Күні бойы газеттің күйбеңімен, арасында дос-жаранның жыртаңымен жүріп уақыттың қалай зырлап кеткенін...
Ықылас Ожайұлы: Құдайға да қарайтындай қасқайып...
Аманат
(Әлиханның монологы)
Балға басқа,
Орақ ойға тигелі,
Бір алапат өртке оранды жан іші.
Кемерінен дариядай толқыған
Қызыл жалау,
жалау емес қан исі.
Қызыл түстен жамырайды елес боп,
Құба мекен,
құсни дос тел өскен.
Сол «бейнелер» құтқар дейді қол бұлғап,
Әттең, шіркін...
Естімейді оны ешкім.
Естіртпейді
ауызынан от бүркіп,
Тесік өкпе,
кәрі Кремль жөтеліп.
Содан кейін...
Темір торда сөз өліп,
Көздер қалды шел ішінде бітеліп.
Жусан көрсең,
жұпарын жұт дұға оқып,
Бағзы бір иіс бұрқырасын өткеннен,
Әр тал жусан тағдыры ғой қазақтың,
Көлдей тұнық
көз жасына көктеген.
Көк тамырдан суалғанша соңғы қан,
Мен қазақтың Азаттығын сусадым.
Доңыз демі топырағыма тимесе,
Дұшпан көрмей өссе дедім ұрпағым.
Осы серттің түбінде тұр шын байлам,
Сол үшін де
жолға түстім көк тайғақ.
Азат таңның шапағына боялған,
Армандадым...
Аспан түсті көк байрақ.
Қияметке жетер біздің еркіндік,
Оған куә қызыл қаным төгілген.
Бұл қазаққа енді ешқандай өлім жоқ,
Серт етемін
Махшар таңның мөрімен.
Езден алас,
Асқақ болсын ғұмырың,
Ел деп өткен ердің сойы бөлек қой.
Құдайға да қарайтындай қасқайып,
Бір өлімің
сұлу болу керек қой.
(Құбылаға қаратпаңдар жүзімді),
Айтарым сол,
Бір жүк түссін арқаңнан.
Азат елдің көк аспанын күзетіп,
Мен жатайын...
Жатқызыңдар шалқамнан.
***
«Құдай өлді...»
(Ф.Ницще)
I
Ақыл-есің азабынан танардай
Бір кермек бар...
Ішке түскен,
ой, Алла-ай,
Жан шыжғырған сол кермектің өртінен
Төбе шашым лап етіп жанардай.
Солқылдатып сол кермектің аптабы,
Неге мені қиянатына қақтады?
Мен Құдайға ұмсынып ем көрмекке
Көрсетпеді...
күлдібадам санамның
айғыз-айғыз сатпағы.
II
Құдай өлген,
Сайтан жеңген,
Ғұмыр емей немене –
Ар мен ұждан жұқанасы
табылмаса денеңде.
Жаратқанның жамалы – ұждан,
Ол тұрмаса құдай жоқ.
Сол жұпарды ішке бүріккен,
Жүрек – мөлдір терезе.
Бақи – тамыр,
Пәни – тағдыр,
Ғұмыр – аққан бір өзен.
Сол өзеннен ішсемдағы
Бір қанбады кенезем.
Жұмақ,
Тозақ,
Ішімде екен,
Ісімде екен ол менің
Көре алмадым кір шалған соң,
Кеудемдегі терезем.
Өлең
«Айқай салып, аласартпа шындықты...»
(Жұмекен)
Айқай мен ұрандардан тамағы іскен,
Обал деп...
Ойламады-ау өлеңді ешкім.
Көбіктен сөз қайнатқан сол маңайға
Мырс етіп,
күлемін де қоям іштен.
Әуезі әулиемен болған туыс,
Ой деген – ол ғарыштан ұшқан сыбыс,
Мысалы, дүниені көбелек те
Қара өлең...
Сол көбелек қанатынан
Дірілдеп дүниеге шыққан дыбыс.
