Талғат Теменов. Басымды ием…

СӨЗДІҢ АТАСЫ
15426
«Ет сасыса –тұз себер, 
тұз сасыса не себер»

(Халық даналығы)

Иә, қазір бүкіл әлемде - Дүниежүзілік  үшінші соғыс жүріп жатыр. Бұл соғыстың сұрапылдығы  - көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын жау. Қай тарихта да, қандай соғыс, қандай зұлмат шайқаста да, тіпті террористер болған шақтарда да, ақ халат киген жандарға, қызыл кресті бар жедел-жәрдем машиналарға оқ атпаған. Себебі дәрігерлер өмір үшін күрескен қаһармандар, өлімге араша түскен асыл жандар еді. Ал бұл майданда, Ұлы айқастың алғы шебінде жүрген – белгісіз соғыстың беймәлім Батырлары – оқ сендерге де тиіпті... Қолыма қалам алуға себеп болғаны осы... Еріксіз Никита Михалков айтқан әңгімені есіме түсірдім... Бір дәрігер перзентханада таңғы  5-те жас әйелді босандырып жатса керек. Осы кезде сырттан бір хабаршы асып-сасып кіріп келіпті.
 
«Соғыс! Соғыс басталды!» деп бақырғанда , әлгі дәрігер «Шық оңбаған, кет әрі» деп жұмысын ары қарай жалғастыра береді.  Әлгі келіншек сонда ұл табады, атын Виктор, Яғни Жеңіс деп қойыпты. Міне, дәрігер деген осы. Мен қаншама рет дәрігерге барсам соншама рет қобалжимын.  Өйткені білем... Егер де ауырып қалсам маған жанашыр- тек осы жандар. Әдеби тілмен айтсақ ақ халатты абзал жандар... Менің өмірімде болған аса бір қиналған сәттерімде де,  болмаса өмірге ұрпақ келген қуанышты күндерде де осы адамдар маған арқау болды. Қиналғанда қамқор,  қуанғанда қасымнан табылды.
  
Дәрігерлер... Академик Камал Ормантаев,  Еңбек ері Серік Ақшолақов,  ғылым докторы Абай Байгенжин,  Қалдыбай Мадибраимовтан бастап көбін білем... Біздің клиникадағы менің сүйікті дәрігерлерім... 
Соңғы 3-4 күнде жаным жүдеп, көңіліме қаяу түсті. Өзіміз ауырсақ - жүгінетін дәрігерлеріміз науқастанса бұдан артық қорқыныш болмайды екен... Мен қазір біздің дәрігерлер неге ауырды, қалай ауырды, неден болды? Оған кім кінәлі? Деген сұрақтар қойғым келмейді. Оны тексеріп ақ-қарасын зерттейтін комиссия бар шығар... Менің қабырғама бататыны солардың ауырғандығы... Тілегім сол жандардың тез сауығып арамызға аман-есен оралуы ғана. Қазіргі індет – коронавирус – біздің көп нәрсеге көзімізді ашты.Енді біз осы пандемиядан соң өзгеретін болармыз. Өйткені өзгермеске шара жоқ. Әлеуметтік желідегі әлеуметті тыңдауға – фейсбук, инстаграммды ашуға қорқам. Себебі жаман аурумен ауырғандар күннен-күнге өршіп жатыр.
 
Ең қиыны сол науқастардың ішіндегі дәрігерлердің болуы. Жұмысқа барып індетке шалынуы... 
Біздің тарихымыз бай. Хандарымыз да, билеріміз де,  батырларымыз да,  ақындарымыз да жетерлік. Қай-қайсысында мақтанышпен айта аламыз. Алайда біздің тарихта орын алған ұлы дәрігерлер жоқ. Ибн Синадан басқа. Болса да олар тарихтың көне қойнауында жойылып кетті. Яғни бұл да біздің тарихшыларымыздың алдындағы үлкен міндет. Ел ішіндегі аңыз-әңгімелер де, сынықшылар, бақсы-балгерлер де ұмтылып бара жатқан есімдерді біз енді қайта зерттеуіміз керек. Өз басым, Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан ғайыр елді иемденген халықтың  емшілері болмаған дегенге  сенбеймін.
 
