Гурьев облысында шығатын «Коммунистік еңбек» (менің бала кезімде «Социалистік құры...
Тұңғышбай Төрегелдиев. Шымқай-қара
Дарвин маймылдан жаралса, жаралған шығар. Біз арғымақтан жаралғанбыз.
Асқар Сүлейменов
Тянь-Шаньның сілемдері оңтүстікке қарай көсіле созылып, сұлқ түсіп жатыр. Бұрынғыдай емес, ауа райы жылдан-жылға өзгеріп келеді. Шыңдардың бастары таңлақтанғалы біраз жыл. Дана табиғат биыл соның орнын толтырып, есесін қайтарғысы келді ме, жыл басынан аппақ қарын аямады. Соған қоса сәуір айында күн аралатып ағыл-тегіл жаңбырын төкті. Бұл шаруа баққан қауым үшін құдайдың жарылқағаны еді. Күн қызысымен мәңгі мұздақтардың белуарына дейінгі қырат-жота, ойпаң-белге түгін тартсаң майы шығатын жасыл шөп қаулап өсті. Артынша өркеш-өркеш таулы аймақ әлем-жәлем түске боялып, қызыл-жасылды гүлге оранды. Жыра-жылғаны бойлап, сай-саланы қуалап, сылдырай су ақты. Құс атаулы қалқи ұшып, көктем әнін шырқады. Ірілі-ұсақты тіршілік қыбырлап-жыбырлап қайтадан жаз бен қыс қамына кірісті.
Осындай ән мен сәні келіскен бірі шығысқа, бірі батысқа жайғасқан екі алып таудың ортасындағы ұшса қанат талатын, шапса тұяқ тозатын ұланғайыр атырапқа көктемнің соңы, жаздың басына таман малшы қауым тайлы-таяғы қалмай көшіп келе бастайды. Содан қазанның аяғы мен қарашаның басына дейін үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, отар-отар қой-ешкі емін-еркін жайылады.
Тотыяйындай көкпеңбек көлдің аумағында қамсыз жайылып, несібесін теріп жеп жүрген төрт түлік малдың бірі - бекзат бітімді Шымқай-Қараның үйірі. Сүліктей сұлу айғырдың жаратылысы бөлек, жүні жылтылдап, жұтынып тұрғаны.
Жылқышы Жомарт өзі бір қызық адам. Қарауындағы жылқыларға, сиыр, итіне дейін ат қою әдеті, әйтпесе тынжыны түртіп, делебесі қозып кете ме, қарап жүрмейді. Көбіне ен тағып, есімді үлестіру төрт түліктің түр-түсі мен мінез-құлқына орай таңдалады. Мысалы, еркек, ұрғашысына қарай Айтуған, Ақтөбел, Тістеуік, Ақжамбас, Толғанай, Сұлуқыз, Еркетай, тағысын тағылар болып кете береді. Шымқай-Қараны алғашқы кезде Қарагер деп жүрген. Өсе келе біркелкі жылтыр қара болғасын, Шымқай-Қара атап кетті. Еміреніп еркелетсе, Шымқайжан бола салады.
Шымқай-Қараның ақылдылығы құлын кезінен білінді. Құру-құрулап шақырса, ойнақтап шауып келедi. Шіңкілдеп кісінейтінін қайтерсің тағы. Басын шұлғып-шұлғып етек-жеңді түртпектеп, күлше-пүлше дәметіп жүргені. Бір жағы нәзік жүректі, сезімтал. Ұрсып сөйлегенді, зекіп жекігенді ұнатпайды. Кәдiмгiдей өкпелеп, ырыққа көнбей, айтқанды тыңдамай, қашып кететін мінезді тентек. Сондықтан жылқышы жастайынан оның жал-құйрығын тарап, денесiн сылап-сипап, айналып-толғанып, таудың таза суына шомылдырып, баласындай баптап, бағып-қағып өсірді. Уақыт жылдам. Әні-міні дегенше сол құтыршақ құлын үлкен өткір көзді, сүйрік құлақты, кең танаулы, ұзын мойынды, биік сирақты, ширақ қимылды, денесі жұмыр, сымбатты сұлу айғырға айналып, бестіге тола үйірге түсті. Бүгінде Ақкірпік биеден бірінші құлынын көріп, өсіп-өніп жатқан жайы бар.
Ақкірпік - белі созылыңқы, қызыл шырайлы, сұлу мүсінді жас бие. Ол да қызғылт бояумен сырлап қойғандай, қоңы келіскен ат еркесі. Ақкірпік аталуына қос қабағының астындағы бір шымшым ақ кірпіктері себеп болған. Қазір үш айлық құлыны бар, бірақ ол өздеріне тартпады, алабажақ. Жылқышы сол таудың құрметіне Алатау деп және Құлагердей жүзден жүйрік тұлпар шықсын деп ырымдап, екі есімді біріктіріп, Ала-Құла деп ат қойған.
Бұдан бірнеше жыл бұрын таудың алыс бір түкпірінде орман, тоғай, даласы өртеніп, қатты құрғақшылық болған дей ме, содан көп қасқыр қашып, осы жаққа ойысса керек. Жобалап білетіндер, оларды бұл аймақтың жайлы, тыныш өмірі қызықтырғасын, соны иемденуді әдейі көксеп келген арам пиғылды келімсектер деп жүр. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды. Кірме қасқырларды алғашқы жылдары ешкім онша елей қоймаған. Кейінірек сұрқай қасқырлар көбейіп бара жатыр деген сыбыс келе-келе расталып, шындыққа айналсын.
