Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасыныңұйымдастыруымен өткізіл...
Мәдина Сейітмағамбетова. Күн кешкім келеді адам боп
* * *
Жаны оның Бейіш гүлі үлбіреген,
Саулығын айбынды ер Күн тілеген.
Түн оғлан сұқ көздерден күзетумен,
Бас иер хан көрмеген ізетімен.
Жыр етіп жарқыраған ақша бетін,
Шын ғашық мәңгілікке берер сертін.
Көңілі де шықтай пәк жаралыпты,
Сақшысы – қарт жауынгер Ар алып-ты.
Хош иісі дерттілердің емі екен,
Жеті қат көк пен жерге сіңер еркін.
Жүрегі таратса әзиз ізгілікті,
Тамырға нәр жүгіріп, түз күліпті.
Сезімі мөлдір, тұнық бұлақтайын,
Мұң шертсе, қалам неге жылап дәйім?
Тал бойы – кестелі ой, шалқар ақыл,
Көркеуде астамсыған қалар ғапыл.
Сөзі бар сиқырлы һәм сұлу, сара,
Ақ жолы – Тәңір берген ғұмыр дара.
Сәні де келісті әрі салтанатты,
Даңқын біл кезіп жүрген шартарапты.
Жанында лағылдың да жалтылы өшер,
Сырлассаң, көкіректен шерің көшер.
Түспейді ол жерге төмен, қанаты бар,
Шайырлар зарығумен таңды атырар.
Назарын бұрса саған сол бір ерке,
Сапарға бабы келген жүйрікті ертте.
Мен сүйген үр Періште есімі – Өлең,
Жүректі жаулай алмас енді бөтен.
* * *
Таразыласам тағдырдың мың сан өткелін,
Назым жоқ айтар, бәрі бар менде, жоқ кемім.
Бал емес, кейде ащысын өмір ұсынса,
Өзіме және Құдайға аян өткенім.
Қалықтай ұшқан кезім де болды биікте,
Ақымақтығым ғой, баттым да талай күйікке.
Алланы білмей, Алланы сүймей іс оңбас, –
Жалғадық сапар, көкейге ойды түйдік те.
Сеземін, иә, өкпесін бәзбір таныстың,
Сезімнен осы жай таппай, оймен алыстым.
Естімей келген, елемей келген лүпілін
Жүрегімменен мен бүгін ғана табыстым.
Өртейді іштен өкініш дейтін алау от,
Жұбатпас таң да жаныңа жадау жалау боп.
Төгем де жасты, әп-сәтте күлем сылқылдап, –
Дүниені жылтыр уыстағым келер, қалау көп.
Мұңая ма екен періштелер маған алаң боп,
Сырымды төксем, күйдірер қолды қалам-шоқ.
Бес күндік мынау жалғанға жүрмін сыя алмай,
Күн кешкім келеді Адам боп!
* * *
Күнді көріп, күлімдеуді үйрендім,
Селт етпейтін тас қана...
Бір-ақ сәтте сіз ұға алмас күйге ендім
және айналдым басқаға.
Аппақ қардан налымауды үйрендім,
Әркім таптап жатса да.
Мен де кеше сізді құлай сүйгенмін,
Әнін айтқан басқаға.
Жылап та алам кейде ұқсап жаңбырға,
Ағыл-тегіл және үнсіз..
Жүрген бейғам мендік әлем, тағдырда,
Айтыңызшы, сіз кімсіз?
Кешірімде көктем барын сезбеппіз,
Қоштасу – қыс...
өкпе – мұз...
Жүрегіңіз шым етсе егер себепсіз,
Өлеңім ғой... сөкпеңіз...
Енді мен де айналам шат жұлдызға,
Мұңаюдың жөні не...
Сіз де ешқашан оралмаңыз сол қызға,
Ғашық еткен...
сөзіне...
* * *
Жалғандықтан қажыды ма жанымыз,
Жалғыздыққа жұтылады сөзіміз.
Жанарымда өлген мезет сағыңыш,
Міз бақпаңыз, төзіңіз.
Бір арманнан күлім қаққан көктегі,
Жасын тыяр қамкөңілді қаяу-мұң.
Бірақ, бірақ... жеткізбейтін көктемі,
Жалаңаяқ жаяумын...
Тек үнсіздік жалғап тұрған араны,
Байқамайсыз өлең толы көзімді.
Күні-түні бір тынбайды ар әні –
Қайрайтын сол төзімді.
Алдан әлі жол шығардай жаңаша,
Екеумізге бақыт гүлін сыйлай мың.
Бір үмітпен алдарқатып балаша,
Жүрегімді қинаймын.
