Кeрeмeттeй көңілді кeштe білдeй мeкeмeнің шаруашылық жағын күйттeйтін кeрeмeттeй бір қызмeткeрі Иван...
Заида Елғондинова: Мен сенің күлкіңнің көлеңкесінде қалдым...
Мен сенің күлкіңнің көлеңкесінде қалдым.
Уайымдап кетті уылжып балғын.
Мен арасында адасып жүрдім,
Шуылдаған шұғынықтардың.
Сен кеттің. Мен қалдым.
Ессіздіктен сандалдым.
Айдала. Сап-сары Ай. Жаяумын.
Өңім бе, түсім бе, ұйқылы-ояумын.
Кенет сенің күлкіңе сүріндім.
Бүліндім. Тірілдім.
Сағағына қарадым гүліңнің.
Сен кетпепсің. Жымидың.
Қолымнан ұстадың.
Көзіңнен көрдім күлкіңнің ұшқанын.
Ұстай алмадым. Күлкіңді.
Жел көтеріп кетті шіркінді.
Күлкісіз қалдым.
Содан бері шырпысыз қалдым.
Сен жанымнан өтіп бара жаттың.
Көкжиекке жұтылған қарақат Күн,
Талықсып кетті.
Ай ағартты жарықсыз көкті.
Жұлдыз жұлдызға сіз деп тұр.
Менің жүрегім сенің күлкіңді іздеп тұр.
Мен сенің күлкіңнің көлеңкесінде қалдым.
29.05.2018ж
***
Күн бетіндегі,
Суретімдегі күлкімді,
Кезің бе бұл сағынар?!
Сен бір ғажап адамсың,
Сәулесі бар, бағы бар.
Мені бір кие-тұмардай,
Жүрегіңе тағып ал.
Өмір жайлы айт маған,
Қиялымды аяла,
Он екі ай - айттаған.
Күлдір мені күн ұзақ,
Мен жалғызбын түн ұзақ.
Жұлдыз қалсын жан үзіп,
Болсаңшы сен тамызық.
Ай астында екеуміз
отырайық от жағып.
Бара жатыр қаламым,
Қоңыр ойдан таттанып.
Айдалада,
Көбелектер айналада.
Жаным тартпас бай қалаға.
...От шоқтанып,
Ұяң жанып,
Мен отырмын қиялданып.
Қаламым мен сиям қалып.
Сансыз жұлдыз шам сияқты,
Әлі атпаған таң сияқты.
Әрі жақын, әрі алыссың,
Отырсың сен қозғалыссыз,
Қолымды алып.
Көп ішінде жалғыз жарық.
Ұяңсың,
Неткен жансың,
сен де мендей қиялшыл?!
Ақындығым, шайырлығым,
Шырайланып, байыр бүгін.
Арманымнан айырды кім?!
Шынайы өмір сөз алмай,
Қарсы алдымда отырды ол,
Менен үнсіз көз алмай.
...Сырт-сырт етіп от жанады,
Сағат тілі тәрізді.
Отырды ол қарсы алдымда,
Бейне тәңір тәрізді...
30.06.2018ж
Түн құшағы
Қандай ғажап, шіркін-ай, түн құшағы!
Айдағы көбелектер түнде ұшады!
Өмірімнің бір сәтке оралар ма,
Ақын болған, апыр-оу, жынды шағы?!
Көктем болып қараймын көне күнге,
Келешекке қапысыз сенемін де.
Ғұмырымның күнгейі, қалтарысы,
Бәрі-бәрі шырқырап өлеңімде,
Қайнап ішім.
Жоғалтпайды толысып Ай да күшін.
Түйсігіммен сезінем түн ішінде,
Жұмыр жердің шарасыз айналысын.
Тылсым жұтып аспанның шырақтары,
Шабытымның шарқ ұрып пырақтары,
Қиялымның сезінем лаққанын.
Жұлдыз кешкен шағымда құшақ жайып,
Құлатпадың.
Ей, маxаббат, шалт мінез сәбиің ем,
Жүрегіңді, жаныңды танимын мен.
Сен болмасаң мен өмір сүрер ме едім?!
Болар еді Ай менен Күн ермегім.
Сенің нұрлы көзіңнен көз алмастан,
Қас қағымда назы мен сөзі алмасқан,
Ғажап сонау аралда күн кешемін.
