Құрамындағы үш сөз үш жаққа тартқан «Әдеби тілдің нормасы» деген тіркес бар. Кеңес заман...
Василий Шукшин. Өмір сүргім келеді (әңгіме)
Дөң үстіндегі алаңқайда үй тұр. Үй былайша қарағанда он үш-он төрт салдаудан өріп салған астық қоймасына ұқсайды, жалғыз терезесі бар, сенегі де, тіпті шатыры да жоқ. Атамзаманнан бері қарай Тайгада бұларды салып келген кімдер еді?.. Жазға салым біреулер келеді де, түзу қарағайларды жусатып, бұтап тастайды... Ал күзде ашық алаң күндерді пайдаланып, бас-аяғы бір аптаның ішінде үш-төрт балташы кесіп-жонып, өріп шығады. Маңайда балшық та, тас та бар осылардан қазанаспай-пеш қалап, тұрбасын төбеге шығарады, адам жататын сәкі жасайды осыдан соң тұра бер, қалауың білсін!
Қыстыгүні ондай үйге кіре қалсаң, ит байласа тұрғысыз десе болғандай, қабырғаларды, ойық-тесік саңылауларды бір елі күйе басқан, аңқыған түтін исі қолқаңды қабады.
Пеште сытырлап от жанып жатыр... Жібіген лайдың дымқыл иісі шығып тұр, төбесінен су тамшылайды. Үйде иіс бар. Мұндайда пешке отынды сықай салып, тысқа шығып, жағуға керекті отын бұтаған абзал. Жарты сағаттай уақыт өткенде үй іші жылынып, иіс-қоңыс сейіле бастайды. Үстіңдегі тоныңды шешіп, пешті толтыра тағы да отын салуыңа болады. Қабырғалар тершіп, пештен ыстық леп шалқиды. Адам да әлдебір рақатқа бөленіп, жаны жай тапқандай жадырап сала береді. "Айхай-хай!" дегісі келеді. – Осылай болса керек қой!" Қазір үй іші құрғады, бірақ сәкінің тақтайлары тастай суық. Оқасы жоқ, кешікпей жылынады. Әзірше тонды төсеніп, тамақ салған дорбаны жастанып, аяқты пешке беріп жата тұруға болады.
Маужырап қалғи бастайсың тырп еткің келмейді. Орныңнан тұрып пешке отын тастауға да мойның жар бермейді. Ал от жағу керек-ақ. Пеште қып-қызыл шоқ атжал боп үйіліп қалған. Келдектерді оған тастап кеп жіберсең лап ете түседі. Пеш алдында тұғыр тұр. Оған отыра кетіп шылым тартуға және ой соңына еруге де болады. Оңаша отырып ойланған қандай тамаша! Қараңғы. Тек пеш саңылауларынан от жылтылдайды: оның сәулесі еденде, қабырғаларда, төбеде ойнап тұр. Есіңе қай-қайдағы түседі! Бір сәт әкеңнің ең алғаш рет атқа мінгізгені, оны қамшымен тартып қалып: "Бекем бол, сайтанның баласы!" дегені де ойға оралады. Сөйте тұра өзі ішек-сілесі қатқанша күлетін-ді. Шешең де мәз болып қалады. Бұл шөп шауып жатқан мезгілде болатын. Немесе бойжеткенді алғаш рет шығарып салғаның. Дәл жанында келе жатып, албасты басқандай оған тіл қата алмағаныңды қайтерсің. Осылар еске түскенде өз өзіңнен отырып күлгеніңді де байқамай қаласың. Неліктен екенін кім білген – шын тамаша...
Үй жылыды. Енді шай қайнатуға да болады. Кәдімгі кірпіш шай, көк шай. Одан балауса шөп иісі шығып, жазды есіңе түсіреді.
...Мінеки, осындайын қара көлеңке мезгілде пеш алдында қор-қорын тартып Никитич шал отыр.
Үй іші ысып кетті. Сыртта қақаған аяз. Никитичтің көңілі жадырай бастаған. Жастайынан осы Тайганы шарлап, кәсіп етіп келеді. Тиін аулайды, аю да атқан кездері болды. Сол үшін ол шолақ тонның сол жақ қалтасына картечпен оқталған бес-алты патрон салып жүретін. Тайгасыз мұның күні жоқ. Әсіресе, оның қысын ұнатады. Мүлгіген тыныштық, ол сәл елегізігендей болады. Бірақ жалғыздық жалықтырмайды, өзіңмен-өзің. Никитич төңірекке сығалай көз жүгіртеді, осынау аппақ кең дүниенің иесі бір өзі ғана екенін жақсы біледі.
...Темекі тартып Никитич отыр.
Сырттан шаңғының сықыры естілді де тына қалды. Терезеден біреу қараған сияқтанды. Шаңғы тағы да сықырлап, басқышқа таман келді. Есікті таяқпен бірер рет тықылдата қағып:
– Кім бар мұнда? – деді біреу.
Жас адамның дауысы, аяз сорып және ұзақ уақыт үндемей келгендіктен болар, қарлығып шығады, адам жападан-жалғыз өзімен өзі сөйлесе алмақ емес қой.
"Аңшы емес екен" деп түйді Никитич. Аңшы болса сұрастырып жатпайды, бірден үйге кіріп келеді.
– Біз бар!
Есік сыртындағы адам, шаңғысын ағытып қабырғаға сүйеді де басқышқа келді. Есік сәл ашылғанда лап ете қалған қалың бу ішінен Никитич белін буынып, сырма шапан киген, басында солдаттың ескі телпегі бар, жылышырайлы, ұзын бойлы жас жігітті көрді.
– Кім бар мұнда?
– Адам бар, – Никитич оттан шала алып, оны басынан жоғары көтере жарық жасады.
Екеуі біразға дейін тіл қатыспастан, біріне-бірі қарап қалған.
– Жалғызсыз ба?
– Жалғызбын.
Жігіт пешке қарай өтті де, қолғабын шешіп, қолтығына қысып, қолын отқа созды.
– Аяз деген құтырып кетті.
– Аяз қатты жігіттің мылтығы жоқ екенін Никитич нақ осы арада ғана байқады. Жоқ аңшы емес. Оған ұқсамайды. Бет әлпеті де, киімі де ұқсамайды Наурыз айының қаһары қатты келеді.
– Қайдағы наурыз? Қазір сәуір ғой.
– Жаңаша сәуір. Ескіше наурыз. Бізде наурыз екен, жылырақ киіну шарт екен деген мәтел бар. Жеңіл киінгенсің. Мылтығың неге жоқ дегенді шалдың сөз еткісі келмеді.
– Ештеңе етпейді, – деді жігіт. – Мұнда жалғызсыз ба?
– Жалғызбын. Әлгінде де сұраған едің ғой... Жігіт бұған қайырып жауап қатпады.
– Отыр. Шай қойып жіберейін.
– Кішкене жылынып алайын...Сөз әлпетіне қарағанда жігіт осы аранікі, "Россияныкі" сияқты. Шал мән-жайды сұрастырып білуге құштар-ақ, бірақ бірден кие соғып, тергеме деген ертеден келе жатқан қағида құштарлықтан да басымырақ жатыр.
Жігіт қолын жылытып болған соң шылым тартты.
– Тұрағыңыз жайлы екен. Қандай жылы.
Жігіт шылымын тұтатқан шақта Никитич оның әдемі келген ашаң жүзді, қою кірпікті екенін аңғарды. Шылымды суыра сорып, аузын ашып, жұма бергенде алтыннан салынған екі бірдей маңдай тісі жарқ ете қалды. Сақалшашы тап-тұйнақтай, самай шашы сәл бұйралау келген. Өзі әбден жүдеген... Шал назары басқаға ауды. Ол жанған сіріңке жарығын жоғары көтеріп, жігітке енді қадағалай қарады. Келбетіне қарағанда: тік мінезді, батыл.. Сонымен қатар бір түрлі "қажыған да" жан сияқты Никитич осылай деп топшылады. Бұл арада орынсыз да болса: "Мұндайларды қыз жақсы көреді", – деп ойлады.
