Әкелері бөлек болғанымен, аналары бір қарындасына үйленген голланд жазушысы Ричард Клинкхаммер (Rich...
Рюноскэ Акутагава. Күмән (әңгіме)
Аударған Б.Қожабекова
Осыдан он жылдан астам бұрын, көктем кезі ғой деймін, маған этика жөнінен лекция оқу тапсырылып, Гифу префектурасындағы Огаки қаласында бір аптадай тұрғаным бар. Жергілікті жұрттың қажетсіз қолпашынан қашқақтап, мені шақыртқан мұғалімдер ұйымына алдын ала ескерту хат жібергем, онда түрлі кездесулер мен кештерден, отырыстардан бас тартатынымды, қаланың көрнекті жерлерін араламайтынымды, жалпы текке уақыт өткізуді жаратпайтынымды жазғанмын. Бағыма қарай, басқаларға ұқсамайтын әпенді біреу екенім ел құлағына жетіпті, мұғалімдер ұйымының председателі, Огаки қаласының мэрінің құлшынысының арқасында қалаға келіп түскенімде өзім қалағандай күтіп алды, жататын орным да жайлы болды, әдеттегі қонақ үйдің орнына жергілікті ауқаттылардың бірі Н. мырзаның оңаша саяжайының тыныш бөлмесіне жайғастым. Осы саяжайда тұрғанда кездейсоқ бір қайғылы оқиға жайында әңгіме естіген едім, енді соны баяндамақпын.
Саяжай Короку қорғанына жақын жерде, тіршілігі қыз − қыз қайнаған көңілді мекендерден аулақта орналасқан-ды. Мен жайғасқан сегіз ысырма қамыс пердесі бар шағын мекен-жайға, өкінішке орай, мүлдем күн сәулесі түспейтін, бірақ түсі оңған фусума мен сёдзилер ішінде жанға жайлы тыныштық тұнып тұратын. Маған қызмет қылуға бекітілген саяжайдың күзетшісі мен әйелі қызметтері қажет емес кездері өздеріне бөлінген ас үйге кететін де, алакөлеңке бөлме іші көбіне-көп жым-жырт боп қалатын. Тіпті гранит қолжуғышқа дейін созылып жеткен магнолия бұтағының басынан түскен ақ гүлдердің тырсылы ап-анық естілетіндей тыныштық еді бұл Мен лекция оқуға күнде таңертеңгілік қана баратынмын да, түстен кейін, кешкісін тып-тыныш бөлмеде жалғыздан-жалғыз, жайлы демалуға жағдайым бар-ды. Әйткенмен көр-жер киім мен оқулықтар салынған шағын шабаданнан басқа дүние алмай жеңіл шыққандықтан, кейде көктемгі салқыннан бойым тітіркеніп, тоңазып отыратын кездерім де аз емес-ті.
Бірақ мүлдем жалғыз едім деп кесіп айту да қиын, өйткені түстен кейін келіп көңілімді аулаушылар да табылып қалатын. Бамбук ағаштан жасалған тұғырға қондырылған көне заманғы шам жанған мезетте бөлме ішінде кәдімгідей-ақ тіршілік тынысы сезіліп, жаңғырып сала беретін. Бірақ бұл жағдай да мені аса тыныштандыра қоймайтын. Желке тұсымдағы токонома үстіне гүлсіз бос жез құмыралар қойылған, олардан сәл төменірек, сөре ішіне тәңірия Каннонның қара тушьпен салынған, алтын түсті паршамен жиектелген суреті ілінген. Мен мезгіл-мезгіл кітаптан бас көтеріп, осы бір көне буддалық суретке көз салатынмын, сондай кездері мұрныма бұрын-соңды болмаған бір бөлекше балауыздың жұпар иісті түтіні тиген сияқтанатын. Айтып-айтпай не керек, әйтеуір, бөлменің іші ғибадатханадағыдай тып-тыныш болып мүлгіп тұратын. Сондықтан да тым ерте жататынмын. Алайда жатуын жатқанмен көпке дейін көз ілмейтінмін. Ысырма қабырғаның ар жағынан түнгі құстардың шаңқылы естіліп, зәремді ұшыратын, ол бәлекеттердің әлде жақында, әлде алыста ұшып жүргенін білу қиын-ды. Бұл дыбыстардың шығатын жері негізінен менің мекен-жайымның төбесіндегі мұнаратын. Қарауытқан қалың қарағайдың ортасында, үш ақ тіреуге мініп ағараңдап тұрған мұнараның төбесінен қарғалардың қарақұрым боп аспанға көтерілгенін тіпті күндіздағы көргенім бар... Сонымен не керек, қалжырап барып көзім ілінген кезде де денеме су тигендей тітіркеніп жатқанымды сезетінмін.