Бұрындары қысық көзді, тәпелтек қасқырлар етектегі ел-жұртты айтарлықтай абыржытқан. Ол тұқымы құрғылар тау-тастың тағысын тауысқасын, ауылды қан қақсатсын. Қазір бір жерде жасырынып жатыр ма, әлде жергілікті қасқырлармен сіңісіп кетті ме, әйтеуір, соңғы кездері көрінбей қалды. Жергілікті малшылар солардың көбейіп кетпеуін көктен сұрап, ақсарыбас атап жүргенде, орнына осы сұмырай қасқырлар қаптап кетті. Содан, ойбай, не дейсің, Алакөз арланы бастап, Көккөз қаншығы қоштаған келімсектер ананың қойын қырып кетіпті, мынаның жылқысын жарып кетіпті деген пыш-пыш әңгіме жиілеген. Алдымен малға Алакөзі ауыз салып, содан кейін жылқы мен сиырдың артқы тірсегін қиып тастау құртқа қаншыққа жүктелетін тәрізді. Артқы аяғы тіреуге жарамаған бейшара ошарылып құламай ма. Сосын азулысы тік шекке жармасса, қалғандары қарнын жарып тастайды екен. Өздері Алакөз арлан деп атап кеткен абаданы әуелі малдың тамағы мен құлағынан қапияда бас салатын сияқты. Ол баптаулы бұқадай зор болғасын, байғұс мал қорыққанынан кәлилаға тілі келмей, тұрған жерінде жүрегі жарылып кете ме, мөңкіп барып омақаса құлайды екен. Аң аулаудағы амал-тәсілдері тіпті басқаша, жәдігөйліктің бәрін игеріп алған. Көбінесе ұрғашысы шабар алдында жуынды дәметкен бұралқы иттің кейпіне еніп, көздерін сатып қылымсып, құйрығын бұлаңдатып мүләйімситін көрінеді. Бұрын-соңды ондай қулық-сұмдықты білмеген аңқау хайуан оған елітіп, иіскей бергенде-ақ ажал құшатын көрінеді. Жергілікті қасқырларды құдай өзі жәйлі ғып жарата салған ғой, қатты жоқшылық қысып не бөлтірігін алдырып кек қуып құтырынып кеткенде болмаса, өз аймағына беталды ауыз салмайды. Тау ешкілері мен түлкі-қарсақ, тышқан-пышқан, суыр-пуыр аулап күнелтеді. Бұл қасқырлардың әлімсақтан бергі қағидасы, ежелгі заңы еді.
Сертіне мықты түз тағыларының осы заңдылықтарын ауған қасқырлар бұзды. Тау-тасты мекендеуші аңдардың дерлігі қысқы қалың ұйқыға кетіп ін, апандарынан шықпағасын, бұл келімсектер төменге түсіп, қора-қопсыны тіміскілеп, азық іздеп, малқора есігінің астын қазып, мықтылары төбеден асып түсіп, жегенін жеп, жемеген қойларды тамақтан бауыздап, ылаң салып жүрді. Анау ауылда іңір қараңғысында байлаулы сиырға шапқан көкжалды үстінен түсіп қалған отағасы келтек темірмен тұмсықтан ұрып өлтіріпті. Қоң етін жұлып алған ақ боз биені мал доғдыр пәлен күн емдеп, қатарға әрең қосып алғанын жылқышы жақсы біледі. Кейбіреулер қасқыр өмірінде жалғыз рет бөлтіріктейді деп жүр. Онысы шындыққа жанаспайды, жуырда ғана ауыл адамдары тісі мұқалған кәрі қаншықты атып алғаны бар. Бұл келімсектердің кәртейсе де жамбасының желігі басылмаған ба, терісін сылығанда ішінен күшік шығыпты. Иісі ащы, жидіген сасық болады екен.
Жылқышы тау мен төмендегі ел арасын жол етіп жүргенде оларды әлденеше рет сырттай байқаған. Жергілікті қасқырлардан өзгеше, түрі бөлек, тұлғасы әжептеуір үлкен. Тікшиген аппақ құлақтарының жиектері қара. Аяқтары мен бауыры ақшылтым, жоны көгілжім жолақ, тұмсықтан екі көздің ортасын ала желкеге дейінгі бозғылтым қылаң бұл қасқырлардың бөтен жақтық, бұл өлкеге он қайнаса да сорпасы қосылмайтын келімсек-кірме екенін айтпай-ақ білдіріп тұрған еді.
