Манарбек Қыдырбайұлы – МХР-дың Баян-Өлгеий аймағына қарасты Көксерке тауының бөктерінде...
Заман Төлеуов. Таудағы қос қасірет (әңгіме)
Архатқа, етектегі бір шопанның баласы атылып өліпті деген суық хабар жетті. Естіген құлағына сенбей, қатты есеңгіреді. Отар аралап жүргенде оны бір-жар рет көргені бар. Соңғы рет онымен кішкентай қарындасының қазасында ұшырасты...
Не бір адам шошырлық уақиғалар бұл өңірдің басынан өткен шығар. Десе де дәл мынадай қос сұмдықтың қатарласа келуі ақылға қонымсыз-ақ... Тегі, қайғы-қасіретті: бірін кем, бірін артық деп салыстырудың өзі де сорақылық болар...
Архат айналма көш жолымен жүруді қаламады. Қасқа тауға тіке салып, көктеудегі жұрттың дәл төбесінен түсуді ұйғарды. Ол атына қамшыны төпелей басып, Алатаудың бір өркешіне өрмелеп шықты. Арғы еңісте, аяқ астында кең жайдақ жатыр. Әр-әр тұстан түйенің құмалағындай қоңырайып, томпайған киіз үйлер, сол маңда ақ жүгерідей бытырай, шашыла жайылған ұсақ малдың нобайы байқалады. Мына тіктен төмен қарағанда: етектегі солтүстік-батысқа жайылған сары дала - ұшы-қиыр жоқ секілді сағымданады. Ал көгілдір мұнарға ұқсап, шығысын көмкерген Жалаңашкөл талықсып барып, көзге болар-болмас болып бедерлене қалқыған - Тарбағатай тауының сілемімен шектеледі. Осынау, Алтайдың ұлы Тарбағатай мен алып Алатаудың бас түйістірген тұсын, ертедегі ел – «Жоңғар қақпасы» деп атап кеткен-ді.
Архат аттан түсіп, бойын жазды. Шөкімсіз көк аспан көз ұялта тұнып тұр. Кенет сол көктің шырқауынан шұбатылған аппақ будақ пайда болды. Бастапқыда Архат соңын түтіндетіп ұшып бара жатқан реактивті ұшақ болар деп ойлады. Бірақ іздің көлемі мен бағыты өзгерер емес. Ол бір тесіктен атқылап шығып жатқан буға ұқсайды. Қанша тесіле қарасада ол аспандағы «қазанды» көре алмады. Уақыт өткен сайын будақтаған құбылыс, төмендей, мимырт жатқан жайдаққа бірте-бірте шөгіп бара жатты...
Осынау ғажайыпқа таңырқай қарап тұрған Архат өзінің қайда келе жатқаны қаперіне қайта оралғанда - үстіне мұзды су құйғандай тітіреп кетті.. Әлгінде ғана қос бүйірін соғып ентіккен, енді тыңайып, ауыздығын қаршылдата шайнап, отқа сұрана бастаған атына қарғып мінді. Қос өкпеден ыңқ еткізіп бір тепті де, иректей төмен құлдаған жалғыз аяқ жолға салды. Қабырға жолмен ырғатыла бір оң, бір солға бұрылып, етекке шұғыл түсіп келеді. Бір қабақтың астынан малшы үйі қараң еткендей болды. Қайшылап, қайта айналып сол тұсқа оралғанда, есік алдындағы қараң-құраң қыбырлаған, бойлары сіріңкенің шиіндей ғана кісілерді көзі шалды. «Қасіретке ұрынған осы шаңырақ болды ғой» деп түйді Архат ішінен.
* * *
Бұл үй,екі-үш жасар кішкентай қыздарының қырқын да беріп үлгермей, тағы қазаға душар болды. «Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады» деген осы ма екен? Отағасы қамауда жатыр. Сол кішкентай қыздың өлімі бойынша тергеуге алынған. Қайғы жұтқан байқұс ана мен қаршадай ұл мал-жанға ие болып, осы күнге дейін жеткен-ді... Жоғарыдағы басшылардың: «Шыдай тұрыңдар. Кісі табылған күні отарды өткізіп, мүлдем босайсыңдар» деген уәдесінің қисыны жуық маңда келе қоймаған сынды. Мемлекет мүлкі адамның жанынан да артық саналатын кезең еді. Шығын шығарсаң бас еркіңнен айырылып, өміріңмен өтейсің. Бұл елдің Заңынан Құдайтағаланың өзі де жүрексінетіндей еді...
