Белгілі ақын Аманқос Ершуовтың шығармашылығына арналған қаламгерлер арасында «Ақ бұлттар, қар...
Заман Төлеуов. Қара қанжар (роман)
Қайырды көрген жұрт, шырамытса болды шаужайына жабыса кетеді.
- Үйбу, қарағым-ай, қашан босап шықтың? Қалай шығарды? – деген қалың сұрақты қарша боратады. Қайыр алғашында қымсынып, қиянат жасаған адам секілді қиналушы еді. Келе-келе бұндай сұрақтарға еті үйреніп: - Сот солай шешті, - деген ұйғарыммен құтылатын болды. Бәрібір де олар соттың неге солай шешкенін өз беттерінше талдай жөнелетін-ді. Тіпті, сол - қайғылы сәтте: опат болған адамның қасында жүргізушінің орнында өздері отырғандай, мүлтіксіз болжамдар келтіріп, Қайырды да иландыруға тырысатын сыңайлы еді. Осындайда, Қайыр: қолын төбесіне қойып, беті ауған жаққа тұра қашқысы келетін-ді. Жаттың қайғысы жанға батпайды деген сірә, осы шығар?.. Ел арасында «Кісі өлтірді, жәй ғана кісі емес, туған әкесін өлтірді» деген қауесет гу-гу кеткен-ді.
* * *
Бір күні мен де орай келіп, аудан орталығына келе қалған Қайырмен оқыс ұшырастым. Ол екеуміздің жамағайындық жақындығымыз да бар-тын. Басы дін аман, саулықта жолықтырғаныма шын ниетіммен қуанып-ақ тұрып, көптің бірі секілді «Қалай сотталмай, аман қалдың?» деп сұрап қалғанымды өзім де аңғармадым. Ол: - Сот солай шешті, - деді ғадетінше. Сосын жақтырмаған пішін танытып, асығыс шаруасы бар екенін айтты.
- Қайыржан, сұрайын дегенім ол емес еді, басқа... - деп күмілжіп, шекемнен пырш-пырш тер шықты.
- Газетіңе сұхбат сұрағың кеп тұр ма? Кіс өлтірген адамды қалай босатты деп...
Көлемі, бір салым еттің жайма нанындай ғана аудандық газеттің тілшісі едім. Аудан әкімінің ғана жемісті еңбегі мен жеңісті сәттерін жария ететін газетке - бұндай көлеңкелі дүниелерді шығаруға болмайтын-ды. Соны біле тұра Қайыр мені мұқата сұраған сыңайлы. Және тыныс-тіршілігінің бар-жоғы сырт елге беймәлім, тау қуысындағы шағын ауылдың атын - осындай бір сойқанды уақиға шығармаса, өзгеше танымал болу мүмкін де емес-тін. Пиғылымды қанша жасырсам да ішімдегі бір ынтықтық бүлк-бүлк етеді. Бүгін болмаса ертең бір кәдеге асатын жайттың жай-жапсарын білмей, бостан-бос айырылып қалуға жол бермеуім тиіс. Дегенмен туысқандықтан гөрі кәсіби сұғанақтығымды сумаңдатпауға тырысып-ақ бақтым.
- Қайдағы сұхбат! Бауырымсың ғой!..
- Сонымен не дегің кеп тұр?- Көптен бері көріскен жоқпыз. Кішкене, көңіліңді аулайын...
- Е, баяғыда сөйдемейсің бе! – деп ол ыржия қолын созды.
– Өзім де әбден ығыр боп біттім! Енді біреу тағы сұраса, әй-шәйсіз шықшыттан бір-ақ ұратын хәлге жеттім!.. Шынымен кісі өлтіргім келіп кетті!
- Астапыралла! – деп жағамды ұстадым.
– Бір ажалдан қалған екенмін-ау?
- Иә, ары қарай мыжыңдағанда көрер едің, көресіңді! – деп Қайыр иығымнан бір түйді.
Қала атанғанымен сықпыты ауыл қалпы қалған аудан орталығында екі-үш асхана бар-тын. Ел сиректеу соғатын қаға берістегі біреуіне бас сұқтық. Ас мәзірлері де мәз емес екен. Жолай келе жатып, сататын уақыты жетпесе де жалынып сұрап алған бір жартыны: стөлдің астына жасырып, өзім тіске басар алуға аттандым. Қайыр аш емеспін деген соң, өзім де жалаңдамайын деп екі бәліш қана алып, ас таратушы келіншектен қиыла сұрап, қос стаканды қолтықтадым.
- Қызыл қалпақтылар жиі тексеріп тұрады. Ұсталып қалсаңдар мен ештеңе білмеймін! – деді алқызыл, дөңгелек бетті, толықша келіншек.
- Көп рақмет айналайын, егіз ұл тап!
- Таптыратын кісісі болса, мен дайын!..
Аңтарыла артыма қарадым. «Қап әттегенай, мынау секілді денсаулығы бұрқыраған келіншектердің ноқтасыз жүргендері қандай өкінішті?! Демографияның тозып бара жатқандығының көрінісі емес пе? Өйтпесе, бұндай әйелдердің құрсағын бос ұстауға бола ма. Еркек кіндіктілер азып бара жатыр. Соның бірі - күйек байламаса да күйі кеткен мына өзіңсіз!» деп өзіме шүйліктім. Сосын тез арада осы туралы бір өзекті мақала жазбақ болып, іштей шешіп те үлгірдім. Ары-сәрі, орта жолда қалқиған менің есімді, Қайыр жиды.
- Тұзаққа түсіп қалдың ба не болды?
Бүкеңдеп стөл басына жетіп, тапқан олжамды ортаға салдым. Ақырын ғана Қайырдың құлағына сыбырладым.
- Осы сен әлі қатын алған жоқсың, ә?
- Е не боп қалды?
- Қарашы, ту биедей толықсып, артын өзі бұрып тұр!