– Отырмассың ба, түрегеп тұра бермей. – Жігіт езу тартты.
– Олай емес, әке. Тізе бүк деңіз.
– Ал тізе бүк. Неге отыр демеске? Бізде отыр деп айта береді.
– Тізе бүгуге болады. Мұнда басқа ешкім келмейтін бе еді?
– Қазір кім келетін еді? Мезгілсіз уақытта? Келе қалғандай болса, орын табылады Никитич тұғыр үстінде бір жағына ысырыла түсті. Жігіт оның жанына келіп отырып, қолын тағы да отқа қарсылады. Қолы жұмысшы қолына ұқсамайды. Бірақ жігіттің денесі ірі, қайратты сияқты. Никитичке оның күлкісі ұнады, "дарақы" емес, байсалды күлкі. Оған қоса тістері де алтын... сүйкімді жігіт. Сақалын алып, үстіне костюм кигізсе, мұғалім болып шыға келгелі тұр. Никитич мұғалімдерді өте жақсы көретін.
– Иолог па едің? – деп сұрады.
– Кім дедіңіз? – жігіт түсінбеді.
– Әлгі... Тайгада бірдеңелерді іздеп, тінтіп жүретіндер бар емес пе еді...
– А-а... Иә.
– Мылтық алмағаның қалай? Қауіп қой.
– Жолдастарымнан адасып қалып қойдым. – деді жігіт. – Деревняларыңыз бұл арадан алыс па?
– Жүз елу шақырымдай жер.
Жігіт басын изей түсіп, көздерін жұмды, бойы жылып рақаттанып сол күйі біраз отырды да, бір мезет селк ете қалып күрсінді:
– Шаршадым.
– Жалғыз қалғалы ұзақ жүріп пе едің?
– Ұзақ жүрдім. Ішетін ештеңеңіз жоқ па?
– Табылады.
Жігіт жан шақырып жадырай бастады.
– Жақсы болды! Тұла бойым қалтырап барады. Тілеуі құрысын, үсіп өлуім де ықтимал екен. Сәуір дейді мұны.
Никитич сыртқа шығып, шошқаның майы салынған дорбасын алып келді. Төбедегі шамды жақты.
– Тайгада жалғыз жүру дегеннің не екенін саған аздап та болса ешкім үйретпеген ғой. Әйтеуір жібере салады. Ал сен болсаң, еш нәрседен хабарың жоқ! Өткен жылы көктемде, қар еріген шақта мен біреудің өлігін тауып алдым. Жас жігіт екен. Шоқша сақалы бар. Көрпеге оранған күйі сіресіп қатып қалған. Никитич сәкінің шетіне қойып май кесті.Ал мені жалғыз жіберіп көр, бүкіл қыс бойы қыңқ етер ме екенмін. Тек оғым, сіріңкем болсын.
– Бәрібір үйге паналайтын шығарсыз.
– Әрине, үй тұрғанда қарға аунап жатпақпын ба? Мен пері емеспін ғой.
Жігіт белін шешіп, үстіндегі тоқыма жылы көйлегін тастады да үй ішінде жейдешең жүрді. Мықты, денесі де сымбатты келген. Жылынып, өңі кірген жылы ұяға тап болып, тірі адамға кездескеніне өлердей қуанышты. Тағы да шылым тартты. Темекі түтіні үй ішіндегі иіс-қоңысты жуып-шая бастаған. Никитич қала адамдарымен әңгімелескенді тәуір көретін. Оларды тек Тайгадағы дәрменсіздіктері үшін ғана жек көреді, кен іздеген әлдебір партияларды пайда табу үшін, кейде бастап алып жүрген кездері де болған, сонда оларды тәлкек қып ішінен күлетін де қоятын, бірақ әңгімесін тыңдаудан жалықпайтын және өзі де әңгіме айтуға құштар. Бұған олардың көпшік қоя күліп жылы сөйлесетіні ұнайды, ал өздері өз алдына жеке қалсыншы онда көзін ашпаған күшіктей қаңғып кетеді. Партияда екі-үш бойжеткен болса, тіпті жақсы. Өздері шыдамды келеді, шағым айтпайды. Бәрі де тап-тұйнақтай, тіпті ешбір көмек те тілемейді. Бәрі бір төсекте ұйықтайды. Ештеңесі де жоқ, бейбастық жасамайды. Ал деревнялықтарға тап болсаң басың пәлеге қалады. Бұлар ондай емес. Кейде көрсең, көркінен көз алғысыз: тар шалбар, бешпет киіп, масадан қорғанып басына орамал тартып алғанда мұнтаздай болып шыға келеді, аумаған қуыршақ дерсің. Ал балалар десеңіз, қолмен қойғандай. Сыпайы.
– Іздейтіндерің не сондағы?
– Қайдан?
– Кезіп жүресіңдер емес пе ылғи. – Жігіт мырс етіп күлді.
– Мен несібемді іздеймін.
– Несібе... дегеніңіз, туысқан, аққайрандай жылпылдақ келеді: ұстап алған сияқтанасың, алақаныңда тұрғандай болады, бірақ олай емес. – Никитич өзі ден қоя тыңдап, тыңдай отыра өзара біріне-бірі қарай түсіп қоятын, ал енді біреуі болса дәптеріне бірдеңелерді түртіп алып жататын қала адамдарымен сөйлескеніндей мұнда да ділмарлыққа баспақшы еді. Ал Никитич бұл сарынға бір түсіп алса, түні бойы жалықпайды – тек құлағыңды тұр де тыңдай бер. Өзінің ауылдастары болса мұны мылжың дер еді, ал мыналар – тыңдаудан жалықпайды. Рақат! Кейде ол жымдастырып жібердім білем, атаңа нәлетті деп көтеріліп те қалады. Ертеректегі поптан, басқадан есітпегенді осыдан естисің. Бұл жердің ағашының киесі бар. "Оған тиме, тектен-тек балта сілтеме, қурап, семіп қалады, ол қурайды екен, сен де қурайсың, мұң басады, ал мұның қайдан пайда болғанын біле де алмайсың", – дейді. Немесе мылтық асынғандар қаладан келеді де оң демей, сол демей тұс-тұстан тарсылдатып ата бастайды – трах да бах! Еркегі, ұрғашысы деп талғамайды, тек өлтірсе болды. Ондайлардың қолдарын кесіп тастаса рауа. Айталық, аюды атып алған екенсің, оның артында екі бірдей қонжығы жетім қалады.
Олар да аштан өледі. Сондағы тапқаның алақандай бір тері, асықпасаң үшеу де болар. Аңмен ойнау есуастың ісі.
– Несібе дегенің осы ғой, – Никитич әңгімесін одан әрі жалғастырды.
Бірақ жігіттің әңгіме тыңдағысы келмеді. Терезе алдына барып, сырттағы қараңғы түнге томсара қарап тұрып алды. Ол ұйқыдан оянғандай:
– Бәрібір, кешікпей көктем де келеді, - деді.
– Келмегенде қайда кетпек. Отыр. Бар мәзірмен тамақтаналық.
Шөңкеге қар ерітіп, екеуі спиртке су қосып ішті. Оның артынан тоңазыған май жеді. Жан жадырады. Никитич пешке отын салды. Ал жігіт тағы да терезеге барды. Терезенің қырауын үргілеп саңылау жасады да қараңғы түнге ұзақ қарады.
– Онымен сен не көре қоймақсың? – деп таңырқады Никитич. Мұның әңгімелескісі келді.
– Еркіндік, – деді жігіт. Күрсінді. Бірақ зілсіз күрсініс. Еркіндікті сөз еткенде шамырқана, батыл сөйледі. Терезе алдынан шегініп кетті. – Ішетін бірдеңе берші, әке. – Қара сәтен көйлегінің түймелерін ағытып, жап-жалпақ алақанымен өзін-өзі сарт еткізіп көкірегінен салып қалды да, енді сол жерін сипалай бастады. – Жаным күйіп барады.