Архат тізгін ұстап келе жатқан қолының тырнағы өсіп кеткенін байқады. Қасында ешкім болмаса да ыңғайсызданып, атын тежеп, жерге түсті. Тазалық туралы елге сабақ айтады. Ал өзінің жүрген жүрісі мынау? Тегі, салт бастылықта ер адамға оңай емес. Ұшарын жел, қонарын сай білген түйеқарын секілді. Отар-отарды аралап, олардың бала-шағасына екпе жасап, дәрі-дәрмек үлестіріп, сырқаттарын емдеп, ел қыдырған кезбе сияқты үздіксіз жолда болудың салы осы... Иә, оқуын оқып, таңдап алған қызметі. Бұған да еті үйренді. Ара-тұра ауданға есеп беруге барғанда арасынан уақыт тауып, аулыны да соғып қайтады. «Бір бай шабанның қызын алып, қуантсаңшы бізді!» деп жеңгелері тиіссе, ата-анасы да қартайғандарын айтып күңкілдейді. Оқу бітіргеніне жыл толған жоқ, сосын бара салып кімнің қызына жармаспақшы? Қызық осылар да...
Қанжығадағы дәрігерлік қапшықтан кішкентай қайшы шығарып, тырнақтарын ұқыппен алып, оны бір жыртым бинтке орап, тобылғының түбіне көмді. Бұнысы анасынан үйренген ғадет еді. «Бір тал шашың мен бір тал тырнағың аяққа тапталмасын» деп құлағына құйған тәлімі. Бұл, неге олай, неге бұлай деп сұрауға болмайтын, тек орындауға тиісті қағидалардың бірі еді.
Қайшыны спиртпен тазалап сүртіп, қалған құралдарға араластырмай, қапшықтың жеке қалтасына салды. Ешкімнің көзіне түспеуі тиіс. Әсіресе аналардың деп іштей түйді. Қайшы деген сөзді естісе, өзінің де денесі дір ете түсетін-ді...
* * *
Үйдің айналасында он шақты адам жүр. Осы төңіректегі отарлардан жиналған жұрт болар. Әйелдер қазан-ошақ маңында, бір-жар еркек отын жарып, енді екі-үшеуі үпір-шүпір бірнәрсеге жабыла төнген. Сірә, мал сойып жатқан тәрізді. Тағы бірлері алқақотан отырысып, әлденені талқылап жатқан сияқты. Солардың бірі таудан төтелеп түсіп келе жатқан салт аттыны көріп, «дауыс шығарма» дегендей, екі қолын қайшылап ым көрсетті. Архат былайда «бауырымдап» шабуды ойламаған-ды. Таяп келгенде қолына таяқ ұстап, марқұмды жоқтап тұрған ешкімді байқамады. Айнала сілтідей тынып, ішін тартқан бір қатерлі тыныштық сезіледі. Төбедегі көкке көз тастады. Манағы биік шырқаудан ескен ақшуланның бауыры жуандап, балапан басатын қаздай жазыққа талтая бастапты.
- Келе жатыр! – деген оқыс дауыс естілді. Жұрт түрегелісіп, жазық жаққа ошарыла қарады. Соңына ақ шаңдақ шұбыртқан қара ноқатқа қадалды. Олар қастарына келген Архатты елеген де жоқ. Өз әңгімелерімен болып тұр.
- Баланы әкететін шығар? – десе біреуі, екіншісі:
- Әрине, әкетуі тиіс, - деп күмілжиді. Ол үшінші бір сауаттырағы:
- Сойып, сараптама жасайды, - деп нығыздады. Оған қарсы дау шықты.
- Ешкім атқан жоқ, өзі атылып өлді ғой?
- Бәрібір заң тәртібі солай.
- Әй, қойсаңдаршы! Әңгіме қылатын жәйт емес қой, не болды сонша өзеуреп?! – деп үлкендеу біреу бұларға тиым жасады.