Көп өтпей, тұрғылықты қасқырлар мен келімсектер арасында қырғын соғыс болғанын көрдік деген сөз де, оны құйқылжытып жеткізіп жүрген өсек те өрби бастады. Жергілікті қасқырлар қарап жатпапты, өздері туып өсіп, ұрпақ жайған ата мекенін жан аямай қорғауға кірісіп, қарсы соғыс ашыпты. Бұл - осы маңдағы көнекөз қариялардың бұрын-соңды естіп-білмеген оқиғасына айналып тұр. Көп өтпей оған жылқышы Жомарттың өзі куә болып және соның ортасындағы қанды майданға өзінің де белсене араласып кететінін сезбей де қалды. Келімсектердің өте қауіпті екенін біле тұра, бір күнге ештеңе ете қоймас деп өзі-өзін алдарқандырып, Шымқай-Қараға қарайлай жүріңдерші деп басқаларға табыстап, таң қараңғысында шұғыл шаруаларымен етектегі ауылға кеткен. Тірі адамның тірлігі таусылған ба? Ары-бері айналсоқтап, шаруасын күйттеп, кешке дейін үлгере алмай, ай жарығымен түнделетіп қайтқан.
Келе шәйланып болғанда, қинала кісінеген Шымқай-Қараның дауысынан сыртқа асыға шыққан жылқышы өз көзіне өзі сенбеді. Тұлпардың сау жері қалмапты. Сауыры дап-дала. Жалының бір шеті жұлым-жұлым. Қызыл еті ырсиып, қаны ұйып, қақтанып қатып қалыпты.
Шымқай-Қара жылқышыны көріп, мұңын шаққандай, күрсіне оқыранып жіберді. Сөйтті де паналап мұның бауырына басын тығып, тәлтіректеп тұрып қалды. Өне бойы қалшылдап, ентігін баса алмай шатқаяқтап, пар-пар пысқырынады. Жүрегі өрекпіп, өкпесі өшіп, дір-дір етеді. Қанды қырғыннан қалай аман шыққаны белгісіз. Сосын жарадар алдыңғы аяқтарын алға созып, кешірім сұрағандай ұзын құрық мойнын қаздай иіп, басын төмен түсірді. Кешірші, Ақкірпік пен Ала-Құланы сақтай алмадым, бәрі мерт болды дегендей, мөлтілдеп қара көздерінен тарам-тарам жас ақты. Жылқышы титтейінен туған перзентіндей аялап өсірген текті малдың мына қылығына шыдай алмады. Оның қан мен тер иісі бұрқыраған басын кеудесіне құшып, солқылдап барып, дауыстап өкіріп жіберді.
- Айналайын, Шымқайым-ай! Обалдарыңа қалдым-ау, и-и!
Жарықтық жануардың омырауына өзімен қоса жылқышының да моншақтап көз жастары төгіліп тұрды.
Содан жылқышы Шымқай-Қараның жараларын дәрілеп, өзі білетін ем-домын жасап, тынықтырып қойған еді. Сәл демалып алмаққа жатқан. Артынша Шымқай-Қараның қайтадан шұрқырап кісінеген дауысынан жүре киініп, есік алдына шықты. Әудем жерде аяғын сылти басып бара жатқан атты байқады.
Жомарт жылқышы Шымқай-Қараның жан азабымен үйірі опат болған шатқалды жайылымға қайта бара жатқанын сезді. Сезді де соңынан іргедегі Күреңбелді міне шапты. Көп жылғы сыралғы досы Күреңбел де иесі мен Шымқайдың қасіретін толық түсінгендей, күні бойғы жүрістен сілесі қатып шаршап-шалдыққанына қарамастан, дүр сілкіне түлеп, тыңайып шыға келді. Жылқышы жол-жөнекей кіре берістегі есіктің жақтауына сүйеулі ұзын сырығы мен зіл-батпан сойылын іле кетті. Белдігіне байланған қанжарын қолымен сипап, бар-жоғын байқап көрді.
Таң арайланып, тау-тастың қойнауындағы қараңғылықты қуып жатыр. Алдан бір топ ақшулан қасқыр құлақтары тікшиіп, Шымқай-Қараның сөзсіз соғатынын білгендей, екі топқа бөліне, желе жортып шықты. Ұзынырғасы жиырма шақты. Мұнша көптігі жылқышыны кәдімгідей алаңдатты. Түнімен осы маңайды төңіректеп, торуылдап шыққанға ұқсайды. Алыстап кетпепті. Таң атқанша олжаларының етін армансыз жеп, әбден тойынып алғанға ұқсайды. Бет-ауыздары жағал-сағал, көздері сатал-сатал. Бүйірлері томпиып, иықтары бұлтыңдап, арқалары тербеле еңкілдейді.
Жомарт кірме қасқырларды жазбай таныды. Бейне бір орыстың қарлы орманынан ауып келген секілді, сондағы ақшылтым қасқырлардан айнымайды. Осы өлкені әбден иемденіп алғаны білінеді, қозғалыстары тым еркін. Алпамсадай көсемі маң-маң бүлкілдеп, топ бастап келеді. Алакөз арлан десе, Алакөз арлан екен. Арыстанға пара-пар, басы дәу, алайған көздері сұсты, күдірейген жалдары күлгін түстес, қорқынышты.
Екінші топтың басшысы, оның жұбы – Көккөз қаншық екені айнақатесіз, емшектері салаңдап, мойнын еңкейте созып, жолбарыстай жымпиып алған. Олардың көптігі әрі айтарлықтай ірілігі не істерге білмей бір сәтке аңтарылып қалған жылқышыны әжептеуір әбіржітті. Мына сойқаннан аман шығудың өзі неғайбіл. Осыны сезіп Күреңбел де жасқаншақтады ма, қос құлағын қайшылап, тықырши берді. Алда кетіп бара жатқан Шымқай-Қара ештеңеден тайсалмады, қайта қарқынын үдетіп, құйрығын шанши тік көтеріп, жер-жаһанды дүбірлете қарсы ағызған.
