Бесік жыры жайлы бір ауыз сөз

ӘДЕБИЕТ
4727

Қазақ халық ауыз әдебиетінің ішінде балалар фольклоры да ерекше маңызға ие. Көп жағдайда балалар шығармалары ретінде бесік жыры мен тұсаукесер жырын аламыз. Себебі бесік жыры мен тұсаукесер жыры бала психологиясына ерекше әсер ететін шығармалар. 

«Әлеуметтенген жануар» ретінде сипатталатын адам баласы үшін өзінің ұрпағынан артық ештеңе болмақ емес. Тіпті моральді тұрғыда әрбір индивид өзінің қазіргі шағынан гөрі, болашаққа көп үміт артады. Ал осы бір үміттің заттануында «бала», «ұрпақ» концептісі жоғарғы күшке ие. Сол себепті де қай елде болмасын, қай жерде болмасын халық ауыз әдебиетінің көп бөлігі балаларға арналған. Алтернативті жағдайда бала – архетип. 

Дүниеге келген балаланы ойнату, жұбату, еркелету және осы бір әрекеттердің нәтижесі ретінде қарастырылатын тәрбие барлығы-барлығы жырмен, өлеңмен, образды сөздермен берілген. Қазақ балалар фольклорындағы ең бірінші есімізге түсетіні –бесік жыры. Енді бесік жыры хаққында бірер сөз...

Бесік жыры – бала әйел құрсағына біткен күннен бастап, ананың балаға деген мейірімі мен махаббатын, одан ертеңгі күтер үміті мен арманына бойына сіңдірген асыл қазына. Бесік жырының әр сөзі мен әуенінде сол ұлттың өмір бойы жинаған мұрасы мен арман-тілегі жатады. Қазақ фольклорын жинаған А. Диваев қазақ бесік жырының көркем сөзбен ғана көмкеріліп қоймай, оның өн бойында халықтың тілегі астарланып жататынын айтады. Әлбетте, кез келген халықтың балаларға арналған ән-жырында сол ұлттың тарихы, бүгіні, ертеңі бейнеленетіні қалыпты құбылыс. Себебі, бала – ұлт болмысы. Затаевичтың «күллі қазақ даласы ән салып жатқандай» деп жазуында да үлкен мән бар. Даласы ән салып жатқан халық тумасынан әсем әнге әуес болады, ал «әу демейтін қазақ жоқ» дейтініміз де туа салып анамыздан бесік жырын тыңдап өскендігімізден. Бесік жырындағы әр сөз біздің санамызға алтын әріптермен мөрленген.

«Әлди, әлди, ақ бөпем,

Ақ бесікке жат бөпем.

Мойындағы тұмарым,

Тарқамайтын құмарым,

Тағдыр берген алсын деп,

Ақ бесікке салсын деп...

Көзімнің ағы-қарасы-

Жүрегімнің панасы.

Уайым,қайғы ойлатпас

Көңілімнің санасы.

Айналайын,шырағым,

Көлге біткен құрағым,

Маңдайдағы құндызым,

Аспандағы жұлдызым, - деп баласын әлдилеген ана бала бойына әлемдегі бар ізгілікті сіңдіріп жатқандай. 

Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?!

Бармақтарың майысып,

Түрлі ою ойысып,

Ұста болар ма екенсің?!- дейді бесік жырын жалғастырып. Өз арман-тілегін баласына беріп, оның ертеңінен үміт күткен ана баласы ұйқыдан оянып, бесіктен шешіп алар сәтте:

Анасы шешіп алсын,

Ұйқысы бесікте қалсын.

Балам бесіктен шықсын,

Пәлесі  есіктен шықсын, - деп алады. Баласын бесіктен, пәлесін есіктен шығаратын ұлт тек саналы ұрпақ тәрбиелеуге тырысатыны айтпаса да түсінікті. Демек, бесік жыры – балаға берілетін ең алғашқы тәрбие.

Жомарт Жылкелдіұлы 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...