағы маңдайдан аумағаны-ай.
Күндерім де алдағы тау сияқты, —
Тауға қарай беремін, тауға қарай.
Алқынады қос өкпем, ысып демім,
Ұят болды, қол-аяқ, ісінгенің.
Бұл сырыңды, табиғат, түсінбедім,
Мен сенің түсінбейтін кісің бе едім!
Мен келем бе, жаным-ау, тау келе ме,—
көңілім бір сәт қобалжиды әлденеге.
Бұлт боп бұғып, сағым боп бұраңдайсың,
жеткізбесең, ей шындар, әурелеме.
Келем, келем өзімнің ішімде мен,
мен оттымын деп келем бұ шілдеден...
...Биікті аңсар ылғи да адам жанын
Биіктіктер, сен қашан түсінген ең?!

ПОЕЗДА

Келеді ағып... жылдамдық еді қандай,
көкжиекке біз қазір соғылардай.
Терезеден айнала қарай-қарай,
талай қырды қалыппыз абайламай.
Арал-теңіз дей ме анау ағарғанды,
көкжиекке сүйелген шар айнадай.
Құбылады маң дала не түрге еніп,
қарсақ қашты құлақты, кекілді елік.
Ақ құлақшаға оралған сым шарпысып,
бағандар мен бағандар тұр тартысып.
Қылт-қылт желіп олар да шығады алдан
шұбарытып барады мына жалған.
Тез жүреді бұл поез, тез жүреді,
жүрек неткен тездікті сезгір еді.
Кейде дала кендігі қызықтырса,
жолдың ұзақ-ты-ғы тым бездіреді.
Жылдамдықпен түйгенбіз жанды бірге —
доңғалақтар дүбірле, ал, дүбірле!
Тым асығыс келеміз, тым асығыс,
өйткені біз барамыз алғы күнге!

ТАМШЫ

Құм — жалаңаш жатыр еді, обал-ақ:
қарауытып дір-дір етті дөң, алап.
Тамшы, тамшы келеді, әне, домалап,
Көк бұлтының бар сезімін тонап ап.
Мөлдір тамшы қонды құмға секпіл боп,
жұрт шу етті: секпіл, секпіл деп тілдеп.
Мөлдір еді, мөлдір еді тамшы бұл —
кеудесінен шыққан үндей әншінің.
Енді қалай болды қоңыр, қарала —
қарамашы, қарама!..
Көмейіне түйдек бұлттар лек келіп,
көкжиек тұр үндей алмай кептеліп.
Ал, сол тамшы сәуле болып туды да...
ақырында құмға сіңді — кетті өліп.
... Тамшы тапты Жерді — мәңгі мекенін,
мезгіл-ана тербетеді мекені мен екеуін.
Өкінбес ед, білмейді ғой сол тамшы
Жердің дағы тамшыға ұқсас екенін?!

1966

author

Жұмекен Нәжімеденов

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...