Келімсек қасқырлар екіге жарылып, бірі оң жақтан, екінші тобы сол жақтан қоршап жақындай берді. Тура жауға шабатын әдіс-айла. Қаймығар түрлері жоқ. Тағы келдің бе, кешегің аз болды ма дегендей Алакөз арлан өшпенділікпен ызбарлана бүкеңдеп, жақындай бере, басын тұқшита түксиіп ар-р етіп атылған. Азу тістері ұстараның жүзіндей лыпып тұр, Алатаудың бір шоқысынан асып түскен күн сәулесімен шағылысып, жарқ ете қалды.
Шымқай-Қара аяғының жаралы екенін естен шығарып, ерен жылдамдықпен қыран құстай сорғалап, қара жерді қарс айыра келіп, орнынан енді ырғып созыла берген көкжалды қақ маңдаймен қақырата қағып түсірген. Абажадай абадан шойындай ауыр екен. Мойыны қайырылып, үзіліп кете жаздады. Асыл туған арғымақ қос тізерлей жер сүзе барып, теңкие құлап, бір аударылып тұрды.
Осы кезде естен кетпес оқиға болды. Тау бөктері жағынан бір топ жергілікті қасқырлар тұтқиылдан атып-атып шыққан. Олар әй-шәйге қараған жоқ, жапатармағай жан-жақтан жамырай ұмтылып, сұңқардай самғап келіп, кірме қасқырлармен қыран-топан қырылысып, ию-қию араласып кетті. Жомарт жылқышы Қайсар қасқыр мен Кербез қаншықты бірден таныды. Мұндай есімдерді оларға жергілікті жұрттың өзі берген. Бұл соңғы жылдары осы маңайда пайда болған пәкене бойлы, қысық көзді қасқырлар мен ақшулан қасқырлардан ажырату үшін қойылған есімдер еді. Әдейі қолдан үйретіп қойғандай, Қайсар қасқыр Шымқай-Қараға қайта шаппақ болған Алакөз арланның жолын кес-кестеп, арандай азуын арбита ұмтылған. Оның ірілігінен тайсалған жоқ, қоянқолтық ұмар-жұмар құшақтаса кетті.
Ауыл иттері төбелескенде, олардың дауысын мұқым ел еститін. Оған басқалары қосылып, жан-жақтан жабыла үріп, демде айналаның азан-қазанын шығаратын. Түп төркіні бір болғанмен, оларға қарағанда бұлар бір мылқау сияқты. Ырсылдап деміккендері, ызалы ырылдағандарынан басқа бөтен дыбыс жоқ. Жан шығар кездегі қаңқ еткен құмық үндері ғана естіліп қалмаса, қанкескі топалаң айқай-шусыз қайнап жатыр.
Осы уақытта басқалармен бірге шабуылдай жетіп, Кербез қаншық та бірден келімсек Көккөз қаншыққа ырғыған. Бірақ Кербез өзінің бұл соңғы секірісі, соңғы демі екенін білмеді. Көккөз қу бұлт етіп бір шетке жалтара қашқан. Бірақ Кербез оны алысқа жібермеді. Қуып жетіп, қайта бас салды. Ар жағы апыр-топыр талас. Келімсек қасқырлар ұйымшыл әрі әккі екен, Көккөз қаншықты жандарын сала қорғады. Тұс-тұстан тартқылап - тамақтан, қара саннан, шаптың арасынан жармасып, Кербез қаншықтың жұлма-жұлмасын шығарды. Қан судай ақты. Қанша қарсыласса да көптің аты көп, аздың аты аз болды. Сол сәтте жәрдемге келіп, жанына жалау болар тұқымдастарының бірде-бірі қасынан табылмады. Жұбына адал, аштан қатса да өлексе жемейтін, адамдардың айдауына жүрмейтін, асырауына көнбейтін, тірідей терісін сыпырсаң да тырс демейтін, екіжүзділіктен ада қасиетті жаратылысына шәк келтірмей, Кербез қаншық албасты ажалға жар салып жалынбады, қыңқ демей, тектілігінде тік тұрып, сыр бермей кетті.
Бір шеттен жылқышы қиқулап шығып, астындағы Күреңбелге де, алдындағы Шымқай-Қараға да, жан алысып, жан берісіп жатқан жерлес қасқырларға да дем бере, өзінің бар екенін білдіріп айқайлап, қан майданға атой сала араласты. Сырығын қол басында шыркөбелек айналдыра жетіп, сол қапталдағы қасқырдың шеткісін дәл тұмсықтан опыра ұрған. Сақ еткен сүйектің сынған дыбысы естілді. Балықтай шоршып, домалап түскен келімсек қайтып орнынан қозғалмады. Жанды жері тұмсық па, сеспей қатты.