«Уаз-469» жеңіл автокөлігінен сықия киінген, екі-үш сұсты кісі түсті. Олар ешкіммен сәлемдеспей, қаздай тізіліп, киіз үйге кіріп кетті. Баланың бас жағында анасы отыр. Оның қасында ақ халатын желбегей жамылып, қан қысымын өлшеп, Архат дәрігерлік көмек көрсету үстінде еді. Кіргеннің бірі қатқыл дауыспен:
- Мүрденің қасыңнан бәрің шығыңдар! – деді. Шыты қисайып, шашы жалбырап кеткен ана:
- Өзің мүрдесің! Ешқайда шықпаймын! – деп болар-болмас сыбырмен ашына қарсылық танытты.
- Біз, баланың денесін қарауымыз керек. Ей, сен кімсің өзің?
- Дәрігермін...
- Дәрігер болсаң, салсаңшы мына кісіге тыныштандыратын бірдеңені!
Баланың анасы үйді басына көтере жоқтауға салды. Қайғының ауырлығынан шашын уыстап жұлып, азынаған дауысынан барша жұрттың қабырғасы қайысты. Бақытсыз анамен ел қосыла жылады. Ішке екі-үш әйел кіріп, өзін- өзі жұлған ананы бой бермесіне қарамай қолтықтап, сыртқа сүйреп шығарып, киіз үйдің қалқасына жайылған көрпеге апарып отырғызды. Сосын оны жан-жақтан қоршап, сабырға шақыра бастады.
- Алланың салғанына дауа жоқ. Керек болған соң алды...
- Ондай Алланың маған керегі жоқ! Қайтарсын, құлынымды!
- Ойбай, күпір сөз айта! Өзің кәріне ұшырайсың!
- Маған енді бәрібір!..
- Аллам сақтай көр, кешір ақымақ пендеңді! Қайғы не дегізбейді, - деп зәресі ұшқан бір әйел қасірет шеккен анадан аулақ қашты. Қалғандары да жағаларын ұстап, шошынды. Байқұс ана қайығының салмағын көтере алмай, ақылынан алжасқан шығар деп шешті іштерінен...
Киіз үйден сұсты кісілер шығып, арасындағы лауазымы ең жоғарысы болуы тиіс:
- Біраздан соң жүк көлігі келеді. Мүрдені соған тиеп, ауданға апратын сен боласың! – деп Архатқа сұқ саусағын кезеді. – Ал қалғандарың өз шаруаларыңмен айналысыңдар.
- Малды, үйді кім қарайды? – дегенге, - Малды қарауға кісі әкеле жатыр. Оған дейін сен қарайсың! – деп тас төбесінен ұрғандай, сұрақ қойғанның өзіне бұйырды.
- Астапыралла, Ебі кеп қапты! – деп тұрғандардың біреуі атына қарай жүгірді. Төңіректің бәрі қаракөлеңкеленіп, сазара ішін тартқан сұмдық - сәл-пәлден соң, бейкүнә балапанның ажалына аза білдіріп, аңырай жөнелгелі тұрған сияқтанды...
Жұрттың былайда жұтаған көңіл-күйін – бойларында аяушылық пен жылу жоқ, мына сазбеттердің қылығы мен ұсқыны тіптен күйзелтіп жібергендей болды. Олар шендеріне қарай тиісті орындарына жайғасты да «келдік яки кеттік» деп елге ымыра танытпастан ызғыта жөнелді. Иә. Енді біраздан соң, аспан мен жер астасып, түйе шайқалып, ешкі аспанға ұшатын шақ басталады. Манағы, қоштаспастан атына мініп тұра қашқан кісінің бағы жанып, ұяттан жерге қарап, кете алмай тұрғандар азапқа түсті. Бір-бірімен сыбырласып, кетудің амалын қарастырды. Өлген адамға енді еш көмек жоқ. Тірі кісі тіршілігін жасауы тиіс. Жүректері дауалағандар сырғақтап, аттарына бет алды. Ағайыншылығы мен аралас-құраластығы барлар әлі де кібіртіктеп тұр. Кімнен рұқсат сұрауды өздері де білмейді. Қара жамылған ана - ештеңені ұғып отырған жоқ. Түнерген төңірекке өзі де сіңіп кетердей болып, құр сүлдері ғана бозарады.
