Владимир Набоков. Шеңбер

ӘДЕБИЕТ
2728

Екіншіден, оның бойында Ресейге деген сұмдық сағыныш бой көтерді. Үшіншіден, ол өзінің жастық шағын аяды - онымен байланыстының бәрін де - ашу-ызаны да, қолапайсыздықты да, тоғайдағы құстар шырылынан саңырау болып қалатындай жап-жарық жасыл ертеңгіліктерді де аяды. Дәмханада тәтті, ақшыл сусынды қайта-қайта араластыра отырып, ол өткенді жүрегі қысыла, мұңая отырып есіне алды, - қандай мұң десеңші? - Иә, иә, біз әлі зерттеп білмеген мұң. Ол мұң кеудені толтырып шығатын күрсініспен бірге көтерілді, - сол кезде оның марқұм боп кеткен әкесі қайта тірілгендей, иығын қомдаған қалпы көз алдына кеп тұра қалды. Әкесі, Илья Ильич Бычков, Ее maotze d' ecole chez nous au village; (Біздің деревнядағы мектеп мұғалімі (француз).) оның көзіне бантты сәнді қара галстук таққан, көне салт бойынша алқымына дейін түймеленетін жібек матадан тігілген пиджак киген - нымшасына көлденеңінен шынжыр тағылған, жүзі қызыл шырайлы, жалтыр бас, - екі жақ бетін әжім торлаған, жұмсақ мұртты, танауы тағы бір көтеріліп кеткендей мұрнының үстінде етті қалы бар кейіпте көрініп еді. Гимназист кезінде де, студент кезінде де Иннокентий каникулда Лешинадағы әкесіне келіп тұратын, -егер қаттырақ ойланса, село шетіндегі ескі мектепті бұзып, орнына жаңа мектеп салғанын есіне түсіре алар еді. Іргетасын қалау, желдің өтіндегі жалбарынатын орын, К.Н.Чардынцев алтын тиынды лақтырып қалған кезде, монета балшыққа бір қырынан барып түседі... Осы бір бұжыр-бұжыр тас ғимараттан бірнеше жыл қатарынан тіпті есіне алып отырған дәл осы кезге дейін желім иісі шығады; сыныптарда әр түрлі көрнекі құралдар тұратын, - мәселен, жайылым мен орман зиянкестері... бірақ Иннокентийдің, әсіресе, Годунов-Чардынцев тарту еткен құстардың тұлыптары жынына тиюші еді. Ол өзін қатал плейбой сезініп, өзеннің арғы бетіндегі бай мырзалардың қорықты жерлері мен суға бейнесі түсіп тұратын қалың жынысқа (кенет - шырша ағаштарының ортасында бұлттай тұтасқан мойыл ағашы) қараған кезде тұла бойын жеккөрініш сезімі буып алатын.

Жаңа мектеп жаңа ғасырдың табалдырығын аттар кезде салынған-ды - Годунов-Чардынцев ол кезде Орталық Азияға бесінші сапарынан оралып, өзінің жас әйелімен жаз бойы осында болған- ды, - әйелінен оның жасы екі есе үлкен еді. Осылай үңгіп кете беруге болады. Ой, құдайым-ай! - Мұның бәрі судың астында, немесе көшпелі тұман ішінде болып өткендей, Иннокентий әкесімен бірге усадьбаға кіріп бара жатқан өзінің балғын бала кезін көріп тұр, - әкесі сыбдыр-сыбдыр еткен бір уыс інжугүлді алдына ұстап ап аяғының ұшымен ғана алға жылжиды, - бәрі де дымқылданып қалған, - шыққа малшынып, сыбдыр қағып дірілдейді, басқа ештеңені ажырату мүмкін емес, - мұның бәрін кейінірек есіңе түсірсең ұялатындай іс болды, - гүлдер, аяғының ұшымен жүру, самайының борша-борша терлеп кетуі Илья Иличтің бойына біткен мәймөңке жарамсақтығы екен ғой, әсіресе мұны ол әкесінің "біздің мырзамен" бірге ұсақ, бірақ жабысып қалмайтын саяси оқиғаға қатысқаннан кейін білді, - егер оған ара түспегенде ол жер аударылып кететін еді.

