Садық Хедаят – Иранның белгілі жазушысы, суретшісі, этнографы халық ауыз әдебиетін жинаушылард...
Гүлімай Әбішқызы: Мен саған барсам қайтеді?..
***
Дауысы – дауа есті үннің,
көкейде бүрі өскіннің,
өзегімде тамыры
өткен берекелі бес күннің.
Өз таңдайым талмайды
ортағы жоқ ешкімнің.
Бөлісер ем, болмайды.
Ол – қайғы!
Кəдімгі зəһар!
Өрт өлең!
Нұр болса əр тамшысын
шашыратып, шертер ем.
Бұл – дерт өлең...
***
Тəңірінің құзырына сыйып,
жақұт тағымды да қиып,
ұжданымды алқымыма түйіп,
жырдан қамыт киіп,
қадам сайын қисса жыйып
тəубеме теңіз толқыны да иіп,
алма бетімді ай сүйіп
мен пейіштен келдім.
Хаққа.
Ақиқаты да жалған жаққа...
***
Жанымның шырылы ұйқасып
қоңырау үнімен,
көзіме ештеңе түспей-ақ,
жылағам шынымен.
Сезімнің бағасы өтеулі
ғұмырдың құнымен!
...Тəңірден күткенім тыным ең...
Күмбірлеп үн шықты жадымнан.
Өңімде естідім мұны мен.
Ешкімге мен ғашық емеспін!
Тұншыққыр, көмескі үн!
Сезімді көзбе-көз көргем жоқ,
сеніммен тел өстім.
У ішіп жүрсем де
өзгенің ақысын жемеспін.
Саусағын созғаны болмаса
сан түрлі елестің,
мен ғашық емеспін.
Өллахи, ғашық емеспін!
***
Ақтөбеге көктем келді... ақыры,
күтпей қыстың ақырын.
Қыңырая шекелейді қасаң қар
күресінге қысып қойып тақымын.
Сора-сора сүңгі сыбай құйрықтан
үміт үзіп мақұрым,
жадына əлі тоқып жатыр мұңды мұз
жер мен көктің ғақылын.
Тек...көктемнің шығамын деп алдынан
аңғалдау бір ақыным,
қайтпай қойды, қия бетке тігіп ап,
кісəпірлеу шатырын.
Мүсəпірлеу мезгіл екен тапқаны,
шапқаны – белгісіздеу шақырым.
АМАН аты, аманаты қап кетті!
...Əй, қайтпайды-ау АҚЫНЫМ...
***
Түсі түгіл, өңінде де көрсін деп,
Өтекемнің жалаңаш төс гəң-гүңін,
қырау-қырау əйнегімді сүртеді
құрау-құрау таңғы мұң.
Созып-созып,соңына үзіп тастаса
сықыр сері жанды үнін,
соны іліп ап, сырғақсиды мұз-ғұмыр
табанында шаңғының.
Шұрық-тесік соры қайнаған қар мүсін,
шұбатып ап үсік салған шарғысын,
əр сүңгіге мөр бастырып бүкеңдеп,
ұлықтап жүр табиғаттың жарғысын.
Ақпанды да алқымға алып ұры аяз,
таға ма деп қыл мойынға қарғысын,
үңіреңдеп, үкім күтіп ұзан жүр
Үт-үмітім, бармысың?
***
Мұрындығын үзді ақпан тапырақтап.
...Түйесі түгел кімнің?..
Бұйдасын дəлу неге түріп жатыр
тізесін бүгер күннің?
Ақ түтек ала таңда пысқырынды.
Құр құлақ қайшылар ма
Сəуегей, боз боранға ішірткі бер,
іш тартып,ай шыдарға.
Бесінде-ақ ызадан күн сүйірленді,
сəуле ойнап шекесімен.
Зып берді ынсапты ымырт иек астынан
көңілдің көкесімен.
Уілдек қараңғыны індетіп жүр,
қаһарға міне шауып.
Айылы ағекемнің бостау екен...
барады сафар ауып,
сафар ауып.
***
Тəу! Көктем! Төбеңізді көрдім,
төсіңізге өлең біткен бе
тұрқыңыз Төредей екен,
тұмарыңыз Төлеңгіттен бе?
