Василий Шукшин. Микроскоп

ӘДЕБИЕТ
2375

Осыған бел байлауы керек еді. Солай істеді де. Ол үйіне келді: есі шығып, өңі қашып кеткен әйелінің бетіне қарай алмастан:

— Әлгі... Мен ақшамды жоғалтып алдым, – деді бұл мезетте оның (қисық әрі дөңес біткен) сарғыш мұрыны қып-қызыл болып кетті. – Жүз жиырма сом.

Аузын ашып аңырып қалған әйелі сенер-сенбесін де білмеді: қалжыңы шығар деп ойлады. Жоқ, бұл қисық мұрын ешқашан қалжыңдап көрген емес-ті, қалжыңның не екенін де білмейді.

— Қайда жүріп? – деді әйел тұтқиылдан. Бұл не дерін білмей, күрмеліп барып:

— Қайда қалғанын білсем, іздеп барып алмас па едім.

— Жоқ! Оның болмайды! – деп шаптықты әйелі, – Бұл тәлкегің енді ұзаққа бара қоймас! – Пештегі ұзын көсеуге қарай ұмтылды. – Табандатқан тоғыз ай толғаттырамын, жексұрын!..

Ол әйелінің соққысын тойтармақ болып төсек үстіндегі жастықты алды. (Бұрынғылар жарқ-жұрқ еткен қалқанына сиынатын еді. Бұл жастықпен жасқайды!) Екеуі бөлмені шыр айнала сайысып жүр...

— Байқа, жастықты былғайсың! Жуатын өзің!..

— Жусам, жуамын, қисық тұмсық. Екі қабырғаңды сындырамын, сындырмай тынбаймын.

— Әкел қолыңды, уәде ме!

— Шама-шарқың белгілі, қисық тұмсығым!

— Әкел қолыңды, көк айылым! Ертең мен бюллетеньте шықсам! Өзіңе қиын болып жүрер.

— Шыға бер!

— Өзің сорлайсың...

— Мейлі!

— Ой!

— Солай ма!

— Жетер енді.

— Жоқ, қолымның құрышы қанбай тоқтамаймын! Жаным жадырамай тынбан, қисық тұмсық, құрдым! Тоқылдақ... – Осы тұста ол ығын тауып бастан періп те қалды. Бірақ өзі де шошып кетті.

Жігіт жастықты лақтыра тастап, басын ұстап отыра қалды. Әдейі істеп отыр ма, әлде шынымен-ақ қатты тиді ме екен деп, әйелі оған күдіктене қарады? Қатты тигеніне көзі жеткен соң, көсеуді тастай беріп, орындыққа отыра кеткен бойы жылап жіберді. Жылағанда дауыстап, сұңқылдай жылады.

— О, құдай мені мұнша неге сорлы еттің! Тірнектеп жинағанымды қайтейін! Шамадан тыс бір жапырақ ақ нан да жеп көрген бе едім, ойбай. Балаларыма тәтті тоқаш та сатып әпер ген емеспін, ойбай! Тірнектеп жинай бердім емес пе, қисық тұмсық құрдым-ау! Ойбай-ай!.. Тиынға тиын қосылған сайын, балаларым қыста жылы тон киетін болады деп қуандым! Мектепке алба-жұлба болмай, жылы киініп барса екен деп тіледім емес пе!

— Балалар қашан жыртық киім киген еді? Ері шыдай алмады.

— Өшір үніңді, құрдым! Өшір. Балаларыңа қимай жеп қойдың сен ол ақшаны! Жегенде қақалып та өлмедің... Қақалып өле кетсең бізге сәл тыныштық болар еді ғой...

— Мұндай жылы лебіз үшін де рақмет!

— М-хх, құрдым! Қайда болған едің? Есіңе түсірсейші?.. Жұмыста бір жерге қойып ұмытып кеткен шығарсың? Бәлки тұғырдың астына тығып сонда қалған болар?

— Жұмыста қалай қалмақ. Мен сақтық кассасына жұмыстан шыққан бетте бардым емес пе. Жұмыста дейді ғой...

— Әлде біреудікіне барған шығарсың, құрдым?

— Ешкімдікіне де барғаным жоқ.