- Ха-ха! – деп Қайыр қарқылдай күлді де мені жотадан бір салды.
– Мынауың кемінде бір-екі байдан шыққан сақа қатын. Маған езуі жыртылмаған тың керек. Тұқымымды көрінген парға шаша бергім келмейді.
- Осы әдемі сөзің үшін алып қоялық! – дедім, туысыма шын разы болып.
- Өскен, өнегелі жердің қызын алып, тегімізді түзесем бе деймін...
Қайырдың әр сөзі саф алтыннан құйылған кесектей, топ-топ тост болып, жұтылып жатты. Ол өзінің ауданға келген себебін айтты. Әкелерінің соңында қалған мал-мүлікті ағайындары арасында қылдай бөлісіп, өзіне тиесіліге көлік жөндейтін шеберхана ашпақшы болып, соның құжаттарын реттеуге келген көрінеді. Аудандық газеттің білдей бір қызметкері екенімді алға тартып, бауырыма қол үшін бермесем - иттің баласы болатынымды қалай айтып тастағанымды аңғармай қалдым.
- Көке, бәрін ақша шешеді ғой, шұрқ етпеңіз! – деп ол жас та болса менен гөрі ақылдырақ екенін танытып, ентігімді басып тастады.
Бір жартының басына су құйылған кезде, дүкендерге де арақ сатуға еркіндік берілді. Зарығып, неше ай қапаста отырып, әбден қажыған Қайыр да бір көсілгісі келгендей. Екеуміз сол күні айды аспанға шығардық па әлде айға өзіміз шығып кеттік пе білмедім... Есімді жисам үйімде жатырмын. Қаңсыған кенезені жібітуге су іздеп ас үйге барсам, әйелдің қабағынан қарлы боран түтеп тұр.
- Анауың кім? – деп тұтқиылдан шүйлікті маған. Кімді сұрап тұрғанын ұқпадым. Көзім жыпылықтап, өзінен сұрауға тура келді.
- Кімді айтасың?
- Түнде қасыңа еріп келген кім?
- Ешкім емес...
- Екі сөзінің бірі түрме туралы. Оның айтуынша жақсы адамдардың барлығы түрмеде отырған секілді.
- А-а, - деп басымды ұстай алдым.
– Ол қайда?
- Не келдім, не кеттімі жоқ! Елең-алаңда табанын жалтыратыпты. Ұры емес пе, өзі? Не үшін отырыпты?
- Әкесін өлтірген дейді...
- Астапыралла!? Әй, есің дұрыс па? Түнде бала-шағаңмен қосып
бауыздап кетсе қайтер едің?
- Қайтушы едік?.. Серейіп жататын едік!
- Мынаның дені дұрыс емес-ей?! Не деп тұрғаныңды түсінесің бе өзі?
- Басым онсыз да сынып барады... қойшы даңғырламай. Аманбыз ғой, құдайға тәуба... Кісі өлтіретін адамға ұқсамайды. Бір ауылда бірге өскен ағайынбыз. Бұ заманда кім істі болып жатқан жоқ. Адал болған соң, сот та ақтап шығарды.
- Сенің миыңды арақ жеп қойған! Енді үйге біреуді ертіп келер болсаң, қараңды сонымен бірге батырам, айтпады деме!
Қу арақтың кесірінен бастан билік кетіп, аузыма ие бола алмай, мәңгі-тәңгі халде жұмысқа аттандым. Сол кездесуден соң Қайырды қайта жолықтырмадым. Оған аса зауқым да болмады. Себебі, ол айтатын әңгімесін айтты. Қайта жолықсаң - тағы да осы кепті киесің. Есіңде қалғаны сенікі. Бір ғажабы, газет қызметкерлеріне тән бір қасиет бар. Жалпы ел аралап, материал жинаған кезде жорналшы ешқашан сау жүрмейді. Содан болар: олардың бойындағы есте сақтау қабілеті саусың ба, массың ба барлық жағдайда да сағат секілді сақылдап тұрады. Арақтан соңғы постамнезияға сирек ұшырайды. Осы жолы маған Қайырдан естігенімді еске түсіру үшін бір апта уақыт кетті. Бұрыннан білетінім бар, елден естігенім және Қайырдан қалған жұрнақтарды топтастырып, тұтас көріністі көз алдыма түздім. Талайдан бері, көркем әдебиеттің жалын тартып көрсем деген көксеуді - жүзеге асырудың реті енді келген тәрізді...
* * *
- Әй қатын, бері қарашы! – деп Мұқажан, тұсынан аяғының ұшымен басып өтіп бара жатқан әйеліне зеки сөйледі. Шегір көздері ежірейіп, жирен мұрты едірейіп кетіпті.
- О не отағасы?
- Отағасы... ботағасы! Жаман түс көріп, соны жорытып келдім. Сен екіқабат емессің бе?
- Құдай сақтасын! – деп әйелі орамалының ұшымен аузын бүркеп, имене, жүзін алып қашты.
- Бері, бетіме қара! Өтірік айтсаң, ажалың менен! – деп ол беліндегі қынаптан қара қанжарын суырып, жалаң еткізді.
Күлжан соңғы күндері жүрегі лоблып, өмірі жеп көрмеген бір асқа жерік болып жүрген-ді. Күйеуінің мына сұрағы оны қатты састырды. Түс жорығыш не деп жорыды екен? Бұның құрсағындағы баланың қатысы қанша? «Жасырсаң ажалың менен» дегені несі? Осындай тұла-бойды мұздатқан сұрақтар Күлжанның санасын көк шыбықша осқылап берді.
- Көріпкелдің айтуынша, сен ұл табатын көрінесің. Менің ажалым сол
ұлдан екен. Бойыңа бірдеңе бітсе, шыныңды айт. Алдыртып тастаймын. Ал егер алдасаң - қарныңды қақ айырам!?. – деп Мұқажан тағы бір нығарлады.
- Имандай шыным отағасы! Құлантазамын!..
