IАсқар сарғылт түстің сан реңкі жамалған далаға ентелей қарағанына біраз уақыт болған. Кенет бұлттың...
Заман Төлеуов. ҚАРАҚУЫС (роман)
Басын мына жерден оқып аласыз
2 тарау
Ғалам ауылдан жырақ, тау бөктеріндегі бұрын малшы қыстағы болған көңдегі иесіз қалған үйді – жамап-жасқап, адам тұратын жағдайға жеткізді. Төңіректен отын теріп, қыстың қамын да алдын ала ескеруге кірісті. Үш құдықты пешті қайта қалап, ауа салқындар таң алдында – ұсақ отын жағып тексеріп алды. Тартымы бар екен. Қызмет жасағанның арқасында, былайғы жұртқа қарағанда қомақты зейнетақы алатын-ды. Қатша Ғаламға: «Асыл» дүкенінен өлмес күніңе жететін тамақ алып тұрасың. Мен айтқан сомадан көк тиынға артық бермейді. Арақ сұрама!» деп қадаған-ды. Бас бостандығын бәрінен де қымбат санаған Ғалам – қарсылық танытпады. Неше мәрте келіп, үйдегі кітаптарын арқалап әкетті. Таза киімдеріне тиіспей, малға киген ескі-құсқыларын ғана алды. Бір жамылар төсек-орын мен азын-аулақ ыдыс-аяқ қана – бар жасауы болды.
Алғашқы ай өте ауыр тиді. Әу баста, жоспарлаған жобасы айқын және тез орындалатындай көрінген-ді. Жеме-жемге келгенде бастапқы ойлары үріккен қойдай быж-тыж қашып, бірде-бірі сирағынан ұстатпады. Сонымен состиып жүріп, бір айды алыстан аузы үңірейген, осы қара қуысқа жем етті. Ой ұштығы ілінбегенмен ол бекер жүрмеді. Қара қуыстың жон төбесінде «Телемұнара» деп аталатын байланыс бекеті бар-тын. Ауылдағылардың айтуына қарағанда ондағылар тоқпен балапан бастыратын көрінеді. Сары үлпек елу балапанды сатып алып, соларды асыраумен шұғылданды. Бұл нәзік нәрселерді қалай бағып-қағу керектігін аналар ерінбей-ақ тәптіштеп түсіндірді. Расында, тым нәзік жаратылыс екен. Құйрықтары былғанып, қораптың бір бұрышына барып теріс қараса болды, өлді дей бер. Қайнаған қара шайды суытып беру керек екен. Бұл іш тоқтататын дәрінің орнына. Тары мен күріштің жармасы басты қорегі. Сол елудің жиырма шақтысы қара қанаттанып, есік алдына бытырай жайылған күнге де жетті, Ғалам. Кешкісін «шеп-шептеп» шақырып, ауыз бөлмеге қамап үйретті. Күндіз шыбын-шіркей қуалап, шөптің басын тістелеп тоз-тоз кетеді. Жемге шақырса – бір-бірінен оза жүгіріп, жанынан табылады. Кішірек кезінде бір-екеуін сауысқан мен қарға іліп әкетті. Енді ара-тұра, қалың қау арасынан қылмиған қарсақтың тұмсығы пайда болды. Ержеткендерін білдіріп, кейбірі төңіректегі ағаштардың бұтағына қонақтайтынды шығарды. Қол шаммен іздеп жүріп, отырған орнынан ұстап, кейін жасаған тауық қораға қамайтын болды.
Шібилердің арасындағы қырғауылға ұқсаған түрлі-түсті қауырсынды біреуі ерекше көз тартушы еді. Ұстатпай, талдың басына қонақтап жүріп, ақыры бір түні – қу қарсаққа жем болып тынды. Алысқа да апармай, сол ұстаған талдың түбінде парша-паршасын шығарыпты. Жеуге жарамайтын түрлі-түсті қауырсыны ғана бей-берекет шашылып жатыр...
Ғалам осындай тірліктің иіріміне түсіп кетіп, жаңағы айтқан алғашқы айдың қалай зу ете қалғанын да аңғармады. Асырандылары шібиден тауыққа бет бұрған кезде – бұйырған оншақтысын қапқа салып, ауылға апарып тастады.
- Мынауың не сұмдық? Елдің тауық қорасына түсіп жүрсің бе? – деп Қатшаның көзі атыздай болды.
***
«Осы тірлігім расында бекер ме екен? Менің жан-дүниемде бүркеніп жатқан ешқандай да тылсым жоқ шығар?» деп іштей күдіктенді. Сөйте тұра, алған бетінен қайтпауға бекінді. Енді жатпай-тұрмай кітап оқумен айналысты. Бұл ғұламалар не айтты және оны қала айта алды деген көкейінде сұрақ тұрды. Ол бұрынғыдай оқиға қуып, қызықтау үшін оқымады. Әр жазылған нәрсенің неге осылай жазылды деп себебін іздеді. Әлдебір заңдылықтың барын іші сезді. Өйткені, көркем шығарма өмірдің жай ғана көшірмесі емес, ол – автордың оймен тудырған өзіндік әлемі екенін аңғарды. Және әр автордың даралығы неде екенін талдап, ұғынуға тырысты. Ешкім ешқашан да жаңалық аша алмайды. Бәрі әбден ұмытылған өткенді қайталау ғана. Ал соны өзіңе ғана тән таңбада қайталау үшін сабақтастық қажет. Яғни, өткенге үңілу керек. Солар бет пердесін ашып, кеңес беруі тиістей. Мүмкін тылсым деген сол шығар. Біз өткенді – шыңырау құз түбінде деп санаймыз. Ал іс жүзінде ол – шырқау биікке аспандап кеткен құдірет. Алда-жалда құлағымызға сыбыр келсе – көктен жеткен хабар деп қабылдаймыз. Расында, солай болар. Шырқырай көкке ұшқан, адамның шыбын жанындай – өткеніміз де сол көкте жүрген шығар...
* * *
Дүр еткен оқыс дыбыс Ғаламды елең еткізді. Күре жолдан жырақтау, арнайы іздеп келмесе – ешкім өз ниетімен соға қоймайтын қыстақтың тыныштығы сирек бұзылатын-ды. Ғалам терезеден сыртқа үңілді. Ауылдық округ әкімінің ақ түсті «Нива» автокөлігін нөміріне қарап, жазбай таныды. Бұл тысқа шыққанша көліктен үрген доптай доп-домалақ әкімнің өзі де түсіп, таудың қуысына бетін беріп, құлашын жая керіліп тұр екен. Ғаламды көргенде ол екі езуі жайыла:
- О, братан, хал қалай? – деп сол құлашын керген қалпы келіп, төс қағыстыра екі мәрте қауышты. – Осылай табиғаттың ортасында жатырмын деңіз... Жеңгемнен сұрасам: «Ағаңның тағы жыны буып, тауда қамалып жатыр!» деді. Бәсе, кейінгі кезде кеңсеге соққанды қойдыңыз.
- Аманшылық па?