Таня оған тек жануарлар әлемінде ғана емес, өсімдік әлемінде де, минеральдар әлемінде де туыстарымыз бар дейтін. Содан болса керек, Годунов-Чардынцевтің құрметіне қырғауылдар мен ақбөкендердің жаңа түрлеріне, тіпті таудың тұтас жоталарына (ол, негізінен, құрт-құмырсқаларды суреттеп жазған) оның есімі берілген. Бірақ оның ашқан жаңалықтары да, ғылыми еңбектері де, сол жолда мың-мыңдаған қауіп-қатерден өткені де, көп-көп жұртты оның тегі мен байлығына кешіріммен қарата алмады. Біз бұл жерде, зиялы қауым өкілдерінің белгілі бір бөлігі кез келген қолданбалы емес табиғат тану іліміне күмән-күдікпен қарайтынын ұмытпауымыз керек, содан да олар Годунов-Чардынцевты орыс мұжығынан гөрі "Лобнор қызыл қоңызымен" көп айналысады деп жек көретін. Иннокентий бозбала кезінде оның сапар кезіндегі әйелдері туралы, қытайларға тән қатігездігі туралы, ол атқарған құпия үкіметтік тапсырмалар туралы әңгімелерге көбірек ден қоятын. Оның шынайы бейнесі бұлыңғыр боп қалды, тек есте қалғаны, биялайсыз жалаңаш қолымен алтын тиын лақтырғаны ғана (ертеректе усадьбасы келмей тұрғанда - қожайынның қалмақпен қаны араласқан көрінеді). Олай дейтініміз Годунов-Чердынцев Самарканд пен Верныйға сапарлап, ол жақтан ұзақ уақыт бойы оралмай қойған ал оның отбасы Петербор маңындағы имениесінен Қырымдағы имениесін жақсы көрген болу керек, ал қысты астанада өткізген. Қаланың өзінде, өзен жағасында екі қабатты, сары түсті жер үйлері болды. Иннокентий ол үйдің жанынан өтіп бара жатып, оның терезелеріне көз салатын да ою-өрнекті жеңіл перделерінің арасынан қанттай аппақ бөксесі томпайған біреудің статуясы көрінетін. Балкондарын атланттар көтеріп тұрушы еді. Ол атланттардың буынтық-буынтық тас бұлшық еттері мен азапты қиналған түрлері әсершіл сегізінші сыныптық балаға құлдықты басынан өткерген пролетариат сияқты боп көрінетін. Ол сол жағалауда, Нева өзенінің желді күнгі көктемінде итімен және қызметші әйелмен бара жатқан Годунов-Чердынцеваны екі рет кездестірді, — Таня ол кезде, шамамен, он екілерде болатын, - үстінде алтын жалатқан түйме қадалған қысқа көгілдір пальто, аяғына бауы бар биік өкшелі етік киген ол шапшаң жүріп бара жатты - ызғарлы жел оның матрос бас киімінің бауларын желбіретіп, қасындағы қызметші әйел оның соңынан әрең ілесіп барады.