Бір әйел білегін сыбанып:
-Кебінін тездетіп тігу керек. Күн бұзылып барады. Қайшы таппадым, - деп жұлынды.
- Жап аузыңды! Кебінге өзің оран! Баланың киімі де... Сенсіз де тігеміз! Асықсаң кете бер! – деп, егделеу әйел оны тиып тастады. Анау орынсыз сөгіс естіген адамша бұртаң етті.
- Не деп қойдым соншама, аузыма қақпақ қоятындай?
- Жап дедім ғой аузыңды! – деп егделу әйел оны желкеден бір түйіп, аулақ жерге жетектеп алып барды.
- Сен ақымақ қатын, байқадың ба? Қайшыны айтқанда қайғы жұтқан
байқұстың түрі қалай бұзылғанын?
- Астапыралла, тарс есімнен шығып кетіпті!
- Сол қасіретті күннен соң, бұл үйде ешкім қайшы ұстамайды...
- Аллам кешірсін, о жаратқан құдай алжасыппын! Кешіріңіз, сіз де!..
* * *
Қайтыс болған баланың есімі Ерден еді. Наурыз мерекесі қарсаңындағы оқу демалысына шығып, қыстаудағы ата-анасына келген кезі. Әсіресе, аяғы шығып, тілі былдырлаған кішкентай қарындасын қатты сағынған-ды. Гүлдерай - анасына тартқан мойыл қара көзді, маңдайы жазық, өруге әлі жетпеседе, қазірдің өзінде жалбыр қара шашынан толқынданған тығыз қолаң аңғарылған, көрікті балапан еді. Ағасының келгеніне төбесі көкке жетіп, қуаныштың зор мәртебесіне бөленген сол болды. Ерденнің соңынан қарыс қадам қалмады. Енеснің артынан ерген арүрпек балапан дерсің...
Анасы іс тігіп отырған-ды. Қыстың қысқа күні тез суалады. Ерден мектебіне қайтқанша жаңа кәзекей тігіп беруді мұрат еткен болатын. Гүлдерай, біресе анасының ісіне араласып, енді бірде кітапқа шұқиған Ерденді оқытпау үшін қолындағысына әдейі таласып, көңілін өзіне аударғысы келіп, арпалысып жүрген. Бір кезде үлгі пішіп болған соң, жанына қоя салған анасының іс қайшысын ұстап жалт берді. Анасы абыржып:
- Қалқам, бере қойшы, мамаңа! – деп жалбарына қолын созды. Гүлдерай еркелігі басым түсіп, қайшының қос саңлауына саусақтарын іліп алып, анасы сияқты бірнәрсе кескендей шықылдата қайшылады. Ерден де басын көтеріп:
- Мә, кітап оқи ғой. Кел екеуміз оқиық, - деп қарындасын азғырды. Балапан өз дегенінен қайтар емес. Алдаусыратқан ағасына да көнбеді.
- Қап, мынаны-ай, ә! – деп Ерден атып тұрғанда, қайшыны шайнаңдатып, бет алдына ұстап тұрған Гүлдерай шырқырай қашты...
* * *
Ерден сол демалыстан - мектебіне қайта оралмады. Әкесін ауданнан келген заң адамдары алып кетті де бір отар малға анасы екеуі ие болып қалды. Жібереміз деген кісісі де жуық маңда келе қоймады. Ақыры жер аяғы кеңіген кезде елмен ілесіп, бұлар да етекке түсті. Әрине, іргелес малшылар келіп, көші-қондарына қолқабыс жасасты. Қапияда көз жұмған кішкентай қыздың қырқы да таяп қалыпты. Ел болып, жұрт болып оны да өткереміз деген демеу сөздер айтылды...
Үш айлық демалыста әкесіне серік болып, шаруаға ерте төселген Ерденнің малсақтығы осы қиыншылық сәтте анық аңғарылды. Күні ұзақ қой соңында жүріп келсе де шаршадым, шалдықтым деп шағымданбады. Сырт порымы тірі баланы елестеткенмен: жетіліп үлгермеген ішкі жан дүниесі өліп қалған тәрізденді. Оның бойындағы жылжыған қан - мұздай суық еді...