- Аман екеніміз аман... Бірақ, бәр мәселе сізге тіреліп тұр. Қоғамдық жұмыс ақсап жатыр. Аудан мен облыстың тілін өзім-ақ табар едім, тексеру сонау республикадан келмекші. Бірдеңе істеу керек...
- Көздерін бояйтын ба?
- Одан басқа не дейсіз? Оларға да сол керек. Сенбейтін нәрсеге өздері сенгісі келсе, амал нешік.
- Яғни, өздері де көзбояумен шұғылданады да?
- И-и, көке-ай! Кім кімнің көзін боямай жүрген заман... Шылғи өтірік екенін біліп тұрып – имандай ұйыған түр көрсетеміз. Өйткені, бәрінің арты былғаныш. Құйрықтары бір-ақ тұтам...
- Есіңдеме? Зейнетке шығар алдында маған: «Айтпады демеңіз, күн сағатыңыз тақалғанда тағы бір жыл істей тұрайын деп әлі жалынасыз» дегенің. Ал мен сол сағат соққан күні мекемеңді тастап, кеттім де қалдым. Білсең, жұмыстан қашқан жоқпын. Осындай комиссияларыңнан, анаған бір қой, мына әртіс концертін қойсын-қоймасын бәрібір, ақшасын жинап бер, одан да басқа түгесілмейтін салықтарыңнан мезі болғандықтан бәріне бір түкірдім. Шынымды айтсам, сендерді көргім келмейді!
- Төу, сонша не болды? «Битке өкпелеп тоныңды өртеме» деген қазақ атамыз. Қоғам сондай. Осының бәрі маған ұнайды дейсіз бе? Бұл – біздің жүйенің «жазылмаған заңы». Көнсең жүресің, көнбесең жолың әне... Кетіп-ақ қалғым келеді, кейде. Әкімдіктен түсіп қапты деген елдің сөзінен жасқанам.
- Е-е, оның бәрі жалған намыс қой. «Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді» дейтін мақалдың заманы өткені осы емес пе?
- Ол да рас. Намыс үшін өліп жатқан ешкімді көрмедім. Керісінше сол намысты көрінгеннің табанына тулақтай таптатып, атаңның бетіне қарай алмайтын жүзіқараға айналып бара жатқандаймыз!
- Құдай одан сақтасын! Бұл сұмдықтың шегі бар шығар? Екіжүзділердің де дәм-тұзы түгесіліп, имандылық оралар... Қуыс үйден құр шықпа дегендей, нан ауыз ти.
- Соны айтуға өзім де бата алмай тұр едім. Мен, қазір... – деп әкім жалт бұрылып, машинасына қарай томпаңдай жөнелді. Ол осы допқа ұқсаған тұрпатымен футболды жақсы қуалайды. Бойына қарамай волейболды да қыздырып жібереді. Футболда шабуылшы болса, волейболда қорғаныс пен шепті ұйымдастыруға шебер. Ауыл жастарынан құралған командаларды небір жарыстарға өзі қаражат тауып, бастап апарады. Осы белсендігі үшін жиналыс сайын – аудан әкімі өзге ауыл әкімдерінің көзін шұқып жатқаны...
Қолында алабажақ суретпен көмкерілген қомақты пакетті ұстап, әкім кірген кезде – Ғалам кітап үймелеген стөлдің бетін аршып жатқан-ды.
- Жеңгеміз: «Шатыры кеткен ағаңды жөнге сал. Үйдің жұмысы мен менің айтағымнан қашып, таудың қуысында араққа бығып жатыр, бар да көр, осы айтқаным айдай келмесе мұрнымды кесіп берейін!» деп еді... – деп, әкім күтпеген көрініске ошарылып тұрып қалды. Ғалам оған көз қиығын бір тастап, шаруасын жалғастыра берді. Сосын:
- Кесіп бере алса, кесіп берсін енді, жеңгеңіз, – деп мырс етті.
- Мынаған қарсы емес шығарсыз? – Әкім пакеттен мойны сорайған құмыраны суырып, ары қарай тіске басатын дәмдерді стөлдің тазарған тұсына аудара бастады.
- Айдан асты ғой татып алмағалы...
- Біздің аузымыз құдайдың құтты күні құрғамайды, – деп әкім бет-аузын тыржитып, басын қасыды.
- Қазіргі жастар бұған аса үйір емес дейді, рас па?
- Ол рас. Бірақ олар арақтан да зиянды нәрсеге ауа бастағандай...
- Нашақорлық па?
- Сіздердің кездеріңізде дінді – апиын деуші еді ғой. Соған дендеп барады. Ал наша шегу мен діннің айырмасы жоқ сияқты. Екеуі де сөз тыңдамайды. Біреуі – осы дүниелік «жұмақты» қаласа, екіншісі – о дүниелік ұжмақты көксейді. Сонда бұл дүниенің шаруасын кім істемек?
- Біреу айтқан екен: «Тарих пен дінге аса терең бойлауға болмайды» деп.
- Айтпақшы, тарих дегеннен соң есіме түсіп отыр. Менің келген басты мәселем де сол тарихқа байланысты. Ертең түске таман бір топ делегация келеді. Осы өңірдің тарихи ескерткіштерімен танысады. Ал, оны сізден артық ешкім білмейді. Бауырыңыздың бір тілегі осы. Бұйыртса, «Жетісу», «Хабар», «Қазақстаннан» тамашалаймыз өзіңізді. Келіңіз, сол үшін алып қоялық. Артынан өзен жағасында мол дастарқан жайылады!..
- Қалғаны үйреншікті ғой, соны айтсаңшы! – деді Ғалам өңін жылытып.
Екеуі ыдыс соғыстырып, ащы суды шамырқана ішісті. Әкім шаруасы оңға бет алғанына риза болып, жадырай бастады. Екінші мәрте молдау ғып, сылқылдата құйып жатып, бір ескілеу әжуаны еске салды.
- Бір балақай әкесінен қалған сарқытты ішіп алып: «Ту-у мынауың у ғой!?» деген екен дейді. Сонда әкесі маңғазданып: «Немене, мені күнде бал жеп жүр дейсің бе, у ішіп жүрмін!» деп қатты қынжылыпты-мыс!..