Ол Охтадағы нағашы әпкесінің (тігіншінің) үйінде тұратын, мінезі ауыр, адамдармен тіл табысуы қиын, әрең дегенде ұшпен оқитын ол, бірақ жұрттың бәрін таң-тамаша қалдырып гимназияны үздік бітіріп шықты да, медицина факультетіне оқуға түсті, бұл кезде оның әкесінің Годунов-Чердынцев алдындағы беделі арта түскен еді. Бір жазды ол Тверь маңында өткізді де, келер жылдың маусымында Лешиноға кеп, өзеннің арғы бетіндегі усадьбаға жан кіре бастағанын көрді. Суға түсетін жағалауы биік ол өзенге өсімдіктердің арасынан зорға көрінетін сазды соқпақ алып барады. Ол кезде оның досы, тұрақты түрде суға бірге түсетін, ұстаның баласы, түрінен жасының қаншада екенін айырып болмайтын Василий болды - өзінің жасын ол өзі де білмейтін - пәкене бойлы, тып - тығыз, жамау-жамау шалбар киетін, аяғы жуылмаған сәбіз сияқты қып-қызыл жалпақ, ол кезде Иннокентийдің өзі де сол сияқты еді. Діңгекті қадалардың судағы бейнесі бұралаң-бұралаң етеді, шіріп күні бітуге айналған, баяу ғана сылдырап су ағады, жемтік үшін жиналған құрттар кәмпиттен босаған қаңылтыр ішіндегі балшықта құжынап жатады. Василий жуан бір құртты қармаққа мұқият кигізіп, қалтқыны дұрыстап орналастырып, қорғасынмен ауырлатылған қармақ жібін көпір қанатынан асырып лақтырып жібереді. Көп ұзамай балықтар қармаққа шаба бастайды - шіреніп тартыла бастаған жіптен көз алмай қарап тұрасын. Василий су астындағы қарсылықтың күшін байқамақ боп сәл ғана тартып көреді де, кенет, салғырт қана, бір балықты жарқ еткізіп алып шығып, оймақтай дөп-дөңгелек аузынан қармақты шығарып ап, шыны ыдысқа салады, ерні жырылған балық оның ішінде шыр айналып жүзе жөнеледі. Әсіресе, сіркіреп қана жаңбыр жауып, судың бетін шеңберге толтырып сол қаптаған шеңберлердің арасында, - не балық шоршып, немесе жапырақ құлап - тағы да тағы шеңберлер пайда болатын жып-жылы бұлыңғыр күндер айрықша еді. Осы бір табиғаттың екі құбылысының - арна толтырып ағып жатқан өзен суы мен жіптей жіңішке аспан суының ортасында суға түсу қандай рақат десеңші! Иннокентий суға жақсылап түсіп ап, орамалмен ұзақ сүртінетін. Шаруа балалары әбден шаршап-шалдыққанша судан шықпастан, ал шыға келген кезде тістері тістеріне тимей, манкалары танауларынан ауыздарына құйылып, дір-дір етіп шалбарларын су-су бұттарына киіп жатады.

Сол жазда ол бұрынғысынан да тұйықталып, әкесімен сөйлесе қалса да мұрнының астынан әлдене деп бүлк ете түседі, сонымен сөз тәмам. Илья Ильич те ол отырған жерде өзін-өзі иненің үстінде отырғандай ыңғайсыз сезінетін - өйткені баласы дәл қазір бір кездегі өзі сияқты жан-жүрегі әлі былғанбаған таза өмір сүріп жатыр деп ойлайтын. Илья Ильичтің бөлмесіне күннің тозаңды сәулесі түсіп тұр; өзі қалқан жасап, ою-өрнек сап, лакпен жапқан үстел үстіне - пүліштенген рамаға салынған марқұм әйелінің суреті қойылыпты, - омырауы ашық көйлек киген, дөңгелек жүзді жап-жас әйел, (дөңгелек жүзді әйелдер ол заманда сұлу боп саналатын); жанында - пресс папье; арт жағындағы қабырғаға Лев Толстойдың портреті ілініпті. Иннокентий іргедегі бөлмедегі былғары диванның үстінде ұйықтап жатыр. Күні бойы еркіндікте болған ол қатты ұйықтап қалып еді; бірақ кейде оның қиялы басқа бір әлемге алып келетін, - әсер қуаты оны ұйқы құшағынан суырып алғандай болатын еді, - содан да ол, тіпті қозғалуға да қорқатындай ұзақ уақыт көзін бақырайтып жататын да қоятын.