* * *
Қайырдың арғы аталары алдына мыңғырған мал салған, бай-бақуатты адамдар болған көрінеді. Құдайтағаланың жұқтырған берекесі ұрпақтан ұрпаққа дарып, бастарынан баршылық арылмаған екен. Сөйте тұра, орта құрсақ, жарым көңіл күн кешіпті. Бүйірі шығып тоюға малын қимай, көңілденуге сараңдығы кесе көлденеңдеп, бар болып тұрып жарымай, өмірден кіл өксік арқалап өте берген сыңайлы. Сол қапалы өмір Мұқажанның да басына келді.
Ол, өзін әлбетте, сараң деп есептеген емес-ті. Дүниедегі ең сорақы қылық - ысырапшылдық деп санады. Әр жапырақ қағаз ақшаны аялағандай - бес қызы мен төрт ұлының маңдайынан сипап көрмепті. Балаларын - өз ғұмырын жалғаушы ұрпағым деп қарамады; күніне үш мәрте тамақ сұрайтын, дәміл-дәміл ауыстырып отыратын киім-кешек, тағысын тағы шығындардың көзі іспетті қарады. Өкіметтен қорқып қана, оларды мектептен қақпады. Ал қалған уақыттың барлығында қыздары үй жұмысы, ұлдары дала жұмысында ер жетті. Сырттай қарасаң, әбден пісіп-қатқан, келешегінен сескенбейтін, өмір сүруге епті адамдарды тәрбиелеп жатқан тәрізді. Балалық шақ деген не сөз... Осы Мұқажанның өзі де оның қандай күй, нендей сәт екенін аңғармады. Алыссаң жеңетін, арбассаң алдымен шағатын жұлмырлық тәрбиеден өтті. Оның пәлсапасы - ешкімге жем болмау, жыртқыштықпен өзгені жем ету. Алда-жалда өз басына қауып төнсе, ол туған баласына да аяушылық танытпас еді. Себебі, өзі де он ағайынды болып өсіп, қыздары бір мүшелден аса бере күйеуге кетсе, ұлдары мал соңында салпақтады. Байдың баласы деген атақтары болмаса, кейбіреудің малайының күні бұлардан әжептеуір еді. Ұзақты күн бітпейтін жұмыс аз болғандай, төбелерінен әңгір таяқ та арылмады. Әкелерінің зорлық-зомбылығына кенже туған, бір Мұқажан ғана ер жеткенше әзер төзіп жүрді. Сосын бір оңтайлы күні, ол күрмеуді шешті. Әкелері аттан жығылып, мойнын үзді. Қиылған айылда Мұқажанның қазірге дейін жанынан тастамай жүрген қара қанжарының ізі қалған-ды. Бұл қаруды арғы аталары соққан көрінеді; сосын тек, кенже ұлға ғана тиесілі мұра болған сынды. Мұқажанның әкесі де елдің айтуынша өз әкесін осы қара қанжардың көмегімен мерт қылыпты. Ал арғы тарихты бір құдайымның өзі білсін...
Әкеден көргенін Мұқажан да өз балаларына істеді. Балалары мал бағып, малға айналса; малдың бабы жарасып, Мұқажанның көңілі марқайды. Сөйте тұра, оның көңілі ешқашан, ешнәрсеге толық тола алмады. Әйтеуір, көрінген жерден бір ши шығып тұратын-ды. Егер бұған салса, Жаратушының өзінен де кінәрат табар ма еді?..
* * *
- Әпкетай-ау, мына түріңіз не? Жаудан қашқандай түтігіп кетіпсіз ғой? -
деп Күлжанның сіңлісі жаны шыға сұрап, бас салды. Ол әпкесінен бір жас қана кіші еді. Ой-өрістері қатар, замандас болып өсті. «Қыз - жат жұрттық» деген осы болар, екеуі екі шаңырақтың түтінін түтетіп, өз жұрты - қол тигенде қыдырар төркінге, қайын жұрты - ет-сөлі сіңген өз еліне айналып кеткен-ді. Сіңлісінің, бұның атын атамай, «әпке» дегені - жылы лебізден қаңсып жүрген Күлжанның жүрегін елжіретіп жіберді.
- Аңсарым ауып кетті! «Аунап-қунап келейін» деп жездеңнен рұқсат алдым.
- Еңбек демалысына шыққандай болған екенісіз ғой?
- Қойшы, «сіз» деп сызылғаның бір түрлі екен... Баяғыша дүңкілдете берсей! – деп Күлжан сіңлісін бауырына басып, басынан емірене иіскеді.
– Шашыңнан шешеміздің иісі шығады. Сен де айранмен жуасың ба?
- Иә. Кішкентай кезімізде қатар отырғызып жуушы еді ғой. Өзің немен жуасың?
- И-и, ол да бір дәурен еді-ау... Баяғы иіс сабын да сол...
- Шампұн жоқ па?
Күлжан «шампұн» деген сөзді алғаш рет естігендей селк етті. Осы иіс сабынның өзіне қолы әрең жетіп жүргенін, «Кір жууға, кірді кетіруге кірсабынды жаратқан!» деп әкіреңдейтін байының қылығын қайдан білсін.
* * *
Күйеу баласы да иман жүзді адам екен. Сонау бір алғашқы отау құрған жас кездерінде ғана көргені есінде қалыпты. Бұл не деген сұмдық еді? Мәңгілік өмір сүретіндей, бір-бірімен араласу жайына қалыпты-ау... Егер осы жолғы Күлжанның басына түскен қыспақ болмаса, бұлар мүмкін о дүниеде бір-ақ жолығар ма еді? Обалы не керек, сіңлісі тарапынан келіп-кетсек деген ұсыныс та болды. Сағынышын айтып, баяғыша хат та салды. Бірақ, байынан именген Күлжан қырық түрлі сылтау құрастырып, осы күнге дейін бір де бір рет келтірмеді. Өзі де ұмтылмады. Әрине, сағынды. Жүректі елжіреткен сағыныштан көз жасын ұрлап төкті. Сөйте-сөйте күн күнге жалғасып, мүк басқан тас секілді, Күлжанның сезімі де тобарсып, доңға айналды.
