Розаның драма әлемі

ӘДЕБИЕТ
7973

Ширыққан тартыс, шиеленіскен қайшылық адамның жан дүниесінде бұлқынып, аласұратыны шындық. Сол шындық көркем кеңістікке көшіп, кейіпкер болмысына телінгенде тіптен күрделеніп, оқырманына ішкі әлемнің қалтарыстарын айқара ашпақ. Тартыс пен қайшылықтың бұлқынысында тағдыр жатады. Адам мен заман, адам мен қоғам бетпе-бет келгенде біз айтып отырған ұғымдар түрлі сипатымен құбылады. Қаламгер Роза Мұқанованың драмалық туындыларына қатысты айтар сөзімізді осылайша бастауымыздың мәні бар.

Жазушы-драматург Роза Мұқанова

Драма жанрындағы «Мәңгілік бала бейнемен» басталған қадамы Розаны осы саладағы күрделі шығармаларды туындатуға бастады. Әу баста әңгіме болып дүниеге келіп, уақыт өте драмаға айналған «Мәңгілік бала бейне» Семей топырағының, данышпан Абай туған Қарауылдың қасіретін кейіпкерінің жан түкпіріндегі сыры арқылы танытып, күллі адамзат қасіретін сезіндірген шығарма бола білді. 

«Мәңгілік бала бейненің» сахнадағы тынысы жайлы белгілі әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанованың мына пікірін келтірсек болар: 

«Әңгіме желісімен жазылып, сахнаға лайықталғанда бірталай өзгерістер жасалған «Мәңгілік бала-бейне» − оның драматургиядағы алғашқы қадамы... Ал, әсіресе, алғашқы қадамның сәтті болуы үшін автор өз ой-идеясына, дүниені көру, өмірді сезіну деңгейіне үйлес режиссерге кездесуі керек-ті; ол режиссер автордың көркем ой, жан айғайын, біртұтастығын жоғалтып, жанталасқан әлемнің бір нүктесі − атом-аждаһа аузына түскен Қарауылдың қасіретінен; Қарауыл қасіреті – адам қасіреті, халық қасіреті, ұрпақ қасіреті яғни әлем қасіреті екенін автормен тепе-тең сезінуі керек-ті. Ондай режиссер бар болып шықты. Тіпті, «Мәңгілік бала-бейнені» сахнаға шығару туралы идеяны айтқан да сол режиссер еді» деп, спектакльге баға бере отырып: «Бірнеше желі қатар өріле-өрби келе бүкілхалықтың қасіретке ұласатын «Мәңгілік бала-бейне» − әр көрермен жүрегіне жол салатындай қарапайымдылыққа қол жеткізген, рухани-мәдени кеңістігі кең, қуатты симфония-спектакль». Спектакльдің мұндай дәрежеде бағалануы, әрине Розаның қалам қуатымен тығыз байланысты. 

«Роза Мұқанова қазақ әдебиетіне дер кезінде келген тұлға. Ал драматургиядағы қадамының өзімен ол осы саланы елең еткізіп, ортаға енген жазушы –драматург. Розаның шығармашылық борометрі өзінің қашанда бабында» деген театр қайраткері Әшірбек Сығайдың ақжарма пікірі қаламгердің табиғатын, талант деңгейін, әдебиетке салған олжасын айқындай түседі. 

Роза Мұқанованың драматургия саласындағы табысын тек бір туындысымен шектеп қоюға болмайды. Ол «Мәңгілік бала бейнеде» танытқан шеберлігін шығармашылық жолында одан әрі шыңдай түсті. Тынымсыз еңбек, қаламгерлік ізденіс нәтижесінде «Сен», «Мысықтар патшалығында», «Ешкім де кінәлі емес», «Шатыр астындағы мен», «Сарра», 

«Фариза» сияқты пьесалар жазылды, сахналанды, көрермен тарапынан ыстық ілтипатқа бөленді. Қаламгердің «Сарра» атты драмтургиялық шығармалар жинағына енген әрбір туындысы бір мақалаға жүк боларлық дүниелер. 