Суда жүрек бар дедім, гүлде сезім.
Тайбурылыңды, қанеки, алдыма тарт!
Сен болмасаң,
Ұшаққа да ұсынса мінбес едім!
28.06.2018ж
КҮЗ ӘУЕНДЕРІ...
***
Тағы да, тағы міне сізге келдім,
Жаныма бір тыныштық іздеп едім.
Жүрекке жарық сыйлар қайтқан құс та,
Тыраулаған тырнаның тізбегі енді.
Жаныңның жапырағын жайып маған,
Жүрмісің, жарығым-ау, ғайыпта аман?!
Алыстан мұнарланған ақ желкендей,
Мына аппақ жаулығымды жайып барам.
Жаным-ау, жабырқамай таң гүлдесін,
Ұзатсын, ұзатсыншы тағдыр көшін.
Аңқытып ақ раушан xош иісін,
Жиналсын, жиналсыншы жаңбырлы есім.
Жойған жоқ өмірімнің көркі күшін,
Шәрбәтін тіршіліктің елтіп ішіп.
Жүректі күнге теліп, күнге айналып,
Жарқырап саған келдім еркім үшін.
Өмірімді ұлы ағыстан алып қалғын,
Болмаса, күл болады жанып жан Гүл.
Таңертең тәу етемін табиғатқа,
Көк гүлдер жымияды танып балғын.
Жүрегім ғасыр сүйіп қан-қан болған,
Ағарып аңқылдайды аңқам бордан.
Мен енді Күнге көштім көшімді алып,
Ғасырдың тепкісінен талқан болған!
Ағзамда шым-шым жер жоқ гүл өспеген,
Көктейді Ұлы Күнде, күнесте өлең.
Мен сені сүйем, жаным, әлемде жоқ,
Өлеңде, өлеңде бар Ұлы еспенен!
8.09.2018ж
ЕНДІ СӨЙЛЕ...
Ей,менің қасқалдақтың
қанындай өмірім!
Қаншама жылдарды қалдырып,
Жүрегімді жандырып,
Жиырма бірінші ғасырға келдің,
жаңғырып һәм қаңғырып...
Енді ғашықтық туралы өлең
жазасың,
Таңды таңға ұрып!
Оқисың, ізденесің,
Жаным-ау,
Өкпелейсің,
күзге несін?!
Жаз, Заида! Жаз!
Жазсаң ғана,
гүлденесің!
Жазбасаң мына
тымырсық өмірден,
Күнде өлесің!
Тозаңдаған,
озандаған дауыстар...
Ессіз ғасырдағы
әулиелер мен ауыштар...
Сенің жыныңды ұстатады!
Жүрегіңе, жаныңа, миыңа
мұңыңды қыстатады.
Софоклдың құрметіне алау
жаққандар...
Бос мақтандар...
Қайран өмірім-ай!
Жиырмасыншы ғасырда шын
өмір сүріп едің,
Шын күліп едің.
Енді жындыханаға тап болдың!
Желіге табылмас бақ болдың!
Әуселесін де көрдің аспаннан
созылған ақ қолдың!
Кеш батқанда шамдалға қарап,
бақта тұрасың,
Өткен өмірдің ағысына қарсы
жүзіп ,шаққа тұрасың!
Бірақ, құдай бар ғой!
Тәңір деген таңғажайып
құшақта тұрасың!
Поэзия қазір
пыраққа мінбейді,
Поэзия қазір
ұшаққа мінеді.
Сол үлкен поэзия деген
ұшақта тұрасың!
Қайран ақын жүрегім-ай,
Мөлтілдейсің,
Жалбыздай желкілдейсің!
Алып мұхиттағы ақ кемеңнің
желкенін көтер!
Үндемес болғаның жетер!
Енді сөйле!
30.10.2019ж
Қар адамына хат
Көз жасымды сүртпе менің,
Тамшысында көктем бар.
Мен келмеймін, күтпе мені,
Саған деген өкпем бар.
Телефон да шала берме,
Мықты болсаң кел өзің.
Ғашықпын деп жана берме,
Сондай менің мінезім.
Жүре берем жанып іштен,
Қолдан келсе өшіргін.
Өзімді-өзім тағы күшпен,
Бірер сәтке кешірдім.