Содан бір күні кешқұрым... Бұл лекциялар курсын бітіруге тақаған тұста болып еді. Мен күндегідей шам жанына малдас құра жайғасып, мәнсіз кітап оқуға кіріскем, кенет көрші бөлмеден менің бөлмемді бөліп тұрған сырғыма қабырғаның сыбдырсыз сырғып ашылғаны. Оның ашылғанын сезініп, әлденеге саяжайдың күзетшісі келді деп ойлаған мен мана әзірде жазған хатымды сала салшы демек болып бұрыла бердім. Бірақ қабырғаға тақай төселген төсеніш үстінен, қара көлеңке бұрыштан қырықтар шамасындағы бейтаныс еркектің қақайып отырғанын көрдім. Шынымды айтсам, әуелі айран-асыр болдым, жоқ, үрейленіңкіреп қалдым десем дәлірек шығар. Шамның алакөлеңке жарығында әлгі адамның бұлдырап, бұлыңғырланып көрінуі, расында да, естен жаңылдырғандай еді. Алайда ол мен бұрылған мезетте-ақ қолын кеудесіне қойып, ізетпен басын иіп, сергек дауыспен тіл қатты:
− Мезгілсіз уақытта үстіңізге кіріп, ісіңізге кедергі келтіргеніме қалай кешірім сұрарымды білмей қысылып отырған жайым бар, бірақ сэнсэйге аса маңызды өтініш айтуым керек болғандықтан осылайша әдептен асуға батылдық еттім.
Содан кейін ғана барып мен есімді жиып, қонағымның бас-аяғына бажайлай қарауға жараған едім. Бұл бурыл шашты, кең маңдайлы, жанары жіті, жағы ішіне кіріңкіреген жүдеу, игі жүзді кісі-тұғын. Үстіне гербсіз болғанымен, бірсыдырғы тәп-тәуір хаори мен хакама киген, қолына желпуіш ұстаған. Бірақ бірден көзіме түсіп, көңілімді қобалжытқан жағдай − сол қолындағы бір саусағының кемдігі болды. Соны байқасымен қолынан көзімді тез тайдырып әкеттім.
Енді оқуға кіріскен кітабымды жауып, жақтырмаған кейіппен:
− Сізге не керек? − деп сұрадым. Оның аспаннан түскендей сап ете қалуы мені әрі абыржытып, әрі қитықтырғаны айтпаса да түсінікті болар. Саяжай күзетшісінің қонақ келетінін алдын ала ескертпегені де ақылға қонбайды. Шытынай сөйлегенімді елең қылмастан төсенішке тағы бір мәрте маңдай тигізіп тағзым етіп, ол қағаздан оқып отырғандай мәнерлей сөйледі:
− Келген шаруамды бірден айтпағаныма кешірім өтінем, бірақ ең әуелі өзімді таныстыруыма рұқсат етіңіз: аты-жөнім Накамура Гэндо. Сэнсэйдің лекциясына күн құрғатпай қатысушылардың бірімін, бірақ сэнсэй біреу, біз көппіз, бәрімізді бірдей қайдан біле берсін. Әйткенмен тыңдаушысы ретінде сэнсэйден сұрасам деп едім.
Оның нендей мақсатпен келгенін енді түсінгендей болдым. Бірақ оңаша отырып кітап оқымақшы ойымның орындалмағанына әлі де ренжулі едім.
− Олай болса, менің лекцияларыма қатысты сұрағыңызды қойыңыз.
Осылай деуін десем де іштей берер жауабымды да әзір еткен едім. − "Бұл сұрағыңызды ертең ел алдында қойғаныңыз жөн болар". Алайда қонағымның қабағы дір етпестен тізесіне мөлие қараған күйі ұзын-сонар сөз бастады:
− Жоқ, бұл сұрақ емес. Тек сэнсэйдің менің айтқаныма қандай баға беретінін білсем деп едім. Нақтылап айтқанда, осыдан жиырма жыл бұрын бір ауыр оқиғаны бастан кешіріп, содан бері адам танымастай қатты өзгердім, тіпті өзімді түсінуден қалдым. Енді міне, этика ғылымының теориясын терең меңгерген сэнсэйдің сөздерін тыңдаған соң, сол кісімен кеңесіп көрсем қайтеді деп ойладым, бүгінгі келісімнің сыры осындай. Қызықсыз болса да менің әңгімеме құлақ асар ма екенсіз?
Мен дағдарыңқырап қалдым. Этика маманы екенім рас-ты, бірақ тіршілікке қатысты қилы сұраққа табан астында жауап беретіндей білгірлігім, ойға жүйріктігім бар деп және мақтана алмайтын едім. Ол менің абыржығанымды лезде аңғарып, тізесіне телміргенін қойып, бетіме жалына, жасқаншақтай қарап, ізетпен сөзін жалғады:
− Сэнсэй қайткенде де кеңес беруге тиіс деп дігірлейтін ойым жоқ. Тек осы жағдайдың жаныма бататыны, азаптайтыны сонша, сэнсэй сияқты қадірменді адамға айтып, шерімді шығарсам, бір жеңілдеп қалатындаймын.