Ит-құстан құй қорған, құй қорған ба дегендей, заң адамдары әкесінің қос ауызды мылтығын «заттай дәлелдеме» ретінде тәркілеп әкеткен-ді.Ал жүктің арасында оқтаудай ғана - «ТОЗ-9» шағын калибрлі мылтығы тығулы жататын. Кейінгі кезде Ерден мал баққанда, анда-санда қой күзетіне шыққанда да соны иығынан тастамады. Жатарда «Біссіміллә, рахман рахым, тыныштығыңды бере гөр Аллам!» деп пәле-жаладан сақтайтын әкесінің батасын қайталап, мылтығын тарс құшақтап жататынды шығарды.
Бірде, кешкісін малды торкөз сыммен қоршалған шалыға қамаған соң, үйге кірмей, әкесі құсап әрнені бір ұстап, сипалақтап жүріп алды.
- Балам-ау, тамағың суып кететін болды ғой. Кірсеңші үйге! – деп анасының дауыстағанына да елең етпеді. Шыдай алмаған анасы Ерденнің қасына келіп, жетектеп әкеткісі келді.
- Сұмдық-ай, қолың мұздай ғой? Тоңып қалдың ба?– деп шошына сұрады.
- Тоңған жоқпын... ішім от боп жанады да тұрады!..
- Айналып кетейін, қарғам! Сенен басқа мен де кім қалды. Сен аман болшы! Жүр, ыстық шәй ішіп, бойыңды жылыт... Күні бойы түздесің.
Ана мен бала талайдан бері пілтесі қиылып, пөзірі сүртілмеген кәресін шамның қораш жарығын сағалап, бөтен кісілерше тоң-торыс шайларын сораптап, аракідік қасыққа қол созып, астарын самарқау ішіп отыр. Араларында айтарлық сөз қалмағандықтан емес, ауыздарын ашса, қос дауысқа салып азынап қоя беретіндей құсадан қорқады. Ес болсын деп бір әңгімені алымен ойша суыртпай бастаса, оның бір ұшы кешегі қайғыға кеп тіреледі. Екеуінің де көз алдына сол бір жантүршігерлік сурет қалықтап шыға келеді. Асқа түйілгендей, іштегі қайғыдан тұншығады. Шашы жалбырап, екі көзі мөлдіреген Гүлдерайлары - арттағы бір қуыстан тығыла-тығыла шаршағанын айтып, жайраңдап қастарына жетіп келетіндей үміттенеді...
Баласының басынан сипамақ болып анасы қолын созды. Ерден төмен қарап, дастарқандағы нан түйірін шұқып отырған. Тосын нәрсе басына тигенде ол селк етіп, артына жалт қарады.
- Гүлешім, сенбісің?! – деп орынан атып түрегелді. Сосын қараңғы қалтарыстың бәрін тексеріп шықты. Ешкімді таба алмағанына налыған кейіпте - анасына жабырқай қарады. Ерденнің көзінде - бағытынан адасқан бір суық сәуле, шығар жол іздегендей ойнақшып, жалт-жұлт етті. Анасының бойы мұздап сала берді. Өзіне қарап тұрған бұл бала - төсін алғаш иіткен төлбасы Ердені емес, соған ұқсайтын, жанарынан көрдің ызғары ескен елес секілденді. Ана жүрегі қан жылап, басын шайқап, дәрменсіз теңселгеннен өзгеге шамасы жетпеді.
- Мама, Гүлешімді сағындым! Қасына барғым келеді... басынан сипап еркелеткім келеді...
- Ойбу, жарытпаған қу құдай! Енді бұны да айналдыра бастадың ба? Қай керегіңе жаратқың келді? Оның орнына мені ал! – деп анасы зарға басты. Бір ғажабы, Ерден анасы сияқты жылап-сықтамады. Өзін тым салқынқанды ұстады. Анасының алдына жатып:
- Мама, басымнан сипашы. Сенің алақаныңды ол ұмытып қалған шығар... мен оған мамаңның алақаны осындай деп айтып барайын, - деді. Мына сөзді естігенде байқұс ана есінен тана зар иледі.