Екеуі жарыса күліп, өмір сүргеннің оңай еместігін дәлелдейтін тағы біраз әңгіме көйіткен болды. Расында, талайдан бері татпаған соң ба – Ғаламның басы дың ете түсті. Ол, бағытынан жаңылған адамша есеңгіреп, алдында отырған кісінің бетіне бақжиа қарады. Ғаламның талтүс секілді жарқырап тұрған санасын – аяқ-асты күн тұтылғандай, қаратүнек басып кетті. Өзінің кіммен және қайда отырғанын ажырата алмады. Жер дүние дөңгеленіп, асты-үстіне түсіп кеткендей хәлді сезді. Орнынан сүйретіле тұрып, төсегіне жантайды. Мынадай жағдайды тоспаған әкім, қолындағы арақты қыса ұстап, шарасыз күйде аңтарыла қарап қалыпты. Оның бар-жоғын елеуге Ғаламның мұршасы жетпеді. Тек, басы жастыққа тие бергенде оның құлағына:
- «Жедел жәрдем» шақыртайын ба? – деп сұраған дүдамал ұсыныс алыстан жаңғырып әрең жетті. Ол басын шайқады. Әкімге де керегі осы болған сияқты, дастарқанды лезде жинап, қалған арақты да пакетке жытыртып, талықсыпжатқан Ғаламның үстіне төніп, тынысын тыңдады. Бір қалыпты демалып жатқандай көрінді. «Үйбүй, әбден алкаш бопсың-ау, екі стақаннан жалп ете түстің! Жеңгеміздің айтқаны айдай келді» деп, іштей түйді. Шығып бара жатып, стөлдің арғы басындағы үйілген кітаптарға көз тастады. Достоевскийдің «Идиот», «Двойник», «Бесы»; Гогольдің «Записки сумасшедшего» сияқты кітаптарымен қатар: тағы өзіне таныс емес авторлардың шығармаларын байқады. Тіпті, «Диалектический материализм» де соның арасына кіріп кетіпті. Беті ашылып, ортасына жапырақ салынған кітапты қолына алды. Джованни Боккаччо Декамерон деп тұр екен. Оның қатарындағы қалың дәптердің сырт бетіне «Үш анық» Шәкәрім» деп көк сиямен баттита жазылыпты. Сірә, қолдан көшірілген жазба болуы керек. Оның бетін ашып қарауға әкімнің дәті бармады. Ішінен небір құбыжықтар бұрқырап шыға келетіндей көрінді.
Әкім сәл қысылып-қымтырылса, басын қаси жөнелетін. Манағы тұжырымына күдік ұялап, енді не түйіндерін өзі білмей дал болды. Қайтадан барып тынысын тыңдады. Қолынан ұстап тамырын басты. Бәрі бір қалыпты сияқты. Кәдімгі қалың ұйқыға батқан кісінің кейпі. Өлетін адамға ұқсамайды. Әкім әрі-сәріліктен арылып, қалғанын бір құдайға тапсырды да есігін нығарлай жауып, аттанып кетті. Кілең жын-шайтан туралы кітап оқығанына қарағанда – бұл кісіге бірнәрсе қонып яки әлдененің салқыны анық тиген секілді.
Ол көлігіне отыра бере қора-қопсысы баяғыда ойран-топыр болған ескі көңге, одан ары: ар жағымда жұмбақ бар деп, кісіні өзіне арбағандай, тойымсыз көзі үңірейген «Қара қуыс» сайына қарады. Әкімнің өз құлағымен естігені: осы құтсыз көңде жұтсыз жылдары да төтенше жұт немесе дерт келіп, мал қырылады; ата-аналары бата бермеген екі ғашық - осы көңге бір түнеп шыққан соң, ертеңінде «Қара қуыстың» биігінен қол ұстасып секіріп, мерт болған деген аңыз бар; осы тұстан ары-бері бейсауат уақытта өткен кейбіреулер: үйдің ішінде от жағып, мәз-мәйрам болып жатқан шайтандарды да көріпті-мыс. Осындай жағымсыз атағы шыққан көңді, елдің көбі маңайламауға тырысатын-ды. Бір кездегі топырағы борпылдаған қара жолды ел аяғы тимеген соң, шөп баса бастаған-ды. Ол көлігін жедел от алдырды да соңына сұйық шаңнан құйрық байлап жөнеп берді.
* * *
Сықыр етіп есік ашылды. Ғалам сол тосын дыбыстан оянды. Бөлме алакөлеңкелене бастапты. Күн, үйді қоршай қымтаған жоталардан аса – еңкейген сынды. Әсте, «Қарақуысқа» кеш ерте түседі. Сірә, сырт көзден жасырған бір пәлесі бардай жеделдете көзді байлап, әне-міне дегенше түнеріп сала береді.
Кірген кісі жөткірініп дабыс берді. Ғалам ұйқысыраған кейіппен ыңыранды. Әлгі кереуеттің басына таяп келіп, оны ақырындап оятты.
- Бейуақта ұйықтауға болмайды. Тұрыңыз. – Дауысы сондай мейірімді екен.
- Бұ кім? – деп Ғалам басын көтерді.
- Жүріңіз, сыртқа шығайық. Тұншықпай қалай жатырсыз?
- Иіс бар ма?
- Иә, өте жаман иіс!
Кісі Ғаламның қолтығынан демеп тұрғызды. Сүйеп бара жатып, басын теріс бұра:
- Иіс сіздің аузыңыздан шығады, – деді, жиіркенішпен. Ғалам сәл аңтарылды да мана ауыл әкімі екеуі ішкен арақ есіне түсті.
- А, а... арақ ішкем, аздап.
Есік алдына шыққан соң, екеуі қабырғадағы тақтай орындыққа құйрық басты. Ғалам қасындағы серігіне бажайлай қарап алды да, әлденені есіне түсіргісі келген кісіше – сәл-пәл ойланып барып:
- Танымадым, бірақ шырамытатын сияқтымын, – деді.
- Иә, адам адамға ұқсай береді ғой. Мүмкін бір жерде ұшырасқан да шығармыз, – деп ол дүдамал жауап берді.
Ғалам оның бетіне тағы ошарылып қарады. Бидай өңді, жүдеу жігіт екен.
- Қаншадасың?
- Жиырма бестемін.
- Мұнда қалай тап болдың?
- Маған бәрібір қайда тап болсам да...
- Ұқпадым? Ұшарымды жел, қонарымды сай біледі демекшісің бе?
- Иә, өзін де ерік пен бағыт жоқ адам сияқтымын...
- Жап-жас болып өмірден қалай түңіліп кеткенсің!? Мына мен алпыстан ассам да әлі өзімді тануға талпыныс жасап жүрмін.
- Осынша жасқа келіп, өзіңізді әлі таныған жоқсыз ба? – Жігіт мырс етіп күлді. Ғалам оның мына қылығын кекесін санап, шытынап, шырт ете қалды. Соны сезген жігіт оның арқасынан қағып: – Ренжімеңіз, ағасы! – деп жұбатты. – Өзін-өзі осы күнге дейін сірә, ешкім танып көрмеген шығар.., – сосын деп ауыр күрсінді.
- Әй, балам... ел-жұрттан безіп, жынды атанып жүрген менен де жаман болдың ғой? Қай жерден, қай жұрттансың?
- Білмеймін, ақсақал...
- Мәссаған, безгелдек!.. Бәсе, маған қайбір дені дұрыс кісі жолар дейсің?
Өзің осы жерге немен жеттің? Әдейі ат басын бұрмасаң, жөні түзік адам аяқ баспайтын – қарғыс атқан жер бұл!
- Мүмкін сондай ерекшелігімен жолымды осылай бұрған шығар...
- Жерін қарғыс атқан, кісісін жын қаққан... Енді сен ғана едің, жетіспегені! Балам бас-аяғың аманда, күн жарықта жөніңді тап. Менен саған жақсы нәрсе жұқпайды. Обалыңа қалам.