– Бірдеңе жесең етті, аш қарынға ішкен соң меңдетіп әкетер. – Меңдете алмайды. Мені меңдету оңай емес. – Шалды мойнынан аялай, қыса құшақтады. Сөйтті де өлеңдете жөнелді:
Сұп-суық, өзі ызғарлы азынаған,
Өлім иісі шығатын камерадан
Шыға берді ақбас шал...
Осылай деп ол жадырай езу тартты. Жігіттің көз жанарынан қуаныш оты жайнай қалған. – Ішелікші, дарқан жан!
– Жалғыз жүріп әбден жетімсіреп қалғансың-ау, – Никитич те жымия күлді. Жігіт бұған барған сайын ұнай бастаған-ды. Өзі жас, тепсе темір үзгендей күшті әрі сұлу. Бірақ мұның өліп қалуы да ықтимал еді. – Бүйтіп жүріп, жігітім, мерт боласың. Тайгада мылтықсыз жүру – барып тұрған білместік.
– Өлмейміз, әке. Өмір алда, – мұны да ол батыл айтты, бір сәт әлдеқайда алысқа бойлай қараған көзі тағы да "суына" қалды... Оның не ойлағаны түсініксіз еді, тек бірдеңе есіне түсіп кеткендей. Бірақ оның сол "бірдеңені" еске алғысы да келген жоқ. Стаканды басына көтеріп сіміре салды. Ашырқанып басын шайқады. Май жеді. Шылым тартты. Түрегелді, отырарға орын таппағандай. Үй ішінде адымдай басып, әрлі-берлі жүріп келіп, төр алдында тұра қалды, екі бүйірін таянып, тағы да қайдағы бір алысқа көз тікті.
– Өмір сүргім келеді, әке, – деді ол.
– Кімнің өмір сүргісі жоқ дейсің. Маған өмір сүру керек емес қой деп ойлаймысың? Ал маған жуырда...
– Өмір сүргім келеді! – Еңгезердей көрікті жігіт ашулы зілмен қасқая тұрып тағы қайталады, шалдың сөзін бөліп. – Сен білмейсің, оның аты өмір. Ол.. – тістене ойланып:
– Ол қымбаттым менің! Сүйіктім! Бауырым. Масаң тартқан Никитич мырс етіп күліп жіберді.
– Сенің өмір туралы бұл айтқандарың қатын туралы сөзден ажыратқысыз екен.
– Қатын деген – оңай сауда. Жігітті әлдебір қайсарлық, батыл да қуанышты сезім билеп алғандай. Ол шалға құлақ асқан жоқ, өзімен-өзі болып тұр, ал анау енді мұны тыңдай қалғандай. Жігіттің өктем күші мұны да баурап ала бастаған.
– Қатын деген... әрине. Бірақ оларсыз тағы да...
– Біз оны – қымбаттымызды қолға түсірмей қоймаймыз... Жігіт екі қолын алға созып, жұдырығын түйді, – аламыз кеңірдектен ол қаншықты... Коля – профессор есіңде шығар? Ұмыттың ба? – Жігіт әлдебіреуге тіл қатып тұрғандай және өзінің "ұмыт" болғанына мейлінше қайран қалады. – Коляны деймін!.. Бірақ сен Коляның есіндесің. Коля сені ұмытқан жоқ. – Қуанғаны ма, әлде біреуден кек алмақ па, белгісіз. – Мінеки, мен мұндамын. Бірер ауыз лебіз күтемін, аяулым. Мен сені өкпелетпеймін. Бірақ сен маған барыңды бересің. Бәрін де! Аламын!..
– Сені осыншама күйдірген шынымен-ақ қатын ба? – деп сұрады Никитич таң-тамаша қалып.
Жігіт басын шайқады.
– Ол қатынның аты еркіндік. Сен оны да білмейсің, әке. Сен тағысың. Саған осы ара жайлы. Сен үлкен қала оттарының қалай жанатынын білмейсің. Ол қол бұлғап шақырып тұр. Онда мейірімді, жақсы адамдар бар, үйлері жылы, музыка ойнап тұрады. Олар сыпайы жандар және өлімнен өлердей қорқады. Ал мен қаланы аралап келе жататын едім, ол түгелдей менікі еді. Олар сонда қалғанда, мен мұнда неге жүрмін? Түсінемісің?
– Мұнда мәңгі-бақи келген жоқсың ғой?
– Түсінбейсің. – Жігіт шындап, нығырлай айтты. – Менің сонда болуым керек, өйткені мен ешкімнен қорықпаймын. Өлімнен де қорықпаймын. Демек, өмір иесі мен.
Шал басын шайқады.
– Не айтып отырғаныңды түсіне алмадым, жігітім?
Жігіт сәкіге жақын келіп, стақандарға арақ құйды. Ол кенеттен шаршап қалғанға ұқсайды.
– Абақтыдан қашып келе жатқан бетім, әке, – деп қаннен-қаперсіз. – Келіңіз.
Никитич стақанын лып беріп ала сала жігіттің стақанына шық еткізді. Жігіт ішіп салып, шалға қарады... Шал бірден іше қойған жоқ. Стақаны қолында отыр. Жігітке төменнен мойын соза қарады.
– Неге қарадың?
– Мынаны қайтсем екен деймін.
– Ішіп жібер, – деді жігіт. Тағы да шылым тартқысы келген еді, қорапта ештеңе қалмаған екен. – Шылымыңды бере тұр.
– Менікі жапырақ темекі ғой.
– Мейлі.
Екеуі шылым тартты. Жігіт тұғырға келіп отырып, пешке жақындады.
Көпке дейін екеуі біріне-бірі тіл қатыспастан отырды.
– Ұсталасың ғой, – деді Никитич. Жігітке жаны ашып қана қойған жоқ, еңгезердей, келбетті жастың мылтық астында айдалып кетіп бара жатқаны көз алдына келді. Оның жастығы, келбеті мен күш-қайраты аянышты. Шап беріп ұстаған соң бітті, ит көзі түтін танымастың кері: оның сұлулығына күйініп те, сүйініп те жатқан ешкім жоқ. – Несіне сұлу боп жаралдың екенсің? Әттеген-ай!
– Не дедің?
– Бекер қашқансың деймін. Қазір баяғы уақыт емес, ұстайды ғой.
Жігіт үндемеді. Ойлы пішінмен отқа қарап отыра берді. Еңкейіп пешке отын тастады.
– Мерзімің біткенше отыруың керек еді ғой... Бекер қашқансың.
– Доғар! – деп дүрсе қоя берді жігіт. – Мұның да мастығы әлдеқалай тез тарқай қалған еді. – Менде де бас бар.
– Ол белгілі ғой, – деді Никитич, оның ығына көшіп. – Баратын жерің алыс па еді?
– Жағыңды қарыстыра тұр.
"Әке-шешесі бар шығар-ау, – деп ойлады Никитич жігітке ту сыртынан қарап, – Барып қуантады ғой иттің ғана күшігі".
Екеуі бес минуттай үнсіз отырды. Шал қорқорының күлін қағып, оған жаңадан темекі толтырды. Жігіт сол қалпы отқа қарап қалған.
– Сенің тұрған деревняң аудан орталығы емес пе? – деп сұрады ол мойнын бұрып қарамастан.
– Қайдағы орталық! Бізден ауданға дейін тоқсан шақырым. Қыстың көзі қырау, Тайгада жазым боласың.
– Үш күндей осында болып, ес жиып әлденіп аламын, – өтініп сұраған да жоқ, ол осылай деп тоқетерін бір-ақ айтты.
– Тұра бер, маған бәрібір. Мерзіміңді өтеуге көп уақыт қалған ба еді, шыдамағансың, ә?