Бұндай сөзден кейін бейтаныстың әңгімесін тыңдаудан бас тартуым әдепсіздік болар еді. Бірақ жүрегім бір жамандықты сезгендей әлденеге қобалжып, өзіме әлдебір жауапкершілік жүктелгендей сезіндім. Көңілімдегі қобалжуды сездірмес үшін алаңсыз адамның кейпімен қонағымды шамға жақынырақ отыруға шақырып:
− Ал онда әңгімеңізді бастаңыз. Тек сізге пайдасы тиетіндей тұжырым айта аламын ба, жоқ па, ол жағын білмеймін, − дедім.
− Тек әңгімеме құлақ ассаңыз болды, соның өзі де мен үшін аз олжа емес.
Сөйтіп, өзін Накамура Гэндомын деп таныстырған, сол қолының бір саусағы жоқ адам төсеніш үстіне тастаған желпуішін алып, әлсін-әлсін жанарын жерден көтеріп, тәңірия Каннонның суретіне қарағыштап қойып, бір сарынды дауыспен әңгімесін үздік-создық бастады.
* * *
Оқиға жиырма төртінші Мэйдзи жылы болып еді. Жиырма төртінші жылы Ноби жазығында әлемет жер сілкінісі болғанын білесіз, сол жылдан бастап біздің
Огаки да түбегейлі өзгерді, ол кездері қаламызда екі бастауыш мектеп қана бар еді, біреуін салдырған князьдағы, екіншісі қала қаражатына салынған. Мен князь салдырған К. бастауыш мектебінде қызмет істейтін едім, содан бірер жыл бұрын ғана мұғалімдер семинариясын үздік бітіргендіктен директорымыз маған жақсы қарайтын, жалақым 50 иен болатын. Қазір ғой 50 йен тақыл-тұқыл тамағыңнан аспайды, ал бұдан жиырма жыл бұрын бұл ақшаға тәп-тәуір тірлік етуге болатын-ды, сондықтан да мен сияқтыларға кәдімгідей қызғанышпен қарайтын.
Туған-туыс, жақын дегеннен бары жалғыз әйелім еді, оған үйленгеніме де екі-ақ жыл өткен. Әйелім мектеп директорының алыстан қосылатын аталас туысы-тұғын, өзі жастайынан жетім қалып, күйеуге шыққанша директор мен әйелінің қолында тұрып, туған қыздарындай болып кеткен еді. Есімі Саё-тын. Өзі көп сөйлемейтін, үнемі мұңайып жүретін, ұяң, тұйық жан еді, тіпті кейде бары да, жоғы да білінбейтін. Күйеуі мен әйелі бірдей болған жерде үйлесім бар демей ме, аса асып кеткен бақытты болмасақ та ың-шыңсыз тату тұрғанымыз рас.
Ақыры алапат жер сілкінісі де келіп жетті, жиырма сегізінші қазан, таңғы сағат жеті екені есімнен еш кетпес. Мен құдық басында тіс тазалап, әйелім ас үйде қазанға күріш салып тұрған едік... Содан не керек, оның үстіне үй құлады ғой. Бұл өзі айналасы бір-екі минуттың ішінде болды: жер астынан жан түршігерлік гүріл естілді де, үй бірте-бірте жантайып жапырая бастады, сосын демнің арасында асты-үстіне келіп, кірпіштері жан-жаққа ұшты. Мен тіпті дауыстап та үлгермедім, қопарыла құлаған үй төбесінің қалқасы тиіп, аяғым аспаннан келді, әлдеқайдан әлсіреп жеткен жер асты дүмпуінен денем дір-дір етіп біраз уақыт ес-түссіз жаттым, ал енді ақыр соңында есімді жиып, бұрқыраған шаңға шашалып, қалқа астынан қыбырлап шыққанымда көргенім − үйімнің күл-талқаны шыққан кіреміт төбесі болды, өзінің саңылау − саңылауына сыналап шөп өскен еді.
Сол мезетте нендей күйді бастан кешіргенімді тап басып айта алмаймын, үрейлендім бе, састым ба, білмеймін. Әйтеуір, әл-дәрменім құрып, аяғымның астында алай-дүлей теңіз тулап жатқандай тәлтіректеп құлап түскенім анық, оңымнан да, солымнан да көргенім − төбесі опырылып ортасына түскен үйлер, естігенім − жер астынан шыққан гүріл, бөренелердің дүрс-дүрс соғылғаны, ағаштардың сатыр-сұтыр сынғаны, қабырғалардың гүрс-гүрс құлағаны, ерсілі-қарсылы жүгірген мыңдаған адамдардың қым-қуыт айқай-шуы болды. Бірақ бұлай есеңгіреп отыруым ұзаққа созылмады, өзімнен сәл әрірек, қалқа астында біреудің қимылдағанын байқасымен бірден атып тұрып, жаман түс көріп оянғандай бейберекет бажылдап солай қарай жүгіре жөнелдім. Қалқа астында жиырылып-бүгіліп, денесінің жарым − жартысын жуан мәтке жаншыған әйелім Саё жатты.
