Биыл әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы берілмейтін болды. Бұл туралы ұйымның ресми сайты хабарла...
Ұлы жазушыда ұсақ-түйек болмайды
29-желтоқсан - көрнекті жазушы-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асқар Сүлейменовтің туған күні. Осыған орай, ақын Байбота Қошым-Ноғайдың Асқар Сүлейменов жайлы 1993 жылы "Ана тілі" газетіне жарияланған мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз, құрметті оқырман!
Асекең – Асқар – Асқар Сүлейменов… Ол, шынында да, атына лайық АСҚАР едi. Асекеңнiң рухы ажалға дес бермейдi. Оның қаламынан туған “Бесатар”, “Қара шал”, “Ақ кемпiр”, “Адасқақ”, “Ситуация” секiлдi әңгiмелер мен хикаяттар, “Кек”, “Жетiншi палата”, “Штат қысқарту”, “Төрт тақта – жайнамаз”, “Ерулiк”, “Мiнәжат” (“Мүһамед”) тәрiздi драмалық шығармалар, “Құлагер”, “Арғымақ пен шабандоз” атты киносценарийлер халқымыздың алтын сандық – зердесiнде мәңгiлiк сақталатұғын баға жетпес рухани байлығы болып қала бермек.
Асқар Сүлейменов шығармаларының толық жинағын шығарар болсақ, оның әдебиет пен өнер жайында жазған көптеген мақалалары мен эсселерiн, тәржiмелiк туындылары – “Жендеттер” (М.Булгаков), “Сезуаннан келген қайырымды кiсi” (Б.Брехт), “Әркiмдiкi өзiне” (С.Алешин), “Келiндер көтерiлiсi” (С.Ахмад), “Бесiншi колонна” (Э.Хемингуэй), “Әйнек айуанхана” (Т.Уильямс), “Театр директоры” (И.Дворецкий) сынды таңғажайып аудармаларын да еш ұмыт қалдыруға болмайды.
Әрине, әлi-әзiр халықты қарық қыла қоймайтын нарық мұндай игiлiктi iстердiң жолын кесiп, кедергi бола тұратын да шығар. Дегенмен келер ұрпақ атқарар қыруар iске кiрiсетұғын күн алыс деп күдер үзе бермеспiз.
Қазақ әдебиетi үшiн Асекең атқарған шаруа тiптен де аз емес, бiрақ оның теңдесi жоқ таланты мен терең бiлiмi тұрғысынан қарар болсақ, көп те емес-ау. Оның артында қалған аз сөзiнде мол мағына бар. Келешекте Асқар Сүлейменов шығармашылығын түбегейлi зерттеп, толыққанды дүние жасар iзденiмпаз ғалым шығар болса (әлбетте, бұған сенiмiмiз кәмiл), ол қолына бiр қасиеттi жұмысты алған болар едi.
Мен бұл жерде бiр ғана нәрсеге оқырман көңiлiн аударғым келедi. Асқар Сүлейменов өзiнiң күрделi ойларын қарапайым оқырман қауымның құлағына таңсық қиямет-қайым қиын стильде жеткiзедi. Дегбiрiңдi қашырып, төзiмiңдi сынайтын осынау бiр ауыр қолтаңбадан автордың күйзелiске толы күндерi, күрсiн демi, тыныс-лебi танылып тұратын-ды. Ол қалыпқа сыймайтын қалпымен ел мойынсұнған ережелерге де “бағынбады”. Тiптен тыныс белгiлерiнiң өзiнен де “осы қалай?” дегiзер еркiндiк сезiлетұғын.
1976–1977 жылдары Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы оның сценарийi бойынша “Құлагер” (“Ас”) атты көркем фильм түсiрдi. Кеңес өкiметi мен коммунистiк партияның “әкелiк қамқорлығы арқасында” бұл фильм ұзақ жылдар бойы экранға шығарылмай сүрленiп келген болатын. “Құлагер” фильмi өз көрермендерiне 1990 жылдан бастап қана көрсетiле бастады. Қазiр ол тiптi шетел экрандарында да табыспен жүрiп жатқан көрiнедi.
Әңгiмемiз фильмнiң тұмшалап келген тұмылдырығын шешiп бұғаудан босануы жөнiнде емес. Былай қарағанда елеусiз ғана нәрсе хақында. Автор – Асқар Сүлейменов “Құлагер” фильмiне арнайы жазылған киносценарийiне қосымша “Ас” деген атты не себептi қойды деген қызықты сауал кiм көрiнгендi мазалай қоймайды. Ал мен Асқар секiлдi кемеңгер ойлы тұлға үшiн ешқандай ұсақ-түйек жоқ деп ойлаймын.