– Көп.
– Не үшін соттаған еді?
– Ешқашанда ешкімге мұндай сұрақ беруші болма, әке.
Никитич сөніп бара жатқан қорқорын үсті-үстіне сорып, тұтата бере түтінге шашалып қалды. Шашала отырып:
– Маған бәрібір! Тек аяймын, – деді. – Ұстайды...
– Тәңірі асыраған тоқтыны бөрі жемейді. Мені оңайшылықпен ала алмайды. Ал енді жаталық.
– Жата бер. Мен от жанып біткенше отыра тұрамын, пештің төбесін жабамын. Әйтпесе таңертеңге дейін тоңып қаламыз.
Жігіт сырма шапанын сәкі үстіне төсеп, басқа жастанатын бірдеңе іздеп жан-жағына қарады. Никитичтің қабырғаға ілулі тұрған мылтығын көрді. Үн-түнсіз барып алды да, олай-былай қарап көріп қайтадан іліп қойды.
– Ескі екен.
– Әлі де біразға жарайды. Сонау бұрышта киіз жатыр, соны төсен де сырмаңды бүктеп-бүктеп басыңа жастан. Аяғыңды мұнда, пешке қарай көсіл. Таңға жақын мұндағылардың бәрі бірдей мұздай боп суыйды.
Жігіт киіз төсеніп жатты да күрсіне дем алды.
– Кішкентай Ташкент, – деді ойына бірдеңе түсе кеткендей, – Менен қорықпайсың ба, әке?
– Сенен бе? – деді шал таңырқап. – Сенен несіне қорықпақпын?
– Мен... лагерьдің адамымын ғой. Бәлки, кісі өлтіргенім үшін сотталған шығармын.
– Кісі өлтірсең жазаңды адам емес, құдай береді. Адамнан қашып құтылуға болады, ал құдайдан қашып құтыла алмайсың.
– Сен құдайға сенетін бе едің? Кержақ шығарсың?
– Кержақ дейді! Кержақ болсам сенімен бірге арақ ішемін бе?
– Оның рас. Ал енді сен құдайды айтып басымды қатырма... Атын естісем-ақ аза бойым қаза болады. – Жігіт сынық үнмен самарқау сөйледі. – Егер сенің әлгі Ғайсаң кездесе қалса, мен оның ішек-қарынын аяғының басына түсірген болар едім.
– Жазығы не?
– Жазығы не дейсің? Қайдағы-жайдағыны төпеп өтірік айтқаны үшін. Дүниеде мейірімді адам жоқ! Мейірімді тек соның өзі ғана, тағы да бәріне де шыда, төз деп үйрететінін қайтерсің төбеттің! Жігіт даусы бұрынғы мығым да, батыл қалпына келе бастады. Тек көңілді күйінен айырылып қалған. Мейірімді кім? Мен бе? Сен бе?
– Мені алсаң, өз өмірімде ешкімге ешқандай жаманшылық істеп көрген емен...
– Аң біткенді қынадай қырасың. Оны да сол Ғайса үйретті ме?
– Осыны да сөз деп айтып тұрмысың. Аңның аты аң, адамның аты адам емес пе.
– Жан-жануар бірдей дейтіндерің қайда, иттің ғана балалары.
Никитич жігіттің жүзіне қараған жоқ, бірақ оның сақалды, ашаң бейнесі көз алдында тұрды, – тағдырдан оңалмастай болып таяқ жеген бәденді жанның ашынған дауысы жып-жылы үй ішінде құлаққа қонымсыз, оспадар естілді.
– Сен маған неге ашуланасың?
– Өтірік айтпаңдар! Жұртты алдамаңдар, әулиелер. Сендерді төзімді бол деп үйретті ме? Төз. Әйтпесе ол намазын оқып болмай жатып, шалбарын шешеді де — қатынға қарай жүгіреді, оңбаған. Мен болсам, қазір тұмсықтан ұруды үйрететін басқа Ғайсаны ойлап табар едім. Өтірік айттың ба? Ал сыбағаңды, иттің күшігі.
– Боқтық сөзге барма. – Никитич кесіп айтты. – Өзіңді сыйлап қарсы алсам, сен аузыңа келгенді көкисің. Соттады деп өкпелейсің тағы да. Демек, соттаса қылмысың болған шығар. Ол үшін кімді кінәламақсың?
– М-м. – Жігіт тісін қайрады. Үндеген жоқ.
– Мен поп емеспін, бұл арада саған шіркеу де жоқ, аузыңа келгенді айтып былшылдайтын. Бұл – Тайга. Мұндағы жұрттың бәрі бірдей. Бұл есіңде болсын. Өйтпейді екенсің, іздеген еркіндігіңе жете алмай, мойның үзіледі. Есіңде ме: "Өзіңнен зор шықса, екі көзің сонда шығар" деген бар. Саған да төбеңді қашайтын біреу табылады. Жазықсыздан жазықсыз осыншама кінәлап намысына тиеді екенсің, ол саған еркіндікті қайдан іздеу керек екенін танытады.
– Ашуланба, қария, – деді жігіт райдан қайтқандай болып. – Қалай тіршілік етуді үйретпек болатындарға жаным қас. Күйіп кетемін! Қай-қайдағы нәжісті, құрт-құмырсқаны мақтап: әнеки, қандай жақсы, осылайша тіршілік ету керек дейді. Жаным шыдамайды мұндайға. – Дауысы қатты шықты: – мен олайша өмір сүрмек емеспін. Өтірік айтады! Жансыз, желбуаздық! Ақ жуып арулап қойған өлікті бәріміз де аяймыз, сыйлаймыз, ал сен, кір-қоқыс жуылмағанды, тіріні сыйла. Жер бетінде әулиелер жоқ! Мен оларды көрген де емеспін. Оларды қолдан жасап алудың қажеті не? – Жігіт шынтағына таянып орнынан тұра берді. Оның жүзі бұрыштағы қара көлеңке ішінде ақшыл таңбадай – қылаң беріп, көзі жан түршігердей шатынай жайнап тұрды.
– Ашуыңды баса келе түсінерсің: дүниеде мейірімді жандар жоқ болса, тіршілік әлдеқашан тоқталған болар еді. Мұны маған ешқандай Ғайса үйреткен жоқ, мен өзім осылай түсінемін. Ал әулиелер жөніне келер болсаң оның рас: ол жоқ. Мен өзім жай ғана адам сияқтымын ғой? Жаман немесе қаскүнем деп ешкім де айта алмайды. Рас, жас та болып көрдім... Таяу маңда кержақ монастырының жатағы болатын еді. Сонда жасы жиырма бестер шамасында қызы бар шал мен кемпір тұрды. Олар, бәлки, тым кәрі де емес шығар-ау, шал мен кемпірді айтамын, ал маған кәрі сияқты болып көрінді. Кейінде олар бір жаққа кетіп қалды. Сонымен, айтайын дегенім: олардың қызы бар еді дедім ғой... Өздері шетінен пірәдар, айтуға келмейді, күнәдан аулақ деп ешбір жанға жуымай қойған-ды. Мен сол қызды алдап қайың ағаштың ішіне алып бардым да сонан соң... онымен әжік-біжік дестік те баяғы сол. Өзі де сұңғақ бойлы келісті қыз еді. Сөйтіп жүргенімізде бала бітіп қалыпты. Ал менің әйелім бар болатын.
– Сөйте тұра ешкімге қылдай қиянат жасап көрген емеспін дейсің-ау?
– Мінеки, көріп отырсың, мен әулие емеспін. Зорлағаным жоқ, рас, алдап-арбаумен алдым, ал арғы жағы белгілі... дүниеге нәресте келді. Есіме түссе қабырғам қайысады. Ер жетіп қалды, боқтап та жүрген болар.