Бұлар келе-келе көршінің есігін ашпайтын, өздеріне жан аяғын бастырмайтын доңыз шаңырақ атанды.
* * *
- Мен сізді туған әпкем сияқты көремін! Сіздің құрметіңізге бір малдың басын шалайын. Сыртқа шығып бата жасаңыз, - деп қауқылдаған күйеу балаасына риза болған Күлжан көзін бір сығымдап алды. «Кедей жомарт» деген осы-ау?.. Тұрмыстары ортақолды көрінсе де бес-алты баласының жүзінде кірбің яки ешбір алаң жоқ. Күлкілері риясыз, көңілдері тоқ. Бөтен біреуді көрсе, жанын сұрауға келген әзірейілді көргендей тыжырыла қалатын бұның байына еш ұқсамайды. Мына сойғалы тұрған малын ысырап емес қуанышқа балап тұрған тәрізді. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей Мұқажанның атадан дарыған сараңдығы бала-шағасына да жұғысты болып, осындай ұстаным қалыпты дағдыға айналған еді. Күлжанның да түйсігіне сіңіп, күйеуінен де озып түскен кездері болды. Қажет болса, ауаны үнемдеу үшін – тартына тыныстауға да дайын секілденді. Енді міне сіңлісінің шаңырағына келіп, ес-түсінен айырылғандай күйге түсті. Жаны да тәні де әбден төселген тежеу мен шектеудің құрсауы іріп, іші-бауыры ылжырап, өмір бойы ыс жұтқан көкірегінің түңдігі серпіліп, өзге бір аңсарлы дүниеге тап болғанына сенер емес.
* * *
- Ал әпкетай, асқа бата жасаңыз! – деп күйеубаласы мен сіңлісі қатар жарыса, Күлжанға қарап алақандарын жайды.
- Үйбүйу қарақтарым-ай, ер адам тұрғанда шыт тартқанға жол жоқ қой ата салтымызда, - деп Күлжан иба танытып, бата беруден ат тонын ала қашты.
- Сізді үлкеніміз деп, және қанша жылдан бері есігімізді енді ашқаныңызды қуаныш көріп отырмыз!
- Төу, қоймадыңдар-ау, - деп Күлжан еріксіз жымиды да іштей бірнәрсе деп күбірлеп, алдын ала бата ишаратымен бетін сипап, ары қарай әдемі бір мақамды жорғалата жөнелді. Күміс қоңыраудай сыңғырлай жөнелген әпкесінің дауысына еліткен сіңлісі - алыста қалған тәтті бір елестердің құшағына күмп берді. Күлжан, кезінде көкірегі сайраған, білімге қатты құштар жан болғанын сіңлісі жақсы білетін-ді. Тұрмысқа тым ерте шықты да бала басты болып, қазан-аяқ басынан аса алмай қалды. Өйтпесе осы сіңлісіне сабақты өзі үйретіп, келешек - оқу мен білімде деп отыратын осы емес пе еді. Қазіргі кейпіне қарап, жасы қырыққа жетпей, өз заманынан шеттеп, кері кеткен есікіліктің адамын көргендей әсерге бөленді. Еңсесін жоқшылық езді деуге де келмейді. Атақтары ауданға мәлім. Езуіне әрдайым күлкі үйіріліп жүретін Күлжанды - баяғы бала шақта: «күлегеш Күлжан» деп өзара әжуалаушы еді. Ендігі сиқы мынау: тамақты да сырттан аңдыған иесінен жасқанғандай, әр жолғы созған қолын санап, қысылып ішіп отыр. Жүрегі айныған адамша асқа сүйсінбей, шайнағанын зорлықпен жұтады. Былай қарасаң, жүдеу-жадауға ұқсамайды. Жүзінің солыңқысы болмаса, тығыншықтай толық...
* * *
Түннің талай уағына дейін олар әңгіме-дүкенмен отырды. Көбіне сол балалық шақтарын еске алумен болды. Ата-аналарын айтты. Қипақтай бастаған күйеубаласын байқаған Күлжан:
- Үйбу, ұйқыларыңнан қалдырдым-ау! – деп қысылғаннын байқатты.
- Әпеке, уақа етпейді! Мен расында ертелетіп жұмысқа шығуым керек еді. Сіз сіңліңіз екеуіңіз алаңсыз әңгімелесе беріңіздер.
- Егер сен қарсы болмасаң, мен төр үйге әпкеммен бірге жатайын. Әлі айтарымыз түгесілген жоқ.
Күлжан төргі бөлмедегі төсекке жеткен кезде буын-буындары босап, қатты шаршағанын сезді. Киімін шешпей жата кеткенін көрген сіңлісі:
- Бұныңыз қалай? Шешініп жатсай. Тоңамын десеңіз тағы көрпе жабам, -
деп әбігерге түсті.
- Тоңбаймын. Тек шешін деп қинамашы, - деді де солқылдап жылап қоя берді.
- Ой құдайым-ай, тағы не болды?
Қыстығып жылаған Күлжанның жауап беруге шамасы жетпеді. Әбден солығы басылған соң ғана - тілі кәлимаға келгендей болды.
- Екіқабатпын...
- Керемет жаңалық қой! – деп сіңілісі шынайы қуанып, оны құшақтай алды.
- Мен үшін қуаныш емес ажал болғалы тұр!
- О не дегеніңіз? Сәби деген бақыт қой!
- Біреуге бақыт, енді бірге қатер болып тұр сол сәби...
- Кімге?
- Жездең түс көріп, көріпкелге жорытыпты. Оған ажалың болашақ ұлыңнан депті. «Егер екіқабат болсаң, қарныңды жарам!» деп маған ол пышағын жалаңдатты.