- Барар жердің бәрін түгестім. Кет десеңіз де кетер жағым жоқ.
- Осы әлгінде ғана «ұшарымды жел, қонарымды сай біледі» деп отыр ең ғой?
- Оны мен айтқан жоқпын. Сіз айттыңыз.
- Айтсам айтқан шығармын. Бірақ мен қонар сайымды тапқан адаммын. Ал менің жасыма келгенше сен –талай сайды адақтайсың әлі.
- Мен сіздің жасыңызға келмеймін.
- Қатты науқассың ба?
- Жоға! Мені енді ешқандай дерт те өлім де ала алмайды...
- Қатты кеткен жоқсың ба?
- Ақиқаты сол, ақсақал...
- Астапыралла, сенен шошиын дедім. Сен менен атып кеткеннің өзі сияқтысың!
- Ол да мүмкін.., – деп жігіт ерекелей жымиып, Ғаламды құшақтады. – Құдайы қонақты кешке қарай қумас болар, қара су болса да бөліп ішер болар?
- Өй енеңді ұрайын! Шала мас шалды мазақ еткенің қай сасқаның? Осы сен, түйеші шалдың бірдеңесі емессің бе? Мына қылтың-сылтың сөзіңе қарағанда соның аузынан түсіп қалғандайсың.
- Ол да болуы ғажап емес!..
- Үйт, жүгірмек! Жаңағының бәрі арамызда қалсын. Онсыз да күлкі-мазақтың табасында жүрмін. Қой, шам жағып, түтін түтетейік. Менің быламығымнан дәм тат.
Жігіт өз есімін білмейтін болып шықты. Ғалам оған Жолкен деп ат қойды. Жол-жөнекей жолы түсіп, осында келе қалғаны үшін. Анау оған қарсы болмады. Сөйтіп, әкелі-балалыдай тұрып жатты. Бұрынғыдай емес, кеш батса қаракөлеңкесі тұнжыраған бөлмеге шырай кіріп, шамы ұзақ жанып, абыр-сабыр әңгіме дүкенге байыды.
Жолкен мен екеуі қара күзге де жетті. Оның ішіп-жемге онша салмағы болмады. Дастарқан басында не ішкені, не жегені белгісіз әйтеуір, шұқынып отырғаны. Тез тояды. Әр нәрсеге көзін сатып, сұранатын да қылығы жоқ екен. Басынан таяқ алған бала сияқты. Аракідік шалықтап сөйлеп кеткеніне қарағанда...
- Мақұл, Жолкен болсам Жолкен-ақ болайын, - деген-ді ол әппақ тістерін жарқырата күліп. Ғалам бір нәрсе сұрағысы келген адамша, біразға дейін ыңғайсызданып жүріп ақырында дәті жетті.
- Сен де осы, құжат та жоқ шығар, ә?
- Оның маған қажеті қанша?
- Жаман айтпай жақсы жоқ... аяқ-асты біреу-міреу тексере қалса дегенім ғой...
- Ол жағынан қам жемеңіз. Кімге керекпін?
- Ол да рас. Баяғы заман емес, бір ай жұмыс жасамасаң кержалқау деп жазалайтын. Енді ешкім ешкімге керек емес. Құжатын тексермек түгілі, өліп қалсаң да іздемейді.
- Кім іздеу керек?
- Туған-туысқандар іздесе, іздеп жатар... анау өкіметті айтам да.
- Олар міндетті ме?
- Е қайдан білейін...Ата заңдарында: адамды – ең басты құндылық деген соң, үміттенгенім ғой.
- Ата заңдары дегеніңізге қарағанда – ол заңның сіздің атаңызға еш қатысы болмағаны ма?
- Әй, қарағым, сен кеңестің үш әрпінен келген адам құсап кеттің бе, немене? Менің іші-қарнымды ақтарып, миымды шыр айналдырып жібердің ғой! Қазақтың жадына жазылған мүлтіксіз «Ата заңы» болған... Сол өшіп барады!
- О не дегеніңіз. Сіз пиғылы таза, көңілі көлеңкесіз, шыныдай мөлдір адамсыз! Қалғандары да сіз секілді болса, әділ қоғам баяғыда орнар еді...
- Өйдөйтте! Мүмкін менің ел басқаруым ғана қалған шығар?
- Сіз ел басқара алмайсыз.
- Е неге? Тоқалдан туыппын ба? – деп Ғалам санын бір салып қап, талайдан бері кеудесінде тұтыққан ашық күлкіге ерік беріп, қарқылдай күлді. Сосын көзіне іркілген жасты сұқ саусағымен сырып алып тастап: – Екеуміздің әңгімеміз енді жараса бастағанда сен бүйректен сирақ шығарып, бұзып тынасың, осы. Көңіліме келеді деп ойламайсың ба?
- Бар жазығым ел басқара алмайтыныңызды айтқаным ба? Рас, басқара алмайсыз. Сіздің ойыңызша, Жер – деген не?
- Жер – мен, туып-өсіп, ғұмыр кешіп жатқан жерім, өңірім, өлкем. Е не бопты?
- Жер, жеу дегеннен шыққан. Сіз жемесеңіз, сізді біреу жейді. Тіршілік дегеніміз – тынымсыз жеу. Тірі қалғысы келгеннің барлығы өзгені жеуі тиіс. Ал сіз, ондай емессіз. Ел басқарушының азуы алты қарыс болуы керек. Ол қашанда жеп қоюға әзір сұсты кейіпте болмаса, оны халқы жеп қояды. Адамды қорқыныш қана тежейді. Бар-жоғына сәт сайын күмән келтіретін Құдаймен бір-біріңді қорқытасыңдар. Соның көмегімен саясаттарыңды жүзеге асырасыңдар. Яғни, қорқу деген сіздердің басты сезімдеріңіз. Қорыққан сәтте ғана өздеріңді тауып, танисыңдар. Себебі, Жаратушы жаратты деген Табиғаттың өзі кілең қорқыныштан тұрады. Демек, сыры құпия нәрсенің барлығы – тылсым. Ал, Тылсым дегеніміз – қорқыныш. Тіпті, бір сағаттан кейін қандай күйді бастан кешеріңді білмейсің. Ал сіздер, өздеріңізді осы өмірдің иесімін деп санайсыздар. Сіздердегі бары – жел үп етсе, ғайып болатын будан да тұрлаусыз сезім ғана. Басқаша оны – Жан деп те атарсыз. Ол – ауадан да жеңіл, жерге қона алмайтын, гүлдердің алуан түсті үрпектеріне ұқсас бірнәрсе. Сізге үрей туғызатын табиғаттың өзі де кіріптар халде. Бәрінен де зор, бір қуат бар. Оның қасында үрей мен қорқыныш – баланың ойыншығы сықылды... Бар мен жоқты тудырған күмәнді әлемнің сіздерге беймәлім тағы бір қыры болуы тиіс. Оны, бүгінгі сана арқылы емес, оны өшіріп барып тануыңыз мүмкін... Сіз, Санаңыз сөнген сәтте, әлеміңіздің де сөнгені деп ойлайсыз ғой?..