— Маскүнемдерге қосылып ларектен сыра ішіп пе едің?.. Есіңе түсірсеңші. Әлде түсіріп алдың ба екен? Жүгір, қазір барсаң олар береді де.

— Ларекке де барғаным жоқ!

— Онда оны қайда жоғалтқансың, құрдым-ау!

— Қайдан білейін?

— Мен мұны күтіп отырсам!.. Балаларды ертіп барып, тон кигізіп өлшеп көретін едік... Жақсыларынан таңдап алатын едім. Енді олардан ештеңе қалдырмай жұрт талап алып кетеді. Беу, құрдым-ау, қайтейін сені!..

— Жетер енді! Құрдым, құрдым деп қоймайды ғой...

— Енді кімсің сен?

— Одан не шығады?

— Екі сменада жұмыс істейтін боласың енді, құрдым! Тарамысыңа ілінесің... Моншадан кейін жарты бөтелке арақ ішетін едің, ішесің енді! Құдықтан өлі су ішесің...

— Көрмегенім арақ болсын. Онсыз да күнелтуге болады.

— Жұмысқа енді жаяу барасың! Автобуспен жүрмек шығарсың, баяғыдай.

— Екі сменада жұмыс істеп тағы да жаяу жүрсем,деп таңырқады ол. – Табылған ақыл екен!

— Жаяу жүресің, барарда да, қайтарда да, құрдым. Жұмысқа кешікпес үшін кейде жүгіретін де боласың. Сазайыңды тарттырады сенің бұл ақша. Есіңнен кетпейтін болады.

— Екі смена емес, бір жарым айда-ақ табамын ол ақшаны – ештеңе емес, – деді ол ауырған жерін сипай түсіп. – Мастермен келісіп те қойдым... – Ә деген бетте ол бұлай деп аңдамай айтып қалған еді. Ал әйелі күдіктене қарағанда барып: мен ақшамды жоғалтысымен жұмысқа қайтып барғанмын, мастермен сонда келістім деп түзетті.

— Сақтық кітапшаң қайда, әкел бері, – дейді әйелі. Қарап шығып, күрсінді де қатты күйініп, тағы да: – Құрдым, – деді.

Селодан тоғыз километр жердегі заготзерноның кішкентай шеберханасында жұмыс істейтін ағаш шебері Андрей Ерин апта бойы жынын алдырған бақсыдай болды да жүрді. Әйелі тісін қайрап, қымс етсе "құрдымдап" қоймады, бұл да қатты ызалы еді, бірақ жұрт көзінше сөгіп-мінеп жатуды лайық көрмеді.

Күндер өтіп жатты. Әйелі тыныштала бастағандай. Андрей осыны күткен еді. Ақыры ол тәуекелге бел байлады.

Бір күні кешкісін (шынында да ол бір жарым сменадан "ұрып" жүрген-ді) үйіне келді, қолында қорабы бар, қорап ішінде ап-ауыр бірдеңе жатыр. Андрей жайраң қағады.

Ол әдетте үйде істейтін жұмыстар әкеліп жүретін, олары кейде әлдебір ұсақ-түйек ағаш бұйымдар, қағазға оралған жәшік сияқты болып келетін оның мұнысына ешкім таңырқай да қойған емес-ті. Ал Андрей көңілді. Маған кім көңіл бөлер екен дегендей ол кіреберісте тұрды да қойды... Оған көңіл бөлінді де:

— Айлы түнде жалаңаш бөксе көргендей неменеңе сонша күлімдей қалдың?

— Мінеки... мынаны екпінді еңбегім үшін берді...Андрей үстел басына келіп қорапты ашуға кірісті. Әрең дегенде ашып боп, үстел үстіне микроскопты шығарып қойды. Микроскоп.

— Мұның саған керегі қанша?

Осы арада Андрей Ерин сасайын деді. Әдеттегісіндей кінәлі болып сасқан жоқ, мойымай састы.

— Айға қарайтын боламыз! – Ішек-сілесі қата күледі. – Бесінші сыныпта оқитын ұлы да күлді, – айды микроскоппен қараймыз!

— Немене еді сонша? – Әйелі ашуланды. Әке мен бала күлкісін тыя алар емес.