Таңертең ол, әдеттегідей, оқулықтарын қолтығына қысып, қолын белбеуіне сап орманға кетеді. Шекелете киген фуражкасының бір бүйірінен қоңырқай толқынды шашы бұрқырап шығып тұрады, - ерні дүрдиіп тұрса да, ол әп-әжептеуір сымбатты болатын. Ол орман ішінде жақында ғана дауыл құлатқан қайың діңгегіне (оның жапырақтары сол соққыдан әлі күнге дір-дір етіп тұрғандай) жайғасты, темекі тартып отырып, қолындағы кітаппен бір жаққа асығып бара жатқан құмырсқалардың алдына тосқауыл қойып, немесе қалың ойға батады. Әсершіл, кінәмшіл, кісікиік жасөспірім, әсіресе, тіршіліктің әлеуметтік мәселелерін жан-жүрегімен қабылдайтын. Мәселен, Годуновтардың жазғы өмірін қоршаған әлем ол үшін соншалықты жексұрын боп көрінетін, - малайлықты ғана алайық, -"малайлық" деп қайталады ол ернін жымқыртып, тұла бойымен тыжырынып. Бұл жерде оның есіне секпіл бетті, вельветті киімді, сары қызыл түсті етік киген, ішкі жағы жып-жылтыр былғарымен қапталған, көзге сүйелдей болып көрінетін машинаны оталдырған кезде қанталап кететін желкесінің қатпарларына тіреліп тұратын крахмал жағалы домаланған шофер; бакенбардың ақ басқан жалшы; макинтош бен ақ шалбар киіп, жалаңбас қалпында сел оны қақ жарып бара жатқанда балалардың "Крес жорығы" деген сөзіне ілінетін ағылшын қызметші әйел; сол үйдің маңын аса бір ынта-ықыласпен беріле сыпырып жататын құлағы ауыр шал түсіп тұр... Иннокентий кітабын қолтығына қыстырған қалпы парктегі бір ағашқа сүйеніп әлі ояна қоймаған сол бір шатыры жарқыраған аппақ үйден көзін алар емес.

Оларды бұл, алғаш рет, жота басында тұрып көрген: жота тасасынан салт аттылар тобы шыға келді, - алдарында күрең атқа еркектерше отырып алған Таня, оның қасында Годунов-Чердынцевтің өзі, бәкене жорғаға мінген тағы бір белгісіз мырза, олардың соңында галифе шалбарлы ағылшын, тағы біреу; ең соңында он үштер шамасындағы Таняның інісі, кенет ол атын екі бүйірінен қағып қап шаба жөнелді де, бір пәсте бәрінің алдына түсіп, нағыз бір жокейлер құсап биікке көтеріліп бара жатты.

Сонан кейін де кездейсоқ кездесулер болды. Маусымның орта шеніндегі аптапты күн болатын...

Сол маусымның орта шеніндегі аптапты күні, жолдың екі қапталында, орақшылар қолтықтары сөгілгенше сілтеп шөп орып келеді, - көйлектері бір оң жақтағы, бір сол жақтағы бұғанасына жабысып қалады. "Құдай қарассын", - деді Илья Ильич олардың жандарынан өтіп бара жатып; оның үстінде салтанатты күндері киетін шекпен, қолында гүлдесте. Иннокентий оның қасында пісте шағып үн-түнсіз келеді. Усадьбаға жақындап қалды. Теннис ойнайтын алаңда сол баяғы құлағы ауыр қарт шелекке үлкен қылшықты таяғын малып ап, жерге еңкейіп, артқа қарай жүріп жуан, қаймақтай аппақ сызық жүргізеді. "Құдай қарассын", - деді Илья Ильич өтіп бара жатып.

