Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Саяси қуғын-сүргін...
Тұңғышбай Төрегелдиев. Түсініксіз тұман
Эссе
Алматы. Тәуелсіздік алаңы. Таңғы тұман тарай қоймаған. Бұрындары тұман әппақ сүттей мұнартып тұратын. Бұл әдеттегіден өзгерек- қарақошқыл, шаң тәрізді түсініксіз тұман. Қарақұрым адам екі тарапқа бөлініп алған. Бір жағы автоматпен қаруланған, біркелкі жасыл киімді, темір қалпақты, құрыш техникамен құрсанған әскерилер. Екінші жағы жас, кәрісі аралас кәдімгі халық.
«Біз-қарапайым халықпыз! Біз- террорист емеспіз!» деп үлкен әріптермен жазылған ақ плакатты белдеріне дейін көтеріп алған топ. Біреулері дауыстап сөйлеп, айқайлап тұр. Ұзын бойлы жігіт қол көтеріп, басу айтып, зор дауыспен өз талаптарын түсіндіре бастады.
– Осында үкіметтің адамдары болса, ақпарат құралдарының өкілдері болса, бізді дұрыс түсінсін. Ешқандай бұрмалаушылық болмасын! Біз бейбіт шеруміз! Біздің кешегі қирандыға еш қатысымыз жоқ! Осыны біліп қойыңыздар.
Оның сөзін қоштап, әсіресе жастар шуылдап кетті.
– Біз мародер емеспіз!
– Біз тонаушылыққа қарсымыз!
– Біздің арамызда арандатушылар болса, өзіміз жазалаймыз!
– Өзіміз сазайын береміз...
Қайтадан қолын көтеріп, әлгі жігіт өз талаптарын жалғастырды.
– Біз қымбатшылыққа қарсымыз!
– Қарсымыз!
– Утильсбор жойылсын!
– Жойылсын!
– Көлікке кеден салығы азайтылсын!
– Азайтылсын!
– Біз мұнда Серікжан Біләш пен Мұқтар Әбілазовты алдыру үшін келген жоқпыз!
– Жоқ!
– Жоқ!
– Ол үшін келген жоқпыз!
–Біз Қазақстанның жарқын болашағы үшін келдік!
– Бізге Әбілазов керек емес!
– Керек емес!
– Бізге Серікжан Біләш керек емес!
– Керек емес!
– Бізге ДВК керек емес!
– Керек емес!
– Біз өз ұлтымыздың болашағы үшін келдік!
– Біз өз еліміздің ертеңі үшін келдік!
–Жарайсыңдар, жігіттер!
– Тура көкейдегі сөзді айттыңдар. Қолдаймыз ба?
– Қолдаймыз!
– Қолдаймыз!
Жан-жақтан қоштап, жамыраған адамдар. Біреулері қиқулап, біреулері ысқырып жатыр. Ара-арасынан бірнешеуі Қазақ елінің көк байрағын әуеде желбіретіп, ары-бері сермеп тұр. «Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін...» Жаппай Әнұран шырқалды. Оны бәрі іліп әкетті.
Осы кезде екі топтың ортасындағы ашық алаңқайға іргедегі зәулім үйлердің бірінен кішкентай бала томпаңдап жүгіріп шықты. Үстінде көкшіл күртеше. Арқасына Қазақстан туындағы Алтын күн мен Алтын қыран суреті салыныпты. Басында қызыл тоқыма қалпақ. Мойнында жасыл орағыш.
Әлгі айналаны басына көтерген дауыстар басылып, у-шу бәсеңсіп қалды. Жиналғандардың барлық назары енді бүлдіршінге ауды. Ашулы дауыстар естіле бастады.
Әскерилер жағы үнсіз. Әліптің артын бағып тұр.
– Бұл кімнің баласы? Осындай жерге бала жібере ме?
– Алып кетіңдер! Естеріңнен адастыңдар ма?
– Әй, әке-шешесі қайда? Тез алып кетсін!
– Әйтпесе жазым болады.
Артынша бала келген үй жақтан алқам-салқам үй киімімен көзі алақтап, жас әйел сүріне-қабына шыға келді.
Ашулы топ қайта айқайға басты.
– Әй, балаңа қарамай қайда жүрсің?
– Өзің қандай қатынсың? -- Балаға ие болсайшы...
– Одан да күйеуіңді жібер... Тығылып жатқан шығар?
Әйел кінәлі жандай, ақтала сөйледі.
– Кешіріңіздер... Байқамай қалдым. Әскерлерді көрсе, әкем деп қалады. Әкесі жоқ оның...
Бейпіл ауыздар жым болды.
– Ынтымақ, балам! Кел, келе ғой бері...
Әйел ортадағы баласына қарай қолын созып жылжыды.
– Әй, халайық, мына періштенің аты Ынтымақ екен.
Орта жастағы кісі дауыстап, алға шықты.
– Бұл бір жақсылықтың нышаны шығар. Елімізде жақсы өзгерістер болар. Содан үміттенейік. Естір құлаққа талап-тілекті жеткіздік. Енді жағдайды өршітпей, қайталық.
– Иә, дұрыс айтасыз.
– Дұрыс.
– Дұрыс айтасыз.
– Жөн сөз. Бізге қақтығыс керек емес.
– Тарайық.
Бала қос тарапқа аңтарылып қарап тұрды да әскерилер шоғырына қарай құлдыраңдай жөнелді.
