"Мадина Омарованың шығармалары сөйлем құру дағдысымен ғана емес, жанр тұрғысынан да өзгеше. Жаз...
Қыдырбек Ырысбек. Мен көрген чемпиондар
Шерлі Шәміл
Шәміл Серіков
«Шәмілдің күресі – нағыз спектакль еді».
Жақсылық Үшкемпіров, Олимпиада және әлем чемпионы.
«Он был из породы гениальных борцов».
Ян Дымов, ФИЛА-ның «Алтын орденінің» иегері, Украинаның еңбек сіңірген журналисі, күрестің білгір маманы.
Олимпиада жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы, даңқты балуан Шәміл Серіковке кезінде әлемге әйгілі күрес мамандарының қатты сүйсінетін. Себебі, қазақ балуаны қалыпқа сыймайтын, ерекше дарын иесі еді.
Шәміл балуанды ақырғы рет 1989 жылдың қысы не көктемінде Алматыдағы «Достық» спорт кешенінде көрдім. Жарыс кезінде жұрт кілемге үймелеп жатқанда қазылар столында жалғыз өзі отырды.
1978 жыл
ССРО чемпионаты
Финалға дейін 5 белдесуде қарсыластарын таза жықты. Шешуші сында Олимпиада чемпионы, ресейлік Виталий Константиновты 11:3 есебімен еркін еңсерді. Бұған дейін Константинов Одақ чемпионатында ешкімнен дәл осылай ойсырай ұтылып көрмеп еді. Ол кезде грек-рим күресінен әлемдегі ең мықты мемлекет Совет одағы болатын. ССРО чемпионатын дәл Шәміл секілді емін-еркін ұтқан балуан тарихта тым сирек кездеседі. Қазіргі қазақ балуандары Шәмілге еліктесе, Шәміл шыңына тәуекел етсе, алаш ұлдарының боз кілемдегі несібесі мол болар еді.
1978 жыл
Әлем чемпионаты
Финалға дейін 5 қарсыласын аса қиналмай ұтқан Шәміл шешуші белдесуде Германия балуаны, кейін әлем чемпионы болған Паскуале Пасареллиді 29:9 есебімен тас-талқан қылды. Мұндай есеп гандболда немесе регбиде ғана болады. Күресте мұндай есеппен әлем чемпионы атану заманынан озып туған адамның ғана қолынан келеді. Сол тұстағы әлем чемпионаттарының финалында Шәміл Серіковтен басқа бірде-бір балуан қарсыласын дәл осындай ірі есеппен ұтқан емес. Осы жерде алаш жұртшылығы үшін маңызды тарихи деректі келтіре кетейік. Шәміл бұл чемпионатта жеке-дара шығумен қатар, олимпиялық спорт түрлері бойынша қазақ спортшыларынан бірінші болып дүние жүзінің чемпионы атанды.
«Мексикалықтарға Шәміл Серіков ерекше ұнады. Ол өте шапшаң, қарсыласына бір сәт ес жиғызбайды. Оның шалыс басқан бір қимылын көрмейсің, бәрі есептеулі. Өзі сондай еркін, тұнып тұрған импровизация... Шәміл кілем жанындағы орындыққа отыра кетті, ал оған деген сүйіспеншілігін білдіргісі келген мексикалық бала қазақ жігітінің қолын уқалады. 22 жастағы алматылық динамошыны, Анатолий Жарковтың шәкіртін чемпионаттың (әлем чемпионатының – ред.) үздік балуаны деп сеніммен айтуға болады».
«Советский спорт» газеті, 25-тамыз, 1978 жыл.
1980 жыл
Мәскеу олимпиадасы
1. Шәміл бірінші белдесуде бельгиялық Жульен Мевисті кеудесінен асыра лақтырып, 2 минут 28 секундта таза жықты.
2. Екінші кезекте румын Михал Боцилды 1 минут 25 секундта тізе бүктірді.
3. Үшінші сында итальяндық Антонио Кальтабианоны ұпай санымен жеңді.
4. Төртінші белдесуде чех Иожеф Кристаны 15:3 есебімен ойсырата ұтты. Бұл бәсекеде Шәміл қарсыласын үш рет кеудесінен асыра лақтырды, екі рет етпетінен түсіріп, төрттағанға салды. Екі рет партерден аунатты. 7 минут 58 секундта төреші Кристаны сылбыр қимылы үшін жарыстан алып тастады.