Ата-ана мен бала арасындағы жауапкершілік пен сүйіспеншілікті айту керек пе, әлде көріп-сезіну керек пе? Қызық сауал. Розаның «Ешкім де кінәлі емес» драмасы көрерменіне осы бір қызық та қиын сауалды ұсынады. Ата дәстүрімізге мүлде жат нәрсе үйреншікті іске айналған заманды кінәлау керк пе, әлде адамды кінәлайық па? Пьеса кейіпкерлері – қарттар, мазмұны – өткенге деген, бәлкім, мейірімге деген қарттар сағынышы. «Сағыныш деген енді оралмайтын өтіп кеткен өмірдің елесі....». Иә, оралмасқа кеткен нәрселер көп. Ал, ата-ана алдындағы парыз, ар-ұждан алдындағы жауапкершілік туралы не демекпіз? 

«Ешкім де кінәлі емес» драмасының кейіпкерлері сарғайған сағынышқа сүйенген дәрменсіз қарттар дедік. Олардың ешкімге артар кінәсі, ешкімге айтар өкпесі жоқ. Қасиетті қарттықты дәрменсіздікке душар еткен қоғам пиғылы осындай. Абсурд-драмасын арқылы отбасылық құндылықты философиялық-интеллектуалдық биіктен пайымдатқан автордың балалар бақшасында сәбилердің орнына қарттардың тағдырын көрсетуі – тың ізденіске құлаш ұрған қаламгерлік шеберліктің бір қыры. 

«Сен»... Пьеса үшін оқшау бәлки оғаш атау сияқты. Мұндай атау лирикалық өлеңге тән деуіңізге болады. Бірақ, Роза өнер тағдырын, өнерпаз қасіретін арқау еткен драмасына осы атауды таңдапты. 

Жазушы-драматург Роза Мұқанованың Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған «Сарра» драматургиялық шығармалар жинағы

Өнер атаулының өзегіне сіңген жалғыздық дерті – жанның жалғыздығы арғы-бергі әдебиетте аз бейнеленген жоқ. Өнерпаз бен жалғыздық ұғымы біте қайнасып кеткендігі де шындық. Алайда, осы бір ұғымның әр адамның дара болмысымен қабысуын сезімталдықпен, қырағылықпен аңғарту әр қаламгерден басқаға ұқсамас ерекшелікті талап етеді. Өзге өнердің табиғатын образды сөздермен айшықтай көрсететін сөз өнерінің арқалар жүгін осы бір нәзік те күрделі тұстарда аңара түсеміз. Роза «Сен» деп әйгілеген кейіпкер – кескін өнерінің шебері, суретші Сергей Иванович Калмыков. Драма суретшінің монологымен басталады: 

«Жалғыздық. Тұмшаланған жалғыздық та мезi еттi. Көңiлiм толмай құлазып, аласұрам. Ешкiм қумаса да, қашып келе жатқандаймын. Ешкiм iздемесе де, жанымды арашалап безектеймiн. Өзiме де, өзгеге де пайдасы жоқ мазасыздық жегiдей жеп, барымды тiнтiп, тежеп бiткен». 

Өнер адамының мазасыз ойы, жан дүниесіндегі шиыршық атқан қайшылық, адам мен қоғам арасындағы тартыс кейіпкердің ішкі үнімен былайша жеткізіледі: 

«Ұлылықты берген құдай сорлылықпен тiзгiндейдi. Дарынды берген құдай дарынсызға тәуелдi етедi. Қиялыңмен көктi шарпып, ойыңмен әлемдi кездiре алатын шебер құдай жаныңды тәнiңе иелiк еткiзiп, табаныңды жерге жапсырып қояды». 

Өнерде тек шынайылықты қапысыз бейнелеуді мұрат тұтқан суретшіге Анна Васильевна сияқты сұлу әйелдің көздің сұғына ілігетін сырт пішінін 

емес, нағыз табиғи болмысын бейенелу маңызды. Бетперденің арғы жағындағы шынайы болмысты суретшінің көзі көріп, түйсігі сезеді. Калмыковтың қасіретін ұлғайтатын – шынайылықты қабылдай алмайтын қоғамның пиғылы. Автор осы шындықты кейіпкерінің оғаш қылықтары, оқыс әрекеттері арқылы сезіндіруге ұмтылады. 

