Әдебиетте мәтіннің мифологиялық қабаты туралы біршама деректер айтылуда. Сөз бен философиялық идеяны...
Тұрсын Жұртбай. Лебіз күткен шығарма
Балалық шағы елуінші жылдарға тап келген қазіргі өлі-тірі қаламгерлердің барлығына «жазушылықтың шапанын кигізген» әйгілі Бердібек Соқпақбаев туралы «Аңыз-адамда» жинақталған пікірлер мен деректерді оқып отырып, жиырма бес жыл бұрын айтуыма тиісті, сан оқталып оңтайын таба алмаған бір шымшым ойымды кезінде білдірмегеніме өкініп, қолыма қалам алып отырмын. Жұрттың бәрі тамсанып, таңырқап, өкініп, «жазбай кеткен жазушы» атандырған Бердібектің ең соңғы хикаятының жариялануына себепкер өзім болғандықтан да, бұл шындықты жазуға қымсына беріп едім. Міне, шығарма жарияланғаннан бері де ширек ғасыр өтіп кетіпті. Ал ол шығарма содан жиырма бес жыл бұрын жазылып еді.
Үнсіздіктің арасы тура жарты ғасырға созылып отыр. «Ергежейлі еліне саяхатты» ешкім білмейді, демек, ешкім оқымаған. Себебі, осы жарты ғасырдың ішінде хикаят кейіпкері Қалмұқан Исабаев ағамыз бен жазушы Тұрлыбек Мәмесейітовтен басқа бір пенде бір ауыз емеурін білдірмеген. Антуан де Сент Экзюперидің «Кішкентай шаһзадасының» үлгісіндегі сол бір арманды туындының аты Бердібектің туғанына тоқсан жыл толуына арналған толайым тұсында да баспасөздер мен басылымдардың бетінде аталған жоқ. Жинақтарына да енгізілмеді. «Бүкіл әлемдік зар заманның» сарынын бала қиялына бейімдеп шап-шағын ертегімен жеткізген «Кішкентай шаһзада» – әлемдік лирикалық шағын прозаның мәңгілік ұстыны болып танылды. Ал соған пара-пар өз заманының, яғни социалистік қоғамның барлық қоясын әшкерелеп берген, менің Күнікейімнің айтуынша «ергежейлі еліне» саяхат шеккен «балкондағы шалдың» басынан кешкен «хикметтеріндегі» көркем ойды ол кезде ешбір қазақ қаламгері қиялдап көрген емес еді.
Бердібек Соқпақбаев туралы естеліктер жинағы мен «Аңыз-адам» журналына топтастырылған естеліктер мен пікірлердің денінде: Бердібек саяқ өмір сүрді, қазақ жазушыларының ішіндегі диссидент сол адам еді, «Өлгендер қайтып келмейді» романынан соң қолына қалам алмады, өлімі оқыс, жұмбақ болды, оны ешкім көзіне ілмеді, – деген сарын басым. Әрине, мұнда шындықтың қылауы бар. Бірақ өмір сүрудің сондай ыңғайын көңіл күйі етіп алғаны үшін Бердібектің шығармашылық тағдыры жөнінде біржақты қорытынды шығаруға бола ма? Шынымен, осы қазақтың әдеби қауымы ол шығарманы оқымағаны ма? Назарына ілмегені ме? Ендеше, Бердібек жазарын жазбады, айтарын айтпай кетті, – деп екілене неге өзеурейді. Соған таңмын.
Өйткені, Сэлинджер сияқты сэрлерге сүйенбей, өзіміздің қаламгер қауымының арасында өмірінің соңында қолына қалам алмаған Ғабиден Мұстафин, Қуандық Шаңғытбаев, Сафуан Шаймерденов, Тахауи Ахтанов, Сайын Мұратбековті еске түсірсек те жетпей ме? Тек Бердібекпен бірге қызмет істеген Қадыр Мырза-Әлі ағамыз ғана: «Мен білсем, Құдай біледі, ол кісі сөзсіз бір нәрсе жазып, сөресіне сақтап отыр», – депті. «Қазаққа ақыл кірмейді» деген роман жазыпты-мыс дегенді Тұрлыбек Мәмесейітов айтып қалыпты. Оның анық-қанығы нақты емес. Ағамыздың отбасы қаншалықты тұйық өмір сүрді дегенмен де, ол кісінің қолжазбаларының күресінде қалды дегеніне сенбеймін. Бекеңнің туындыларына ұқыпты қарап, жинақы ұстайтынын ол кісінің 1966 жылы жазылған соңғы шығармасын жарты сағаттың ішінде қолыма тигізгенінен байқап қалып едім.