- Сұмдық-ай, көрінгеннің сандырағына да кісі сенеді екен-ау?
- Ол сондай адам. Бұлардың үрім-бұтағын сондай қарғыс шалған. Арғы аталарын да кенже ұлдары өлтіріп, кейін мынау да өз әкесінің ажалына қалған көрінеді...
- Бұндай сұмдықты естімеппін! Иә содан не болды?
- Ішімді тартып байлап, білдірмеуге тырыстым. Соңғы кезде қорқа бастадым. Балаға зияны тиіп, ертең кемтар болып қала ма деп...
Күлжан беліндегі қат-қат оралған орамалдарды шешкен кезде - лық етіп, тоқ қарны төмен салбырады. Сіңлісінің көзі атыздай болып:
- Осы екен ғой, тамақ батырмай кекжитіп отырған? – деп жағасын ұстады.
– Айы-күнің жетіп, босануға шақ қапсың ғой?!
- Сол ғой, саған тездетіп жеткенім!
* * *
Сол күннен бері жиырма жылдан аса уақыт өтіпті. Мұқажан дін аман, өзінің тасын өрге домалатып жатты. Кеңес деген алып мемлекеттің төрт аяғы көктен келген кезде, оның өмір бойы аңсаған заманы туып, екі аяғында тік қалды. Бұрынғыдай «алыпсатар, пайдакөс» деп ешікм айыптамайтын болды. Керісінше, бұдан ақыл-кеңес сұрап, ауыл мен ауданның құрметті азаматына айналды. Ара-тұра қайырымдылық шараларын да жасап қоятыны болды. «Шығын шықпай, кіріс кірмейді» демекші, қысты күні қар сұрап ала алмайтын сараңдығы ұстап, қанша тырысқанымен, бұл - артының қайыры бар, ұтылмайтын шара екенін тез аңғарды. «Атымтай-жомарттың» кейпіне кіріп, бір-жар сағат елдің алдында жайраңдап тұра тұруға еті де үйренді. Сосын аудан мен ауыл билігінің тілін тапса, өрісінің одан сайын кеңи түсетінін түсінді.
Бір өкінішітісі құдайдың берген төрт ұл, бес қызының ішінен іліп алары мынау дейтіндей еті тірі ешкімін байқай алмады. Тау қойнауындағы үш-төрт омарта, жүздеген гектар егістік пен ауылдың маңына сыймай, жайлау төсінде жайылатын: төрт-бес үйір жылқы мен бір табын ірі қара және ұсақ мал – бұл өлсе, қызыл итке жем болатынын ойлағанда, іш-құрылысы апай-топай боп кетеді. Осы дүние-мүлікті өзге түгілі, өзінен қызғанып, өмір бойы тірнектеп жинады. Өздері баққан малдан еш айырмасы мына маңқалар үшін бе? «Түстік өмірің болса, кештік мал жина» деген қағида бұлардың миына ешқашан қонған емес. Бас билігі өздеріне тисе, осы жиған-тергенді бір-ақ күнде желге шашып, тентіреп кетуден тайынбайды! Осындай жегі құрттай ой мазалағанда «Мынадай кілең ынжықтарды бергенше, «ажалың содан» деген кенже ұлды неге бермедің құдай?!» деп, Жаратушыны сөгетін халге жетті.
- Әй бала, табысың қалай? – деп сұрады бірде Мұқажан, бұның көлігін жөндеп жатқан жас жігіттен. Анау көз қиығын тастады да ештеңе демеді. Бәр зейінін моторға аударып, маңындағыны кісі көрмеген сияқтанды. Маңғаз біреу. Мұқажанның ашуы келді. Ішінен: «Кісімсіген иттің баласы! Ендігәрі саған жоласам, желкемнің шұқырын көрейін!» деп ант-су ішіп янаттанды. Кенет, өткен жолы да бұл жүгірмектің өстіп керіккен қылығын ұнатпай, жыны қайнап кеткені есіне түсті. Отты айналған көбелек сияқты осы жерге бұны не тартады екен? Тағы осы сұмырайға тәуенді болып тұр. Көлік жөндейтін пункттер төңіректе ит ырғын. Жоқ. Құдай қаңғалақтатып осында әкеледі. Қолынан түк келмейтін жалдамалы шопырына шүйлігеді. Ол байқұстың ақталуға шамасы жетпейді. Қожайынға қарсы бір ауыз сөз айтқаның - өзіңді өлім жазасын кестім дегенмен бірдей. Не болса да мына немеде бір қасиет бар. Мұқажан кейде оның бойынан: өзінің жас кезін шырамытатын, қылаңды көріп қалғандай болады.
- Алаңсыз жүргіңіз келсе, ауыстыратын дүниелері баршылық, - деп жөндеуші жігіт Мұқажанға кеңес берді. Анау қабағын шытып:
- Өздеріңе жұмыс болсын деп шата бересіңдер! Шаужайға бір жабыссаңдар айырылмайсыңдар-ау?
- Ақсақал, сізге өмір қымбат па, әлде темір қымбат па?
- Ақшаға келетіннің бәрі қымбат. Қанша төлеуім керек?
- Ана есікке барыңыз, сол жерге төлейсіз.
* * *
Күлжан сіңлісінің үйінде аман-есен босанып, аяқ-қолын бауырына алды. Кішкентай нәрестені ауыздандырып, уызға тойғызған соң, еліне қайтуға жиналды. Баланың атын әрнәрсенің соңы қайырмен аяқталсын деген ырыммен Қайыр қойды Тірі жанға білдірмей жасаған құпия келісіммен - Қайырдың ендігі ата-анасы Күлжанның сіңлісі мен күйеубаласы болмақ. Сонымен ақирет күніне дейін Қайырды балам деп ауызға алмауға ант ішіп, Күлжан кетті.
- Мама, бір шұбар бет тықыраңдаған шал келгіштеп кетті жұмысыма.