Әйелі Андрейге қабағын түйіп, тұнжырай қараған еді, ол жым болды.

— Аяғыңды қия бастың-ақ құжынаған құрттың арасында жүретініңді білесің бе? Айталық, бір құлақшын суды алады екенсің... Солай ма? – Андрей бір құлақшын суды көсіп алды. – Осыны ішіп, сонда сен су іштім демексің бе?

— Кетші әрі!

— Жоқ, жауап бер.

— Су іштім демегенде не демекпін?

Андрей ұлына қарап қойып, еріксіз тағы да күлді.

— Су іштім дейді!.. Есуас демей не дерсің мұны?

— Құрдым! Қазір мен көсеуді қолға алайын. – Андрей тағы да жым болды.

— Сондағы ішетінің құрт, сәулем. Сумен қоса ішіп жүрсің. Екі миллиондайын тастап алады екенсің басқа не керек. Басытқы деген сол! – Әке мен бала тағы да күлмей шыдап қала алмады. Зоя (әйелі) қолына көсеу алмақ болып шошалаға қарай ұмтылды.

— Мұнда кел! – деп дауыстады Андрей. – Құлақшынды алып микроскопқа келді, аспапты жөнге келтіріп болған соң айнаның бетіне бір тамшы су тамызды да, трубкаға жабысты және демін ішіне тартып, кем дегенде екі минуттай үңілген болар. Баласы соңында оның да қарағысы келіп тағаты қалмай жүр.

— Көке!

— Мінеки, ол иттерің! – деп күбірледі Андрей Ерин. Ерекше бір ықыласпен, – жортып жүр...деді тағы да.

— Кәне, көке!

Әкесі аяғын тыпырлатты.

— Ерсілі-қарсылы безіп жүр!.. Ой, иттер-ай!

— Көке деймін!

— Берсейші балаға, көрсін! – деп бұйырды шеше. Мұның өзінің де көруге ынтасы ауғандай.

Андрей созалаңдай ысырылып ұлына орнын берді де, оның желкесінен құмарта қарап тұрды. Дегбірі қалмай:

— Кәне, не көрдің? – деп сұрады. Бала үндемеді.

— Айтсаңшы?

— Әнеки! Бала дауыстап жіберді. – Ағараңдап жүр...

Әкесі баласын тұрғызып алып, оның орнына әйелінен отырғызды.

— Қара! Су ішетін кісісің ғой...

Шеше ұзақ қарады. Екі көзімен кезек-кезек қарайды.

— Еш нәрсе де көре алмадым, – деді ол Андрей өзеурей батыл сөйледі:

Бір апта бойы Андрей Ерин ұйқылы-ояу жандай боп жүрді. Жұмыстан келе сала әбден жуынады, апыл-ғұпыл тамақтанады... Микроскопқа шұқшия қарап қояды.

— Әңгіме мынада, – дейді ол. – Адам жүз елу жас жасауы тиіс. Ендеше, алпыста, әрі кеткенде жетпісте неліктен қылжия кетеді. Құрттан... Адамның өмірін қысқартатын осы иттің балалары. Адамның ішкі сарайына сіңіп алады да, ол сол әлсіретіп, меңдетіп-ақ әкете береді.

Андрей баласымен екеуі бірнеше сағат бойы микроскоп жанында зерттеу жүргізетін болып алды. Құдықтан, шелектен су әкеп, су тамшыларын тексереді... Жауын жауа қалса жаңбыр суының тамшысын тексереді... Онымен де тұрмай әкесі баласын шалшық судан да тамшы әкелуге жұмсайды. Онда да ақшыл құрттар құжынап жүр.

— Бұл иттің балалары не істеп жүр! Бұлармен қалай күрессе болады? Андрей не істерін білмеді. Даладағы шалшық суды басып үйге келген адамнан із қалады. Осы ізді жалаң аяқ бала басып өтеді екен бітті, құрт жабысады. Ал баланың денесінің қандай нәзік екені белгілі.

— Сондықтан әрдайым аяқты сүртіп жүру керек,деді бала Ал сен аяқ сүрту дегенді білмейсің.