Қоғам шындығы. Заман шындығы. Роза Мұқанова «Мысықтар патшалығы» пьесасы арқылы ащы шындықты ашады. Әр шығармасын философиялық астармен қабаттастыра өретін автордың символикалық, аллегориялық тәсілге бет бұруы осы пьесасынан айқын көрінеді. Құндыз мысықтың қасындағы жас мысық Марғауға айта бастаған әңгімесінен-ақ ойымызға бірден қылымсыған екі жүзді әйел оралады. Адамдарға тән әрекетті иеленген әр мысықтың сөзі мен іс-әрекеттері өз ортамыздағы, айналамыздағы күнделікті тіршіліктің тынысын аңқытады. Билікке деген жағымпаздық, жалған белсенділік, адамдар арасындағы екіжүзділік – осы әрекеттердің бәрін мысықтарға аударып, солар арқылы қоғамның жағымсыз сипатын бейнелеген қаламгердің көркем кеңістігінің сан бояулы, сан қырлы екенін тани түсеміз. «Мысықтар патшалығындағы» мысық-кейіпкерлерден біз айналамыздағы адамдарды танып, қоғамдық құлықты көргендей боламыз. 

Адам тағдыры қоғамдық ортамен тығыз байланысты екенін арғы-бергі философиялық пайымдар мен өнер туындыларынан жақсы білеміз. Қоғамды адамның пиғылы бұза ма, әлде адамды қоғам бұза ма? Ау, сол қоғамдық қарым-қатынастарды түзуші адам баласы ғой. Осы шым-шытырық сұрақтың бір жауабын Розаның «Шатыр астындағы Мен» атты екі бөлімнен тұратын трагикомедиясы беретіндей... Анти-Шрек деген атты иемденген орталық кейіпкердің әрекетіне қалай баға береміз? Буфо – Боранбай Балпақұлы, бастық Сапақ Саталович, суретші Ерло, қолтаңба алуға ұмтылып жүретін жас қыз, Дәуқараев, Беймо, Имова, гүл суарушы, хатшы қыз – осы кейіпкерлер арасындағы диалогтар әрқайсысының болмысын, құлқын айқара ашады. Бұлардың бәрі бір шатырдың астында... Иә, бір кеңістікте, бір ортада жүрген жандар. Әрқайсысының өзіндік «мені» айғайлап тұр... 

Кенеттен болған жер сілкінісі сол шатыр астындағылардың жан-дүниесін сілкіп-сілкіп алғандай. Осы оқиғада Анти-Шрек мерт болады. Ал, шатыр астындағы басқа кейіпкерлер Шректі сән-салтанатымен, айрықша марапат-мадақпен о дүниеге шығарып салады. Қоғам адаммен құнды. Ал, сол қоғамды екіжүзділікке, жалғандыққа, сатқындыққа толтыратын кім? Драматург осы сауалдардың жауабын еш дидактикасыз тартыс шеңберінде ашады. Сондықтан да болар «Мысықтар патшалығы» және «Шатыр астындағы Мен» драмаларының жанды ауыртатыны, жүректі шымырлататыны ... 

Көркем туындыдағы әйел бейнесі дегенде біз әуелі кескін өнері мен мүсін өнерінің әйгілі үлгілерін еске аламыз. Сөз өнері де бұл жағынан қалыспады. Ежелгі грек дүниесіндегі трагедиялық драмалардың ішінде «Медея», «Троя «әйелдері», «Елена ару», «Гекуба» есімізде болар... Есте қалатыны – ондағы шытыман саяхат, жойқын соғыс қасіреті... Солардың бел 