Әлемдік әдебиетте Фридрих Шиллер, Артур Конан Дойл, Коба Абэ, Уильям Сомерсет Моэм, Владимир Даль, Антон Чехов, Михаил Булгаков, Василий Аксенов, Григорий Горин сынды жазушылар әдебиетке келер алдында дәрігер болғандар. Ал бізде аз... Мен білетін Зейін Шашкин мен Советхан Ғаббасов. Сосын ақын Мемлекеттік сыйлықтың иегері  - Күләш Ахметова ғана. Мемлекеттік сыйлық демекші, аталмыш марапат туралы менің ойым мүлдем өзгерді. Біздегі осы атақ, абырой дәрігер мен фельдшерлерге, медбике мен санитарға, жедел жәрдем жүргізуші шоферға неге берілмейді? Неге аз?... Көкесінің ақшасына 3 клип түсірген жаңа жұлдыздар да, менің әріптестерім де армансыз екен. Әр жыл сайын желтоқсанда әр салада қуанатындар аз емес. Бірақ облысты былай қояйық, алыстағы ауданның, ауылдағы медпункттің бір дәрігері не бір фельдшері осындай атақ  алды ма? Мен естіген емеспін. Мына көрінбес соғыстың белгісіз батырлары болашақта да, осылай жүре бере ме? Неге бізде «Халық дәрігері» болмаса «Үздік дәрігер» деген атақ-абырой жоқ. Неге осы салаға келгенде тарылып қалдық?  Басқа-басқа академик, бүгінгі күні ауырып жатқан Камал Ормантаев болмаса Абай Байгенжин сияқты дәрігерлер неге «Еңбек еріне» лайық емес? Осындай дарынды еңбегі сіңген дәрігерлер бізде баршылық. Және ол атақтан мемлекет ұтпаса, ұтылмайды. Керісінше дәрігер- фельдшерлерді марапаттау-мыңдаған жандарға стимул болар еді.  Осы тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев мына індетке байланысты алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің жалақысын көтерді. Ура!!! Браво!!! Президент Мырза! Әділдік аз уақытқа болса да орнады. Менің ендігі тілегім, ойым  - осындай жалақыны Қазақстандағы барлық дәрігерлерге, фельдшер, медбикелерге жасаса нұр үстіне нұр болары хақ... Және дәл осылай мардымды деңгейде қалса екен деймін...Мысалы менің білетінім әлемде ең үлкен жалақы алатын мамандардың қатарына дәрігерлер мен юристтер жатады. Олардың шайлығы – біздің дәрігерлеріміздің айлығындай. Жарайды Кеңес кезін айтпай-ақ қояйын, соңғы 30 жылда біздің елде ең көп оқыған мамандық – заңгерлер мен экономисттер екен. Мемлекеттік, жекеменшік жоғарғы оқу орындарында грандтардың көбісі осы салаға жұмсалды. Ал, содан білім алып, дүрілдеп шыққан  кім бар? Қай заңгерді ел біледі? Қай экономист әлемге, қала берді Қазақстанға қандай жаңалық ашты? Егер статистикаға қарасаңыз әр дәрігерге 5-6 заңгерден болмаса экономисттен келеді. Бұл қызық аздай бір кездері Медициналық оқу орындарында балаларды емдейтін – Педиатрия бөлімін жауып тастады. Кім жапты? Неге жапты? Одан кім, не ұтты? Білмеймін...Білетінім академик ағамыз Камал Ормантаев жылап жүріп сол мамандықты қайта аштырғаны. Ертеңін ойламаған бұл сол кездегі Денсаулық министрінің, оның қасындағы жандайшап пысақайлардың кеселі, кесірі... Әлгіндегі жалақы жайлы... «Қайнайды қаның, ашиды жаның, мінездерін көргенде.» деп Абай айтпақшы , бір саланы айта кетейін. Ол – спорт. Елдегі легионер-спортсмендердің жалақысын көргенде жылағың келеді. Ал, егер Голливудты айтсам – сенбейсіз. Ол тек түске кіретін сомма. Мысалы кезінде «Қайратқа» келген Адрей Аршавиннің жалақысы 1 жылда -1,5-2 миллион доллар болса, Жерар Гоудың гонорары 2 миллион евродан төмен түспейді. Ал хоккей ше? Олардың бір айлық жалақысы 60 мың евродан 100 мың евроға жетіп, бір жылда 1,300 000 евродан – 1,800 000 евроға дейін жетеді. «Астана» велоспортын айтпай-ақ қояйын... Бұған не дейсіз? Аршавин болмаса, Жерар Гоу 1-2 жыл доп тепті...  Ақша алды да кетті... Қайран қазағым-ай! Осыншама қыруар ақшаны неге біз медицинаға бөлмедік? Иә әрқайсысы әртүрлі сала... Ақылға салғым келсе де, шыдай алар емеспін. Өйткені қалай болған күнде де ол қаржы Мемлекеттің бюджетінен, яғни біздің қалтамыздан түскен ақша емес пе? Осыны түсінетін кім бар? Кімге барып жылайын? Бұл тек спорт қана емес, кинофестиваль де сол. «Біздің фестивальге пәлен жұлдыз келді» деп сонау Голливудтан болмаса Европадан 1-2 күнге келетін жұлдыздардың гонорары түске кіреді. Анам жарықтық «Өлім байдың – малын шашады, кедейдің – артын ашады» дейтін. Міне бізде сол күйге түстік. Бізде маска- бетперде болмаса инфекцияға арналған арнайы костюмдер тігетін арнай фабрика жоқ екен. ИВЛ – ды айтпай-ақ қоялық. Қазір қайда қарасаң да «әлдәлдалап» отырған ел. « Жыртық үйге – тамшы жау» дегендей мұнайдың да мәселесі қиындап кетті. Әсіресе қазіргі соққы бізге қатты батты. Алдыңғы шептегі – осы індетпен күресіп жүрген жандар жан ұшыра айқайлаған үндері бірде жетсе, бірде жетпейді. Түсінем де, қынжылам... Әнеукүні қарасам фейсбукте бір жас дәрігер жігіт жыларман боп сөйлеп тұр. Айтқанына қосылам... Сондықтан да бұл сөзімді соған арнадым.
 