Үстел аллеяға жайылыпты, дастарқан үстіндегі алашұбар күн сәулесі құбыла ойнайды. Болат түстес шашын мұқият тараған экономка, даяшылар әкелген шыны аяқтарға тәтті сусындар құйып жатты. Бақтың іші гуілдеген қонақтарға толып кетіпті, - туыстар мен көршілер. Годунов-Чердынцев (күл түстес сақалды, көзінің айналасы әжім-әжім қартаң адам) скамейкаға аяғын салып, итін секіртіп ойнатып тұр, - ит дымқыл допты ұстап алғысы кеп, тек биікке секіріп қана қоймай, екі артқы аяғымен тік тұрып бүкіл денесін шіреп созылады. Басқа, бөлек үйден шыққан, толық денелі қалпақты Елизавета Петровна қолын-қолына сарт еткізіп соғып әлденені еліге айтып келеді. Қолына гүлдесте ұстаған Илья Ильич бүгіліп иілді... Әріректегі сағым ішінде (өйткені Иннокентий жақында ғана азаматтық түлеу жаттығуына қарамастан, әлі де болса сергелдең күйде жүрген еді) жас жігіттер, жүгірген балалар, шапқылаған иттер көрінеді, - ең бастысы, ең бастысы, осы бір сырғып өтіп жатқан көлеңке мен жарықтың арасынан бүгін он алты жасқа толған Таняның жүзі жарқ етіп көрінуге тиіс.

Бәрі орын-орнына жайғасты. Ол үстелдің көлеңкелі ең аяғына барып отырды, жанындағы адамдар бір-бірін мүлде тіл қатпастан, мойындарын сөздер мен күлкілер естіліп жатқан жаққа бұрып алыпты, ол жақтан қараған жанның көзінің жауын алатын шырақтар шаншылған қызылкүрең пирог көрініп, балалардың айқай - ұйқайы, үстел үстіне шығып кетердей боп екі иттің қосарланып үргені естіледі, ал бұл жерде, шыршаның көлеңкесіндегі адамдар үндеместен ұйысып қана отыр: мүлде көзге ілінбей қалған Илья Ильич; үстінен тер иісі шығатын жеңіл киінген ажарсыз бір қыз, үстел астындағы тізесінің арасына, қоңырауы сылдыр-сылдыр еткен кішкентай күшікті ұстап айналасына қатал қарайтын қарт француз әйелі... Иннокентийдің көршісі іс басқарушысының інісі, топас, іш пыстыратын, оның үстіне мылқау адам боп шықты; Иннокентийдің онымен тіл қатысқан себебі, мүлде үн-түнсіз қалудан қорқып кетіп еді, әрине, олардың сөздері онша жараса қойған жоқ, сонда да болса ол осылай көңіл алдарқатқысы келді, - кейінірек, мұнда келуді жиілеткен кезде бейне бір орашолақ бір әрекеттен, немесе бір масқара болып қалудан қашқандай, ол байғұсты көрсе де, көрмегенсіп өте шығатын.

Дастарқан үстіне ағаш жапырақтары қалықтап кеп қонып жатыр.

Қадірлі, мәртебелі жақтан, Годунов-Чердынцевтің үстел үстінен еңкейіп, қолындағы добын лақтырып ойнап тұрған қызын белінен құшақтап, ою-өрнекті тоқыма көйлек киген бір кемпірмен сөйлескен даусы шықты. Иннокентий біршама уақыт тарелкесінен шығып қалған пирогтың бір үзігімен әуре боп әлекке түсті, - ақырында, ол оның қолапайсыздығынан үстел астына түсіп кетті (енді оны солай қалдырайын). Илья Ильич мұртын сорып, өз-өзімен күлімсіреп отыр; біреу одан печенье алып беруін сұрады, - ал ол бақыттан шырайлана күліп, алып берді. Кенет Иннокентийдің дәл құлағынын түбінен алқынған дауыс шықты: қолына доп ұстаған Таня оған сабырлы қалыппен қарап: Бізбен бірге жүресіз бе? - деп сұрады, - ол қапелімде не айтарын білмей қысылып қалды да, бақтың ұзынша қойылған скамейкасынан оң аяғын асыға-үсіге шығарам деп көршісіне тигізіп алды.