5. Шәміл бұдан кейін швед Бенни Лунгбекті 2 минут 42 секундта таза жықты.
6. Финал. Шәміл Серіков – Юзеф Липень (Польша) – 11:4.
Алла Тағала ғаламат дарын сыйлаған балуан ғана Олимпиада ойындарын дәл осылай ұтса керек. Бұл тек құрғақ күшпен ғана келетін жеңіс емес. Шәміл ақыл-ойы, еңбекқорлығы, табиғи бейімі терең ұштасқан балуан. Жаратқан ие Шәміл пендесіне балуандық қабілетті молынан бере салған екен. Осындай азаматтың қазақ болғаны біздің халықтың бойында балуандықтың мол қазынасы бар екенін білдірсе керек. Олай болса, қазақтан грек-рим күресі бойынша 1998 жылдан бері әлем чемпионы неге шықпай жүр? Бойында қазақы қаны бар қаладағы қарадомалақтар, ауылда мал жайлап, су тасып жүрген, оқу күнделігі төрт пен беске толы алаш баласы, осы жағын терең ойлап көрші...
1981 жылы советтің балуандар құрамасы Қиыр Шығыстағы Байкал-Амур магистралына сапарға шығады. Шәміл болса, жолға шықпай, үйде қалады. Бұл – Мәскеудің қаһары қатты кез. Коммунистік партияның пәрменіне қарсы болды, деген желеумен Шәмілді ССРО құрамасынан шығарып тастайды. Ол Олимпиада жеңімпазы, әлем чемпионына тиесілі жалақыдан да қағылады. Алматыдағы спорт шенеуніктері Шәмілді жұмысқа алмай, соның салдарынан Олимпиада жеңімпазы жеке көлігімен адам тасып, реті келгенде сауда жасап, күнін көреді. Біздің спорт басшылары Серіковті спорт мекемелеріне жолатпаудың бар амалын жасап бағады. Осындай қыспаққа, әділетсіздікке қатты күйінген Шәміл сексен тоғызыншы жылы өзіне өзі қол жұмсайды...
Қадірлі оқырман! Біз Шәмілді толық зерттеген жоқпыз. Шәмілдің күресінен Алматыдағы спорт академиясында, елдің әр қиырындағы спорт мектеп-интернаттарында, күрес мектептерінде арнайы дәріс оқылса, балалар Шәміл туралы шығарма жазса, қазақтың небір алғыр балалары Серіковтей боламын деп, құлшынар еді, қолына қағаз-қалам алып, ойға, терең талдауға жүгінер еді. Амал не, қазіргі бапкерлер мен балуандардың басым көпшілігі Шәмілді зерттемек түгілі, бір бет күнделік жазуға ерінеді. Бойдағы қажыр-қайратың, үйренген әдіс-айлаң, талабың ақыл-оймен, ізденіспен, біліммен суарылмаса, боз кілемде Шәмілдей күресемін деу бекер.
Қазақ баласы, қазіргі әлемдік спорт ғылымға арқа сүйеп отыр. Олимпиада мен әлем чемпионатының шыңына нағыз ғалым-бапкердің ғана шәкірті шыға алады. Осыны жадыңа мықтап сақтағаның дұрыс. Қазіргі қазақ балуандарында күш те, әдіс-айла да, тегеурін де бар. Тек бапкерлердің ұлттық рухы, шығармашылық ізденісі кем соғып жатыр. Сосын алтыбақан алауыздыққа тізгін бермеуіміз керек.
Табиғатынан балуандыққа бейім Шәміл Серіковтің тәлімгерлері Алдабергенов пен Жарков білімді, білікті жаттықтырушылар болатын. Ал ХХ ғасырда әлем күресін мойындатқан, боз кілемнің академигі Вадим Псарев ірі жарыстарға дайындық кезінде, сондай бәсекелер үстінде үнемі Шәмілдің қасында болды. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы», дейді аталарымыз.
Совет империясының қалыбына, турасын айтқанда, ноқтаға басы сыймаған ер Шәміл отыз үш жасында өмірден озды.