Ханбибі ақын халқымен қауышты

ӘДЕБИЕТ
2054

Маңғыстау өңірінде екі бірдей тартымды, танымдық ғибраты мол кеш өтті. Алғашқысы Yessenov University конференция залында ақын, журналист Ханбибі Есенқарақызыныңқұрастыруымен жарық көрген «Ақ жол» көптомдық кітабы таныстырылымы. Қонақтар алдымен Х.Есенқарақызының кітаптарынан жасақталған кітап көрмесін тамашалады. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев, республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Өмірзақ Озғанбайұлы, Yessenov университетінің ректоры Берік Ахметов қатысты.

Жастармен кездесу кешін ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор Жақып Бауыржан Өміржанұлы ашып, жүргізіп отырды. Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев кеш иесін құттықтады.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Ұ.Тналиев, ҚР Ғылым академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР-на еңбегі сіңген қайраткер Республикалық «Ардагерлер кеңесі» төрағасының бірінші орынбасары Өмірзақ Озғанбаев, Х.Есенқарақызының өлеңдеріне жазылған әндердің авторы, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші Құралай Сәтмұхамбетова сөз сөйлеп, Yessenov University «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Ақмарал Отарова көптомдық туралы баяндама оқыды. Аталмыш кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Н. Қамарова ақын шығармашылығы туралы баяндама оқыды. «Ханбибі ақын жеке басының емес, халықтың, елдің мұңын жырлайды. Мысалға бір өлеңінде: «Мен – ақынмын, әйелмін әлемді ойлар, Қоғам дертін сімірген кесемде іркіп. Бай таяғы түк емес, төбемде ойнар Қоғам дерті жіберді есеңгіртіп»,-деген ақын жырларының барлығы дерлік халықтық сипатқа ие. Хан апа ақындықтың азабы мен отының ортасында жүрсе де, ақындық пен азаматтықты қатар алып келеді. Кез келген ер көтере алмас ауыр жүкті арқалап жүрген ақын былай дейді:

Анна да емес, Марина да емеспін,

Дала кезген Аруана – елеспін.

Фариза да, Ақұштап та емеспін.

Ешкіміңмен келмес сірә, теңескім»,- дейді Ханбибі ақын. Ешкімге ұқсамайтын, өзінің дара қолтаңбасымен ерекшеленетін ақынға баға берген Әбіш Кекілбай абыз былай дейді: «Біздің поэзия жақсы ақындар мен жақсы өлеңдерге ешқашан кенде болып көрген жоқ. Қазір де солай. Жігіттерімізді былай қойғанда, балауса қарындастарымыз Гүлнәр Салықбаева, Ханбибі Есенқараевалардың лирикасы мені қатты тебірентеді...». Ақынның Әбіш ағаны тебіренткен жырлары ой тереңдігімен, жинақы да ұшқырлығымен ерекшеленіп тұрады»,-деді Нағбду Қамарова.

Ақын Ханбибі Есенқарақызы құрастыруымен жарық көрген «Ақ жол» көптомдық кітабының таныстырылымында өзінің аталмыш 25 томдық еңбегін құрастыру барысында Ташкент, Шымкент, Алматы, Мәскеу, Қызылорда, Орынбор кітапханалары мен архивтерінен құжатты деректер іздеуге өмірінің 12 жылын арнағанын, 6 жылда 613 саны шыққан «Ақ жол» газетінің барлық басылымын табу оңайға соқпағанынын, өзбек қаламгерлері мен мәдениет қызметкерлерімен байланысы арқылы Әлішер Науаи атындағы ұлттық кітапханаға кіру мүмкіндігіне ие болғанын айтты. 

«1918 жылы «Қазақ» газеті жабылған соң, Ташкентте шыға бастаған басылымның архивте сақталған нұсқалары әбден ескірген, 100 жылда әріптері өшіп кеткен. Сол басылымдардың 60 %-ын Мәскеуден алдырдық. 1926-жылға дейін жарық көрген «Ақ жол» алаш белсенділері құрған газет. Оның алғашқы редакторы Сұлтанбек Қожанов болса, Н.Төреқұлов, М.Дулатов, І.Жансүгіров, А.Байтұрсынов секілді қазақ зиялылары Қазақ АССР-і өмірі мен оқиғалары туралы мақалаларын жариялаған. Бұл жинақ саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында жарық көрді.

Сол жерден 1922-1923 жылдары жарық көрген «Шолпан» журналының 8 санын таптым. Ғалым Тұрсынбек Кәкішевке көрсетіп, кітап қылып шығару туралы кеңестім. Араб қарпімен басылған журналдың түпнұсқасын (форматын, дизайнын) сақтай отырып, мәдениет министрлігінің, «Алаш» партиясы, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының қолдауымен кітап қылып шығардық. М.Қойгелді, Б.Аяған, С.Аққұлұлы, А.Перуашев секілді азаматтар қолдау көрсетті» деді.