Келе әйелімнің қолынан тартқылай бастадым. Иығынан ұстап, орнынан қозғауға тырыстым. Бірақ белден басқан мәтке қарыс сүйем жылжитын көрінбеді. Есім шығып, не істеп, не қойғанымды білмей, қалқаның қаз-қатар тізілген тақтайларын біртіндеп айыруға кірістім. Әр тақтайды жұлған сайын әйеліме: "Бекем бол!" − деп дауыстап қоям. Сонда кімді жігерлендірдім екен? Әйелімді ме? Әлде өзімді ме? Білмеймін. Әйелім: "Қиналдым-ау!" − деді. Сосын: "Бірдеңе етіп босата көрші!" − дегенді айтты. Бірақ менен өтінудің қажеті жоқ-ты, онсыз да бет-жүзім әлем-тапырық бұзылып, бар күшімді салып мәткені көтермек болып қиналушы едім, сондағы әйелімнің қаннан тіпті тырнағы да көрінбей қалған қолын қыбырлатып, бөренені ұстамаққа әрекеттенгенін күні бүгінге дейін көз алдымнан кетіре алмай азаптанам.
Осылайша ұзақ әурелендік... Бір кезде кенет әлдеқайдан қап-қара түтін шалқып кеп бетке ұрды, бақсам, үй төбесінен шығатын сияқты. Іле тұтасқан түтін арасынан әлдене жарылғандай гүрсіл естілді де, аспанға мың-сан ұшқын атылып, алтын шаң құсап жан − жаққа шашырады.
Есірік шалғандай әйеліме жармастым. Жанталаса жұлқылап мәтке астынан суырып алмаққа аласұрдым. Бірақ белден төменгі жағы тіпті тыпыр етер болмады. Түтін түйдек-түйдегімен төніп, тұншықтыруға айналды, сол мезетте мен қалқаға тіземді тіреп әйеліме әлдене айттым, жай айтпай ақырдым-ау деймін. Сіз мүмкін не дегенімді сұрарсыз? Жоға, қайткенде де сұрайсыз ғой.
Бірақ нақты не айтқаным есімде жоқ. Тек, әйтеуір, әйелімнің қан-қан қолымен жеңіме жабысып: "Сіз..." деп бір ғана сөз айтқаны есімде. Мен меңірейіп жүзіне үңілдім. Бетіне көз тоқтатып қарау қиын еді, қан-сөлсіз жүзінде тек шарасынан шыққан көзі ғана қалыпты. Бұл кезде тек түтін ғана емес, жалын тілі де жалаңдап жеткен-ді. Мен енді бәрі бітті деп ойладым. Әйелім тірідей жанбақ. Тірідей? Әйелімнің қан-қан қолын қысып ұстап, тағы да әлдене деп айқайладым. Әйелім тағы әлгі сөзін қайталады. "Сіз..." Осы бір ауыз сөзге ғана қаншама мән, қаншама сезім сыйған еді десеңізші! Тірідей? Тірідей? Мен үшінші мәрте айқайлап бірдеңе айттым. "Өлемін!" дегендей болдым ба? Иә, "мен де өлемін" дегенім есімде. Содан кейін не айтқаныма, не істегеніме есеп бермей, қаптаған кірпіштің қолыма ілінгенін алып, бірінен соң бірін әйелімнің басына бораттым.
Одан кейінгі күйімді сэнсэй өзі де шамалап отырған болар. Жалғыздан-жалғыз тірі қалдым. Бүкіл қаланы жалмаған жалыннан жанұшырып қашып, түйдек-түйдек түтінге қақалып жүріп, төбе-төбе болып үйіліп жол бөгеген құландылардың ара-арасымен өтіп, өйтіп-бүйтіп жан сақтадым. Бағыма ма, сорыма ма, білмеймін. Тек қазіргі күнге дейін жадымнан бір кетпейтін нәрсе − сол күні кешкісін қап-қара боп тұтасқан тұнжыр аспанда алаулаған өрт шапағына қарап тұрып та, қираған мектептің ауласындағы барақ ішінде асығыс пісірілген күріштен қызметтес мұғалімдермен бірге үлес алып тұрып та көзімнен жас тыйылмағаны.