- Осы ауылдың адамы ма?
- Көрші ауылдан екен. Сол жақта сіздің бір туысқандарыңыз тұрмаушы ма еді? Өткенде бір әңгімеден құлағым шалып қалды...
- Білмедім... Әке-шешеміз баяғыда өліп қалған. Жалғыз әпкем бар еді, қанша жыл болды оның да өлі-тірісіз белгісіз, хабарсыз... Жайша ма?
- А-а, жай әншейін... Жақсы айлық төлеймін, маған жүргізуші бол деп қолқа сап жүр.
- Үлкен адам болса, алдап кетпес...
- Мама, менің жоспарымды білесіз ғой. Көлік жөндеуге әбден машығып алған соң, тиын-тебен жинастырып, жеке кәсіп ашқым келеді. Кейінгі кезде бастығым қисық қарай бастады.
- Жұмысыңды ақсатып жүрсің бе?
- Жоға. Керісінше, арнайы мені іздеп келетіндер көбейді. Ол менен ақша жасырып жүр деп күдіктенетін сияқты. Соңғы кезде жұмыс ақысын өзім алмайтын болдым.
- Сенің ақжүрек екеніңді қайдан білсін! Барып, сілкілеп алайын ба?
- Ұят болады ғой! Бала кезімде жеген таяғымды жасырып келіп, енді әскерді көріп, ержеткенімде!.. - деп Қайыр еріксіз күліп жіберді.
- Балам, өзің ойланып көр. Мен не дейін...
* * *
Сонымен Қайырды Мұқажан өз жағына тартып алды. Бұрынғы жүргізушіге қарағанда екі есе артық төлеймін деп уәдесін де берді. Жалпы Мұқажанның есебі толық еді. Қайыр тек жүргізуші ғана емес, білгір жөндеуші және әскерде жекпе-жек әдісін жетік меңгерген мықты жауынгер болыпты. Соңғы қасиеті ақшалы адамға таптырмас олжа! Жердің түбінен болса да арзан затты алуға тырысты. Ұзақ та қауіп-қатері мол жолда осындай бесаспап жігіттің жанында болғаны қандай жақсы. Шіркін-ай, өз кіндігінен осы сияқты бір ұл тумады ғой. Шайнап бергеніңді әзер жұтатын кілең масыл немелер!
Бірде Мұқажан, көңілі көтеріңкі келе жатып, беліндегі қыннан қара мүйізге орнатқан, қос жүзді қанжарды шығарды.
- Мына қара қанжар - сонау ата-бабамыздан келе жатқан қастерлі қару. Әкем кенже ұлым деп маған берді. Мен де кенжеме берсем деп жүргем. Оның сәті түспеді.
- Бір емес, төрт ұлыңыз бар көрінеді ғой. Солардың кішісіне неге бермедіңіз?
- И-и, оларды қойшы!.. Бірінде де мінез жоқ. Осыны сен ұста. Жаман айтпай, жақсы жоқ қару сенде болғаны дұрыс. Кейін пестелет те алып берем.
- Сіз мені оққағар қылатын түріңіз бар ғой?
- Дұрыс айтасың, екеуміздің жанымыз бір шүберекке түйілген. Сен аман болса мен де аманмын.
- Оған жеке төлейсіз бе?
- Ақшаға сонша неге құмарсың?
- Ол құмарлық емес, әр еңбек бағаланып, ақысы төленуі тиісті.
- Жарайды. Сапарға шыққан кезде жол-жөнекей көңілің қалаған тамақты алып іше беруіңе рұқсат етемін.
- Мақұл. Бұл да жаман емес!
* * *
Күлжан, бұл күндері қара қайыстай қатқан, бет-әлпетін айғыз-айғыз әжім басқан, елдің айтуынша «сайтанның ұрғашысына» ұқсайтын сұрықсыз әйелге айналған-ды. Ол күйеуінің айтқанын екі етіп көрмеді. Мұқажанға қандай атақ тағылса, ол сонымен бөлісті. Дұрысы мен бұрысын жіктемей ерінің істеген ісін толық қабылдады. Күлжан, осы Қайыр пайда болғалы күрт өзгерді. Оны көрсе, ішкен асын жерге қоятын дәрежеге жетті. Бір қызығы, өзінің туған балаларына бұндай ерекше ықылас танытпапты. Мұқажан да әйелінің бұндай мінезіне аса алаңдамады. Керісінше, ол да Қайырды іштартып, қолындағы бар жақсысын соған ұсынғысы келіп тұрды.
- Сіз дүкен санын арттырам деп отырсыз. Енді тауар тарту да машақат тудырады. Сондықтан келешекте сауданы интернет арқылы жасау керек, - деді бір жолы шай үстінде Қайыр.
- Ол қалай? – деп алдымен Күлжан елең ете қалды. Оның елдің алдына түсіп кеткенін жақтырмаған Мұқажан:
- Сенің миый жететін шаруа емес, онанда шайыңды дұрыстап құй! – деп зірк етті. Күлжан ақталғанда, жасығанда жоқ, ешкімге сыр бермейтін бал-бал тасша бедірейіп отыра берді. Қайыр, Күлжанның сұрағына жауап беруді орынды деп санады. Себебі, бұл әйелдің ішкі дүниесі - сұрқайылау сырт пішініне ұқсамайтын-ды. Жылуы мүлдем өшіп қалмаған адамгершіліктің табы анда-санда сыр беріп қалушы еді.
- «Алибаба» деген сауда ұйымы бар. Ол күллі әлемді жаулап алған.
- Әлибаба дедің бе? Таныс ат сияқты, - деп Мұқажан күмілжи, ойланып қалды.
– Осы сенің сауатың жақсырақ еді, қатын, бұны қай жерден естуім мүмкін?
- «Әлибаба мен оны қырық қарақшысы» деген ертегі бар, соны айтып отырған шығарсың? – деп Күлжан немқұрайлы жауап берді.
