ХХІ ғасыр қазақ әдеби үрдісінде белсенді көркемдік ізденістердің бір парасы Америка, Еуропа әдебиетт...
Сан Мау. Қолбала
Сан Мау
Гучамен өткен жылы тұңғыш рет жолықтым, олар бізбен көрші тұрды. Ол сақшы бастығы Хандидың үлкен қызы еді. Гуча шашын тоқпақтай ғып өріп, үстіне Африканың жапырақ гүлді көйлегін құп жарастырып киіп, бет-ауызын тұмшаламай, денесін орамай, үнемі біздің үйдің маңында қой бағып жүретін. Қой қайырған дауысынан оның тым көңілді екенін бірден байқауға болатын. Кейін ол менен сырттай сабақ алды. Одан неше жасқа шыққанын сұрағанымда: «Бұны әкемнен сұраңыз, біздің Сақара шөлінің қыздары өзінің неше жаста екенін біле бермейді», – деді. Оның іні-қарындастарының барлығы Хандиды «әке» деп шақырмай, төтесінен атын атайтын. Бір күні Ханди маған Гучаның он жасқа шыққанын айтты әрі «Сен де Гучамен қарайлас шығарсың, менің қызым сенімен дос болсын», – деді. Оның бұл ыңғайсыз талабына жауап қайтаруға шарасыз қалдым да, нарау ғана жымидым.
Көзді ашып жұмғанша жарты жыл өте шықты. Мен Ханди отбасымен жақын араласып кеттім. Бір күні Ханди мен оның әйелі үшеуміз шайға отырғанда, ол кенеттен: «Қызым тұрмысқа шығуы керек, оған ертерек құлаққағыс етіп қой», – деді әйеліне бұйыра сөйлеп. Мен таңырқаған бейнемен: «Сіз Гучаны айтып тұрсыз ба?» дедім сұрағым ыңғайсыз болса да.
– Иә, солай. Рамазан айынан он күн өткен соң, тұрмысқа шығады, – деді кескін бейнеде. Ол кезде Рамазан айы әлде қашан басталып кеткен еді.
Біз үнсіздік ішінде шайымызды іше бердік. Кенет мен тағатсызданып:
– Сіздер Гучаны әлі кішкене деп ойламайсыздар ма? Ол не бәрі он жаста ғой, – дедім.
– Кішкенесі несі? Оның шешесі маған сегіз жасында тұрмысқа шыққан.
«Бұл бәлкім Сақара шөлінде тіршілік ететін халықтардың салт- дәстүрі болар, сондықтан бұларды кінәлаудің қажеті шамалы» деп түйдім де, ары қарай тәжікелесуге шарасыз қалдым.
– Сен Гучаға айтшы, ол бұл істен мүлдем хабарсыз, – деді шешесі маған.
– Өздеріңіз неге айтпайсыздар, осыншама үлкен істі оған мен қалай айтамын?
– Бұны төтесінен айтуға болмайды, – деді әкесі.
Сол сәтте маған олардың ескішілдігі басым сезілді.
Екінші күні математикадан сабақ беріп болған соң, мен шай қайнатудың кезегі Гучаға келгенін айттым. Сәлден соң шай үстінде оған бұл істің мән-жайын қанша қайталап айтсам да, ол бірден түсініп кете алмады.
– Ақымақ, сен көп өтпей тұрмысқа шығасың.
Мен оған осылайша ашығын айттым. Оның беті батар күндей қызарып кетті де: «Қашан?» деді.
– Рамазан айы өткен соң. Сен кімге тұрмысқа шығатыныңды білесің бе?
Ол басын шайқады да, қолындағы кесесін қойып, үнсіз қалды. Бұл менің тұңғыш рет оның шексіз қиялға шомғанын көруім еді. Арада бірнеше күн өткен соң, мен қалашықтан зат сатып алып жүргенімде, Гучаның ағасы мен бейтаныс бір жігітке кездестім. Гучаның ағасы: «Оның аты Абди, сақшы қызметкері. Хандидың қол астында істейді. Менің жақсы досым әрі Гучаның болашақ күйеуі» деп таныстырды. Таныстықтан соң, одан көз алмастан қараумен болдым. Абди келбетті, сөйлеген сөзі сыпайы, бір көрген адамға терең әсер қалдыратын сабаз жігіт секілді көрінді. Қайтарымда әдейілеп Гучаны іздеп барып оған: «Алаңсыз бол, Абди өте келіскен жігіт екен. Әкең саған жаман жігіт таңдамапты» дедім оны қуандыруға асығып. Айтқандарымды естіген Гуча ұялып, басын төмен салбыратты. Бірақ оның әлпетінен тұрмысқа шығуға пейіл екені менмұндалап тұрды.