Таня туралы жұрт жақсы сөздер айтатын; сілеусін қасының астында ашық көзі қадала қарайды, ерні жұқа, боп-боз екен. Ол жазғы ойындардың бәрін ынты-шынтысымен беріле ойнайтын, - содан кейін-ақ Иннокентийдің Василиймен бірге балық аулауы кілт тиылып қалды, ал Василий не боп қалғанына түсінбей дал болды, бір күні ол кешқұрым оны мектеп жанында кездестіріп, оған іші құртқа толы қаңылтыр қалбырды, көзінің алдына көтеріп көрсетті, - сонда Иннокентий, бейне бір, қарапайым халыққа опасыздық жасағандай күй кешті. Солай бола тұра, ол жаңа таныстарына да соншалықты риза бола қойған жоқ. Өйткені ол жасыл алаңдардағы ойындарға болмаса, олардың ішкі өмірлеріне де, үйлеріне де кіруге жібермейтін көзге көрінбейтін тосқауыл тұратын. Бұл оның намысына тиетін, үйлеріне қашан шақырады деп күтумен жүрді, - шақырса, бара алмаймын деп бас тарту үшін, - томаға-тұйық, жып - жинақы жүрді, Таняның оған айтылған сөздерінен бір кемсітушілік сезінетіндей еді, содан да Иннокентий олардың бәрін өлердей жек көрді, - оның немере аға-інілерін де, құрбыларын да, иттерін де... Кенет осының бәрі ың-шыңсыз араласып-құраласып кетті де, ғайып болды, - ол шілденің қараңғы бір түнінде парктің шығар аузында отырған. Жақында ғана жалаңаяқ қыз әкеп берген хат көйлегінің ішінен денесіне батады. Әдепті, әдемі сөздермен кездесуге шақырғаны оны мазақ еткендей көрінді де, бірақ неде болса, барып көрмек болды: айтқаны айдай келді: бұл кездесер жерге жақындай бергенде, әлдекімнің жапырақтарды сыбдырлатып кетіп бара жатқан аяғының дыбысын есітті. Оның келуі, оның қол созым жерде болуы ол үшін таңғажайып оқиға еді, сонан кейін олар аяқ астынан кездесті; оның салқын, ширақ саусақтарынан ұлпа тазалық сезіледі. Ағаштар арасынан қып-қызыл боп өртеніп көтеріліп келе жатқан ай көрінді. Көз жасын төгіп, дір-дір етіп, қышқыл ернімен оны аймалап сүйіп тұрып, Таня ертең шешеймен бірге түстікке кететінін, сонымен бәрі бітетінін, оны мұның неге түсінбейтінін айтып жатты... "Кетпеші, Таня", - деп жалбарынды ол, бірақ жел көтеріліп кетті де ол бұрынғысынан бетер еңкілдеп жылады. Ол жүгіре басып кетіп қалғаннан кейін, құлағында қалған шуды тыңдап қимылдамай отырды да қалды, көп ұзамай тар жол, тайғақ кешулі сергелдеңді күндер басталды, - бір басылып, бір үдеген немістермен соғыс жүріп жатты, сонан кейін ол чехтардың курортында Бэрдің ассистенті болды, ал 1924 жылы Савойада оның қарамағында жұмыс істеді, бір күні, Шамонида болу керек, оларға бір Кеңес Одағының геологы келді, онымен әңгімелесіп отырып, оған осы жерде Ферченио (Ферғананы зерттеуші) турист ретінде өз ажалынан қайтыс болғанын айтып қалған еді, геолог оның сөзіне кілең осылай болады деп қосып қойды: ондай ержүрек адамдарды жабайы тауларда, шөлді далаларда ажал деген өкшелеп, соңдарынан қалмай жүреді де, бірақ бейне бір, олармен қалжыңдасқандай, мүлде басқа жағдайда, күтпеген кезде кенеттен алып ұрады, — Ферченио да, Северцев те, Годунов-Чердынцев те осындай өліммен көз жұмды, бұл жерде шетел классиктері Спик, Дюмень - Дюрвильді атамай-ақ қояйық. Бірнеше жылдан кейін Иннокентий жол-жөнекей шаруамен Парижге соқты да, әріптесінде болып басқышпен биялайын киіп төмен қарай жүгіріп бара жатқан кезде, бір алаңқайдағы лифтіден ұзын бойлы бір әйел шыға келді, оның Елизавета Павловна екенін бірден тани кетті. "Әрине, мен сізді білем, неге білмеске", - деді ол, оған қарамай, бейне бір оның артында тұрған біреуге қарағандай, иығының үстінен басқа жаққа қадалып. "Бізге барайық, жарқыным", - деді ол бір сәтке сіресіп қалған күйден шығып, сөйтті де, кілт алу үшін есік алдындағы әбден шаң сіңіп қалған төсенішті аяғымен қайырып тастады. Иннокентий, оның күйеуінің қайда, қай жерде қайтыс болғаны туралы хабарды есіне түсіре алмай азапқа түскен қалпы, оның соңынан үйге кірді.

