Толстойдың «Много личеловеку земли нужно» деген шығармасын оқып, қатты әсерлендім. Бұл ә...
Хорхе Луис Борхес. Кездесу (новелла)
807
Сусача Бомбальға арналады Ертеңгілік газеттерді шолып шыққандар одан оқиғалар немесе кешкі өсек-аяңға тақырып іздейді. Сондықтан өз заманының айғайлы, кейіпкерлері Манеко Уриарте мен Дункан болған оқиғасын жұрт ұмытқан да сияқты. Ұмытпағандар болса − онысы бұлдыраған түс түрінде ғана. Иә, ол оқиға комета ағып, тәуелсіздік жолындағы соғысқа жүз жыл толған 1910-шы жылы жүзеге асқанды. Осы уақыт ішінде біз көп нәрсені игердік, көп нәрсені жоғалттық. Әлгі екі кейіпкердің екеуі де көз жұмған. Куәгерлер болса болмаса да жақ ашпауға ант ішіскен. Тоғыз-он жасымда менің өзім де қолымды көтере ант беріп тұрып, осынау рәсімнің маңызын бүкіл романтикалық мәнімен айқын сезінгем. Менің де ант бергенімді басқалар білді ме? Ол жағын айта алмаймын. Ал өздері берген антын орындай алды ма? Маған ол да беймәлім. Қалай болған күнде де, менің әңгімемнің бұрмалаусыз болуы мүмкін де емес. Бұл орайда осынау баяным санадан көшкен уақыт пен жақсы (немесе нашар) әдебиетке қарыздар. Сол бір кеште немере ағам Лафинур мені өз достарының бірінің қала сыртындағы поместьесіндегі жиынға ертіп шыққан. Оның нақты мекен-жайын да айта алмаймын. Мейлі ол өзенге тұмсық тіреген, іргедегі астана мен оны қоршаған жазықты еске түсірмейтін қала сыртындағы жасыл да тыныш орындардың бірі бола берсінші. Пойыздың ұзақ жүргені соншалықты, жол мүлдем таусылмастай көрінген. Мұндайда балалар үшін уақыттың өтпей қоятыны белгілі ғой. Біз поместьенің қақпасынан өткен кезде іңір де түсті. Маған төңіректегінің бәрі де: қақталған еттің иісі, ағаштар, иттер, жанған қабық, еркектерді алқа-қотан жүгіндірген от көне, байырғы қалпында сақталғандай көрінеді. Оншақты мейманды санап шыққам. Бәрі де ересек. Соңынан анықталғандай ең үлкені отызда ғана. Әрқайсысының менің түсінігімде салауатты әңгімеге татымайтын: бәйге аттары, киім, автомобиль, қымбат тұратын әйелдер сияқты дүниелерге қатысты білігі үлкен екенін көп ұзамай-ақ ұғып қалдым. Пеондардың бірінде еш қиындықсыз, шеберлікпен пісірілген қой еті бізді ұлан-ғайыр асханада ұзақ кідіртті. Шараптың ұзақ сақталуы сөз болды. Гитара да табыла кеткен. Есімде, ағам Элиас Регулестің "Ескі үйі" мен "Гаучосын", одан соң сол жылдарға тән мәнермен Хунин көшесіндегі ғимараттағы пышақтасқан төбелес туралы бірнеше бұзықтау ән шырқады. Кофе мен сигара әкелінді. Үйге қайту туралы сөз атымен жоқ. Лугонестің тілімен айтқанда, қорқыныш сезіндім. Тым кеш тұғын. Сағатқа қарауға жүрегім дауаламады. Ересектер ортасындағы жалғызсырауымды жасыру үшін көңілім қаламаса да бір бокалдан соң екіншісін босата беріппін. Уриарте бар даусымен айғайлап Дунканға жекпе-жек покер ойнайық деп ұсыныс айтты. Әлдекім оның мүлдем қызық емесін, одан да төрт адамның ойнағаны дұрыс болатынын еске салды. Дункан келісті. Бірақ Уриарте мен түсінбеген, түсінігім келмеген әлдебір себеппен қырсыға түсті. Түрлі балалық қылықтарым мен өлең жазуымның арасындағы бос уақытымды