Қиялдың мұны сезген заңғарлығы,
Маңдайдың осы емес пе жанғандығы.
Қара өлең...
сол әуездің сөзге айналып,
Мөлт етіп қалмасапқа тамған түрі.
Таңғы шық тіліндегі мағынаны,
Сезсем ғой...
Сенім керек оған әлі.
Жөргектің жұпарындай күнәдан пәк,
Жаза алмай...
сол өлеңді келем әлі.
***
Анамның сүтіндей аппақ,
Алақанындай жұмсақ,
Арыммен ант етейін
Өмірде қате көп...
Абай – өлшем
Ал, өлшемге өттім не қайыр?
Арт жағымда арқа тұтар
Құнанбайдай әке жоқ...
Катарсис
Қызыл жүрек,
қан шүмектеп жылашы,
Осы ғана...
Бұл – деректің расы.
Қазақстан – қара мұртты офицер,
Ал ақыл-ой –
Ақбілектің күнәсі.
Осы ғана бұл шындықтың дерегі,
Шыққыр көзің
Көрмесінді көреді.
Біздің қазақ тым сөзуар,
қайда әлгі...
«Жиен деген ел болмайды» дегені.
Сүті қазақ,
Ал сүйегі кім еді?
Қара мұрттың қаны емес пе бұл өзі?
Қазақ десе –
қам көңілі қабарған
Қазақстан – Ескендірдің мінезі.
Голограмма дегеніміз – «біртұтас дене». Яғни ғалам – бүтін ағза деген сөз. Жер бетінде орын алған кез келген келеңсіздікке тіршілік атаулы пұшайман болады. Осы теорияны тұңғыш тапқаны үшін 1947 жылы Денис Гарборомға Нобель сыйлығының лауреаты атағы берілді.
(Джон Кехо)
Голограмма
Жалпақ ғаламның
тілер дұғасы тазалық,
Салтанат құрса,
сананың түсі ағарып.
Жалғыз жапырақ
жұлынса жердің бетінен,
Тітіркенеді...
Тұтас дүние
Қиянатына қабарып.
Обыр ғой адам...
ойлағаны тек өз басы,
Осы жайында оймақтай ғана ойлашы.
Қара жер қанға,
Қалалар күлге
Кететін бе еді айналып,
Көмектеспегенде
Көбелектер мен бөгелектердің көз жасы.
Ән
(Еркін Шүкімәнға)
Cал Біржан, алдыңызда Ақан, міне!
Алапат...
Қобыз-көмей, аспан-кеуде.
Бір дауыл көмекейден көтерілді,
«Кетпесін үйді жығып бақан тіре».
Кеудеден кер даланың кеңдігі есіп,
Дауылы бұйра-бұйра бұлт көшіріп,
Жусандай жұпар шашқан мұндай әнді
Жаратқан етер ме екен енді нәсіп?
Пай, пай, пай, неткен дауыс дірілі мұң?!
Жанымды, жазғаным-ай, үзілдірдің.
Мынау кім жеті түнде желдей ұйтқып,
Желпіген ақ боз үйдің түңілігін?
Абыздың домбыра ғой дуалысы,
Алаштың аруағы, бұла күші.
Сезсеңіз, еңіреген екі ішектен
Бұрқырып боз жусанның тұрады исі.
Бұл иістен аңдасаңыз мағынаны,
Жаныңыз жұпар бүркіп ағарады.
Сол мезет алпыс екі тамырыңнан
қан емес,
Қан орнына ән ағады.
Ереке-ау, екі ішекті еміндіріп,
Шырқашы, шарадан бір төгілдіріп.
Күмістей сыңғырлаған есті үніңе
Есімді бір алайын шомылдырып.
***
«...Әжем қонды түсіме кеп
Үркітпеші, кірпігім...»
(Сұраған Рахметұлы)
Бейіттен бір самал желп етті,
Бұл менің анамның исі ғой,
Зарықтым жүгіріп,
Жете алмай құладым сүрініп.