- Бәсе! Мен де тегін емеспін. Білемін бірдемені... Сонымен ұры-қарының ұйымы ма бұл да?
- Жоға, ақсақал. Бұл қытайдың ең мықты, әлемге беделді сауда ұйымы.- Қытай деймісің?!
– деп Мұқажан бақжаң етті. – Ей, онсыз да қытайдың тауарын алып сатып жүрген жоқпыз ба? Бірінен бірі жорға дейсің бе?
- Мәселе сонда. Біз жүз есе қымбатқа сатып аламыз. Яғни, бізге жеткенше неше қолдан өтеді. Ал «Алибаба» арқылы алатын болсақ, су тегінге түседі.
- Апырай, мынауың расында ғажап екен! Оның жолын білесің бе? Алдап кетпей ме?
- Жолы бар. Бірақ, алданып қалам деп көштен қалуға болмайды. Бір рет алданасың, сөйте-сөйте тәжірибе жинайсың.
- Сен тура өзің істеп келген адамша сайрайсың-ау? Құлағыма теуіп отырған жоқсың ба?
- Ақсақал сену, сенбеу өз еркіңіз. Мен, тек замануи сауда тәсілін айтып отырмын. Әлем осындай жолға көшіп жатыр. Интернет арқылы саудаға жасауға.
- Ентернет дейсің, сонда тауар маған ауа арқылы келе ме?
- Ауа арқылы хабарласасыз. Тауарыңыз авто, теміржол, кеме арқылы келеді.
- Кеме деші... Әй қатын, арықпен ағып келген тауарды аулаймыз әлі!
- Бұл бала білгенін айтып отыр ғой. Несіне күлкі қыласың...
- Жарайды. Осы айтқаныңа да тойдық. Әйтпесе, бір шыныаяқ шайдың өзі дұрыс батар емес.
* * *
Биылғы қыс қарлы болды. Сонау асқар таудың аясындағы бір уыс болып ұйысқан, шағын ауыл мен аудан арасындағы жол қатынасы қиындап кетті. Қайыр суреттегендей тауар тасымалдау тек қиялда ғана қалды. Сол тәсіл Мұқажанның есіне түсіп кеткенде көкірегі қарыс айырыла күрсінеді. Мындағы алыпсатар қуларға жем болып жүргеніне қапа болады. Шіркін-ай десеңші, қанша қаражаты тектен-тек желге ұшып жатыр?
Қажетті тауарларды басып болған соң, бұлар әдеттерінше шыға берістегі асханаға тамақтануға бұрылды. Бұндағы даяшылар қонақтарының не ішіп, не жейтінін әбден білетін-ді. Бір ауыз сөз шығын етпей, дәстүрлі тағамдарын алдарына тартты. Мұқажан алақанын жайып бата жасап, екеуі бет сипасты.
- Аға, жолай көлікті көрсетіп алсақ қалай ойлайсыз? – деді Қайыр
тамағын ішіп отырып. Мұқажанның беті тыржаң ете түсті.
- Несін көрсетесің? - Тежегіштің түтікшелерін айырбастамағалы көп болды. Сосын...
- Тамшылап тұр ма бір жерінен?
- Ондай көрінбейді. Тек сақтық та қорлық жоқ... Дөңгелектерді де айырбастау керек еді. Әлі жаздықпен жүрміз...
- Сен бала білгіш деген сайын өрекпіп барасың! Жаздық, күздік дейтін ол не - аяқкиім бе? Баяғыда бір кәлөшпен қыстан шығатынбыз!
- Баяғы баяғыда болды...
- Мен сені не үшін жұмысқа алдым, осы? Осындай әңгімені естімеу үшін.
- Тозған нәрсені сілекеймен жаңалаймын ба?
* * *
Елге апаратын танап - неше ауылды басып өткен соң, республикалық маңызы бар күре жолдан кілт оңға бұрылып, қасқа төбеге өрмелейді. Етектегі сал жүріс жайына қалып, бір еңіс, бір биікке көтеріліп, аспанды кенерлеген Алатаудың бөктерін үңги түседі. Мына ұзыннан түсіп, жотасы күдірейген жуан жалдан асса, ар жағында абыр-сабыр тірлігі маздаған ауыл жатыр.
Қайыр машинаның бір қалыпты ыңыранған дауысына құлақ салып, таныс әуен тыңдағандай күйде келеді. Мұқажанның қабағы қатулы. Жүрістері өнер емес. Алдыға басқан аяғы кері кеткендей әсерде отыр.
- Бассаңшы газыңды! – деп ол безірейген Қайырға шамданды.
- Басуға болмайды. Осылай бір қалыппен жүру керек. Жылдамдықты өршітсең дөңгелек тез айналып, астын қазады да бір орнымызда қалшиямыз...
- Мына жүрістен сол қалшиғанымыз жақсы ма деймін! Ел де тосып жүрген шығар? Сауда қалып барады!..
- Сізге дөңгелек ауыстырайық деп сан айттым... Қыста қыстықпен жүру керек.
- Не айырмасы бар? Бәрі бір дөңгелек емес пе?- Қыстық жұмсақ келеді. Бедері қатпайды. Жөушенді тайғақтан қорықпайды.
- Қорықады, қорықпайды... сылтау бәрі, аңқау елдің ақшасын қағу!..
Бұлар әупірімдеп жалдың желкесіне шықты. Арғы беттің жолы иерелеңдеп, құздауыт төменге құлдилайды. Түске таманғы тіке шаңқиған күннің өті жолдың бетін жіпсітіп, енді екінтіге рай берген шақта жылтыраған мұзға айналдырыпты.
Қайыр көліктен түсіп, ылдиды құлдап біраз барды. Көктайғақ. Мұқажан жирен мұрты едірейіп, шегір көзі ежірейіп жоғарыдан қарап тұрды. Қайыр аяғы тайғанақтап таяған кезде ол:
- Жолдың тапталмаған ернеуін ала жүру керек сияқты, өйтпесе айнадай мұз!.. Сіз ақырындап жаяу түсе беріңіз. Мен жайлап, шым-шымдап жылжып көрейін.