Кездесу соңында Yessenov University президенті Берік Ахметов қорытынды сөз сөйлеп, арнайы алтын медальмен марапаттады. «Қазақтың көрнекті ақыны, қайраткер қызы Ханбибі Есенқарақызын ақын ретінде танитын едік, оның ұзақ жылдар бойы ғылыми-ағартушылық, қоғамдық-саяси қызметтермен де белсенді айналысып жүргенін сол еңбектерінің жемісін көргенде біліп отырмыз. Қаламгер үшін өз кеудесіндегі табиғат тарту еткен өнер-аманатын мүмкіндігінше халқына молынан жеткізу де – аз абырой, оңай жүк емес. Ал өзіне дейінгі ұлылардың ұлағатын ұлықтап, руханият жоқшысы болу – ерлік деп есептейміз. Әсіресе, ер азаматқа бергісіз әйел адамның мұндай тәуекелге барғанына тәнті болып отырмыз.

Өткен ғасырдың басындағы аласапыран жылдары бастарын бәйгеге тігіп, ұлт азаттығы үшін, елі мен жерінің тұтастығы үшін күрескен қайраткерлердің жанқиярлық қызметін ұмытуға хақымыз жоқ. Бірақ ол деректерден біржола қол үзуге шақ қалып, ғасыр соңында аңсатып жеткен Тәуелсіздіктің арқасында ғана қайта жаңғыртуға мүмкіндік алдық.

Жұрттың жадын жаңылдыру үшін, ұрпақтар сабақтастығын үзу пиғылымен ширек ғасырдың өзінде үш рет әліпби ауыстырған советтің солақай саясаты мақсатына жеткенде, тарихымыз шолақ, тіліміз шұбар, ұлттық құндылықтарымыздан мақұрым елге айналарымызға күмән жоқ еді.

Ақын Ханбибі Есенқарақызының араб әліпбиіне негізделген төте жазумен және латын әліпбиімен жарық көрген «Ақ жол» газетінің түгел тігіндісін Ресей мен Өзбекстанның архивтерінен, Қазақстанның қол тимеген қорларынан жинауы, ол материалдарды қазіргі қолданыстағы кирилл әліпбиіне көшірткен қызметі, жиналған аса құнды деректерді жүйелеп, ғылыми түсініктерін дайындап құрастыруы, бюджет қаржысына салмақ салмай, нарық заманында демеуші тауып, он томдық, жиырма бес томдық жинақтарды мыңдаған таралыммен бастырып шығаруы – жеке адамның емес, бір институттың жұмысы, ұжымдық қызметті қажет ететін жобалар еді.

Өз еркімен иығына жүк артқан, осы жолда жүйке-жүйесін жұқартқан ақын апамызға қалай риза болмасқа?!
 Осы азапты әрі ғажап іске жұмсаған уақытын, шығындаған қаржысы мен қажыр-қайратын қаламгер жеке өмірі мен шығармашылығына ғана арнаса, жауһар жырлары мен әсем әндері еселеп туары даусыз еді. Соны біле тұра саналы түрде екінші жолды таңдағанына жас буынның атынан алғысымызды білдіреміз» деген оқу орны басшысы ақынның  Маңғыстауға келген сапары профессор-оқытушылар мен студенттерге, магистранттар мен докторанттарға шығармашылық шабыт сыйлағанын сезіп отырғанын, ол еңбектердің келешекте ғылыми зерттеу нысанына айналатынын жеткізді.

«Сіздің қоғамдық-саяси, әдеби-мәдени һәм ғылыми-ағартушылық қызметтеріңіздің лайық бағасы ретінде «Академик Шахмардан Есенов» атындағы алтын медальмен марапаттағамыз келеді»,-деген Ұлықбек Серікұлы «Құрметімізді қабыл алыңыз!» деп кеш иесіне «Шахмардан Есенов атындағы» марапатты тапсырды.

Той тойға ұласты дегендей, Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген қызметкері, «Барыс», «Парасат» ордендерінің, халықаралық «Алаш әдеби сыйлығының» иегері Ханбибі Есенқарақызының «Мен-анамын, ақынмын әлемді ойлар!» атты шығармашылық кеші «Достық» үйінде жалғасын тапты. Ғимарат фойесінде банер, кітап көрмесі арнайы жасалған кубиктерге орналастырыып, қонақтарды «Ақшағыл» этно-фольклорлық ансамблі халықтық әуендерді орындап қарсы алды.

Кеш шымылдығы әдемі әнмен ашылып, ортаға кештің жүргізушісі ақын, филология ғылымдарының докторы, професор, Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бауыржан Өміржанұлы Жақып шығып, «Асалаумағаликум құрметті өнер сүйер қауым!» деп амандасып алған соң, сахнаға кеш иесін шақырды. Әнші-композитор Құралай Сәтмұхамбетованың орындауындағы «Алтынай», «Гүл көңіл», «Ауылға барам» әндерін көрермен қауым жылы қабылдады. 