Сақаралықтардың дәстүрінде ұзатылатын қызына қалыңмал алу бұрыннан келе жатқан ескі салт. Құмды шөлде қағаз ақшаның қажеті болмағандықтан, қалыңмал ретінде қоралы қой, түйе, мата, құл, ұн, тәтті, шай жапырағы сияқты заттар берілетін. Қазіргідей өркениеттескен дәуірде жоғарыдағылардың орынына ақша ауысқан.
Гучаның қалыңмалы келген күні менің жолдасым Хы Ши олардың құдаларын күтісуге кетті. Бір сағаттан соң Хы Ши қайтып келді де: «Құда жағы Хандиге 200 мың песта (Иыспания ақшасы) берді, Гучаның қалың малы қымбат болды», деді.
– Бұл көпе-көрнеу адам сату ғой, – деп қарсы уәж айтқаныммен, іштей Гучаға тәнті болдым. Өзім тұрмысқа шыққанда, әкем тышқақ лақ та алмай, жат босағаға аттандырып еді.
Бір айға жетер-жетпестен Гуча өзгеріп шыға келді. Әкесі Ханди оған аспан көк түсті бірнеше мата сатып әперді. Матаның сапасы тым шіркін-ай болмағандықтан, бояуы Гучаның терісін аламыштап тастапты. Ұзатылардан бұрын қанық көк түсті матамен денесін орап еді, құлпырып кетті. Ол жалаңаяқ жүрсе де, тобығына алтын-күміс тағып, шашын төбесіне түйіп алды. Денесінен аңқыған мұрынды жарар бөгде иіс оның неше жылдар бойы жуынбағанын, нағыз Сақара қызы екенін дәлелдеп тұр.
Рамазан айының соңғы күні Ханди екі кішкене ұлын сүндеттеді. Бұрын мұндайды көрмеген мен не жағдай болып жатқанын білмекші болып, олардың үйіне барғанымда, Гуча өзі бір бөлмеде жалғыз отыр екен. Ол отырған тозығы жеткен үйге бас сұққанымда Гучаның тек бірнеше пар жаңа киім алғанын байқадым. Мен одан: «Өзіңе қандай жасау дайындадың, қазан-ошағың қане?», деп сұрадым.
– Мен осы үйде тұрамын, – деді.
– Онда күйеуің ше?
– Ол да осында бізбен бірге тұрады.
Мен оның айтқандарының байыбына бара алмай:
– Мұнда неше уақыт тұрасыңдар? – деп қазбалап сұрадым.
– Сіз хабарсыз шығарсыз. Біздің дәстүрімізде ерлі-зайыптылар некеленгеніне алты жыл толғанда ғана отау болып бөлек шығады.
Мұны естіп, Гучаның әкесінің қалыңмалды көбірек алуының себебі, қызы тұрмысқа шыққаннан кейін алты жыл жалғасты өзінің үйінде тұратынының қарымжысы болар деп топшыладым. Дәстүр бойынша Гуча тойынан бір күн бұрын үйінен шығу керек еді. Бірақ дәл той күні күйеу жігіт оны алып келді. Мен қолымдағы ұқсатып жасалған қас тасы білезігімді Гучаға тарту ретінде бермекшімін. Өйткені, тұрмысқа шығардан бұрын ол білезігімді қалап еді. Сол күні түстен кейін Гуча үйінен шығарда оның үлкен әпкесі келді. Ол жасы егде тартқан нағыз сақара әйелі екен. Гуча әпкесінің алдына отырып, боянуға кірісті. Әпкесі оның шашын тарқатып, тал-тал қып өріп, қытайдың ежелгі әйел патшайымдарының шашы секілді төбесіне апарып түйіп қойды. Әрбір тал өрген шашқа жарқырауық маржан тақты, бірақ бетін бояған жоқ. Шашын тараған соң, Гучаның шешесі оған жаңа киім берді. Гуча желбірі мол ақ көйлегін киіп, үстіне қара шәлі орап еді, онсызда тығыршықтай денесі тіпті де семіз көрініп кетті.
– Кетпектей болып қалдың, – деппін байқамай.