1965-1966 жылдары жазылған, Кеңес өкіметінің саясаты мен экономикалық бағытына қарсы, швейцариялық капитализмді насихаттаған, атом сынағы мен ғарышты игеруге қарсы, нарықтық құн бағасын жақтайды, баспасөз үгітін жоққа шығарады, ең бастысы жүргізіліп отырған саясатты «ергежейлі елі» арқылы мансұқтау пиғылы анық байқалады, – деген желеу тағылып, тездетіле жабылып тасталған «Ергежейлі еліне саяхат» атты бұл шағын хикаят менің қолыма оқыстан түсті.
Аңысыма аңыз боп кіріп, санама аңыз боп сіңіп, өміріме аңыздың елесіндей боп араласып, ақыры өмірі «жұмбақ емес», жұмбақталған аңызбен аяқталған Бердібек ағамызбен кейінгі он-он бес жылда жеңіл ғана амандасып, атүсті әңгімелесіп жүрдім. Дегенмен де, Жарасқан айтқандай, «Дулатты Төленмен, Төленді Дулатпен шатастырып жүретін» жаңғалақ Бердібек ағамыз бұл үш кездесуді, әсіресе, алғашқы «сырттай кездесуімізді» ұмыта қоймап еді. «Ергежейлілер еліндегіні» маған табыстауына да сол алғашқы екі кездесу ілдебебайлық еткендіктен де, оны да қағаберіс қалдырмай айта кетейін.
Әлі есімде, 1971 жылдың күзі болатын. Ұстазымыз Рымғали Нұрғалиев Несіпбек екеумізге: «Бүгін Бердібек ағаларыңның жалғыз өзін қонаққа шақырдым. Екеуің келіп күтісіңдер», – деді. Кешқұрым Бекеңді қазіргі Әйтеке би мен Төлебаев көшесінің қиылысынан үшеуміз күтіп алдық. Кілем жайылған кең бөлменің төріне көрпе салынды, Бекеңнің шынтағына жастық төселді, дастархан жерге жайылды. Ләпәң (Ләтипа апайымыз) ас қамында. «Арнайы тапсырма» алған Несіпбек құрақ ұшып «сыра» құйып жүр, ара-тұра Бекең күтушісіне қарап: «Өй, мынаның дәмі қышқылдау ғой», – деп қояды. Жасымнан аңызға бергісіз бейне ретінде елестеген Бекеңнен көз алмай отырып қалсам керек: «– Сен неге томсарып отырсың, балдыз?», – деді. «Балдыз» деген сөзіне емексіп: «– Сіз мені қатты өкпелеткенсіз. Бір ай бойы сізге кектенгенім әлі есімде. Сол өкпем есіме түсіп отыр»,– дедім.«– Не дейсің, мен сені қай жерде ренжіттім екен, ә! Ондай иттігім бар. Бірақ есімде қалмапты. Қашан? Айтшы, есіме түсірейін», – деді.
– Сіз мені бесінші класс оқып жүргенде, қараша айында қатты өкпелеттіңіз.
– Қалай?
– Жәңгір мұғалім шығармама ерекше риза болып: «Сен, Құдакелдин, болашақта сөзсіз жазушы боласың», – деді. Ал кітапханашы апай: – Жазушы болатын адам мына кітапты сөзсіз оқу керек, – деді. Содан әлгі кітапты бас алмай оқып болған соң, жатып кеп ашуланайын. Мына Бердібек Соқпақбаев деген жазушы менің өмірімді қайдан біледі. Түгін қалдырмай жазып қойыпты. Жаңылдың атын Жанар деп өзгертіпті, «Қара Тұрсын» дегенді «Қара Қожа» деп өзгертіпті. Тіпті, «Менің бастан кешкендерім» деген атын «Өзім туралы повесть» деп алыпты. Енді мен не жазамын, қалай жазушы боламын? – деп жатып ашуланғаным сізді көріп есіме түсіп отыр, – дедім.