– Дүниеге адам келтірдің, өлтірген жоқсың. Бәлки, сонымен шешесін де сақтап қалған шығарсың. Бұл оқиғадан соң қыз әке-шешесінен қашып кетуі де ықтимал ғой. Ал аналар болса, өздерінің заңы бойынша оның түбіне жетіп тынар еді, қыз байғұс ағаштың бұтағына асылып қалуы да мүмкін-ді. Және де өмір бойы еркек дегеннің не екенін білмей кеткен де болар еді. Игілікті іс атқарғансың, өкінбе!
– Жақсы ма, жаман ба, ал осылай болғаны ақиқат. Жақсы жағы шамалы, әрине.
– Анауыңда ештеңе қалды ма?
– Спирт пе? Аздаған бірдеңе бар. Сен іш, менің ішкім келмейді.
Жігіт ішіп салды. Тағы да тамағын кеней түсіп, бірдеңе жеген болды.
– Көп ішесің-ау деймін?
– Жоқ, былайша, суық өтіп кетсе керек. Бұл ішкен емес, қария. Ішкен соң бабына келтіріп ішу керек. Музыка болсын, жақсы сигарет, шампан... әйелдер болсын. Ың-шыңсыз, мәдениетті іш. – Жігіт екі қолын басынан асыра соза жатып тағы да қиялға кетті. – Жексұрындарды көргім келмейді. Олар адам емес – хайуан. М-м, қайтсе жақсы өмір сүруге болар еді? Таңқы танаумен бір түнде жеті рет ойнап-күлсем, солай ма? Ол мені салалы саусақтарымен сипай аймалап, маңдайымнан сүйер болса, мен әрине, шаршаймын. Сонан соң демаламын. Серіліктен шығып, өмірді барлық прокурор біткеннен де артық жақсы көремін. Сен оны қауіп дейсің бе? Мен солай деймін. Мейлі, жаным шығып кетсін, мейлі, ол иттің құйрығынша бұлғақ қақсын – мен алған бетімнен таймай тарта беремін, жығылып-сүрінбеймін де, артыма да бұрылмаймын.
– Бұған дейін сен қандай қызмет атқарған едің? – деп сұрады Никитич.
– Мен бе? Жабдықтаушы агент болдым. Онда шетелдермен мәдени байланыс саласында істедім. Жалпы алғанда, ғалыммын. "Колорад қоңызы дегеніміз не, онымен қалай күресу керек" деген тақырыпта доцент болғанмын. – Жігіт тына қалған еді, сәлден соң ұйқылы-ояу үнмен, жарайды, қария... мен кеттім, – деді.
– Ұйықта.
Никитич пештегі отты көсеп қойды да, қорқорына темекі толтырып жігіт жайын ойлады. Өмір деген осы емес пе – бір басында бәрі түгел: әдемі, дені сау, басы да жұмыс істейтін сияқты... Ал... сонда? Енді не керек? Орман кезу керек пе? Жоқ, бұлардың кетеуін кетіріп бара жатқан қала. Бәрінің де ақылы ауысқан. Никитичтің үш немересі де үлкен қалада тұрады. Екеуі оқуда, біреуі қызмет істейді. Үйлі-баранды. Олар мынау сияқты қаланы мақтамайды, бірақ сонда да қалаға ынтық. Жазда деревняға келе қалса, зеріге бастайды. Никитич оларға мылтық беріп, орман аралатады, өңдері кіріп, демалса екен, оқудан қажыған бастары тынықса екен дейді. Ал олар бұл ара бізге ұнайды деп жалтарады, Никитич болса қысылады: немерелеріне алданыш болардай басқа еш нәрсесі жоқ. Оларды алдаған сияқты болғаны үшін қиналады. Аналардың есіл-дерті қала. Ал мына сәкі үстінде жатқанның да ынтызары қала. Егер түрмеде отыруға төзе алмайды екен, онда ұзап кетіп, жер үй қазып алып, сонда бес жыл бойы ешкімнің көзіне түспей жатып қалмас па. Бұл тағы да қалаға, өзін аттатпай құлағынан ұстай алатын жерге баруға ынтық. Өзінің ұсталатынын біле тұра сонда барады. Сол қалада соншалық қандай күш бар десеңізші! Жарайды, мен шалмын, онда бас-аяғы үш-ақ рет болдым, ештеңесіне түсінбеймін. Мақұл. Онда көңілді, оттары көп делік. Бірақ түсінбейді екенмін деп мен оны жамандамаймын. Оған мен құштармын ба? Қош аман бол. Маған осы ара жайлы. Ал олар қаладан мұнда келсе: ішіміз пысты, зеріктік деп мұрындарын тыржитады. Айналаға дұрыстап көз жіберіп байқаңдаршы! Ештеңені көрмей, білмей жатып қалаларыңды мақтап қырта бастайсыңдар. Кәнеки, мысал үшін алып қаралықшы, құмырсқа тіршілік етеді. Немесе, көртышқанды ал. Тіпті, қандай жан иесі болсын, бәрібір, соларға әдейі көз жүгіртіп қарашы. Осыдан соң: өмір туралы коп білесің бе, жоқ па осыны бір ойластырып көрші. Сендер маған қала туралы ертегі айтасыңдар?.. Ал егер мен өзімнің қанша білетінімді айта бастайыншы! Бірақ мені ешкім тыңдамайды, ал сендерден көз алмай тыңдайды – қаланыкісіңдер ғой. Ал мен үшін сенің қала адамы екеніңнің, жылтырауық бәтеңке киіп көшеде шірене басып жүретіндеріңнің құны бес-ақ тиын. Шірену түбіңе жетті деген осы: сәулетті өмір үшін жатыр ғой әне он бес жылды арқалап келіп. Тәйірі, басқа да емес өзі дүкенге түссе керек. Бір рет ысқырып қалып тоңқалаң асқан. Онымен тұрмай тағы да аранның аузына қарай жүгіреді. Өзі! Қаласыз жерге байлап қойсаң тұрмайды деген осы. Тағы да бір дүкенді қарауылға алған шығар. Шампан дейді... Шампан қайдан келмек? Малғұндар десеңші... Қала сендерді тірідей жұтады. Бұл ақымақтарды аяйсың да. Бірақ қолдан келер қайран жоқ. Көздерін жеткізе алмайсың.
Пештегі от жанып болған. Соңғы шоқтардың қоламтаға айналуын күтіп отырған Никитич мұржаны жауып, шырағданды өшірді де, жігіттің жанына келіп жантайды. Жігіт қолын астына басып ыңғайсыз жатқан бойы бір қалыпты, терең тыныс алуда. Никитич қолын түзеткенде де ол тұяқ серіпкен жоқ.
"Сілесі қатып сүріне жығылған екен, – деп ойлады Никитич, – Есалаң неме... зорлаған кім бар мұны? Сормаңдай шіркін?"
...Түн ортасы ауғанда тыста үй маңынан дүбір шықты. Екі-үш еркектің дауысы естіледі.
Жігіт ояу жатқандай-ақ атып тұрды. Никитич те басын көтеріп алды.
– Бұлар кім болды екен? – деді жігіт жұлып алғандай.
– Сайтан білген бе.
Жігіт сәкіден қарғып түсіп есікке қарай ұмтылды, тың тыңдай тұра, қабырғаны сипалап, мылтықты іздей бастады. Никитич мұны сезе қойды.
– Ей, ақымақтанба! – деді баяу үнмен Арылмас пәлеге қаласың.
– Бұл кім? – Жігіт тағы сұрады.
– Айттым ғой, білмеймін деп.
– Кіргізбе, жасырын!
– Ақымақ. Үй ішінде жасырынғанды қайдан көрдің? Қайда жасырынбақсың. Жата қал тырп етпей.
– Түу, шал-ай!..
Жігіт аузындағы сөзін айтып үлгермеді. Сыртта біреу баспалдақпен көтеріліп, қолымен сипалап есіктің тұтқасын іздей бастады. Сәкіге өрмелеп шыға бере жігіттің:
– Қария, құдай, шайтан, дию-пері бәрінің атынан ант етейін: осыдан сатар болсаң... Жалынамын, шал. Өмір бойы, – деуге ғана шамасы келді.