– Семіз көрінсе әдемі ғой, – деді әпкесі мені терістеп. Гуча киініп болған соң, ләм деместен жерге отыра қалды. Оның албырт жүзі мен шашындағы жарқыраған маржандар тозығы жеткен үйдің ішіне сәуле шашып жіберді.
– Жарайды, біз жүрейік, – деді де Гучаның әпкесі мен бөлесі оны туыстарының үйіне бір түн түнетуге ертіп кетті. Дәл осы сәтте менің ойыма Гуча тіпті тұрмысқа шығардан бұрын да жуынбады ғой деген таңырқаулы ой сап ете түсті. Той күні Хандидың отбасында көптеген өзгерістер болды. Ескірген заттар аулаққа апарылып, ешкілер өріске айдалды. Қақпа алдында түйе сойылып, қонақ бөлменің ішіне араб үлгісіндегі қызыл түсті кілемдер төселді. Ең қызықтысы, үйдің бұрышына қой терісімен қапталған үлкен барабан қойылды. Сәп салып қарағанға бұл барабанның жүз неше жылдық тарихы бардай. Ымырт үйіріліп, күн де өз ұясына қызарып барып батты. Ұлан-байтақ Сақара шөлі алқызыл түске бөленді. Дәл осы сәтте барабанның жаңғырған дауысы күллі Сақараны басына көтерді. Егер осы маңда той боларын білмегенде, осынау сырлы дауыстан сескеніп, жаныңыз түршігері даусыз. Мен сырт киімімді кие жүріп, Хандидың үйіне қарай аяңдадым. Жол бойы құдды «Мың бір түн» хикаясының арасына еніп кеткендей күй кештім. Олардың үйіне барып алып, қатты абыржыдым. Төргі қонақ үйде отырған бір топ сақаралық ерлер темекі шегіп, үйдің ішін көк тұманға тұншықтырыпты. Күйеу жігіт Абди де олардың арасында отыр. Егер бұрын оны көрмеген болсам оның күйеу жігіт екенін білмес едім. Кенет мына жақ үйдің бұрышында отырған көмірдей қап-қара әйелге көзім түсті. Ол басын бүркеместен қара шәлі оранып, бар зейін-зердесімен барабан соғып отыр. Арада бір талай уақыт өткен соң, орнынан қозғалып, денесін ырғаңдатып, бар дауысымен шыңғырды.
– Бұл кім? – деп сұрадым Гучаның ағасынан.
– Әжем сатып әкелген құл, оның барабан соғуы өте кермет, – деді ол таңданып.
– Расында керемет екен.
Осы сәтте үйге тағы да үш егде әйел кіріп келді. Олар барабан үніне қосыла ырғақсыз бір әнді айта бастады. Әуені кісінің көңілін құлазытарлықтай. Әйелдермен қосыла еркектер де әлгі әнге ілесіп, қол шапалақтай бастады. Мен бұның бәрін сыртта терезе сыртында тұрып тамашаладым. Беттерін тұмшалап, тек қана көздері жылтыраған кішкене қыздардың барлығы да осында. Осыдан екі сағат өткен соң, қас қарайды. Барабан үні бәз-баяғы қалпында. Барабанға ілесе әнге басқандардың да әуені сол қалпында. Мен Гучаның шешесінен:
– Барабан тоқтамай ма? – деп сұрадым тағатым таусылып.
– Қайдан? Әлі ерте ғой. Сен қайтып барып, дем ала бер.
– Құдаларды қарсы алатын кезде мені оята салыңыз деп қайта-қайта тапсырдым. Таңғы сағат үш мезгіліндегі Сақараның суығы сүйектен өтердей. Гучаның ағасы жолдасым Хы Шимен аппаратқа алу жұмысын ақылдасып жатыр екен. Мен сырт киімімді киіп, сыртқа шыққанымда, Гучаны ағасы: Анау да бара ма? – деді жақтырмаған бейнеде. Оған мені де ерте баруын өтіндім, ол амалсыз қосылған сыңай байқатты. Әйелдердің Сақара өңірінде орны төмен екенін сонда аңғардым.