— Әңгіме онда да емес. Оларды сол шалшықта жатқан кезінде құртуды үйрену керек. Мен аяғымды бұдан былай сүртермін де, ал анау Сенька Маровқа түсіндіріп көр: шалшықты қалай басады дейсің ақымақ, ол бұдан былай да сонысын қоймайды.

Бұлар, тіпті, тер тамшысын да тексерді, сол үшін баласы өкпесі өшкенше жүгірді, әкесі оның маңдай терін қасықпен қырып, тамшы алды да микроскоппен қарады.

— Бар екен! – Андрей не істерін білмей өзін-өзі тізеге қойып қалды. – Ал енді жүз елу жыл жасап көр. Ақыр аяғы терде де бар боп шықты.

— Қанды алып қарасақ қайтеді? – деп бала ұсыныс жасады.

Әкесі жалма-жан саусағына ине шаншып, қып-қызыл тамшыны айнаның бетіне түсірді... Микроскоппен дереу қарап жіберіп, есінен танып қала жаздады.

— Құрыдық, балам, қанға да кіріп кеткен! – Андрей Ерин бойын түзеп, айналасына таңырқай қарады. – Солай де. Оңбағандар, осыны біледі, менен де жақсы біледі сөйте тұра үндемейді!

— Кімді айтасың? – Баласы түсінбеді.

— Ғалымдар ше... Олардың микроскоптары біздікінен де жақсы. Көрмейтіндері жоқ. Сонда да жақ ашпайды. Жұртты шошындырмайық дейді де баяғы. Расын айтқанда онда не тұр? Көп болып бірлесіп құртты қалай құртудың бір амалын таппас па. Жоқ, уағдаласып қойған, айтпайды. Әбігершілік басталады дейді.

Андрей орындыққа отырып шылым тартты.

— Осындай болымсыз пәледен адам қырылады! – Андрейдің ұнжырғасы түсіп кеткен. Бала микроскоп қарады:

— Бірін-бірі қуалап жүр! Кіп-кішкентай!.. Доп-домалақ.

— Бәрі де доп-домалақ, ұзынтұрасы да бар өң-түсі бірдей. Менің қанымда күрт бар екенін шешеңе айтпай қоя тұр.

— Менің қанымды алып қаралықшы?

— Атүсті қарадың. Қалтадағы соқыр тиынды тауып аласың, ал мұндағы құртты ажырата алмайсың. Олар сенің көзіңе секіріп түсе жаздап жүр емес пе, албасты-ау! Көрінер-көрінбес, аппақ...

Әйелі ағараңдаған ештеңе көре алмаса да, әке мен бала көрдік деп тұрған соң ашу шақыра қоймады.

— Әне біреулер ме еді... – деп қалды әйелі. Шыны ма, өтірігі ме, өзі біледі.

Андрей әйелін итере тастап, микроскоптың трубкасына өзі жабысты. Тағы да сыбырлап сөйлеуге көшті.

— Қарай гөр, иттің балаларын! Жосып жүр!

— Көрінер-көрінбес қой, ә? – деп сұрады шешесі, алдында тұрған баласынан. Сорпа бетіндегі жылан көз май сияқты ғой? Солар ма?

— Үндеме! – баж ете түсті Андрей, микроскопқа жабысқан бойы. – Мен саған... Өзің май. Шошқаның сүбе майысың бүтіндей. Андрей Ериннің қайдан мұндай айбарлы үй иесі бола қалғаны түсініксіз-ді.

Бесінші сыныпта оқитын үлкен ұлы күліп жіберген еді, шешесі оны желкеден түйіп қалды. Сонан соң микроскопқа балалардың жасы кішілерін әкелді.

— Ей, шалап-шауқанның докторы! Енді мына балалар көрсін. Жабыса қалған екенсің!

Әкесі балаларына орын берді де, өзі бөлме ішінде ерсілі-қарсылы жүре бастады. Ойланып жүр.

Кешкі тамақ үстінде де Андрей әлде бірдеңені ойлаумен отырды, микроскопқа қарай түсіп, басын шайқайды. Бір қасық сорпаны алып баласына көрсетіп:

— Мұнда қанша бар? Шамамен? – деп сұрады. Бала маңдайын түйіп:

— Жарты миллиондай бар шығар, – деді. Андрей Ерин қасыққа көзін сығырайта қарады.