- Өлгеннен кейін сөнбегенде несі қалды?
- Сіз мәңгілік өмір дегенге сенесіз бе?
- Діннің алдарқату тәсілі деп жобалаймын.
- Ал, шындығында мәңгілік өмір болса, қуанар ма едіңіз?
- Е, кімнің өлгісі келеді. Бір күн болса да артық жүргенге не жетсін!
- Неден артық жүргенге?
- Өлетін күніңнен...
- Оның пайдасы қанша? Түбі бір өлетін болған соң. Менің айтып отырғаным ешқашан өлмейтін мәңгі өмір. Ол сізді қуанта ма?
- Қайдан білем, қарағым! Қуантатын шығар, мүмкін...
- Қуанатын түгі де жоқ.., – деді Жолкен. Неге қуанбау керектігін сұрауға Ғаламның жүрегі дауаламады. Мына неменің жыны өзінен де асып бара жатқандай сезінді. «Қарақуысты жын-пері мекендейді» деген сөз рас болды-ау деп іштей жорыды. Бір жақсысы, бұған әлі күнге залалы тие қойған жоқ. Бәрі осы секілді екеуара әңгіме-дүкенмен бітісіп жатыр. Кім білсін, қай күні шын бет-бейнесін ашарын. Ғалам, өзінің енді былай ешнәрседен қорықпайтын халге жақындағанын аңғара бастады.
* * *
Осының алдында Жолкен екеуі ауылға бірнеше қабат барып, «қара кемпірдің» қыстық қамын реттеп қайтқан-ды. Қайқайтып қос мая тұрғызды. Қора-қопсының кем-кетігін жамап-жасқады. Жазда ойған қый сыңғырлай кепкен екен, оны далдаға тасыды. Үнемдеп жақса, қос қысқа жетерлік отын жарды. Керегінше түсірген көмірді отын қораға тартып, аузы-мұрнынан шығара сықитты. Енді Қатшаның батасын алу ғана қалған болатын-ды.
- Маған ренішің жоқ шығар? – деді Ғалам шай үстінде. Қатша оған ожырая қарады да:
- Саған деген ренішім атан түйеге жүк болады. Сыйдырмай, байын қуып жіберіпті деген қаңқу сөзге қалдым. Қаладағы балаларың да өкпелеп жатыр. Әкемізге не болған, әбден қартайған шағында, барып үйге қайтарамыз деп тулауда... Ауыру адам, қайтесіңдер, алтын уақыттарыңды жоғалтпай жұмыстарыңді істей беріңдер деп, әрең көндірдім. Ала қыста кеп қалды. Сол «Қара қуысты» қыстамақсың ба?
- Иә. Шаруам біткен жоқ.
- Үйдің шаруасынан басқа енді сенде қандай шаруа болуы тиіс? Сенің жұмысыңды істету үшін екі қаңғыбасты жалдадым. Қыстап шық деп бос тұрған кіші үйді бердім. Оларға да дауа жоқ. Күн жылығанша жәмпеңдейді де сосын шу қарасын көрсетпей зытады.
- Оған дейін мен де бітіріп қалармын...
- Білем нені бітіріп жүргеніңді. Әкім барып үстіңнен түсіпті ғой. Тырайып мас болып жатқаныңда.
- Қашан? – деп Ғалам селк ете түсті де сәлден соң, бәрі есіне оралды.
Ақталып ештеңе демеді. Ішінен: «Аузыңды ұрайын!» деп сыбады да қойды. Яғни, ол да бұны адам қатарынан шығарып үлгерген екен ғой. «Е мейлі, тіпті жақсы!» деді күбірлеп.
- Сенімен кісіше сөйлесіп отырсам, қара құрт оқығандай немене аузыңды жыбырлатасың?
- Қой, кетейін.., – деп Ғалам орнынан түрегелді. Қатша оған тағы оқшия қарап:
- Бүгін жұма. Әке-шешеңе арнап бір ауыз дұға оқымайсың ба? – деді.
- А-а, сен оқи салшы, мен қарайып қалыппын...Қатша өзі қара құрт оқыған адамша аузын біразға дейін жыбырлатып барып, бетін сипады. Ғалам оның не дегенін естімесе де аруақтардың құлақтарына жетіп жатқан шығар деп өзін жұбатты. Тұра сала сыртқа беттеген Ғаламды тағы тоқтатты.
- Қасыңдағың кім?
- Түйеші шалдың немересі.
- Кімнің? Есіңнен ауысқан шығарсың! Ол шалдан ұрпақ қалған жоқ. Осыдан қырық жыл бұрын жалғыз ұлы өзіне өзі пышақ салып өліп қалған. Содан кейін шалдың есі ауысып, сен жатқан «Қарақуысқа» түнеп жүріп, арқыры өзі де ізім-қайым жоқ болды.
- Қайдан білейін, өзі айтты соның бірдеңесімін деп.
- Түрі жаман екен. Өкпесін құрт жеп жатқан жоқ па? Қылқиып, не тамақ ішпейді.
- Ондай дерті болса, соншама жұмысты бел жазбай істер ме еді? Сау адам менен де қарулы!
- Сені кім сау деп жүр?
- Е, әйтеу, асқынған дертім жоқ дегенім ғой...
- Құры көзімнен, тағы бірдеңеге ілікпей тұрғанда! Ә, айтпақшы осы айдың зейнетақысын толық өзім алам. Қарыз көбейіп кетті.
- Өзің біл...
Есік алдында тосып отырған Жолкенді ертіп, жолға шықты. Бір-жар шақырым ауыл ішімен жүру керек. Соңғы кезде бір-бірінің ізін басып бара жататын осы екеуге елдің де көзі үйрене бастаған-ды. Кеше ғана жұрттың алды болып жүрген Ғаламды бәрі таниды. Онымен кейбір еркек пен әйел ізет үшін бас изеп, ауыз жыбырлатса, кейбірі танымаған адамша теріс айналады. Ал, артынан ерген Жолкеннің қарасы үзілгенше көздерін сарқа қарасады. Сосын бастарын шайқап, іштерінен «Е, бейбақ, мүсәпірлер» деп аяйтын да секілді...
* * *
Ауылға соңғы рет барып қайтқан соң, Жолкен:
- Аға, енді ауыл жаққа бармай-ақ қояйыншы, – деп ұнжырғасы түсе өтінді.
- Бармасаң бармай-ақ қой, қарағым. Саған шығып жатқан шығыным да жоқ. Ештеңе сұрамайсың...
- Маған ешнәрсе де қажет емес.
- Оны аңғара бастадым... балам, дәрігерге қаралсаң қайтеді. Ауданда таныс психиатр бар еді. Жақсы маман.
- Мен жынды емеспін. Ол маманның емі маған қонбайды.
- Алдын ала ештеңе айтпа. Бара көрерміз.
- Бармаймын, ешқайда.
- Мақұл, өзің біл, – деп Ғалам шарасыздықпен келісе салды.