Біз тұратын шағын көшенің іші «Jeep» көлігіне лық толды. Жаңасы да, ескісі де бар. Бұл көрініс Хандидың осы өңірде беделі жоғары екенін дәлелдеп тұрғандай. Жолдасым екеуміз құдаларды қарсы алуға баратын көлікке отырдық. Көлік тоқтаусыз сигнал беріп, құм үстінде зырлап келеді. Еркектер сол баяғы әуенге салып, Гучаның әпкесінің үйін бетке алды. Бұрынғы дәстүрде түйеге мініп, мылтық атып, шатыр тігіп, құдаларды қарсы алады екен. Ал, қазір түйенің орнына «Jeep» көліктері, мылтықтың орнына тоқтаусыз берілген сигнал алмасыпты. Бірақ бәрі де мазасыз шуыл. Мені қатты таңғалдырғаны құдаларды күтіп алған шақ болды. Күйеу жігіт көліктен түсе сала, бір топ жастардың арасынан атылып шығып, Гуча отырған үйге кіріп, ешкімге де амандаспастан, Гучаның қолынан жұлқылай тартып, сыртқа сүйрей бастады.
Көпшілік мәз болып, қызыққа батуда. Тек Гуча ғана төмен қарап үздіксіз қарсылық білдірді. Етті-женді Гучаға шамасы жетпеген күйеу жігітке достары көмектесті. Дәл осы сәтті күтіп отырғандай көңілі босаған Гуча ағыл-тегіл жылай бастады. Мен оның шын пейілмен жылап тұрғанын немесе жай сықсыңдағанын айыра алмадым. Бірақ, Гучаның қасындағы өршеленген топ оны үздіксіз алға қарай тартқылауда. Бұл көрініс маған әсер еткені соншалықты, ерінімді тістеп тұрып, бұл сайқы-мазақтың тезірек аяқталуын тіледім.
Сәлден соң Гуча қақпа сыртында тұрғанда өші бар адамдай Абдидың бетін тырнап, оның бетіне бірнеше тырнақ ізін қалдырды. Абди де осал емес екенін білдіргісі келгендей, Гучаның қолын шымшып алды. Кенет құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Тек қана Гучаның ауық-ауық өксіп жылаған дауысы түн аспанын қақ жарып, кеңістікке сіңіп кетіп жатты. Олар осылай кергілесіп жүріп, ақыры ««Jeep»» көлігінің қасына жетті. Мен өзімді меңгере алмай Гучаға:
– Тезірек көлікке отыр. Сен оларды жеңе алмайсың, – деп айқайладым. Гучаның ағасы маған күлімсіреп:
– Абыржыма. Біздің дәстүріміз осылай. Бас құрағанда қарсылық көрсете алмаса, кейін елге күлкі болады. Тек, осылай істегенде ғана жақсы қыз деген атаққа ие болады, – деді.
– Бұлай істемесе тұрмысқа шыққан есебінде болмай ма екен, деген ызалы үн аузымнан қалай шығып кеткенін аңғармай қалдым.
– Сәлден соң отауға кіргенде ботадай боздайды, әуелі. Қызықтың көкесін сонда көресің.
Расында қызықтың көкесі алда екен. Мен бұндай үйлену салтын жек көріп кеттім. Таңғы сағат бесте ақыры Гучаның үйіне қайттық. Ханди бүркеніп жатып қалыпты. Гучаның шешесі, іні-сіңлісі, туыс-туған, дос-жарандары көз ілмеді. Біз барлығымыз қонақ үйде Абдидың достарымен бірге отырып, шай ішіп, түйе етін жедік. Гуча бөлек үйде жападан-жалғыз отырды. Тамақ ішіліп болған соң, тағы да барабан соғылып, ерлер жағы қолдарын шапалақтай бастады. Бір түн көз шырымын алмағандықтан, шаршап қалсам да олардың қасынан алыстағым келмеді.
– Сан Мау, сен қайтып барып ертерек демал. Мен көргенімді саған айтып берейін, – деді Хы Ши. Мен сәл ойланып тұрдым да қайтпауға бекідім. Олар ән айтып, қол шапалақтаумен ұзақ таңды атырды. Біз күйеу жігіттің кенет орнынан қарғып тұрғанын көріп, оған ілесе орнымыздан тұрдық. Барабан үні кілт тоқтады. Көпшілік ол жаққа көз салды. Абдидың достарының езулері жиылмастан ыржыңдаудан басқа іс қолдарынан келер емес.
Абди аяң басып Гуча жаққа қарай жүргенде мен тағы да қатты абыржыдым. Осы сәтте маған Гучаның ағасының «қызықты отауға барғанда көресің» дегені есіме түсе кетті. Менің көзіме сыртта тұрғандардың барлығы жексұрын болып елестеді. Бір ғажаптанарлығы – сүйекке сіңген бұл дәстүрді ешкімнің өзгерте алмайтындығы.