— Кем дегенде. Ал біз оны ап! – Ол сорпаны жұта салып өзін көкірекке бір түйіп қалды, – барсын сонымен. Қазір ішкі сарай оның быт-шытын шығара бастайды. Оның бұған әлі күші жетеді.

— Осыны өзің сұрап алған шығарсың-ау? – Әйелі онша жақтырмай, микроскопқа бір қарап қойды. – Мұның орнына шаңсорғыш берсеші. Шаң басып кетті.

Жоқ, құдай әйелді дүниеге келтіргенде бір жерден мүлт жіберіп алған. Жасаған ие... тым беріліп кеткен. Қайсыбір суретшілер де сөйтеді ғой. Бірақ сонда да данышпанды жасап шығара алмаған.

Андрей түнде екі рет орнынан тұрып, шам жағып, микроскопқа үңілді:

— Қарай гөр бұл иттерді! – деп күбірлеумен болды. – Не тындырып жүр екен сонда? Ұйықтамайды да.

— Елірме, – дейді әйелі, – бүйте берсең кешікпей жынданасың.

— Кешікпей жаңалық аша бастаймын, – деді Андрей әйелінің жылы қойнына кіре беріп. – Ғалыммен бір төсекте ұйықтап көргенің бар ма еді?

— Мұның неменең тағы?

— Ендеше көресің. – Андрей Ерин зайыбын аймалап, жұп-жұмсақ иығынан қақты. – Ғалыммен бірге ұйықтайтын боласың, қымбаттым...

Бір апта бойы Андрей Ерин ұйқылы-ояу жандай боп жүрді. Жұмыстан келе сала әбден жуынады, апыл-ғұпыл тамақтанады... Микроскопқа шұқшия қарап қояды.

— Әңгіме мынада, – дейді ол. – Адам жүз елу жас жасауы тиіс. Ендеше, алпыста, әрі кеткенде жетпісте неліктен қылжия кетеді. Құрттан... Адамның өмірін қысқартатын осы иттің балалары. Адамның ішкі сарайына сіңіп алады да, ол сәл әлсіретіп, меңдетіп-ақ әкете береді.

Андрей баласымен екеуі бірнеше сағат бойы микроскоп жанында зерттеу жүргізетін болып алды. Құдықтан, шелектен су әкеп, су тамшыларын тексереді... Жауын жауа қалса жаңбыр суының тамшысын тексереді... Онымен де тұрмай әкесі баласын шалшық судан да тамшы әкелуге жұмсайды. Онда да ақшыл құрттар құжынап жүр.

— Бұл иттің балалары не істеп жүр! Бұлармен қалай күрессе болады? Андрей не істерін білмеді. Даладағы шалшық суды басып үйге келген адамнан із қалады. Осы ізді жалаң аяқ бала басып өтеді екен бітті, құрт жабысады. Ал баланың денесінің қандай нәзік екені белгілі.

— Сондықтан әрдайым аяқты сүртіп жүру керек,деді бала Ал сен аяқ сүрту дегенді білмейсің.

— Әңгіме онда да емес. Оларды сол шалшықта жатқан кезінде құртуды үйрену керек. Мен аяғымды бұдан былай сүртермін де, ал анау Сенька Маровқа түсіндіріп көр: шалшықты қалай басады дейсің ақымақ, ол бұдан былай да сонысын қоймайды.

Бұлар, тіпті, тер тамшысын да тексерді, сол үшін баласы өкпесі өшкенше жүгірді, әкесі оның маңдай терін қасықпен қырып, тамшы алды да микроскоппен қарады.

— Бар екен! – Андрей не істерін білмей өзін-өзі тізеге қойып қалды. – Ал енді жүз елу жыл жасап көр. Ақыр аяғы терде де бар боп шықты.

— Қанды алып қарасақ қайтеді? – деп бала ұсыныс жасады.

Әкесі жалма-жан саусағына ине шаншып, қып-қызыл тамшыны айнаның бетіне түсірді... Микроскоппен дереу қарап жіберіп, есінен танып қала жаздады.