- Айтпа ондайды! Сен ешқайда да бармайсың! Жібермеймін, құлыным!
- Мама, жылама. Гүлешімді оятасың. Ол осында. Тек, жеке жатқысы келіп, бізге жоламай жүр. Мен оған баратын жолды бір кинодан көргем. Тіпті, оп-оңай екен!..
* * *
Күллі төңірек түнере тұтасып, үңірдің түбіндей қараңғылыққа айналды. «Жоңғар қақпасынан» екпіні сәт сайын үдеген арынды жел азынады. Ертедегі бір аңыз бойынша сол қақпаның аузындағы тас күркеде Ебі деген бір жалмауыз кемпір отырады-мыс. Ол, көңіл-күйі бұзылған сәтте осылай үш күн, үш түн тынбастан ышқынып, ішіндегі шерлі желін әбден шығарып болғанша, үрлей беретін көрінеді. Бір кездері Ебінің күркесінің есігін әлдекімдер таспен қалап бекітіпті де. Амал-нешік, еңбектері зая кетіпті. Кемпірдің қуатының кереметтігі - әлгі қойдай тастарың шаң-тозаңша бұрқырай ұшып, бір көш жердегі Жалаңашкөлге топырлай тоғытылыпты. Содан бері көлдің суы ешқашан тұнбай, ақ айран болып жатады-мыс...
Мәйіт тиеген жүк машинасы жер бауырлап әрең келе жатты. Құйындатып соққан қара дауыл қадам бастырар емес. Қара шаңмен ілесе ұшқан ұсақ, қиыршық тастар да бытыра секілді тиген жеріне таңба салып, көліктің ағаш кузовын саусақ ойнатқандай сытырлатып, брезент бүркемесі жалп етіп түрілгенде ішіндегі Архаттың беті-қолында инеше қадалады. Баланы ораған көрпені жұлмалап, мәйітті көтеріп ала кеткісі келгендей аласұрады. Архат Ерденнің жансыз денесін кеудесімен көлегейлей құшақтап, Ебі кемпірдің сумаңдаған қолдарын тигізбеуге тырысты. Осындай арпалыс үстінде Ерденнің анасын кабинаға отырғызғанына риза болды. Өйтпесе, шопыр ағасы бастапқыда бұған, жас болған соң жаны ашып :
- Сен мында отыр. Баласының қасына шешесі отырсын, - деген еді. Мүрдені тиеп жүрер сәтте, Ерденнің анасы талықсып, аяғын басуға шамасы келмеді. Архат оның қан қысымын өлшеп, тиісті ем-домын жасаған соң, кабинаға отырғанын жөн деп шешті. Ең құрмағанда қасында қарайтын кісі болар...
Өліктің тәтті қоламса иісін мына құтырған жел түгілі алапат дауыл да баса алмайтын тәрізденді. Архаттың жүрегі айнып, бұл иісті өмір-бақи ұмытпайтындай мөлшерде иіскеп, мәйітті құшақтап бара жатты.
* * *
Ерденнің әкесі отызға келгенде - шопан таяғын өз әкесінен қабылдап алған-ды. Малдың қыр-сырын бір кісідей меңгеріп, әке қолқанаты болып өсті. Мына кішкентай Ерденін де өзі көрген тәрбие жолымен баптап, оқымысты бола ма, шаруа адамы бола ма бәрібір, ісіне тыңғылықты етуге тырысты. Ол өзінің отбасын өте құрметтеді. Әйелі, ауылдың ажарлы қыздарының бірі саналған. Екеуара ортақ туындаған ынтық сезім арқасында бастары қосылды. Кішкентай Гүлдерай анасының аузынан түсіп қалғандай болса, Ерден өзінің көшірмесі секілді еді. Қаршадайлығына қарамастан үлкен адам сияқты әр сөзі мен ісіне жауапты қарап, мазмұнды бала болып өсіп келеді.