Қазанның жапырақсыз, қоңырсалқын күзі бір-ақ түнде айтопыры шығып, ақ түтік қысқа ұласты. Тізеден аса қар түсті. «Қарақуыстың» оқпанынан бір ескектеген есірік жел есті. Өзге дүние тым-тырыс тыншып жатса, мына аран айырықша азынап-ақ тұр.
Екі сабау бас еркек түскі астарын алдарына ала бергенде сырттан дабыр естілді. Көз ұзамай, аяқтарын тапырлата қағып, ішке екі-үші кісі енді. Қолдарындағы бумаларын кіре беріске тастап, еркінси жоғары өрледі.
- Ассаламалайкөм, аға! – деп алдындағысы Ғаламға қос қолын ұсынды.
Соңындағылар да ишара жасады.
- Сәлемшіл болсаңдар, төрлетіңдер! – деп Ғалам орнынан көтеріліп,біріншінің сәлемін алды. – Ту, қолың мұздай ғой?
- Бүгін тым күн шұнаңдап кетті! Жете алатын түріміз жоқ.
- Қайда бет алдыңдар?
- Дәп астында отырып, білмегеніңіз қызық екен?
- Нені?
- «Қарақуыстың» жотасындағы қырық гектар батсондық қарға ұрынды. Әне-міне комбай түсірем деп жүріп, бір байшікеш санын соғып қалды. Қалпақтары қандай шіркіннің! Ауылдың күллі жұрты сонда жүр.
- Иә, бір қарық болды, ел! – деп келгеннің бірі оны қоштады. Ғалам біз ай қарап жүрміз бе дегендей Жолкен баласына аңыра бұрылды. Ол иығын қиқаң еткізді. Ғалам меймандарын дастархан басына жайғастырып, ыстық шайдан құйды. Біраздан соң олардың бойлары жылынып, жүздеріне қызыл жүгірді. Жол бастаушысы: – Қолдарыңыз бос болса, бізбен бірге жүріңіздер, – деп ұсыныс тастады. Үйден екі-үш қап табылатын шығар?
- Табамыз ғой. Қол да бос. Күннің батқаны мен атқанын аңдығаннан басқа не шаруа бар дейсің, бізде... Қалай барамыз ба? – Ғалам Жолкенге қарады. Ол келісім білдіріп, басын изеді.
* * *
Олар жотаға қиялай көтерілді. Жалпиған арқада қара-қара дақ болып жосып жүрген ел. Жалғыз бұлардың емес, осы төңіректегі ауыл тайлы-таяғымен осында жүрген секілді. Әрине, құдайдың пейілі түсіп теп-тегін бере салған берекесін қалай қолдан кетірмекші. Күннің суығы мен қардың омбысын да елер түрлері жоқ. Қоғамның құлдырауға душар болып, халықтың жан азабынан тән азабы өрши түскен бір кезең еді, бұл. Күнкөріс үшін ештеңеден аянар ел қалмапты. Бір-бірінің алдын орап, көздерімен атыса, күнбағыстың қос қалпағын орақпен лып еткізіп орып алып, беттестіре үйкеп қалады. Сау-сау етіп қапқа төгілген баданадай дәндерден бойына қуат дарып, көз алдарына алтын майға толы шаралар елестейді. Сол елестің соңынан ерген ашқарын жұрт қырық гектар егіндікті шегірткеше отап жатыр...
Алғашқы ет қызумен Ғалам мен Жолкен екі қапты әпсетте толтырып тастады. Дымқыл дән салмақты келеді екен. Қапты өздерімен қоса сүйреуге тура келді. Жандарындағы жалаңдаған жұрт, көзің тайса, қағып кетуден тайынбайды. Жан алып, жан беріскен бір қиямет. Біреудің біреуге қол ұшын беретіндей пиғыл жоқ. Өз арандары ғана бойларын билеген. Сарқыла бастаған шамаларына – алдарындағы қалқиған қалпақтардың қалыңдығы күш беріп, жетектей түсетін тәрізді. Жиған-тергенін шамасы жетіп, алып кете ме, кетпей ме, онда да шаруасы жоқ. Тек, неғұрлым көп жинай түсу керек деген ниет қана көздерін тұндырып, естерін алған. Аштық пен жоқшылықтың азабын әбден көрген – жанынан безген әлдекімдер секілді. Ештеңеден тайсалып, мұқалатын түрлері көрінбейді. Қол-аяқтары тек қажетті қимылдарды ғана жасап, одан бірде бір рет жаңылмай, қос құлашын алма-кезек созып, ілінгенін отап барады...
Мыналардың аласапыран харакеттеріне ілесе алмаған Ғалам мен Жолкен, енді тағы бір-бір қаптан жинап, соны мойынға қоржынша асып, елге қайтуды ұйғарды. Күннің көзі де ақшаңдақтанып, еңіске құлап бара жатты. Бұл екеуі өздері тұратын қыстақтан тым ұзап кеткендерін байқады. Егер жүретін болса, тек елмен ілесіп ауылға қарай тарту керек. Біраз адам бір-біріне ілесіп, төбе үстін бойлап бара жатты. Манағы еріп келгендердің қайда сіңіп кеткендері беймәлім. Енді біраздан соң, жон арқасында қарайған пенде қалмады. Сабылған ізге бұл екеуі де түсті. Жотаның елге қараған беткейі кілт құлама екен. Әлгілер осы араға келіп, бір-біріне қосақтап байлаған қаптарын жарға құлатып, өздері де ілесе сырғанай, соноу тайпақ табанға бір-ақ барып тынады екен. Ол жерде ат шаналарын сайлап, тасымалдаушылар тосып тұр. Алдын ала келіскен ақыға: сиғанша қап пен адамдарды салып алып, ауыл қайдасың деп тарта жөнеледі. Дөң үстінде ошарылып, жұртта қалған мына екеуде ешкімнің шаруасы болмады. Аяз қарыған күннің беті қошқылдана қызарып, сәлден соң көз де байланып, қауып-қатердің дәурені басталар шақ та алыс емес...
***
- Әбден шаршадыңыз ғой. Тастап кетейік, – деді Жолкен, Ғаламның алқынған тынысына құлақ салып. Және отыра қалып дем алулары да жиілеп барады.
- Адал термен жинадық. Жеткізуге тырысайық, обал ғой...
- Қайда кетіп бара жатқанымыз да белгісіз... ауыл осы жақта ма?
- Солай болған қателеспесем...
- Біз дұрыс кетпеген сияқтымыз.
- Артымызда тау, алдымызда көлденең тас жол болуы тиіс.
- Жол болса, ары-бері жүрген көліктердің шамы көрінер еді.
- Адасқан шығармыз.
- Енді қайттік?
- Сәл дем алған соң, тағы жылжимыз. Ел ешқайда көшіп кетпесе, осы тұста болуы керек?..
Төңіректі қараңғылық басып, дүние бір уыс қана болып кеткендей. Жанкештілікпен қаптарын сүйреп, алдыға ұмтылған қос бейбаққа бұл жалғанның жаны ашымайтын тәрізді. Азынаған бұрқасын қойны-қоныштарын кеулеп, суық сілекейлі, зәрлі тілімен тәндерінің жалаң жерін жалап-жалап өтеді.