— Құрыдық, балам, қанға да кіріп кеткен! – Андрей Ерин бойын түзеп, айналасына таңырқай қарады. – Солай де. Оңбағандар, осыны біледі, менен де жақсы біледі сөйте тұра үндемейді!

— Кімді айтасың? – Баласы түсінбеді.

— Ғалымдар ше... Олардың микроскоптары біздікінен де жақсы. Көрмейтіндері жоқ. Сонда да жақ ашпайды. Жұртты шошындырмайық дейді де баяғы. Расын айтқанда онда не тұр?

Көп болып бірлесіп құртты қалай құртудың бір амалын таппас па. Жоқ, уағдаласып қойған, айтпайды. Әбігершілік басталады дейді.

Андрей орындыққа отырып шылым тартты.

— Осындай болымсыз пәледен адам қырылады! – Андрейдің ұнжырғасы түсіп кеткен. Бала микроскоп қарады:

— Бірін-бірі қуалап жүр! Кіп-кішкентай!.. Доп-домалақ.

— Бәрі де доп-домалақ, ұзынтұрасы да бар – өң-түсі бірдей. Менің қанымда күрт бар екенін шешеңе айтпай қоя тұр.

— Менің қанымды алып қаралықшы?

Әке баласына байыппен қарады... Андрейдің көз жанарынан тәуекелдің де, қорқыныштың да нышаны бірдей елес беріп тұрғандай. Көп жылдар бойы жұмыс істеп шайыр сіңген, салалы қолдары тізесінің үстінде діріл қаға бастады.

— Керегі жоқ. Бәлки, кішкентай балалардікінде болмас та... Беу, ғалымдар-ай! – Андрей ұшып түрегеліп, орындықты теуіп жіберді. – Бит, қандала, тағы сол сияқтыларды құртуды үйреніп, ал сіркеден де кішкентай... осы біреуге келгенде ешнәрсе істей алмай-ақ қойдыңдар! Сендердің ғылыми дәрежелерің қайда кеткен?

— Битті көруге болады ғой, ал әлгілерді... Қалай деп едің оларды?

Андрей көп ойланды.

— Скипидармен ше? Жоқ ол да ала алмайды. Арақ одан гөрі күштірек... Мен оны ішіп те жүрмін, ал көрдің ғой қандағыны.

— Арақ қанға бара ма?

— Енді қайда бармақ? Ішкен адам неліктен құтырады дейсің?

Андрей жұмыстан бір жіңішке жуалдыз ине әкелді... Жуынып болып, ұлына көзін бір қысып қойды да, екеуі түпкі бөлмеге барды.

— Осымен бір байқап көрелікші... – Жуалдызды мейлінше ұштады. – Бір-екеуін осымен түйреп ала алмас па екеміз.

Жуалдыздың ұшы қылдырықтай болды. Андрей жуалдыздың ұшымен тамшыны ұзақ тінтті. Ырсылдап терледі де.

— Шапқылап жүр, антұрғандар... Шанышқызбайды, иненің ұшы жуан. Бұдан әрі жіңішкерту мүмкін емес. Қолдан келмейді. Жарайды, қазір тамақтанып алалық, сонан соң тоқпен соғып көреміз... Мен батарея әкелдім, екі сымды енгізіп біріне-бірінің ұшын түйістіреміз. Сонан кейін көрелік не болар екен...

Осылайша кешкі тамақ үстінде отырғанда, ойда-жоқта Сергей Куликов келе қалды. Ол Андреймен бірге заготзернода жұмыс істейтін-ді. Күн сенбі болған соң аздап тартып алса керек, сонан соң Андрейге келген ғой, былайша.

Соңғы кезде Андрейдің ішуге мұршасы да болған жоқ, мастармен бірге болғысы келмейтінін сезіп өзі де қайран қалған-ды. Олар қалай болса солай ләйліп, аузына келгендерін көкитін болып алған.

— Кел, отыр бізбен бірге, – деді Андрей бер жағымен болса да.

— Неге? Осы ара да болады емес пе? Бізге бұрыш та жарайды!

"Жоқ жерде несіне мүсәпірси қалдың?"

— Өзің біл

— Құрттарыңды көрсет.

Андрей сасып қалды.