Накамура Гэндо сөзін кілт үзіп, үрейлі кейіппен төсенішке телмірді. Үш ұйықтасам ойыма кірмейтін әңгіме естіп, абажадай бөлмені жайлаған жазғытұрымғы суық жағамнан кіріп, денемді тоңазытқандай тітіркеніп отырмын, тіпті "Иә..." деуге де тілім келер емес.
Бөлме ішінде шамға құйылған кәресіннің шытыры ғана естіледі. Иә, айтпақшы, үстел үстінде бір сарынды тықылдап менің қол сағатым жатқан-ды. Бір мезгілде осы зілмауыр тыныштықта күрсінгенге ұқсаған әлсіз дыбыс естілгені, бейне токонома ішіндегі Каннон тәңірияның суреті сәл ғана қозғалған сияқты ма, қалай.
Абыржыңқы жанарымды жерден көтеріп, құнысып отырып қалған қонағыма қарадым. Күрсінген қайсымыз, ол ма, мен бе? Бірақ мен бұл сұраққа жауап табам дегенше, Накамура Гэндо сол әуелдегідей ақырын дауыспен әңгімесін қайта жандандырды.
* * *
Әйелімнің қазасына қатты қайғырғанымды айтып жатуым артық болар. Ол аз десеңіз, директордың өзінен бастап барлық қызметтестерім көңілімді аулап, жылы сөз айтқан кездері сырт көзден ұялмастан ағыл-тегіл жылайтынмын. Бірақ жер сілкінісі кезінде еріксіз әйелімді өлтіргенім жайлы жан баласына айтуға батылым жетпеді. "Тірідей өртеніп азаптанбасын деп өз қолыммен өлтіруге мәжбүр болдым", − деп шынымды айтсам, ешкімнің де түрмеге тықпасы анық-ты. Қайта барлығы бұрынғыдан бетер мүсіркер еді. Бірақ шынымды айтпаққа ниеттенген сәтте ылғи тілім байланып қалғандай, бір ауыз сөздің басын құрай алмай қиналатынмын.
Ол кездері бәленің бәрі менің жасықтығымнан деп ойлаушы едім. Алайда, шындап келгенде, бұл жерде жасқаншақтықтан өзге өзектірек себеп бар-тұғын. Бірақ екінші рет үйленуім туралы сөз қозғалмай тұрғанда, жаңаша тіршілік бастамаққа қам қылғанша ол өзге себеп хақында өзім де білмеп едім. Ал енді ол туралы білгесін-ақ менен күй кетті, өзгелер құсап өмір сүруге қабілетсіз, жаны жаралы, бейшара біреуге айналдым.
Екінші рет үйлену жайлы әңгімені ең әуелі Саёның өгей әкесі, мектеп директоры қозғады, оның ойлағаны менің қамым ғана екеніне еш күмәнім жоқ-ты. Жер сілкінісі болғалы бері бір жыл өткен, директордан бұрын да біраз адам жаңағы тақырыпқа әңгіме қозғап, менің ойымды білмекке талай әрекеттенді. Алайда директормен сөйлескенде тіпті таңғалғаным, өйткені олар маған қазір сэнсэй үйінде тұратын Н. мырзаның екінші қызын лайық көреді екен, ол кездері қыздың бастауыш мектептің төртінші класында оқитын ағасына мектептен тыс дәріс беретін едім. Мен бірден бас тарттым: біріншіден, қарапайым мұғалім мен ауқатты Н. − ның отбасының арасында жер мен көктей айырмашылық бар-ды, оның үстіне бауырына сабақ бергенсіп жүріп, қызды көздеген екен ғой деген алып-қашпа сөзге қалуым мүмкін еді. Бұл некеден бас тартуымның және бір себебі бар-ды: өз қолыммен өлтірген Саёның елесі мазамды алуын қоймаған еді, бірақ "көзден кетсе, көңілден де кетеді" дегендей ол жайлы ойлағанда бұрынғыдай күйзелмейтінмін.
Бірақ менің көңіл-күйімді өзінше түсінген директор қоймай үгіттеуге көшті, айтқан пікірлері де көңілге қонымды келетін, менің жасымда жалғыздықтың қиындығын, бұл некені қалыңдықтың өзі қатты қалайтынын, құдаласу қамын өз мойнына алатынын, ешқандай өсек-аяңға, жел сөзге жол бермейтінін, ең бастысы, Токиоға барып оқымақ ниетімді осы некеден соң іске асыру жеңіл тиетінін айтып азғырып бақты. Бұндай сөздерден кейін мен де үзілді-кесілді бас тарту мүмкін емес деп шештім.
Қыз да асқан көрікті еді, оның үстіне Н. − ның отбасының ауқаттылығы да қызықтырғанын жасырып не керек, әйтеуір, ақыры мен директордың қолпаштауымен қыз үйіне жиірек барғыштайтын болдым, сөйтіп жүріп жөнге келе бастадым, әуелі "дұрыстап ойланайын" десем, соңынан "Жаңа жылдан кейін көрейік" дегенді айттым. Ақыры келесі жылдың жазында, жиырма алтыншы Мэйдзи жылы күзде той жасауға келісіп тындық.