- Олай болмайды! Көрсек, көресімізді бірге көреміз! – деп Мұқажан көліктің багажы мен салоны сықа толған тауарға жалтақтай берді.
- Ерік өзіңізде. Тек қатер төнсе, секіріп үлгерсіз бе?
- Жоқтан өзгені айтпай, айда! Ел тосып қалды.
* * *
Көлік қозғалған сәттен-ақ алдыңғы дөңгелектері тайып, басқаруға келмей, қырындай жөнелді. Енді сәл болса, еңіске бүйірімен жөңкитіндей көрінді. Қайыр ебін тауып, бағытын түзеді. Еңбектеген адамша, жолдың жиегін сипалай жылжыды. Ара-арасында тежеуішті баппен басып қояды. Машинада біраз салмақ бар екені осындайда байқалды. Кейбір тұста екпіндетіп ата жөнелгісі келеді. Жылдамдық пен тежеуішті үйлестіре меңгергеннің арқасында көлік Қайырдың дегеніне көніп келе жатқандай. Оның денесі мен жүйкесі аса ширығып, өзі отырған көлікпен астасып кеткен тәрізденді. Дөңгелектің табаны тиген жерді тұла-бойымен қоса сезініп, тықыр еткен бір түйір тасқа елең етеді. Екі қолы рөлге қарысып, бар зейіні жолға ауған...
Қасындағы Мұқажанның жайшылықта уы шашырап, кісінің зәресін алатын шегір көздерінің ызғары көмескіленіп, тілін жұтып қойғандай үнсіз, сұп-сұр болып сіресіп отыр. Әмісе саусағымен ширатып, ұштап отыратын жирен мұрттан да береке кетіпті. Алақұйын жапырған қамыс құсап, қалаған жағына қисайған...
Көлік кейде бір қырындай, енді бірде тура тартып, небір айналма қылталардан аман-есен өтіп келеді. Тамағына бір нәрсе тығылғандай тұншыға ырылдайды. Тұтыққан көмейі сәл ашылса, арындап, ащы зарын айғайлата жөнелері күмәнсіз...
Қияметтің қиынынан өттік пе дегендей бір әлетте Қайыр Мұқажанға көз тастады. Ол да әрең отыр екен. Үһ деп ауыр демін алып, Қайырға ризашылықпен қарады. Тер басып, суланған қос алақанын кезек-кезек үрлеген Қайырдың көңілі жайланып, қозғалақтап, жайлана жайғасты.
Енді ол көліктің рөліне берік ие болып, сенімді жүргізді. Құзардың жарты бөлігін еңсерді. Бір-екі айналмадан соң, жайдаққа да жетеді. Көлік тасбақаша жорғаламай, жылдамдығын арттырды. Терезеден жел есті. Таудың қоңыр самалы неткен таза, неткен кәусар еді. Міне тағы бір айналма. Көлік тым екпіндеп кеткен секілденді. Қайыр тежеуішті басты. Еш әсер жоқ. Жалмажан жылдамадықты ең төменіне ауыстырды. Көлік бастапқыда қырылдап, тежелген сияқтанды да қайта екпіндеді. Қайыр, буыны үзіліп кеткендей құр солқылдаған тежеуішті дәрменсіз тепкілей берді. Келесі айналманы орап өту мүмкін емес-тін. Көлікті бұрар болсаң, жата қалып домалайды. Бұрмасаң, екі-үш жүз метр биіктен табандағы жаймен ағып жатқан өзеннің жағасына бір-ақ қарғиды.
- Аға, секіріңіз! – деп Қайыр жан дауысы шыға айғай салды. Анау бұған бір, артындағы қалың тауарға бір жалтақтап:
- Өзің ше? – деді.Сіз секіріңіз, сосын мен де секірем! – деп Қайыр Мұқажанды есікке
қарай итерді. Көзі алақтаған ол біресе артына, біресе алдына жалтақтап, өзін есікке итерген сайын ішке ұмсынды. Көлік жолдан бұра тартып, тыңмен ағылды. Бір-екі шоқалақтан қарғып өтті. Арттағы қатталған тауарлар бір-бірін қуа алдыға секірді. Алақтап отырған Мұқажанның құшағы тауарға толды. Жылдамдық шектен шыға арта түсті. Өзеннің төбесінен үңірейген жақпар тасты, қара жар да жақын қалған-ды...
* * *
Бірнеше айға созылған тергеу сергелдеңі бітіп, соттың күні де жетті. Қайырға адвокатты Күлжан жалдаған болатын-ды. Ол соттың алдына үнді фильміндегідей оқиғаны жайып салғанда, сот төрағасы түгілі айыптаушы прокурордың өзі бір қызарып, бір бозарды. Қайырдың тарапынан қылмыстық өрнек табылмаған соң, істі жауып, сот залында оны босатуға тура келді. Кісі өліміне душар еткен тежеуіш түтікшесінің жоғары қысымды көтере алмай жарылғаны анықталды. Бір емес, екі отбасының баласына айналған Қайыр ештеңенің байыбына бара алмай, тіпті барғысы да келмей, екіұдай күйге жолықты. Қамаудан шығар сәтте заттарын алып жатып, қара қанжарға қолын соза бергенде:
- Бұл затыңызды суық қару ретінде тәркілейміз. Мына жерге қолыңызды қойыңыз, - деп заң адамы қағаз бен қалам ұсынды. Қайыр оған бір қарады да үнсіз, айтқан жерге қол таңбасын қалдырды.
Сөйтіп, атадан балаға мирас болып, ұлдың кенжесінің ғана мұрасына айналған - қара қанжар, осы жолғы ажалға ізін тастамай, қазынаның мүлкіне айналған-ды.
Заман Төлеуов