Ертегілер, қиялымда құраған,
Жаз-жігітпен бақ құшатын Қар қызы.
Ал қолымда – бір тал раушан қураған,
Оты сөнген сезімдердің жаршысы.
Сыр бермейміз. Кейпіміз өр, паң аса,
Айналама күліп, құшақ жаямын.
Қол ұстасқан жалғандықпен жараса,
Өзімді емес... неге сізді аяймын?..
* * *
Аяусыз тілдеген сұм уақыт сөзінен,
Ту сырттан қадалған сұр жебе көзінен,
Морт сынып кете жаздағам.
Диірмендей үгіткен батпандай сезімнен,
Буалдыр дүниеде теңселген кезімнен
Шымшылар аяз бар аздаған.
Жөн шығар, жөн шығар қылығы оның да...
Шіліңгір шілдеде қалтырап тоңдың ба,
Кеше гөр мені, жүрегім...
Жоқ өкпем ешкімге, болсам жат бес күнге,
Мен солай алғаш рет құлақ сап есті үнге,
Тапқанмын жанның тірегін.
Күле де, жылай да алмай бір армансыз,
Күндерде сол күрең көңілде қалған сыз,
Жазмышқа бергенмін еркімді.
Кеудемде сел көшіп, сезінген жүрекпен,
Ең ұлы мезетте бүрлеген тілекпен,
Тік тұрып қарсы алдым дертімді.
Көктем боп күлемін, өлең боп жылаймын,
Бас бермес асаудай жүйткіген жыл, айдың
Бойлаумен ап-ащы сырына,
Құдай деп күрсініп, Құдай деп бұлқынған,
Әрбір қарпіне ып-ыстық нұр тұнған,
Тағдырдың айналдым жырына.
* * *
Кітап!
Сенсіз жаным тасқа айналды, қарайды.
Дұға етіп – қолыма кілт ап,
Аштым шаң басқан сарайды.
Түнерген ем, көгімді қара бұлт ап,
Түтегем, жұтап.
Сенің сәулең – Тәңірдей сұлу, арайлы,
Жап-жарық етті тірілтіп өлі маңайды.
Сенің мұның –
Өлеңдей терең дара үні тағдырдың.
Өзіңмен серттескен күнім –
Жүзімді жуған тамшысы әз жаңбырдың.
Сенің жырың –
Періштелер жеткізген құсни-хаттар ма...
Өмірдің сезінбеген сызын –
Сапар шегем ең бақытты шақтарға.
Сенің сөзің –
Сыр бүккен ізі шет-шегі жоқ жолдардың.
Ал өзім –
Үлбірек үмітпін... Иемнен басқа қолдар кім...
Сенің жолың –
Қойнауын кезу он сегіз мың жұмбақ әлемнің.
Кеудем толы үн –
Уақыт толғауын тыңдап, тапқан сәт жан емін.
Сені қолға алу –
Өсиет, аңыз, абыз данаға құрметім.
Сені оқып, толғану –
Ең сүйікті, ең сүйкімді жыр-дертім.
Ең ізгі қуаныш –
Тәңірдің үні боп жеткен аянға толы түн сұлу.
Үміт, жұбаныш –
Парасат һәм Махаббат биігіне ұмтылу.
Мезет-ай аяулы –
Сезімнен жылы, сезімнен ұлы жас тамар.
Көңілің қаяулы –
Сәулелі, мәуелі ой көктеп, жай табар.
Мендегі арман –
Өзіңмен бірге көз іліп, ояну мекенінде мәңгінің.
Сені кие тұтқан бар жан –
Жүрегінің төрінде аялар тұмарындай жалқының.
* * *
Тасыған, жасыған, шалқыған, шарқ ұрған өмір бұл,
Бүр ашып көктемде, күз түссе қураған көңіл гүл.
Күнелткен тістеніп, түнерткен, күш кеміп кезең бар.
Қаһарлы қыс жетіп, табаннан сыз өтіп, кешкен қар.
Аспанын бұлт алған, қабағын мұң шалған жалғанның
Көктайғақ жолында өр әнін арманның салғанмын.
Қаптырмай қақпанға, алдырмай ақпанға жеткенде,
Күтпесін ешкімнің, қоздарын ескі мұң сезгем де.
Тұншыққан үміт боп, булыққан намыс боп тіл қатсам,
Жігерім ақ алмас, тауым бар шағылмас пиғылдан зіл батпан.
Өлмейтін өлеңнің ішінде өткінші өмірді сүремін,
Сен неткен мықты едің, мықты едің, о, менің аяулы жүрегім.
Мәдениет порталы