Алғашқы қарқынмен қасқырлар қамалын бұзып шыққан Шымқай-Қара жылқышыны көрді де шұрқырап, тау мен тасты жаңғырта кісінеп алды. Сөйтті де бойына күш-қуат қайыра құйылғандай, ойқастап айналып келіп, Қайсар қасқырды еңсеріп бара жатқан Алакөз арланды бөліп алып, жындана бас салған. Жайындай ауызын кере ашып, күректей тістерін адырайта, бір шетке жұлқи лақтырды. Сосын әуеге шаншыла секіріп, артқы аяқтарымен тапырлап талтайып тұрып алды да алдыңғы аяқтарына жарты тонналық бар салмағын сала серпіп, жерге жанши тепкен. Осы сәтте Қайсар қасқырдың көзінен ризашылық белгісіндей, бір сәулелер жылт етті де сол замат жоқ болды. Артынша өзара ұғысқандай, Қайсар қасқыр Алакөз арланның үстінен аттай секіріп, қанды топалаңға қайта кірісіп кетті. Қайсар қасқыр секіріп бара жатып тек кетпепті, өзінше қорлаған түрі - Алакөз арланның басына сарып кетіпті. Келімсек қасқыр алтын басының бұлайша қор болған күйігіне төзе алмай гүрілдеп өкірді, тірідей тамұқ отында шыжғырылып жатқандай жын ұрып аласұрды. Жаны сірі жанкешті қос тұяқ күтірлетіп сүйектерін күйретіп жіберсе де жонын күжірейтіп, көздері шоқтай қызарып, Қайсар қасқырды қуып жетіп, екі-ақ бүктеп, бір-ақ асамақ болған, бірақ белден үзілген әбжыландай бұратылып, ирелеңдеп қалды. Қандастарының алдында абыройы аспанмен астасқан көшбасшы өзінің ендігі мына мүгедек сорлы халіне өлердей намыстанды ма, тұрып кетуге кедергі жасап жатқан сынық аяқтарын шайнап-шайнап жұлып тастауға кәупиген әпенді басын қанша созса да жеткізе алмай қор болып, шыр айналды.
Сол кезде көз ілеспес жылдамдықпен зымырап келген бойда екі қасқыр - бірі шапқа, бірі алқымға жармассын. Шымқай-Қара саспады, тостақтай тұяқпен серіппедей сарт еткізгенде, сойқан соққыдан бірінші қасқыр шалқасынан түсті. Жылқышы ат пен аңның арасын көлбейлеп, қалқалай бере әбжіл қимылдап, екінші қасқырдың сойдақ тістерін Шымқайға дарытпай, қолақпандай сойылымен ойсырата арқасынан салып өткен. Оның қатарға қайта қосылуы екіталай еді, омыртқаның опырылып морт сынғанын құлақ естіді.
Жан мен ажалдың арасындағы қырғын шайқас қыза түскен. Сол сәтте бір ұрғашы қасқыр емшектерін салбыратып, жанамалай келіп, жылқышының өзіне атқыды. Қаншық пен Жомарт көзбе-көз түйісіп қалды. Бөрі атаулыда сирек кездесетін көкпеңбек шиша көздері сезім атаулыдан жұрдай, жып-жылтыр, сұп-суық екен. Өгіздің көнтерісінен қаптағандай қара тұмсығы бұжыр-бұжыр. Екі иегінің үстіндегі оншақты жуан қылы жуалдыздай істиіп, зәре-құтты ұшырады. Жылқышы Жомарттың санасында бұл Көккөз қаншық қой деген ой жұлдыздай ағып өтті. Көккөз қаншықтың күлімсі иісі соңынан иіре соққан желмен өзінен бұрын жетіп еді, кәнігі Күреңбелді бұл жаман шошытты, шалт қимылмен жантая қашты. Қасқыр бұрын ытқи төніп, енді ауызды сала бергенде-ақ, жылқышы темірдей тарамыс аяқтарын қос үзеңгіге шірей тіреп, керулі сымдай кеудесін жазып барып, өткір қанжарын жойқын күшпен қасқырдың жүрек тұсынан құлаштай ұрып, бойлата сүңгітіп жіберген. Сүйек сапты кездікті жұмырлап, сірестіре қысқан тоқпақ жұдырық қабырғаның қақырай сөгілгенін сезді. Шыбын жаны шырқырап бара жатса да көкбөрі қыңқ демеді, қаңсылап дауыс та салмады. Селебе пышақ қорс етіп кіргенде көмескі ғана ыңқ етіп, ызалы ырыл шығарғаны болмаса, үнсіз қанға бөгіп, дымсыз домалап қала берді.
Мыңқ етпей өлген Көккөз қасқырдың серпіле секірісінің қатты болғаны сондай, өзімен бірге мұны аударып әкетті. Ағызып бара жатқан сидаң сирақты жануар иесінің топ еткенін көріп, кілт тоқтады. Осы кезде абаданнан кейінгі алатөс, аяқтары шомбалданып біткен, бұғанасы қатып, белі бекіген ақшулан арлан ауылдың иттерінше құйрығын бұтына қысып қашып кетпеді, орнынан көтеріле алмай жатқан жылқышыға қылыштай қайқы тістерін қыршылдата қайрап шапты. Ақылды Күреңбел дөңгелене шиыршық атып, мөңки тулап, айналып келіп, апайтөс қасқырды дәлдеп тепкен. Добалдай тұяқ оңдырмады. Өмірдің бәрі керемет, барамын да бас салып жей беремін деп ойлағаннан ба, әлде тәжірибесінің аздығынан ба, Жас арлан бірнеше рет аунап барып, түкке түсінбей мыйы ауып, басы қауқиып, аңқиып отырып қалды. Артынша тепе-теңдігін ұстай алмай, тырайып құлады. Ол қайтып мең-зең есін жиғанша, есті ат еңкейе бүгіліп, егесіне жақындай берді. Сұрағанға - береген, жылқышы жата жалына жармасты. Сөйтті де қайтадан барылдап айқайға басып, Шымқай-Қараны демеп, ойқастай шауып, қалған қасқырларды тықсырып, тырқырата қуды.
