27 қыркүйек күні, сағат 16.00-де Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында ақын, аудармашы...
Ұларбек Нұрғалымұлы: Ақбілектің анасы: «Қызымды кәпірдің қорлағанын көргенше өліп кеткенім артық!..»
Жүсіпбек Аймауытовтың «Ақбілек» романындағы бас кейіпкер Ақбілек деген қыз. Аталмыш романды тағы бір парақтадық. Студент кезімізде үстірт түсінген тұстарымыз көп екен. Ең бастысы, орыс етегін көтерген қыздан сол кездегі қазақтың бойы қалай тітіркенді – соны айтпақпыз.
Оқиғасы тарихи шындықпен астарланған бұл шығарма қазақ тарихының аса күрделі кезеңін суреттейді. Ол – отарлық кезең. Мамыражай қазақтың ауылына «орыс кеп қалды…» уақыт.
Роман басталысымен-ақ оқырманға анық байқалатын бір жай бар. Ол – сол кездегі басқыншы орыстың қазақты кім деп ұғатыны және «орыс» деген атау қазақтың құлағына қалай естілетіні. Автор соның ара жігін қолмен қойғандай айқындап алу үшін де орыс офицерін сөйлетеді. «Мал бағудан басқаны білмейтін қазаққа біз келіп…» деп басталатын ойдың ұшығы оның көкірегін толық ашып беруге жетіп жатыр. «…Батысша қылымсып, еркек баурағанды білмейтіні болмаса, бұлардың әйелдері де…» деп жұтынуы да көп жайды аңғартады. Қысқасы, орыс офицер бұл халықтың «артық-ауыс жерлерін» өз қалауы бойынша қырнап-жонып тастап қызығына батқысы келеді. Өзінікіндей болмағанның бәрін қазақтың бойындағы кемшілік деп санайды.
Ақбілектің анасы не үшін өлді? Орыстар Ақбілек қызды зорламаққа аш қасқырдай анталап ұмтылғанда соққы жеп жығылып жатқан анасы орнынан қайта тұрады. Сондағы айтқаны мынау:«жел тигізбей аялап өсірген, ары аппақ қызымды кәпірдің қорлағанын көргенше өліп кеткенім артық!..». Ақыры өлім құшты.
Ақбілектің есін жиғандағы алғашқы сөзі?Орыстар ойына келгенін қылып, әбден қорлап болған соң Ақбілекті айдалаға тастап кетті. Олардың атының дүбірі алыстағанда Ақбілектен аһ ұрған үн шықты. «Алла, Алла, Алла…» деп үш рет қайырады. Ақбілектің бойына әл-қуат жинатқан да осы сөз. Ақыры орнынан тұрды.
Қорланған Ақбілекті неге Ескендір диуана ғана қарсы алады? Орыстар зорлаған Ақбілек ауылға таянғанда, бүкіл ел демін ішіне тартып алады. Бір адам аттап алдынан шығуға әрекет жасамайды. Тек Ескендір дуана ғана қызды арқалап ауылға жеткізеді. Осы сұрақ төңірегінде біраз пікірлер айтылады. Біреулер философ Фрейдтің «сананың түйісуі» жөніндегі көзқарастарына сайдырады. Бүкіл елдің ұйықтаса бір түс көретіндей халге түсуі делінеді. Шындығында мүлде олай емес.
«Орыстың қорлығына ұшыраған қызды» бүкіл ауыл өздері де түсіне бермейтін өзгеше түйсікпен қабылдады. Тіпті жақын туғандарының өзі жанына баруға жүректері дауаламады. Күнде өздерінің қасында ботадай селтеңдеп жүрген қыздары емес пе еді! Енді неге сонша бөтен, сонша үрейлі? Бәрінің айтатыны «орыстың қорлауына түскен қыз». Ол орысы Ақбілектің апасы айтқандай кәпір. Ауыл адамдарының «Ақбілектің бойына харам жұғып қалды» деп қашқалақтауы енді түсінікті болды. Бойларындағы туабітті мұсылманшылық «кәпірдің тақымынан шыққан қыздың» шынтағынан сүйемелдеп жіберуге… жоқ, сескендіргені ме, жібермеді. Аяп тұрғаны, жаны ашып тұрғандары тағы рас. Таңырқай қарағаны да бар. Бірақ таяуға тағы жүрексінеді… бойы құрғыр тітіркеніп болмайды.