Замандасы Әселхан Қалыбекова «Ханбибі сен менен оздың! Сексен жасқа келгенше 80 кітабың шығуын Алладан тілеймін!» деген батасына ие болған ақынның бүгінге дейін 73 кітабы жарық көріпті. Талантымен ерте танылған Ханбибіден алдыңғы буын аға қаламгерлер де бата-тілектерін аямапты. Төлеген Айбергенов «Сен шықпақ биік жоғары, алқынып туған жас жүрек қиып түссем деп соғады» десе, Қ.Бекхожин, Ә.Тәжібаев, М.Шаханов, Д.Исабеков игі тілек арнап, Фариза апасы: «Қазақ жыры кіріспесі Бұхар жыраудан басталатын үлкен бір том болса, Ханбибі ақынның шығармашылығы сол алтын әріпті томның айшықты бір беті деуге әбден болады» депті.

«Ханбибі Есенқарақызы ұзақ жылдар бойы Оңтүстікте облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайының директоры қызметін атқарды. Өлеңдері орыс, украин, өзбек, якут тілдеріне аударылды. Әнге айналған «Алтынай», «Нұрикамал», «Қадиша», «Дос іздедім», «Көңілгүл», «Махаббат-өмір» өлеңдері халық арасына кеңінен таралды» деп кеш иесінің өмір жолымен көрерменді көпшілікке қысқаша танысытырып өткен Бауыржан Жақып сөз кезегін Ханбибі ақынға берді. Алғашқы сөзін жырмен бастаған ақынның: «Сіздер барда сөйлеймін киелі үнмен, Өліспейтін, өлсе де беріспейтін, Халқым сені сүйемін, сүйемін мен!» деген жалынды сөздерін жас ұрпақ жалғастырып, «Қатал тағдыр-тезіне көп салмай ма?», «Айтатыным, жазатыным - тек шыным», «Сексеуіл» «Көбелектің ғұмырындай», «Ей, Махамбет ағатай», «Бір уыс топырақ» өлеңдерін Альбина Мирасқызы, Алмат Тасқайров, Гүлжайна Избасқанова, Асылбек Көлбай, Арайлым Рысбек, Мұрад Әбілмансұр, Ботакөз Оңғарбайқызы, Ықылас Табынаев оқыды.

Көрермендер сұрағына жауап берген ақын «Фариза мен Әбекеңнен кейін көшелі, парасатты сөздерді сағынып жүрген шығар деген оймен келдім» деген жыр кешінде М.Өскенбаев атындағы облыстық филармониясының әншілері Фариза Ретбаева, Асанәлі Көшеров, Марат Стан, Серіжан Масжанов, Мөлдір Жайлыбаева «Дос іздедім»,       «Нурикамал», «Қайтейін», «Махаббат-өмір» әндерін шырқап, көпшілік қошеметіне бөленді.

 Ел аузында Хан қызындай Ханбибі атанған ақын кешінде өңір басшысының бірінші орынбасары Бекбол Орынбасаров құттықтау сөз сөйлеп, киелі Маңғыстау жеріне қонаққа келіп, жырсүйер қауымды үлкен қуанышқа кенелтіп отырған кеш иесіне облыс әкімінің сәлемін жеткізіп, ата-баба салтымен иығына шапан жапты.

Құттықтау тілегін айту үшін халық алдына шыққан елағасы, белгілі ғалым Өмірзақ Озғанбайұлы Ханбибі сияқты қос тізгінді – ақындық пен жазушылықты қатар ұстаған әдебиет қайраткері сирек екенін айтып, «Ханекең үлкен қайраткер. Жазықсыз жалалы болған сталиндік жаналғыш машинаның оттығына түсіп кеткен қазақтың ұлы адамдарын қайтадан рухани өмірге әкелуге талаптанған қайраткерлігі туралы айтқым келеді. Президент Қ.Тоқаев осы мәселеге ерекше мән беріп, мемлекеттік комиссия құрды. Сол комиссияның Оңтүстік өңірде өндіре жұмыс жасап жатқан мүшелерінің бірі Ханбибі Есенқарақызы» дей келе, Адай атамыздың анасының есімін иеленген ақынға ұзақ өмір, шығармашылық табыс тіледі.

Одан соң сөз алған мемлекеттік қызмет ардагері, облыстық ардагерлер қоғамының мүшесі Саламат Нұров ақсақалдар атынан игі тілегін білдіріп, керемет кештің иесі болып отырғанын жеткізді.

Бауыржан Жақып қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер қыздар Шолпан Иманбаева, Мәриям Хакімжанова, Зияш Қалауова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Қанипа Бұғыбаева, Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметова есімдерін атай келе, сондай ақын қыздардың бірі Ақшагүл Рамазанованы сахнаға шақырып, сөз берді. Ақын өз кезегінде кеш иесіне арнаған жылы лебізін білдіріп, қолына қос білезік салып, өзінің жыр кітабын сыйлады.

Өңірдің өлеңсүйер қауымына өте жақсы көңіл-күй сыйлаған кездесу сәтті аяқталды. Кеш иесімен естелік суретке түсіп, емен жарқын қоштасқан жұртшылық жыр құдіретіне бас иіп, өнер иесіне құрмет көрсетті.

Үміт ЖӘЛЕКЕ

author

Бауыржан Жақып

АҚЫН

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...