Құшақ-құшақ гүл әккелдің,
Қызылын да сарысын.
Мен көзіңнен сұрақ көрдім,
Сағынышың жарысып.
Мендегі арман ғашық саған,
Сағынышым сары гүлде.
Көрінбесең жасып қалам,
Жанарыңмен жарығым де...
18.07.2019 жыл
Қар адамына хат
Мен сенің көз жасың боп
тамып тұрмын,
Жүрегің боп лүпілдеп жанып
тұрмын.
Маған таныс жүрісің, тұрысың да,
Миллионның ішінен танып тұрмын.
Қол созамын, бірақ та жете
алмаймын,
Көпірі жоқ дария, өте алмаймын.
Сенің нұрың жеткенмен, өзің
жоқсың,
Күтем, күтем...
Күтуге жетер ме Ай, Күн?!
Аспандағы Ай еді басты куә,
Жарып шыққан гүл едім тасты
мына.
Сені сүйген ғұмырым от боп
жанып,
Махаббатпен мәңгілік жасты
мына.
Өзен толқып жағаны жанып
өбіп,
Қарап тұрмын.
Сенсіз өткен күндерім бәрі
көбік.
Жолаушымыз білесің сен де,
мен де,
Қалсам ба екен жолыңның
шаңы болып.
Ай тұрады мені аяп егіліп паң,
Жұлдызды түн.
Шашымнан төгіліп шаң.
Қара жолдың шаңына айналамын,
Анда-санда сен жүрер,
мені ұмытсаң...
20.07.2019 жыл
Қар адамына хат
Қызыл ма әлде сары ма
күн кірпігі?!
Тұлпардың да кетеді бір күн
сыны.
Адамзаттың өмірі бір ғажайып,
Әркімнің де бар осы бір тылсымы...
Маған осы секілді күн батпаған,
Ай нұры мен Күн нұры қымбат
маған.
Жұлдыздардың жанары маған
ғашық,
Мендік әлем ертегі, қымбатты
адам!
Айдынында уақыттың жүзді
өмірім,
Бірте-бірте гүлдеді сыз көңілім.
Жаутаң-жаутаң қарайды
жанарыңнан,
Көктем болып күлімдеп
күз көңілің.
Мендік әлем жап-жасыл, күн
батпайды,
Әңгіме, жыр, сұлулық, сымбат
жайлы.
Жұлдызы да, Айы да бәрі
сылқым,
Бірақ, бірақ...
Ешқашан тіл қатпайды.
Тамылжиды жемісі, бағы қалың,
Сыңғыр етіп сәулеге шағылады
үн.
Хош иісті бағымның арасында,
Сені ғана, тек сені сағынамын.
Қызыл-жасыл нөкерім, кіл жастығым,
Ай,жұлдызбен әуелден,
мұңдасты үнім.
Мен шайырмын түсінбес
аспан асты,
Шын дос болсаң, әуелі сырлас
күнім!
21.07.2019 жыл
СЕН ЖӘНЕ МЕН...
***
Жетер енді сызылғаным,
Толғай-толғай күз ырғағын.
Ішкен астың дәмі де жоқ,
Асқа салған тұзым жалын!
Дәмсіз ас-су,шай дегенің,
Жырлай-жырлай Ай беделін...
Жетер енді,ей,жұлдыздар,
Жұта-жұта Заида демін...
Жылындыңдар!
Ыстық демім,қарып менің,
Күлесіңдер танып мені.
Мені сүйіп,шақырып тұр,
Махаббаттың жарық демі!
Мен: "Қандай көйлек кисем?!" -дедім,
Ол: "Жасыл көйлек киші ,-деді,
сүйсең мені..."
Мен: "Неге?!"-дедім.
Ол:"Жасыл түс,өмір түсі",-деп
шегеледі.
Мен: "Қызыл көйлек кием!"- дедім.
Ол: "Бәрібір де сүйем",- деді...
Сары күз күліп тұрды,
Жүрегім жылып тұрды.
Ол қолымнан ұстап,
Жанарымен сыр ұқтырды.
Өмірдің мәңгілік екенін
түсіндім,
Біртүрлі қысылдым.
Жаным жадырап
оған,
Бір шыны шай ұсындым...
Сен және Мен.
4.11.2019 жыл