- Балам, менің халім бітті! Ажалымның жеткен жері осы шығар?
- Олай демеңіз! Тастайықшы, мына пәлелерді...
- Болмайды. Осынша ісімізден мән қалмайды ғой!
- Біреуге дәлелдегіңіз келе ме?
- Иә. «Қаракемпірге»!
Қаптың біреуіне басын сүйеп, Ғалам сұлқ жата кетті. Ары қарай сөйлеуге онда шама да қалмаған секілді. Жолкен оған ықтасын жасап, жанына жайғасты. Біраздан соң Ғаламға тіл бітті.
- Мен осы күйді баяғыда, әлдебір кезеңде басымнан кешірген сияқтымын. Сенде сондай бола ма?
- Жоқ.
- Неге?
- Менің басым енді ештеңені кешпейді. Өткенде «мәңгілік өмір» туралы айтып едік қой. Есіңізде ме?
- Иә.
- Мен, сол «мәңгілік өмірде» жүрмін.
- Менен аумайды екенсің! Ұрттап алғанда неше түрлі қиыспайтын әңгімені көйітіп, елдің басын қатырушы едім...
- Шын айтам, аға! Сосын, сіздің оқып жүрген кітаптарыңызды қарадым.
Оның бәрі тоқтап қалған ойлар ғой. Қажеті қанша?
- Ой тоқтамайды. Ой, ойды қозғайды.
- Адамзаттың ойы – иірілген қой сияқты. Бақташының ырқында. Шашау шыққанын бөрідей қағып әкетеді.
- Айтады-ақ екенсің! Мына дүниенің қыр-сырын кім ашып жатыр, сонда?
- Сіздер, шынымен жаңалық ашып жатырмыз деп ойлайсыздар ма?
- Енді қалай дейсің? Адамның ізі түспеген жердің бәрі «жаңа жер» деп аталады.
- Мүлдем олай емес! Әзірде ғана өзіңіз айттыңыз: мына күйді әлдебір кезеңде басымнан кешкен сияқтымын деп.
- Сенің ойыңша: мен, осы жалғанға қайта айналып келдім бе?
- Әрине, солай. Тұп-тура осы қалпымызбен. Ой-сана ырыққа көнбей, шашау шыға бастаған кезде Ақиқат туады.
- Ақиқат – біз ойлағандай әділдіктің нышаны емес, баршаны түп-тұқиянымен құртатын зауал ма?
- Ақиқат – ашылуға тиіс емес жұмбақ. Жаратқан ие әр нәрсенің өз шегін қалаған. Кейбіреулер айтқандай бей-берекеттік жоқ. Даму дегеніміз – жеткілікті дәрежеде төңірегіңді тану. Ал соны танып үлгерген кезде «мәңгілік өмір» басталады. Ол жерде, тек: сену, үміт, аңсау деген түсініктері жоқ, мәңгілік, мәні беймәлім сенделіс қана. Осы қуанта ма?
- Қой, балам! Сені суық сорып, ақыл-есіңнен адастырайын деген секілді. Тұр, қозғалайық.
- Мен ешқайда бармаймын! Менің әлемім осындай мәңгілік суықтың ортасы. Сіздер, бастарыңызға берген бақты бағалай алмай, кереметті ертеңнен ғана тосасыздар. Осы бүгіндеріңді әлі, көрде тұр, мына мен құсап, өкіріп еске алып, өксисіңдер!
- Оттамай, түрегел! Үсіп өлесің! – деген Ғалам, тұра бергенде басы зеңіп, ешқашан бойы сезбеген: алаңсыздық пен жылылықтың тамылжыған құшағына құлап бара жатқанын ғана аңғарды...
* * *
Ғалам әлдекімдердің онша дауыс көтермей, ақырын сөйлескен әңгімесінен оянып кетті. Бұлардың «ел ме, жау ма» екенін білмек болып, көзін ашпай тың тыңдады. Көбірек және өктемдеу сөйлеп отырғанның даусы таныс емес, ал оған жауап берген кісі ауылдың әкімі екенін жазбай таныды. Аракідік бұлардың әңгімесіне араласып кете беретін әйел өзінің қара кемпірі.
- Егер мына кісі де өліп кеткенде жағдай мүлдем мүшкіл болар еді! – деді өктем дауыс.
- Оларды батсондық жинатуға мен жіберген жоқпын ғой... – деп әкім міңгірлей ақталды.
- Мәселе, сенің жіберген жібермегенің де емес. Қарауыңдағы халқыңның қайда және не істеп жүргенін білмеуің де! Ем-домының шығынын өз қалтаңнан төлейсің. Ешқандай әңгіме сыртқа кетпесін. Өлген адам өлді. Айтпақшы, ол өзі – кім еді?
- Итім білсін, ұшарын жел, қонарын сай білген бір қаңғыбас та...
- Апырау, сен мал емес, ел бағып отырған жоқсың ба? Ауылыңа кім келіп, кім кетіп жатқанын білмесең несіне айлық алып отырсың?
- Біздің ауыл тоғыз жолдың торабында, баяғыдай жергілікті жерге тіркеу деген жоқ. Келсе өз еркі, кетсе де өз еркі. Олардың құқын қалай шектеймін.
- Міне, осындай жауапсыздықтан қылмыс өршіп, елдің берекесі кетіп жатыр! Сенің мәселеңді коллегияда қараймын! Әзірше, мына инциндентті өмірде болмағандай етіп өшір!
- Құп болады!
- Дәрі-дәрмекке беретін ақшасын маған берсін, өзім алып берем, – деп Қатша киіп кетті.
- Оны мына әкіміңізбен шешіңіз. Сізге де айтарым: екі елі ауызға бес елі қақпақ. Бәлен ауданда күнін көре алмай масақ теруге шыққан ел – үсіп өліпті деген атаққа қалмайық.
Дабыр таусылды. Сыртқа бет алғандары байқалды. Біраз тым-тырыс орнады. Ғалам бәрі кеткен шығар деп ақырын көзін ашқанда бұның бетіне бедірейе қарап отырған қара кемпірін көріп, көзін қайта жұма қойды.
- Тірі екенсің ғой? Сен оңайшылықпен өле қоясың ба. Ана сүмелек құсап жөніңмен өле қалғанда екеуіңді бір көрге көме салар едік, өкіметтің қаржысына...
- Менің өлгенімді қаламайтын шығарсың. Зейнетақым тоқтап қалады ғой?
- Білесің адамның жанды жерін! Өйтпесе кімнен артықсың? Сенен де асқан дүл-дүлдер мен жас қыршындар кетіп жатыр. Сен ғана осы өмірге сыймай аласұрып жүрген. Әкең байқұс айтып еді: «Қарағым, келін, мынау бала кезінен біртүрлі, өз баламды жамандағым келмейді. Амалсыздан айтып отырмын... Бастарың қосылған екен, енді осыны адам қылуға тырыс» деп.