– Жат! – деді Никитич. Есік ашылды.
– Еһе! – деді жуан дауысты біреу. – Айттым ғой: осында біреу бар деп. Үй жып-жылы, кіріңдер.
– Есікті жап! – деді Никитич қатқыл дауыспен, сәкіден түсе бере. – Қуануын – жылы дейді. Ысқырына түссең, ысып та кетеді.
– Дұрыс болды! – деді жуан дауыс. – Үй де жылы, иесі де пейілді.
Никитич шырағдан жақты.
Үйге тағы бір-екеу кіріп келді. Біреуін Никитич таныды, аудандық милиция бастығы. Аңшы біткен оны жақсы біледі: аңшылық билет алдырып, жарна төлетіп есті шығаратын.
– Емельяновсың ғой? – деді жасы елулер шамасындағы ұзын бойлы еңгезердей бастық. – Солай ма?
– Солай, Протакин жолдас.
– Олай болса! Мейманбыз, қарсы ал... – Үшеуі шешіне бастады.
– Аң аулайсыңдар ғой? – Никитич кекесіндей сұрады. – Бұл сияқты кездейсоқ аңшыларды ол текке келеді де, қиқуды салып-салып жайына кетеді деп ұнатпайтын.
– Аздап бой жазу керек қой. Мына жатқан кім? – деді сәкі үстіндегі жігітті көріп.
– Иолог, – дей салды Никитич. – Өз тобынан қалып қойыпты.
– Адасып қалған ғой?
– Иә,
– Мұны біз қалай білмедік екен. Қалай қарай бет алып шыққандарын айтты ма бұл?
– Қайдағы айтқан! Тілі оралымға келмейді, үсініп кетуге шақ қалған. Аузына спирт құйдым қазір ұйықтап жатыр.
Бастық сіріңке тартып жігіттің бетіне жақындатқан еді: ол бет-аузы бүлк етпестен, бір қалыпты тыныстап жата берді.
– Өзін сілейткен-ақ екенсің! – Бастықтың сіріңкесі сөніп қалды, – Бұл жөнінде бізге қалайша ешқандай хабар түспеді екен?
– Әлі де болса хабарлап үлгермеген болар? – деді келгендердің біреуі.
– Жоқ олай емес, мұның адасқанына көп болса керек, қашаннан бері жалғыз қалғаны жайында ештеңе айтпады ма?
– Жоқ, – деп жауап берді Никитич. – Адасып қалдым дейді. Болған-біткені сол
– Ұйықтай тұрсын. Ертең сұрастырып білерміз. Қалай, жолдастар, ұйықтаймыз ғой?
– Ұйықталық, – деді анау екеуі. – Сыямыз ба?
– Сыямыз, – деді бастық, – өткен жолы мұнда бес адам қонғанбыз. Тек таңға жақын қатып қала жаздадық: отты аз жаққан екен. Ал аяз дегеніңіз елу градусқа жақын болатын.
Бәрі де шешініп, сәкіге шығып жатып қалды. Жігіттің жанына келіп Никитич те жатты.
Жолаушылар өздерінің аудандағы істері жайында сөз етіп жатты да, аздан соң тына қалды.
Кешікпей бәрі де ұйқыға кетті.
Қабырғадағы терезе болар-болмас қылаңытып көріне бастаған-да-ақ Никитич оянып кетті. Жанында жатқан жігіт жоқ екен.
Никитич сәкіден ептеп түсті де, қалталарын тінтіп сіріңке іздеді. Қаперіне ешқандай жат ой келген жоқ-ты. Сіріңке тартты... Жігіт те, оның сырма шапаны да, Никитичтің мылтығы да зым-зия жоқ болып шықты. Жүрегі су ете қалды.
– Кетіп қалған екен ғой. Мылтықты да ала кеткен.
Никитич дыбыссыз киінді, бұрышта тұрған үш мылтықтың біреуін алып, қалтасындағы жалғыз оқты патрондарын ұстап көрді. Есікті ептеп ашты да, тысқа шықты.
Таң енді-енді ғана қылаң бере бастаған. Түнгі ауа сәл жылынғандай. Болар-болмас таң шапағын шаңғыт басып тұр. Көктем нышаны сезілгендей. Әлі де болса бес-алты қадамнан арғы жер көрінбейді.
Никитич шаңғысын байлады да, қарбетінде сайрап жатқан соны ізге түсіп тартып берді.
– Иттің ғана баласы, жексұрын қашқын! – деп боқтап қояды. – Кетеді екенсің, маған десең тескен тау өтіп кет, мылтықта нең бар еді. Мен мұнда мылтықсыз не тындырмақпын, осыны басыңмен ойласаң нетті? Сенің бәріңе бірдей мылтық әзірлеп қоярдай мен мың-мыңдап ақша тауып отыр ма екенмін? Сен, арамза, бәрібір оны кез келген жерге тастап кетесің. Саған тек Тайгадан шығып кетсең болды емес пе? Ал сонда мен мылтықсыз екі қолымды қусырып қарап отырмақпын ғой. Бұл адам дегенде ұят болсашы.
Таң қылаң бере бастады. Күннің бұлың әрі жылы болар сыңайы бар.
Шаңғы ізі деревняға емес, басқа жаққа қарай алып келеді.
– Адамнан қорқасың, ә? О, сормаңдай... "Сәулетті өмір керек" дейді. Шалдың жар дегенде жалғыз мылтығын алып жүріп кеткеннің сөкеттігі жоқ екен, ә? Жоқ, сен менен құтылып кете алмайсың, жүгірмегім. Жас екенмін демегін, мен сен сияқтылардың жетеуін алып жеймін.
Шалдың бойында алып-жұлып бара жатқан өшпенділік жоқ. Бірақ қатты назалы: жаны ашып паналатқан жігіті мұның мылтығын алып қашып кеткен. Мұнан соң оны барып тұрған арамза демей не десін!
Никитич үш километрдей жер жүрді. Таң әбден атты. Шаңғы ізі көз алдында сайрап жатыр.
– Ерте тұрып, қалайша ғана сып беріп кете қалған десеңші!
Бір жерде жігіт тұрып шылым тартыпты, шаңғы ізінің шетін ала таяғын шанышқан. Қар үстінде темекі үгіндісі, сөнген сіріңке шиі жатыр.
– Темекі қалтаны да әкеткен! – Никитич тфу деп жерге түкірді. – Арамза десе арамза екен! – Осылай деді де адымын құлаштай түсті.
...Никитич сайға құлай бере ылдида кетіп бара жатқан жігітті алыстан көрді.
Жігіт асып-саспай бір қалыпты, ұтымды адыммен кетіп барады, бірақ қара үзіп кете қоярдай да емес. Арқасында мылтық.
– Шаңғымен жүре білетін қу, – Никитич өзі байқаған бұл шындықты айтпай қала алмады.
Шаңғы ізін тастай беріп, енді ол сілемі көсіле жатқан төбені далдалап, қапталдай төтесімен тартып, жігіттің алдынан шықпақ болды. Жігітпен қай жерде кездесерін шамалап келеді: оның алдында ағашсыз алаңқай бар. Содан өткен соң тағы да қалың ағаш қойнауына енеді... Никитич оны тап осы арада кездестірмек.
– Қазір мен сенің әуселеңді көрейін, – деп қояды Никитич, барлық күшін таяққа салып. Неліктен екені белгісіз, жігіттің сұлу жүзін тағы бір көруге құштар. Оның жүзінде адамды өзіне тартып тұрардай әлдебір сиқыр барды. Өзі айтқан "сәулетті өмірге талпынған соң бәлки, осылай істеу керек те болған шығар. Ойлар болсақ: мұнда оған не бар? Қатып-семіп бітеді ғой. Осы бір өмір деген пәлені түсініп те болмайды-ақ".
