Жастар арасынан жарық жұлдыздай болып көрініп жүрген жас ақын Ырысбек Дәлейұлының Алматыда «Ан...
Нұртас Тұрғанбекұлының аударма өлеңдері
"Мәдениет порталы" Қазақстан халқын 9 мамыр, Жеңіс күнімен құттықтай отырып, ақын Нұртас Тұрғанбекұлының аудармасында К. Симонов пен Р. Рождественскийдің қос өлеңін оқырман назарына ұсынады. Мархаббат!
Константин Симонов. Күт мені
Күт мені, келем, жаныңмен күткін,
Барыңмен күткін, жабықсаң -
Мезгілсіз жауған жауынмен күткін,
Көзіңнің жасын ағытсаң.
Ақпанда күткін, ақ қарда күткін,
Аптапта күткін, сөкпегін.
Ұмытып бара жатқанда күткін,
Адамның бәрі өткенін.
Қалмаса күткін күткеннің мәні,
Келмесе хатым күт кері.
Өзіңмен бірге күткеннің бәрі,
Жалыққан кезде күт мені.
Күт мені келем, жан мұңы Нілдей,
Алқымға келсе жол берме!
Сен ғана күткін барлығы бірдей,
Келмейтініме сенгенде.
Үмітін үзсін ана да, ұл да,
Келмейді десін достар да.
Сен ғана аңсап, қалағаныңда,
Жалықсын бәрі тосқанға.
Шаршасын достар күтуден мейлі,
Еске алып ішсін шарабын,
"Қайран жоқ енді күтуден дейді" -
Сен бірақ сенбе жан әнім!
Күт мені келем, ерегіскенде -
Ажалға жеткен жолдау боп.
Күтпеген жандар сөгеді іштен де,
"Айтады жолы болған"- деп.
Күтпеген жандар түк те білмеген,
Түсінер дейсің ол нені?!
Өзіңнің жалғыз күткеніңменен,
Аман сақтадың сен мені.
Жан мұңын мендей кештің бе бірге?!
Тірімін,
кешір күттірсем!
Себебі жаным ешкімге мүлде,
Ұқсамайтындай күттің сен.
Роберт Рождественский. Кішкентай адам
Қатігез мынау кішкентай ғалам,
Өмір сүріпті онда кішкентай адам.
Жұмысы бопты кішкентай жадау,
Кішкентай сөмке қанаты бопты,
Кішкентай айлық алатын бопты.
Бір күні таңда аса бір қауіпті,
Кішкентай соғыс есігін қағыпты.
...Оған кішкентай автомат бөліпті,
Кішкентай қатты бас киім беріпті,
Соғысқа солай тас түйін болыпты.
Ол алғы шептен тұрақ теуіпті,
Аттан деп барып құлапты, өліпті...
Мүсінін оның қашап шығуға,
Шеберлер бағын сынап көріпті.
Мүсін боп естен кетпей қалыпты,
Адамдар бірақ көктей налыпты.
Кішкентай адамды толық қашауға,
Жер бетінде мәрмәр жетпей қалыпты.
Орыс тілінен аударған: Нұртас Тұрғанбекұлы