Енді ол қызды Ескендір диуанадан өзге кім әкелмек? Диуана үшін кәпір не, мұсылман не – бәрібір. Таңырқап та, үрейленіп те жатпайды. Сескеніп бой тартардай да ештеңе тұрған жоқ.
Ақбілек неге қарамұртты еске ала береді? Бұл беті ашылған әйел затының кез келгенінде болатын табиғи құбылыс. Сол үшін де қазақ, қыз күйеуге тигенге дейін пәктігін сақтауын қатты ескереді.
Ақбілек ауылдан неге кетті? Бұл жерде автор Ақбілектің қалаға кетуіне әртүрлі себептер табады. Ал, ең негізгісі ұят еді. Мұндай жамандықты Ақбілек өз еркімен жасамаса да, іргелес ауыл адамдарының алдында басын көтеріп жүру мүмкін емес жағдайға түскен. Өйткені ауылда, танитын ел ішінде мұндай ұятты іске орын жоқ. Тіпті Ақбілектің өзіне сыртынан қараған әр адам «е е е орыс зорлаған қыз…» деп тұрғандай сезіледі. Енді танымайтын орта керек. Ол қала. Ешкім танымаса кімнен ұялады?
Ақбілектің әкесі Мамырбайдың қабағы неге ашылмады? Бірталай заман өткен, Ақбілек оқыған, орнын тапқан. Романның да соңы. Ақбілек қаладан ауылға оралады. Бұрынғы бұйығы Ақбілек емес жарқылдап, саңқылдап оралады. Жеңгесінің, әкесінің мойынына асылып, бұрын ештеңе болмағандай жайраң қағады. Көп оқырман осы тұсты Ақбілектің көкірек көзі ашылып, өмірді түсінген, бәріне жаңаша қарайтын білімді, бақытты шағы деп қарайды. Алайда, әкесі Мамырбайдың қабағы қарс түйілген, көңілі сол құлаған қалпында. Неге? Өткеннің бәрін жалған күлкінің артына жасырып, еркелеп келген қызының қолын алады. Сондағы іштен күбір еткені мынау: «Қаланың не сиқыры бар, жұп-жуас, ұялшақ бала еді ғой».
Әкесі әлі де болса қызының ұятты болмысын іздейді. Ол енді жоқ. Шығармадағы Мамырбай ғана емес, шынайы өмірде қазақтың талай ақсақалы осы күйді басынан кешкені анық. Арлы да, инабатты, ұятты да иманды қазақ қызының болмысының бұзылу себептері де осы…
Қазақтың қуаты. Сонымен, Ақбілектің апасының өлімі, өзінің «Аллалап» есін жиюы, ауылға ел емес Ескендірдің арқалап әкелуі… бәрі-бәрі әлгі қазақтардың орысты кәпірге санап кірпідей жиырылуы екен. Осы тітіркену - орыстандыруға, ұлтсыздандыруға көрсеткен аса қуатты қарсылығы болыпты. Бұл қарсылық қазақты жоғалып кеткен ұлттардың қатарынан аман алып қалыпты.
«Қарапайым қазақты мәдениетті қылу оңай, мәдениеттісінген кісіні қазақ қылу қиын» деп қазықтай қағып сөз айтатын алаш арысы Жүсіпбектің «Ақбілек» романындағы күрделі ойларының жықпыл-жықпылын қуалап біз де жетіп жығылғандаймыз. Мамырбай іздеген ұятты, автор да, біз де іздегендейміз.
Орыстар еріксіз етегін былғап кеткен бір қызға бүкіл ауылдың өне-бойы тітіркеніп кетуінің ар жағында мұсылмандықтың жойқын қуаты жатқанын осындай шынайылықпен беру Аймуытовтай алыптың ғана қолынан келетін шеберлік. «Мың өліп, мың тірілген» қазақты тарихтың талай толқындарынан аман алып келе жатқан ішкі қуаты да Аймауытов кейіпкерінің аһ ұрғанда аузынан шыққан «Алласы» екенінде күмән жоқ.
Ал қазір қазақтың қарагөз қызы көшеде орыспен, болмаса қарақасқа кәпір қытаймен сүйісіп тұрса да бойымыз тітіркенбейтін, тітіркенбек түгілі шыбын шаққан құрлы көрмей қасынан өте беретін болып барамыз. Неге?
Кеуде тұсыңа ине сұғып болса да тітіркендір әй, ҚАЗАҚТЫҢ ЖІГІТТЕРІ! Өлік емеспіз ғой!
Ұларбек Нұрғалымұлы