Шымқай-Қараның көзіне қан толған. Шоқтығы шодырайып, будақ-будақ дем шығара шыңғыра кісінеп, Алакөз қасқырға қайтадан қаһарлана ұмтылған. Келімсек арлан алғашында қан қызуымен қарсы әрекет етпек еді, артқы аяқтары икемге келмей, алдыңғы аяқтарымен жер тырмалап жанталасты. Шымқай-Қара құйрық-жалы ебет-себет қобырап, дауылдай ебіл-дебіл долданып жете бергенде, абадан ақырғы күшін сарқа жұмсап, көздері от шаша шақшиып, жансызданған денесін сүйрете-мүйрете ышқынып алқымға жармасқан. Абырой болғанда арғымақ шабына шоқ түскендей орғып кетті.
Әттең-ай, әттең, Алакөз абадан арманда қалды. Түнімен көк биенің балғын етіне тыңқия тойып, жүрегі кілкіп, кекірік атпағанда, бұлайша барлығып баяу қимылдамас еді. Ашқарында от асап, тас шайнайтын айыр тістері тамаққа бір іліккенде ғой, ұстарадай өткір азуымен күре тамырды қиып жіберіп, мақсатына жетер еді. Сол сәтте көк тамырдан қызыл қан шапши атқып, жандалбасалап қашқан Шымқай-Қара алысқа бармай-ақ, өгіздей өкіре құлап, төрт аяғын төрт жаққа беталды сермеп, көлдария қанына өзі тұншығып, өлім аузында қорылдап, бекерге тыпырлап жатар еді. Сөйтіп Тәңірісі қолдағанда, көкірегі көк тіреген көкжал өмірінің соңы бүйтіп бишаралықпен аяқталмас еді. Сорына қарай, асып туған арғымақты Қамбар ата бабасының әруағы желеп-жебеп, ондай ойпырмай сұмдықтан аман алып қалды.
Алакөз арлан көздеген жеріне жетпесе де қаз мойынның астыңғы жағына қайқы тістерін қадап үлгерген екен. Қанын сорғалатып, бір кесек етті жұлып алды. Қанша тоқ болса да құтырынған неме әдейі ерегісті ме әлде жаудан қыл суырғанды пайда көрді ме, ыстық етті қылғыта салған.
Шымқай-Қара одан әрі төзбеді. Орны ырсиып, қаны тоқтамай аққан жарасына қарамастан, қатты ашуы терісіне симай дүлейленіп, баданадай көздері ұясынан шығардай ақиып, қасқырды көкжелкеден қапсыра қарпып сүйреткен күйі, құзды жартасқа қарай құстай ұшқан. Есік пен төрдей түз тағысын бұйым құрлым көрер емес, екі аяқтың ортасында салақтатып, тұла-бойын қанды кек буған алапат күшпен қақшия көсіліп барады.
Аз күннің ішінде айналасын қан қақсатқан Алакөз арланға бұл жолы Тәңірісі теріс қарады. Көптің наласы мен қарғысы тиді. Тәңірдің сүйген құлындай асқақтайтын арлан енді масқарасы шығып, бөтен жер - бөтен елде Шымқай-Қараның астында жаман иттей арқа еті арша, борбай еті борша болып кете берді.
Қалған кірме қасқырлар көшбасшыны бергенше, қырылып қалғанымыз жақсы деді ме, айқас алаңын тастай сала, жан-жақтан жабыла қуды.
Бір сұмдықты сезген жылқышы қасқырларды қоя салып, Шымқай-Қараға қапталдасып, жарыса шапқан.
- Оһо, оһо! Олай жасама... Шымқайжан... олай етпеші... Шымқайжа-ан...
Түрі әлемтапырық жылқышы бар дауыспен айқайлап келеді. Қан сорпасы шыққан Күреңбел де жер апшысын қуырып, желге жеткізбей еліріп, құйрығын қайқита құйғытып барады. Сол жақ артқы аяғы тілерсегіне дейін қан жоса болыпты. Оны елер Күреңбел жоқ. Шірене тартқан сұр жебедей зуылдап, аққан жұлдыздай заулай түскен.
Иә, тұқым-тұқиянсыз, тып-типыл құрбан болған үйірін енді мәңгіге көрмейтінін, тұла бойы тұңғышы Ала-Құланың енді ойнақтап, айналасында асыр салып жүрмейтінін түйсінгеннен бе, әлде жан жарасы ауыртып, жүрегін сыздатып, жанын жегідей жеп, аза бойын қаза етті ме, әйтеуір, арқырай шапқан ат төресінің бетін жас жуып бара жатты, мойыл көздердегі мөлдір тамшылар мөлтілдеп тиылар емес. Ұрпағынсыз былайғы өмірі еш мәнсіз екенін сезінді ме екен жануар?! Ақылды туған арғымақ сол шапқаннан тоқтаған жоқ. Шелектей танаулары делдиіп, дауылпаздай дүбірлетіп ағызып келеді. Соңында темір тұяқтардың астынан шақұр-шұқыр сатырлап ұшқан тас сынықтары мен құмды шөп аралас тау жыныстары патырлап жан-жаққа шашырап жатты.
