Тұрмағамбет Кенжебаев. Күз. Қыз. Біз...

ӘДЕБИЕТ
1360


* * *

... Күз де келіп қалыпты-ау кезегімен,

Құтылмақ жоқ қашсаң да межеліден.

... Көк жүзінде қия алмай қош айтысып –

Құстар қайтып барады өз әнімен!..

Өтер өмір осылай білінбестен,

Ұмытылар түбінде кімің де естен!..

Келген – кетпек, қарағым, жанған – сөнбек

Қайда кетті болмаса бұрынғы өткен?!.

Сары бақта сарғайтып сары уайым,

Көп отырдым, тағдырға не қылайын?..

... Жақсылықпен біткей де бәрі лайым – 

Жапырағы таусылған кәрі қайың!..

* * *

... Қыз көрікті

Саябаққа сары ала күз келіпті...

Аңғармаймыз өмірдің өткенін де

Қу тірлікпен жүргенде күнделікті!..

Күз келіпті...

Жасыл баққа жайқалған қыз көрікті...

...Сары орамал тағынған ақ қайыңдар

Сынық мінез, самарқау күйге еніпті!.. 

... Күйге еніпті,

Бар тіршілік тағы бір түрленіпті... 

...Өтер өмір осылай білінбестен – 

Кетер күндер қалдырып бізге үмітті!..

* * *

Сары қыз

Тағы да келді сары күз.

Сарғайтып сартап сағыныш

Қурайды ертең бағымыз...

Дәрі қыз

Жарасып әні-сәніміз,

Күлімдеп көктем келгенде –

Жадырар ма екен жанымыз?!

Сары қыз –

Дәрі қыз!..

* * *

... Біз екеуміз

Биік шыңның басында тұр екенбіз!..

Қолаң шашың төгіліп иығыңа

Күн астынан күлесің Күнекей қыз!..

... Біз екеуміз!..

“... Төбеде – Көк!..

Төменге қарай беріп неге керек?!.” – 

Дедің дағы қалықтап көтеріліп

Кете бардың... Аң-таңмын : “ ...Немене?..” деп...

... О, керемет!..

Түсінбеген...

Тысы таныс болғанмен іші бөтен,

Мына тылсым тірліктің жұмбағына

Көзімді ашсам жете алмай – түсім екен!..

... Шүкір етем!..

* * *

Түсімде сені көрдім… Өзгеше күз!..

«Ағатай, әлі талай кездесеміз!..

Ешқашан ренжімеймін келмесеңіз –

Тек қана асықпаңыз мен десеңіз!..»

Дедің де, қош айтысып қала бердің…

Сол баққа өзіңді іздеп талай келдім.

Сен жоқсың – сен отырған орындыққа

Қия алмай қайта-қайта қарай бердім!..

Сағыныштан сарғайған сары ала күз,

Сары баққа әлі сан оралармыз!..

Жел ұшырып жұлынған жапырақтай

Ертең біз де үзіліп, жоғалармыз!..

Тағы көрдім түсімде… Өзгеше күз!..

«…Асықпаңыз, ағатай, мен десеңіз!..» -

Деп едің-ау, кешіктім, білем оны –

Бәрібір бір күні ақыр кездесерміз!..

Қоңыр жел...

Балалық, шіркін, бал дәурен

Балаң кез, балғын жастық шақ... 

Оралмас тәтті арман ба ең? – 

Жалт етіп сөндің отқа ұсап!..

Көктем де кетті қол үзіп,

Қызуы жаздың басылды.

Ұшырған қоңыр жел үзіп –

Жапырақ жерге шашылды...

Қоңыр күз, күңгірт қоңыр бақ

Қоңыр қаз – жетім көңіл-күй.

Басылар ақыр дамылдап –

Қоңыр жел тартқан қоңыр күй!..

* * *

... Әкемнің көзін көрген қарттарым-ай,

Бойға күш, дауа берсін дертке құдай!..

Селдіреп күзгі бақтай қатарыңның

Күн санап сиреп бара жатқанын-ай!..

Армысың, ақсақалды абыздарым?..

Өткізген не сұрапыл дауылдарын,

Тәңірдің көнеміз де дегеніне –

Өмірдің көреміз де жазылғанын!..

Аман ба асқар таудай биіктерім?..

Тағдырдың татқан талай күйік-шерін.

Төзімің тарқалса да үзілмедің –

Сенімің шайқалса да иілмедің!..

Кешегіні жалғаған бүгініңе,

Келер күннің бұйырар нұры кімге?!.

Қиқулаған құстардың күз-керуені

Көз ұшында бұлдырап үзілуде!..

... Әкемнің көзін көрген қарттарым-ай,

Бойға күш, дауа берсін дертке құдай!..

Күздегі жел ұшырған жапырақтай

Күн сайын сиреп бара жатқаның-ай!..

* * *

... Тырбанған тірі жанбыз!

Тірлікті де түбі ақыр ұғынармыз.

Білте шамға жиналған көбелектей

Жарығына өмірдің жылынармыз!..

... Өйткені – тірі жанбыз!..

Әзірге тірі жанбыз...

Әлі талай сүрініп, жығылармыз!..

Тәуба қылып содан соң тіршіліктің

Құшағына қайтадан тығылармыз!..

... Себебі – тірі жанбыз!..

Біз деген тірі жанбыз!..

Құмартамыз сондықтан, қызығамыз...

Адасамыз жетпеске жетпек болып

Таласамыз – тағы да ұрынамыз!..

... Ақыры жығылармыз!..

Тырбанған тірі жанбыз!..

Тірі жанның ертеңгі күні қарыз...

Ертелі-кеш пенденің бұл өмірге 

Неге келгендігін де ұғынармыз!..

... Өйткені – тірі жанбыз!..

Мәдениет порталы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...