Мына қырсықты қараңыз, мәселе шешілген соң көңіл күйім күрт өзгергені, жанымды зіл-батпан әлдене жаншып, еңсемді көтертпейтін болды, тіпті жұмысыма құлықсызданып кеттім.
Мәселен, мектепке келіп, мұғалімдер бөлмесіндегі үстел басына отырған мезет бейжай өз ойыммен өзім болып кетіп, кейде сабақтың басталғанын хабарлаған тоқпақтың тоқылын да естімей қалатынмын. Бірақ көңілімді қобалжытатын нендей нәрсе екенін өзім де анық білмеуші едім. Тек, әйтеуір, миымдағы тісті дөңгелектер бір-бірімен қиюласудан кеткен сияқтанатын және сол қиюласпайтын дөңгелектердің тасасында түйсігім жетпейтін әлдебір жұмбақ жатқандай сезінетінмін.
Осылайша әрі-сәрілікпен екі ай өтті. Содан жазғы каникул кезінде, бір күні кешқұрым қаланы аралап жүріп Хонгандзисен тасының жергілікті ғибадатханасы артындағы кітап дүкенінің сөресіндегі жаңа кітаптарды көрейін деп кідіргем. Сөре үстінде елес-аруақтар жөніндегі әңгіме кітаптары мен суретті альбомдардың қатарында сол жылдары жұрт ықыласына ілінген "Суретті шолудың" мұқабасы литографиялық әдіспен басылған бірнеше саны жатқан. Сөре қасында тұрып, әлдеқалай "Суретті шолудың" бір санын қолыма алдым да, мұқаба сыртынан қираған үйлер мен өрттің суретін көрдім, сурет астына ірі әріппен екі жол сөйлем теріліпті. "Жиырма төртінші Мэйдзи жылының отызыншы қазанында басып шығарылған, жиырма сегізінші қазандағы жер сілкінісінің суреттері". Әлгіні көрген сәтте жүрегім қысып кетті. Тіпті біреу құлағыма: "Міне, керек болса! Міне!" − деп табалай сыбырлаған сияқтанды. Дүкеннің шамы әлі жағылмаған кез, мен қара көлеңкеде тездетіп журналды парақтай бастадым. Бірінші бетте үйдің бел − ағаштары басып қалған тұтас бір отбасының суреті басылыпты. Келесі бетте − қақ жарылған жер сүрініп кеткен әйелді балаларымен қоса жалмап жатыр. Одан кейінгі бетте... бәрін тізбектеп түгендеп жатудың қажеттігі болмас, бір сөзбен айтқанда, журнал екі жыл бұрынғы жер сілкінісінің бар суреттерін көз алдыма жайып тастады. Накарагава үстінен тартылған көпірдің, Овари мақта-мата компаниясы үйінің қираған суреттері, үшінші дивизия жауынгерлерінің мүрделерін аршып алу сәті, Аити емханасындағы жаралыларды құтқару кезі − осы сияқтанған қилы-қилы қайғылы көріністер сол қарғыс атқан ауыр күнді еске түсірді. Қаз-қалпында еске түсірді. Жанарым жасқа шыланып, қалшылдап қоя бердім. Қиналғанға, иә қуанғанға ұқсас әлдебір түсініксіз сезім санамды қыспағына алды. Содан ең соңғы парақтағы суретке жетіп, ашып қалғанда... сол сәт есіме түссе, тіпті қазір де өзімді қоярға жер таппаймын. Бұл белін мәтке ағашы басып қалған, қозғала алмай азаптанған әйелдің суреті еді. Бөрене әйел денесіне көлденеңдей құлаған екен, ар жағы қап-қара қалың түтін, жан-жаққа шашыраған қызғылтым от ұшқындары... Мынау менің әйелім емей кім дейсіз, бұл әйелімнің қалай өлгені емей не дейсіз! Мен журналды қолдан түсіріп алуға шақ қалдым. Бар даусыммен айқайлап жібере жаздадым. Кенет төңірек түгел қызыл жалқынданып, жап-жарық болып кеткен сияқтанды.
Мұрныма түтін иісі тиген тәрізденді, тағы да өрт басталды ма деп зәрем ұшты. Күштеп қобалжуымды басып, журналды орнына қойып, жан-жағыма алақтадым. Піркәзшік дүкеннің маңдайшасындағы аспалы шамды жағып, қараңғылық тұмшалай бастаған көшеге әлі сөніп бітпеген шырпыны лақтыра салған екен.