Сыңғырының сүйкімі бөлек,
күмістен, ə, күймеңіз.
Жасыл жарасады екен
өзге түс кимеңіз.
Жұпары танау керіп,
аңқығанда самалыңыз
үйден үдере көштік
болмай амалымыз.
Қыздарға не сыбырладыңыз
көше күлді ғой саңқылдап.
Бұлтын жан-жаққа жүгіртіп жатыр
аспан аңқылдап.
Тобығына дейін "тəмсіл"торлап,
басын бүркеген, кімсің, дүр?
Күнге түнегіңді ашшы,
шуақ сіңсін бір.
Қара көзім ағарғанша
ақ айтып, аққа жетіп ем,
қоңсының қара жамылғысын
қайтып бер, қызым, өтінем.
Ай жүзді "Амал" келді ғой!
Ақпен қауышайық та.
Жағылған күйені жуып
тауысайық та.
Əлде...көктеммен көйлек ауысайық па?
А?
***
Тылсымнан тырсыл озса дара шауып,
томсарып, құра алмаса қала сауық.
Саябақта саяқ қап сары шымшық
сарнаса санасы ауып;
Ақын біткен қаламын шала сауып,
ақыл біткен алысқа алаңдаса...
Не қауіп?!
Жə, жабысқан жоқ дерт ауып.
Тек...
бізден тəуір ел тауып,
көшіп кетті менмен күз!
Қалай?
Қалай сенгенбіз?!
***
Қолүздім,
бұкүзге ермедім.
Күзсіз де емеспін...
Қойнына қыстырып барады
сүмбіле сыңайлы дөңес күн.
Неғайбіл айналып келмегім
күткенім басқа күз.
Сары табан сағыныш бағытын сілтейді
соңына тастап із.
Күз ортақ болса егер
со бағыт...тапсаңыз
...мына күз-басқа аңыз...
***
Тəй-тəй, тамыз, төскейге шық,
құлық жақтым табаныңа
гөй-гөйле, Жем, гүрілдеп өт,
гүл қадайын жамалыңа.
Шөк-шөк, керуен, көше көрме
күмбір-күмбір күз келеді
күзге бер деп, сары алқасын
Сүмбіле қыз үзген еді.
Сағағына серт байласып,
сəулеге иек сүйесем кеп,
сидаң қақты сумақай жел
сол алқаның иесі ем деп.
Мырың-мырың Мизам мырзам
төрелік те айта алмады,
тасыр-тұсыр тұрақсыз жел
ұрлағанын қайтармады.
Жасыл біткен жөнеді ақыр
жаннан безген бір көлікпен
ыржың-ыржың ұят қашты
ұстыны өлген іргеліктен.
Көкжиектен көпе-көрнеу
жылыстап жүр сылаң сағым,
шашын жұлып шалғын байғұс
іздеп жатыр бұлаң шағын.
...менен де қайран болмады-ау...
***
Ғазал бақтың əр күлтесін малданып,
көкжиектің көп түсіне алданып
қыр асқам,
жолай іздеп жүрек емін,
төбемді əркез тірегенім
бір аспан.
Жердің беті тұнған бақыт
шалқып өтем думандатып
деген ем,
соңыма сан жол тарап құр,
талқанымды орталап тұр
тегенем...
Қанша мұңды жетектедім
уіліңді етектедім,
тын,дауыл!
Бақсызбын деу-əсіре тым.
Бағы жанған қасіретім-
құмды ауыл.
***
Көз құрты құж-құж қайнап,
құмарту-заңдылық дейді.
Нəпсінің балқаймағы
көзе асып,тəнді үгіттейді.
Жасылдың сарғаймағы
күз айтар əнді күтпейді.
Арашасыз ар мен сор арпалысы-
итжығыс!
Мəңгі бітпейді.
Қараның ағармағы
намыстың нарқын қақпайды
Ағеден сүрінгенше
əліптің артын бақпайды.
Нарт қызылға- сұқ саусақ
ақыры зар құндақтайды.
Табиғи түсің сенің қандай еді,
жалтылдақ қайғы?
***
Тарпаң-тарпаң,дүние,
таң жолыңа ақ төсер,
тірсегіңнен дəмелі
тыраң-тыраң қаптесер.