Қиқылдап күліп алды да:
– Е, онда өкпеңнің тарқамайтын жөні бар екен. Тіпті, Жанарды да қалдырмаппын, ә. Обал болған екен, қиянат жасаған екем. Содан өлең жазып кеттім дейсің бе? Е, мен де өлеңнен бастағам. Апыр-ай, ә! Өкпеңді бір жазып беретін жөнім бар екен. Есте болсын. Екеуміз тым ерте кездескен екенбіз. Мен ұмыта беремін, көргенде амандасып, есіме салып тұр, – деді.
Түн ортасына жақын Желтоқсан мен Төле бидің қиылысындағы үйіне Несіпбек екеуміз шығарып салдық. (Айтпақшы, естеліктің бірінде: Бұл үйде бұрын Әнуәр Әлімжанов тұрды деп жаңсақ айтылыпты. Ол үйде бұрын Әлжекең – Әлжаппар Әбішев тұрған. Елуінші жылдардың соңында Әлжекеңнен «кек қайтарғысы келген» тентектер терезе алдындағы ағаштың басына шығып, мылтықпен көздеп тұрып атқан. Оқ басынан жанап өтіп, қабырғаға тиген. Бердібек ағамыз: қонақ бөлменің төргі қабырғасындағы оқтың ізін кілеммен жауып қойғанын, ол іздің кейінгі жылдарға дейін сақталғанын Бекеңнің өзі Әлжекеңе айтып беріп, орынын көрсеткен). Содан көрген сайын Бекең маған: – Өкпеңді бір жазамын, – деп қоятын. Ол кісінің мені өзгемен шатастырмауына сол «Қара Қожа» себепкер болса керек.
Тоқсаныншы жылдың аяғын ала «Жұлдыздың» проза бөліміне сағат онның мөлшерінде келе қалды. Шашын тарай бастағанда:
– Беке! «Өлгендер қайтып келмейдінің» қысқарған тарауларын толықтырып беріңіз. Басамыз, – дедім. Көзін тіке қадап:
– Шынымен басасың ба? Онда іздестіріп көрейін. Әй, осы сенің өкпеңді қайтарудың орайын таптым. Менің алпыс бес-алпыс алтыншы жылы жазылып бітіп, тура осы «Жұлдызға» ұсынғанымда үрейленіп кетіп, жабылып жүріп жаптырып тастаған шағын повесім бар. Батыр болсаң соны бас. Әй, баспайсың ғой, – деді.
– Басамыз! Дәл қазір әкеліңіз. Әйтпесе сіз тағы да таптырмай кетерсіз, – дедім.
– Сен мені үнемі іздеп жүрген адам сияқты сөйледің ғой. Әй, жарайды, айтып қалдым ғой. Қазір әкеп берейін, – деді.
Сол екі ортада бас редактор Мұхтар Мағауинге кіріп, түсіндіріп, келісіп қойдым. –Нендей қиқымет болса да басамыз, – деді бастығым. Жарты сағаттың ішінде Бекең қайтып оралды. Шығарманың көлемі шағын екен. Бірден оқуға кірістім. Қызығып та, сүйініп те тез оқып шықтым. Социализмді, атом сынағын, ғарыштың тауқыметін, экономиканы құртқан «жасасынның» кесірін ертегі формасында білдірмей тілген екен.