Жаңағы иіс...
Жанымда елжіреп тұр екен,
Жалғыз-ақ жалбыздың
гүліне ілініп.
Бейіттің бетіне гүл өскен...
Мейірімге шөлдеген дүние
Алғандай мұны құп.
Анамнан тараған шуаққа
Жайқала жапырақ өсіп тұр
Тамырын жылытып.
Бұл мезгіл таң еді,
Аспан тұр тама алмай түнеріп,
Қамырық күйге еніп.
Менің де кеудемде
шық тұрды іркіліп,
Кірпіктің ұшында сүйеніп.
Түрме
Біздің қоғам борсыған ой, қотыр сөз,
Сізде соған шырматылып отырсыз.
Мен осындай ойсыздықтан ұшынып
Өзімді-өзім өгей халге түсірдім,
тамыр біткен ісініп...
Айқайлардың жер қуырып апшысы,
Жайқалып тұр жануарлық түсінік.
Иә, біздер жануармыз кәдімгі
Не демексіз енді сіз?
Себебі біз...
санасы өлі елденбіз.
Біздің қоғам – тәтті ұйқының төсегі,
Біздің ғұмыр – ояу жүріп көрген түс.
Анау Алаш заманда
Ахметтің аспан аңқып ұғымы,
Ағып түсті алмас сынды ғұмыры,
Мазақ етіп кісәпір мен азғынды.
Қара жерді қызыл қанмен суарған,
Біздің сана – Сталиннің елесі,
Біздің ақыл – абақтының мазмұны.
Абайдың да арғытаным ішінен,
Масғұттың мас болуын түсінем...
Мұнымен де тыншымады-ау мұңды шу.
Құл-құтанның қиқуына көмілген
Тыр жалаңаш жындыхана мекенде
Ал ішпей гөр жынды су.
Өтірік пен өңеш жайлы ілімді
Өркениет, ғылым дейді бүгінгі
Мүгедек ми қырсығым...
Қараңғылық құшағында тербеліп
Талықсиды сәби сана, соқыр көз
Менің түрме-түйсігім...
***
Біздің қызық белден биік болмады,
«Поэзия – ақ көйлектің дірілі...»
Дәл осылай
дестеленді дәптерге,
Көк көрпенің ілімі.
Жар төсегі жаһанамға айналған...
Қолдар жатыр омырау мен балтырда.
Қалш-қалш етіп
қалтырайды ар-ұят,
Шымылдықтың артында.
***
Өзіңнен тыс...
болғаннан соң әр ісің,
Ішкендейсің делқұлының дәрісін.
«Жа – лық – тым» деп айқайласам жапанға,
Жаңғырады
«Ғажайып» деп дауысым.
Селк етемін...
кілт қиылып күлгенім,
Қалай болды,
бұл ғұмырды сүргенім.
Жаңғырығым неге жалған сөйлейді?
Неге жалған,
Ал себебін білмедім?..
Метафизика
Тәнді тастап
Ұзап шықсам өзімнен,
Бостандықты...
Сонда ғана сезінем.
Қызыл раушан қауызына қонақтап,
Қарар ма еді дүниеге бір мезет
Көбелектің көзімен?
Байтақ дала
шық тіліне елтіген,
Адам тайған
Адалдықтың сертінен.
Қолдар үзген
гүл -ғұмырдың қайғысын
көбелекпін
қанатымен желпіген.
***
Табиғат сөйлейді
Таңғы шық тілінде.
Көкжиек боялған,
Көз жастың ніліне.
Ал ажал ақиқат
Келе ғой арайлым.
Оралған денемді
Ойыққа жамайын.
Талаурап тіршілік
Күй кешкен әр қилы.
Ұяттан өртеніп
Уақыт балқиды.
Түн суық
Естілген
Гүлдердің дірілі
Қара өлең сол гүлдің
Бір тамшы күбірі.