Сенің бес шабадан шимағыңды бес жыл отқа тамыздық қылып, пайдасын көріп едім, енді пенсияңды бұлдай бастадың ба? Берсе өкімет берді, сенің жанқалтаңнан шығып жатыр ма? Менің де еңбегім бар. Сені күтіп-баққан кім?
Жататынсың теріс қарап алып, қатын құсап сықсыңдап... Сонда ойлаушы едім, бұл кімді жоқтап жылап жатыр деп. Сөйтсем, саған қатын да, мал да, бала-шаға да керек жоқ екен. Сен – басың кеткен адамсың! Бұ дүниенің тірлігі сені қызықтырмайды. Сен – тірі өліксің!
- Жарайды. Мен мұнда қалай тап болдым?
- Аяқ-қолдарың үсіп, ай далада жатқан жеріңнен, қар сүріп жүрген жол тазалаушылар тауып алыпты. Үш сөтке болды сені күзеткенімізге.
- Өлген кім?
- Мен қайдан білем? Сенің қасыңнан табылды дейді. Шишалас досың шығар?
- Ай далада неғып жатыппыз?
- Әй, білмеймін!.. Мә, мында іш киімдерің, сорпа-су... Мен кеттім, үй қараусыз қалды. Саған қайта-қайта келе беруге мұршам жоқ, шәниіп жатып алмай, тез қайт үйге! Жалданған сүмелектер ішіп кетті! Малды өзім қарап жүрмін.
Қатша кеткен соң, Ғалам өзінің қайдан келіп, қайдан тұрғанын есіне түсіргісі келіп, ойға шомды. Екі қолын аппақ қып орап тастапты. Аяқтарын қозғап еді, жан бар екен. Бақайларын жыбырлатпақ болғанда, ыстық су шашылып кеткендей, ду ете түсті. Он екі мүшесінің саулығына тәуба жасап, көңілі жайланды. Сәлден соң дегбірсіздік қайта оралды. «Апырмай-а, о кім екен, менің қасымда өліп жатқан?» деп қайран қалды.
Кенет палата сыртында абыр-сабыр болып кетті. Көзі алақандай болып, бас дәрігердің өзі Ғалам жатқан палатаға кіріп келді. Соңынан ерген нөкерлері де ілесе жетті.
- Сіз ана кісіні танушы ма едіңіз? – деді бас дәрігер, бет-аузы аппақ қудай болып.
- Кімді? – деп Ғалам шошынды.
- Ана қасыңызда өлген кісіні?
- Ешкімді танымаймын! Ол туралы елден естідім... Оған не бопты?
- Әсте, тірі адамға бірдеңе болушы еді, енді өлгені де құр жатпайтын болды! Қашып кетті!
Бір үйір жылқыша дүрсілдетіп келгендері секілді, тасыр-тұсыр қайта ата жөнелді.
Ғаламның есін жиғанынан хабардар болған аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісі де жетті. Сұсынан кісі сескенбек түгілі өзін ерттеп мінуге лайық мыжырайған, бір сұрағанын мың сұрайтын бір мыжыма екен. Сұрақ қойған сайын тершіген төбелтазын сүртумен әлек болды. Ғаламның білетін жауабы:
ештеңе есімде жоқ, ешкімді танымаймын. Тергеуші де жалықпады. Ақыр аяғында ол папкасынан бір сурет шығарып, Ғаламның көз алдына тосты. Бастапқыда тым жақын тақаған сурет бұлдырап, сипатын анық ажырата алмады.
- Алыстау ұстаңызшы, – деді Ғалам. Бір жерден көрген адамы. Иә түрі өте таныс. Аңдып отырған тергеуші Ғаламның алабұртқан жүзіндегі өзгерісті бірден байқады.
- Біреуге ұқсаттыңыз ба?
- Иә.
- Кімге?
- Өзіме...
- Ақсақал, қылжақты қойсаңызшы! Жасыңызды сыйлап, шамам келгенше ізет көрсеттім. Енді ары бұлталақтай берсеңіз, қатты кетуіме тура келеді.
- Мен бұлталақтаған жоқпын. Имандай шынымды айтып отырмын. Мына суреттегі жігітті жақсы танимын. Бұл менің жиырма бестегі кезім. Сенбесең менімен салыстыр, қатар ұстап. Нақты дәлел керек болса, үйден альбомды алдыр.
- Мыйды шірітпеңіз! Бұны үш күн бұрын ғана криминалистер түсірген. Сіздің қасыңыздағы үсіп өлген жігіттің жансыз бейнесі.
- Ендеше кім екенін білмеймін! Адвокатсыз сөйлеспеймін!
- Бұлар сөйтеді, әмриканың киноларын көріп алады да құқықтарымен құқық қорғаушыларды қорқытады!
Төбелтазын сүрткілеген тергеуші анау айтқандай былжыраған балшық емес, тергеу жүргізетін өзіндік айла-тәсілі бар, амалды маман екен. Ол орындығына қыңырая жантайып, ойламаған жерден соққы беруді қиыстырып отырғанда – салдырлатып бас дәрігер кіріп келді. Киген ақ қалпағы бір жағына мыжыла ауып, екі көзі ойнақтап, әбден абыржулы.
- Төу, жақсы болды ғой! – деп Ғаламның аяқ жағын сәл түріп, гүрс отыра кетті. Орындарына жатқылары келіп, қайта-қайта есіктен сығалап жүрген осы палатаның науқастарына «жоғал» дегендей қолын шорт сілтеді.
– Сіздерге телефон шалып едім, сіз осында, сол кісіге айтыңыз деді, – деп алқынған демін қайтарды.
- Тағы не боп қалды?
- Не болмады деп сұрасаңызшы онанда!..
Көк мұз болып қатып қалған мәйітті шешіндіріп, тас төсекке үстіне дәке жауып, жібісін деп қалтырады. Бүгін союға жарар деп қасапшы-дәрігер бара қалса, анау тас төсегінен аяғын салбыратып отырады-мыс. Небір сұмдықты көрген қасапшы-дәрігердің жүйкесі мынадайға шыдамай, естен тана құлайды.
Есін жиса аққа оранып, тыр-жалаңаш тас төсекте өзі жатады. Киімдерін әлгі мәйіт киіп кеткен сықылды. Содан дәрігер кебінді бұтына орап, аттан-ойбайды салып, бүткім жұртты өре тұрғызады. Расында бұндай оқиға адамзат тарихында болмаған таңғажайып құбылыс еді.
Тергеуші мынадай жаңалықтан соң, Ғаламнан беті шімірікпей, ресми кешірім сұрап, жөнімен кетті. Күллі аурухана дүрлігіп, одан ары хабар лек-легімен жан-жаққа арқырай тарады. Ғаламның қасындағы серіктері палатаға кіруге дәттері жетпей, дәлізден болса да орын тауып беруін талап етіп жатты. Ендігі жерде қашып кеткен өліктен гөрі – аяқ-қолы ақ дәкемен шырмалған Ғаламның құбыжықтығы орасан түсіп бара жатқан сыңайлы еді...
(жалғасы бар)
Заман Төлеуов