ортасында бойларында нәзіктік пен қайсарлық тоғысқан әйелдер жүреді... Ежелгі Грекияның «сахна философы» атанған Еврипид қаламынан төгілген алапат тартыстың өзегі әйелдің жан-жүрегімен, болмыс-бітімімен байланысты. Драма өнерінің бастауында тұрған мұндай шығармалар кейінгі кезеңдердегі классикалық туындыларға үлгі болғаны шындық. Олай болуының себебі – Еврипидтің таланты ғана емес, адамдық негізі, мейірім мен парасаттың қайнар көзі, өмір сыйлаушы әйел-ана екендігі болар. Осылай десек орынды. Қазіргі қазақ драматургиясында сол драмалық дәстүр қалай жалғасып, қалай түледі, қандай биікке көтерілді? Міне, осы тұста Роза Мұқанованың «Сарра» мен «Фариза» атты туындыларын ерекше ілтипатпен атай аламыз. 

Ібраһим ғалайссалам заманынан жеткен аңызды арқау еткен «Сарра» драмасында бас қаһарманның жан дүниесіндегі қайшылықты тартыс – әйел жанының қат-қабат сыры мен шиеленіскен сезімдері шынайы бейнеленген. Сарра әуелі Жаратушыдан ері Ібраһимге ұрпақ беруін сұрап, Ажарға некелесуін қалады. Оның әу баста ізгіліктен туған бұл ойына атың өшкір ібіліс араласты... 

Ажарды пайғамбарға жар еткен де, қызғанған да Сарра... 

Қызғаныштың қылбұрауында жаны ышқынып, Ібраһим ғалайссаламға Ажарды айдалаға апарып тастауды бұйырған да Сарра... 

Ақылынан дасқанымен, қайтадан сол ақылына оралған да Сарра... 

Иә, драманың өне бойында Сарраның жүрегі мен тілегі шиыршық атады. Сарраның кім екенін танытатын драманың шешімі. Ісмағұлдың орнына өзін құрбандыққа шалуды жалбарына тілеген Сарраның әрекеті оның күллі күнәсін шайып, әу бастағы ізгілік биігіне қайта әкеледі. Розаның аңыз оқиғасын көркем кеңістікте жаңғартып, кейіпкер болмысын ширыққан тартыс аясында ашу шеберлігінің бір үлгісі осы «Сарра» драмасы дер едім... Тек «Сарра» ғана емес, оған «Фаризаны» қосайық. 

Көне дүниенің кейіпкерлерін тартыс әлемінде тірілткен драматургтің өз замандасы, бәріміз білетін, көрген, жұрмет тұтқан ФАРИЗА АҚЫН туралы көркем дүниесі несімен ерекше? Драма оқиғасына жанама түрде араласқан кейіпкерлердің бойына заманның, ортаның болмысы жинақталған. Оқиғаның бастауында Фаризамен тілдесетін кемпір, ақиық ақын Мұқағали – осы екі кейіпкерге ғана даралық сипат дарытқан қаламгердің өзге кейіпкерлерді оқшауламай, жалпылай ат беруі бас қаһарманның дара болмысын таныту үшін тиімді болып шыққан. Сәтті қаламгерлік ізденістің шеберлікен тоғысуы десе де болғандай. Темірдей тегеурінді, болаттай берік мінез – бар болғаны сыртқы сауыт, яки киіп жүрген киім. Шынайы болмыс жан әлемінде аласұрады. Ол әлемде күйзеліс, аңсарлы тілек, маздаған үміт, сан қатпарлы жұмбақ сыр жатыр. Тағдырлы ақынның – қайталанбас Фаризадай тұлғаның болмысын осы қырынан таныту драматургтің басты мақсатына айналған және сол мақсатына жеткен. 

Роза Мұқанова – қазақ прозасы мен дарамтургиясына олжа салып келе жатқан шығармашыл тұлға. Қаламгердің «Сарра» атты драматургиялық шығармалар жинағы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа әдбен лайық. 

Жанат ӘСКЕРБЕКҚЫЗЫ ақын

Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, 

филология ғылымдарының докторы


author

Жанат Әскербекқызы

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...