ТҰРСЫНЖАН ШАПАЙ. МАХАББАТ ПЕН ҒАДАУАТ

ӘДЕБИЕТ
2292

АБАЙ


«Зұлымдық жоқ жерде әділет те жоқ. Зұлымдықтың бетін әділет ашады».

Естеліктердің бірі бізді Абай ойының осы диалектикасына куәгер етеді. «Махаббат ғадауатпен майдандасқан» кемеңгер жүрегінің қайшылығы ашқан бір ақиқат. Махаббат, рас — шексіз танымның көзі. Бірақ, ғадауат та — таным құралы. Бірінсіз бірі — абстракция. Ғадауаты кеткен, өшкен жүректе –бораны басылған, толқыны жуасыған бір мөлдір болмыс, тынық тіршілік қана бар. Таза махаббатымен қалған жүрек – қаңтарда қарға шағылысып көзді қарықтырған жылусыз нұр, сұлу, суық сәуле ғана. «Тап-таза» махаббаттан тұратын кіршіксіз һәм өмірсіз кеңістік, бұл — идеалдағы, Алланың дидарын анық таныған, «мендігін» аластаған Әулиенің болмысы. Оған сайтанның да, періштенің де керегі жоқ.

Ешқашан болмайтын әділеттің соңына ізерлеп түсу – кекке ұласады. Кек – кекті тудырады... Махаббат пен ғадауаттың адам баласын жадылап шыр айналдырып қойған сол кеселді шеңберінен шыға алмай қор болған арыстан Абай да шиыршық атып арпалыс салады. Күңіреніп-толғанып зар төгеді.

«Кінә қойма!» дейді...

Ғадауатсыз «таза» махаббат — алхимия, алтынға «айналған» мыс. «Философиялық, тас» сияқты миф.

Махаббат пен ғадауат шарпысы — шығармашылықтың да қозғаушы көзі, ауа мен судай азығы. Екі полюстің арасындағы кернеуден өнер, поэзия туады. Бұл — физиканың ғана емес, жан мен рух тіршілігінің де заңы. Адамның «ішкі», «сыртқы» өмірінің құбылыстары жаратылыстың жалпы заңдылықтарымен буындас, туыс.

Рас, «Махаббатсыз — дүние дос»...

Бірақ, ғадауатсыз ғаламда да тұтастық жоқ.

Ғадауатын жеңсе, бәлкім, Абай – әулие болар еді. Әулиелікте Алласының дидарына ғашық, нұрына мас пенденің даналығы бар. Бірақ, Абайдың ақындығы жоқ. Дүниенің сөзін, болмыстың шындығын айтпай, абайлық мағынадағы ақындық жоқ.

...Егер әулие— ақын болса, үлгісі — Қожа Ахмет.

Қазақта, жалпы түркі жұртында әулие аз емес еді. Бірақ, Абайдай ақын жоқ-ты.

Көп әулиенің бірі болып қала алмаған Абайға — мадақ!


"Шын жүрек - бір жүрек" кітабынан алынды

Жалғасын оқып алыңыз 3. КЕМЕҢГЕР

author

Тұрсынжан Шапай

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...