Сол күннен бастап бұрынғыдан бетер тұйықтанып, тұнжырай түстім. Бұған дейін көңілімде құр қобалжу ғана болса, енді бір күмәнді ой күні-түні қинайтын болды. Жер сілкінісі кезінде әйелімді өзге амалым қалмай шарасыздықтан өлтірдім бе? Әлде әуел бастан өлтірмек ниетім болып, жер сілкінісі арам ойымның іске асуының орайын келтірді ме? Мені қинаған күмән осы еді. Бұл күдігіме неше мәрте: "Жоқ, жоқ!" − деп жауап бергенім есімде жоқ. Бірақ кітап дүкеннің сөресі қасында: "Міне, керек болса! Міне!" − деп сыбырлаған әлдекім енді кекесінді дауыспен "Олай болса әйеліңді өлтіргеніңді мойындай алмауың қалай?" − деп миымды жеді. Мәселе нақ осы сұраққа келіп тірелгенде жүрегім тоқтап қала жаздайтын. Әйелімді өлтіргенім рас екен, ендеше, жұртқа неге ақиқатын айтпаймын? Неге күні бүгінге дейін осындай сұмдық құпияны жаным шыдап жасырып жүрмін? Ақыры масқара ақиқатты мойындауға мәжбүр болдым − мен дәл сол кезде іштей әйелімді жек көруші едім. Ол жайлы айтуым ұят та шығар, сіз мені түсінбессіз, бірақ сорына қарай, Саё тән рақатына жарамсыз әйел еді. (Осы арада сексен екі жол қалдырылып кеткен. Автордың ескертуі). Сол себепті де мен осыған дейін өзімше нәпсіқұмарлықты рухани сезімім жеңді деп ойлап келген едім. Бірақ аяқ астынан мына жер сілкінісі аталған зор зобалаң туды да, адам қолымен жасалғанның бәрін жоқ етті емес пе, дүниедегі ие күштінің бәрі қирап жатқанда менің рухани сезіміме сызат түспеді деп қалай айта аламын? Іште бұғып жатқан өзімшілдігім бас көтермеді деп қайтіп айтармын? Тіпті әйелімді тек, әйтеуір, құтылу үшін ғана өлтіргеніме кім кепіл? Мен осы күмәннан арыла алмай-ақ қойдым. Сондықтан да түнерген үстіне түнере түсуім заңды да еді.
Бірақ менде әлі де бір жан далбаса дәлел қалғантұғын. Мен өзімді-өзім: "Тіпті сонда әйелімді мен өлтірмесем де, өзі-ақ өртеніп өлер еді. Олай болса, оны өлтіргенім ешқандай да жауыздық емес", − деп жұбатып жүргем. Бірақ бұным ұзаққа бармады. Жаз бітуге таяп, мектепте сабақ басталып кеткен кез-тұғын, біздер, мұғалімдер, мұғалімдер бөлмесіндегі үстел басына жиналып шай ішіп, әр нәрсені сөз етіп отырғанбыз, содан әлдеқалай әңгіме екі жыл бұрын болған жер сілкінісіне ойысты. Мен дереу сөзден тыйылып, жолдастарымның әңгімесіне құлақ қоймауға тырыстым. Әуелі Хонгандзи ғибадатханасының төбесінің қалай опырылып құлағаны, сосын Фунаматидағы бөгеттің бұзылғаны, Таварамати көшесінде жердің ойылып түскені сөз болды, бірді айтып бірге кетіп, талай нәрсенің басы шалынды, ақыры бір мұғалім Накамати көшесіндегі "Бингоя" атты шарап дүкенін ұстайтын әйелдің мәтке ағашының астында қалып, тырп етіп қозғалуға шамасы келмей қиналғанын әңгімеледі, бірақ сол екі арада өрт басталып, бөрене жанып, ортасынан қақ бөлініпті де әйел аман қалыпты. Әлгіні естіген мезетте демім бітіп, көзім қарауытып, есімнен танғандай хал кештім. Өзіме − өзім келіп, жан-жағыма қарасам, жолдастарым қоршап алыпты, өңімнің қатты өзгергенін көріп, орындығымен қоса құлап түсер деп қорықса керек, бірі су ала жүгіріп, бірі дәрі тықпалап әбігер. Бірақ басым жаңа күдіктерге кептелген мен байғұс оларға алғыс айтуға да жарамадым. Әйелімді қасақана өлтірген жоқпын ба? Бөрене астында жаншылып жатса да тірі қалуы мүмкін деп қорқып өлтірген жоқпын ба осы? Егер оны өлтірмей, солай қалдырып кетсем, "Бингояның" иесі құсап бір ғажаптың күшімен құтылар ма еді? Ал мен оны аяусыз кірпішпен ұрып, мыж-мыжың шығарып өлтірдім ғой... Осы ойдан жанымды қоярға жер таппай, қалай қиналғанымды сэнсэй өзі-ақ шамалап білер. Ақыр соңында күнәмді аздап болса да жеңілдетейінші деген оймен Н. − ның отбасымен неке жөніндегі келісімімді бұзбаққа бекіндім.