– Көке ... Көке... Көкеме барамын...
Әйел ебіл-дебіл ұмтылды.
– Ынтымақ! Ынтымақ, бері кел! Боташы - ым... Бері кел... Тоқта...
Көтерілісті жасайтын халық. Бірақ оның пайдасын көретін алаяқтар мен арандатушылар, ұры-қарылар мен бандиттер. Ертең үкімет басына келетін де солар деп бір ғұламаның жазғанын Қанаттың оқығаны бар. Сондықтан бейбіт шерудің соңын сондай содырлар өз пайдасына шешіп кетпеуі үшін мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің біраз қызметкерлері қарапайым киініп, жағдайды жіті бақылап жүрген.
Қанат кенет іргелес тұрған қаба сақалы ыбырсып алқымын жапқан шүңірек көз, тәпелтек еркектің алақанға сиып кететіндей рациямен жағасын көтеріп сыбырлап :
– Kill the child! / Баланы тез өлтіріңіз! / деп ағылшынша айтқан сөзін анық естіп қалды.
Бұл радикалды топтың мүшесі екені айқын. Жағдайды ушықтырып, қанды соғысты бастауға берілген бұйрық екені сөзсіз.
Қанат арырақта не болып кетер екен деп мазасынданып тұрған әріптесі Тәукелге көз қарасы арқылы қасындағы сақалдыны меңзеп үлгерді де ортадағы баланы құтқаруға құстай ұшты.
Сол кезе ұлттық ұланның бөлім командирі Санат топтан атылып шыққан ағасын көріп, оның бұл іс-әрекетінің тегін емес екенін сезді.
Сезді де:
– Баланы қорғаңдар!-деп бұйрық бере алға атып шығып, ол да балаға қарай ұмтылды.
Соңынан тағы бірнеше әскерилер бөлініп тұра-тұра жүгірді.
Сөйткенше, қалғандары бір тізерлеп отыра қалып, автоматтарын жоғары көтеріп, жалдамалы жендет қайда деген күдікпен алаңның айналасындағы ғимараттардың шатырларын сүзіп кетті.
Қанат түйсік өлшемімен санап келеді. Снайпер көршілес үйлердің біріне орналасқан болуы керек. Бұйрықты алып, атып үлгергенше кемінде он шақты секунд уақыт кетеді. Бұл арақашықтықты секундына бес-алты қадам алғанда осы уақыт ішінде кемінде отыз-қырық метрді еңсеруі қажет. Үлгере ме, үлгермей ме? Жаны ышқынып, барын салып келеді. Өзін ойламады. Оққа ұшамын деген сезім болған жоқ. Жараулы аттай самғады. Бала көкелеп бұдан алыстап, топқа қарай құлдыраңдап барады. «Балақай тоқта, тоқташы...»
Қанат Санаттың да бөбекке қарай жанұшыра жүгіргенін көрді. Оның да түрі әлемтапырық. Жағдайдың аса қауіпті екенін толық түсініп қалған сияқты. Қанат Санаттан бір-екі секунд бұрын жете бере, екпінін бәсеңдетпеген қалпы, ат үстінен жердегі затты іліп әкеткен кәнігі көкпаршыдай, балақанды кең кеудесімен жаба еңкейіп, бауырына баса бергенде, дыбыс тұншықтырғыш снайпер винтовкасы атылып үлгерді. Сол жақ қабырғасына тиген ауыр соққыдан талып бара жатып, оқ өтпейтін жилет кигенім қандай жақсы болды деген ой санасын жарқыратып өте берді.
Ешкім оқтың қай жақтан атылғанын байқамай қалды. Әйел баласын жұлып ала, екі топтың арасынан жүгіре жөнелді. Көпке бармады. Қайта мыңқ еткен оқ оны қалпақтай қағып түсірді. Бірақ оқ жанды жерін зақымдамады ма, баласын құшақтаған қалпы, жанкештілікпен қайта тұрып, зәулім үйге жүгіре жетіп, құтылып үлгерді.
Кім атып жатыр?
Әскерилер мен халық сеңдей соғылды. Түсініп те, түсіндіріп те үлгермеді. Араға от тасталды. Әлдеқайдан халыққа да, әскерлерге де оқ жауды. Екі жақ бір-біріне ұмтылып, сапырылысып кетті.
Қан сорғалаған кеудесін сол қолымен басқан, оң қолымен Қазақстанның көк Туын жоғары көтерген жас жігіт шыңғыра айқайлады.
– Біз террорист емеспіз!..
Одан ары сөйлей алмай, тәлтіректеп тұрып қалып, аузына қан толып, ауа жетпей қиналды.
– Біз... біз...
Бірнәрсе айтпаққа оқталып, жанталасты.
– Біз...
Бірақ соңғы сөзін айта алмады. Қан жұта шашалып, еріндері дірілдеп, құлап бара жатты. Сол кезде туды жерге жықпай, бір жігіт іліп әкетіп, көкке көтеріп, желбірете түсті.
– Біз... Біз лаңкес емеспіз! - деп айқайлады. Бірақ ол кезде айналада оны естір құлақ қалмаған еді.
Алматы аспаны атылған оқ пен жанған оттың түтініне араласып кеткен қарлы қаңтардағы түсініксіз тұманға өгейсіп, түнеріп тұрды. Бұл тұрысына қарағанда, жуық арада аспанның шәйдай ашылып, күннің жадырайтыны екіталай сияқты...
18.01.2022 ж.