Абди ішке кіріп ұзақ уақыт тысқа шықпады. Мен олар жаққа қарағыштап, тағатым таусылып, қонақүйде отырмын. Арада ғасыр аунағандай сезілді. Бір уақытта Гучаның «А, а, а» деп шыңғырған ащы айғайын естідік. Айқай жалғыз рет шығандап барып, тындым болды. Дәстүр солай десек те, оның айқайы құдды жүрегіме әлдекім қанжар сұғып алғандай әсер етті. Мен өзімнің жылап отырғанымды мүлдем сезбеппін.
«Гучаға барайыншы, ол әлі он жаста ғой», – деп жолдасыма шағым айттым. Ол үйдің әшекейлі төбесіне көз қадаумен болып менің өтіншімді жауапсыз қалдырды. Көп ұзамай Абди қолына қан дағы жұққан ақ шүперекті көтеріп үйден шыққанда оның достары қатты айқайлап жатты. Дауыстарынан тиіттей де мейірімділік байқалмайды. Олардың көзқарасынша, алғаш некеленген түні зорлықты күш арқылы қалыңдықтың пәктігін алу дәстүр болып саналады. Бұл үйлену қуанышының осылай жалғасуы мені қатты үмітсіздендірді әрі тым жабайы сезілді.
Мен орнымнан атып тұрып ешкімге қоштаспастан адымдап басып кете бардым. Той алты күнге жалғасты. Алты күн ішінде әр күні түстен кейін сағат бес мөлшерінде реті келген қонақтар Хандидың үйіне барып тамақтанады, сосын ән айтып, түннің бір уағына дейін барабан соғады. Олардың шырқайтыны сол баяғы бір әуен, бұл мен үшін ешқандай қызық сезіле қоймағасын, олардың үйіне бас сұқпайтын да болдым. Тойдың бесінші күні Гучаның сіңілісі келіп:
– Әпкем сізді шақырып жатыр. Үйге жүріңіз, – деді. Мен дереу киімімді ауыстырып, олардың үйіне бардым. Осы алты күннің ішінде салт бойынша Гуча аядай ғана бір үйде жалғыз отыруы керек екен. Келген қонақтардың оны көруіне рұқсат жоқ. Тек қана күйеу жігіт кіріп шығуына болады. Мен шетелдік болғандықтан әрі-сәрі болмастан Гучаның қасына жетіп бардым. Үй ішін қою қараңғылық билеген, ауасы дымқыл. Гуча үйдің бұрышына жиналған кілемнің үстінде қаздиып отыр. Менің келгеніме ол қатты қуанып, мойнымнан құшақтап, бетімнен сүйді де:
– Сан Мау, сен кетпеші! – деді өтінген бейнеде.
– Мен кетпеймін. Алдымен мен саған жейтіндей бірдеңе әкеліп берейін, – дедім де сыртқа шығып, оған дайын ет әкеліп бердім.
– Сан Мау, мен енді бала көтеремін бе?
Мен қалай жауап берерімді білмей, аңтарылып тұрып қалдым. Оған қайталай назар салғанымда, оның тығыршықтай денесі осы бес күн ішінде жүдеп кеткендей көрінді. Мен селк ете түстім де, жалғасты үнсіз қадалдым.
– Маған дәрі берші, әлгі ішсең балалы болмайтын дәріден берші, – деді жалынышпен.
Мен жалғасты одан көзімді айырмай, оның бейшара кейпіне ұзақ қараудан жалықпадым.
– Жарайды, саған берейін. Алаңсыз бол, бұны тек екеуіміз ғана білетін болайық.
Мен оның қолының сыртын ақырын қағып :
– Енді жатып дем ала ғой, тойың әлдеқашан өтіп кетті емес пе? дедім жұбатып.
Қытай тілінен аударған Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН
Автор туралы:
Тайван жазушысы Сан Мау 1943 жылы туған. Өткен ғасырдағы қытайдың белгілі жазушыларының бірі.
«Сақара әңгімелері», «Жылауық түйенің хикаясы», «Жаңбырлы маусыммен бірге жоғалу», «Тымық кеш», «Түсімдегі гүлдер», «Менің асылым» сияқты кітаптардың авторы. 1991 жылы қайтыс болған.