Берілме бауырым! Мойыма жігітім! Атаң қазақ талай –талай шайқасты басынан өткізген. Тарихта небір қиын-қыстау күндер, ел басына  күн туған замандар болған. Сол зар заманнан біздей ұрпақты аман-есен сақтаған сол сенің ата-бабаң...  Сен сол Батыр Елдің Ұланысың! Көппен көрген Ұлы той. Иә білем... Шаршадың... Бауыржан Момышұлы да дәл қазіргі сенің жасыңда ел қорғаған. Сенде сондай азаматсың. Қасым ақын айтпақшы «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп бұл індет те өтер-кетер. Ел есін жияр. Және сен шет елге кетем деме. Бұл сенің Отаның... Бұл жерде сенің ата-бабаңның зираты жатыр. Бұл тек бізді ғана емес, әлемді жаулаған пандемия. Адамзат аман болса, бұған да бұғау табылар. Сен жеңісті күндерде маңдайың жарқырап, ортамызда еркелеп жүретініңе мен сенем. Өйткені біздің сенеріміз де, сүйенеріміз де сендерсіңдер. Әлі-ақ сендер жайлы «Ақ халатты азаматтар» туралы өлең де, поэма да, повестер де жазылады, фильмдер түсіріледі. Мен оған бек сенем. Және сөзімнің соңын Мұқағалидың өлеңімен бітірейін:

Тоқта-тоқта, ей, жігіт, аялдағын.
Қане, қалай жағдайың, баяндағын.
...Тәжірибе мектебін өтіп жүрсең,
Дәрігерлік кәсіпке таянғаның.

Таянғаның, қарағым, таянғаның,
Адам үшін барыңды аянбағын.
Адам тұрар алдыңда, ұмыт болар,
Өліктер мен сойылған қояндарың.

Енді алдыңда тұрады тірі жандар,
Бірі сүйіп, кім білсін, бірі қарғар...
Қимылдамай кірпігі жатса-дағы,
Байқағайсың, шықпаған тірі жан бар!

Кәсібіңнен кетпегей жеріп мүлде,
(Ақыл айтып кеттім-ау желіктім бе?)
Өлгендерді тірілтем деп ойлаған,
Денесінен жан ізде өліктің де.

Жолың болсын, бара ғой, айналайын,
Айналайын, қорғаушым, қарғадайым!
Кәсібіңе мен сенің басымды ием,
Басымды ием, несіне арланайын...

Құрметпен Талғат Теменов

Талғат Теменовтің дербес парақшасына өтіңіз




author

Талғат Теменов

АКТЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...