Осынысына қарап жылқышы айналайын ақылбек арғымағы келімсек көкжалды құзға құлатып барып тоқтар, сөйтпей тыншымас деп ойлаған. Бірақ киелі сүлік Қара тоқтаған жоқ. Тоқтау ойында да болмаған сыңайлы. Нөсерлетіп жауған тас бұршақтай тау мен тасты тасырлатып терең құздың шетіне жеткен сын сағатта да бөгелмеді – жерінен жеріп, арам оймен ауып келген қасқырлардың көшбасшы көсемі Алакөз арланды ала, түпсіз шыңырауға қарай бар пәрменімен қарғыды да кетті...
Жылқышы мұны күтпеген:
- Ой-ой... Шымқа-ай, мұ-ның не-еее?! - деп шыңғырды.
Қайран, қатыгез жаратылыс! Өмір сүруің үшін өзгеге ажал болуың керек екен. Біреу өлмей, біреуге күн жоқ деген – осы да! Жаппар Ием әлемді солай жаратып қойғасын, қарсы айла-шарғы бар ма?! Құрт-құмырсқадан ірі хайуанға дейінгі жын-жыбыр жәндік, жан-жануар бір-бірін жеумен, өлтірумен тамағын асырап келеді. Күн көзін ашып, жұмыр Жерге жан бітіп, дүние дүние болғалы Ізгілік пен Зұлымдықтың арасы осылай бітіспес, бітпейтін күреспен өтуде. Өтіп те келді, өте де бермек! Сен не мен дегендей, ұрпақ өрбітіп, оны сақтау үшін осылай өліспей - беріспей күресу - аң да болса, осы екі мақұлықтың еншісіне тиіп, бұлжымас заңдарына айналғалы қай заман! Содан бері талай-талай су ақты, талай-талай таң атты. Өзгермеген не қалды? Бәрі өзгерді. Табиғат та, қоғам да, адамдар да...
Өзгермеген Тектілік екен! Онда да ол Он сегіз мың Ғаламның ішінде Арғымақ пен Көк Бөріге бұйырыпты!
Не болғанына ой жетпей мәңгіріп, сонау төменге қарап тұрған ат пен адамның түйсігінде осы ойлар ызғып өтіп жатқандай еді.
Оқ бойы алыста аман қалған қасқырлардың аспанға мойнын созып аңырап, әр жерде шоқиып-шоқиып, жатырластарын жоқтап отырғанын жылқышының көзі шалды. Әріректен Қайсар мен Жас арлан дөңкиіп көрінеді. Бола қалса, ендігі арпалыстың бастаушысы да, айқындаушысы да өздері болатынын сездіргендей, бір-біріне өшпенділікпен қарап қойып, қосарлана ұлыды дейсің. Әсіресе Жас арлан өзіне жайсыз, шаруаға жәйлі деп жорамалданатын, күндіз болса да көк төсінен әлі сөне қоймаған, тіктеліп тікесінен туған жартылай бозғылтым солғын айға қарап қойып, көкбөрі Тәңірісі сонда жүргендей, бар мұңын соған шақты, содан жәрдем сұрап, жағы қарысқанша сау сүйекті сырқырата боздады.
Алғашқыдай емес, екі жақ та сиреп қалыпты. Қайта соғысуға онша құлықтары жоқ. Одан әрі қаракет қыларлық күш-қуат, әл-дірмән ешкімде қалмаған. Тәуліктен бері тыным таппаған Күреңбелдің құр сүлдері тұр. Қалпақпен персе , қалбалақтап қалатын кәрі шалдай иығы қушиып, екі беті жылан сорғандай суалған қырықтың қырқасындағы жылқышының да шаруасы біткен, сұп-сұр ыпыны адам аярлық, болбырап самарқау тартқан. Өмірі қыл үстінде тұрса да дел-сал денесі жата кетші деп жалынып сұранғандай, артық қозғалғысы жоқ. Ендігі соғыстың еш мағынасы қалмағанын екі жақ та түсінген тәрізді. Келімсек Жас арлан одан әрі көшбасшылық міндеттің өзіне жүктелгенін бажайлап, қалған тобырын соңынан шұбырта ілестіріп, жылқышы мен Күреңбелге пысқырып та қарамастан, өз отаны үшін отқа түсуге дайын жергілікті қасқырларды да жайына қалдырып, көп өтпей құмға сіңген судай, жым-жылас жоғалып тынды. Осының алдында ғана Жас арлан зарлап ұлуын кілт үзіп, жанын қоярға жер таппай, орнынан тұрып кететін. Сосын ары-бері жортып, тентіреп кеп қайтадан шөкелей қалып зарланатын. Әлденеше рет осылай қайталаған. Сөйтсе ол сананың сан түкпіріндегі сарнауық ойлардың күрмеуін таппай ерсілі-қарсылы теңселіп, қиналған екен. Ақыры қандай байламға келгені беймәлім, келімсектерін ертіп белгісіз жаққа із-түзсіз ғайып болды.