Ертеңгісін ғана, шыңылтыр шымшыма аязы қалған қыстың қабағы жадырап, көктемге дес бере бастаған кезең еді. Біраз уақыт тырп ете алмай, қолдың шөбіне қарап қалған мал тұяқтары жер таптап, ұйысқан ескі шөптерді тебініп, түбіндегі қылтима көк қияқтарын сүйсіне жейді.
Ерденнің әкесі малды қыстау маңындағы бақылауға ыңғайлы ашық қыратқа аударып, өзі бірер шыны шай ішіп, сосын Гүлдерайын шөпілдетіп, шөлін қандырып келе қоймақшы болып, атын желдіртіп үйіне бет алды. Ит-құсқа дауа жоқ. Көзің тайып кетсе, дүрсе тап береді. Қарайған бұтаның түбі толған қауіп дерсің. Тегі, қарны ашпаса қасқыр малға тиіспейді деген бекер сөз. Марқұм әкесі айтып отыратын: «Пиғылы атында тұрған жоқ па «Қас-қыр» деген. Олар атымды шығарам деп ойран сап кетеді. Яғни, қас қылып қырады». Сол себептен малшы иығынан бір сәтке мылтығын тастап көрген емес.
Атын атағашқа байлап, үйінің есігін енді ашқанда аржағынан азан-қазан дауысты естіді. Өзіне қарай өң-түсі жоқ жүгіріп келе жатқан әйелін көрді. Ол тілі байланып қалғандай, қолын артына қарай бұлғап, сермей берді. Отағасы еңкейіп ішке кірді де көз алдындағы көріністен төбе шашы тік тұрып, қалшиды да қалды.
Гүлдерайдың қайшы қадалған екі көзінен қара қан жосыла ағып, бір көзінің қарашығы сыртқа салбырай шығып кетіпті. Сәби қолдарын жан-жағына дәрменсіз жайып, ұшуға жетілмеген қанатын сабалаған балапан тәрізді еді. Оның нәресте жүрегі қандай қасіретке душар болғанын сезіп те тұрмаған секілді. Жылап, дауыс та шығармады. Жанарына шаншылған бір сұмдық оны қыбыр еткізбей, ауаға шелегелеп тастаған сыңайлы. Оның артында көзі алақандай болып тұрған Ерден:
- Гүлешім, мамасына қайшыны бергісі келіп еді... үлгере алмады...етбетінен жығылды... оны ойыншық деп қалды!.. – деп қарындасына ара түскендей шыр-шыр етеді.
Отағасы, басына шыңылдай лап берген ыстық қанды сезді. Алдының бәрі мұнартып барып жоғалды да, дәл қазіргі қатал көрініс қайта тұнды. Сосын оның санасын әлдекім жетектегендей, Гүлдерайдың келешегін үңги жөнелді. Қолына таяқ ұстаған, әбден қажыған, жанында бір де бір жанашыры жоқ, зағип әйел бейнесі алдынан шықты. Ол елес Гүлдерайды өзіне қарай шақырып тұрған тәрізденді. Енді бір сәтте, Гүлдерайды көлегейлеп, «Маған не қыласың!» дегендей кекесінмен бұған қасқая қарады.
Отағасы иығынан мылтығын жұлып алып, кекесінді елеске, қорғасыннан құйылған дара оқтарды қос ауыздан жарыстыра жөнелтті...
* * *
Ерден таң елең-алаңда түрегеліп, күзеттен талықсыған анасын үйге жіберіп, орнына өзі қалды. Ертеңгілік салқын бойын лезде ширатып, ұйқысы тез ашылды. Мал күзетісіп жүрген екі-үш ит бұны өзімсініп, әрқайсысы бір-бір сүйкеніп өтті. Таң алдындағы алаңсыз тыныштықты әлдилегендей, күллі мал марғау күйге бөленіп, тырс-тырс күйсеп жатыр.
Ерденнің есіне сол, бұрын көрген кино қайта түсті. Ол оң аяғының бәтеңкесі мен шұлығын шешіп, арқасын шалыға сүйеді. Оқтаудай қысқа мылтықтың ұшын иегінің астына тіреді. Сосын үлкен бақайын айырып, шүріппені іздеді...
Талдың, балғын бұтағы сынғандай, тырс еткен дыбыс шықты.
Заман Төлеуов