Шұбата кел шудаңды
шүйкеленіп бақ көшер,
тамыршылар "шоқ" десер,
тəңіршілер "шөк" десер.
Шөкелесең қайтеді
тапырақтап өкпе өшер.
Тізгініңе қол создым.
Сенбесе де сөкпес ел.
Тарпаң-тарпаң дүние-ай!..
***
Құстар да құр қалқи ма
ұшу керек болғасын,
қарағашта қалғи ма
жасыл-жасыл қорасын?
Мен мен емес, бір міскін
меңіреу түн жолдасым.
Мысық мұрты мегзеген
маңда-ау, сірə, жол басым.
Табыл-табыл, тыныштық
табылсаңшы маған бір.
Тереземнің ар жағын
тезге салған ағам жүр.
Түнгі бақтың тылсымы-ау,
сенің берген бағаң-дүр!
Таптаурынға оралсам
тиындық пұл табам кіл.
Өз жанымды өксіткен
тəнге қалай жағам бұл?
(Қалай-қалай заман бұл?! )
***
Озды-ау бізден осы күз
қусақ,жеткізер ме екен?
Күбіріме күмбір қосыңыз,
күнəға бет түзер ме екем.
Жолығайықшы ақыр
армансыз өту үшін де.
Бəс тікпес уəдем күшінде,
бозам ішімде.
Біз де бір адасайықшы
бағытсыз қалып,
жалынға жанасайықшы
суытар табыт сызданып.
Құшақта саудалап
құрметтің құнын,
нəпсі-құл қаумалап
үмметтің нұрын,
қазір-ақ
есірік етсе ырзамын.
Құдайға мен де бұзып барайын
кешірілмес бір заңын.
Азап шегер күшім қанша?!
Ақты аққа орап,ұсынғанша,
шешем шердің дестесін.
Келіңіз,жаман болайық.
Жаман болайық!
Ешкім кешпесін!!!
***
Сен,терезе,телмеңдеме бұлай тым
маған ненің сыры айқын?
Бұ қаланың өз жөні бар
жөңкіп жолы құрайтын.
Тəңір төгер тамшысы
сыртта саулап,
іште саусақ
əйнек сипап жылайтын...
менен нені сұрайсың?
Əлгі...əжік-күжікті де сен көрдің,
аспан көзді сасқан көзге теңгердің
жақтауыңа жарық сəуле өңгердің,
неге енді
теріс қарап терлейсің?
Жалынсырап он келдім.
Ем бергін!
***
Қос өркеші дір-дір,
қоялығы үлбір,
жанары мөлтең-мөлтең,
жаратылысы көркем
бір бота
боздап барады,боздап барады.
Баянсыз əлем бүйірі
бүлк ете жаздап қалады.
Қасіреті тірсегінен қағып,
көз жасынан қасаң тұмар тағып.
Үлпілдегі үп еткенмен билеп,
үміт жалғап,үзік ноқта сүйреп,
тұмсығымен түнек түртіп,ойнайтынын-ай
Шаршамай ма,
шер шайнауын қоймайтынын-ай!
Жетердей Балқан тауына,
көнердей арқандауына
тапырақтайды-ай,
жолына өсесің-ау сен,
өзегін тесесің-ау сен,
жапырақ-қайғы-ай!
ДИМАШҚА
Уа! Алаш!
Құтты болсын бел балаң!
Көрімдігін бер, ғалам!
Маңдайға тіреп мың баған,
іргесін Үрім ымдаған
түртіп арымды.
Алаң ғасырым жерік пе ең,
Алшынға аян беріп пе ең
біртуарыңды?
Алтын құрсағым бұлтиярына,
Алашқа Аллам нұр қиярына
шын сенгем,
Абыз даланың арыны дарып
аруананың уызына жарып,
тұмса емген.
Құлыным түу-түу қияға шапты!
Көмейдің сырын сияға шақты
Ақсарбас!
Борбайлаған да бола алмай қалды,
Ойбайлаған да қона алмай қалды
жапсарлас.
Батадан тұмар таққаны-ырым,
Бабаға шырақ жаққаны ұлым,
шаттығым!
Таңдайға зəмзəм тамып кеткендей,
жалғанға жұмақ дəріптеткендей
тəтті үнің!