қысқартатын "трукодан" басқа карта ойынын ұната қоймайтынмын. Ешкімнің кезіне түспей бөлмеден жылыстап шықтым. Бейтаныс әрі ала көлеңке үй (жарық ас үйде ғана жанып тұрды) бала үшін саяхатшының алдынан шыға келген көрмеген ел сияқты болса керек. Баяу басып, бөлмелерді шарлап шықтым. Бильярд залы, тік бұрыштары мен шыны ромбалары бар галерея, екі тербелетін орындық пен беседка көрініп тұрған терезелер есімде қалыпты. Қараңғыда жолдан адасып кетіппін; ақыры ұмытпасам есімі Асеведо, яки Асеваль үй қожайынына ұшырасқам. Мейірімділігі ме, жоқ әлде коллекционерге тән мақтаншақтығы ма, ол жағын білмеймін, ол мені шынылы шкапқа алып келді. Шамның жарығымен ішіндегі қару-жарақ жарқ-жұрқ етеді. Қожайын Пергемино төңірегінде ұлтарақтай жері барын, мына байлықты бүкіл провинцияны кезіп жүріп жинастырғанын айтқан. Ол шкапын ашып, таблицаларына көз салмастан бір-бірінен аумайтын, өткен тарихымен ғана ерекшеленетін барлық экспонаттары туралы айтып шықты. Соңынан Мартин Фьерро, Дон Сегундо Сомбаро сияқты сабаздардың шығуына түрткі болған, бүкіл гаучолардың пірі Морейроның қанжары бар ма, деп сұрадым. Қожайын Морейро қанжарының жоқ екенін, есесіне жартылай дөңгелек балдақты пышағы барын айтты. Аяқ асты айғай естілген. Қожайын шкапын жауып, сол жаққа жүгірді. Уриарте қарсыласының алдағанын айтып гүжілдейді. Қалғандары екеуін қоршап алыпты. Есімде, денесі мығым, сәл еңкіш, жүзі сабырлы, шашы аппақ дерліктей ашық түсті Дунканның бойы бәрінен да асқақ көрінетін. Үнді қаны бары сөзсіз Уриарте шағын денелі, қара шашты селдір мұртты жігіт еді. Бәрі тегіс мас болатын. Ақиқаты солай ма, әлде кино оқиғаларына құмарлықтың әсері ме, еденде екі-үш бос бөтелке домалап жатқан сияқты еді. Уриартенің аузына тыным жоқ. Әуелде мазаны келтіре, соңынан анайылана тиісуін қоймаған. Дункан онысын құлағына ілмеген сияқты еді; ақыры шыдамаса керек, орнынан тұрып, Уриартені бір соққан. Құлап түскен Уриарте есесін жібермейтінін айтып бажылдап, Дунканды дуэльге шақырды. Ол бас тартты. Онысымен қоймай ақталғандай болып: − Гәп мынада, мен сенен қорқам ғой, − деген. Жұрт қыран-топан. Аяғынан тұрып үлгірген, Уриарте де: − Осы қазір төбелесеміз! − деп қоймады. Құдай өзі кешірсін, әлдекімнің: "қаруды алыстан іздеудің қажеті жоқ" дегені. Шкапты кімнің ашқаны есімде қалмапты. Манеко Уриарте өзіне тиімдірек, үлкенірегін − балдағы жұмыр қылышты, ал Дункан ағаш сапты, жүзінде бұтақ бедері бар пышақты қарамастан-ақ ала салды. Қару таңдау Манеконың ыңғайына қарай жүзеге асты. Алайда қаруды ала беріп оның қолы дір еткеніне ешқайсысы да таңданған жоқ. Оған қоса Дунканның да қолы қалтырағанда жұрт толқып кеткен. Дәстүр бойынша жекпе-жекке шығатындар үйді сыйлауға тиіс. Екеуі де үйден ұзап шыққан. Өтірік, не шын екенін біле алмай біз де дым бүріккен далаға шықтық. Масайып қалыппын. Шараптан емес, мына ғаламат оқиғадан еді оным: есімде сақтап, айтып жүруім үшін екеуінің біреуінің өлгенін қаладым. Шамасы, ол кезде ересектердің де ойы сол болған сияқты. Сосын бір түсінгенім − бәрімізді де ерекше оқиғаның