Никитич жыныс арасында тұрып алаңқайға көз жіберген еді, онда шаңғы ізі көрінбеді жігітті басып озған екен.
Алаңқайдан сабаулап тез өтті, жігіт осы арадан келіп шығар-ау деген тұстан орын алып, бұта арасына бекініп, оқтарын тексерді де тосып отырып қалды. Тәжірибелі аңшы қолындағы мылтықты тексеріп шықты: су жаңа Тула мылтығы жарқ-жұрқ етіп, өзінен мылтық майының исі аңқып тұр. "Аңға шығуды біледі, ал мылтықты мұншама майлауға болмайтынын білмейді. Аңға шыққанда темекіні де ұмыту керек. Бір шақырым жерден иісі мүңкіп тұрмас үшін аузыңды шаймен шәй, сондай-ақ үйдің иіс-қоңысы сіңбесін деп далаға іліп қойған басқа киімді киіп шыққан жөн. Иіс алдырмас аңшылар деп, міне, осыларды айтса болады".
Жігіт алаңқайдың шетіне шыға бере тоқтады. Төңірекке көз жіберді. Аз-маз тұрды да сонан соң суыт айдап, алаңқайды кесіп өтті. Осы мезетте Никитич те оның қарсы алдынан шыға келді.
– Тоқта! Көтер қолыңды! – Жігітке есін жиғызбас үшін ол ақырып қалды. Анау басын жұлып алған бойы екі көзі шарасынан шыға қорықты. Қолын жоғары көтере бере Никитичті тани кетті. Бұған дейін ол оны көре тұрса да тани алмаған еді.
– Ешкімнен қорықпаймын дейтінің қайда? – деді Никитич, – шалбарыңа жіберіп те қойдың, білем.
Жігіт есін тез жиып, өзінің сүйкімді күлкісімен езу тартқан болды.
– Ай, әке-ай, сенен небір пәле шығар-ау. Кинодағыдай десе де болар мұныңды... Жаның жаһаннамға кетсін сенің. Мұндайдан жүрек жарылып та кетеді емес пе.
– Енді былай істе, – деп Никитич жарлық бере іске кірісті. – Мылтықты иығыңнан алма, арқаңда тұрғанда қолыңмен ұстап опыр да, оғын алып жерге таста. Және қалтаңдағылардың бәрін де таста. Патрон саны он алты болатын. Бәрін де қарға лақтыр да, өзің тұрған жеріңнен жылысып бір бүйірге шық. Егер осыдан анау-мынау жасап тырп етер болсаң, атамын. Бұл шыным.
– Ұқтым, көке. Анау-мынауға менің де көңілім шауып тұрған жоқ.
– Ұятсыз, кәззап!
– Өзіңіз айттыңыз емес пе, орманда мылтықсыз жүру қауіп деп.
– Ал сонда мылтықсыз қалған мен не істемекпін мұнда?
– Сен үйдесің ғой.
– Жарайды, болды. Үйдесің. Менің үйім зауыт па екен?
Жігіт қалтасынан он төрт патрон шығарды. Никитич санап тұрды. Сонан соң ол ернін тістеп, көзін сығырайта шалға ұрлана қарап қолдарын арқасына қарай апарды. Никитич те одан көз алған жоқ: шүріппесі қайырулы мылтықты жігіттің кеуде тұсына дөптеп көздеп тұр.
– Неге күйбеңдеп қалдың?
– Ала алмай жатырмын.
– Тырнақтарыңмен суыр... немесе жұдырығыңмен дүмінен ұр.
Алдымен жерге бір патрон, сонан соң барып екіншісі түсті.
– Болды. Енді шегініп әрі қарай барып тұр. Жігіт айтқанды істеді.
Никитич патрондарды жинап алып тонының қалтасына салды.
– Мылтықты маған қарай лақтыр, орныңнан қозғалма!
Жігіт мылтықты арқасынан алып шалға лақтырды.
– Енді сол тұрған жеріңе отыр, шылым тарталық. Темекі қалтаны да бері лақтыр... Оны да қоса әкеткенсің...
– Менің де шылым тартуым керек қой.
– Сен өзің бәрін де маған, маған дейсің. Ал мені ойламайсың, пері соққан неме! Сонда мен не тартпақпын?
– Мен темекіден кішкене салып алып қалайыншы, рұқсат па?
– Ала ғой. Сіріңкең бар ма еді?
– Бар.
– Жігіт өзіне аздап темекі салып алды да, темекі қалтаны шалға лақтырды. Ол да шылым шекті.
Екеуі бір-бірінен бес қадамдай жерде отыр.
– Әлгі біреулер кетті ме?.. Түндегілерді айтамын.
– Ұйықтап жатыр. Олар ұйқыдан бас алмайды. Аңшы да емес, еріккен есіріктер. Сайрандағылары келеді, ал аудандарында еркін көсіле алмайды, көзге түсіп қалады. Сондықтан көзден таса жер іздейді.
– Бұлар кімдер сонда?
– Бастықтар... Оқты текке шығаратындар.
– Со-о-лай де...
– Сен не ойладың: мені қуып жете алмайды дедің ғой?
– Мен еш нәрсе де ойлаған жоқпын. Ал енді келгендердің ішінде біреуін таныдың ғой. Ол кім? Фамилиясын да атадың...
– Қамсыздандыру бөлімінде істейді. Кемпіріме зейнетақы сұрап барып, сонда көргенмін...
Шалға жігіт күдіктене қарады.
– Әлгі курортқа жолдама беретін жерде екен ғой?
– Иә.
– Жасырасың, шалым. Мені шынымен-ақ отырғызбақ екенсің ғой? Мылтық үшін...
– Отырғызып не сайтаным бар сенде, – Никитич шынын айтты.
– Мылтығыңды сат? Менде ақша бар.
– Аузыңа алма. – Никитич кесіп айтты.
– Кешкілікте адал пиғылмен сұрағаныңда, бәлки сатып та қалған болар едім. Ал енді мынадай иттік жасағаныңнан кейін сатпаймын.
– Мен олардың оянғанын күтіп қалайша жатпақпын.
– Түнде мені далаға оңаша шығарып алып: былай да былай, әке, мынау адамдармен менің жүздескім жоқ. Мылтығыңды сат маған, қарамды батырайын деудің орнына... ұрлап әкеттің. Бізде ұрлық қылған адамның қолын шауып тастайды.
Жігіт шынтағымен тізесін таяна еңкейіп қолдарымен басын сүйеді.
– Көшенің өзінде-ақ ұстап бермегенің үшін рақмет,деді ол көмескі үнмен.
– Бәрібір сен өзіңнің ойлаған еркіндігіңе жете алмайсың.
– Неге? – Жігіт басын көтеріп алды.
– Бүкіл Сібірді жаяу, көктей өту оңай іс емес!
– Маған тек теміржолға жетсем болды, одан әрі пойызбен кетемін. Құжаттарым бар. Ал бұл өңірде мылтықсыз жүру... қауіпті. Сатсаңшы!
– Жоқ. Қиылып та әуре болма.
– Мен енді жаңаша өмір бастар едім ғой... Демеп жібермессің бе, әке-ау...
– Құжаттарды қайдан алдың? Біреуді жайратқансың ғой?
– Құжатты да адам жасайды емес пе?
– Жалған ғой. Жалған құжатты ұстамайды деп ойлаймысың?
– Сен маған бейнебір анамдай-ақ қамқорлық жасап тура тотыдайын тақылдап "ұстайды, ұстайдылап" қоймайсың. Ал мен айтайын саған: ұстай алмайды.
– Ал сонда шампанды неңмен ішпексің?.. Адал жұмыс істесең сонда ғана ішесің.
– Кеше беталды көки беріппін, оны көңіліңе алма. Mac боп қалыппын.