Қобыландың Бурыл тізгінін берді,
Ақтөбең көктен өз күнін көрді,
құлыным.
Төрткүлге тəубе жасатар əлі
Тамырын қаңтар босатар əлі
гүлінің...
ҚҰЛЫНЫМ!
ҚҰЛЫНЫМ!!!
***
Жаһанда теңдессіз асқақ
шадыман бір əуен бастап,
жабыққан жанымды жасқап
сен кеттің,
Сорамды сиқырға балап
сиқымды сақ күшік жалап,
сарысудан ішірткі қалап
емдеттім.
Сыңсыттың сазсырнай тартып,
сарының шыдамын сарқып,
соңыңда сан жүрек қалқып
жер бауырлайды.
Күреңнен күнде опық жеуден
жалықтым "аяшы" деуден.
Жапырақ қадаған кеудем
енді ауырмайды.
Біртүрлі өңешім ысып,
əрнəрсе есіме түсіп...
жəне,ана оңбаған күшік
қыңсылап,
Тыраудың тізбекті легі
сыр шашқан бізге өкпеледі
жауабын іздеп келеді
мың сұрақ.
Қалтырап тұра бергенше
көздеші Құламергенше,
жақсы ғой жылап ергенше
қалғаным.
Қажыдым, көзімді ілсеңші
не істесең, өзің білсеңші.
Сезімнің сезіндірсеңші
жалғанын.
Көксау бұлт досыңа барып,
аңсаудан шашың ағарып,
көзіңнің жасына малып
жазып тұр.
Жанымды жұлқылайтұғын
жыр-сүйек сырқырайтұғын,
жұпары бұрқырайтұғын
наз ұқтыр.
Мизамға ақырап ерді
Қауысың аһ ұра берді
сен жаққа шақыра берді
жарық із.
Мен саған барсам қайтеді?
Мен саған барсам қайтеді?
Барсам қайтеді,
САРЫ КҮЗ?!
***
Əлем бөлек, мен бөлек пе?
Бірақ ортақ дөңгелекке
ілініп барамыз
үзіліп түскенше өңге лепке.
Табиғат тұнжырағанда
бауырында бүрісіп,
жадыраса, жыртың-жыртың күлісіп,
емен-жарқын жүрісіп,
өтіп барамыз.
Өтіп барамыз,
бір қапас, əлде ұшпаққа жетіп қаламыз,
бұйырса.
Хақ таланға шиырса
жақ ішіндегі жұтылмай,
күйсеп барамыз сиырша.
Не тауып, не жауып кетер
пенде жүз?
Тірлікте неден кендеміз?
Тілекті тəннен өнгеміз,
тəй-тəйге бір сенгеміз,
қайда салса; енгеміз.
Рас-ақ,
құлдыраңдатып бұла шақ,
қол ілгеннен бір асап,
қутыңдаса тұра шап,
өткесін.
Кер бестіге мінгізген
əкем көште кеткесін,
келмесін
сезгесін;
Табиғат тұнжырағанда
бауырында бүрісіп...
Ай, ақыр кетіп қаламыз,
жетіп қаламыз
əке кеткен
көшке...
***
Айырмастан соры қайда, бақ қайсы...
қыршып өтіп бара жатыр ақ қайшы.
Қойын-қонышы шұрық-тесік дүние-ай,
абайсызда түсіресің...таппайсың!
Көзің жасы араша емес, мақұлдау.
Мəртім еді, мұзды ақиқат шақырды-ау.
Жəннəт сынды жамбастағы ақ орам,
мəйіт кетті. Кетті мəйіт батылдау.
Намаз саптап тəубешіл мен сауғашыл,
жасық қалды жая жаздап жауға сыр.
Құба жонда қабырғасы қайысқан
құлындарын жұбатып жүр нау ғасыр.
Куə-куə, куəдүрім сан қайғы.
Бақи айтса, танбайды.
Фəни кештеу аңдайды.
О мен бұ-ның жігі – қара құлпытас!
Соғып жатыр, соғып жатыр маңдайды.
Ақиретке айтам ақтық бітімді,ел!
Тебен болам ақ қалтасын бүтіндер!
Тігіс тістеп, қалам мəңгі тіреліп!
Не жыртығын жамап қайтам.
Күтіңдер!