Хикаят Бердібек Соқпақбаевтың барлық шығармасы сияқты өте қарапайым әрі болмашы нәрседен басталады. «Менің атым – Қожадағы» кейіпкердің өзін-өзі таныстыруын еске салады. Тіпті, мұндағы кейіпкердің аты – Бердібек, яғни жазушының өзі. Балконда ұйқыға кеткен кейіпкердің тура кіндік тұсына бір нәрсе «топ етіп құлап түседі. Селк етіп шошып оянады. Қараса, әлгі зат мысық та, ештеңе де емес, титімдей қуыршақ… жанды қуыршақ болып шығады… Бір кезде ол бетіндегі скафандрды ашып, қақпағы томпақ әйнекті екі қолымен жоғары қарай сырғытып жібереді. …Иә, иә қуыршақ емес, кәдімгі өзіміз тәрізді жаны бар адам. Бойының ұзындығы шамамен, бір сүйемнен аспайды».
Жазушы қуыршақтың іс-әрекетін ғана емес, оның сыртқы түр-тұлғасын да шегіне жеткізе суреттейді. Адамдардың іс-әрекеттері мен мінез-құлықтарындағы қитұрқыларды қуыршақ кейіпкеріне түсіндіреді.
Кейіпкердің аты – Елдесер. Ол өзінің қандай тапсырмамен келгенін, жазушымыздың үйіне қалай тап болғанын бастан-аяқ баяндап береді. Кезегінде Ергежейлі де өз елін таныстырады. Айтуынша дамып-ақ кеткен екен. Бізше айтқанда, капитализмнің дамыған шыңы – «швейцариялық социализм» көрінеді.
Жазушы енді Елдесерді портфеліне салып алып, онымен «социализмнің кеңестік үлгісін» таныстырады. Көшедегі көріністер арқылы ана тілі, салт-дәстүр, бұзылған менталитет, ұлттың бұлдыр болашағы көркем штрихтармен тұспалданады. Тәуелсіз азат ел болсақ қайтеді деп те армандап қояды.
Енді ергежейлілер еліне саяхатқа аттанады. Онда да ең алдымен қаламгерлер ғимаратымен танысады.
«Өзім жазушы болғандықтан бұндағы жазушылардың өміріне баса назар аударуым заңды шығар. Сол тарапынан азырақ әңгімелеп берейін. Ергежейлі елінде бүкіл жазушыны бір орталыққа бағындыратын ұйым жоқ. Әр түрлі бағытта, әр түрлі сыпатта көптеген газет-журналдар шығып тұрады. Ақын-жазушылар, міне, солардың төңірегіне топталады. Кім не жазам десе, еркі. Қаламақы сол кітапты сатудан түскен пайданың мөлшеріне қарай төленеді. Қандай кітап болмасын әуелі аз ғана тиражбен шығарылады. Жұрт ұнатып, талап алып жатса, үстін-үстін шығарыла береді. Жұрт алмаса, еселеп басылмайды».
Дәл қазір басымнан кешіп отырған бұл көрініс ол кезде бәрімізге таңсық әрі жат еді. Енді сол елдің мемлекеттік саяси жүйесімен танысады. Кілтипан осы арадан басталады. Өйткені…
«Партия бұл елде жоқ. Басқару қызметіндегі адамдардың барлығы тек сайланып қойылады», – екен.
Шығарманы оқып отырған мен: «Астафир-алла!» – деп дауыстап жібердім.
Бұдан кейін автордың атом бомбасына деген ішкі қарсылығы, кеңестік саясаттың зардабы, эксперименттің кесірінен қырылған адамдардың жан күйзелісі, қураған дала мен тартылған өзендер, сиқы кеткен қала суреттеледі. Бұл күйзеліс шығармада:
«Президенттің жүзі бір қуарып, бір сұрланады… Президенттің не айтып жатқанын білуге мен де ынтызар болдым. Сөйтсем, Блефуску елінен хабар келген екен. Онда елді бақытсыздыққа ұшыратқан апаттың неден болғаны жазылған. Соңғы уақытта Блефуску империясының басшылары астана тұрған жердің астынан атом бомбасын жасайтын зор құрылыс – завод салған көрінеді. Сол заводта, әйтеуір, бір себеппен жарылу болған. Үш миллион халқы бар үлкен қаладан ешқандай тамтық қалмаған», – деп баяндалады.