– Сендерге не дауа... – Шал удай ащы сап-сары сілекейін аппақ қарға шырт түкіріп тастады. – Жастарға талпынып өмір сүргеннен артық не бар, ал сендер... не деуші еді әлгі... сәйгел тигендей-ақ анда-мында шапқылап, ешқайда тұрақтамайсыңдар. Ұрлық істемесеңдер іштерің кебе ме? Тоқтықты көтере алмай есіресіңдер, оңбағандар. Семіздікті қой көтереді.
– Әй, қайдам, әке...
– Сонда кімді кінәламақсың?
– Жетеді, бұл жағын қоя тұралықшы. Айтпақшы, – ол шалға үрейлене қарады. – Олар қазір оянады да мылтығын жоқтайды. Біз де жоқпыз. Осыдан соң енді олар жалма-жан іздеуге кіріспей ме?
– Олар күн шыққанша оянбайды.
– Оны қайдан білдің?
– Білемін. Кешенің өзінде-ақ мас болып келген... Үй жылы, сілесі қатып, түске дейін тұяқ серппейді. Асығып жатқан олар жоқ.
– И-иә...деді жігіт жабырқау үнмен. – Солай деңіз.
Бір мезетте жапалақтап қар жауды дымқыл, ұлпа қар.
– Құдай тілегіңді берді Никитич аспанға қарады.
– Нені айттыңыз? – Жігіт те жоғарыға қарады.
– Мына қарашы...бұл енді із біткенді көміп салады.
Жігіт жауған қарға алақанын тосып ұзақ тұрды.
Алақанға түскен қар ери бастады.
– Кешікпей көктем келеді... – Жігіт күрсінді. Никитич бұл маңда сирек кездесетін осы бір жанды еске бекемірек сақтап қалайыншы дегендей, жігітке байыппен тінти қарады. Түн ішінде жападан-жалғыз бұл бейбақ қалай кетеді... мылтықсыз деп ойлады.
– Осыдан барып қайда түнемексің?
– От жағып далаға түнеймін де... ұйқыдан үміт жоқ...
– Жазда қашсаң бір сәрі. Жеңіл тиер еді ғой.
– Онда қашан қашқан қолайлы болатыны жөнінде сенің тілегіңді қабылдамайды. Азық жағы қиын... Бір деревнядан келесі деревняға жеткенше ішек-қарының омыртқаңа жабысып қалады. Жарайды енді. Дәм-тұзыңыз үшін сізге рақмет. – Жігіт орнынан тұра берді. – Барыңыз, әлгі біреулеріңіз оянып кетіп жүрер...
Шал бөгеліп қалды.
– Айтпақшы... қиын жағдайдан құтылудың мынадай бір амалы бар, – деп бастады ол жаймен. Мылтығымды саған берейін. Сен ертең түнгі сағат екі, үш шамасында біздің деревняға жетесің...
– Солай ма?
– Солай, жетесің. Шеткергі бір үйге келіп: мылтық тауып алдым дейсің... немесе... жоқ, не десем екен? Әйтеуір мылтықты сонда тастап кететін бол. Біздің деревнядан жиырма шақырым жердегі стансаға шығатын төте жол бар. Ол ара қауіпті емес. Машина дегенің ағылып жатады. Таңға жақын стансаға барып түсесің. Жол-жөнекей бір қыстаққа кездесесің, сол арадан солға қарай бір жол шығады, сен оған түспе, ол аудан орталығына әкетеді. Төте жолмен кет.
– Әке...
– Әкеңді қоя тұр! Мылтықты не істесек екен? Тауып алдым десең: қорқып кетеді де, оны іздетіп әлек болады. Ал басы бүтін бере салуға қимаймын. Ескі де болса, мен мұны мынадайдың үшеуіне айырбастамаймын. – Никитич қолындағы опырмалы су жаңа мылтықты нұсқады.
Жігіт шалға өте ризашылық сезіммен қарады, онымен де қоймай алғысын көз жанарымен жеткізуге тырысты.
– Рақмет, әке.
– Мұның қай рақмет? Бұдан соң мен мылтығымды қалай аламын?
Жігіт орнынан тұрып, шалдың жанына келіп отырды.
– Қазір бір амалын табамыз. Мен мылтықты бір жерге тығайын, сіз соңынан келіп сол арадан алатын болыңыз.
– Қайда тықпақсың сонда?
– Деревня маңындағы бір маяға тығайын.
Никитич ойланып қалды.
– Түн ішінде сен нені байыптағандайсың?.. Сен былай істе, шеткергі үйге келіп, одан Ефим Мазаевтың қайда тұратынын сұра. Саған көрсетеді. Ол менің баламның өкіл әкесі. Ефимге келіп былай де: Никитичке тайгада кездескен едім, ол иологтарды жыланды иірімге бастап алып кетті. Патрондары таусылған екен, бостан босқа несіне сүйрей берем деді де, мына мылтықты сізге апарып тапсыруды өтінді. Өзі ертең жоқ, бүрсігүні осында келмек. Оның иологтарды бастап алып жүргенін ешкімге айтпаңыз. Ақша алған соң бірден сізге келеді – бірге отырып ішесіздер, әйтпесе кемпірі тапқан-таянғанын сыпырып алып қоятын көрінеді. Ұқтың ба? Қазір сен маған бір литрдің ақшасын бер, әйтпесе Ефим қыр соңымнан қалмайды, ал енді жолың болсын. Саған алты патрон берейін. Жалғыз оқтың екеуін және ал, керек боп қалар. Пайдаланбасаң, деревня маңына қарға көміп кет. Ефимге бере көрме, ол пәле қулықты сезіп қояды. Бәрін де ұқтың ғой?
– Ұқтым. Өлсем ұмытпан сені, әке.
– Жарайды... Деревняға жол тартқаныңда есіңде бол сын: күн шығысымен ол саған бірден көрінеді алғаш оны сол жағыңда ұста. Күн көтерілгенде де, бәрібір, сол жағыңда болсын. Ал батар алдында қырыңда, ол сонда оң жақ иығыңды ала, ту сыртыңда тұрсын. Сонан соң тіке тарта бер. Кәне, енді жол болсын айтысып темекі шегелік.
Екеуі отырып шылым тартты.
Бірден сөз етерлік енді еш нәрсе қалмағандай. Кішкене отырған соң олар орындарынан тұрды.
– Қош, әке, рақмет.
– Алдыңнан жарылқасын.
Екеуі екі жаққа айырылып кете бергенде Никитич тоқтай қалып, жігітке былай деп дауыстады:
– Естіп тұрсың ба! Сені құдай шын сақтады: әлгі Протокин деген милиция бастығы. Кеше сені оятпағаным жақсы болды... әйтпегенде сен оның тұзағынан құтылып кете алмайтын едің, ол дегенің бір қазымыр сайтан.
Жігіт шалға қарады, жауап қатқан жоқ.
– Қайдансың? Қайда барасың деп ол қазбалап кеп берсе, сенің құжаттарыңнан да еш пайда жоқ.
Жігіт үндемеді.
– Ал енді тартып кет. – Никитич мылтығын асынды да, алақандай алаңқай арқылы кейін қарай беттеді. Алаңқайдан енді өте берген шақта дәл құлағының үстінен қу бұтақтың шарт ете қалғанын есітті. Көзді ашып-жұмғанша болған жоқ, ту сыртынан: арқадан, желкеден бірнеше жұдырық бірден келіп тигендей болды. Ол қар жастана етпетінен құлап түсті. Содан қайтып еш нәрсені есіткен де, сезген де жоқ. Қарға қалай көмілгенін де, "осылай еткен дұрыс, әрі алаңсыз боламын, әке" деген сөзді де есіткен жоқ.
...Күн шыққан мезгілде жігіт алаңнан ұзап кеткен еді. Ол күннің көзіне қараған да жоқ, оған арқасын беріп төпеп келе жатты. Екі көзі алда.
Тайға ұйқыдан жаңа ояна бастаған. Орманның көктемгі кәусар иісі еліттіріп, бас айналдырады.