қызықтырғыш иірімі тартып бара жатқан-ды. Манеконың таққан кінәсіне иланған да жоқпын; бар гәп − байырғы жаулықта. Оны шараптың буы қыздырса не жорық?! Ағаш бұталарының астымен жүріп, беседкадан да өттік. Уриарте мен Дункан қатар келе жатыр; мені екеуінің бір-бірінен сақтанғандай, аңдысқаны таңғалдырған. Шалшықтан әрі өттік. Дункан баяу болса да шешімтал дауыспен: − Осы жер жарайды, − деді. Екеуі ортада мелшиіп тұрып қалыпты. Әлдекім: − Андағы темірлеріңді тастап, жұдырықтасыңдар, − деп айғай салған. Алайда жігіттер шайқасты бастап та кеткен еді. Алғашында олар жарақаттанып қалудан сескенгендей қорбаңдай қимылдаған; әуелде екеуі де бір-бірінің қаруынан көз айырмаған, ізінше бір-бірінің көздеріне тесілетін болды. Уриарте қызба мінезін, Дункан сабыры мен жеккөрінішін естен шығарды. Қатер екеуінің де есін кіргізді; шайқас үстінде екеуі де даурықпа бозбаладан өліспей беріспес нағыз еркекке айналды. Мұндай жекпе-жектерді болаттың шақ-шұқ соғылуы ғана деп елестететінмін. Байқап тұрсам, көңіл бөлуге тұрарлықтай нағыз шахмат сайысына ұқсас дүние екен! Әлбетте, дәл сол жолы көргенімнің біразының уақыттың дегенімен санадан өшкені де рас. Шайқастың қаншаға созылғанын да ұмытыппын; өмірде әдепкі уақыттың ауқымын тарсынатын оқиға аз ба?! Мұндайда қолданылатын қалқанның орнына олар кәдімгі білектерін пайдаланды, көп ұзамай-ақ пышақ жүзі аяусыз тілгілеген жеңдері қаннан қарауытып шыға келген. Сабаздарды мұндай шайқасқа тұңғыш түсіп отыр дейтіндер болса − қателескенге ұқсайды. Қимылдарында өзгешеліктер барын да аңғарып қалдым. Қарулары сәйкес келмейтін. Ара қашықтықты қысқарту үшін Дункан жақындай түсуге тырысады. Уриарте қашқақтап, қарсыласып төменгі тұсынан соққылайды. Шкапты ашу туралы дауыс иесінің саңқ еткені: − Мыналар бір-бірін өлтіреді! Ажыратыңдар! Алайда ешкім орнынан қозғала қоймады. Уриарте шегіншектеп, Дункан шабуылдайды. Денелері тілім-тілім. Уриартенің қанжары Дунканның бетін осып өткен. Бір сәт біртіндеп қысқарған түрінде Дунканның кеудесіне бойлап еніп бара жатты. Дункан шөп үстіне ұзыннан сұлаған. − Қандай тылсымды! Құдды, түсімдегідей, − деген сөзі ақтық демімен бірге шыққан. Көзі ашық жатыр. Қозғалмайды. Адамның өзі сияқты адамды өлтіргенін алғаш рет көрдім. Манеко Уриарте кешірім сұраған кейіпте мүрденің қасына дізерлей шөкті. Көз жасын да жасырған жоқ. Ақиқатында оқиға оның қалауынсыз жүзеге асқан-ды. Мәселені енді түсіне бастадым: ол жасаған қанқұйлы әрекетіне емес, ақылсыз әрекеті үшін өкінулі еді. Мұндайға куә болу одан да ауыр. О баста жүзеге асқанын қалаған оқиғам, ақыры, менің де еңсемді езіп аяқталды. Соңынан Лафинур да өздеріне ажалды қанжарды суырып алудың оңайға түспегенін айтқан. Ақылдасуға кіріскенбіз. Пышақпен шайқасты жасырып, өтірікті барынша аз қосуға, жекпе-жек семсерлесу түрінде өтті деуге келістік. Ішінде Асеваль да бар төрт адам секундант болған-мыс. Буэнос-Айресте мұндай өтіріктің қисынын келтіруге болатын, достар барлық саладан табылады. Каобадан жасалған үстел үстінде ағылшын карталары мен несие қағаздары шашылып жатыр. Оған ешкім тиіскен жоқ. Назар да аудармайды. Соңынан бұл оқиғаны достарымның біреуіне айтып беруге бірнеше мәрте оқталғам. Бірақ адамның құпияны ашып бергеннен гөрі, жүрек түкпірінде сақтауға бейілді екеніне тағы да бір көз жеткіздім. 