Сонымен, кейіпкер еліне қайтып оралады. Жалпы, шығарманың желісі фантастикалық сипатқа құрылғанымен, жазушы өз елінің сол кезде басынан өткеріп жатқан жағдайын салыстыра түйсінуге мүмкіндік бере отырып аяқталады. Алпыс-алпыс алтыншы жылдары мұндай батыл пікір айту орыс жазушыларының өзінің де қолынан келмеген тәуекел.
Дереу үйіне телефон шалып, қысқа алғысөз жазып беруін, әйтпесе менің өзім алғысөз жазатынымды айттым: – Өй, шынымен оқып тастадың ба, шынымен ұнады ма? Ендеше, жұрт саған сенбес. Өзім жазайын. Дәл қазір ме. Жарайды, – деп тез келісті. Тағы да жарты сағат өткенде шағын алғысөзді әкелді. Онда:
«Мен бұл повесті бұдан ширек ғасыр бұрын жазған едім. Шағын үзіндісі «Қазақстан пионері» газетінде (1966, № 24) жарияланды. «Жұлдыз» журналына бердім, баспады. Сол кездегі Бас редактор (атын айтпай-ақ қояйын) маған ренішпен бажырая қарап: «Баса алмаймыз, шығармаңыз идеялық тұрғыдан бізді қанағаттандырмайды. Қайдағы бір ергежейлі елін біздің социалистік елден артық көрсетесіз. Осы жарай ма?», – деген тәрізді сөздер айтты. Таласып жатудан пайда жоғын білемін, билік кімде болса, соның сөзі дұрыс.
Міне, ана заман өзгерді, шығармамды бір сөзін өзгертпестен «Жұлдызға» қайта беріп отырмын. Заман да, журналдың аппараты да өзгерген кез. Нағыз үлкен өзгеріс, үлкен төңкерістер әлі алда екеніне менің сенімім кәміл», – деп жазыпты.
Көзінше шығарманың шекесіне қолымды қойдым да, бас редакторға кіріп, оқытпай қолын қойдырып, бірден теруге жіберттім. Мұның бәрін сырттан көріп тұрған Бекең үнсіз басын шайқады да, баспалдақтан төмен түсе берді.
Сонымен, «Жұлдыз» журналының 1991 жылғы №4 санында – сәуір айында повесть жарияланды. «Қазақ әдебиетінің» сын бөліміне арнайы шағын мақала дайындармын деп жүргенімде қызмет ауыстырдым. Қазақ прозасында кезінде идеологиялық қысымнан жарияланбаған шығармалар аз. Оның үстіне Бердібек Соқпақбаевтың шығармасы. Үнсіз қалмас деп те үміттендім. Сондай бір лебізді Бекеңнің де күтіп жүргені анық еді:
– Біреу-міреу оқып па екен. Тыныштық қой, – деп қалғаны бар бірде.
Сол тыныштық, міне, тура жиырма бес жылға созылыпты. Араға тура бір жыл салып Бекеңнің өзі де бұ дүниемен қош айтысты. Сабыры тозған дедексіз жүйкеге бұл да жүк. Кім білсін, ол да бір тал тамырын шүйкелеген шығар. Қалай дегенмен де, енді Бердібек те қайтып келмейді.
Оның соңғы шығармасы туралы ешкімнің білмейтініне, екі томдық жинақтарына енбегеніне, сыншылардың, әдебиет тарихшыларының назарына ілінбегеніне, қайталап айтамын, таң қаламын. Таң қала жүріп, шәкіртім Диана Ермағановаға ғылыми тақырып ретінде ұсынып, реферат жаздырдым. Енді осы пікірімді Бердібектің төл газеті «Қазақ әдебиетіне» ұсына отырып, оның жариялану тарихына байланысты жоғарыдағы жайды оқырмандар назарына іліндіре кеткім келеді. Үмітім, осы «ертегі» жазушының қызы Самал Соқпақбаеваның көзіне түсіп, орысша аударылса екен деп тілеймін.
Демек, Бердібек Соқпақбаев – «жазуды қойып кеткен жазушы» емес, айтарын айтып өлген жазушы.