Сонан кейін осы жиырма жыл ішінде бұрынғыдан да ашаң тартып, бұрынғыдан да жүзі жұқара түскен Таня келді, - темекі тартып отырып, бірден ешқандай қысылып-қымтырылмастан сол бір алыста қалған жазды есіне түсірді, - ол, олардың, Таня мен шешесінің, марқұмды ешқандай еске алмайтынына, өткен шақ туралы әдеттегідей сөйлеп отырғандарына, жылап-сықтамағандарына таңғалды - әлде сырт көзге сыр бермейік дегендері ме екен? Қалың қара шашты, ондар шамасындағы бір қыз келді. "Міне, менің қызым, - бері келе ғой", - деді Таня темекі тұқылын ұлу қабыршағына сөндіріп жатып. Үйіне, Таняның күйеуі Кутасов та жұмысынан оралды, - көрші бөлмеде оны күтіп алған Елизавета Павловна, Ресейден алып келген үй-ішілік француз тілінде "біздің" деревнядағы мектеп мұғалімінің баласы келіп отыр", - деді Иннокентийдің есіне бірде өзінің құрбысына, оның қолын көрсетіп французша "мынаның қолын қарашы" - дегені есіне түсті, - енді міне, әлгі балақай шешесіне өзінің ана тілінде сыңғырлаған үнмен жауап беріп жатқанын естіп, ол басқаша ойлап қалған еді. "Қазір балаларды шетел тіліне үйрету мүмкіншілігі жоқ қой", - деп ойлағаны сол еді, ол сол сәтте орыс тілінде ең бір әсемдік, ең бір байлық жатқанын ұқты.

Әңгіме өрбімей қойды; Таня әлденені шатастырып алған болу керек, Иннокентий оған патша қалай салтанат құрғаны туралы айтылатын төңкерісшіл өлеңдер жаттатқан деп соғып қабырғаларға қатерлі сөздер жазылатынын есіне алды. "Басқаша айтқанда, "алғашқы қабырға газеті" - деді қалжыңқұмар Кутасов. Тағы бір білгені, Таняның інісі Берлинде тұрады екен, Елизавета Павловна ол туралы айтып беріп еді... Кенет Иннокентий тұла бойымен бір нәрсені қатты сезінді: ештеңе де ізім-қайым жоғалып кетпейтінін адам жады қазына құсап бәрін де жинай беретінін, ол жұмбақ қамбалар шаңға көміліп тола беретінін ұқты, - бұл құбылысты ол біреу келіп кітапханамыздан жиырма жыл бойы оқылмаған кітапты сұрағанмен теңестірді. Ол орнынан тұрып қоштасты, олар да оған кідіре тұр деп жалбарынып жатпады. Тек тізесі дірілдеп қоя берді. Бәрінен де кездесуді айтсайшы. Ол алаңды кесіп өтіп дәмханаға кірді, сусынға тапсырыс беріп, астына басылып мыжырылып қалған қалпағын суырып алды. Жан-жүрегін алай-дүлей мазасыздық жайлап алды. Ол мазасыздықтың себеп салдары да әр қилы еді. Біріншіден, Таня ешуақта да мұндай ажарлы, мұндай қамсыз болып көрінбеген еді.

author

Владимир Набоков

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...