Бұл жерде оқырмандарымыздың ойына бiрден аяулы Құлагер мерт болатын Сағынайдың асы сап етiп орала кетерi де сөзсiз. Әрине, мұны автордың түйсiгi де тап басып танығандығына еш күмән болмаса керек. Ақан серi Құлагерінiң ажалына себепкер болатын бұл ас фильмдегi оқиғаның шиыршық атқан шырқау шегi де iспеттес.
Фильмнiң бас кейiпкерi Құлагер ғана емес, оны өзiнiң ғұмыры есептi санаған әншi, композитор, ақын Ақан серi де. Асекең Ақан серi есiмiн қысқаша “Ас” деп таңбалап, “Ақан” және “серi” сөздерiнiң басқы әрiптерiнен аббревиатура жасап отыр. Таратып айтар болсақ, “Құлагер” фильмiнiң екiншi аты – “Ақан серi” деп түсiнсек те қате емес екен.
“Құлагер” фильмi Асқар Сүлейменовтiң өнердiң бұл саласындағы тырнақалды туындысы болатын. Тұлпар десе iшкен асын жерге қоятын, оның тiптi жансыз бейнесiн де қастерлейтiн атқұмар, жылқы мiнездi Асекеңнiң тағдыры да Құлагер тектес едi. Ол өзiнiң алғашқы дебютi “Құлагердiң” атымен бiрге авторын да – Асқар Сүлейменовтi де қатар атағысы келген болар деп жорамалдаймыз. Демек, ол “Асқар” және “Сүлейменов” деген аты-жөнiн қысқарған сөз тұлғасында “АС” деп таңбалап отырған да сыңайлы.
Асекең қайтыс болған соң кейбiр мерзiмдi басылымдар оның артында қалған мұраларын насихаттай бастады. “Жас қазақ” газетi 1992 жылғы маусымның 11-iндегi “Заманнан оқ бойы озық туған…” деген айдармен, “Астана дауысы” апталығы 1993 жылғы маусымның 12-сiндегi санын “Метеор, промелькнувщий по небосклону казахской литературы” деген ортақ тақырыппен толайым Асқар Сүлейменовтiң өмiрi мен шығармашылығына арнады. Осы жарияланымдардан эпистолярлық жанрда да өзiндiк қолтаңбасын қалдырған Асекеңнiң Әлiшерге, Қарагөзге, Бекзатқа, Әсмәға, Әлияға жазған хаттарының соңына “АС”, “Ас.” деп қол қойғанына куә болып отырмыз. Яғни, Асекең өз есiмi “Асқар” деген сөздiң бiрiншi буынын “Ас.” деп қысқартып қолданған да екен. Бұдан бiз “Құлагер” киносценарийiнiң қосымша “Ас” деген аты “Асқар” деген де мағына бередi деп жорамал жасай аламыз. Яки туындының атынан Құлагер – Ас – Ақан серi – Асқар – Асқар Сүлейменовтiң бiр-бiрiне қатысын әрi мазмұндастығын аңғарамыз десек абзал. Осы жерде Олжас Сүлейменовтiң “Аз и Я” атты кiтабының атауындағы көп мағыналылық та еске түседi.
Шығармасының iшкi мазмұнын, стильдiк ерекшелiгi, тосын шешiмi түгiл, оның аты мен сыртқы безендiрiлуiне дейiн ешкiмдi қайталағысы келмейтiн Асқар Сүлейменов табиғаты таң қалдыра бередi. Қаламдастары кiтабының мұқабасына әуелi аты-жөнiн, содан соң шығармасының атын жазып жатса, ол көзi тiрiсiнде жарық көрген соңғы кiтабының (Алматы, “Жазушы”, 1988) тысына алдымен “Адасқақ” деп, сосын барып “Асқар Сүлейменов” деп өз аты-жөнiн жаздырыпты. Бұл жерде де “Құлагер” (“Ас”) деген киносценарий атымен сабақтастық һәм туыстық аңғарылады.
Елiмiзде “үш жүзге аты мәлiм” Ақан серi Қорамсаұлының туғанына 150 жыл толғаны мемлекеттiк деңгейде аталып өттi. Осы орайда мен Ақан серiнiң әнi, Iлиястың жыры болған Құлагердi ойладым. Қазақтың қара сөзiнiң Құлагерi Асекеңдi – Асқар ағаны – Асқар Сүлейменовтi де еске алдым. Асқардың да “Құлагерi” түстi жадыма. Ойымның бiр бөлегiн көпшiлiкпен бөлiскiм келдi…
Байбота ҚОШЫМ-НОҒАЙ.
Мақала “Ана тiлi” газетiнiң 1993 жылғы тамыздың 19-ындағы №33 санында жарияланған.