Көкшетауда алдын ала қазылған молалар жұрттың үрейін туғызды

Сурет ашық дереккөзден алынды

Қоғам
90

Көкшетаудағы мұсылмандар зиратында жүз шақты көр қазылған, деп хабарлады madeniportal.kz KYN.KZ ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Алдын ала дайындалған қабірді көрген тұрғындар шулап отыр.

«Бұл – жаман ырым, өлім шақырады», – дейді олар.

Ал имамдар жерге тоң түсіп, аяз қысқанда қабір қазудың қиын екенін айтады. Сондықтан күн жылыда жер дайындап қоюды ұйғарыпты. Алайда халықтың наразылығынан кейін қазылған қабірлер қайта көмілді.

Мұны жаман ырымға балағандар әлеуметтік желіде шу шығарды. Деректерге сүйенсек, тіпті әрқайсысын 150 мың теңгеден сатқандар да болған екен. Алайда жұрт "бұл өлім шақырғанмен бірдей", – дейді.

“Сұмдық жағдай. Сорақы жағдай. Хабардармыз, көріп жатырмыз. Ертеректе дін өкілдерінің тарапынан сондай салт болған деп, көркем әдебиеттен оқитынбыз. "Табыт қағу салты" дейді. Түсім азайып кетті, пайда жоқ, өлім-жітім азайып кетті деп, сондай сұмдық жасайтын болған екен ертеректе. Сол сияқты, қазақтың өзі ырым-тыйымы да бар ғой. Қазылып қойған көр – адамның өлімін тілеп жатады”, – деді Қуаныш Оспан есімді тұрғын.

Қоғам пікірі екіге жарылып, бірі  дәстүрімізде жоқ нәрсе, ырымға жаман десе, екінші жақ ауа райының қолайсыздығына байланысты осылай қабірді ерте дайындаған дұрыс деп отыр.

“Үш-төрт адамның күшімен қазу мүлде мүмкін емес. Сондықтан да зират басында қазылып қойған қабірлердің бір сыры осында ма деп ойлаймын. Өйткені бүгін адам қайтып, ертең жерлеу керек болса, екінші күні зират басындағы бір-екі адаммен ғана қазу мүмкін емес. Оған қазір туыстары да бара қоймайды”, – деді Бақыт Смағұл есімді ер адам.

Ал ислам дінін насихаттаушы имамдар бұл жағдай бұрын да болған дейді. Сондықтан халықты сабырға шақырып, мәселеге түсініспен қарауды өтінді.

“Зират қыста ғана осылай соңғы екі жылда қазылып келе жатыр. Күзде, қыста жер қатты болғандықтан, алдын ала қазып қояды, осындай бірнеше қабірді. Бұл соңғы бір жылда, екі жылда қардың аз түсуіне байланысты, жер бір жарым метрге дейін қатып қалады. Қыста кейбір мәйіт 3-4 күнге кешігіп қалған кездер де болды”, – деді Науан Хазірет мешітінің наиб имамы Ұлан Беркімбайұлы. 

Халық наразылығынан кейін қазылған қабірлер қайта көмілген.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...