«Жасыл миль»: Стивен Кингтің танымал кітабы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді

ӘДЕБИЕТ
3375

«Фолиант» баспасынан танымал американдық жазушы Стивен Кингтің «Жасыл миль» кітабы тұңғыш рет қазақ тілінде жарық көрді. 

Стивен Кинг – көптеген бестселлер туындылардың авторы. Оның фэнтези, мистика, триллер, детектив, ужас сияқты түрлі жанрларда жазған 300-ге жуық әңгімесі мен романдары бар. Жазушының детектив жанрындағы шытырман оқиғаға толы түрме, қылмыс әлемі туралы жазылған романдары да үлкен сұраныста. Солардың бірі – «Жасыл миль» романы.

Жазушы «Жасыл миль» («The Green Mile») шығармасын 1996 жылы аяқтаған. Жұрттың ерекше ықыласына ие болған бұл роман желісі бойынша 1999 жылы көркем фильм түсірілді. Жиырма жылдан асса да бұл фильм әлі күнге дейін әлемдегі үздік фильмдердің көшін бастайды.

«Жасыл миль» фильмінен үзінді

«Жасыл миль» романында Луизиана штатында орналасқан Суық Тау түрмесіндегі оқиғалар суреттеледі. Өлім жазасына кесілгендерді жазалауға арналған Олд Спарки электр орындығына апаратын дәлізді тұтқындар Жасыл миль деп атап кеткен. 

Бұл жерде күзетшілер әртүрлі тұтқындардың, әр алуан жағдайлардың куәсі болады. Бір күні «Суық тауға» Деттериктердің кішкентай егіз қызын өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген Джон Коффи келеді. Міне, сонда түрме бақылаушысы Пол Эджкум мен басқа күзетшілер кей жағдайлардың біз ойлағаннан әлдеқайда басқаша екеніне көз жеткізеді. Кейде темір тордың арғы жағындағы қылмыскердің адамгершілігі қарапайым адамнан артық болуы мүмкін. «Е» блогындағы тұтқындар үшін ажал өмірдегі барлық қайғы-қасіреттен арылудың жалғыз жолы болып қалады.

Жазықсыз жазаға ілінген қара нәсілді Джон Коффидің ерекше қасиеті, оның адамдарға деген мейірімділігі, адамгершілігі шығармада шебер көрініс тапқан. Аса ауыр қылмыс жасаған қылмыскерлерге арналған түрмедегі сан алуан тағдыр, адами қарым-қатынастар бейнеленеді. Бұл жерде де жақсылық пен жамандық, адамгершілік пен зұлымдық қатар жүреді. 

«Жасыл миль» – жазушының мистикалық шығармаларының бірі. Суық тау түрмесінің бұрынғы бақылаушысы, бас кейіпкер Пол Эджкумның естеліктері ретінде баяндалатын оқиға бір адамның ғұмырына татиды. Жазушы зұлымдық пен мейірімнің тартысын, таразыға түскен адамгершілік құны мен өмірдің баянсыздығын оқырманға ерекше тәсілмен жеткізген. Өмірдің сан алуан соққысына тойтарыс беруге үйретеді. Шығармадағы Джинглз мырза атты тышқанның өзі адамзатқа ғибратты сабақ береді. 

«Стивен Кингтің жазу стилі өте ерекше. Ол оқырманды шығарманың басынан бастап-ақ еліктіріп, елітіп әкетеді», – дейді романды қазақ тіліне аударған Мира Сембайқызы.

«Өзекті жанға бір өлім, одан ешкім құтылған емес. Оны білем. О, Жаратқан, кей-кейде жасыл миль де тым ұзын болып кетеді екен ғой», – дейді Пол соңғы сөзінде. Шынымен де, өлімнен ешкім құтылған емес.

madeniportal.kz

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...