1929 жылғы кездейсоқ басталған әңгіме, ақыры, осы бір қағиданы бұзуға мәжбүр еткені. Полицияның отставкадағы коммиссары дон Хосе Олаве маған Ретиро жазықтығында болған пышақтасқан қырғынды айтып берген; "бұл халық, − деген ол − қарсыласын жеңу үшін ештеңеден бас тартпайды. Бірақ Гутиерес пен ағайынды Подестердің ашық жекпе-жегіне дейін бұл төңіректе мұндай оқиға болған емес-ті. Мұндай оқиғаны көргем, деп қарсылығымды жасырмағам. Сөйтіп, он екі жыл бұрын болған жайды оған айтып бердім. Баянымды кәсіби құлықпен тыңдаған ол сауал тастады: − Уриарте мен әлгі марқұмның, аты кім еді өзі, бұған дейін қолдарына қанжар ұстамағанына сенесіз бе? Мұндайды өз поместьелерінде үйренуі де мүмкін ғой? − Олай ойламаймын, − дедім мен. − Ол жерге жиналғандар бір-бірін жақсы танитын. Бірақ сол оқиға бәрі үшін де күтпеген жайт болды. Олаве ойлана отырып, баяу тіл қатты. − Дөңгелек балдақты пышақ... Мұндай пышақтардың екеуі белгілі: бірі − Морейроныкі, екіншісі − тапалькендік Хуан Альмаданыкі. Есіме бірдеңе түскендей еді. Дон Хосе: − Сосын сіз жүзінде бұтақ бедері бар ағаш сапты пышақ туралы айттыңыз. Ондайлардың мың санын білеміз. Бірақ біреуі... − Бір сәт үнсіз қалып қайта жалғастырды: − Сеньор Асеведоның именией Пертаминоның шеткері тұсында. Ғасырдың соңында ол төңіректе тағы да бір аламан − Хуан Альманса жортуылдаған. Он төрт жасында алғаш рет адам өлтіргенінен бастап, ол қысқа пышағын тастамайтын: пышақ оған сәттілік әкелетін. Екеуін жиі шатыстыратындықтан болар, Хуан Альманса мен Хуан Альмада ит пен мысықтай екен. Бір-бірімен кездесуге екеуі де құлықты болыпты. Алайда жолдары түйіспей кеткен көрінеді. Хуан Альмансаның түбіне сайлаулардың бірінде атылған қаңғыбас оқ жетіпті. Жобасы, екіншісі Лас-Флорестегі аурухана кереуетінде өз ажалынан өлген. Әңгіме осымен тәмам болды. Мені мүлдем басқа бір ой мазалайды. Денеге бойлай енген қанжарды менен де басқа бүгінде о дүниелік болған оншақты адам көрді. Ақиқатында біз мүлдем басқа, тарихи бір оқиғаға куә болған екенбіз. Дунканды өлтірген Манеко Уриарте емес екен. Сол түні адамдар емес − кектескен қанжарлар соғысыпты! Адам қолы тиіп, оятқанша... олар шкап түбінде қалғып жатыпты. Шамасы, оянған кездерінде қанжарларға қозғалыс енген сияқты; Уриартенің қолын дірілдеткен де сол керемет. Дунканның қолын қалтыратқан да сол, оларға шайқас сыры таңсық емес-ті. Сол бір қанды түні шайқасқан да қанжарлар емес, сол адамдардың өздері тұғын. Олар бұралаңы көп өмір жолында бірін-бірі көп іздеген-ді. Ақыры, денелері топыраққа айналған кезде кездесіп тынды. Қанжар жүзінен тұрақ тапқан адами кек те әбден пісіп, жетіліпті. Заттар − адамның артында қалмақ. Кектескендердің тарихы осымен біте қойды ма екен? Оны да білмейміз. Мүмкін оларды тағы да бір кездесу... күтіп тұрған шығар? Оны да ешкім білмейді...