Жайқалып өскен көкорай шөпті арлы-берлі жапырып соққан ызғырық жел жан-жағына жауыға қарап, бар сырларын іштеріне бүгіп зытқан ақшулан қасқырлардың қайта оралып соқпасына кепілдік бере алмаймын, бере алмаймын дегенді жеткізіп тұрғандай, үздіксіз уілдеп, біресе сусыма шағылдай сыңсып, ызыңдай берді.
Еңіске түсіп, Шымқай-Қараның денесін көміп жүрген жылқышы екі қойтастың арасына қыстырылып, кешегі қанды қасаптан тірі қалған Ала-Құла құлыншақты тауып алды. Ала-Құла бір тастың басына шығып, шіңгірлеп әке-шешесін жоқтап тұрды.
Арырақта кірме қасқырлар талап, саутамтығы қалмаған Ақкірпік серейіп жатты. Құлынын қорғауға барын салып, жанын пида етіпті. Жылқышы көзі шылана жүріп, құрметтеп жерлеуге кірісті. Бұл жерді қайламен ұрып, күрекпен соғып шұңқыр қаза алмайсың. Қайлаң қайырылып, күрегің майырылып қалады. Жылқышы жыртқыш аңдар рәсуалап кетпес үшін Ақкірпіктің денесін кір тастармен төбе етіп үйіп, түгелімен бастырып шықты. Өліп бара жатса да жарықтық жастығын ала кетіпті. Қасында құздан құлағанда тастан-тасқа соқтыққан сұрқай екі қасқырдың мылжа-мылжа денелері жайрап жатты.
Бұл кезде тау бөктерінің әлдебір түкпірінен бірнеше бөлтіріктің жас баладай ыңырси қыңсылап, біресе өршелене шәуілдеген жіңішке дауыстары талып естілумен болды. Беріректе Қайсар қасқырдың бір шатқалдың биігіне шығып алып, тас ескерткіштей өңкиіп ұзағынан ұлыған айбарлы дауысы тұла-бойды шымырлатып, бұл ата жұрт-құтты мекеннің иесі де, киесі де өзі екенін білдіріп тұрғандай, тау мен тасты күңірентіп бара жатты.
Көрікті аймақтың шырайланып піскен мезгілінде тау суреті көздің жәуін алады. Мұзарт шыңдарды қалың қар басып, үнсіздік үстемдік құрғанмен, бұл жақ - у-шу, тулай аққан, сарқырап жатқан тау суының біркелкі берекелі сарыны тоқтамайды, гүрілі үнемі естіліп тұрады. Шет-шеті жасыл желекпен әспеттелген еңкіс ойпаңдағы күміс көл кенерісінен асып төгілердей шүпілдеп, көлкіп жатыр. Шебер табиғат сұп-суық тастардың, шыңдар мен құздардың сұсын өстіп басқысы келді ме, сұлулығын өстіп асырғысы келді ме, көсіліп жатқан гүлді алқап ғажайыптар әлеміндей әп-әдемі. Соған қарап, мұндай жерұйыққа келімсектердің көз салуы, қызғаныштан өртеніп жүруі әбден мүмкін еді...
Жер жәннаты үшін судай төгілген қанның иісі әлі төңіректі көңірсітіп, тарқар емес. Қысық көзді қасқырларымен көңілді шемен еткен шығыс тау томсыраңқы, бар жұмбағы ішінде, тас құлып жасырып жатыр. Аспан түндігінің батыс бөлігінде қаптай көтерілген қою бұлттар байқалады. Олар түнімен жортуылдай көшіп, бейбіт өмір мен тыныштықты бойтұмардай сақтаған өсіп-өнген өлкеге нөсерлетіп кеп жауар ма екен әлде берем десе құдайдың қамқорлығы мен шапағаты көп, жолшыбай кезіккен жел жөңкілте қуалап, аулаққа алып кетер ме екен? Енді оны ертеңгі атқан таң айтар...
Жылқышы ертерек қамданайын деп, Ала-Құла құлыншақты жетекке алып қосынына асықты. Ала-Құла құлыншақ нәзік аяқтарымен жер тіреп, нәрәнжу дауыспен шіңкілдей кісінеді. Анасы жатқан жаққа қарайлап, кішкентай басын шайқап-шайқап, жүргісі келмей тартыншақтана берді.
Осы кезде жылқышы Жомарт: «Айналайын, құлыншағым-ау, Шымқай-Қарадай асыл, Ақкірпіктей адал арғымақтың текті тұқымысың ғой, тірі қалғаныңа шүкір де. Мен аман тұрғанда, сені ешкім ренжітпес, саған ешкім жетімдік көрсетпес. Әлі-ақ өсіп, ұрпақ жаясың. Әлі-ақ мынау мамыражай мекеннің ең айтулы сәйгүлігі боласың!» деп күбірлеп, тағы : «Тілегімді бере гөр, ақиретке дейін абыройдан айырма!» деп Жаратқанға сиынып, өзі-өзіне сенім беріп, өзі-өзін жұбатып қойып келе жатты...