— Қайдағы құрт? Бар, ұйықтап тұр, Серега... Менде ешқандай құрт жоқ.

— Несіне жасырасың? Мылтық па еді ол жасыратын. Ғылыми іс. Менің балам Андрей ағай барлық құрт біткенді құртқалы жатыр деп күнде құлағымның етін жейді... Андрей! – Сергей өзін көкірекке түйіп қалып, "ғалымға" ішіп-жей қарады. – Саған алтыннан ескерткіш орнатамыз!.. Бүкіл дүние жүзіне атыңды шығарамыз! Ал мен болсам, өзіңмен бірге жұмыс істедім!.. Андрюха!

Зоя Ерина мастарды жақтырмайтын бола тұрса да, ерін бүкіл село ғалым деп ауызға алғанын мақтан еткендей еді. Ішкі шынайы сезімнен гөрі, кезі келіп қалғанда, шаптығуы бұрынырақ жүретін болғанымен:

— Басқа бірдеңе сыйласа болмады ма екен? – деді ол. – Микроскоп деген не? Еркегіміз жынданып кетуге жақындады түн баласында ұйықтамайды. Одан да шаңсорғыш сияқты бірдеңе сыйламас па. Шаң сорғызатын құрал жоқ, сатып алудың сәті түспей жүр.

— Кімді дедің? – Сергей түсінбеді. Андрей Ерин жуасып қалды.

— Берген сыйлықтарыңның түрін көрмейсің бе?.. Анау микроскопты айтамын...

Андрей көзін қысып та болса Сергейге аузыңды жап деп белгі бергісі келген еді... Ыңғайын келтіре алмай-ақ қойды. Анау мөлиіп Зоядан көз алар емес.

— Қандай сыйлық?

— Сендерге сыйлық берді емес пе?

— Кімге?

Зоя Андрейге, одан соң Сергейге қарады...

— Сендерге сыйлық берген жоқ па?

— Асықпа, олардың... сыйлық бере қойғаны. Титығыңа әбден жетіп болып, сонан соң береді. Сыйлық па саған!..

— Екпінді еңбегі үшін... Андрейге анау микроскопты сыйға беріпті ғой... – Ериннің зайыбының дауысы өлімсіреп шықты, ол бәрін де түсінді.

— Қайдағы сыйлық! – Өзі мас. – Сергей дүрсе қоя берді. – Өткен айда мен нарядты жүз отыз пайыз орындадым... Солай ма? Өтірік десе анау отырған Андрейдің өзі-ақ айтсын.

Сонымен көзді ашып-жұмғанша құпияның астан-кестеңі шығып, енді қайтып оңалмасқа айналды.

Андрей орнынан түрегелді. Сергейді тысқа алып шығып кетті. Аула ішінде оны желкеге түйіп қалып:

— Үш сомың бар ма? Ақша алғанға дейін, – деді.

— Бар... мені неге ұрасың?

— Дүкенге жүр. Алағұс албасты!.. Мас боп алып неменеңе оттайсың отбасында?.. Эх-х... жанды қуыршақ.

Сол күні Андрей Ерин Сергейдікіне түнеп шықты. Екеуі де сілесі қатқанша ішті. Жандарындағы ақшасын тауысып, жалақы алғанша деп біреулерден қарыз да алды.

Содан келесі күні түсте Андрей үйіне келді... Келсе, әйелі үйде жоқ екен.

— Ол қайда кеткен? – деп сұрады баласынан.

— Қалаға, әлгі... қалай деуші еді... комиссионкаға кетті.

Андрей үстел басына келіп, шынтағын таянып отыра кетті. Сол күйінде ұзақ отырды.

— Ұрысқан жоқ па?

— Жоқ. Аздап қана. Қаншаға іштің?

— Он екі сомға. Ах, Петька... балам... – Андрей Ерин басын көтерместен қатты тыжырынып, тістерін шақыр-шұқыр қайрады. – Онда не тұр дейсің?! Сен түсінбейсің, жассың... түсінбейсің ғой...

— Түсінемін, ол оныңды сатады.

— Сатады. Білемін. Тон керек. Жарайды, тон болса, тон болсын. Оқасы жоқ... Әрине, керек...

author

Василий Шукшин

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...