Алайда ойымды іске асырудың оңтайлы сәті келгенде, мен тағы босаңдық көрсеттім. Өйтпей ше, тойдың межелі күні жақындап қалған кезде бәрінен бас тарту оңай ма, ол үшін жер сілкінісі кезінде әйелімді қалай өлтіргенімді, қазір қайтіп жан азабын тартып жүргенімді айтып ағынан жарылуға тиіспін.
Сонымен не керек, тумысынан жүрексіз неме, жеме-жемге келгенде ойлағанымды іске асыруға батылдығым жетпеді. Қорқақтығым үшін өзімді-өзім қанша жерлеп, қанша тілдедім. Бірақ бәрі бос кетті, мен еш әрекет қылмадым, сөйтіп жүргенде жаздың жылуы кеміп, күн салқындауға айналды, сонымен бірге той күні де жақындай түскен.
Ол кездері мен жұртпен сөйлесуден қалған едім. Бірер жолдасым тіпті тойды кейінге қалдыра тұрса қайтеді дегенді айтты. Директор да бір емес, екі емес, дәрігерге көрінуге кеңес берді. Бірақ оның кеңесіне құлақ асқан түр көрсетуге де күш-қайратым қалмаған еді. Және де жолдастарымның ниеттестігін пайдаланып, ауруды желеу етіп тойды кейінге қалдыру енді қорқақтық, айлакерлік болатындай көрінді. Оның үстіне, отбасы Н. мырза менің көңілсіздігімді бойдақтықтың кері әсері деп түсініп, тезірек үйлен деп жанымды қоймады, ақыры мен келісіп тындым. Келіскен күннің ертеңіне, содан екі жыл бұрын жер сілкінісі болған қазан айында, Н. мырзаның мекен-жайында некелесу рәсімі өтетін болып шешілді. Жан азабынан әбден қажыған мені той киімін кигізіп, керегелеріне алтындалған перде тұтқан үлкен жайға алып кіргенде ұялғаным − ай! Өзіме − өзім жұрттан жасырып жауыздық жасауға ниеттенген жексұрындай көрінгенім. Жоқ, көрінді дейтін емес, мен шынымен-ақ жауыз едім, кісі өлтірген қылмысымды жасырғаным аздай, енді Н. мырзаның қызын ұрлап, байлығына ортақтаспақпын. Қаным басыма шауып, жүрегім қысып, жаным көзіме көрінді. Дәл сол жерде, тамам жұрттың алдында әйелімді қалай өлтіргенімді айтып ақтарылсам деген тілек оянды да, бірте-бірте күшейіп, бар болмысымды билеп алды. Осы кезде қарсы алдымдағы татамиды аппақ атлас ұйық киген аяқ келіп басты, сосын жиегіне көгілдір аспан, қарағай мен құтан бейнесі бедерленген кимононың етегі көрінді. Содан кейінгі көргенім алтын түстес паршадан тігілген белбеу, күміс шынжыр бау, ақ жаға, тасбақаның сүйегінен жонып жасалған шаш тарақ пен шаш түйреуіш, сәнді шаш болды. Осының бәрін көрген сәтте қорқыныштан тамағым бітеліп, аузыммен ауа қармап қалдым, ақыры зордың күшімен дем алып, ессіз бір халде еңсеріле еңкейіп, қолымды татамиге қойып, ашынған дауыспен: "Мен кісі өлтірушімін! Мен жексұрын қылмыскермін!" − деп айқай салдым.
* * *
Осылайша әңгімесін аяқтаған Накамура Гэндо біршама уақыт маған қадала қарап отырды − отырды да, қинала күлімсіреп сөзін жалғады.
− Содан кейін не болғанын айтудың қажеттігі де жоқ. Тек сізге бір айтпағым, күні бүгінге дейін жынды деген атпен татусыз тірлік кешіп жүрмін. Шынымен жындымын ба, жауабын сэнсэй айтсын. Ал егер жынды екенім рас болса, оның себепшісі кім? Мені жынды еткен барлық адамның жан түкпірінде жасырынып жататын құбыжық емес пе екен? Сол құбыжық тіріде бүгін мені жынды деп келеке етушілердің ішінен ертең дәл мен құсаған жынды шығуы мүмкін ғой... Мен осылай ойлаймын, бірақ кім біледі...
Жазғытұрымғы салқын сызы сезілген бөлме ішінде қорқынышты қонағым екеуміздің арамызда бәз-баяғыдай жылп-жылп жанып, көмескі ғана жарық шашып шам тұр. Ту сыртымнан Каннон тәңірия тесіледі. Қонағымнан бір саусағың неге жоқ деп сұрауға батылым бармай үнсіз, қимылсыз қатып мен отырмын.